БАСТЫ ТАҚЫРЫБЫМ – ТӘУЕЛСІЗДІК | «Айқын» газеті
Шоқтығы биік қазақ поэзиясы жайында сөз қозғағанда, өлеңді өндірте, жалындатып жазып жүрген ұлтымыздың көрнекті ақыны Серік Тұрғынбекұлының есімі тіл ұшымызға оралады. Ақын есімін Қостанай облысындағы Жангелдин ауданының Қызбел ауылында, Ақсуат орта мектебінің бастауыш мектебінде оқып жүргенде естіген едім. Мәтінін өзі жазған «Торғай қызы» әнін көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері, оқушы қыздар сүйсіне шырқайтын.
Серік ағамыз бүкіл өмірін өлең жазуға арнады. Өлеңге берілген, әдебиетке адал, ағынан жарылып, әділ сөз сөйлейді. Өзгелердей сыртыңнан ғайбаттап, жамандамай, бәрін бетке айтады. Мінезі Торғайдың жазиралы даласындай кең, мәрт, жаны өзі жағасында өскен Өлкейік өзенінің суындай мөп-мөлдір, кіршіксіз таза. Туған жерін керемет жақсы көреді, халқының тағдырына алаңдап, ана тіліне жаны ашиды. Кешегі Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов секілді Алаш арыстары дүниеге келген Торғай елінде туған, әдебиетіміздің қос бәйтерегі іспеттес арқалы ақындар Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбековтің ізін басып, бүгінде солардың көзіндей көрінген, солардың орнын жоқтатпай, бәрімізге ақыл-кеңес айтып, шынайы қамқорлық жасап жүрген Серік Тұрғынбекұлы жайлы көп сөз айтуға болады.
– Тәуелсіздік күні барлық мерекелерден ерекше көрінуі керек, өйткені ол – Қазақстанның ұлттық мейрамы. Осы Тәуелсіздік мерекесін қалай тойлап жүрміз?
– Қазақстанда, Құдайға шүкір, той көп. Мұны жақсы ырымға балау керек. Бірақ сол тойлардың ішіндегі дәрежесі жағынан да, деңгейі жағынан да ең биігі – Тәуелсіздік күні болуға тиісті. Өйткені біздің елдің, әсіресе, осы жиырма бес жылға жуық тірлігінің бәрі, түптеп келгенде, Тәуелсіздікке тіреледі. Тәуелсіздіктің арқасында жеке, дербес ел болдық. Тәуелсіздіктің арқасында әлемге танылдық. Тәуелсіздіктің арқасында Астана салдық. Өз қолымыз өз аузымызға жетті. Тіпті кешегі дүниені дүрілдетіп өткізген саммитіміздің өзі – Тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асты деп есептеуіміз керек. Егер Тәуелсіздік болмаса, осының бірі де болмаған болар еді. Сондықтан Тәуелсіздікті жалаң той ретінде ғана өткізбей, саналы ой ретінде қабылдауымыз керек. Әлбетте, көп елдерге қақтығыс, қантөгіспен келетін Тәуелсіздік бізге қалай келді? Тәуелсіздікті Кеңес Одағының ыдырауымен ғана байланыстырсақ, біз қателесеміз. Біз бұны «өз аяғымен келген Тәуелсіздік» деп қабылдасақ, бүгінгі күніміздің қадір-қасиетін жете түсінбеген болып шығамыз. Тәуелсіздік бізге өз сәтімен келсе де, біздің қазақ халқы осы жолда қаншама қан төкті, қаншама құрбандық болды. Басқа көтеріліс, қақтығыстарды былай қойғанда, бір ғана алып империяға қарсы он жыл күрескен Кенесарының іс-қимыл, әрекетін қайда қоямыз?! Оған 1916 жылы патша жарлығына қарсы шабуылға шыққан Кейкі, Амангелді бастаған Торғай көтерілісі тарихта өшпес із қалдырып кеткенін білеміз. Бұл көтеріліс кезінде бүкіл қазақ жеріне қанат жайып кеткені белгілі. Оның соңы, кешегі Желтоқсанға ұласқан жоқ па? Ендеше, Тәуелсіздік бізге өз аяғымен келген жоқ, немесе бізді билеген алып империяның «қателігінен» пайда таптық деп пайымдау бос сөз. Тәуелсіздік – қазақ халқының өз жерінде еркін өмір сүру үшін аңсаған ежелгі арманы. Тәуелсіздік – азаттықты аңсаған Алаш идеясы. Тіпті қазақ үшін аса қастерлі «Тәуелсіздік» деген сөзді халықтың санасына сіңіріп, жүрегіне ұялатқан, оны ғаламдық деңгейге көтеріп, алғаш ғылыми айналымға салған – Алаш арыстары. Алаш арыстарының өздерін құрбан қылған арманы. Осы Тәуелсіздік тұсында біз баяғыдан ұрпағына аманат етіп қалдырған батырларымыз бен асылдарымыздың, соны тікелей идеяға айналдырған Алаш арыстарының арманын аяқасты етуге еш хақымыз жоқ. Демек, Тәуелсіздік тойында, арғы Абылай хан арманы, одан кейінгі Кенесары көтерілісі, жалпы, Алаш идеясы алғашқы орында тұруы керек.
