Астығын сата алмаған павлодарлық шаруалардың мәселесі шешіле бастады
Фото: Автор
Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Астықтарын сата алмай отырған Ертіс өңірі диқандарының мәселесі шешіле бастады. Шаруалар өнімдерін алдымен ішкі нарыққа, кейін сыртқы нарыққа жөнелте бастайды. Бұл туралы «Ертіс-агро» АӨК-нің төрағасы Ерлан Тоқтышақов хабарлады.
«Әзірге астық тасымалдау Шымкент және Орал өңірлерінде жандана түспек. Бидай тиелген 12 вагон, яғни, 816 тоннаны ішкі нарыққа жібереміз деген ниет бар. Өзбекстандық әріптестерімізге қатысты экспорттық міндеттемелерімізді орындау мәселесі біртіндеп шешілуде. Нақтырақ айтқанда, біршама уақыттан соң Өзбекстан мемлекетінің Наманган ауданына 272 тонна астық жөнелтеміз», — дейді Ерлан Тоқтышақов.
Еске салсақ, бұған дейін бір топ шаруа Өзбекстанға 21 мың тонна бидай, арпа және күнбағысты жеткізу жөнінде келісімшартқа отырған. Бірақ, экспорттық міндеттемелерін орындамау қаупі туындаған.
Шаруалардың тығырыққа тірелуіне дайын өнімді тиісті жерге жеткізуге арналған вагондардың тапшылығы себеп. Сондықтан, қазіргі таңда Қалқаман элеваторы кепкен астыққа толып, 26 мың тонна өнімнен артық астықты қабылдай алмай жатыр.
Қазіргі уақытта астық өнімдерін кептіріп, сақтауға арналған нысанның жұмысына 40-тан астам шаруа қожалығы қарап отыр. Алғашқы келесімшарттың міндеттер орындалмаса, 1 млрд. теңгенің экспорттық міндеттемелері орындалмау қалуы мүмкін. Сонымен қатар, шетелдік тұтынушылар айыппұл санкцияларын салады.
Қазақстан темір жолы компаниясы Павлодар облысындағы бөлімшесінің мамандары түсіндіргендей, өзбек нарығы жүк көліктерін уақытында қайтаруға үлгермей жатыр. Қазіргі уақытта кептелісте тұрған жүк вагондарының саны жүздеп саналады.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