Алматыда жедел жәрдем жүргізушісіне шабуыл жасалды

0

2018 жылғы 12 желтоқсан 16:37 45

Алматыда жедел жәрдем жүргізушісіне шабуыл жасалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Алматыда жедел жәрдем жүргізушісіне белгісіз біреу газ баллонымен (қорғаныс құралы) шабуыл жасады. Оқиға 11 желтоқсанда Жетісу ауданындағы Винтер көшесінде болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел жәрдем аталған мекенжайға кешкі сағат 20:00-де барған.

Фельдшер үйге кіріп кеткен соң даладағы жүргізушіге біреу келіп көлігін алуды сұраған.

«Фельдшер мен науқасты күтіп тұрған жүргізуші көлікті орнынан қозмаған. Сол сәтте ер адам үйінен барып келіп, жүргізушінің бетіне газ баллонын қолданып шабул жасаған. Салдарынан жүргізушінің беті күйіп қалды. Жарақат алған ер адамға фельдшер алғашқы көмек көрсеткен. Содан соң қосымша жедел жәрдем бригадасы шақырылды. Ал қасында тұрған адамдардың ешқайсысы жүргізушіге көмектеспеген», — деді баспасөз қызметінен.

Жүргізуші №4 аурухананың күйік бөліміне «бет пен мойын аймағының I — II дәрежелі  химиялық күйігі» диагнозымен жатқызылды. Қазір ер адамның жағдайы орта дәрежеде қалыпты деп бағаланып отыр.

«Біздің әріптесімізге қызметтік міндетін атқару кезінде шабуыл жасалды. Бұл дерек құқық қорғау органдарына берілді. Бұл бірінші жағдай емес. Мұның алдында да біздің қызметкерлер соққыға жығылған. Жедел жәрдем жүргізушілері шұғыл шақыртумен келеді. Олар аз уақыт аралығында науқастарға көмек көрсетуі тиіс. Сондықтан, қала тұрғындарына олардың жұмысына құрметпен қарауды сұраймыз», — деді Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев.

Ведомстваның хабарлауынша,  2013 жылы осындай 2 жағдай тіркелсе, 2014 жылы  — 3 адам, 2015 жылы — 4 адам (оның ішінде 2 жедел жәрдем дәрігері өте ауыр жағдайда түскен) 2016 жылы — 1 адам, 2018 жылы 5 адам соққыға жығылған.

Еске салайық, Алматыда жолды бөлісе алмаған Түркия азаматы жедел жәрдем жүргізушісі Николай Кучманы соққыға жыққан болатын. Көп ұзамай полицейлер 1990 жылы туған түркиялық азаматты анықтап, уақытша ұстау оқшаулағышына жеткізді.  Кейін Әли Демир кепілмен босатылды. Сондай-ақ, жедел жәрдем жүргізушісі Түркия азаматын кешірді. 

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz