Келіншегі бұл әннің өзіне арналғанынан әлі күнге дейін бейхабар

0

Авторлары белгісіз көше әндерін жиыстырып, өңдеп, гармониясын келтіріп, ән қалпына ыңғайлап, халыққа (тіпті авторларының өздеріне десек те болар) танытып жүрген Дәрібаевтар ансамблін бүгінде білмейтін қазақ жоқ. 80-жылдары лирикалық әндерімен әнсүйер қауымның жүрегін жаулап алып, ерекше бір стилімен жарқ ете қалған ансамбльдің жетекшісі – тамаша музыкант, бірнеше аспапта қатар ойнай алатын виртуоз маэстро Ибрагим Дәрібаев бүгінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде атышулы «Айгүл» ансамбліне жетекшілік етеді. Музыканттар династиясы таспалы кассета арқылы алғаш «Жас жұбайлар», «Нұрлы арман», «Оқ сияқты», «Аман бол», «Айтшы жаным», «Сендей болмайды», «Сүйгеніме», «Қызыл гүлім-ай», «Қалай ұмытайын», «Сүйем сені», «Шоқ гүлдер», «Таныстым мен» сияқты әндермен танылды. Зайыбы Әлия да, ұлы Сәкен де, келіні Сұлушаш та, қыздары Меруерт пен Гүлден де өнер жолында.
Дәрібаевтар танытқан әндердің бірі – «Ұнатып ем» («Оқ сияқты») әні. Авторы Шиеліде тұрады. Бауыржан Ізтілеуов. Жасы 60-та. Құмкентте мұнай компаниясында өндіріс шебері болып қызмет атқарады. Шымкент химия-технология институтының түлегі. Баукең сөзге жоқ, «әй, оның несін айтам, өткен бір нәрсе ғой…» деп ән тарихын егжей-тегжейімен баяндауға оншалықты құлық таныта қоймады.
– Бұл ән 1982 жылы туды. Онда студент кезім. Бала кезден өзімнің сыныбымдағы Күлән дейтін қызға көз қырымды салып жүретінмін. Сондай сүйкімді болатын. Әсіресе, мойылдай қара көздерін айтсаңшы! «Әй, ол маған қарай қоймас» деп қоямын кей-кейде мұңға батып… Әрі ойланып, бері ойланып, мектеп бітіруге жақындаған бетте ебін тауып сөз білдірмекке бекіндім, себебі оқуға түсіп кетсе, өзге жігітке көңілі ауып, маған қарамай, айрылып қалатынымды сездім. Бірақ, қанша оқталсам да сезімімді білдіруге еш батылым бармады. Содан мен Шымкентке, ол Тәшкенге оқуға түсіп кетті. Арман болған оқуға түскенімді қайтейін, сабақ жайында қалды, күндіз-түні ойлайтыным – Күлән. Ақыры сол қауіп, тулаған жүрек мені Тәшкеннен бір-ақ шығарды. Күләнді тез тауып алдым. Мұғалімдердің оқуын оқып жатыр екен. Бала күнгідей шұрқыраса кеттік. Қыдырдық, мектеп жылдарын еске алдық, «күлшелі қаланың» иір-шиыр көшелерін әбден араладық. Байқаймын, әңгіме махаббат тақырыбына келгенде, қыз жалт беріп, басқа әңгіме ауысып кете береді. Тіпті, «мені қайтесің, қыз көп қой, күдеріңді үз» дегендей кейіп танытып, үмітімді үзуге асықты. Не керек, сол жолы жүрек дүрсіліне ем таба алмаған күйі, нәркүмән көңілмен елге қайттым…
Енді бұрынғы бұрынғы ма, жүрегі құрғыр қаттырақ дүрсілдейтін болды. Тәшкен жақтан маржандай тізілген әріптерімен үшбу хаттар келіп тұратын еді, ол да тыйылды. «Ұнатпай ма?», «Әлде, біреуді тапты ма екен?»… сан сауал басымнан кетер емес. Гитара шертетінім бар еді, жатақханада жатып ыңылдайтынды, әлденені әнге қосып тыншу іздейтінді шығардым. Бірде ұйқым қашып, түн жарымында гитараны қолға алып, әлдебір әуенді шерте бастадым. Тіліме оралған сөздерді әуенге қосып айтып жатырмын…

Айтқан сөзің оқ сияқты,
Жүрекке түскен шоқ сияқты,
Сенсіз, бірақ, маған бақыт жоқ сияқты…

Жанымда бөлмелес курстас досым жатқан. Бір қарағанда ұйықтап қалған сияқты еді, орнынан қарғып тұрып:
– Бауыржан, осы әннің сөзін маған жазып берші, айтып жүрейін, – деп жата кеп жабыспасы бар ма?
– Досым-ау, ойыма келгенді әншейін айтып жатырмын, – десем, қоятын емес.
Сосын «өзің ғана айт, ешкімге беруші болма» деп ескертіп, шимайлап сөз жазып бере салдым.

Ұнатып ем жалғыз сенің,
Мөлдір қара көзіңді.
Ұнатып ем жанға бермес,
Сұлу нәзік жүзіңді.

Табылғандай болып еді
арманым да аңсаған.
Кездескендей болып еді
сүйгенім, сүйгенім…
Айтқан сөзің оқ сияқты,
Жүрекке түскен шоқ сияқты,
Сенсіз, бірақ, маған бақыт жоқ сияқты.

Неге кеттің сен алыстап,
Қиналдым ғой жалғыз мен.
Айтшы бір сөз, жазшы бір сөз:
«Сүйемін, – деп, – жаным, мен».

Міне, осылайша «ешкімге айтпаймын» деген досының ауызымен ән ауызба-ауыз елге тарап кете барды. Кейін Дәрібаевтар ансамблі өңдеп, әнге қосты. Көше әні боп тарағандықтан, сөздерінде біраз ауытқудың болғаны байқалады.
– Күләнның тағдыры не болды? – деймін мен де сосын дегбірім қалмай.
– Арада біраз уақыт өткенде, Күләннан «өткенде ренжіп қалған жоқсын ба? Бірден жауап беруге иба сақтар қыз баласы емеспін бе, ойланайын» деген мазмұнда хат алдым. Сондағы жүрегім жарылардай қуанғанымды көрсең?
– Иә, ойланды ма, не деді? – деймін мен де тақымдап, соңына жеткенше асығып. 
– Ойланғаны сол, қазір Күлән біздің үйде. Жеңгең!.. Үш ұлым мен бір қызымның анасы.
Міне, қызық! Кездейсоқтық деп осыны айт! Ғашық болып өту маңдайға мәңгі жазылғанымен, тағдырлардың тоғысуы – сирек кездесетін жағдай ғой. Бұл – махаббаттың біз түсіне алмас тылсым бір құдыреті!
– Күлән жеңгеміз әнді есітті ме, енді соны айтыңызшы?! – бұл білгіміз келген соңғы сауалымыз еді.
– Әнді естіп жүр. Бірақ ол… бұл әннің өзіне арналғанын әлі күнге дейін білмейді. Балауса шақтың аяулы бір белгісіндей боп жүрегімде мәңгілік сақталып қалсыншы деп ұйғарған едім…

Б. Сердәлі

«Қамшы» сілтейді