Қазақ батырлары – Қабанбай, Бөгенбай, Ағыбайдың (Құдайға шүкір, қазақта батырлар баршылық қой) рухы әспеттелуі керек. Ғалымдарымыз, зерттеуші-тарихшыларымыз, тіпті болмағанда, Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан тұсынан бермен қарайғы, Керей – Жәнібек бастап кешегі Желтоқсан, бүгінгі Тәуелсіздік жолында тер төгіп, құрбан болған батырлар мен көсемдердің шын мәніндегі шынайы тұлғасын анықтап, келешек ұрпақ зердесіне сіңіруі қажет. Олар туралы келелі романдар, дастандар дүниеге келіп, кешегі Мұхтар Әуезовтің «Хан Кенесі», Ілияс Есенберлиннің «Қаһары», Әбіш Кекілбаевтың «Абылай ханы» сияқты драмалық кесек туындылар қазақ әдебиеті мен тарихына олжа салуы керек. Әлем-жәлем концерт өткізгеннен гөрі Тәуелсіз елдің асыл мұраттарын бүгінгі бедері мен беделін бағамдап берген әлдеқайда әсерлі болар еді. «Әзірет-Сұлтандағы» бір ғана Абылай хан сүйегінің өзін тап басып тани алмай жатқанда, Абылай хан шапанының табылып, Елорда төрінде тұруының өзі Тәуелсіздігіміздің түбегейлі бір көрінісі емес пе? Түркістанға оралған қасиетті қара қазанның қақпағы қайда? Қақпақсыз қазанның дәм-тұзы көрінгенге жем болмай ма? Кенесары Санкт-Петербордағы кунс-камерада сақталып келіп, кейін сап болған басы қайда? Әйтеуір, Кейкі батырдың басы қайтарылып берілді, ол туған жер төсіне құрметпен жерленді. Ал Кенесары батырдың басы елімізге оралмай, рухымыздың оянуы екіталай. Тәуелсіз еліміздің жалы күдірейіп, егемендігіміз баянды болсын десек, патшалық империяға қарсы күресіп, Тәуелсіздік рухын оятқан Кенесары батырдың басы – Қазақстан жүрегі Астананың қақ төсінде тұруы хақ!
– Біз осы Алаш арыстары армандаған күнге жете алдық па?
– Ол күнге, әрине, жеттік. Айтып отырғаным, сол қол жеткізген Тәуелсіздікті жүрегімізге әр мұсылманның Құранды қастерлегеніндей, қадіріне жетуіміз керек. Алаш арыстары сол кездің өзінде, қылышын қайраған қызыл империясының айбарынан қаймықпай, қаншалықты құнды ұсыныстарды жүзеге асырмақ болды. Сонда олар үшін ең басты құндылық, осы жерді қан төгіп қорғаған қазақ халқының қамы бәрінен биік тұрды. Олар қандай жұмыс істесе де, өз алдына ұлттық мұратты басты міндет етіп қойды. Кейін Кеңестік төңкеріс Алаш идеясын тұншықтырып, өз идеясын іске асырғанда қазақ халқы «екінші сортты» ел болып шыға келді. Оның тілі де, діні де, салт-дәстүрі де, қайраткер тұлғалары да құрдымға кетіп, өзге халыққа, өгей басшыға табындырып қойды. Біз осы құлдық санадан әлі күнге түбегейлі құтылып кеткен жоқпыз. Өйткені Алаш арыстарының идеясының жолын кескеннен кейін, былайғы жұрт Кеңес үкіметінің ықпалында өмір сүріп, «Тәуелсіздік» деген қастерлі сөздің мағынасына терең бойлай алмады. Ел Тәуелсіздіктің тарихи тағылымын енді-енді түсініп келеді.
