Әңгіме: Оноре де Бальзак | Жергілікті дәрігер
ӨЛКЕ МЕН АДАМ
1829 жылдың жазғытұрғы бір жайдары күнінде жасы елулер шамасындағы кісі Гранд-Шартрезге таяу орналасқан үлкен елді мекенге қарай бет алып, өрлеу жолмен салт келе жатты. Бұл мекен — табаны тастақ, арнасы көбінесе құрғап қалатын шағын тау өзенінің аңғарында ұзыннан созылып жатқан, халқы тығыз кантонның орталығы. Қазірде қар суымен толысқан өзен аңғарды бойлай бұрқ-сарқ ағып жатыр, арнасы екі жақтан бір-біріне қарама-қарсы ентелеп келіп беттескен қос қыраттың ортасында қысылып қалған, үстеріне жан-жақтан анталап, Савойя мен Дофиненің шыңдары төніп тұр. Екі Морьенаның тізбек-тізбек жоталары, жалпы нобайлары бір-біріне ұқсас болғандарымен, жанағы бейтаныс кісі өтіп бара жатқан өңірдегідей жердің ала-құлалығын, дәл сол тұстағыдай күн сәулесі мен көлегей көлеңкенің құбылған ойнақылығын басқа ешқайдан табуға болмас еді. Біресе аңғар алқабы далия шалқайып кетеді де, жылдың қай мезгілінде де тау бұлақтарынан сусындаған құнарлы жердің нәрлі өсімдігі жап-жасыл кілемдей болып көздің жауын алып жатады; біресе алдыңнан су күшімен жүретін тақтай зауыттары көлденеңдеп шыға келеді де, оның әр жерде жайылып жатқан жұпыны құрылыстары, қабығы аршылған шырша бөренелерінің қоймалары жалт етіп көзге шалынады; жаңағы буырқана сарқыраған өзеннен бұрып әкеліп, ауқымды тақтай науалар арқылы ағызып қойған су шыжымдары және көрінеді. Әр жерде шашыраған лашық үйлер мәуелі жеміс бақтарына көміліп, еңбекқор кедейшілік жайындағы ойға итермелейді. Ал одан әрегіректе балықтың қабыршақтары секілді бір-біріне қабаттаса жабысқан дөңгелек қышпен жабылған қызыл төбелі шағын үйлер ұзақ жылдар бойғы еңбектің берекелі нәтижесін айғақтап тұрғандай.
Босағаларының үстіне ірімшік кептіретін керме орнатып қойған. Қайда қарасаң да, дәл Италиядағы сияқты аула шарбақтары мен үй қоршауларын жүзім сабақтары тұмшалап, жапырақтары малға жем болатын кәдімгі жатаған шегіршін бұталары орап алған. Кейбір жерлерде табиғаттың тәлкегімен төмпе-төбешіктер бір-біріне міңгесе жақындап келгенде, араларында өндірістік құрылыстарға да, егістікке де, тіпті лашық үйлерге де орын қалмаған. Тек өзен ғана, құлдыраған құлама сулары сарқырап, аспанмен таласқан екі гранит шоқының арасынан жарып өтіпті. Олардың тас қабырғаларынан жоғары, екі жағынан анталап, биіктігі жүз кезге дейін баратын қалың қарағай мен шырша, самырсын ағаштары өскен. Діндері түп-түзу болып бой түзеген бұл әсем ағаштар, бұта жапырақтарын өз ыңғайына қарай түрліше жайқалтып, өне бойлары мүкпен өрнектеле айшықталып, жолдың екі жағын тұтаса қоршап алған; олардың етек жағына орала өскен аюқұлақ, шетен, бүрген, итмұрын сабақтары өз алдына әдіптеліп, қызылды-жасылды әр беріп тұр. Сол бұталардың балауса жас иістері тау гүлдерінің танауды шерткен ашқылтым жұпарымен, жоғарыдағы балқарағай, көктерек және жасыл шырша шайырымен араласа аңқығанда, адамның басын айналдырып, көкірегін кернегендей. Жоғарыдағы жартастардың ара-арасынан ақша бұлттар жүгіріп, біресе биік шыңдарын бұлдырата орап алады, біресе оларды қайтадан жарқырата жалаңаштап көрсетеді; енді бірде жаңағы бұлттардың селдіреген сілемдері шүйкеленіп барып, жақпар тастарға өздері ұрынып жатады. Тау іші осылай сәт сайын құбылып, әп-сәтте өңін өзгертіп бөктері бозара, аңғары ағара, жазықтағы көк майса өзінің табиғи әрімен құлпыра, қабақтағы жартас найзадай үшкірлене ағаш арасынан сығалаған күн сәулесінің ыңғайымен әрқайсысы өздерінің түр-түстерін сан-саққа жүгіртіп ойнағанда, осы көріністердің ұзын ырғасы дүниенің бәрін жасартып, жаңғыртып тұрған жыл мезгілінің осынау маусымында айналаны тылсым тыныштықта мүлгітіп, тап-таза көк аспанды күн нұрымен тамылжытып тұр.
Бір сөзбен айтқанда, бұл сондай тамаша өлке, мұның аты — Франция!
Жолаушы, ұзын бойлы кісі, үстінде көк шұғадан тігілген мұнтаздай тап-таза киімі бар, ертеңгісін, сірә, қылшық жүнін дәл сондай қылып тазартқан, сауыры жып-жылтыр аттың үстінде, кәдімгі атты әскердің қарт офицерінше, қаққан қазықтай болып тіп-тік отыр. Тіпті әскери адамды айтпай танытатындай, мойнында қара галстугы, қолында бес саусақты күдері қол қабы, беліне байлаған былғары құндақты пистолеттері, ердің артқы қасына мықтап байластырған қоржыны болмағанның өзінде де, оның ешнәрсені алаң қылмайтын жайбарақаттығы, соны анық аңғартқандай қоңырқай өңі, сәл ғана қарасан дағы бар, бірақ жалпы жамалы түзу кескіні, шып-ширақ қимыл-қозғалысы, өткір көз жанары мен маңғаз бас бітімі осының барлығы оның үй ішілік бейбіт тіршілікке оралғанда да қалмайтын әскери машықтарын анық танытқандай еді. Оның орнында басқа адам болса, таулы табиғаттың әсем көріністеріне таң-тамаша қалған болар еді; әсіресе сол таулар Францияның үлкен өзен аңғарларымен ұштасқан тұстары оның көзін қызықтырмай қоймас еді; бірақ Наполеон соғыстары тұсында талай елдерге басып кірген француз армиясының офицеріне, әрине, мұндай көріністер таңсық болмаса керек; сондықтан бұл кісі мына жерлердегі табиғат көріністерінің алуан түрлілігіне ешбір таңданбастан, жай ғана қызықтап келе жатыр.
Сірәғысында, Наполеон солдаттың жан дүниесіндегі таңырқау сезімін біржолата жойып жіберген болуы керек. Сол себептен де бет-ажарының мызғымас мығымдығына қарап, көлденең кісі кім-кімнің де бір кездері ұлы императордың өз заманыңда шалқып өткен жеңімпаз туы астындағы сапта болғаның айна-қатесіз аңғарар еді. Жолаушы расында да, қазіргі кезде некен-саяқ кездесетін, Наполеон жорықтарының барлығына қатыса жүріп аман қалған, оққағары бар дейтін сарбаздардың бірі болатын. Сөйте тұрып, өмірінде айта қалғандай ерекше ештеңе болған жоқ. Кәдімгі қатардағы жауынгерше қаһармандықпен соғысты, императордан алыс-жақын жүріп, күндіз-түні бірдей өзінің борышын адал орындады, сілтеген қылышы мүлт кеткен жоқ, бірақ қаруын ешқашан бекерге де сілтемепті. Жағасында Құрметті легион орденінің белгісі жарқырайды; онысы да тегін емес-ті; өйткені Мәскеу түбіндегі шайқастан кейін, бүкіл полк болып, сол күнгі естен кетпес қырқыста бұл орденге лайық адам жалғыз осы кісі деп таныған-ды.
Бұл өзі өмірде сирек кездесетін ұстамды, ұяң мінезді, жан дүниесінде зәредей жарықшағы жоқ, өзі жайында біреуге өтініш айтуды өзіне қорлық санайтын адамдар қатарына жатады; сондықтан да болар, әскери атағы да қызмет еткен жылдарына қарай заң бойынша ғана, тым баяу жоғарылап отырған. 1802 жылы лейтенант атағын алған ол эскадрон командирлігіне тек 1829 жылы, мұрты ағарған кезде ғана жетті; бірақ өмірінің мінсіз өткендігі сондай, онымен кездескен әрбір адам, мейлі генерал болса да, оған еріксіз құрмет сезімін білдірер еді; ал ондайды жоғарғы жақтағылар кешіре бермейтін. Оның есесіне қарапайым солдаттар, бірі қалмастан, оны көргенде, мейірбан ананың алдындағы жас баладай ізет білдіретін; себебі бұл оларға әрі қатал, әрі қайырымды мінез танытушы еді. Мұның өзі де ен алдымен дәл солар сияқты солдат болды, олардың қызықты шыжығы мен шыжықты қызығы бірдей өмірін, кінәлы-кінәсыз қылықтарын жақсы білетін, солдаттарға ылғи «жігіттер» деп сөйлейтін, жорық үстінде қала халқынан атқа жем, өздеріне азық алып жатса, оған тыйым салмайтын. Мұның жеке өмірі құпия күйінде қалды. Бұл, сол кездегі барлық жауынгерлер сияқты, дүниені оқ-дәрінің түтіні арқылы ғана немесе императордың бүкіл Еуропаға қарсы жүргізген соғыстарының ара-арасындағы сирек болатын талас кезеңдерінде ғана көрді. Бұл үйлену жайын еске алып көрді ме екен?
Мұндай сұраққа ешкім жауап бере алмас еді. Әрине, бір қаладан бір қалаға, бір өлкеден бір өлкеге тынымсыз ауысып жүргенде, полктың өз ішінде немесе соның құрметіне ұйымдастырылған той-думандарда әйелдердің мысын басып жүрген кездері болды, бірақ оның анық-танығы ешкімге мәлім емес-ті. Ол ешқашан сопы болып көрінген жоқ, ешқандай жиын-тойдан бас тартқан емес, полктың дәстүріне де кір келтіріп көрмеген; ал баз біреулер әлде қалай одан махаббат мәселесі жөнінде сұрай қалса, ол пәлен деп тіс жармайды немесе жай қалжыңға айналдырып жібереді. Кейде бір офицер той қызуы үстінде одан: «Ал, сіз қалайсыз, Женеста», — деп туралап келсе, бұл: «Кәне, мырзалар, тартып жіберейік!» — деп жалтара жауап қайтарар болар.
Қысқасы, Пьер-Жозеф Женеста мырзаның былайша айтқанда, жылтырағы жоқ өзіндік бір Баярдының2, бойында ешқандай поэтикалық та, ешқандай романтикалық та ерекшелік жоқ, мейлінше қарабайыр көрінетін кісі еді. Бүкіл бой-басыңа қарап тұрсаң дәулетті адам тәрізді, ал шындығында бар байлығы жалақысы болғанда, болашағы зейнетақысына ғана байланысты еді. Біздің эскадрон командиріміз, өмірдегі сәтсіздіктерінен тәжірибе мен сақтықтың тағылымын алып шыққан сауда саласындағы кәрі көкжалдар секілді, алған жалақысын еш уақытта түгел жұмсамай, екі жылдың айлығын қорландырып қойған. Карта ойының ұнатқан емес, ойыншылардың арасында біреу-міреу кетіп қалса немесе кеңесші керек бола қалса, бұл өзіне қатысы жоқ нәрседей алжайына отыра береді. Артыққа әуестігі жоқ, ал қажеттіден қалыс қалмайды. Үстіндегі мундирі полкының өзге офицерлеріне қарағанда көпке дейін тозбайтын. Өйткені оның ортақ дәулетінен туындаған ұқыптылығы бойына әдет болып сіңген-ді. Осыған қарап, оны тартпақ сараң дейін десең, дымын қалдырмай картаға ұтқызып жіберген немесе басқа бір жолмен тақырға отырып қалған есалаң жігітке соншалықты жомарттықпен ақшалығын емірене ашып жіберетін мінезі бар. Тегінде, ол өзі де талай мүлкін ойынға салып жоқ қылған болар, әйтеуір қарыз беруге қашанда әзір тұрады; борышқорды кінәлауға хақысы жоқ адамдай, қарызыңды қайтар деп еш уақытта ешкімге ескерткен емес. Қарақан жалғыз басты болып, полкта өскен ол үшін армия әулеті, полкы туған үйіндей болып кеткендіктен, оның үнемшілдігінің себебін ешкім діттеп жатқан жоқ, қайта, жұрт сол үшін құрметтеп, ертеңгі қартайған күнінің қамы болар деп есіркейтін. Женеста подполковник дәрежесін алуға әзірленіп жүрген, сондықтан жұрттың бәрі: онда зейнеткерлікке дейін полковник атағына жетіп алып, сонсоң бір жайлы түкпірге орналасудан басқа мақсат жоқ шығар деп ойлайтын.
Жас офицерлер әрбір маневрден кейін Женестаны сөз қылғанда, оны училищеде алғашқы награданы алғаннан кейін, соны місе тұтып, ар жағында кәдімгі ақ борық бөлке нандай тап-таза, бірақ дәм-тұзсыз күйінде, еш нәрсеге әуестігі жоқ, тек өз жұмысын атқаруды ғана білетін қақ-соқсыз момын қасқалар қатарына жоритын да, ал кісі парқын танитын сұңғылалар пікірі одан өзгеше болатын. Ондай томырық мінезді тұйық адамдардың жай көзқарасы немесе іштен булығып шыққан бір ауыз ащы сөзінің өзі ар жағында бұрқырап жатқан дауыл бар екенін аңғартар еді. Сіз бұл кісінің сабырлы жүзіне қарап тұрсаңыз, ішінде қазандай қайнаған сезімдерін күшпен буып, жүрегінің терең түкпіріне жасыра білетін қабілетін түсінер едіңіз, ал ондай өнер оңайға түспейді, тек соғыстың қауіп-қатері мен кездейсоқ оқиғаларына дес бермейтін төзімділікпен қалыптасады. Бірде полкке жаңадан келген жас жігіт, өзі Францияның бір нәнінің баласы болатын, Женеста жайында білгішсіп тұрып: «одан кереметтей мүләйім священник немесе дүние жүзіндегі ең адал дүкенші шығар еді», — демесі бар ма.
— Және ешкімге жарамсақтана білмейтін маркиз дегенді қосып қойыңыз, — деді жаңағы сөзді естіп қалған Женеста білгішсінген бөспе байды оқты көзімен атып тұрып. Отырғандар қарқылдап күліп жіберді: лейтенанттың әкесі, әйгілі алаяқ, қай өкіметке болса да жаға білетін, тіпті мемлекеттік төңкерістер кезінде де қалқып бетке шыға келетін адам еді, баласы өзіне ұқсап туыпты. Француз армиясында Женеста сияқты адамдар да кездеседі: іс үстінде олар ұлы болып көрінеді, ал одан кейін нағыз қойдан қоңырдың өзі, атақ-даңққа ұмтылмайды, қауіп-қатерді ойламайды; ондайлар адам табиғатының мүмкіндігінен әлде қайда жиі кездеседі. Алайда Женестаны мінсіз адам деп ойласаңыз, сіз қателесер едіңіз. Ол күдікшіл, шырт етпе кісі, таласқанда жеңістік бермейді, ылғи да өзінікін дұрыс деп өзеурейді, тіпті қателескенін де мойындамайды, ал енді былық-шылықтары басынан асады. Солдат қызметінен сүйегіне сіңіп қалғаны күшті ішкілікке құмарлығы. Салтанатты жағдайда киетін киімдері мен барлық белгі-нысандарын тағып отырған кездерде ол үстел басынан маңғазданып, қалың ойға батқандай баптана тәкаппарсып тұрар еді. Жоғарғы қауымның жол-жоралары мен сыпайылық заңдарыңа бірсыдырғы жетік, соларды әскери ыждаһатпен орындауды мызғымас нұсқаудай берік ұстайды, табиғи ақыл-парасат пен естиярлық жөн-жобадан да құр алақан емес, әскери тактика мен стратегия, ат үстінде семсерлесу қағидалары және мал дәрігерлігі ісінің жай-жапсары жөнінен жап-жақсы хабардар, ал бірақ солардың есесіне жалпы білім жағы тіпті жадағай еді. Оның шала-пұла есінде қалғаны Цезарьдың әлде консул, әлде Рим императоры болғандығы; Александр әлде грек, әлде македониялық: бір тәуірі сол атақ-дәрежелердің қайсысына болса да даусыз көне кететін. Ол отырған жерде тарихи немесе ғылыми тақырыпқа әңгіме бола қалса, ол жеңіл ғана ізет білдіріп, бас изеумен шектелетін; құдды бір пандықтың биігіне шығып алған терең ойлы ғұламадан кем емес-ті.
1809 жылы 13 мамыр күні Наполеон Венаны алған француз әскеріне арнап үндеу жазған; сол үндеуде: «Австрияның бекзадалары Медеяға ұқсап, өздерінің балаларын өз қолдарымен тұншықтырды», — дейтін сөздер болатын; жаңа ғана капитан шенін алған Женеста өзінің мәртебелі әскери атағына дақ түсіргісі келмегендіктен, Медея дегеннің кім екенін сұрай алмапты. Наполеонның данышпандығына сүйенген ол императорды француз әскері мен Австрияның сарай адамдарына арнаған үндеуінде тек ресми тілде ғана сөйлейді деген сеніммен Медеяны әлдеқандай бір жеңіл жүрісті эрцгерцогиня болар деп ойлап қалған. Сондықтан үндеуде аты аталған Медеяның әскери өнерге бір қатысы бар болар деп ұққан ол мадемуазель Ракурдың «Медеяны» қайтадан сахнаға шығарғанына дейін осы ойдан қайтпаған. Капитан жарнаманы оқығаннан кейін, мән-жайды көршілерінен сұрап біліп, енді атақты актрисаны мифологиялық кейіпкер рөлінде көрмек болып, дәл сол кеште Француз комедиясына аттанған екен. Алайда, қатардағы солдат кезінде оқып, жазып, санап үйренген, сөйтіп сауатын ашуға табандылығы жеткен ол, капитан болғаннан кейін, әлбетте, өзінің білімін жетілдірумен шұғылдануы қажет екенін түсінген. Сондықтан ол роман атаулы мен жаңа кітаптарды құныға оқып, солардан алған азын-аулақ білімді шебер пайдаланды. Өзінің ұстаздарына ризашылық білдіргенде, тіпті Пиго-Лебренді қорғауға дейін барып, оның еңбектерін өте тағылымды деп, ал өзін үлкен психолог деп бағалауға дейін барған.
Сақтығы мен жай тірліктегі ақыл-парасаты арқасында өмірде бірде-бір ағат қадам жасап көрмеген осынау офицер Гренобльден енді ғана шығып гранд-Шартрезге қарай жол тартып келе жатқан; сол үшін алдын-ала полк командирінен бір апталық демалыс сұрап алған. Тоқтаусыз ұзақ жүрермін деп ойламаған, бірақ кездескен шаруалардың сілтеуімен жолдан көп адасып жүрді де, ақырында бір жерден ат шалдырып, тыңайып алмақ, содан кейін ғана сапарын жалғастырмақ болды. Қазіргі қызу науқан кезінде үй бикесін кездестіре қою киын болар десе де, ол айналасы төрт бұрыштала шаршыланған қауымға тиісті алаңның ортасында жапырайған, сөйтсе де кез келген жолаушының алдынан ашық тұрған лашықтардың бірінің алдына келіп, ат басын тіреді. Қауымның иелігіндегі бұл жер топырағы әбден тақырланып, беткі қабаты тап-таза сыпырылған екен; әр тұста көн төгетін шұқырлар көрінеді. Қабырғалары жарылып кеткен лашық үйлерді айнала раушан гүлдері мен шырмауық аралас шалғын шөп өскен. Екі жеркепенің арасында қурап қалған бір тұп қарақаттың қурайына ескі шүберектер жаюлы тұр. Бір құшақ сабан үстінде шалжайып шошқаның қабаны жатыр; Женестаның алғаш көрген тірі жәндігі осы болды. Ат тұяғының тықырын естіген сарық қабан бір қорс етіп, тұмсығын көтерді де, үлкен қара мысықты үркітіп жіберді. Төбесіне бір буда шөпті қондырып алған шаруаның жас қызы көрінді, соңынан үстібастары жалба-жұлба төрт бала еріп келеді, бәрінің де қимылдары пысық, өздері у-шу, көздері жалт-жұлт, өңдері әп-әсем, күнге күйген, періштеге еліктеген перінің тентек балалары дерсің.
Күннің көзі шақырайып тұр, сондықтан болса керек, ауа да, мына жеркепелер де, көң үйінділері де, мынау үрпекбас балалар да бір түрлі тазарып, түрленіп көрінетін сияқты. Жолаушы бір саптыаяқ сүт болмас па екен деп сұрады. Қыз жауап берудің орнына қарлыққан даусымен әлде кімге үн қатты. Лашықтың табалдырығынан жасамыс әйел көрінді; қыз қолымен кемпірді нұсқады да, өзі мал қораға кіріп кетті; Женеста соған қарай жақындады, айналасын қоршап алған балаларды басып кетпесін деп, атының басын тарта ұстаған. Ол жаңағы өтінішін қайталап айтып еді, әйел ада-күде бас тартты: май бұлғайын деп жинап отырған сүтінің қаймағын кім бұза қойсын! Оған жауап ретінде офицер бұл шығынды тиісінше өтеуге уәде берді де, атын қақпаның алдындағы баранға байлай салып, лашықтың ішіне кірді. Бикенің төрт баласының түрлеріне қарағанда, жастары бірдей сияқты; бұл әнтек оқиға жолаушыны таң-тамаша қалдырды. Шаруа әйелдің бесінші ұлы және бар екен, етегіне жабысып сол жүр; шидиген ап-арық шілтікке көбірек күтім керек екені көрініп тұр, демек, шешесі мұны өзгелерден әлде қайда жақын тартатыны да белгілі сияқты.
Женеста от жағылмаған биік қазандықтың қасына жайласқан, оның жоғары жағындағы сөреде әлеміш гипстен жасалған кішкентай мүсін тұр: қолында көтерген сәби бар Айса. Тамаша емеурін! Лашықтың едені балшық, ежелгі замандағы ескі әдіспен тығыздалған; тазалап сыпырып қойғаныңа қарамастан, әр жері көпсып кеткен; кәдімгі апельсиннің қабыршағындай кедір-бұдыр. Қазандықтың қасында ағаш шәркей ілулі тұр, ішіне толтыра түз салып қойыпты; төменде таба мен қазан көрінеді. Сыртқы есікке қарама-қарсы кереует тұр, тұсына тоқыма өрнекті керме ұсталған. Балталап қолдан істелген үш аяқты жайдақ орындықтар, нан сауыт, су құятын үлкен ағаш күбі, шелек, сүт құятын қыш құтылар, тақтай сөренің үстінде жіп иіретін қондырғы, ірімшік жаятын бірнеше тоқыма жайма, қарайып кеткен қабырғалар, құрт тескен есік, оның жоғарғы жағында кішкентай темір торлы көзәйнек мінеки лашық үйдің ішкі көрінісі осы.
Енді біраз зерігіп, жер еденді қамшымен ұрғылап отырған офицердің көз алдында болған мынадай бір қызық оқиғаны баяндайық. Кемпір сары қотыр шыққан еркетайын ертіп, жерқойманың есігінен төмен түсіп кеткен кезде, жаңағы төрт бала офицерді таңырқап болғаннан кейін, аулада жатқан сарық шошқаны қуалай бастады. Бұрын балалар жай ойын қылып жүретін байғұс жануар лашықтың табалдырығына тақай беруі мұң екен, балалар оған жабыла кетіп, жан-жақтан жұмырықтарымен төмпештің астына алды. Сарық томпаңдай қаша жөнелді. Жауды солай қуып тастағаннан кейін балақайлар шоланның есігін шабуылға алды; аузының босап тұрған ілгегі оп-оңай ағытылып кетті де, енді олар жеміс қоймасына қарай лап берді; осыған қызықтап қарап отырған Женеста бір кезде балалардың кепкен ерікке анталап жатқаның көрді. Сол кезде қатқан көндей құрысып қалған кемпір қонаққа деп бір құмыра сүтті көтеріп үйге кіре берген.
