Джиу-джитсудің хас шеберлерінің жүлдесі үшін жарыс өтеді
14-17 желтоқсан аралығында осы қос азаматтың жүлдесі үшін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Жолдыбай Қайыпов атындағы ауылында бокстан республикалық турнир өтеді. Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылып отырған айтулы жарыста 2003-2004 және 2005-2006 жылдар аралығында туған 200-ге тарта былғары қолғап шеберлері бақ сынайды. Осы бәсекені тамашалау үшін бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, еркін күрестен Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлемнің бес дүркін чемпионы Хаджимурат Гацалов, дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, самбодан әлем чемпионы Азамат Мұқанов, елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушылар Тұрсынғали Еділов пен Мұрат Сиқымбаев және тағы басқа атақты спортшылар мен бапкерлер Жолдыбай Қайыпов атындағы ауылға ат басын бұрады.
Шыңғыс Қасымов пен Қанат Жақыпбаевтың екеуі де кезінде бокспен шұғылданып, спорт шеберлігіне үміткер дәрежесіне дейін жетті. Облыстық және республикалық турнирлерде жүлде алды. Кейіннен джиу-джитсу өнеріне мықтап ден қойып, көптеген дүбірлі додаларда жеңіс тұғырына көтерілді. Тарқатып айтсақ, әлем және Азия чемпионаттарында үш реттен бас жүлдені олжалаған Шығыс Қасымов бүгінгі таңда жекпе-жектің бұл түрінен төрткүл дүниедегі ең мықты спортшылардың санатына еркін қосылып отыр. Сол секілді Қанат Жақыпбаевтың да бір басына жетерлік атақ-даңқы бар. Ол әлем және Азия чемпионы.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/