– Тәуелсіздік күні Жаңа жыл тасасында қалып бара жатқан жоқ па?
– Орынды сұрақ. Жетпіс жыл бойы әлі күнге дейін толассыз тойланып, Кеңес үкіметінің басты мерекелерінің біріне айналған Жаңа жылды әлі де, өз деңгейінен түсірмей, алаулатып-жалаулатып тойлау, тіпті әрбір жанұя – отбасы, жаңа жыл түні сағаттың тықылына дейін тағатсыз күтіп, шыны аяқ қағыстыру дәстүрін Тәуелсіз ел тәркі еткен жоқ. Дұрыс-ақ. Ортақ тойда орта толсын демекпіз. Алайда еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздікке селкеу түспеуі керек. Қазір ел-жұрттың арасында «Тәуелсіздік тойы – Жаңа жылдың» көлеңкесінде қалып қойған жоқ па?» деп қауіптене сөйлеуінде бір гәп бар. Олай дейтінім, Тәуелсіздік дүниеге келген Желтоқсан айы басталысымен-ақ, сол күні еліміздің бас қаласынан бастап, мерекелік алаңда Жаңа жыл шыршасы бой көтеріп, жар-жұрқ етіп, «мен мұндалап» тұрады. Ертеңгі Тәуелсіздік тойы иек астында тұрғанда, келесі айда келетін Жаңа жылға бүгіннен бастап дайындық басталады. Алаңдағы алып шырша қаланың құзырлы орындарында өз жалғасын тауып, мекемелер мен мектептер, оқу орындары – ел-жұрт Жаңа жыл тойының қамына кіріседі. Ал осы Жаңа жылды 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік мерекесін тойлап алғаннан кейін қолға алсақ та, содан кейін бетбұрыс жасасақ та, жетіп жатпай ма?! Тіпті 13 қаңтар ескі Ресейдің жаңа жылына дейін жалғастырып жататындар бар. Оған қарсы болып жатқан ешкім жоқ. Онсыз да Жаңа жыл бір ай бойы өз рәсімін жоғалтпайды екен. Сонда біздің Жаңа жылды, дәл Тәуелсіздік күнінің табалдырығының алдында, үлкен той – ұлы той қол созым жерде тұрғанда, алаулатып-жалаулатып, шыршалатып шыға келетінімізді немен түсіндіруге болады? Жаңа жылды ешкім орнынан тайқытып жібермейді. Оның есесіне, Тәуелсіздік тойын кең тойлап, терең толғап, тұғырында бекіте түсу – басты міндетіміз емес пе? Ендеше, екінің біріне: Жаңа жылды алаңсыз тойлайық, не болмаса, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ойлайық.
– Тілді дамыту үшін не істеу керек?!