— Әй, оңбағандар-ай! — деп баж ете қалды ол.
Кемпір балалардың бірінен соң бірін шоланнан жетектеп шығара бастады, бірақ қолдарындағы өрікке тиген жоқ, тек өзінің асыл қазынасы тұрған қойманың есігін мықтаңқырап бекітті.
— Түу, түу, балақайлар-ай, ақылды болсаңдаршы. Бағып жүрмесең, бұлар барлық өрікті бір-ақ жеп бітірер. Сондай жүгірмектер емес пе! — деп бір қойды да, Женестаға қарады.
Әйел жайдақ орындыққа келіп отырды да, сары қотыр баланы өзіне қарай жақындата тартып, ерекше бір аналық ептілікпен шашын сулап, сонсоң тарай бастады. Ал ана төртеуі, мұрындарынан соралары аққан, бет-ауыздары салтақ-салтақ, бірақ денсаулықтары балғадай, біреуі қабырғаға, біреуі кереуетке, біреуі нарға сүйеніп, үн-түнсіз өріктерін жеп тұр, көздерінің астымен бейтаныс адамға қулана қарап қояды.
— Бұл балалар сіздікі ме? — деп сұрады офицер кемпірден.
— Ғапулық өтінемін, тақсыр, жетімхананікі. Әрқайсысы үшін маған айына үш франк және бір қадақ сабын төлеп тұрады.
— Не десеңіз де, бәйбіше, бұлар сізге, сөз жоқ, екі есе қымбатқа шығатын болар.
— Бізге Бенаси мырза да осыны айтады, бірақ та осы бағаға басқалар да алып жатқанда, біз қалай құр қалайық. Балаларды алу оп-оңай дейсіз бе? Әуелі талай табалдырықты тоздырасың. Неге десеңіз, біздің оларға беретін сүтіміз тегінге түседі, өйткені біз оған ешқандай шығын шығармаймыз. Ал енді үш франк дегеніңіз, мырза, қып-қызыл ақша. Мінеки, сонда он бес франкіңіз әуеден жауған болып шыға келеді, ал бес қадақ сабыныңыз мұның сыртында жатыр. Ал біздің жерде күніне он су табудың өзі қаншалықты қиындыққа түседі десеңізші!
— Сіздің өз жеріңіз бар ма? — деп сұрады Женеста.
— Жоқ, тақсыр. Марқұмның тірі кезінде жер бар еді, ол өлгеннен соң жоқшылық басып кетті де, сатып жіберуге тура келді.
— Сонда деймін-ау, борышқа килікпей, жылдың аяғына дейін қалай шығасыз? — деп Женеста таңғалды. — Сіз жаңағы ақшаға балалардың кір-қоңын жуасыз, оларды асырайсыз, күтімі және бар.
— Жөні солай-ақ, жақсы мырза, — деп әйел де қостап жатыр, сары қотырлы сәбидің басын тарап отырып. — Жыл аяғына дейін қарызсыз болмайды. Сонсоң, өзіңіз көріп отырсыз, құдай да жар болады. Екі сиырым бар. Жаздыгүні, орақ кезінде, қызымыз екеуміз масақ тереміз, қыста орманнан шірінді ағаш тасимыз, кешкілік жүн иіреміз.Тек әйтеуір өткен жылғыдай қыстан құдай сақтасын де. Диірменшіден үн аламын деп жетпіс бес франк борышты болдым. Бір тәуірі, диірменшінің өзі — Бенаси мырзаның жалгері… Кедейдің шын жанашыры деп әне сол Бенаси мырзаны айт! — Ол әлі қарызымды қайтар деп ешкімнен талап еткен емес, бізден де талап ете қоймас. Қазір бір сиыр бұзаулады, оралымға келу оңайырақ болар.
Мейірімімен жанашырлықты осы шаруа кемпірден көріп отырған төрт жетімек өріктерін жеп болған. Өгей шешелері офицерден көзін алмай әңгімелесіп отырғанда, балалары қаздай тізіліп, жүзімі бар шоланның есігін тағы бір бұзып кіруге ыңғайланған. Тәттіге құмартқан балалық нәпсінің итермелеуі ғой. Бірақ француз солдаттарына ұқсап баса-көктемейді, немістер секілді жымысқылап барады.
— Жүгірмектерді қарашы әне! Қоясыңдар ма сендер, жоқ па?
Кемпір орнынан түрегеліп барып, ішіндегі ең бой шаңын ұстап алды да, алақанымен бір салып, есіктен әрі қарай итеріп жіберді; бала қынқ еткен жоқ, басқалары да жым болды.
— Сізге қиын-ақ екен!
— Жоқ, тақсыр, бұлар әлі жас қой: өрікті көрген соң қызығып тұрғандары да. Қарамасаң жеп-жеп күпті болып қалады.
— Жақсы көресіз бе өздерін?
Осы сөздерді естігенде, кемпір басын көтеріп алды да, офицерге мысқылды көзбен бір қарап жауап қатты:
— Жақсы көрмегенде ше? Үшеуін өсіріп қайтардым, — деп тағы бір күрсінді, менің қолымда олар алты жасқа дейін ғана болады.
— Өз балаларыңыз бар ма?
— Бәрін де жерге бердім.
— Өзіңіз қаншаға келдіңіз? — деп сұрады Женеста жаңағы сауалын жуып-шайған болып.
— Отыз сегіздемін, тақсыр. Алдымыздағы Иван күнінде күйеуімнің қайтқаныңа екі жыл болады.
Әйел, ақыр-соңында, сары қотырлы сәбиді киіндіріп еді, балақан соған масаттанғандай, қабағын түйіп еркелік білдірді.
— Мына әйелдің бар өмірі — жанкештілік пен қыбыр-жыбыр еңбек екен, — деп ойлады Женеста.
Айса пайғамбар дүниеге келген мекендей осы шаңырақтың астында әйел байғұс қыңқ деп қынжылмай, аса ауыр аналық міндеттерін атқарып жүр. Таскерең меңіреулік астында қандай жүректер көміліп қалған! Қандай байлық және қандай қайыршылық! Ағаш шәркей киген ұлылық пен ескі-құсқыға ораулы інжілдің қадірін өзгеден гөрі солдат жақсы бағалайды. Кей жерлерде әулиелік сөздер жазылған кітаптарды мауытыға, жібекке, атласқа оралып түптелген күйінде, неше түрлі түсінік, анықтама, қосымшаларымен қоса-қабат кездестіресің, ал мына жерде сол әулиелік сөздердің нағыз төл рухы бейнеленген. Айсаның адам болғаны секілді, тастанды балаларға ана болған, сонсоң масақ теріп, азап тартқан, қарызға батып, өзін несібеден айырған; сол аналық борышын орындау жолында қайыршылық өмір кешіп жүргенін мойындағысы келмейтін мына әйелге қарап тұрып, құдайдың құдірет күшіне қалай сенбессің. Бұл әйелді көргенде, мына жалған дүниеге ізгілік таратып жүретін жандар мен көк жүзін мекен еткен рухтардың арасында әлде қандай бір туыстық байланыс бар екенін мойындамасқа болмас еді; сол себептен де офицер оған қарап тұрып таңдана бас шайқаған.
— Немене, Бенаси мырза жақсы дәрігер ме? — деп сұрады ол ақырында.
— Оншасын білмедім, тақсыр, бірақ әйтеуір кедейлерді тегін емдейді.
— Е, онда тәуір адам болды, — деді Женеста ойланып тұрып.
— Тәуір болғанда қандай, тақсыр! Мұндағы жұрттың бәрі де ертеңді-кеш оның есімін дұғаға қосып отыратыны тегін емес.
— Мынау сізге, анасы, — деп, Женеста бірнеше майда ақша ұсынды. Ал мынау балаларға, -деп тағы бір экю қосты. — Бенаси мырзаның үйі алыс па? — атына міне бергенде ол осылай деп тағы сұрады.
— Жоқ-ә, ол не дегеніңіз, көп болса бір лье шығар.
Офицер әлі де кемінде екі лье жүретін болармын деген сеніммен кеткен. Алайда көп кешікпей ағаш арасынан шеткері үйлер қараңдап көзге шалына бастады да, сонсоң үшкір шошақ төбелі шіркеудің айналасында жыпырлаған деревня үйлері айқын көрінді, шатырдың шиферін төбенің бұрыш-бұрышына шегендеп бекіткен қаңылтыр жолақтары күнге шағылысып жарқ-жұрқ етеді. Әлдеқандай өзіндік бір ерекшелігі бар осындай үй төбелері Савойяда жиі кездесуші еді, сірә, соның шекарасы да таяу болса керек. Аңғар аумағы бұл жерде кеңейе түсіпті. Шағын ғана алқапта, өзен бойын жағалай шашырап жатқан ұядай үйлер жақсылап өңделген өңірдің сәнін келтіріп-ақтұр, айналаның бәрін қоршаған тау, тіпті бұл жерден жол тауып шығып кетуің де қиын сияқты. Қыраттың оңтүстік етегінде жайылып жатқан селеннің шет жағындағы шегіршін аллеясына жете бергенде, Женеста атының басын тартып, бір топ баладан Бенасидің үйін сұрастырған. Балалар әуелі бір-біріне қарасып, одан кейін бейтаныс кісіні көздерімен тінтіп шықты, бала дегеннің бір нәрсені алғаш көргенде осылай қарайтын әдеті ғой: қараңызшы, әрқайсысының өзінде қаншама таңданыс, қандайлық ор алуан ой бар! Сәлден кейін өзгелерден пысықтау жалаңаяқ бала, өткір көздері ойнақшып, балаға тән мінезбен, офицердің сөзін сол күйінше қайталап:
— Бенаси мырзаның үйі дейсіз бе, тақсыр? деді. — Сонсоң сөзін жалғастырды:— Мен ертіп барайын.
Ол аттың алдына түсіп алып жүріп кетті; жолаушыға жол көрсеткенді мақтаныш көрді ме, әлде баланың елгезектігі ме, әлде бәлкім, бала жастағы қолды-аяқтылыққа жан-тәнімен құмар келетін әдетке бақты ма, кім білсін. Женеста селеннің бас көшесімен жүріп келеді, тастақты, бұралаңы көп, екі жақтың үйлері ентелеп тұрған көше, әркім өз үйін қалай болса солай тұрғыза салғаны көрініп тұр. Мына жерде пеші бар қосалқы құрылыс тура жолдың ортасына шығып кеткен; әне бір шошақ төбелі үйшіктің бүйірі кесе-көлденеңдеп, жолды біржола жауып тастай жаздаған; ал одан әрегіректе таудан аққан жылға оны жырымдап ойып кеткен. Женестаның көзіне түскен үйлердің бірқатары төбесін қарауытқан жұқа тақтаймен, көпшілігі сабанмен, енді біразы қышпен жапқан; ал қалған жеті-сегізі шифер төбелі, әрине, олар кюренің, аралық судьяның және жергілікті байшікештердің мекені болса керек. Бұл жер нағыз меңіреу түкпір екен; деревня құдды дүниенің ең шетінде тұрғандай, ешкіммен байланысы жоқ, бәріне жат көрінетін бірдеңе секілді; оның тұрғындары да әлеуметтік қозғалыс атаулыдан сырт қалған, онымен тек болмашы тіндермен, тек салық жинаушы арқылы ғана жалғасқан жандар секілді көрінеді.
Женеста тағы бірнеше қадам жүргенде, деревнядан жоғарырақ таудың үстінен өтетін кең
көшені көрді. Шамасы, деревня ескі, жаңа болып екіге бөлінетін тәрізді. Расында да, офицер атының тізгінің тартынқырап ұстаған кезде, жіңішке қалыстың ар жағында іргесін
мықтап қалаған үйлер көрінді; төбелері шетінен жарқырап, ескі деревняның үстінен қарайды. Сол жаңа үйлерден, жағалай жас ағаштар отырғызылған көшелерден ән естілді Бұл қол өнер кәсібімен айналысатын адамдардың жұмыс үстінде қосылып айтатын өлеңі; соған ілесе шеберханалардың бір-біріне ұласқан у-шуы жетті; Бұл станоктардың құмыққан ызыңы, түрпі егеудің шиқылы, балғалардың тарсылы. Жолаушы үйлердің мұржасынан шыққан селдір түтінді, сонсоң одан гөрі қоюырақ арбашылардың, теміршілердің, ұсталардың көрігінен бұрқыраған будақ-будақ ысты көріп келеді. Жолбасшы балаға ерген бойымен деревнядан жүріп өткенде, Женеста әр жерде бытыраған фермаларға, жақсылап өңделген егіндікке, қатар тізілген екпе ағаштарға қысқасы, жер қыртысының қалың қабатында тығылып қалған Бри тәрізді бір мүйіске тап болды; бір қарағанда, жаңа селен мен оны қоршаған таулардың арасында осындай мүйіс болады деп ойлауға әсте де қисыны жоқ сияқты. Осы тұсқа келгенде балақай тоқтай қалып:
— Мінеки оның үйі, — деді.
Офицер атынан секіріп түсті де, шылбырын білегіне сілке тастай салып, еңбектің қай түріне де ақы төленуі керек қой деген оймен, қалтасынан бірнеше су ұсақ ақша алып, балақанға ұсынды; бала таңданғаннан көзін бақырайтып тұрып ақшаны алды да, рахмет айтпастан, енді не болар екен дегендей, аңырып тұрып қалды.
«Бұл өлкеде өркениет әлі өрістей қоймаған екен, еңбекке құрмет өте күшті, ал қайыршылық мұнда әзір келе қоймапты», — деген ой келді Женестаға. Оны ертіп келген бала ауланың жатаған қоршауына сүйеніп, Женестаның артынан аңыра қарап тұр.
Қақпаның екі жақ жақтауы мен қоршаудың арасын жалғастырған тор көз тақтайлар қарайып кеткен. Төменгі жағы бітеу қақпаның бір кездегі қонырқай сыры өшіп кеткен; қақпаның жоғарғы жағына сояудай қылып жұмыр сары сымнан қатарлап істік қағылыпты. Қақпаның екі жақтауының үстінен айшық қылып орналастырған бұл әлеміш қақпа жабылғанда ортадағы сояулары бірігіп, қарағайдың бүршігіне ұқсап көрінеді екен. Көп жерін мүк басқан, құрт жеп шұрқ-шұрқ тескен, талай замандар бойы құн қақты болған, жауын-шашын астында тұрып, құр сүлдесі ғана қалған. Құлап кеткелі тұрған қақпаға қарап, үй иесінің шаруаға қырсыздығын айтпай-ақ білуге болатын еді; ол, әрине, офицерге ұнаған жоқ: сондықтан әлде бір ішкі ойынан қайтқандай кейіппен қабағын түйді. Біз көбінесе өзге кісі туралы өзімізге қарап өлшем жасаймыз: өзіміздегі кемшілікті өзгеге кешірімшіл келеміз де, артықша деп санайтын қасиетіміздің онда жоғына қатал қараймыз. Офицер Бенасиді үй шаруасына ұқыпты, мығым адам ретінде көргісі келген, ал мына үйінің қақпасы оның мұндайға парықсыз екенін танытқандай. Өз басы ұқыпты, үнемшіл солдат Женеста, қаншама абайшыл болғанмен, бейтаныс адамның қақпасына қарап-ақ, оның өмірі мен мінез-құлқы жөнінде осылай қорытынды жасап қойды. Қақпа жартылай ашық тұр қандай бейқамдық!
Женеста селолық жердің сенгіштігін пайдаланып, ай-түйге қарамастан аулаға туралап кіріп барды; атын шарбаққа байлай салып, күрмеуін тартып жатқанда, атқорадан жылқының кісінегені естілді; офицер де, аты да мойындарын бұрып, сол жаққа қараған; атқораның есігі ашылып, табалдырықтан басында жүннен тоқылған қызыл қалпағы бар жалшы көрінді; басындағысы аумаған фригийліктердікі сияқты, бостандықтың нысаны бар; бұл өңірдегілердің бәрі осындай қалпақ киетін көрінеді.
Атқораның іші бірнеше жылқы сиярлық кен екен, Женестаның Бенасиді іздеп келіп тұрғаның білгеннен кейін, шал сүліктей жараған айғырға сүйсіне қарап тұрып, оны қораға байлауға ықылас білдірді. Офицер атының соңынан еріп қораға кірді де, оның ішкі жай-күйін білді; іші тап-таза, жылқылардың төсеніші жұмсақ, Бенасидің екі аты да күйлі, күтімді көрінді, кюре мінетіндей-ақ сәйгүліктер екен. Үйдің ішінен баспалдаққа қызметкер әйел шыққан; ол бейтаныс кісі өзінен мән-жайды сұрастырар деп күтіп қалып еді, бірақ ол Бенасидің үйде жоқ екенін жалшыдан естіп білген-ді.
— Отағасы диірменге кеткен, — деді қарт адам, — сол жерден жолықтырамын десеңіз, мына
сүрлеумен жүре беріңіз, көкорайдан өткенде диірменге барып бір-ақ тірелесіз.
Жер жайымен танысқысы келген Женеста Бенасидің келуін күтпестен, жолмен диірменге қарай беттеген. Қыраттың баурайында шашырап жатқан селеннің шетіне шыққан кезде, оның көз алдынан жайылып жатқан кең аңғар, соның төсіне қадалған әсем түймедей диірмен көрінді; айтары жоқ, бұрын-сонды өзінің көз жанарын жаулаған жарқын көрініс еді бұл.
Таудың етегіне таянып келген өзен осы тұста жайылып кетіп, шағын көлге айналыпты да, оның үстінен сатылап, бір-бірінен бой асыра көтерілген найза тас шындар, күн сәулесінің өзгеруіне қарап, біреулері жарқырап құлпырса, енді біреулері қара көлеңкеде бой тасалап, жасыл шыршалардың арасынан қарауыта мойын созады. Солардың бір-бірімен жарыса жоғары өрлеп барып, әрі қарай төмен құлдырауына қарағанда, бұл сияқты сай-сала, аңғаралаптар біріне-бірі жалғасып кете беретін сияқты. Көлдің бір ұрымтал жағасында жаңадан ғана бой көтерген диірмен, айнала қоршаған ағаштардың ортасынан орын тепкен бір жайлы мекенді көзге елестеткендей. Ал өзеннің арғы жағалауында, таудың тап етегіне жабыса орналасып, қазіргі батар күннің күлгін сәулесінде көмескілене көрінген есік-терезесіз оншақты лашық үйлер де Женестаның көзінен тыс қалған жоқ. Төбелеріне дейін шұрқ-шұрқ болып тесілген бұл иесіз мекендердің айналасы жақсылап өңделген егін-жайлар; бау-бақша, бәрі де қазір бос шабындыққа айналдырылған, соларға әр тұстан арық тартылып, өзеннен суарылып тұратын сияқты, бапталуы Лимузеннен бір кем емес.
Осы сияқты ескі елді мекендердің тамтығын көргенде, көңіліміздің құлазып, қаяу тартатын себебі неліктен? Ол, сөз жоқ, жұтаған елдің жұртында қалған адам қасіретінің көлденең көзге ауыр тиетіндігінен. Ескі зиратты көргенде ажалды ойласақ, иесіз қалған деревняның жұрты тіршіліктің ауыртпалығын еске түсіреді; ажал деген ертелі-кешті алдыңа келетін таусыншақ күн, ал өмірдің ауыртпалығында шек жоқ. Міне сол шексіздіктің қасіреті де өлшеусіз. Мына деревня қандай ғана қасіреттен осылай иен қалды екен деген көмескі оймен келе жатқан Женеста тастақ жолмен диірменнің қасына жетті де, есіктің алдында, қаптаулы астық үстінде отырған қызметкер жігіттен жөн сұрады.
— Бенаси мырза анау жаққа қарай кетті, — деп жігіт жаңағыдай құлаған үйді нұсқады.
— Шамасы, деревняны өрт шалған-ау? — деп сұрады офицер.
— Жоқ, тақсыр.
— Ендеше неге бұлай болған?
— Неге? — дейсіз бе деп, үйге кіріп бара жатқан жігіт екі иығын қусырып қойды. — Оны Бенаси мырзаның өзі айта жатар.
Офицер арасынан жылғалап өзен ағып жатқан ірі қойтастардан құрастырып салған көпірдің үстінен өтті де, жаңағы қызметкер нұсқаған үйдің қасына келді. Лашықтың сабаннан жапқан төбесі бүтін көрінеді, үстін мүк басып кеткенмен әлі де мықты, есік-терезесі де сырт көзге қалпында сияқты. Женеста баспананың ішіне кіріп келген бойда, астында от жанып жатқан ошақтың қасында, орындықта отырған науқас адамды көрді, оның қарсы алдында екі тізесін бүгіп мосқал әйел тұр; қасында бетін ошаққа қарай бұрған және бір еркек көрінеді. Баспана дегені жалғыз ғана бөлме, соның сығырайған кішкентай терезесіне кенеп ұсталыпты. Едені — жер. Үй ішіндегі мүлік атаулыдан көзге көрінетіндері: бір жайдақ орындық, үстел және қиралаңдаған кереует. Мұндай жұтаңдықты, мұндай кедейлікті Женеста бұрын еш уақытта көрген емес; тіпті жер үйлерде тұратын Ресей шаруаларының тұрмысы да бұған ұқсамайтын. Үй ішінің керек-жарағы дегеннен ныспы жоқ; тіпті ең қарапайым ас пісіретін де ыдыс көрінбейді. Тек итаяғы жоқ демесең, нағыз атқорадан олай да емес, бұлай да емес. Жаман жәутік төсек-орын мен науқас адамның қабырғадағы шегеге ілулі тұрған ескі-құсқы киімдері болмаса, және де, ішіне сабан төсеп қойған ағаш шарқайды есепке алмаса, бұл баспананы да, деревняның қаңырап бос қалған өзге үйлері сияқты, йен қалған бірдеңе екен деп ойлауға болатын еді. Жаңағы жасамыс шаруа әйел екі тізесін бүгіп жіберіп, науқастың екі аяғын ағаш астауға құйылған ылай суға батыра алмай әлек болып жатыр. Деревня адамдарының томаға тұйық өміріне үйреніп кеткен бейқам кісілер аяқтың тықыры мен өкшелік темір сылдырын естігенде елең етіп, оттың алдында тұрған еркек артына жалт бұрылды; оның өніндегі таңырқаған рең кемпірдің кескінінен де байқалды.
— Бенаси мырза сіз боласыз ба деп сұраудың өзі артық болар, — деді офицер. — Жолаушы адамды айыпқа бұйырмаңыз, тақсыр: мен сізді үйіңізде күтіп отыра алмадым; сол шыдамсыздық мені мынадай майдан даласына алып келді. Алаңдамай, шаруаңызды істей беріңіз. Келген себебімді қолыңыз босаған соң айтармын.
Женеста үстелдің шет жағына келіп, үнсіз отырып қалды. Лашықтың ішіне күн сәулесінен гөрі ошақтың отынан жарық көбірек түсіп тұр: тау шындарынан жан-жаққа шашырап кеткен күн сәулесі аңғардың бұл мүйісіне ешқашан түспейтін түрі бар. Шоқтағы шайыр сіңген шырша бұталары шырт-шырт етіп маздап жатыр; соның сәулесімен офицер өзі сырын білсем, құпиясын ашсам деген ішкі оймен әдейі іздеп келген адамының кескініне қадала қарап отыр. Ал Бенаси мырза, жергілікті дәрігер, екі қолын қусырып, әлі түрегеп тұр; ол Женестаның жаңаға сөздерін үн-түнсіз тыңдады да, оның тағзымына жауап ретінде ишарат білдіргеннен кейін, қайтадан науқасқақарай бұрылды; келген офицердің өзіне тесіле қарап, қадағалап отырғаныңа назар аударған жоқ.
