Трамп Путинмен кездесу үшін басты шарт қойды

0

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен бір шарт орындалған жағдайда ғана кездеседі. Мәскеу украиналық әскери кемелер мен теңізшілерді тұтқыннан босатпайынша, екі ел президенттерінің саяси келісімі жүзеге аспайтын болды.

Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтонның хабарлауынша, Керштегі жағдайдан кейін Уашингтонның Мәскеуге қатысты пікірі бұрынғыдай қала береді. Болтон 13 желтоқсанда журналистерге сұхбат беріп, осы тақырыпқа қатысты «Ресей Украина кемелері мен 24 экипаж мүшелерін босатпайынша, кездесу өткізетіндей ешқандай себеп жоқ»,– деді.

Осыған дейін Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс Трамп пен Путин Буэнос-Айресте өтетін G-20 саммиті аясында кездесетінін айтқан. Саяси маңызды жиында екі ел басшысы Украина мен Сүриядағы жағдай, ядролық қару мәселелерін талқылауды жоспарлаған. Бірақ, Керштегі жағдайдан кейін Трамп Ресейді «агрессиялық саясат ұстанушы мемлекет» деп қатаң сынға алып, бұл кездесудің өтпейтінін айтқан. Расымен, Трамп өз сөзінде тұрып, Путинмен көптен күткен кездесуді кейінге қалдырды. Аргентинадағы G-20 аталатын «Үлкен жиырмалық» саммитінде ол Путиннен басқа Германия канцлері Ангела Меркельмен, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен және Қытай төрағасы Ши Жинпиңмен кездесті.

13 желтоқсанда ресми НАТО мәлімдеме жасап, альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне, оның ішінде халықаралық құқыққа сәйкес өзінің аумақтық теңізінде еркін жүру құқығына толық қолдау білдіретінін айтты. Өз сөзінде ол, «Ресей Қырым аннексиясы мен Керштегі жағдай үшін жауап береді»,– деді. Екі ел арасындағы жағдайдан кейін, Еуропалық Одақ елдері Германия мен Ресей арасына салынатын «Солтүстік ағыс – 2» газ құбырының құрылысын жалғастырмау жайлы ұсыныс білдірді. Аталған жобаны Еуропарламент өкілдері экономикалық жағдайға бағытталмаған «саяси келісім» деп атап, құрылысты тоқтату туралы арнайы қарар шығарды. НАТО мен ЕО Қырымды Ресей жері деп мойындамайды. Ал Мәскеу 2014 жылы аннексияған Қырым мен оған жақын теңіз сулары Ресейге өз еркімен қосылған аумақтар дейді.

Мәскеу мен Киев текетіресіне қатысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында АҚШ-тың тұрақты өкілі Никки Хейли Ресейдің кезекті агрессиялық әрекетін қауіпті эскалация және халықаралық құқықтың бұзылуы деп баға берді. Ал мемлекеттік хатшы Майк Помпео: «АҚШ Ресейдің агрессивті әрекеттерін айыптайды. Украинаға кемелерді қайтарып, ұсталған экипаж мүшелерін босатуды, Украинаның егемендігі мен оның аумақтық тұтастығын құрметтеуді Ресейден талап етеміз», – деп мәлімдеді. АҚШ департаменті: «Уақыт өткен сайын Ресейдің қате әрекеттері артып келеді. Ал біздің тарап соған сай қатаң шаралар қабылдайтын болады. Егер Ресей НАТО мен АҚШ-тың ескертуіне құлақ аспайтын болса, біз шығындарды, санкцияларды ұлғайтуды жалғастырамыз. Олар Украина экипаждарын босатып, кемелерді қайтаруы керек. Солай жасауға міндетті», – деген.

25 қарашада Ресей Керш бұғазында Украина әскери-теңіз күштерінің үш кемесін басып алып, оқ атқан. Украина президенті Петр Порошенко Ресейдің бұл әрекетін «басқыншылық» деп атап, олардан Азов теңізінде ұсталған Украина әскери кемелері мен теңізшілерін дереу босатуды талап етті. Ресми Киев украин кемелерінің шекараны бұзбағанын және Азов теңізіне баратыны алдын ала хабарланғанын айтты. Ал Мәскеу кемелер Қырымға жақын теңізде Ресей шекарасын бұзды деп айыптайды.

«The Qazaq Times»