– Әсет Найманбаев деген ақынның бір өлеңі бар еді:
– Ақында менен сорлы жан бар ма екен,
Бір сөзі баспа орнына берілмеген! – деп келетін. Сол сияқты менің ойымша, «Қазақтан асқан бейбақ халық бар ма екен?!» Жеке мемлекет болғанына ширек ғасыр уақыт болды. Тіл байғұс, әлі күнге дейін көкпарға тартқан көк серкенің терісіндей, додаға түседі де жатады. Біздің тілді дамытуға қосқан үлесімізден гөрі, соны қалай дамытамыз деген дау-дамай, талқы-тартысымыз көп. Оны неменесіне қақпақылға сала береміз. Қаражат болса, қисапсыз бөлініп жатыр. Одан да ол ақшаны ақын-жазушы, журналист, ғалым, қайраткерлердің тіл туралы жазған шығармаларына қаламақы төлемей ме? Тілді орыстардың өздері ынталанып үйреніп жатқанда, тіл білмейтін намыссыз қазақтарды керемет «кресло» беріп, неменесіне тайраңдатып, қоямыз. Тілін білмеген қазақ жеме-жемге келгенде басқа ұлттың бишігештеріне дінін де, ділін де, тіпті жерін де сатып жіберуі мүмкін. Кезінде Бекболат Тілеухан «Намыс» деген журнал шығарды. Киоскілерде толып тұрды. Ал осыны қай бишігеш қолына алып парақтап оқыды? Жыпырлаған журналды қай қазақтың жастары таласып-тармасып алып жатыр. Оның есесіне, Құдайға шүкір, «Қазақ үні», «Жас Алаш» газеттері жақсы тарайды. Журналдың аты – «Намыс» болған соң, намысқа тигізіп айтып отырмын. «Тіл» туралы басылымдардың өтіп жатқаны шамалы. Бүтін Астанада қазақ басылымдарын сататын «Алты Алаш» деп аталатын дүңгіршек екі-ақ жерде бар. Ал Ресейдің ешкім алмайтын арзан газет-журналдары көрінген дүңгіршекте толып тұр. «Намыс» секілді басылымдардың ауылдық жерге иісі де бармайды. Ауылға барса, намысы кете бастаған қандастарымызды қайрауға жарап қалар ма деген ой ғой, менікі. Тілді дамытамыз деп құр даурыққанша, кешегі Кеңес үкіметінің кейбір тәсілдерін пайдаланған жөн болар еді. Өткеннің бәріне үрке қарауға болмайды. Соның бірі, «орыс тілін білмесең, саған барлық жерде есік жабық» дегендей емеурін бар еді ғой. Бізде қазақ тілін білмесең – намыс емес, таныс керек. Сол үшін «тіл шаруашылығының» асқынып кетуіне байланысты, енді «финполиция» деген сияқты «тіл полициясын» енгізу керек. Біз қазір тек қорыққанымызды ғана сыйлайтын халге жеттік. Дәл осы кезде, тілбұзар мекемелерге айып салса, тілбұзар басшыға шара қолданса, бірден тәртіпке келер еді. Көшелердегі қазақша жарнамалардың бәрі дерлік жарымжан. Жарымжан жарнамалар Астана, Алматыдан бастап, бүкіл облыс орталығындағы қалаларда бықып жатыр. Сол қате жарнамаларға, ұран сөздерге, есік маңдайшасындағы атауларға жіберген қатесі үшін «айыппұл» салынса, шенеуніктер шекесінен қарамай, тез есін жияр еді. Осының бәрі тәртіпсіздіктен, жүйесіздіктен, талаптың жоқтығынан болып отыр. Тіл мәселесін тек қана сонымен айналысатын мекемелердің қанжығасына байлап қою әділеттілік емес. Тілді игеруге тағы да 10 жыл қосып отырмыз. Тіл алдымен, қазақ үшін керек. Өйткені бұл мемлекеттің иесі де, киесі де – қазақ. Қазақ халқы – алғыр халық. Қазақ жастары қазір орыс тілін орыстардан артық біледі, ағылшын тіліне де ағып тұр. Құдай қаласа, қытай тіліне де ден қойып, тез меңгеріп кететіндер де аз болмаса керек-ті. Қазақ тіліне «қақалып» жеткендер болса, емін таба алмай жатқан – өзімізден!
– Астана сіздің көз алдыңызда өсіп келе жатыр. Осы Астананың дамуына көзқарасыңыз қалай?