Бенаси орта бойлы, жауырыны жалпақ, кеудесі кең кісі екен. Үстіндегі жасыл сүртүгін қаусырына киіп, барлық түймесін салып алғанда, офицер оның дене бітімін анықтап көре алған жоқ; бір орында қалшиып тұр, бүкіл тұлғасы қара көлеңкеде, сондықтан болар, оттың сәулесі түскен басы жарқырап анық көрінеді. Доктордың бет әлпеті Сатирды көзге елестеткендей: сәл ғана тайпақтау келген биік маңдайының әр жерінде буылтығы бар, шықшыты шығыңқы, таңқылау мұрнының қос айырланып біткен танауы тапқыр ойдың жітілігін аңғартқандай. Қып-қызыл, етжеңді еріндерінің жиек иіндері айқын көрінеді. Иегі кесек, сом. Ойнақы қоңыр көздерінің аласы ақықтай жалт-жұлт еткенде, ар жағынан арыны басылған асаулықтың нышаны байқалады. Бұл кезде бурыл тартқан қара шашы, бет-аузын қос қыртыстап тілгілеген әжім тарамдары, шашымен бірге қырауға шалдыққан қалың қастары, мұрнының үстінен жүріп өткен тамыр тіндері, сарғыш бетінің әр жерінде алаулаған қызыл күрең дақтар міне осылардың барлығы елуді еңсерген дәрігердің жас шамасы мен оның азап-бейнеті мол еңбегінен хабар бергендей. Басында картузы бар, сондықтан бас бітімінің қандай екенін аңғару қиын, бірақ офицердің жорамалдауы бойынша, кәдімгі «іскер бас» дейтіннің нағыз өзі болса керек. Женеста, бір кезде Наполеонның іздеп тауып жүргені сияқты, тәуекелшіл адамдармен істес болуға өзі де үйір, және де, үлкен істер үшін жаралған адамдарды бет әлпетіне қарап анықтауға машықтанған кісі болғандықтан, Бенасидің әзірге бимағлұм өмірінен әлдеқандай бір құпия сырды аңғарғандай болып, оның мынадай өзгеше өңіне көз тоқтата қарап тұрып: «Бұл не ғып селеннің дәрігері күйінде қалып қойды екен?» — деп ойлаған. Оның өңіне көз тоқтата қарап отырып, жалпы бет бітімі өзі сияқты не бір қарабайыр адамдарға ұқсас бола тұра, өңінде сол сыртқы момақандыққа мүлде кереғар әлдеқандай күрделі ішкі дүниенің табы бар екенін байқаған Женеста бір сәт сол доктордың ыңғайымен назарын науқасқа қарай аударып еді, мұның ой ағымының бағыты кенеттен өзгеріп сала берді.
Атты әскердің тіс қаққан сарбазы өзінің жауынгерлік өмірінде талай кептерді көріп еді, ал бірақ мына науқастың өңіне көзі түсіп кеткенде, аза бойы тік тұрып, тітіреп жүре берді: кәдімгі өліктің өңіңдей сұп-сұр бетіне еш уақытта ақыл-ойдың сәулесі түсіп көрмегендей, ажарында тек тілсіз қасіреттің ізі ғана қалған дерсің; сөйлейін десе әлі тілі шықпаған, ал айқайлауға дәрмені жоқ құдды сәби баланың өңі сияқты, қысқасы, жан тәсілім алдындағы кәрі кретиннің меңіреу қалпы. Эскадрон командирінің адам ныспысында әлі кездестіре қоймаған жан иесі осы кретин болатын.
Расында да, науқастың мыж-мыж болып қыртысқан маңдай терісін, суға қайнатып пісірген балықтың көзіндей баттиған көздерін, қоректік заттардың жетіспеуінен шаштары жидіп түсіп қалған және ешқандай ақыл-есті ұстап тұра алмастай сопайған қауашақ басын көргенде, Женестаның орнында басқа кім болса да, сөз жоқ, мынадай мақұлықтан азарда-безер болып жиреніп қалар еді: не бітім нобайы дұрыс жан-жануардың тартымдылығы жоқ, не ақыл-санасы, не түйсік-түсінігі жоқ, аузынан ешқандай мағыналы дыбыс шығарып көрмеген, рухани дүниеден ешбір хабары жоқ бір мақұлық. Өмір бойы осындай азап шеккен бишара жанның сол қасіреттен ада болғалы жатқаның көрген адамның оған аяушылық білдіріп мүсіркеуі тіпті мүмкін емес сияқты; өйткені мұның тіршілігін өмір деп айтуға ауыз бармайды; алайда мына кемпір соған жаны қалмай аяушылық білдіріп, балтырын сипағанда қатты бәйек болып отыр; соған қарап, мына миғұланы оның күйеуі екен деп ойлап қалуға болғандай. Ал доктор Бенаси болса, ажал аузындағы адамның қимылсыз бетіне, жанары сөнген көзіне қадала қарап тұрып, ерекше еппен қолын ұстады да, тамырын басты.
— Бұлаудан пайда болмай қалды, — деп, ол басын шайқады, — орнына қайтадан жатқызайық.
Қаусаған құр сүйегі қалған денені өзі көтеріп алды да, кереуетке қайтадан жатқызды; шамасы, жаңа ғана ол мұны дәл осылай көтеріп түсірген болуы керек; суып бара жатқан аяғын жайлап қана түзулеп қойып, екі қолы мен басын еппен жайғастырғанда да, ол кәдімгі ананың ауру баласын аялағаныңдай қалып білдірген.
— Бәрі бітті, қазір жан тапсырады, — деді Бенаси кереуеттің қасында тұрып. Екі көзінен бетіне жасы сорғалаған кемпір екі бүйірін таянып, жан тәсілім үстіндегі науқастан көз алмай қарайды. Женеста да үнсіз; мына сияқты ешкімге керек емес сорлының өлімі өзіне неге сондай қатты әсер еткен себебін өзі де білмейді. Ешқашан күннің көзі түспейтін осындай түнек аңғарларға тағдыр айдап апарған мынадай міскіндерге көрсетілетін шексіз аяныш оны да билеп кеткен еді. Осындай кретиндері бар отбасыларда діни ырым-жораға айналып кеткен мұндай сезім аса бір аяулы христиандық ізгілік-мейірімділіктен және қоғамдық тәртіп үшін соншалықты пайдалы діни нанымнан, болашақтың қайыр-жақсылықтары жайындағы ұғым-түсініктерден бастау алады, ал мұнын өзі бізді жер-жаһандағы қасірет-қайғы атаулымен ымыраластыратын бірден-бір тоқтам. Мәңгілік иман-шапағаттан дәметкен үміт жанағы бейбақтардың туған-туыстарын да, манайындағы барлық адамдарды да сол миғұла бейбақтарға соншалықты жанашыр қамқорлық білдіріп, жанқиярлық жәрдем көрсетуге итермелейді; ол миғұлалар әуелі олардың бұл қамқорлығын түсінбейді, ал кейіннен мүлде ұмытып кетеді. Бұл бір ғажайып тағылымды дәріс! Соның ықпалымен көзсіз мейірбандық көзсіз қасіретпен қоян-қолтық қатар жүреді, кретиндер тұратын өлкенің адамдары оларды үй ішіне құт әкелетін ырыс көреді. Сол нанымның арқасында қала тұрмысының жағдайында тағдыры екі жүзді, жалған қамқоршылыққа, аурухана тәртібіне тап болатын бейбақтар мұнда бұла өмірдің рақатына бөленеді. Изер өзенінің жоғарғы бастауында өте көп ұшырасатын кретиндерге ашық аспанның астында, мал бағуды үйретіп, табын-табынның соңынан салпақтатып қояды. Олар әйтеуір бастары бос, еркіндікте өмір кешеді, өздерінің бақытсыздығына төлеу болғандай, азды-көпті сый-құрмет көреді.
Әлдеқайда аулақта, бір ырғақпен оқтын-оқтын деревня қоңырауы қаңғырлап, діндар адамдарға өздерінің бір пірәдары дүние салғаның хабарлай бастады. Құдай атынан қағылған дабыл айналаны күмбіріне көміп, арасында ауық-ауық тынып қалып, сонсоң лашық үйлерді қайтадан кернеп кетіп, азалы мұңын маңайға түгел таратып тұр. Бір кезде дүбірлеген аяқ тықыры естілді: үнсіз қозғалып қалың тобыр келеді. Сәлден кейін шіркеуден азынап азалы жоқтау әні келді құлаққа жанды тебірентіп, небір дінсіз адамдардың да жүрегін елжіреткендей, адам үнінің құдіретті үйлесім күшін алып келеді. Шіркеу сол күшті сезбей өткен мақұлық үшін тәуап қылып, жасағанға жалбарынып қалуға асыққандай. Кюре көрінді, оның алдында қолына айқыш ұстаған қызметші, арт жағында бүріккіші бар жаназашы, одан кейін елу шақты адам келеді өңкей әйелдер, шал-кемпірлер, бала-шағалар: бәрі де жамырап дұға оқып, шіркеу хорына қосыла зарлайды. Доктор мен офицер бір-біріне үнсіз көз тастап, тобырға жол бере, кейін шегінді; келген жұрт біразы аулада тізе бүгіп тұрып қалған. Священник ешқашан күнә жасамаған адамзат баласымен қоштасу рәсіміне кірісіп, жаназа дұғасын оқи бастағанда, осынау тобырдағы бет-жүздері құс-құс болған діндарлардың ажарына иман үйіріліп, ізгілік пайда болды. Сай-сай болып әжім басқан беттердің қыртыс-қыртысына жас сорғалады; ашық аспан астында күнге күйіп, жел қақты болған көн терілерге қайғы ұялады. Әркімнің өз ырқымен иіп елжіреген осынау туысқандық сезімде ешқандай риялық жоқ еді. Қалын қауымда миғұла міскінге аяушылық білдірмейтін, оған аузынан жырып бір үзім наның татырмайтын бір жан табылмастай еді: әрбір жалаңаяқ жүгірмек оны әкем деп еміренгендей, әрбір күлегеш қыз анашым деп аялағандай еді.
— Ол көз жұмды, — деді кюре.
Осы бір сөздер жұртты селт еткізіп қайғыға батырды. Әр жерден шырағдан жағылды. Біраз адамдар түні бойы мәйіттің қасында күзетте қалуға ыңғай танытты.
Бенаси мен офицер сыртқа шыққан. Бір топ шаруалар докторды тоқтатып алды.
— Сіздің өзіңіз араша түсе алмаған болсаңыз, доктор мырза, онда жаббар құдайдың өз әмірімен кеткен болды ғой бұл марқұм.
— Мен қолымнан келгеннің бәрін істедім, достар, — деп жауап қатты доктор.
Доктор соңғы иесі ол дүниеге кетіп, иесіз қалған деревнядан шыға бергенде Женестаға қарай бұрылды.
— Жаңағы өзіңіз естіген сөздер мен үшін қандай жұбаныш болғаныңа сіз сене де қоймассыз-ау. Осыдан он жыл бұрын бұл деревняның адамдары мені ұрып өлтіре жаздап еді, қазір қаңырап бос қалды, ол кезде мұнда отызға тарта отбасы болатын.
Женестаның оған таң-тамаша болып қарап қалғаны сондай, доктор жаңағы кіріспе сөзден кейін, жолшыбай келе жатып, барлық тарихын баяндап кетті.
— Осында келген бойда, тақсырым, мен бір топ миғұла адамдарды көрдім, — деп бастады ол сөзің — артқа бұрыла, сонау қираған үйлердің тамтығын нұсқап. — Деревня айнала қоршаған тау жоталарының арасында қыстырылып, өзеннің дәл жағасына орналасқан екен; көктемде қар суы өзеннің арнасын толтырып жібереді, ауа деген қапырық, күннің нәрлі сәулесі бұл жерге мүлде түспейді, тау жоталарының ұшар басын ғана жылтыратады; — демек, тіршіліктің бәрі жаңағы ауыр індеттің қоздауына жол ашып тұр. Меңіреу миғұлалардың некелесуіне заң тыйым салмайды, олардың бұл жердегі қорғанышы соқыр сенім ғана; ол кезде бұл мен үшін беймағлұм күш. Алғашқы кезде оған іштей нәлет айтумен жүрдім де, бара-бара соған таңырқайтын болдым. Ал мұның аты кретинизмнің (миғұлалықтың — Ред.) Бүкіл өңірге тарауына жол ашу деген сөз ғой. Олай болса, тән мен жанның бұл індетің жою өлкеге зор қызмет көрсету болып табылмақ; өте шұғыл қажеттік, бірақ оны жүзеге асырамын деген адам өзінің басын жұтуы хақ. Қоғамдық орталардың қай-қайсысындағыдай, бұл жерде де иігілікті іс тындырамын деген адам, өзгенің жеке мүддесіне тимегенмен, одан әлдеқайда қауіп тірегі адамдардың діни нанымдарына қол сұғатын болады; ал соқыр сенімге айналған діни ұғым-түсінік — адам санасына мықтап сіңген нәрсе.
Алайда мен еш нәрседен тайынбадым. Өзімді осы кантонның мэрі етіп тағайындаса екен деп тілек білдірдім және сол тілегіме жеттім, сонсоң префектінің сөз жүзіндегі қолдауына ие болдым; содан бір түнде барлық науқастарды, белгілі бір төлемақы беріп, Савойядағы Эгбель дейтін жерге көшірдік: кісі көбейді, бәріне жақсы күтім ұйымдастырылды. Осындай адамсүйгіштік әрекеттерім үшін халық өзіме өшігіп алды. Кюре маған қарсы уағыз айғып сөз сөйледі. Миғұлаларды аластау қажеттігін айтып, елді мекеннің ең естияр адамдарына айтқан сөздерім далаға кетті, науқастарды тегін емдегенім де бекер болып шықты, бір күні орманның шетінде келе жатқанымда оққа ұша жаздадым.
Мен Гренобльдегі епископқа барып, кюрені алмастыруды өтіндім. Имам ағзам ықыласты рай білдіріп, менің бастамаларыма қолқабыс тигізе алатын кюрені таңдап алуыма көмектесті: айтқандай-ақ, бақытыма қарай, аспаннан түскендей бір адал ниетті адам тап келді. Сөйтіп, өз ісімді жалғастыра бердім. Бір түнде біраз адамдарды көндіріп алдым да, тағы бір алты миғұланы көшірдім. Бұл жолы мені қорғаушылар да табылды кейбіреулері өзімнің жақсылық жасаған адамдарым; сондай-ақ қауымдық кеңестің мүшелері. Меңіреулерді асырау ісінің қаншалықты қымбатқа түсетінің, миғұлалардың заңсыз пайдалынып келген жерлерін қауымның қарауына алып, жерге зәру шаруаларға берсе, оның қаншалықты тиімді болатынын оларға әбден ұғындырдым. Енді байлар да менің жағыма шықты; бірақ кедейлер, кемпірлер, балалар және бірнеше қыңырлар маған әлі де жауығып жүр. Өкінішке қарай, науқастарды соңғы жолы да түгел әкете алмадық. Жаңағы өзіңіз көрген науқас орнында жоқ болып шықты да, оны өзгелермен бірге жөнелтудің реті келмеді; сөйтіп, ол ертеңіне деревняда қалған бірден-бір миғұла болып шықты; рас, шала естілердің әлі де бірнеше отбасы қалған екен, бірақ олар миғұлалық індетіне дәл жаңағыдай шалынбаған екен. Мен басталған істі ақырына жеткізейін деген оймен өзімнің қызмет киімімді киіп, қақпадан шыға бергенімде әлгі миғұланың достары мені басып озған; сөйтсем, ішінде шалдары, балалары мен әйелдері науқастың лашығының алдына жиналып тұр екен, солар мені балағаттап, бір тобы басыма тас жаудыра бастады.
Осы қарбаласта мен, сөз жоқ, жан-жақтан жамырап айқайлаған, бірін-бірі дүрліктірген ызалы топтың құрбаны болып кететін едім, сол миғұланың өзі құтқарып қалды. Баж етіп бақырған дауысқа жалт қарасам, лашықтың табалдырығында бейбақтың өзі тұр; құдды мына есуастардың бастаушысы сияқты. Соның қарасы көрінген бойда-ақ айқай-шу жым болды. Мен дереу есімді жиып, бұларға тиімді мәмле ұсындым; құдай оңдағанда, жұрт тынышталды да, мен ойымды түсіндіре айттым. Жағдайдың қиындығы сондай, бәрібір жақтаушыларым мені ашық қорғай алмайтын еді; қайта, мынау соқыр сенім билеп, лепіріп алған көпшілік одан сайын құтырынып, өздерінің ең соңғы көсемін жан сала қорғаштайтын еді; оны алып кете алмайтыныма көзім жетті.
Сонымен, мен науқасқа тимеймін деп уәде бердім, үйінде қалдыратын болдым; бірақ бұлар онымен араласпайтын болады, барлық тұрғындар деревнядан өзеннің арғы бетіне көшеді де, поселкеде жаңа үйлерге орналасады, біз осылай деп келістік; оларға үй салып беруді мен өз міндетіме алдым, ол үшін телім деп жер кесіп бердім, бұл жұмыстарға кеткен шығынды қауым кейін маған түгел өтеді. Алайда, тақсырым менің, бұл мәмле шаруалар қожалығына тиімді болғанымен, олардың қарсылығын біржола тойтару үшін әлі де жарты жыл бойы әуре болуыма тура келді. Шаруалардың ескі лашықтарына соншалықты бауыр басып қалғаны тіпті миға сыймайтын нәрсе еді. Қарап тұрсаң, олардың үй сияғы жоқ, ал әрбір шаруаның соған кіндігінен байланып қалғаны қайбір банкирдің салтанатты сарайға құмартқанынан бетер еді. Ол неліктен дейсіз? Кім білсін. Бәлкім, сезім неғұрлым аз болса, солғұрлым күшті болатын шығар. Әлде, бәлкім, ой еңбегімен мүлде айналыспаған адам мүлікке жақынырақ келетін шығар, және де, мүлкі неғұрлым аз болса, солғұрлым қымбат көрінетін де болар. Тіпті әрілегенде, мінез жағынан шаруа да бір, қамаудағы тұтқын да бір… ол өзінің ішкі қуатын бостан босқа шығын қылмайды, бір ғана затқа шоғырландырады; сондықтан оның сезімі де тырысқан берік келеді.
Ғапу етіңіз менің сөзуарлығымды, менің бұлай ойымды сыртқа шығаруым өте сирек болады. Және де, мені бір жадағай ойларға әуес екен деп те ойлап қалмаңыз, тақсыр. Не нәрседе болса да іс пен пайда қатар жүруі керек. Өкініштісі сол, осынау кедей адамдардың ой-өрісі неғұрлым тар болса, оларға нағыз пайдалы істі түсіндіру солғұрлым қиынға соғады. Сондықтан да маған өзім бастаған істің ең болмашы ұсақ-түйектеріне дейін біліп отыру қажет болды.
Әркімнің көкейінде бір-бір уайым, бәрінікі де орынды-ақ, дау айтуға дәтін бармайды: «Бұл қалай болды, тақсыр, үйлер әлі салынып біткен жоқ», «Жарайды, деймін мен оларға, үй даяр болғанда, көшеміз деп сөздеріңді беріңдерші». Дес бергенде, сол етегінде қазіргі иен деревня тұрған тауды толайымен біздің селеннің меншігіне алып беруімнің сәті түсті. Сол таудың жартастарына бойлап өскен орман ағаштарының бағасы уәделі жер телімдері мен салынатын үйлердің құның төлеуге емін-еркін жетті, ал үйлер түгел салынды. Ең асау деген отбасылардың біреуі жаңа қонысқа көшуі мұң екен, менің қамқорлығымдағы үйлердің басқалары да лап берді.
Осы өзгерістен кейін игіліктердің көрнекілігі сондай, бұрынғы күн көзі түспейтін, басқаша айтқанда, жан жылуы жоқ деревнядан айырылғысы келмей жабысқан адамдардың өздерінің де бұған айқын көздері жетті. Бұл істің нәтижелі аяқталуы, қоғамға алып берген жерлердің мемлекеттік кеңесте бекітілуі мені кантондағы ең беделді адамға айналдырды.
Иә, тақсыр, осының бәрі қаншама машақат болды десеңізші! Доктор тұра қалып, екі қолын сермеп, қызына сөйледі. Осы селеннен қанша барсаң да түк өндіре алмайтын префектураға дейінгі және ешбір жан есігіне тұмсығын батыра алмайтын мемлекеттік кеңеске дейінгі қашықтықтың қандай екенін мен ғана білемін. Ал, сайып келгенде, деп доктор сөзін жалғастыра берді: құдай тапсын дүниенің кілтін ұстап тұрған алпауыттарды: соңдарынан қалмай жүріп, әйтеуір дегеніме жеттім. Соған да тәубе. Апыр-ай, кейде бір қаламыңды әлдеқалай сүйкей салғанның өзінен қаншалықты игілікті нәтиже туындап жататының сіз білсеңіз-ау!..Кішкентай болса да мәні зор осы бір істі қолға алып, соны жеріне жеткізген арада өткен екі жылда бұрынғы жоқ-жұқана тұрғандардың әр үйінен кемінде екі сиыр өріске шығатын болды; мемлекеттік кеңестің келісімін күтпестен мен Швейцариядағы, Оверна мен Лимузендегі сияқты суарма желісін тартқыздым. Таң-тамаша болған тұрғындардың көз алдында айналаның бәрі жап-жасыл көгалға айналды, жайылымның оты жақсарған соң сиырлардың сүті де молайды.
Бұл жеңістің жемісі орасан зор болды. Жер суландыру жөніндегі менің бастамама еліктеушілер көбейді. Көкорай көгалдардың көлемі, малдың саны, ауылшаруашылық өнімдерінің түсімі артты. Содан кейін мен енді әлі де өңделіп жетпеген осынау бір пұшпақты одан сайын көркейтіп, білімнен мүлде мақұрым қалған тұрғындарды ағарту ісімен байсалды түрде шұғылдана бастадым. Көрдіңіз бе, тақсыр, біздің жалғыз басты ағайындар мылжың сөзге тәуір келеді: бір нәрсені сұрасаң болды соның жауабын айтқанда тоқтата алмайсың. Мен осы араға келгенде, аңғардың бойында жеті жүздей тұрғын бар еді, қазір екі мыңның айналасында. Жаңағы миғұланың оқиғасынан кейін жалпы жұрттың құрметіне ие болдым. Кісілермен қарым-қатынаста сыпайы болғанмен өз тұғырымды берік ұстаймын, сондықтан кантондағылар мені мүлт жібермейтін адам деп есептейтін болды. Мен жұрттың сеніміне ие болу үшін бәрін де істедім, бірақ онымды ешкімге көз қылып сездірген жоқпын. Тек әйтеуір өзіме тиісті міндеттердің бәрін, тіпті ең ұсақ-түйекке дейін мүлтіксіз орындап, жұрттың құрметіне ие болуды ғана ойладым. Жаңа ғана өзіңіздің көз алдыңызда жан тапсырған байғұсты міндетіме аламын деп уәде беріп едім, расында да маған дейінгі қамқоршыларының бәрінен артық жанашырлық білдірдім. Оның тамағы, күтімі қауымның асырап алған баласының дәрежесінде болды. Ақыр-аяғыңда тұрғындар өздерінің айтқандарына қарама-қарсы істеп жүрген істерімнің барлығы солардың пайдасына шыққаның түсінді. Бірақ дегенмен де оларда ескі сенімнің жұрнақтары сақталып қалған, ол үшін мен ешкімді жазғырмаймын. Мен сол бишараларға көмектесу мақсатымен өз араларындағы естияр дегендерін өзіме қарату үшін миғұла төңірегіндегі түйсік-түсініктерді түгел пайдаланып бақтым.
— Мінеки, біз келіп те қалдық! — деді Бенаси сәл үнсіздіктен кейін өз үйінің төбесін көзі шалып. Ол тыңдаушыдан әлдеқандай бір мақтау немесе алғыс естірмін деп күткен жоқ: өзінің қызмет бабындағы алғашқы қиыншылық кезеңі туралы әңгімелегенде, сірә, өзінің айтқысы келген ішкі тілегіне бағынып, қоғамнан оқшау жүрген адамдардың ондайды тыңдауға әуес келетінін сезген де болуы керек.
— Тақсыр, — деді офицер, — мен атымды сіздің ат қораңызға қойып кетіп едім. Мұнда не шаруамен келгенімді білгеннен кейін, бұл қылығыма кешірім етерсіз деп ойлаймын.
— Е, иә, не шаруамен? — деп сұрады Бенаси, өзін мазалаған бір ойларды серпіп тастағандай және қасындағы кісінің сырттан келген жолаушы екені енді ғана есіне түскендей болып.
Бұл өзі мінезі ашық, жұғымды кісі еді, сондықтан Женестаны да таныс адамдай қарсы алған.
— Тақсыр, — деп жауап қатты офицер, — мен Гренобльдің бір тұрғының Гравье деген мырзаны сіз кереметтей емдеп шығарыпты да, өзіне баспана беріпті деген хабар естідім. Сонан кейін, сіздің мархабатыңыздан үміт етуге ешқандай негізім бола қоймаса да, бәлкім, мені де емдеп шығарар ма екен деген үмітпен жеделдетіп келіп тұрған бетім еді. Ал, шыныңда, мен ондай жақсылығыңызға тұратын шығармын! Қарт сарбаз едім, бір ескі жараның орны маза бермей жүргені. Менің хал-жайымды зерттеп білу үшін кем дегенде бір апта уақыт керек болар, өйткені ауруымның ауық-ауық қайталайтын соқпасы бар және…
— Несі бар, тақсыр, — деп Бенаси оның сөзін бөліп кетті. Гравье мырзаның бөлмесі сіздің құзырыңызда, рақым етіңіз…
Бұлар үйге кірерде доктор құра құшып келіп есік ашқан; соны көріп, Женеста мұны үйінде тұратын кісі іздеп жүр екен-ау деп ойлап қалғандай еді.
— Жакота! — деп дауыстады Бенаси. — Келген мырза тамақты бізбен бірге ішетін болады.
— Ғапу етіңіз, тақсыр, — деп Женеста лезде уәж білдірді, — алдымен ақы-пұлын келісіп алғанымыз дұрыс болмас па еді.
— Қайдағы ақы-пұл?
— Менің тұрғаным үшін. Бізді мені мен менің атымды тегін асырамайтын боларсыз…
— Егер бай болсаңыз, — деп жауап қайырды Бенаси, — төлей жатарсыз; ал егер бай болмасаңыз, — онда ештеңе де керек емес.
— Ештеңе де? Женеста тағы уәж білдірді. Бұл, менің ойымша, қымбатырақ болар. Мәселе менің бай-кедей болуымда емес қой,айтыңызшы, бәтір-еке, күніне он франкіден төлеп тұрсам, аз болмас па екен; емнің ақысы, әлбетте, өз алдына шығар?
— Жаным жек көреді, біреуге меймандостық жасап, оны қуанышқа бөлегенім үшін, содан ақы алу дегенді, — деді доктор қабағын шытып. — Ал ем жағына келетін болсақ, өзіңіз маған ұнайтын болсаңыз ғана оны қолға аламын. Байлар менің уақытымды сатып ала алмайды, ол біздің алқаптың тұрғындарына тиісті. Маған атақ-даңқ та, байлық та қажет емес, мен науқастардан мақтау да, алғыс та талап етпеймін. Сіздің маған төлейтін ақшаңыз осы жердегі кедейлерге қажетті дәрі-дәрмек алу үшін Гренобльдегі дәріхана иелеріне кетеді.
Қатқыл үнмен, ешбір өкінішсіз айтылған осы сөздерді естіген адам, дәл Женеста сияқты: «Мінеки, адам деп осыны айт!» — деп ойлаған болар еді.
— Сонымен, демек, тақсыр, — офицер де өзіне тән бірбеткейлікпен нығыздап сөйледі, -күніне он франкіден төлейтін боламын, ал сіз оны өзіңіздің қалауыңызбен жұмсай беріңіз. Сөйтіп, мәселе шешілді, ал қалғаның тағы да келісе жатармыз, — осыны айтқаннан кейін ол доктордың қолын алып, ерекше бір жүрек сезімімен қысып қойды. — Мен мұндағы өзіме көрсетілетін барлық күтім үшін күніне он ғана франк ұсынып отырсам да, бәрібір менің құнсыз біреу емес екенімді өзіңіз көре жатарсыз.
Бенаси өзін ізгі жанды мейірбан етіп көрсетуге әсте де тырыспаған осы сөз сайыстан кейін беймәлім науқас дәрігердің үйіне кіріп келсе, үйдің барлық ұсқыны ауланың салдама қақпасы мен үй иесінің үстіндегі киімге ұқсап-ақ тұр екен. Тіршілікке ең қажетті заттардан басқаның бәріне Бенасидің селқос қарайтыны тіпті болмашы нәрселерден де көрініп тұр. Ол Женестаны ас үй арқылы ертіп жүрді бұл асханаға қарай өтетін ең төте жол еді. Егер де іші кәдімгі көшедегі дәмханалардағыдай қара-қожалақ ас үйді ыдыс-аяқтың мол жиынтығы көркейтіп тұрған болса, бұл кюренің бұрынғы қызметкері Жакотаның ұқыптылығының арқасы еді; доктордың үйіндегі ең мықты билікші әдетте «біз» деп сөйлейтін осы әйел болатын. Егерде каминнің үстінде мұнтаздай тап-таза болып жылытқыш аспап тұратын болса, оның себебі, әрине, Жакотаның қыстыгүні жылы жерде жатуды жақсы көретіндігінен еді; ол сонымен бірге, осы аспаппен, өзінің айтуынша, еш нәрсені ойламайтын отағасының төсегін де жылытып қоятын; Бенаси оны өзгеге кереметтей сөлекет кемшілік болып көрінетін нақ осындай қасиеттері үшін жалдап алған болатын.
Жакота бүкіл үйді билегісі келді, ал докторға керегі де оның барлық шаруашылығын басқаратын дәл осындай адам еді. Не нәрсені де өзінің қалауымен сатып алатын да, сататын да, жинайтын да, айырбастайтып да, орналастыратын да, орның ауыстыратын да, буып-түйетін де, сонсоң қайтадан шешетін де Жакотаның бір өзі; үй қожасы оған бірде-бір рет ескерту жасаған емес; сондықтан үйді, атқораны, жалшыны, ас үйді, бақты және үй қожасының өзін-өз білдігімен басқарады. Төсек-орынды ауыстыра ма, кір жуа ма, азық-түлік алдыра ма бәрін өз қалауымен істейді. Шошқа сатып алып, оны сойғызатын да, бағбанға ұрсатын да, сәскелік пен түстікке не беруді шешетін де өзі; ұрадан үйдің төбесіне дейін, сонсоң төбеден ұраға қарай жүгіреді де жүреді, ойына келген қандай тәртіпті орнатса да, ешкім ешқандай қарсылық көрсетпейді. Бенаси оған тек екі түрлі ғана шарт қойған: түскі тамақ сағат алтыда дайын болсын және айлық шығын пәлен сомадан аспасын. Жұрттың бәрі өзіне бағынып тұратын әйел үнемі әндетіп өлең айтып жүреді ғой Жакота да солай: басқыштан сатылап жүгіріп жүргенде, біресе бұлбұлдай сайрайды, біресе сақылдап күледі, біресе өлеңді ақырын ыңылдап айтады, біресе шырқап салады, сонсоңқайтадан ыңылдайды. Бой-басы өте таза жүреді, сондықтан, үйді де таза ұстайды. «Менің талғамымның осындай болғаны қандай жақсы, әйтпесе Бенаси мырзаның жағдайы мүшкіл болар еді, — деп қояды өзі, -бұл байғұстын күй таңдамайтындығы ғой, құрдың еті деп капуста берсең, соны байқамайды, жей береді; мен болмасам, Бенаси мырза апта бойы көйлегін ауыстырмай киіп жүрер еді». Жакота кір жууға бір қажымайды, жарқыратып жиһаз тазалауды оның туа біткен мамандығы дерсін; тазалықты ол жаныңдай жақсы көреді, — кәдімгі шіркеудегідей, мінсіз, жарқыраған, адамның жаның жадырататын тазалықты. Лac атаулымен арпалыса алысады, бір тыным алмастан, көрінген жердің тозаныңқағады, кір жуады, кір өтектейді. Ауладағы қақпаның қаусап тұрғаны жаныңа батып, тыныштық бермейді. Он жыл бойы әр айдың басында Бенаси мырзадан жалынып-жалбарынып жаңа қақпа жасатамын, үйдің қабырғаларын боятамын, бәрін де «абаттандырамын» деген уәдесін қоймай жүріп алушы еді; сол сөзін осы күнге дейін орындаған жоқ. Сондықтан үй қожасының бейқамдығына ренішін ылғи да мақтау сөзімен аяқтай келіп, үнемі бір түйінмен аяқтайтын:
— Ақымақ деп айта алмайсың, ол біздің өлкеде кереметтей істер тыңдырды. Сөйте тұрып, кейде ақымақ та болады; ақымақтығы сондай, кейде тіпті жас баладай бәрін де алақаныңа салып беруге тура келеді!
Жакота бұл үйді дәл өз үйіндей жақсы көреді; айтары жоқ, жиырма екі жыл тұрғанда, мұндай алданышқа хақысы да бар еді. Бенаси осында келген бетте, қайтыс болған кюренің үйі сатылады дегенді естиді де, соның бәрін: үйін, жерін, жиһазын, ыдыс-аяғын, шарабын, тауықтарын, ескіден келе жатқан мүсінді қабырға сағатын, аты мен қызметкер әйелін қоса түгелімен сатып алады.
Аспазшы атаулының үлгілі өкілі Жакотаның шиедей доп-дөңгелек қызыл мөрлері бар қара сисадан тіккен көйлегі тып-тығыз толық денесін тырсита керіп, бар мүшесін бедерлеп көрсеткенде, осы қазір-ақ тырс етіп жарылып кетердей әсер қалдырады. Басындағы айналасын бүрмелеген аппақ қардай дөңгелек шепшігі бұғағы салбыраған сүренсіз бет-ажарын одан сайын бозартып көрсетеді. Қимылы ширақ аласа бойлы жуан әйел быртиған етті саусақтарының қимылына көз ілестірмей жұмыс істеп тұрып, қатты дауыстап сөйлегенде, аузына тыным болмайды. Егер ол бір ғана сәт үнсіз қалып, алжапқышының етек жағын үшкүлдеп бүктей бастаса, үй қожасы мен қызметкердің біреуін ұзақ уақыт қазбалайды екен дей бер. Жакота, әрине, корольдіктегі ең бақытты аспазшы болды. Оның басындағы бақытты бұл дүниенің бар жақсылығымен қоса толықтай түссек, оның данқойлығын былай деп толық қанағаттандырған болар едік: бүкіл елді мекен оны мэр менен егінжай күзетшісінің екі ортасындағы бір аралық билік деп таниды.
Ac үйден үй иесі ешкімді кездестіре алмады.
— Бұлар қайда жоғалып кеткен? — деді ол — Сізді бұл жерге алып келгенім үшін ғапу етіңіз, — деп енді Женестаға қарай бұрылды. Үлкен есікке бақтан кіреді, ал мен қонақтарды бұлай қабылдап көрген жоқ едім, бірақ… Жакота!
Мынадай лепті айқайға үй жақтан әйел даусы үн қатты. Сол екі арада Жакотаның өзі шабуылға шығып, Бенасиді шақырды да, бұл дереу солай қарай жөнелді.
— Әдемі-ақсыз, тақсыр! Бұл сізге ұқсайды! Түстікке қонақтарды топырлатып шақырасыз, бірақ маған ескертпейсіз; «Жакота» деп бір айқайласам болды, бәрі де дап-дайын бола қалады деп ойлайсыз ғой! Мына мырзаңызды ас үйде қабылдамақ па едіңіз? Залды ашып, отты тамызып жіберуге болмады ма? Николь сол жақта, ол бәрін тындырар еді. Ал енді барыңыз да, қонақпен бірге бақта серуендей тұрыңыздар. Соның көңілін аулаңыз; әдемі бақ дегеннен түйсігі бар адам болса, марқұм кюре мырзаның граб аллеясына апарып көрсетіңіз, сөйткенше болмай, мен де бәрін әзір етермін түстікті де, дастарқанды да, залды да.
— Өте жақсы! Айтпақшы, Жакота, Бенаси сөзін әрі қарай жалғастырды, мына мырза біздің үйде тұра тұрады. Гравье мырзаның бөлмесіне кіріп шығуды ұмытпа. Төсек-орның жаңғырт және сонсоң…
— Сіз енді төсек-орынмен айналыспақ па едіңіз, ә? — деп Жакота сөзді іліп әкетті. — Оның қоналқаға не керек екенін мен білетін шығармын. Ал өзіңіз жыл бойы Гравье мырзаның бөлмесіне бір рет те бас сұққан жоқсыз ғой. Оны қараудың түк қажеті жоқ, бәрі тап-таза, айнадай жарқырап тұр. Сөйтіп, енді ана мырза біздің үйде тұрады екен ғой? — деді ол енді жұмсарыңқырап.
— Иә.
— Қаншаға?
— Енді оны біле алмадым. Онда сенін не шаруаң бар?
— Қалайша шаруам болмайды, тақсыр? Бәрекелді, «онда сенін не шаруан бар?» Мынау бір жаңалық екен.. Ал азық-түлік ше, ә?
Уақыт басқа болса, осы сияқты сөздердің тасқының үй иесінің басына тоғытып, өзіне сенбейтінін қоса айтар еді, бұл жолы осымен тоқталды да, Жакота енді соңына еріп, ас үйге барды. Жаңадан бір масыл келді деп ойлап, енді Женестаны көргенше асығып келіп еді, соны көрген бойда-ақ әйел жарамсақтанып тізесін бүге қалып, басынан аяғынан дейін қарап шықты. Бұл сәтте офицердің өңі тұнжырап, өзі ойға батып тұрған, сондықтан ажары суықтау еді. Қызметкер әйел мен үй иесінің әңгімесінен ол Бенасидің өзі ынжықтау-ау деген ой түйіп, соған ренжіп тұрған; өйткені ол доктордың осынау шағын өлкені миғұлалықтың пәлесінен құтқару жөніндегі табандылығына таңғалып, ол жөнінде өзінде қалыптасқан жоғары пікір енді төмендеп қалып тұр еді.
— Мынау бәдік маған ұнамайды! — деп Жакота өз бетінше күбір етті.
— Егер сіз шаршамаған болсаңыз, тақсыр, — деді доктор өзінің беймәлім науқасына, — түскі тамаққа дейін бақта серуендей тұрайық.
— Әлбетте, — деді офицер.
Бұлар асханаға қарай өтті де, одан әрі баспалдақтың қасындағы асхананы залдан бөліп тұрған ауыз үй арқылы баққа шықты. Ауыз үйдің шынылаған үлкен есігінен әрі үйдің қарсы бетін көркейтіп тұрған биік тас баспалдақ және бар екен. Аумағы бірдей төрт шаршыға бөлініп, араларынан тартылған түп-түзу жіңішке жолдардың екі жағына шәмшит ағаштары егілген бақтың арғы басында қызыл қайың тоғайы жайқалып тұр; Бұрынғы иесінің қуанышы да сол болса керек. Офицер әр жерін шұрқ-шұрқ етіп құрт тескен ұзынша орындыққа отыра кетті; айналасын жүзім қозалары орап тастаған саялы орам-жайға, қатар тізіп отырғызылған жеміс ағаштарына, бақша өсімдіктерінің қырқаларына көз де салған жоқ; мұның барлығының жанашыр күтушісі марқұм кюренің дәстүрлеріне адал Жакота болатын: өйткені Бенаси баққа мүлде селқос қарайтын көрінеді.
Офицер өрістеп келе жатқан қысыр әңгімені кілт тоқтатты да, докторға сауал берді:
— Тақсыр, он жылдың ішінде мына аңғардың халқын қалайша үш есе арттыра алдыңыз? Сіз келмей тұрғанда бұл жерде жеті жүз адам болған екен, ал қазір, өзіңіз айтқандай, екі мыңнан асыпты.
— Бұл жайды бұған дейін менен ешкім сұраған жоқ еді, — деді доктор. — Біздің иен қалған бұл түкпірді гүлдентейін деген мақсатты алдыма қойсам да, қазіргі жұмысымның көптігінен бұл жайды ойластыра қоймаппын; өзім қайыр сұраған монах секілді болып жүріп, былайша айтқанда «балтаның сабынан бал тамызғандай» қылып, мен осыған қалай жеттім. Мен өзім емдеп, жазып алған Гравье мырза, біздің жарылқаушымыз, менімен бірге тау аралап, менің еңбегімнің жемісін көріп жүргенде, теория жағын ойластырған емес.
Бір сәтке үнсіздік орнады, Бенаси қонағына назар аудармастан, терең ойға кетті, ал офицер одан көз алмай, қадала қарап, соның сырын білгісі келеді.
— Бұл қалай болды деп сұрайсыз ғой, қайырымды тақсыр? — деп доктор әңгімесін жалғастырды. Өзінен-өзі болған іс; сонсоң біздің өзіміз қолдан жасайтын қажеттіліктер мен оларды қанағаттандырудың арасындағы әлеуметтік тартылыс заңы бойынша. Барлық істің түйіні осында. Қажеттіктері жоқ халық кедейлікке душар. Мен осында ауысқанда селенде жүз отыз шаруа қожалығы бар екен, ал аңғардағы жалпы саны екі жүз қожалық шамасында. Жергілікті өкімет дегеніміздің құрамы сол жалпы жұтаңдыққа сайма-сай: сауатсыз мэр, оның көмекшісі — қауымнан аулақ бір жерде тұра тым жалгер, ал аралық сот жалақымен қалт-құлт күн көретін кедей мұндар, ол азаматтың хал-ахуалының актілерін жүргізуді істің мән-жайын білмейтін хатшыға тапсырып қойыпты. Жетпіске келген екен, орнына иіс алмас надан викарий келіпті. Өлкені басқаратын қоғамның бетке шығарлары міне осылар. Мынадай тамаша табиғаттың аясында тіршілік еткен халық белшесінен батпаққа батып отыр; күн көрістері картоп пен сүт; маңайдағы көршілерге немесе Гренобльге шығарып сататындары ірімшік қана, содан аздаған пайда табатын сияқты. Сәл ауқаттылары, аздап қайрат көрсететіндері зығыр егеді екен, олар түгелдей селеннің өз тұтынымына кетеді; кейде арпа немесе сұлы егетін болған; ал бидай дегенді көз де көрмейді.
Біздің өлкеде өнеркәсіппен айналысатын жалғыз адам мэр болатын; қарауында ағаш кесіп, тақтай тілетін кәсіпшілігі бар, ағаш кесетін аландарды сутегін сатып алады да, бөлшектеп ағаш саудасын жүргізеді. Жол деген атымен жоқ, сондықтан кесілген бөренелерді жаздың күндері итшілеп жермен сүйретеді, шынжырдың бір басына шотаяқ істік темір бекітеді де, оны бөренеге қадайды, ал екінші басын аттың тертесіне байлайды. Гренобльге бару үшін аттысы да, жаяуы да жоғары өрлеп, кең сүрлеумен кетеді; ал төменгі аңғар бойынан ешкім аяқ аттап баса алмайды. Осы арадан біздің кантонның шекарасына дейін баратын тамаша жолдың орныңда, құдай біледі, сізді бізге алып келген сол жол ғой, иә, соның орнында ол кезде ұзыннан ұзақ созылып жатқан күй батпақ болатын. Бірде-бір саяси оқиға, бірде-бір төңкеріс әлеуметтік қозғалыстан қалыс жатқан біздің бұл меңіреу түкпірге жетіп көрген емес. Бұл жерге жалғыз-ақ Наполеонның есімі жеткен де, осы жерде туып өсіп, үйлеріне аман қайтқан екі-үш қарт солдаттың ықыласы арқасында ол бұл өңірде әулиеге айналып кеткен; олар император мен оның әскерлері жайында осындағы ашық ауыздарға ертеден қара кешке дейін неше түрлі хикаяларды ертегідей қылып айтады екен.
Айтпақшы, олардың осында қайтып оралуының өзі бұрын болмаған оқиға. Мен келмей тұрғанда мұндағы әскерге алынған жастар елге қайтпай, сол жақта қала берген. Бір ғана осы жайттың өзі-ақ бұл өлкенің қайыршылығын ап-айқын жеткізсе керек.
Мінеки, тақсыр, кантонның орталығы мен көргенде дәл сондай халде болатын; ал енді таудың арғы бетіндегі қауымдар да осыған қарайды, бірақ ондағылар жерлерін жақсылап баптайды, тұрмыстары тәп-тәуір, тіпті ауқатты деп айтуға да болғандай. Мұндағы мекен-жайларды айтып, сөз шығын қылудың қажеті болмас: үй емес, кәдімгі мал қораның нақ өзі; адам да, мал да бірге тұрады. Мен бірде Гранд-Шартрезге барып, қайтар жолда осы араға соққаным бар. Жолаушы түсетін жер жоқ, Викарийдің өз үйіне тоқтауға тура келді; ол сатуға деп әзірленген осы мекен-жайда уақытша тұрады екен. Викарийден оны-мұныны ежіктеп сұрай отырып, өңірдің мүшкіл халін анықтап білдім; бірақ бұл араның ауа райы, жер құнары, табиғи байлықтары маған қатты ұнады.
Ол кезде, тақсыр, өткен күннің тақсіретінен тарығып, жаңа бір өмірге аңсап жүрген жайым бар еді. Құдай оңдайын дегенде, адамға бір игілікті ой жібермей ме, тіршіліктің талқысына бой ұрсын дегендей. Мен осы өлкені түрлендірейін деп бекіндім, кәдімгі ұстаз адам баланы қалай тәрбиелеуші еді, дәл солай. Сіз менің іждағаттығыма мадақ айтып әуре болмаңыз. Маған керегінің өзі сол болатын. Мен үшін көңіл аулайтын ермек керек еді, қалған өмірімді әлде бір қиын іске бағыштап, содан қанағат тапқым келген.
Табиғаты сондай бай бола тұра, адам пенденің парықсыздығынан осындай күйзелісті күйге түскен бұл кантонда өзгеріс жасаймын деген адам бүкіл өмірін сарп етуге тиіс еді; мені қызықтырған да нақ соның қиындықтары болды. Кюренің үйін де, бостан босқа жатқан жерін де арзанға сатып алу мүмкіндігіне көзім жеткеннен кейін, мен осындағы жергілікті дәрігердің міндетін қуана-қуана қабыл еттім; ал ондай жұмысқа жұрттың көбі құлықсыз болатыны белгілі. Мен осындағы кедейлерге жанашыр болғым келді, бірақ олардан ешқандай алғыс дәме еткенім жоқ. Мен шаруа адамдардың қыңыр мінезінен де қайыр күтпедім; адамға жақсылық істеймін деп жүріп, қандай пәлеге ұшырауын мүмкін екенін де ұмытқан емеспін. Мен айналамдағы адамдарды періште деп ойлағаным жоқ, барымен базар етпек болдым; байғұс шаруалардан қайырым да болмас және ертеңді-кеш қара жұмыстың соңында жүрген олардан пәлендей қастық та келе қоймас; бірақ жуастан жуан шығады дегенді де есте ұстадым. Ең бастысы, менің түсінгенім оларға қандай өзгеріс жасасаң да, алдымен оның өздеріне пайдалы екеніне, тұрмыстарын жақсартуға септігі тиетініне нақты көздерін жеткіз; сонда ғана оларды селт еткізе аласың. Шаруа атаулының бәрі де Кәпірстан әулиенің балалары ғой, көзін шұқып көрсетпесең, еш сөзге сенбейді.
— Сіз, бәлкім, менің алғашқы қадамдарыма күлерсіз, — деді доктор сәл үнсіздіктен кейін. -Мен өзімнің қиын ісімді кәрзеңкенің шеберханасынан бастадым. Бұл өңірдің кедейлері ірімшік салатын тоқыма себеттер мен ұсақ-ұлаң саудаға қажетті кәрзеңкелерді Гренобльден сатып алатын. Мен бір пысықша жігітті тауып алдым да, өзеннің жыл сайын толқын айдап шығарып жататын құнарлы топырағы мол жағасынан көлемі әжептәуір телімдік жер жалдап алуға көндірдім, өйткені ондай жерде қалың шілік өсетіні белгілі. Сонсоң мұндағы тұрғындар жыл сайын қаншама кәрзеңке сатып алатынын шамамен есептеп шығардым да, сонсоң Гренобльге аттандым. Онда барып, қолынан кәрзеңке тоқу келетін бір тақыр кедейді тауып алып, осында көшіріп әкелдім. Сонсоң оның алғашқы кездегі тоқитын кәрзеңкелеріне керекті талшілік шабақтарының ақшасын өзім төлеп тұрдым. Бұл жұмыстың пайдалы екеніне көзі жеткен басқа бір кәсіпкер шығып, ол да әлгіндей шыбықпен қамтамасыз болғанға дейін осылай істедім. Және жанағы шеберге жасаған кәрзенкелердің қаладағыдан әрі арзан, әрі жақсы болатын болсын деп тапсырдым. Ол менің айтқанымды түсінді. Сөйтіп, өз жерімізде талшілік пен кәрзеңке саудасы пайда болды да, оның жемісінің нәпақалы екендігіне жұрттың көзі төрт жылдан кейін ғана жетті. Өйткені жақсы кәрзеңке тоқу үшін оның шілігін тек үш жылдан кейін ғана кесуге болатының, сірә, өзіңіз де білетін шығарсыз.
Сөйтіп, істің алғашқы кезеңі сәтті болды, тоқушымызға керекті шикізат молынан қамтамасыз етілді. Ұзамай, ол Сен-Лоран-де-Подағы бір шаруаның қызына үйленді; оның жинастырған азын-аулақ ақшасы бар екен. Соған олар әдемілеп үй салып алды; іші жарық, ауасы таза, саңғыраған сарай болып шықты. Мен оған лайықты жер таңдап беріп, ішкі құрылысының қандай болуына да ақыл-кеңесіммен көмектестім.
Міне, мен нақ сол кезде масайрадым, тақсыр. Өйткені мен селода өнеркәсіптің алғашқы негізін салдым ғой; мен сол өндіріске не болатын адамды және оның қарауында істейтін қол шеберлерін алып келдім ғой. Менің бұл қуанышым сізге жай бір баланың ойыншығы сияқты көріне ме? Шынымды айтсам, тақсыр, кәрзеңкенің шебері жаңа орамжайға орналасып алған алғашқы күндері, мен оның шеберханасының тұсынан өтіп бара жатқанда, әрдайым жүрегім лүп-лүп ететін еді.
Терезе қақпақтарын жасыл сырмен сырлап тастаған, есігінің алдында ұзын отырғышы бар, айналасын жүзімнің қозалары қоршап тұрған, ауласында бума-бума шіліктің шыбықтары жатқан, ал үйіне кірсең, үстіне мүсінді денесіне жарасқан сәнді киім киіп, алдындағы екі шекесі торсықтай, екі беті балбұл жанып, жайраң қаққан бөпесін емізіп отырған жас әйелін, ал ауласында әзіл-қалжың араластыра, өлеңдетіп-әндетіп, қолдары қолдарына ілеспей кәрзеңке тоқыған шебер жігіттерді, оны бақылап, басқарып тұрған үй иесін көргенде және оның осы таяуда ғана жоқшылықтың зарын тартып жүріп, енді қағанағы қарқ болып тұрғаның ойлағанда, сізден жасырмайын, тақсыр, менің өзім де шыдай алмай, бір сәтке сол кәрзеңке тоқитын шеберлердің бірі болып кеткендей, шеберханаға кіріп барамын; олардың хал-жағдайларын сұрастырып, әңгімелеріне араласып кетемін. Мұның өзі мен үшін үлкен бір ғанибет еді. Өзімнің де, өзгелердің ден қуанышым мен өзімнің ортақ қызығыма айналдырдым. Өзіме мықтап сенген алғашқы адамның үйі менің таянышым болды.
Өйткені бұл кедей өлкенің болашағы еді; өйткені кәрзеңке тоқушының әйелі өзінің тұңғышы жөнінде қалай армандаса, менің бұл өлкенің болашағы жөніндегі арманым да дәл сондай болатын. Менің алдымда тұрған іс те көп еді, мен бұзып-жарып өтуге тиісті болған ескі ұғымдар да көп еді. Мен қасарысқан қатты қарсылыққа тап болдым; оны өршітіп жүрген бұрынғы сауатсыз мэр болатын; өйткені мен оның орныңа келдім ғой, сонсоң оның беделі түсіп қалып еді ғой.
Сондықтан мен оны өзіме көмекші қылып алып, өзімнің пайдалы ісіме бастас еткім келді. Иә, тақсыр, осынау топас, барып тұрған қырсық адамның көзін өзгелерден бұрын ашпақшы болдым. Бұл жерде оның атаққұмарлығы мен пайдакүнемдігі менің пайдама шықты. Жарты жыл бойы тамақты бір дастарқанның үстінен ішіп жүрдік, сонда мен кантондағы өмірді жақсарту жөніндегі өзімнің жоспарымды ашып айтып бергенсін. Жұрттың көбі осынау ырықсыз достықты мен атқарған міндеттің ең абыройсыз жағы деп те қараған болар, ал бірақ шындығында бұл адам менің ең ұтымды қаруым болып алды!
Өзінің борышын ұмытып, одан бас тартқан адам онда ма, сірә! Мен өлкедегі өмірді жақсартпақ болып жүріп, ондағы адамдардың жайын естен шығарсам не болмақ едім?!
Сондықтан ең алдымен қатынас жолын салу керек болды. Елдің ауқатын арттырудың ең тете жолы осы болатын. Егер біз қалалық кеңестен рұқсат алып, Гренобльдің даңғылына дейін жақсы жол сала алатын болсақ, бұдан ен әуелі менің көмекшім ұтатын еді; өйткені ол бұрын өзінің әзірлеген бөренелерін жолсызбен тасығанда, үш есе қымбат ақы төлеп келген болса, енді біздің тегіс жолмен оп-оңай тасымалдап, ағаштың неше түрін өткізгенде, бұрынғыдай жылына алты жүз франк емес, одан әлде қайда қомақты ақша түсірер еді; ал сөйте-сөйте бірсыпыра байлық жинап алуға да болатын еді. Соны білгендіктен ол ақыры маған жақтас болып шықты.
Бұрынғы мэр бүкіл қыс бойы қабақтарды аралап, тамыр-таныстарымен бірге ішіп жүріп, жұртты үгіттеуге кірісті: жақсы қатынас жолы салынса, бұл үлкен табыстың көзі болады, әркімнің-ақ Гренобльмен сауда-саттық жасауына мүмкіндік туады деп әңгіме таратты. Муниципалитет кеңесі жол салуға рұқсат бергеннен кейін, мен префектіден департамент қорынан материал тасымалына қажетті жәрдем ақша бөлгіздірдім; себебі қауымның өз ақшасы бұған жеткіліксіз еді; оның үстіне көлік табу да қиын болатын.
Сонсоң, ақыр-аяғында, өзімнің үстімнен өсек таратып, баяғы байлардың салығын қайта енгізбек деп пәле жауып жүрген надандардың пайдалы іске көздерін тезірек жеткізу үшін, мен бастық болған алғашқы жылдың өзінде біреуге қатты, біреуге тәтті айтып жүріп, поселкенің барлық тұрғындарын, әйел демей, жас демей, кәрі демей, түп-түгел жексенбі күндері таудың басында жұмыс істеуге көндірдім: ол жердің топырағы тамаша екен, сонда жаяу жүріп, осы күнгі біздің деревнядан Гренобльдің тас жолына қарай шығатын жолдың он бойына белгі қағып шықтым.
Дес бергенде, керекті заттардың бәрі қолымызда еді. Жұмыс ұзаққа созылды, бұл бастама менен көп төзімділікті талап етті. Біреулер заңды білмегендіктен, еңбек қарызын өтеуден бас тартады; ал енді наннан тарындық көріп жүргендер бір күн жұмыстан қалмайды. Сөйтіп жұрт, екі льелік жол жұмысының үштен екі бөлігін атқарған кезде, тұрғындар бұл шаруаның пайдалы екендігіне көздері әбден жетті де, жолдың қалған үштен бірін өз ынталарымен атқарып шықты.
Қауымның болашақ байлығын ойлай жүріп, жол бойындағы жыраның екі жағына қос қатар терек отырттым. Сол ағаштар қазірдің өзінде үлкен байлық; оның үстіне, жайқалған ағаштардың арқасында бұл жолдың көркі мемлекеттік даңғылдан кем болмай шықты: жолдың үсті әрдайым құрғақ, сондықтан оның шығыны жылына екі жүз франкіге де жетпейді. Мен сізге ол жолды көрсетемін әлі, сіз көре қоймаған шығарсыз: сірә, бұлай қарай басқа жолмен төменіректе жатқан көрікті жолмен келген боларсыз; ол жолды ертеректе аңғар бойында салынған оқшау үйлермен қатынасты дұрыстау үшін тұрғындар осыдан үш жыл бұрын өздері салып алды. Солай, тақсыр, әрегіректегі бес жыл бұрын сырттан келген адам мұндай ұғымдарды қараңғы халық санасына ешбір күшпен сіңдіре алмайтын болса, бергі үш жылда жұрттың есі кіріп, осылай істеді.
Енді әрі қарай тыңдаңыз. Менің кәрзеңкеші жігітімнің кәсібі кедейлер қауымына жақсы үлгі болды. Жаңа жол поселкенің болашақта гүлденіп кетуінің алғашқы негізі болғанымен, осы екі бастаманы әрі қарай дамыта беру үшін, әлі де көкейтесті талай кәсіп түрлеріне қозғалыс беру керек еді. Талшілік шыбықтарын өсіруші мен кәрзеңке тоқушыны барынша қолдай отырып, жол құрылысын әрі қарай жүргізе отырып, мен өзімнің мақсатыма қарай ілгері жылжи бердім.
Менде екі ат бар, ағаш саудасымен айналысып жүрген көмекінімнің үш аты бар, соларды тағалату үшін Гренобльге бару керек; сондықтан мен мал дәрігерлігінен хабары бар бір ұстаны азғырып, бізге көшіп кел, жұмыс бастан асады деп сендірдім. Дәл сол күні әскер қызметінен босап, қиын жағдайда қалған бір солдатты кездестірдім, алатыны жүз ғана франк зейнетақы екен; әжептәуір сауаты бар, мэрияға әкеліп хатшы қылып қойдым, әйел тауып берудің де реті келіп қалды; сөйтіп, оның іздеп жүрген бақыты басына қонды да қойды. Міне, осы екі от басына, кәрзеңке тоқушы мен деревнядан көшіп келген жиырма екі шаруа қожалығына үй керек болды. Олардың үстіне тағы он екі отбасы қосылды: олар шеберлер, өндірісшілер мен тұтынушылар, тас қалаушылар, балташылар, төбе жабушылар, ағаш шеберлері, теміршілер, әйнекшілер еді; бәріне де көпке дейін жететін жұмыс бар, өйткені олар өзгелерге үй салып беріп, енді өздеріне мекен-жай салмақ. Оған қоса өздері ертіп келген жұмысшылар және бар. Мен қызметке кіріскеннің келесі жылында біздің қауымдағы үй саны жетпіске дейін көбейді.
Бір өндірісті құрсаң, ол екінші өндірісті талап етеді. Мен өлкемізді елді мекенге айналдырып, бұрын кедейлердің ойына кіріп те шықпаған қажеттікті тудырдым. Қажеттіктен өндіріс, өндірістен сауда туындады; саудадан халықтың әл-ауқаты артты, ал ауқатты тұрмыстан пайдалы ойлар туындады. Жұмыстағы шеберлерге дайын нан керек болды, сөйтіп, дүниеге наубайшы келді. Халықтың бойындағы жалқаулық сияқты кеселді сілкіп түсіріп едім, олар карекетшіл болып алды да, енді бір ғана зығырды керек етумен қанағаттанбайтын болды; мен келгенде, жұрт зығырдың нанымен ғана күнелтуші еді; мен оларды ең алдымен қара бидайға немесе аралас дақылға қара бидай мен ақ бидайдың қоспасына көшірмек болдым; содан күндердің бір күнінде ең кедей адамдардың да ақ борық бидай нанын жеп отырғанын көрдім.
Менің ойымша, адамның ақыл-ойының дамуы түгелдей салауатты өмір жағдайының жасалуына байланысты болмақ. Ауыл-аймақта қасапшы пайда болса, ол адамдардың ауқаты артып, ақыл-ойы кемелдене бастағанының жаршысы. Қолы қимылдағанның аузы қоса қимылдайды, аузы қимылдаса ақыл-ойының кіргені.
Күндердің күнінде бидай егу де бір тұрақты қажеттікке айналар-ау деген оймен мен осы жердің топырағын зерттегенмін. Сонда менің көзім жеткені селенді ауыл шаруашылығын өркендетудің сара жолына бір салып алсам, тұрғындар саны екі есе көбейеді де, жұмысқа өздері-ақ белсеніп кіріседі деген сенім еді. Міне сол кезең енді келді.
Біздің қауымдағы біраз жер Гренобльдегі Гравье мырзаның иелігінде болатын. Бірақ оған ешқандай пайда келтірмейтін. Сол жерлерге бидай егуге болатын. Ол кісінің префектурада бөлімше бастығы екенін сіз білесіз. Өзінін өлкесін жақсы көретін ол кісі, менің меселімді қайтармай, бұрын да талай айтқанымды істеп жүрген-ді; енді мен оған мына жердің пайдасы шаш-етектен келетінін дәлелдедім.Әр түрлі жиналыста, жұмыстың кіріс-шығысын есептеу сияқты әуре-сарсаңмен арада бірнеше күн өтті; мен солардың барлық шығының өз мойныма алдым; сондықтан Гравье мырза, тартпақтаған әйелінің қарсылығына қарамастан, біздің қауымнан әрқайсысы жүз арпандық төрт ферма салуға келісім берді; тың жерді жыртуға, тұқым, соқа-сайман, мал сатып алуға, жол салуға қажетті қаржыны да күні бұрын беріп қоймақ болды. Мен де екі ферма салмақ болдым; ондағы ойым бір есептен бос жатқан жерді өңдеттіру болса, екіншіден, қазіргі заманның ауыл шаруашылығын жүргізудің пайдалы әдістеріне халықтың көзін жеткізу болатын.
Бір жарым айдың ішінде біздегі халықтың саны үш жүз адамға артты. Алты фермаға бірнеше үйлі жан көшіп бармақ болды, көлемді тың жер телімдерін жырту, ол егістіктерді күтіп-баптау жұмыстары осының бәріне жұмысшы қолы керек еді. Ат-арбалы адамдар, жер қазушылар, көмекші шеберлер, күндік жалдамалылар жан-жақтан ағылып келе батсады. Гренобль жолының бойымен ерсілі-қарсылы көлік қаптап кетті. Бүкіл кантон қозғалысқа келді. Ағыл-тегіл боп төгіліп жатқан ақша жұрттың араның ашты; бұрынғы сал бөксе салғырттар қимылдап, бүкіл поселке ұйқыдан оянды.
Осы өңірдегі жарылқаушылардың бірі Гравье мырза жөніндегі әңгімені екі сөзбен аяқтайын. Провинцияның шенеунік адамына тән күдікшілдігі бола тұра, менің уәдеме нанып, ол қырық мың франкіні күні бұрын қолыма ұстата бергенде, ол ақшаның қайыр-қайтпасын білген жоқ еді. Қазір әрбір ферманың өзі оған жалақыдан ғана жүз мың франк әкеліп тұрады; фермерлердің жұмысты жақсылап жолға қойғаны сондай, олардың әрқайсысында кем дегенде жүз арпаннан жер, үш қой, жиырма шақты сиыр, жүз-жүзден өгіз, бес-бестен жылқы бар; әрбір ферма жиырма адамнан батырақ жалдайды. Әрі қарай төрт жылдың ішінде фермалар әзір болды. Егіндік жерлерімізден өте бітік өнім алынды тың жерден өзгеше болуы мүмкін де емес еді, жергілікті тұрғындар таң-тамаша қалды. Ал мен болсам, сол жылы қатты қауіптенгенмін.
Жаз жаңбырлы бола ма, әлде қуаңшылық бола ма, өз еңбегім еш болса ештеңе емес, ал ел сенімі ақталмаса қайтпекпін? Біз егін орағына кірісіп кеткенде, диірмен керек болып қалды. Көріп отырсыз, біз оны да тұрғызып алдық, бір соның өзі ғана маған жылына бес жүз франкідей пайда келтіріп тұр. Сондықтан шаруалар мені «беті он» кісі деп, маған әулиедей сенеді.
Жаңа құрылыстар, фермалар, диірмен, екпе ағаштар мен өсімдіктер, жолдар осының бәрі мен азғырып алып келген шеберлерге жұмыс тауып берді. Рас, алғашқы алпыс мың франкі ақшамыз әр түрлі құрылысқа жұмсалып еді, жұрттың тұтыну ақысынан ол қаржы артығымен қайтты. Мен құлағы көріне бастаған қолөнер кәсібі мен сауданы жандандыруға көп күш салғанмын. Мәселен, жас көшеттерді өсірудің шебері бағбанды біздің поселкеге көшіп кел деп көндірдім де, кедей шаруаларға жеміс ағаштарын отырғызудың пайдалы екенін түсіндірдім. Сөйтіп, күндердің күнінде Гренобльдегі бүкіл жеміс саудасын түгелдей өз қолымызға алдық. «Сендер ғой, деймін мен шаруаларға, қалаға ірімшік апарып сатасыңдар. Соған қосып аң, құс еті, көкөніс, шөп, сабан, тағы басқа өнімдерді неге апармайсыңдар!». Осы айтқаныма көнген адамдар көптеген қосымша табысқа қол жеткізді. Сөйтіп, бізде толып жатқан ұсақ кәсіпшілік шаруашылықтары пайда болды; алғашында олар баяулап дамып еді, ақырында күннен-күнге қарыштап өсіп кетті. Қазір қарап тұрсаң, дүйсенбі сайын селеннен Гренобльге қарай азық-түлік тиеген алпыс арба бірден аттанып жатады; ал үй құсына жемге деп егілетін зығырдың көлемі бұрынғы адамға арнап егілген егістіктен әлдеқайда көп.
Ағаш саудасы дами келе бірнеше салаға бөлініп кетті. Біздегі өнеркәсіпті дамыту заманының төртінші жылынан бастап, ағаш саудагерлері бізге: отындық, құрылыстық ағаштар деп, тақтай деп, ағаштың қабығы деп, көмір деп, жүйе-жүйесімен келетін болды. Жанадан төсеніш тақтайлар мен белдеулік ағаштар тілетін тағы төрт қондырғы салынды. Бұрынғы мэр ағаш саудасының кейбір машықтарын игергеннен кейін, мұның сауатына әбден жетілу қажеттігін ұғымды. Ол әр жерлердегі ағаш бағасының айырмашылығын зерттей келіп, соның өзіне пайдалы жағын аңғарды да, алушылар шеңберін кеңейте түсті; ал қазір бүкіл департамент көлеміндегі ағаш саудасының үштен бірі соның қолында.
Тасымал құралдарының көбейгендігі сондай, қазір біздің селенде арба жасайтын үш, әбзел жасайтын екі шебер бар, олардың әрқайсысында үш-үштен көмекші жұмыс істейді. Ақыр-аяғыңда, бізде аспап атаулының қажеттігі тіпті өсіп кетті де, тағы бір ұста көшіп келді; тұрмысы оның тамаша. Табысқа ұмтылыс күшейген сайын, тапқырлық та көбейе түседі екен. Біздегі өнеркәсіп адамдары енді бүкіл кантонға, сонсоң кантоннан департаментке ықпал жүргізе бастады; сол көлемдегі сауданың табысы да молайды. Мен жаңа базар жайынан ләм десем болды, ар жағын адамдардың тапқыр ақылы өзі-ақ алып кетеді.
Арада төрт жыл өтті, селеннін бейнесі мүлде өзгерді. Бұрын селоның көшесімен келе жатқанда, бір оғаш дыбыс естілмейтін, ал бесінші жылы бәрі де сілкініп, бәріне жан бітті. Шеберханаларда көңілді ән қалықтайды, дуылдасқан дауыстар естіледі, станоктардың бірде ақырын, бірде қатты дүрсілі менің құлағымды әлдилейді. Бейнесі жаңарған, жағалай ағаш отырғызылған көшелері тап-таза, үйлері сәнді поселкенің көшелерінде ерсілі-қарсылы сапырылысқан халық. Осындай жемісті өзгерістерді көрген тұрғындардың көңілдері тоқ, жайдары; пайдалы іске жұмылған адамдарға осының өзі-ақ ылғи да өмір сыйлап жатады.
— Осынау бес жыл, меніңше, біздің мекеннің ауқатты тұрмысының алғашқы кезеңі болды-ау деймін, — деді доктор аз үнсіздіктен кейін сөзін қайтадан бастап. — Осы жылдардың ішінде мен барлық тынды көтеріп шықтым, ақыл-ойға да, егіндік далаға да — бәріне жан бітті. Сол уақыттан бастап халықтың әл-ауқаты да, өндірістің өркендеуі де барған сайын арта берді. Екінші кезеңі әзірленіп жатты. Біздің кішкентай ғана әлеміміз киінгісі келді. Бізде айнатарақшы, сонсоң етікші, тігінші, қалпақшы пайда болды; акушерка келді; мен оның көмегіне өте зәру едім, өйткені жас тумаларды қабылдауға көп уақытым кететін. Соңғы жыртылған тың жерден өте бітік егін алынды. Біздегі ауыл шаруашылық өнімдерінің артықша сапалы болуына тыңайтқыштар мен көннің көп төгілуі сеп болды, ал көннің көп болғаны мал мен адам санының көбеюі арқасында еді.
Менің ісім бұдан былай мықтап өрге басуға мүмкіндік алды. Мен тұрғын үйлерді сауықтырдым, тұрғындарды бірте-бірте жақсы тамақтануға, тәуір киінуге үйреттім; өркениет нышандарының мал өсіру ісіне де әсер етуіне көп құш жұмсадым. Малдың тұқымы мен сапасы, демек, мал өнімінің сапасы оның күтіміне байланысты ғой; мен мал қораларының таза болуына зер салдым. Малдың бағымы неғұрлым жақсы болса, одан түсетін пайда да мол болатынына мен неше түрлі салыстырулар арқылы шаруалардың көзін жеткізе бастадым; сондықтан қауымдағы малдар ауырмайтын болды.
Сиырлар мен бұқалардың қорасы енді Швейцария мен Овернядағыдан бірде кем болмайтын дәрежеге жетті. Қой қоралары мен ат қоралар дәл Гравье мырза мен екеуміздікіндей кең, еңселі, таза ауа келіп тұратындай шаруашылық құрылыстары дәрежесінде қайта жабдықталды.
Жалға алушылар менің идеяларымның ең бірінші уағызшылары болды, олар күмәнданушыларды бірден дұрыс жолға салып, менің айтқан ақылдарымның қандайлық пайдалы, жемісті екенін көзбе-көз дәлелдеп отырды. Тұрмысы төмендерге қаражат бөліп тұрдым, әсіресе мұқтаж қолөнершілерді қамқорлыққа алдым: олар жұртқа жақсы өнеге көрсетіп еді. Менің ақылыммен кінәраты бар, арық тұрақ, тіпті орта қол малдары бар адамдар оларын сатып жіберіп, асыл тұқымдыларға айырбастады. Соның нәтижесінде біраз уақыттан кейін біздің өнімдер басқа қауымдардікінен басым түсе бастады. Бізде қалыптасқан тамаша табындардағы мал терілері де жақсы болды. Осының барлығы да өте маңызды еді. Өйткені былай: ауыл шаруашылығында тіпті болмашы нәрсенің өзі мәнді болып шығады. Бұрын бізден барған ағаш қабықтары арзанға сатылатын, ал кейін сол қабықтардың да, мал терілерінің де сапасы арттырылып, енді өзен жағасынан тері өңдейтін зауыт салдық та, соған жан-жақтан тері илеушілер ағылып келе бастады, кәсіпшілігіміз өрге басты. Осындай істердің нәтижесінде бұрын мекендегі жұрт шарап дегеннің не екенін білмей, қойыртпақ бірдеңені ішіп жүрсе, енді тәуір шарап қажеттікке айналды; қабақтар пайда болды; бара-бара алғашқы қабақ кеңейтіліп, бекетші аулаға айналды; сол жерден жолаушылар көлік жалдап, біздің жолмен Гранд-Шартрезге қарай ағылатын болды. Міне, қазір екі жыл болды, біздегі сауданың күшейіп кеткендігі сондай, енді екі бекетші ауланың өзі де пайда келтіретін болды.
Біздің гүлденуіміздің екінші кезеңінде аралық судья қайтыс болған. Біз үшін үлкен олжа болғаны сол, Гренобльдің бұрынғы нотариусы бір істе сәтсіздікке ұшырап, шығынданып қалған екен, бірақ дегенмен әлі де азды-көпті қаражаты болса керек: деревняда бай деп айтуға әбден сыярлықтай; Гравье мырза соны азғырып, біздің мекенге көшіп келуге көндіріпті; сол келіп, бір жақсы үй сатып алды да, дәл менің жолыммен кетті: ферма салып алды, қурай өсіп кеткен тың жерді жыртты; қазір тауда үш бірдей шағын саяжайы бар. Отбасы жан-жақты адамдар. Өзі бұрынғы хатшы мен сот орындаушысын өзгертіп, орындарына сауаты молырақ, ең бастысы, іскер адамдарды алды.
Сол жаңа келген адамдар картоптан спирт ағызатын шарап зауытын салды; жүн жуатын кәсіпорын ашты; өте табысты осы екі кәсіпорынға жаңағы екі отбасының қожайындары басшылық етеді, өздерінің қызмет бабындағы жұмыстарын да жүргізеді.
Мен қауымға қаржы түсетін жақтарын қарастырдым, оныма ешкім кедергі жасаған жоқ; тіпті мэрия ұйымдастырған кезде де солай болды, мен онда тегін мектеп ашып, мұғалімін соның ішінде тұратын еттім. Аса маңызды бұл жұмысқа бір кедей священникті таңдап алдым: ол бір кезде революция ісіне ант беріп, сол үшін бүкіл департаментте жек көрінішті болып жүр екен; сол кісі қартайған шағында бізден келіп баспана тапты. Мұғаліміміз — дәулеті қайтқан бір салиқалы әйел, басын қайда сұғарын білмей жүргенде, біз оның әжептәуір ауқат жинап алуына көмектестік; таяуда ол кісі айналадағы бай фермерлердің қыздарына арнап пансион ашты.
Егер, тақсыр, бұған дейін мен жердің осынау пұшпағының тарихындағы өзімнің атқарған рөлім жайында айтуға хақылы болсам, енді мынаны айтуға тиістімін: осы қауымды өркендету ісінің тең жартысы осы селендік махалланың аймағындағы шынайы Фенолен саналатын жана кюре Жанвье мырзаныңқолымен істелді; осы жердегі адамдардың мінез-құлқын жұмсартып, барлық халықты бір үйлі жандай біріктіріп, бауырластық рухын енгізген сол. Аралық сот Дюфо мырза да, кейінірек келгенімен, тұрғындардың алғысына лайықты. Қысқасы, менің өзеуреп айтқан барлық сөздерімнен әлдеқайда дәлелді цифрларға жүгініп айтар болсам, қазір біздің қауымда екі жүз арпан орман, жүз алпыс арпан көкорай бар. Ол кюренің қосымша жалақысына жүз экю, село күзетушісіне — жүз франк, мектеп мұғалімі мен мұғалимасына соншалықты сомада ақша төлейді; бес жүз франк жолды жөндеуге, соншалықты сома мэрияны, шіркеу үйін ұстауға, шіркеудің өз қажетіне және басқа шығындарға жұмсалады; сонымен қатар тұрғындардан қосымша салық алынбайды. Енді он бес жылдан кейін қауымда кесілетін мың франкілік ағаш болады және де, салықтың барлық сомасын төлеп қойғанның өзінде, тұрғандардан бір денье де алмауға мүмкіндік туады; сөйтіп бұл Франциядағы ең бай қауымдардың біріне айналады.
— Тақсыр-ау, мен мына сөздеріммен сізді ығыр қылғаным жоқ па? — деп сұрады бір кезде Бенаси, Женестаның өңіндегі үнсіз ойшылдық ізін осындай бейжайдықтың белгісіне жорып.
— Жоқ, ол не дегеніңіз! — деді офицер.
— Біздің саудамыздың, өнеркәсібіміздің, ауыл шаруашылығымыз бен тұтынуымыздың, тақсыр, әзірге тұтынушылық қана маңызы бар еді, — деді доктор әңгімесін әрі қарай жалғастырып. — Бұлқалыппен белгілі бір кезеңде ол тоқырап қалуы ықтимал еді. Рас, мен пошта аштым, темекі, оқ дәрі, карта саудасын ұйымдастырдым; бұл жердің, мұндағы тұрмыстың жана қауым жағдайындағы артықшылықтарын айтып, салық жинаушыны осылай қарай бейімдедім, ол бұрынғы тұрағын тастап, осылай қарай ауысты; өзім қажет деп есептеген заттарды дер кезінде осында өндіретін еттім, ішінде қол өнершілері бар жаңа тұрғындарды осылай қарай тарттық, олардың мал-мүлік алуына көмектестік; жұртта басы артық ақша пайда бола бастаса-ақ тың жерлерді жыртқызамыз, сөйтіп тау бөктерлерін түгелдей егістікке айналдырдық, бір пұшпақ қалдырмай өңдейтін болдық.
Алғашқы келген кездерімде кедейлер жағы Гренобльге жаяу қатынайтын, апаратын ірімшіктерін жаяу жеткізетін; енді жемісі бар ма, жұмыртқасы, құстары, тауықтары бар ма бәрін көлікпен тасиды.Сөйте-сөйте табыс көбейе берді. Ең кедейлерінің өзінде бау-бақшасы бар, ерте пісетін жемістері мен көкөністері бар. Ауқаттылықтың тағы бір белгісі енді ешкім үйде нан пісірмейтін болды: уақыт кетеді дейді; малды да селеннің бала-шағасы бағады.
Алайда, тақсыр, өнеркәсіп ошағын үрлеп, оған ұдайы тамызық тастап отыру керек болды. Селендегі өндіріс әлі көркейіп кете алған жоқ, тауар саудасын қыздырып, жан-жақтан ірі-ірі мәмлелер жасалып жатқан жоқ; қоймалар толып, қайнап жатқан базары да жоқ. Елдің қолындағы күні ертең капитал болатын басы артық ақшаны сақтап отыру әлі аз; өндіріс пен тұтыныстың өзара қимылы арқылы сол қорланған ақшаны неғұрлым көп адамдардың қолынан өткізіп отырғанмен, халықтың әл-ауқаты одан көбейе бермейді. Мәселе онда емес. Егер келіп жатқан табыс мол болса, ал өндіріс пен тұтыныстың ара салмағы тең болса, онда жанадан жекеше капитал пайда болып, қоғамдық байлықтың молаюы үшін, екі жаққа бірдей капитал тасымалы болуы керек, сөйтіп, елдің сауда балансында тұрақты актив болуы керек.
Жеткілікті мөлшерде жер қоры жоқ елдерді, мәселен, Тир, Карфаген, Венеция, Голландия және Англия сияқты мемлекеттерді осы ой әрдайым сыртқы елдерден нарық кеңістігін игеруге итермелеп отырған. Мен сауданың үшінші сатысына негіз салу үшін өзіміздің шағын әлемімізді де осындай ойға ойыстыруға тырыстым.
Біздің игілігіміз көлденең жолаушының көзіне онша шалына бермейтін, өйткені біздің кантонның орталығында өзге сондайлардан көп айырма жоқ сияқты, ол тек мені ғана қайран ететін. Халық болса, біртіндеп өсті, өлкенің, дамуына өзі қатынасып жүргендіктен, ол жайында жалпылама пікір қорытудан аулақ еді.
Арада жеті жыл өткенде мен жат жұрттық екі адамды кездестірдім, екеуі де біздің селенді нағыз қалаға айналдырып жіберетін адамдардай болып көрінді. Біреуі тирольдық жігіт, он қолынан өнер тамып тұр, шаруаларға арнап башмақ тігеді екен; Гренобльдің серілеріне жарайтын мұндай аяқ киімді Париждің бірде-бір етікшісі тіге алмас. Осындай сәнді бұйымды да, ол үшін қажетті аспаптарды да өзі жасайтын, өзі ел ақтап жүрген осығұрлы ісмер де еңбекқор неміс Италиядан қайтып келе жатқан жолында біздің селенге тоқтай қалған екен; алдында кәсібі, аузында өні, сол елді ерсілі-қарсылы түгел шарлап шығыпты.
Сол жігіт бізге келіп, аяқ киім керек пе деп сұрастырған екен, жұрт оны маған жіберіпті; мен оған екі пар аяқ киім тапсырдым, оған керекті қалыбын өзі жасады. Мен жат жұрттық жігіттің бұл ісіне таң-тамаша қалдым; мән-жайын сұрастыра бастап едім, жігіттің тақ-тақ еткізіп қайтарған қысқа жауаптары да, өзінің бойбасы да маған ұнады; бір көргенде-ақ жарқ еткен болмысы алдаған жоқ; мен осы селенде қал дедім, жұмысыңа барынша көмектесемін деп уәде бердім, айтқандай-ақ, тирольдік серінің қарауына әжептәуір көлемде қаржы бөлдім.
Ол келісті. Менің де өз ойым болды. Бізде тері илеудің сапасы жақсарған, арада біраз уақыт өткеннен кейін өзіміздің кантонда-ақ арзан бағамен аяқ киім шығара беруге болатын еді. Ал мен кәрзеңке өндірісін кеңейтпек ойда жүргенмін. Қолынан іс келетін бір пысық адамды маған құдай айдап әкелген екен, мен соның көмегімен селенде әрі пайдалы, әрі тұрақты сауда ісін ұйымдастырмақ болдым. Аяқ киімге зәрулік ешқашан жойылмайды ғой, ал оның сапасы жақсара түссе, тұтынушы оны байқамай қоймайды.
Құдай оңдағанда, тақсыр, мен қателеспеген екенмін. Қазір бізде бес тері зауыты бар, соларға өңдейтін тері қазір бүкіл департаменттен түсіп жатады; біздің өнеркәсіпшілер тері іздеп, тіпті сонау Провансқа дейін барады; әр зауытта тері илеуге қажетті заттар шығарылады. Сонда деңіз, тақсыр, ишілер тирольдік жігітке былғары жеткізіп үлгере алмай жатады; оның қарауында қырыққа таяу етікші шебер жұмыс істейді!
Екінші келген жігіт жай ғана қара шаруа, оның қызықтары анадан еш осал емес, бірақ оны тыңдап жатпай-ақ қойыңыз; сол жігіт осы жердегі жалпақ жиекті қалпақ жасаудың оңай әдісін ойлап тапты; қазір ол сондай қалпақтарды сонау Швейцария мен Савойяға дейін шығарып сатады.
Егер тауардың жоғары сапасын бұдан былай да сақтап, бағасын арзан күйінде ұстай алсақ, осы екі өндірістің өзі-ақ өркендеудің сарқылмас көзі бола алады екен, солар маған бір ой салды: жылына үш рет осында жәрмеңке өткізіп тұрайық деген. Біздің кантондағы өнеркәсіптің өрге басуына қайран қалған префект осы жөнінде корольдің бұйрығын шығартуға көмектесті. Өткен жылы сондай үш жәрмеңке өткізіп едік, солардың атағы Савойяға дейін жеткен олар мұны етік пен қалпақтың жәрмеңкесі деп атап кетіпті.
Біздің өлкедегі болып жатқан жаңалықтардан хабардар Гренобльдегі бір нотариустың аға қызметкері, өзі кедей болса да білімді, еңбекқор жігіт екен, Гравье бикеш деген атпен нотариалдық кенсе ашсам деген өтінішпен Парижге барады да, сол өтініші қабыл алынады. Енді оған кеңсенің патентін сатып алу қажет болмай қалды. Жана поселкедегі аланда, аралық соттың дәл қарсысынан үй салып алуға мүмкіндік туғызылды. Бұдан былай бізде апта сайын базар болады, онда мал мен астық жөнінен ірі-ірі мәмлелер жасалып тұрмақ. Келесі жылы, сөз жоқ, дәріхана ашылады, одан кейін сағат жөндейтін шеберхана, жиһаз, кітап дүкендері сонсоң сәнді бұйымдар орталығы ашылатын болады. Сөйтіп, біз нағыз қала үлгісімен өмір сүреміз, нағыз қалаға лайықты үйлер пайда болады. Біздегі оқу-ағарту ілгері қадам басып кеткендігі сондай, мен қауымдық кеңестің алдына шіркеуді жаңғыртып, сыртын әдемілеу, соның жаңадан шіркеу үйін салу, сондай-ақ қаланың орталығынан кең көлемді жәрмеңке алаңын жабдықтап, айналасына ағаш егу, тұрғын үйлердің қатарын бұзбау үшін көшелердің аумағын межелеу жөнінде ұсыныстар енгізгенімде, ешкім қарсылық білдірген жоқ, сөйтіп, жаңадан салынған үйлер көшелердің қатарын бұзбай, көше бойлары түзу, кең, жарық болуына жұрттың бәрі де келісті.
Мінеки, тақсыр, осындай жұмыстардың нәтижесінде бізде бір кездегі жүз отыз жеті үйдің орныңа мың тоғыз жүз үй пайда болды;ірі қара мал саны сегіз жүзден үш мыңға дейін, адам саны жеті жүзден екі мыңға дейін өсті, ал аңғар бойындағы тұрғындарды есептегенде тіпті үш мыңға барып қалады. Қауымда он екі бай, жүзге тарта дәулетті, екі жүздей ауқатты отбасы бар. Қалғандары еңбек етеді. Бәрі де сауатты. Айтқандай, бізде әр түрлі газеттер жаздырып алатын он жеті адам бар. Біздің кантонды араласаңыз, әлі де талай кедей адамды кездестіресіз; менің ойымша, олар тіпті көп-ақ, бірақ ешкім қайыр сұрамайды бәріне де жұмыс болады. Қазір мен науқастарды аралап жүріп, күніне екі атты зорықтыра жаздаймын. Кез келген сәтте айналасы бес лье жер жүремін маған төнетін ешқандай қауіп жоқ: мені атқысы келетін адам болса, оны басқалар табанда сеспей қатырады. Жұрттың іштей жақсы көріп берілгендігі осы өңірдегі өзгерістерден менің өз басыма тапқан олжам сол болар; ал оның ар жағында, қастарынан өтіп бара жатқан кезімде, баршаларының даурыға айқайласып: «Сәламатсыз ба, Бенаси мырза!» деп жылы жүзбен амандасып жататыны өз алдына. Ал анау үлгілі фермаларымнан өздігінен келіп түсіп жататын байлық мен үшін мұрат емес, қажетіне жұмсалатын мұқтаждық екенін сіз өзіңіз де түсінерсіз.
— Егер, бар ғой, тақсыр, барлық жерде жұрт сізден үлгі алатын болса. Франция ұлы елге айналып кетер еді де, Еуропаны керек қылмас еді-ау, шіркін! деді Женеста мәз-мейрам болып.
— Ойбай-ау, жарты сағат бойы мен сізді неге бұл жерде қаңтарып отырмын, — деді сол кезде Бенаси, тіпті қас қарайып қалыпта ғой; жүріңіз дастарқанға.
Доктор үйінің әр қабатынан бақ жаққа қарай бес терезе шығады екен. Үй екі қабат, төбесін қыш текшелермен жапқан, мансардасы өз алдына. Жасылға боялған терезе қақпақтары үйдің сыртқы қоңырқай қабырғаларынан ерекше жарқырап көрінеді; ал үй қабаттарының ара жіктерінде бұрыштан бұрышқа дейін тартылатын әдепкі әшекей әдіптердің орныңа жүзім қозаларының сабақтары өсіп тұр. Төменгі іргелерде екпе бенгал раушанының солған түбіртіктері көрінеді; үй төбесінен су ағар құбырлар тартылған екен, шамасы, жаңағы солған гүлдерді суаратын жаңбырдың тамшысы ғана болса керек.
Үйге үлкен есіктен кіргенде, дәліз ретіндегі басқыш алаңының оң жағында төрт терезелі қонақ үй бар екен; терезелерінің бәрі де аула мен баққа қарайды, үйдің марқұм болып кеткен бұрынғы қожасы, сірә, мына қонақ бөлмеге біраз қаржысын сарп еткен болар, едені паркет, қабырғаларына тақтай панел қағылыпты да, жоғарғы жақтарына бұдан екі ғасыр бұрынғы тоқыма перделер ұсталыпты. Былқылдақ үлкен креслолар қытайдың түрлі-түсті жібегімен қапталған; каминнің үстінде ескілікті алтын шырағдан тұғырлары жылтырайды; терезе перделерінің шашақтарына дейін төгіліп тұр, осының бәрі священниктің сән-салтанатты тұрмысын айғақтайды. Осындай ерекшелігі бар үй жиһазына Бенасидің қосқан жаңалығы терезе аралықтарында қабырғаларға тақап екі жерден оюмен өрнектелген екі ағаш баған орнатыпты және каминнің үстіне тасбақаның сауытына қондырған сағат орнатыпты да, сыртын мыс сымдармен өрнектеп қойыпты.
Доктор бұл бөлмеге сирек кіретін болса керек, ауасы тым тымырсық көрінеді. Темекінің тұнып қалған ащы иісі сезіледі кюре жарықтықтан қалған жалғыз белгі сол ма дерсің және темекінің күлімсі иісі камин жақтағы бұрыштан келетін сияқты; шамасы, кюре сол бұрышта тапжылмай көп отыратын болған-ау. Үстіне көпшік төселген екі үлкен кресло біріне-бірін қарсы қаратып, каминнің қасына қойылыпты. Гравье кеткелі каминге от жағылмаған екен, қазір ұсақталған шырша отыны шырт-шырт етіп лаулап тұр.
— Кешкісін әлі салқын ғой, — деді Бенаси, — пештің алдында бой жылытып отырғанға не жетсін.
Женеста ойланып отыр: мына доктор тұрмыстың ұсақ-түйек карекеттеріне неге соншалықты самарқау қарайтынының себебін түсіне алмай аң-таң.
— Тақсыр, — деді, ол бір кезде, — сіздің кеудеңіздегі нағыз азаматқа біткен жан екен; бірақ сөйте тұрып, соншама зор жұмыстар тындырғанда, осыған үкіметтің де көзін ашуға тырыспағаныңыз таңданарлық іс.
Бенаси ақырын ғана мырс етіп күлді.
— Францияны өркениетке тартудың әдістері туралы неге баянхат жазбадыңыз дейсіз ғой, солай ма? Маған Гравье мырза да айтқан осыны. Өкінішке қарай, үкіметтің көзін аша алмайсың мұндай іске; әсіресе өзін ағарту ісімен шұғылданып жүрмін деп ойлайтын үкіметтің көзін ашу деген тіпті болмайтын шаруа. Біздің бұл жерде тындырған істерімізді, әлбетте, барлық мэрлер — өздерінің кантондары үшін, барлық қалалық магистраттар -өздерінің қалалары үшін, префект — өзінін департаменті үшін, министр — Франция үшін, әркім өзінің қызмет аясында, баяғыда-ақ істеулері керек еді.
Мен ұзындығы екі лье жерге жол салайық деп жұртты көндірдім; басқалар даңғыл тарттырып, қанал қаздырта алар еді ғой; мен шаруаларға арнап қалпақ тігетін өндірісті көтермелеп отырмын, ал министр болса, Францияны шетел өнеркәсібінің басқыншылығынан құтқара алар еді ғой: ол үшін, айталық, сағат өндірісін көтермелесе, өзімізде өндірілетін шойынның, болаттың, домна пештерінің сапасын жақсартуға, сондай-ақ жібек құртын өсіруге, көкнәр егуге көмектессе жетіп жатыр. Сауда ісінде көтермелеу дегеннің мәні қамқорсу деген сөз емес әлі. Бұл жерде дұрыс саясат елдің шет державаларға тәуелді болмауы деген мақсатқа бағытталуы керек, бірақ кеден кедергісі дейтін масқара мен әр түрлі тыйым салу жүйелеріне жол берілмесін. Өнеркәсіпті тек сол өнеркәсіптің өз көмегімен ғана құтқаруға болады: бәсекелестік оның тіршілік көзі. Қамқорсу шаралары оны марғаусытады; монополия мен тосқауыл тарифтер ол үшін өлім. Саудаға еркіндік жариялаған ел өзге елдердің барлығын өзіне берермен етеді, өзінің бойынан соншалықты өнеркәсіптік қуаты сезініп, товарлардың бағасын бәсекелестеріңе қарағанда төменірек деңгейде ұстай алатын болады. Франция мұндай мақсатқа Англиядан әлдеқайда оңай жетер еді, өйткені біздің елдің аумағы одан көп үлкен, сондықтан ол ауылшаруашылық өнімдерінің құның өнеркәсіпте төленетін жалақының төмендеуіне сәйкес келетін деңгейде ұстап тұра алар еді; француз үкіметі міне осыған ұмтылуы керек, мәселенің зәрулігі осында жатыр.
Иә, қайырымды тақсыр, мұндай мәселені зерттеу менің өмірімнің мақсаты болған емес; мен өзімді кешеуілдеп бағыштаған іс менің алдымнан кездейсоқ келіп килікті. Осының барлығы жай ғана нәрселер, одан ғылым жасай алмайсын, онда кісіні таң-тамаша қыларлықтай ештеңе, ешқандай теориялық тереңдік жоқ; бар пәлесі жай ғана пайдалы нәрсе. Және әп-сәтте біте де қоятын іс емес; бұл салада жетістікке жетемін десең, күн сайын ертеңгісін өз бойыңнан өзгеде жоқ төзімділік тап, былай қарағанда, сенен шығатын ешқандай шығын жоқ, бірақ бір сабақты дамылсыз қайталай беретін ұстаздың төзімділігі керек; ол марапаты жоқ төзімділік.
Біз мына сіз секілді ұрыс даласында қан төккен адамға құрметпен қараймыз, ал жас шамасы бірдей балаларға бір сөзді дүркін-дүркін қайталаумен өзінің күш-қуатын күннен күнге құрта беретін адамды жек көреміз. Айқай-шусыз жақсылық істеуге ешкім де құштар емес. Шынтуайттап келгенде, ежелгі заманның ұлы адамдарын қол бастамай-ақ, ен соңғы қатарға тұрып та, елге қызмет ету үшін жігерлендірген азаматтық ар-намыс бізде жоқ. Біздің заманның дерті өзім білемдік. Михрабтан әулие көп. Оның себебі мынау. Монархиямен бірге біз ар-ұяттан, ата-баба дінімен бірге христиан ізгілігінен, мемлекетті басқарудың нәтижесіз тәжірибелерінен кейін отаншылдықтан айырылдық. Бұл тұрғылар ішінара күні бүгін де бар, өйткені идеялар өлмейді, бірақ бұл күндері олар адамды жігерлендірмейді. Біздің заманымызда қоғамды қолдау үшін бір ғана тірек бар, ол өзімшілдік. Әркім тек өзіне ғана сенеді.
