Кенесары ханның ерлігі насихатталды | «Айқын» газеті

0

«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Тарих толқынында. Кенесары хан сарбаздары» атты дөңгелек үстел өткізді.

«Жиында Елбасының мақаласының мәні мен «Кенесары хан сарбаздары» қоғамдық қозғалысының жұмысы мен болашақ жоспары талқыланды. Іс-шараға Кенесары хан сарбазы Баубек батырдың тікелей ұрпағы келіп отыр», – деді «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының саяси жұмыс бөлім меңгерушісі Ерлан Ахмеди.

 

Қазақ тарихында Кенесары ханның алар орны ерекше. 1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісте қазақ елінің азаттығы үшін ерлік көрсеткен батыр. Қазақ хандығының тұтастығын қалпына келтіруді басты мақсат тұтты. Азаттық жолында Кенесары хан 20 мың сарбазды бір тудың астына жинап, қол бастаған. Жиынның қонағы – Кенесары ханның сарбаздары сапында шайқасқан батыр Баубек Бекмырзаұлының төртінші ұрпағы Қабиболла Шаяхметов. Ол жылдар бойы мемлекеттік қызметте еңбек еткен, қазір зейнеткер.

«Атам Түмен қаласына жер аударылып бара жатқан кезде өзінің сұқ саусағын кесіп, жолдасына қалдырып кеткен екен. Қазіргі таңда батырдың қолданған заттары мен өз елін қимай, кесіп қалдырған саусағы кесенеде жерленген. Қорымы Ресейде Түмен қаласында орналасқан. Тәуелсіз елде бейбіт өмір сүріп жатқанымыз осы батыр аталарымыздың арқасы», – деді Қабиболла Шаяхметов.

Тарихқа үңілетін болсақ, Кенесары хан – Шыңғыс ханның 27-ұрпағы, Абылай ханның немересі. 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген.  Абылайдың әйелі Қалмақ ханы Қалдан Сереннің туысы Қошым мергеннің қызы Топыш ханымнан Қасым сұлтан, оның бәйбішесі Айкүмістен туған.

Кенесары хан мемлекетті басқаруда шариғаттың негізгі қағидаларын енгізді. Билер сотын қалпына келтірді. Руаралық қақтығыстардың жолын кесті. Кенесары ханның басы Санкт-Петербордағы музейде. Денесі қырғыз топырағында жерленген деген аңыз бар. Сүйегі туған елде болмаса да, өмірлік мақсаты орындалды. Ел егемендікке қол жеткізді. Кенесары ханның ерлігі мәңгі ел есінде қалды.

«Айқын» ақпарат   

 

Дереккөз: Айқын