«Ұлы дала квартиранттары». Депутат халық баспана алу үшін банк алдында түнеуге мәжбүр екенін айтты

0

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев көпбалалы отбасылар тар үйде тұруға мәжбүр екенін, мемлекеттік бағдарламалардың талабын қайта қарау керектігін айтты, деп хабарлады kznews.kz сайты.

Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады. Оның пікірінше, Қазақстанда қолжетімді баспана – ең өзекті мәселелердің бірі. 

Халқымыздың «Ұлы дала квартиранттары» атанғаны да жанға қатты батады. Үйсіз-күйсіз жүрген қазақстандықтарды қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламалар қолжетімді болмай тұр. Бүгінде тұрғын үй бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар халықтың сұранысын қанағаттандырмай отыр, — деді Дәулет Мұқаев Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларының талаптарына өзгеріс енгізу керек.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы Қазақстанда 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын бюджеттен 50 млрд теңге төңірегінде ақша аударылып, 8 мыңға жуық отбасы үйлі болды. Бағдарлама аясында максималды несиелеу сомасы аймақтар бойынша (Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Ақтау) максималды сома 15 млн теңгеге тең еді. 2019-2020 жылдары бұл ақшаға 2 бөлмелі үй алуға мүмкіндік болса, қазір пәтер бағасы өскеннен тек 1 бөлмелі үй алуға мәжбүр», — деді депутат.

Осылайша, қазір көпбалалы отбасылар 1 бөлмелі пәтерде тұруға мәжбүр.

Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасы – кемі 4 бала, олардың ата-анасын қоссақ, кемі 6 адам. Қазіргі уақытта жаңа үйлер конкурс негізінде берілгендіктен, кейбір отбасылар 32-40 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерде тұруға мәжбүр, — деді ол.

Екіншіден, ол «Жас отбасы» бағдарламасының бастапқы жарнасын 10%-дан асырмауды сұрады. Бүгінде Отбасы банкі тарапынан жүзеге асып жатқан бұл бағдарламада бастапқы жарна 50%-ды құрайды. Мұндай қаражат жинау жастарға қиындық тудырады.

Үшіншіден, қазақстандықтар «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алу үшін банктердің алында түнеп жатыр.

Бағдарлама ұйымдастырушылары «ақша бар, бәрі жақсы, бағдарлама жұмыс істеп тұр» деп көрсетеді. Қазір «7-20-25» бағдарламасы бойынша Қазақстанда бірде-бір банк ипотека бермейді? Себебі маусым сайын лимит қойып қойған. Халық банктердің алдында түнеуге мәжбүр. Бұл тұрғыда «7-20-25» бағдарламасы бойынша лимитті алып тастау керек. Бағдарлама 2029 жылға дейін созылады. Дегенмен оған дейін аты бар да заты жоқ бағдарламаға айналуы әбден мүмкін. Мыңдаған адам банктен мақұлдау алғанымен, лимит кесірінен үйдің кілтін ала алмай жүр, — деді депутат.

Төртіншіден, жастарға берілетін жалдамалы пәтер мәселесі де шешілмеген.

«Жыл сайын Астана, Алматы, Шымкентте кемі 1 мың пәтерден 3 мың пәтерге дейін берілу керек еді. Алайда үйдің уақытында салынбауынан жастар жалдамалы пәтерлерін 2022 жылы толық алмады. Демек бағдарлама істеп тұрған жоқ. Жастар санаты 29 жастан 35 жасқа дейін өскендіктен, алдағы уақытта берілетін пәтерлер саны да өсуді талап етеді. Сондай-ақ бұл бағдарлама тек 3 қаламен ғана шектелмей, еліміздің барлық өңірінде іске қосылуы керек. Осы мәселеге байланысты Үкімет тарапынан нақты қандай іс-шаралар атқарылады?» — деп түйіндеді сөзін Дәулет Мұқаев.