Болашақ қоғамға қызмет ететін адам; біз одан жоғары еш нәрсені көрмейміз. Бізді өзіміз құлдырап құлап бара жатқан шыңыраудан құтқаратын ұлы адам ұлтты жаңғырту үшін, сөз жоқ, тіпті дарашылдықты да пайдаланады; бірақ сол жаңғыруға дейін біз материалдық мүдделер мен ішкі есеп ғасырында өмір сүреміз. Осы сөздер әркімнің-ақ аузында. Бізді өзіміздің қадір-қасиетімізге қарап бағаламайды, жағдайымызға қарап бағалайды. Халықтан шыққан қайраткер адам елеусіз қалады. Осы көзқарас үкіметтің өзіне сіңіп кетті. Өзінің өмірін тәуекелге тігіп барып, талай адамдардың өмірін құтқарған теңізші жауынгерге министр көк тиындық медаль жібереді, ал өзінің дауысын сатқан депутатты министр мырза Құрметті легион орденімен марапаттайды. Мұндай тәртіп үстемдік еткен ел қаран қалады. Жекелеген адамдар сияқты, ұлттар да күш-қуатты биік сезімдерден ғана алады. Халықтың сезімдері деген бұл оның ұжданы. Ал бізде ұжданның орныңа жүретін нәрсе пайдакүнемдік. Әр адам тек өз қара басын ойлайды, шынайы азаматтық ерлікті кездестіресің бе, жоқ па? ол жөнінде тек өзіне ғана сенеді. Ал шындығында мұндай ізгіліктің ең бірінші шарты өзіңнен өзің бас тартып шығуың ғой.
Азаматтық ерлік пен әскери ерліктің түпкі негізі бір бастауда жатыр. Сіз өз өміріңізді бірден беруге тиістісіз, ал біздікі бір-бір тамшылап барып құриды. Мұндағы да, ондағы да бір ғана күрес, бірақ айқастың түрі бөлек. Игі ниеттеріңнің болуы жеткіліксіз; жердің не бір елеусіз қалған түкпіріне өркениетті енгізу үшін білімді болу керек; ал бірақ мықты ерік-жігерің болмаса, тіпті білімің де, адалдығың мен отанға деген сүйіспеншілігің де саған көмектесе алмайды; сондықтан сен өзіңді қоғамға пайда келтіретін міндеттерге бағыштаған кезде өзімшілдік мүдделерден бас тарту үшін жаңағыдай берік ерік-жігермен қарулануың керек. Әрине, Францияда әрбір қауымға шаққанда келетін білімді адам жалғыз-жарым емес, отаншыл адам да бірен-саран емес, бірақ менің кәміл сенімім бойынша, өзінің бойында әлгі айтылған бағалы қасиеттерді темір шыңдайтын ұстаның қайсарлығымен, соның табандылығымен ұштастырған адамды кез келген кантоннан таба бермейсің. Қиратқыш адам мен жасампаз адам ерік-жігердің екі жақ басы осылар: бірі істі әзірлейді де, екіншісі тәмамдайды; біріншісі жауыздықтың пірі болып көрінсе, екіншісі жақсылықтың піріңдей болып көрінеді, біреуіне бұйыратыны алғыс, екіншісіне бұйыратыны қарғыс. Зұлымдықтың даусы жер жарады да, пасықтарды оятады, соларды масайратады; ал ізгілік көпке дейін үн шығармайды. Адамзат атаққұмарлығының таңдап алған рөлі өте ұтымды. Сондықтан әркім өз басының пайдасын кездейтін құпия ойдан ада күйде атқарылған дүниелік іс, француздардың салт-дәстүрін білім келіп өзгерткенше, бізде кездейсоқ құбылыс күйінде қала берді. Ал енді салт-дәстүріміз өзгеріп, біздің барлығымыз да нағыз азамат болған кезде, күнделікті өмірдің барлық игілігіне қарамастан, біздің баршамыз жер шарындағы ең зеріккен, ең маубас, ең қабілетсіз, ең бақытсыз халық боп шыға келмейміз бе? Мұншалықты маңызды мәселелерді шешу менің қолыммен келмейді, себебі мен мемлекет басында тұрған адам емеспін. Өзгенің бәрін былай қойғанда, үкімет мына себептерден дұрыс көзқараста бола алмайды: өркениет ісінде, тақсыр, бәрі де шартты түрде ғана. Бір елге жарамды болған идеялар екінші бір елге пәле болып жабысады, ақыл-ойдың алалығы да жердің шолалығынан кем емес. Бізде сәтсіз билікшілердің соншалықты көп болатын себебі мынадан: басқарушылық қабілет дегеніміз мейлінше асқақ, мейлінше таза сезімнен туатын бейімділік. Бұл реттегі кемеңгерлік таным-білімнен тумайды, жан жүйенің бітімінен туады. Билікшінің іс-әрекетіне де, ақыл-ойына да ешкім баға бере алмайды, шынайы қазылар одан аулақта, ал оның іс-әрекетінің жемісі тіпті одан да аулағырақта жатады. Сондықтан кім-кім де еш нәрседен қауіптенбей-ақөзін билікшімін деп жария ете алады. Біз, француздар, адамның ақыл-ойына оп-оңай алданып қаламыз, идеяға бай адамдарды әспеттеп шыға келеміз; ал бірақ ерік-жігер қажеттірек жерде идеялардың мәні төөмен болады. Ақыр-аяғында, ел басқару деген сөздің мәні жұртқа азды-көпті дұрысұғымдар мен іс-қимыл әдістерін тықпалауда емес, сол жақсы-жаман ұғымдарды көпшіліктің игілігі үшін дұрыс жаққа қарай бағыттай білуде. Егер мешеулік пен кертартпалық елді жаман жолға бастайтын болса, өз қателерінен халықтың өзі-ақ безіп шығады. Ауыл шаруашылығындағы, саяси немесе отбасылық өмірдегі қателіктің қандайы болса да шығынға апарып соғады, сондықтан әркім оны сайып келгенде өз басының пайдасы үшін түзетеді.
Құдай дес бергенде, мен бұл жерден шын мәнінде тың істерді таптым. Менің айтқан ақылыммен жұрт егістік жерлерді жақсылап өңдеді; сонсоң ауыл шаруашылығында бойға сіңген зиянды әдеттер жоқ қой, жердің өзі де өте құнарлы; сондықтан мен ешбір қиындықсыз-ақ бес танапты шаруашылық әдісін енгіздім, шабындықтарды қолдан суардық, картоп егетін болдық. Ауыл шаруашылығында менің енгізген жүйем ешкімнің сана-сезіміне тиген жоқ. Керек десеңіз, біз Францияның кейбір өңірлеріндегідей кәдімгі қарапайым соқаны да пайдаланғанымыз жоқ; жыртынды жұмыстар «аша көп болмаған соң, кетпеннің өзімен-ақ істі тындырып жүрдік. Мен енгізген дөңгелекті түренді тегершік жасайтын шебер мақтауға айналды; өйткені ол өзінің жасаған бұйымын өткізуге ынтызар; сондықтан ол өздігінен менің көмекшім болып шықты. Өзге істердегі сияқты, мұнда да мен әркімнің мүдделерін ұштастырып, үйлестіріп отыруға тырыстым. Сонсоң, бұл жердегі кедейлерге тікелей пайда келтіретін өнімдерді өндіруден олардың әл-ауқатың арттыратын өнімдерді өндіруге көштім. Бұл араға сырттан еш нәрсе әкелгенім жоқ, тек қана тұрғындарды байытуға ықпал ететін өнімдерді сыртқа шығаруға көмектестім, соның бұларға тиімді екенін көзбен көретіндей еттім. Олар өз еңбектерінің нәтижесі арқылы менің идеяларымның жаршысы болғаның өздері де байқамай қалды. Тағы бір жағдай. Гренобль бізден бес льедей ғана жерде; ал үлкен қаланың маңындағы адамдар өз бұйымдарын оп-оңай өткізеді. Қауымдардың барлығы бірдей ірі қалалармен іргелес емес қой. Әрбір істің ретінде өлкенің дем-тынысын, оның орналасқан жерін, мүмкіндіктерін еске алып отыру керек, жер шұрайын, адамдарының ерекшелігін, олардың өмір салтын зерттеген мақұл; Нормандияда жүзімдік өсіру деген сияқты ерсілікке бармау керек. Сондықтан да басқару ұстанымдары өзге жайттардан гөрі өзгергіш келеді, Бұл жерде жалпыға бірдей ортақ ереже жоқ. Заң атаулының үлгісі бар, ал салт-дәстүр, жер жайы, ақыл-ой дегендер олай емес; ал елді басқару деген заңдарды адам мүддесіне нұқсан келтірмей, жергілікті жағдайды ескере отырып қолдана білу өнері деген сөз. Таудың арғы жақ баурайында біздің тастап кеткен деревнямыз бар; оның жерін дөңгелекті соқамен өңдеуге болмайды; топырақ қабаты онша қалын емес; егер қауымның мэрі жер өңдеудің біздегі әдісіне еліктеген болса, қарамағындағы адамдарын күйзеліске ұшырататын еді; мен оған жүзімдік өсіріңдер деп ақыл бергенмін, сонсоң былтыр ондағы тұрғындар жүзімнен мол өнім алып, енді бізден астықты шарапқа айырбастап алатын болды. Ең бастысы, менің ақыл айтқан адамдарым маған сенетін болды, біз үнемі байланыс жасап тұрдық. Мен шаруаларды аурудан айықтырдым, өйткені олар ем-домға өте бейім келеді; расында да барлық гәп науқастарды жұғымды тамақпен қоректендіріп, әлдендіруде ғой. Әлде үнемшілдіктен бе, немесе кедейліктен бе, әйтеуір шаруалардың тамақ ішуі өте мардымсыз келеді де, аурудың көбі аш-арық тықтан болады; әйтпесе жалпы шаруалардың денсаулығы жаман емес қой.
Мен өзім әу баста, бір беймағлұм жанкештілік өмір бастауға біржола бекінген кезде, кім болсам екен деп көп толғандым: кюре болайын ба, әлде селендік дәрігер немесе аралық судья болған дұрыс па деп. Осы үш адамды священникті, заңгер мен емшіні халықтың кемеңгер ойы ылғи да қара жамылғымен қосақтап жүретіні тегін емес қой, тақсыр; олардың біреуі адамның жан жарасын емдесе, екіншісі қалта қайғысынан, үшіншісі тән ақауынан арылтады; сөйтіп, олар қоғамның негізгі үш тірегін бейнелейді: ар-ұятын, дүние-мүлкін және денсаулығын. Бір кезде осының алғашқысы, сонсоң екіншісі бүкіл мемлекет билігін қолдарында ұстады. Жер бетіндегі бізден бұрынғылар адамның ақыл-ойын билеген священниктерді бірден-бір билік иесі болуға тиіс деп ойлады, бәлкім, сол ойлары дұрыс та болған шығар: священник ол кезде король де болды, әулие де болды, қазы да болды; және ол кезде дүниенің тұтқасы адамның ұжданы мен ар-ұяты болушы еді. Қазір бәрі өзгерді, ал біз сол заманның барын барша, сол күйінде қабылдауға тиіспіз. Сіз өзіңіз білесіз, ал мен елдегі ағарту ісі мен халықтың әл-ауқаты осы үш адамға байланысты деп білемін, олар өкімет билігінің үш түрі, солардың арқасында халық іс-әрекеттердің, мүдделердің, ұстанымдардың ықпалын тікелей сезінеді, ал соңғы үшеуі оқиғалардың, меншіктің, идеялардың аса маңызды салдары болып табылады. Уақыт өткен сайын өзгерістер әкеліп тұрады; меншік көбейеді немесе азаяды, сол алуан түрлі өзгерістердің ыңғайымен барлық істі жөнге келтіріп отыру керек тәртіп атаулының негізі осында.
Өлкені өркениетке тартып, өнеркәсіпке негіз салу үшін, жеке адамдардың мүдделері ұлттық мүдделермен қай тұста ұштасатының, олар қандай іс-әрекеттерден, қандай материалдық мүдделер мен ұстаныстардан көрінетінін халыққа ұғындырып отыру керек. Мінеки мен қоғамдық өмірдің осы жақтарымен сөзсіз тоқайласып отыратын жанағы үш мамандық біздің заманымызда өркениеттің аса ұлы тұтқалары болуға тиіс деп ұқтым; осы мамандықтардың өкілдері үнемі байланысты болып отыратын мұқтаж таптардың тағдырын жақсартамын деген адал ниетті адамға мүмкіндікті әрдайым жанағы тұтқалар ғана бере алады. Ал бірақ шаруа адам жаныңа иман беремін деп ығыр қылатын священниктен гөрі тәніңді сауықтырарлық дәрі беретін адамға көбірек сенеді; біреуі шаруамен оның өзі өңдеп жүрген жер туралы сөйлеседі, екіншісі сол шаруаның қазір, сорға қарай, түк қатынасы жоқ аспан жайын әңгімелейді; менің сорға қарай деп отырғаным болашақ өмірге деген наным тек көңілге медет қана емес, басқаруға көмектесетін құрал да.
Діннің қоғамдық заңдардағы шапағатын тигізетін бірден-бір күш екені бекер ме? Таяуда біз құдайды ақтап алдық. Дін жоғалып кеткен кезде, заңдардың орындалуы үшін үкімет лаңкестікті ойлап табуға мәжбүр болды; бірақ ол адамда үрей туғызатын, сондықтан өткінші еді. Байқайсыз ба, тақсыр, шаруа адам науқас кезінде немесе тәуір бола бастап, әлі де төсек тартып жатқанда, ақылды деректерді еріксіз тыңдайды және жүйелеп түсіндіргенде қапысыз ұғынады. Осы ой мені докторлыққа жетеледі. Мен шаруалармен есеп-қисапқа отырғанда, солардың пайдасын көздедім, менің оларға айтқан ақыл-кеңсетерім жүзеге аса келе өз идеяларымның дұрыс екенін дәлелдеп шықты.
Халықтың көзі алдында күнәсіз болу керек. Күнәсіздік Наполеонды жасады, егер әлем оның Ватерлоо түбіндегі жеңілісі жайында білмеген болса, сол күнәсіздік құдай жасаған болар еді. Мұхаммед әуелі жер шарының үштен бірін жаулап алып, содан кейін діннің негізін салушы болған себебі оның қалай өлгенін ешкім көрген жоқ. Селендік дәрігер үшін де, жаугерші үшін де ортақ бір заң бар: ұлт пен қауым бір өріс. Адам барлық жерде де адам. Сонсоң тағы бір айтарым мен өзім қарыз берген адамдарыма талапшыл болдым. Менің табандылығым болмаса, жұрттың бәрі мені жек көрер еді. Шаруалар, өздері әккі пенде болғандықтан, алданған жалқауларды сыйламайды. Сен өзіңді ақымақ қылуға жол бердің бе, онда әлсіздік көрсеткенін. Басқару ісіне күш қана жүреді. Егер науқастың бай адам екеніне көзім жетпесе, емдегенім үшін ешкімнен ешқандай ақы алып көрген емеспін. Егер науқас адам өте зәру болып тұрмаса, мен тегін дәрі бермеймін. Шаруалар маған ақша төлемесе де, өздерінің борышты екендерін біледі; кейде олар өз көңілдерін көншіту үшін менің атыма сұлы алып келеді, онша қымбат болмаса астық әкелетіндері де болады. Ал бірде диірменші менің емдегенім үшін балық алып келіпті, сонда мен оған айттым: «болмашы нәрсеге сонша шығынданғаның не?» — дедім; менің бұл дипломатиямның есесі қайтады: қысқа қарай мен кедейлерге үлестіріп беру үшін одан бірнеше қап үн аламын. Құдай ақы, тақсыр, біздің шаруалардың жүрегі ізгі, тек оларды қорламау керек. Мен қазір олар туралы бұрынғы пікірімді әлдеқайда жақсарттым.
— Сізде, әрине, қиындықтар да болған шығар? — деді Женеста.
— Ешқандай да, — деп жауап қайырды Бенаси, — бір ауыз пайдалы сөзің көке мылжың көп сөзден әлдеқайда артық қой. Істің жайымен бірге шаруалардың өздері туралы да мен олармен кеп әңгімелестім, арасында әзіл-қалжыңымыз да көп болатын. Алғашында олардың тыңдағысы да келмей жүрген; ескілікті талай танымдарын өзгертуге тура келді: мен қаланың адамымын, ал қалалықтар олардың ата жауы іспеттес. Мен осы күреске әуелендім. Жақсылық пен жамандықты жасаушылардың арасында бір-ақ айырма бар — ар-ұяттарының монтанылығы мен мазасыздығы, ал еңбектері — бірдей. Егер алаяқтардың мінезі мінсіз болса, олар мойындарын үзудің орнына миллионер болып кетер еді.
— Тақсыр, — деп дауыстады Жакота, есіктен кіре беріп. — Тамақ суып барады!
— Мен жанағы естігендерім жайында бір ескертпе жасағым келеді. Тақсыр, — деді Женеста докторды қолтығынан демеп алып, — Мұхаммедтің соғыстары жөнінде мен бірде-бір дерек оқыған емеспін, сондықтан оның әскери қабілеттері жөнінде ештеңе айта алмаймын, ал бірақ француздардың соғыс науқаны кезіндегі императордың соғыстық тактикасын байқаған болсаңыз, сіз оны нағыз құдай деп ойлаған болар едіңіз. Тіпті Ватерлоо түбінде жеңіліс тапқанының өзі оның адам атаулыдан артықша жаралғандығынан еді оны мына қара жер көтере алмады, сондықтан оның аяғының астындағы жер жарылып кетті, бар болғаны сол ғана. Ал қалған әңгімелеріңіздің бәріне де сөзсіз келісемін; құдай төбемнен ұрсын деп айтайын, сізді тапқан әйелдің еңбегі әсте де еш кетпеген!
— Жә, дәмге жүріңіз! — деді Бенаси да даусын көтере жымиып.
Асхананың қабырғалары түгелдей тақтаймен шегенделіп, қоңырқай түске боялған екен. Талдан тоқылған бірнеше орындық, буфет, сөрелі шкафтар, шағын пеш, сонсоң кюре марқұмның әйгілі аспалы сағаты міне, бөлмедегі бар жиһаз осы. Үстіне ақ дастарқан жайылған ас үстелінің үстінде сән-салтанаттың иісі де жоқ. Фаянс ыдыстар қойылыпты. Алғашқы сұйық асқа марқұм кюреден қалған дәстүр бойынша тұздығы күшті сорпа берілді, сірә, мұндай тағамды басқа ешбір аспазшы бабына келтіріп бұлай әзірлей алмас деп ойлайсын. Доктор мен мейманы сол дәмді ішіп үлгірген жоқ, ас үйге бір кісі баса-көктеп кіріп келді де, Жакотаның күңкілдегенің елең қылмастан, ентелеп асханаға қарай өтті.
— Не боп қалды? — деді доктор.
— Әлгі біздің үйдің бәйбішесі, Виньо ханым ше, қараптан қарап отырып, аппақ құдай болды да қалды. Бәріміздің де зәреміз зәр түбіне кеткені.
— Қайтеміз онда, — деді Бенаси сабырмен, дастарқан басынан тұруға тура келеді.
Доктор түрегелді. Ол қаншама өтінсе де, Женеста көнген жоқ, алдындағы алжапқышын жиып тастады да, әскери адамның әдетімен лып етіп орнынан тұрды; иесі жоқ үстелде жалғыз отырмаймын деп үзілді-кесілді айтты да, залға қарай беттеді: ептеп бой жылытып алып, сонсоң біздің жер басып жүрген талай бейбақтарымыздың уайым-қайғысы жайында аздап ой толғамақ.
Көп кешікпей Бенаси қайтып келді де, болашақ достар тағы да үстел басына жайғасты.
— Табуро келіп кетті, сізбен сөйлесетін сөзім бар дейді, — бағанадан бері тағамын қайта-қайта қыздырып, қайтадан әзірлеген Жакота есіктен осылай деп сөйлеп кірген.
— Ауырып қалған кімі екен? — деді доктор.
— Ешкімі де ауырған жоқ, тақсыр. Өзімнің жұмыстарым жайын-да ақылдасайын деп едім
дейді.
— Жарайды. Табуро мен үшін аяғымен жүріп жүрген философиялық трактат, — деді Бенаси Женестаға қарап. — Осында келген кезде көз тоқтатыңқырап қараңызшы, сөз жоқ, сізді қызыққа батырады. Күндік жұмысқа жалданды, үнемшілдігімен жұртқа ұнады: тамақты аз ішіп, жұмысты көп істеді. Ал енді сол пысықтың қалтасына аздаған экю қорлана бастаған бойда-ақ, ол бұрынғыдан да жылпостануға айналды; сөйтті де, біздің кедей кантондағы мен сенгізген жаңалықтарға ауыз сала бастады; Табуро солардан пайда тауып, баюға айналды. Сегіз жылдың ішінде ол қыруар дәулет жинады біздің кантон үшін қыруар, қазір онда, дәу де болса, бір қырық мың франкідей қор бар шығар. Сіз оның қандай жолмен байып жүргенін таба алмайтындығыңызға мен бәс тігуге бармын. Ол — өсімқор; өсімқор болғанда нағыздың өзі, ал өсімқор болып алған себебі — кантонның барлық тұрғындарының әрқайсысының зәрулігін пайдаланады және есебінен жанылмайды; өйткені оның жұртпен жасасқан мәмлесінің пайдакүнемдік сырын ашамын деп жүріп, мен көп уақытымды шығын қылар едім.
Алааяқ Табуро жұрттың бәрі жер ендеуге жұмылып жатқанын көргеннен кейін, төңіректі түгел аралап жүріп, егіс кезінде кедейлерге тұқым беру үшін астық сатып алады. Ондайда, өзіңіз білесіз, дәл тұқым себер кезде шаруаларға, кейде тіпті фермерлердің өздеріне де, тұқым алуға ақша жетпей қалады. Сол кезде Табуро ағай келеді де, біреуге бір қап арпа береді, ақысына орақ кезінде бір қап қарабидай алады; енді біреуге бір қап бидайдың ұшығын береді де, бір қап ұн алады. Енді бұл антұрған осындай арам сауданы бүкіл департамент көлемінде жүргізетін болды. Егер біреу-міреу көлденең тұрмаса, бәлкім, ол миллион да табар еді.
Мінеки, тақсыр, бір кезде Табуро деген күндік жұмысқа зар адам ақпейіл, елгезек, жұрттың бәріне қолқабыс тигізуге әзір тұрған сүп-сүйкімді жігіт болып еді, енді табысқа бөккеннен кейін, Табуро деген мырза пайда болды барып тұрған найсап, қырсық, тәкәппар. Байыған сайын бұзылып барады. Еңбекқор, жұмыс басты шаруа ауқатты тұрмысқа көшсе-ақ, немесе, ірі жер иеленушіге айналса-ақ болды, нағыз қызыл көз пәленің өзі болады да шығады. Мынадай бір тап болады шала инабатты, шала бұзық, шала білімді, шала сауатты ондайлар қандай үкіметті болса да есінен тандырады. Сол тапқа тән машықтар мына Табурода да бар: бір қарағанда аңғал, тіпті надан, ал енді өзінің пайдасына келгенде тіпті сұңғыла болып кетеді.
Еденді қайыстырғандай солқылдатып кірген аяқ тарсылы өсімқор екенін айтпай сездірген.
— Кіріңіз, Табуро! — деп дауыстады Бенаси.
Доктордың жанағы ескерту сөздерін естіген офицер Табуроға қадала қарап қалып еді, сонда көргені жүдеубас, еңкіштеу келген шаруа адамы, дөңес мандайын қос қыртыс әжім басқан. Айналасы қарауыта дөңгеленіп, ортасындағы кішкентай нүктеден оқтай атыла сығырайған сұрғылт көздері ұсқынсыз ажарының ар жағынан тесіп шыққандай жылт-жылт етеді. Екі ерні жымқырылып, тарс жұмылған, жоғары қарай имиген үшкір иегі мысқыл үйелеген мұрнының ұшына қарай итініп тұр. Екі шықшытында иегіне қарай терең сайланып, тағы қос әжім тартылған, оларды да бір орында тұрақтамайтын көшпелі өмірдің тайғақтығы мен саудагердің зымиян қулығын айтпай танытқандай. Шашы аққылшықтана бастаған. Үстіне кигені көк түсті әп-әдемі күрте, екі жақ бүйірінде селтиген төрт бұрышты үлкенқалталары бар, күртесінін ашық жағасынан өрнекті ақ желеті көрінеді. Ол кірген бойда екі аяғын талтайтып тұрып, басында добалдай шоқпары бар таяғына сүйеніп тұра қалды. Соңынан ерген кішкентай испан иті, Жакотаның наразылығына қарамастан, бірге кірді де, иесінің аяғына оралып жата кетті.