– Ең басты тақырып – Тәуелсіздік болса, одан кейінгі айшықты тақырыбым – Астана. Астана, өзің айтқандай, көз алдымда өсті. Астанада тұрғаныма да 19 жыл уақыт өтіпті. Осы жылдар ішінде Астананың қилы кезеңдерінің баршасын бастан кешірдім. Он жылдай Астанадағы С.Сейфуллин музейін басқара жүріп, Елорданың небір елеулі іс-шараларынан тыс қалған емеспін. Елорда құрылысының қарқынды кезін де, тұралаған тұстарын да көрдім. Сондағы байқағаным – елдің Елордаға деген сүйіспеншілігі, патриоттық сезімі. Кейбір шетелдік компаниялардың «шетінеп» кеткені болмаса, қарапайым халықтың Астанаға құлшынысы, ықыласы бөлек. Содан да болар, қазір Астанаға жан-жақтан ағылып келіп жатқандардың легі әлі күнге толастар емес. Тағы бір айтарым, солардың ішінде, Астана тарап кеткен облысым – Торғай жұртшылығына пана болды. Сол үшін Астанаға айтар алғысымыз мол. Өз басым, Астананың ең қарыштап, шарықтаған шағын – қала әкімі И.Тасмағамбетовтің кезеңімен бағамдаймын. Жасыратыны жоқ, Иманғали қалаға күрмеуі қиын күрделі кезеңде келді. Сөйте тұра, талантты басшы, Елбасының ақыл-кеңесімен, қолдап-демеуімен, Елорданы ерлікке пара-пар жолмен бүгінгі биік деңгейге алып шықты.
– Әйтсе де, «Астанада Алаш арыстарына ескерткіш орнатылған жоқ» деп бір мақалаңызда жазған едіңіз?
– Ол рас. Астанада аспанмен таласқан үй көп болғанымен, Алаш арыстарына орнатылған асқақ ескерткіштер жоқтың қасы. Әрине, Есіл жағасында Кенесары тұр тұлпарымен. Абайға орнатылған соңғы ескерткіш те ауыз толтырып айтарлықтай. Тәуелсіздік монументі, Керей мен Жәнібекке орнатылған еңселі ескерткіш, Бөгенбай батырдың ат үстіндегі мүсіні – Астана арайын онан сайын нұрландырып, Тәуелсіздік тұғырын биіктете түскендей. Құрманғазыға, батыр қыз Әлияға ескерткіш орнатылды. Солардың ішінде Тәуелсіз тарихымыз үшін Алаш ардагерлерінің алатын орны ерекше екені бесенеден белгілі. Тіпті осы Астананың арқа жерінде бой көтеруін арман етіп, болжам жасаған Алаш арыстары – Ә.Бөкейханға, А.Байтұрсынұлына, М.Дулатовқа, Қ.Сәтбаевқа, Ж.Тәшеновке ескерткіш салу сұранысы халық арасынан кең қолдау тауып келе жатыр. Алла жазса, алдағы жылдарда «Алаш арыстарының аллеясы» ашылатын күнге куә болармыз деген үкілі үмітіміз де бар.
– Астанаға келгелі бері бірнеше мәрте Конгресс-холда шығармашылық кеш өткіздіңіз. Тіпті соңғы кешіңізге – «Аспанның асты – Астана!» деп ат қойып, айдар тақтыңыз. Сондай-ақ сіздің «Есімің сенің – Елорда» деген бірыңғай Астана туралы өлеңдерден жыр кітабын жүйелеп жатқаныңызды да естіп, білдік. Жалпы, қалың қазаққа белгілі ақын, қаламгер ретінде алдағы шығармашылық жоспарыңыз туралы да оқырман қауымға хабардар ете кетсеңіз…
– Жас кезімізде желдім-жорттым деп жүріп көп уақытымызды қызық-думанға құрбан етіп жіберіппіз. Енді егде тарта бастаған тұсымызда, уақытты қарпып қалу үшін жанталаса жұмыс істегің келеді. Алайда «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, қайда жиын, қайда той – қалғың келмейді. Сөйтіп жүріп, соңғы жылдарда, шағын өлеңдердің шиырынан алыстап, ұзақ оқылатын көлемді дастандарға қарай көбірек ойысып бара жатқанымды жасырмаймын. Ол жолда жеміссіз де емеспін. «Кейкі батыр» дастаным – «Алаш» сыйлығын, «Махамбет және Жәңгірхан» дастаным «Махамбет» сыйлығын алды. Ұзақ жыл Сәкен Сейфуллин музейін басқарып, біраз зерттеп, зерделегенімнің нәтижесінде болар, «Сәкен – сұңқар» деген дастан жазып, оны тіпті кезінде Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынған болатынмын. Өтпей қалса да өкпем жоқ, содан өзімді қамшылап, «Ахмет – Іңкәр» деген, Байтұрсынұлының жастық шағы, бозбала махаббаты жайлы дастанға кірісіп кеттім. Жалпы поэма-дастандарым екі бағытта, батырлық, ғашықтық дастандары болып келеді. Батырлық дастандар циклінен, қазақтың ғарышкер батыры Тоқтар Әубәкіров туралы «Ғарыш-қазақ» деген дастан бітіріп, оны республикалық басылымдардың біразы жариялап та үлгерді.
