БҚО-да көктайғаққа байланысты барлық жолдар жабылды
Батыс Қазақстан облысында көктайғаққа байланысты барлық бағыттағы жолдар жабылды.
БҚО ТЖ департаментінен алынған мәліметке қарағанда, жергілікті сағат 19.00-ден бастап көлік қозғалысына шектеу қойылды. Қазіргі кезде бұл жөнінде тұрғындарға смс-хабарламалар жіберілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сонымен қатар, «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметі бойынша 14 желтоқсан күні өңірдің кей жерлерінде бұрқасын болады. Оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі ықтимал.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті тағы да ескерту жариялады. Облыста көктайғаққа байланысты жағдай күрделеніп кетті. Соның салдарынан, Оралдың өзінде жарақат алғандар саны 355-ке жетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, осыншама адам 1 желтоқсаннан бері ауруханалардың жарақат пунктіне жолықты. Олардың көбі бастан, аяқ-қолынан жарақат алып, миы шайқалған.
«Тек 13 желтоқсан күні түс қайтқанға дейін 40 адам медициналық көмекке жүгінді», — деді А.Сақпосынова.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 7-11 желтоқсан аралығында облыс аумағында қолайсыз ауа райына байланысты орын алған жол апаттары салдарынан екі адам көз жұмса, тағы біреуі жарақат алды. Орал қаласының өзінде 25 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, автокөлік иелеріне материалдық залал келді.