Сайлау: Инга Иманбайдың ролигі Назарбаев туралы айтылғаны үшін эфирден алынып тасталды

0

Парламент мәжілісі депутаттығына түскелі отырған Инга Иманбайдың сайлауалды ролигі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне байланысты радиоэфирден алынып тасталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Иманбайдың өзі бұл жөнінде әлеуметтік желіге жазды. Оның сөзінше, сайлауалды штабы «АвтоРадио Қазақстанмен» белсендінің ролигін сайлау қоры есебінен эфирге шығаруға келіскен.

«Біз олармен Демократиялық партияны құру жөніндегі бастамашыл топтың екінші кандидаты Абзал Достияровтың бейнероликтерін орналастыру жөнінде келіскіміз келді. Бүгін таңертең біз дайын материалды АвтоРадио редакциясына жібердік. Олар оны екі рет эфирге шығарып, түскі уақытта маған телефон соғып, роликтен Назарбаевтың есімін алып тастауды талап етті. Мен бас тарттым. Одан кейін редакцияға келіп, радиоарна басшылығымен сөйлесуді ұсынды. Бірақ біраз уақыттан кейін олар қайтадан телефон соғып, басшыларының жедел түрде экс-президенттің атын алып тастауды талап етіп отырғанын, әйтпесе роликті мүлде эфирден алып тастайтынын айтты. Мен мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде кез келген есімді атауға, оларды сынауға құқығым бар», — деді ол.

Иманбайдың ролигінде «Назарбаевтың жеке банкіне миллиардтаған доллар бөлінді» делінген.

«Мұның несі заңсыз? Бұл ақпарат БАҚ-та бірнеше рет жарияланды, бұл туралы отандастарымыз біледі. Неліктен менің сайлауалды үгіт сөзімде бұл туралы айтуға рұқсат етілмейді? Әлде «Жаңа Қазақстан» үміткерлерге цензура қойып жатыр ма?» — дейді ол ашуланып.

Белсенді радиоарнаның шешімін «өз құқығының бұзылуы және елдегі цензура» деп санайды.

«Сонымен қатар, бұл БАҚ Парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттығына кандидаттарға арналған медиа-ресурс ретінде ОСК-да ресми тіркелген. Әлде біз білмейтін нәрсе бар ма? Бәлкім, Назарбаев әлі де билікте отырған шығар?» — деп қосты ол.

Айта кетейік, «Авторадио Қазақстан» ЖШС кәсіпкер Асқар Қаңтарбаевқа тиесілі. Ал Инга Иманбай тіркелмеген Демократиялық партия жетекшісі Жанболат Мамайдың жұбайы.

Еске салайық, Жанболат Мамай 2022 жылдың ақпанында қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандарды еске алу акциясынан кейін бірден қамауға алынған болатын. Содан бері қамауға алу мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Қараша айында белсендіге «қасақана жалған ақпарат таратқан, мемлекеттік қызметкерді балағаттап, тәртіп бұзған, бейбіт жиналыстар ұйымдастырып, өткізген деген» айып тағылған. Сот отырысында Мамай өзіне тағылған айыппен келіспейтінін, өзінің кінәсіз екенін дәлелдейтінін мәлімдеді. Қазір ол үйқамақта отыр.

Бұдан бұрын Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы прокуратураның Мамайға мұндай айып тағуын негізсіз деп есептейтінін мәлімдеген.

10 ақпанда өткен сот отырысында Жанболат Мамайдың қорғаушысы судьяға сенімсіздік танытқан. Себебі, ол бұрын процесте бақылаушы болған адамдарды куә ретінде сұраудан бас тартты. Ал олардың арасында белгілі саясаткер Төлеген Жүкеев пен Демпартия бастамашыл тобының мүшесі Дәурен Достияров та бар. Олар өте маңызды мәлімет бере алатын куәгерлер. Себебі, дәл сол «Алматы Арена» маңында болған оқиғаларды бастан аяқ көзімен көрген, құлағымен естіген.