«Ғашықтық дастандарынан» – Сәкен сері Жүнісовтің алғы сөзімен, ол кісінің көзі тірі кезінде «Ақан сері – Балқадиша» дастаны дүниеге келген болатын. Тиражы аз – 200-ақ дана болғандықтан, қазір қолымда бір данасы да қалмапты. Оқырмандар табан астында талап кетті. Бұдан біраз жыл бұрын «Балуан Шолақ – Ғалия» деген дастанды бітіріп, сүйікті газетім – «Егемен Қазақстанға» ұсынып та қойдым. Алла жазса, оқырмандардың қауышып қалар күні де алыс болмаса керек.
– Сіз өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген республикалық бір үлкен мүшәйрада бас жүлде алдыңыз. Осы тақырыпты тарқатып, кеңірек айта кетсеңіз?
– Қазақстан Жазушылар одағы Қазақстанның ірі компанияларымен бірігіп, Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты үлкен мүшәйра өткізгені баршаға белгілі. Соның бас жүлдесіне ие болдым. Қаражаты да қомақты. Бірақ мәселе онда емес. Мәселе, осы мүшәйраға, әдейі қатысып, Ақмоланың өткен тарихын оған кезінде бір емес, екі рет шабуыл жасаған Кенесары мен оның төңірегіндегі батырлардың ерлік істерін көрсетуді мақсат тұттым. Өйткені біз көбінесе, бұрынғы Ақмола тарихынан алыстап, тек жаңа Астананы ғана әспеттеуге әуес болып алдық. Бұрын бұл далада ештеңе болмағандай, тусырап жатқан қу дала тұрғысында қарайтын болдық. Айтсақ, тек тың игеру кезеңімен ғана байланыстырамыз. Осы жерде бағзы заманда «Бозоқ» деген қала болғанын, өркениет дамығанын, осы күнгі «Күйгенжар» орнында Тәуке ханның ордасы орнағанын таратып айтуға келгенде тайқақтай береміз. Мәселен, Есілдің сол жағалауындағы алқапта қазір қазба жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Онда сақ дәуірінен бері қарай ірі мемлекет болып, қала орнағанын анықтайтын айғақтар табылып жатыр. Қаланың Қараөткел, Ақмола кезінде патшаның мұздай қаруланған әскерімен Кенесары қолының қақтығысып, алапат шайқастар болғанын, тарихи деректерде хатталып жатса да, көркем әдебиетте көрсетуде кемшілік танытып келеміз.
Жоғарыда айтқанымдай, мәселе, алған бәйгемде емес, осы далада, осы қалада қалған тарихи оқиғаларды оқырмандардың ойына салып, қазақ жерінде болған ерлік тарихына өзімше үлес қостым деп ойлаймын.
– Астананың 15 жылдық мерейтойындағы мүшәйраға қатысып бас бәйге алып, машина мінгеніңіз де есімізде.
– Ондай оқиға болған. Қысқасы, Тәуелсіздікті, сол тәуелсіздіктің алтын ордасы – Астананы жырлаудан еш жалықпаймын. Осы күндері, көптен жазып жүрген Астана туралы өлең-жырларым мен дастандардың басын қосып (ән мәтіндері өз алдына) үлкен кітап даярлап отырмын. Осы кітабым жарыққа шықса, өзім топырағын басып, суын ішіп отырған қастерлі Елордаға қосқан аз да болса бір үлесім деп білер едім.
Сұхбаттасқан
Есенгелді СҮЙІНОВ
Дереккөз: Айқын