— Ал, кәне, қандай шаруан бар? — деп сұрады Бенаси.
Табуро ас үстелінде, доктордың қасында отырған бейтаныс адамға күдікті көзімен бір қарап қойды да, сөзін бастады:
— Әңгіме науқас жайында емес, мэр мырза, бірақ сіз қалтаның жыртық-тесігін адам бойындағы кінәраттан кем емдемейсіз ғой, сондықтан мен сізбен сен-лорандық бір кісімен арадағы кикілжің жайында ақылдасайын деп келіп едім.
— Сен анау аралық сотқа немесе соның хатшысына неге бармайсың?
— Е! Ойбай-ау, тақсыр, істің жайын сіз олардан гөрі жетігірек білесіз ғой; сондықтан сіздің аужайыңызды біліп алсам, іске де әлдеқайда батылырақ кірісер едім ғой.
— Жарқыным, Табуро, мен кедей адамдарға дәрігерлік кеңесімді тегін беремін, ал сен секілді байдың ырың-кезек істеріне босқа уақыт кетіре алмаймын. Далада тегін жатқан білім жоқ.
Табуро қолындағы бөркін умаждай бастады.
— Егер сен менің пікірімді білгің келсе, ал сонда сен біраз ақшаңды үнемдейсің ғой, әйтпесе ол ақшаны Гренобльдің судьяларына санап тұрып берер едің, сен алдымен жетімектер үйінің балаларын асырап отырған ана Мартен деген жесір әйелге бір қап қара бидай жіберт.
— Ойбай-ау, тақсыр, ол не дегеніңіз, сіз айтсаңыз болды, мен оны қуана-қуана жіберемін ғой. Ал енді өз шаруамды айтамын деп, алыстан келген мейманды мезі қылмас па екенмін? — деп Табуро Женеста жақты нұсқап қойды.
— Сонымен, әңгіме мынадай, тақсыр, — деді ол Бенасидің мезіретімен сөзін жалғастырып, осыдан екі ай бұрын маған Сен-Лоранның бір адамы келіп айтады: «Табуро, сен маған жүз отыз қадақ арпа сатпас па едін?» — дейді. — «Неге сатпайын», — деймін мен. — Бұл менің кәсібім. Осы қазір керек пе?»- «Жоқ» — дейді ол, — көктемге қарай: жаздық дақылдарды себер кезде» — «Жарайды-ақ». Міне содан кейін бағасы жөнінде біраз салғыластық та, ақыры қол соқтық; ол маған барлық арпаның Гренобльдегі қазіргі бағасы бойынша толық құның төлейді; ал мен болсам, астықты оған наурыз айында табыс етемін, әрине, шашылған-төгілгенін есепке ала отырып. Ал енді арпа дегеніңіз, тақсыр, барған сайын шығандап қымбаттап барады, қысқасы, ол қайнаған сүттің бетіңдей көтеріліп кетті. Ақша маған қазір өте қажет, сондықтан жаңағы арпамды аламын да басқа біреуге сатамын. Кімнің қандай дауы бар, солай емес пе, тақсыр?
— Жоқ, ол арпа енді саған тиісті емес, — деді Бенаси. — Ол сенің қоймаңда жай сақтаулы ғана тұрған. Сондықтан, егер арпа арзандап кетсе, сен оны жаңағы келісілген бағамен ал деп зорлай аласың ба?
— Олай болған күнде, ана жүгірмек маған түк те төлемейтін болады ғой. Кім өзіне қастық ойлайды? Қып-қызыл пайда өзіңнің қолыңа келіп тұрғанда, одан құр қалатындай не көрініпті? Оның үстіне тауар сенікі, бірақ ақшасын төлегеннен кейін ғана. Солай емес пе, офицер мырза? Сіздің әскерде қызмет еткеніңіз көрініп-ақ тұр.
— Табура, — деді Бенаси даусын салмақтай сөйлеп, — сен бұл істен ұтыласың. Арамдық үшін құдай ертелі-кешті бір жазаламай қоймайды. Апыр-ау, мына сен секілді ісін адал жүргізетін білгіш, сауатты адам біздің өлкеде қалай ғана арамдықтың үлгісіне айналып кетті. Сен осындай дау-дамайға жол берсең, кедей байғұстар моп-момақан болып, сені ұрлап-қарламасын дейсің бе? Батрақтар сенін жұмысыңды істемей, алжайларына қыдырып жүретін болады, сөйтіп жұрттың бәрі ар-ұяттан айырылады. Сенің бұл ісін жөн емес. Тауарын бір рет сатылды. Егер сен-лорандық шаруа арпаны сол бойда алып кетсе, сен оны қайтып ала алмас едің ғой; демек, сен өзіңе тиісті емес затқа иелік етемін дейсің; сенің арпаң баяғыда ақшаға айналып кеткен, сенің өз ықтиярыңмен. Ал, айта бер.
Женеста докторға қарағанда, оның көзінде Табураның шылп етпеген бетіне үй иесінің назарын аударғысы келгендей сыр бар еді. Расында да, Бенаси жаңағыдай тойтарыс бергеннен кейін де өсімқордың бет-ажары сазарған күйінен бір танған жоқ. Маңдайына бір тамшы қан жүгірген жоқ, сығырайған көздері де міз бақпайды.
— Былай етсем, тақсыр: мен арпаны өткен қыстағы бағасына беремін деп міндетіме алып едім; қазір ойлап отырмын, арпаны бермесем деп.
— Бері қаратты, Табуро: сен арпаны тезірек жөнелт, әйтпесе сен жұрт алдында абырой-беделден ада боласың. Тіпті осы дауды өз пайдаңа шешкен күнде де сен ар-ұяты жоқ, сөзінде тұрмайтын екі жүзді адам деген атаққа қаласың…
— Жә, мейліңіз білсін, мені алаяқ деңіз, жауыз деңіз, ұры деңіз. Қызу үстінде адам не айтпайды, мэр мырза, оған несіне ренжиін. Мәмле ісінде әркім өз пайдасын ойлайды.
— Сен жаңағыдай атаққа өзін ұрынғалы тұрсын.
— Ойбай-ау, тақсыр, заң менің жағымда болса не істейін…
— Заң сенің жағында болмайды.
— Сіз соны рас айтып отырсыз ба, шынымен солай ма, тақсыр? Қалай дегенмен, оңай шаруа емес қой.
— Әлбетте, расы сол. Үстел басында босқа отырмас едім, саған заңдардың жинағын зорлап оқытар едім. Егер бұл іс сотқа баратын болса, сен ұтыласың; сонсоң бұл үйге аяқ баса алмайсың: мен өзім сыйламайтын адамдарды қабылдамаймын. Сен даулассаң жеңілесің. Түсіндің бе?
— Жоқ, тақсыр, жеңілмеймін, — деді Табуро. — Білесіз бе, мэр мырза, арпаны берешек адам мен емес, сол сен-лорандықтың тап өзі, одан мен сатып алғанмын, енді сол менің тауарымды жеткізіп беруден бас тартып отыр. Мен осы істі ұтамын ба, жоқ па, тек соны білуге ғана келгенмін; соттың орындаушысына содан кейін барайын, қалай шығындансам да сонсоң көрейін деп ойлағанмын.
Женеста мен доктор бір-біріне қарасты, бірақ мына сияқты сотты іс жайындағы шындықты білгісі келіп, өсімқордың ойдан шығарған мына қулығына таң қалғандарын екеуі де білдірмеді.
— Жарайды, Табуро, олай болса, сенің сен-лорандық мәмлесінде ұят болғаны; ондай адамдармен мәмлеге барудың ешқандай қажеті жоқ.
— Ей, тақсыр-ай, нақ сондай адамдар ғой осындай істің мән-жайын жақсы білетін.
— Сау бол, Табуро.
— Әміріңізге құлдық, мэр мырза және оның ақ пейіл бастасы.
— Ал, қалай, — деп сұрады Бенаси өсімқор кеткеннен кейін, — Парижде болса, жаңағы адам тез арада миллионер бола алар ма еді?
Түстіктен кейін доктор мен оның мейманы қонақ бөлмеге қайтып оралды да, бүкіл кеш бойы, әбден ұйқыға кеткенше, соғыс жайында, саясат жайында әңгімелесумен болды. Бір сөздің ретінде Женеста ағылшындарды өлердей жек көретінін білдірді.
— Тақсыр, — деді доктор бір кезде, мен үйімдегі мейманымды кім деп ойлайын, соны сұрауға рұқсат етіңізші.
— Менің аты-жөнім Пьер Блюто деп жауап қайырды Женеста, мен капитанмын, полкым Гренобльде.
— Жарайды, тақсыр. Гравьенің осында өткізген өмір салтын қабыл етер ме едіңіз? Ертеңгісін, сәскелікті ішкеннен кейін мен өлкені аралап кеткенде, ол кісі маған шын ықыласымен еріп жүрер еді. Менің шұғылданып жүрген ісім соншалықты қара дүрсін, сондықтан ол сізге ұнай қояр ма екен, оған көзім жетпейді. Және сіз өзіңіз де жер иесі емессіз, деревняның мэрі де емессіз; басқа жерлерде жүргенде көзіне түспегендей қызықты еш нәрсені бұл жерден көре алмайсыз; айнала лашық үйлер — бірінен-бірі айнымайды; бірақ оның есесіне таза ауа жұтасыз, оның үстіне серуенге шыққанда сіздің бір мақсатыңыз болады.
— Сіздің ұсынысыңызға мен сондай қуанышты екенімді жеткізе алмаймын; өзім де осындай өтініш білдіргім келіп еді, бірақ сізді ығыр қыламын ба деп именгенмін.
Үй иесі Женестаны екінші қабатта қонақ бөлменің үстіндегі бөлмеге ертіп апарды; айтпақшы, жаңағы ойдан шығарылған фамилияны атамай-ақ, аты-жөнін осы күйінде қалдырамыз.
— Түу, мынасы жақсы болды ғой, — деді Бенаси ақырын сыбырлап. Жакота сіздің бөлмеңізге от жағып қойыпты. Егер сізге әлде бір нәрсе қажет болса, бас жақта құзырыңызға жез қоңырау дайын тұр.
— Бұл жерде не қажет болсын! — деді Женеста ағынан жарылып. — Тіпті мына жерде отырып аяқ шешетін орындық та тұр екен. Ондайдың қадірін тек байырғы жауынгер ғана біледі. Соғыста жүргенде, тақсыр, осы бір ант ұрған аяқ киіміңді шешіп қоятын мүмкіндік болмай, арманда жүретін кездерің болады. Бірнеше жорықтан кейін, әсіресе ұрыстан кейін, аяғын ісініп кетеді де, — малмандай су болған етігіңнен оны суыра алмай сілен қатады, сондықтан көбінесе етікшең ұйықтауға тура келеді. Салт басын жүргенде, бұл оншама киын да емес.
Өзінін бұл сөзіне ерекше мән бергендей, офицер қулана көзін сығырайтып қойды да, тан-тамаша болып, бөлменің ішін көзімен шола бастады: іші өте жайлы, тап-таза, ішінің жиһазы да бір сыдырғы сәнді.
— Қандай тамаша! — деді ол. — Сіздің өзіңіздің төсек бөлмеңіз де өте әсем болар?
— Қаласаңыз кіріп көріңіз, — деді доктор да, — мен сізге көршімін, арамызда тек баспалдақ қана бар.
Женеста доктордың жатын орныңа кіріп барып, жартылай қаңырап тұрған бөлмені көргенде қайран болды; жалан қабырғаларына қоңырқай өрнекті сарғыш түсқағаз жапсырылыпты, оның да әр жерінін өні кетіп қуарып қалған. Қожыр-қожыр етіп лақпен боялған темір кереует, жоғары жағынан бойлап тартылған белдіктен төмен қарай салбырата қоңырқай түсті екі коленкор перде түсірілген, еденде жіп-жінішке төмен қол кілемше, өзі әбден қырқылып тозған, осының бәрі ауруханадағы жағдайды көзге елестететін еді. Кереуеттің бас жағында түнде шырағдан қоятын төрт аяқты кішкентай үстел тұр, оның жоғары-төмен жылжып тұратын қақпақшасы әрілі-берілі қозғалған сайын қолтоқпақтай тақ-тақ етіп тұратын тәрізді. Енді осы көрініске үш орындықты, сабаннан тоқылған екі креслоны, жаңғақ ағашынан істелген комодты, оның үстінде тұрған леген мен бір бүйірі шытынап кеткен құмыраны (сірә, су құятын болуы керек), оның жиегін қорғасынмен әдіптеген қақпағын қосыңыз. Каминге от жағылмапты, сақал-мұрт қыратын ұстарасы қабырғаға жіппен іле салған ескілікті айнаның алдындағы каминнің сырлы тақтайы үстінде жатыр. Тазалап сыпырылған еденнің әр жері қырылып, ойылып, кедір-бұдырланып қалған. Екі терезеге тағы да коленкор перде ұсталыпты, етек жақтарында жасыл шашақтары жалбырайды. Бөлме ішіндегі мүліктің бәрі, тіпті үстінде сия сауытпен парақ-парақ қағаздар, қаламұштар жайрап жатқан дөңгелек үстелге дейін, осылардың бәрі-бәрісі Жакотаның ұқыптылығымен сақталып тұрған мінсіз тазалыққа қарамастан, бұл бөлмеде тұратын адам кәдімгі монахтың жанкештілігімен өмір сүретінін, заттан гөрі сезімге көбірек берілетінін айтпай-ақ дәлелдеп тұр.
Есік ашылған кезде, офицер доктордың кабинетін көрді, ол, сірә, мұнда да тым сирек бас сұғатын болуы керек. Өйткені ондағы көрініс те дәл жаңағы төсек бөлмесіндегідей. Шаң басқан бірнеше кітап дәл сондай шаң басқан сөрелерде шашылып жатыр; ал дәріхананың таңбалы қағазы жапсырылған шыны шишаларды көргенде, кісінің басына бұл жерде жалпы ғылымнан гөрі дәрі дайындауға көбірек көңіл бөлінеді-ау деген ой келер еді.
— Сіздің бөлмеңіз маған тиген бөлмеден неге соншалықты өзгеше деп сұрағыңыз келеді-ау, шамасы, — деді Бенаси. — Оның себебі, үйіне қонақ болып келген таныстарына адамның ұсқының алатын ескі айна ұсынған адамдар үшін мен өлердей ұяламын; ондайда мейманы әлгі айнаға қарап тұрып; апыр-ай, мен қалай семіріп кеткенмін деп немесе мен осынша жүдегенмін бе деп таңданар еді, немесе: мен өзім ауру емеспін бе, әлде бір жын ұрып кетті ме деп, өзінен-өзі қуыстанар еді.
Біздің достарымыз келе қалғанда, солардың уақытша болса да тұратын орнының жайлы болғаныңа не жетсін? Қонақжайлықты мен өз басым мінездің жомарттығына санаймын, тіпті бақытқа балаймын, кең пейілдің көрінісі деп ойлаймын; сіз мұны қай жағынан алып қарасаңыз да, тіпті мақтаншылықтың сыңайы деп есептесеңіз де, мұның өзі келген досыңызға жылы шырайыңыз бен ақ пейіліңіздің белгісі болып көрінбес пе еді?
Мінеки сіздің құзырыңызда сәнді салтанат, түкті кілем, қымбат перделер, сағат, өрнекті тұғырға орнатылған шырағдан; сіздің құзырыңызға анау елгезек Жакота, сізге арнап түнде киетін мынау жап-жаңа башмақты алып келіп жүрген, әрине, сол; стақанға құйып сүт, бой жылыта ма деп грелка әкеліп жүрген де соның өзі; кюре марқұм қайдан тауып әкелгенін құдай білсін, әйтеуір дәл мынадай жұмсақ креслода сіз бұрын шірене шалқайып отырмаған боларсыз; иә, шыныңда да, егер сіз әрі сапалы, әрі сәнді және ыңғайлы бір нәрсе іздесеңіз, алдымен шіркеуге барыңыз.
Қысқасы, сіздің төсек бөлмеңіз өзіңізге ұнар деп ойлаймын. Сіз сырғыған ұстараны да, иісі жұпар аңқыған сабынды да, үй ішінде кездесетін жанға жайлы не бір қадірлі заттардың бәрін де осы жерден табарсыз деп ойлаймын. Ал, қымбатты Блюто мырза, қонақжайлық жөніндегі менің бұл пікірім біздің бөлмелердің арасындағы айырмашылықты әлі де толық түсіндіре алмаған болса, онда күні ертең, менің үйімде топырлаған жұртты көргенде, төсек бөлмем мен кабинетімдегі сиықсыздық себебін сонда түсінерсіз. Сонсоң, мен өзім де үйде омалып отыра беретін кісі емеспін, үнемі жол үстінде жүремін. Ал егер үйде болсам, дамылсыз шаруалар келіп жатады: менің жаным да, тәнім де соларда, мына баспана да солардың қарамағында; сондықтан менің сыпайылықты ойлауға да немесе сол бір биязы жандар үйімнің сәнін бұзып кетті-ау деп қынжылуға да мұршам болмай қалады. Сән-салтанат деген жеке сарайларға, орам-жайларға, будуарларға немесе дос-жарлар үшін жинастырылған бөлмелерге ғана лайық. Сонымен бірге, мен бұл жерде түнеп қана шығамын, сондықтан маған жылтыраған байлық не үшін керек? Тегінде, мына жалған дүниеден менің қаншалықты мезі болғанымды сіз білсеңіз-ау!..
Бұл кісілер бір-біріне жылы жүзбен қайырлы түн айтысып, құшырлана қол қысысты да, дем алуға кетті. Офицер бірден үйықтай алмай, жаңағы кісі туралы ойға кетті, мұның ойында оның барған сайын тұлғаланып бара жатқаның сезінді.
II тарау
ДАЛА КӨРІНІСТЕРІ
Атты әскердің өз атына деген үйірсектігі Женестаны таңсәріде төсегінен тұрғызып алып, атқораға қарай жүгіртіп еді, бір тәуірі Николь оның үстін мұнтаздай қылып тазалап қойған екен.
— Тұрып кеткенсіз бе, Капитан? — деді таңданып, оған қарсы жолыққан Бенаси, әскери адам деген осы; сізге деревняның таңы да маза бермейді екен.
— Өзіңіздің көңіл күйіңіз жақсы ма? Женеста оған жауап берудің орныңа қарсы сауалмен достық қолын ұсынды.
— Менің көңіл күйім ешуақытта шындап жақсы болған емес, — деген Бенасидің жауабында да әзіл-шыны аралас еді.
— Қалай ұйықтадыңыз, тақсыр? — деп Женестаға арнаған сауалымен енді Жакота сөзге араласты.
— Құдай ақыңа, сұлу бике, сіздің салғаныңыз қалыңдықтың төсегінен бір де кем болған жоқ.
Бұл сөзге мейманасы тасыған Жакота екі еркектің соңынан еріп келеді. Олардың үстел басына жайласып жатқандарын көріп, ол енді Никольге қарады:
— Расында да, офицер мырза кербез серінің өзі екен, ә!
— Несін айтасың! Қазірдің өзінде қолыма қырық суды ұстата салды!
— Алдымен қайтыс болған екі кісінің үйіне кіріп шығайық, — деді Бенаси асханадан шыға бергенде қонағына, — Рас, өзінің жанама құрбандарына көңіл білдіріп жүру докторларға лайық емес; бірақ мен сізді екі үйге ертіп апарайын, сонда сіз адамның табиғаты жөнінде екі түрлі ғибратты әсер аласыз. Сол көріністерді көргеннен кейін, тау халықтарының өз сезімдерін білдіруде қыр адамдарынан қаншалықты өзгеше екеніне көз жеткізесіз. Біздің кантонның бір бөлегі таудың биік құздарын мекендейді, міне солардың кейбір дәстүрінен ескіліктің иісі аңқып тұрады, кейде тіпті тап-таза таураттың жоралғыларына тап боласын. Тау жоталарының бойымен тартылған шекараны табиғаттың өзі сызып бергей бе дейсін, -сол шекараның екі жақ беті бір-біріне тіпті ұқсамайды; жоғарыда күш бар, ал төменде -әдіс; жоғарыда үлкен сезімдер бар, ал төменде — өзімшіл ойлар. Ажуй аңғарын есепке алмағанда, соның солтүстік жағында жарыместер тұрады да, ал оңтүстігін ақылы асқандар мекен етеді; солардың арасын бөліп тұрған жалғыз бұлақ қана, ал енді айырмашылықтары жер мен көктей: бойлары, жүрген жүрістері, бет әлпеттері, салт-дәстүрлері, істейтін кәсіптері; мен мұндай шұғыл айырмашылықты басқа еш жерден көрген емеспін. Осы жағдай жергілікті өкімет орындарына өлкеде жан-жақты зерттеу жүргізіп, соның нәтижесіне қарап заңдар қабылдау жөнінде ой салуға тиіс еді ғой. Ә, аттар дайын болған екен, жүрейік!
Салт атты екеу көп ұзамай поселкенің Гранд-Шартрез аталатын тау жоталарына қарай беттеген шетіндегі бір үйге тақап келді. Сыртқы түріне қарағанда, ауқатты адамдардың мекені секілді үйдің ауласында, бұлар екі орындықтың үстіне екі жақ басынан қойылған табытты көрді: үстін қара шұғамен айқара жауып, қасына торт шырағдан қойыпты, қасында бір жайдақ орындық, оның үстінде мыс табақшаға құйылған шипалы су, қасында бүк ағашының жапырағы. Аулаға кірген әрбір адам мәйіттің қасына келіп тізе бүгеді де, «Отче наш» әуенің айтып келіп, табытқа шипалы судан бүркеді. Жаңағы қара жамылғының үстіне аулада қақпаның қасына отырғызылған гүлзардан жасминнің жас талдары қойылыпты; қақпаның жоғарғы жақтауына дейін өрмелеп жүзімнің сабақтары өсіп тұр. Бір қыз үйдің алдын сыпырып жүр; түріне қарағанда, қандай қайғылы оқиға болса да, соған рәсімді ишарат білдіруге көнген адамның қалпы байқалады. Марқұмның үлкен ұлы, жиырма екі жастар шамасындағы жігіт, қақпаның ашасына сүйеніп, қимылсыз қалшынып тұр. Екі көзінде мөлтілдеген жас, бірақ сорғалап аққаны білінбейді, сірә, сырт көзге байқатпай сүртіп тұратын сияқты.
Осы көріністі сырттан бақылап тұрған Бенаси мен Женеста аттарын жатаған тас қоршаудың алдында өсіп тұрған теректерге байлап, аулаға кірген кезде, ұраның қақпағы ашылды да, астынан үйдің бәйбішесі көтерілді, оның артынан қолында сүт құйған құмырасы бар тағы бір әйел шықты.
— Берік болыңыз, байғұс Пельтье, — деді жаңағы әйел. — Ей, құдай-ай, қайдан оңай болсын қырық жыл бойы отасқан қосағынан айырылу.
Сол кезде жесірдің көзі шыланды.
— Сіз әлгі қырық суды төледіңіз бе? — деді бәйбіше сәл үнсіздіктен кейін, алақаның жайып.
— Қарай көріңіз, мен ұмытып барады екем ғой, — деп қасындағы әйел оның қолына ұсақ ақшаны ұстатты. — Қайғыра бермеңіз, көрші. Ә, міне, Бенаси мырза да келді.
— Қалайсыз, бәйбіше, бойыңыз сергінкіреді ме? — деді доктор.
— Басқа не амал бар, қымбатты Бенаси мырза, — деді бәйбіше көзіне жас алып, — төзбегенде қайтейік. Әйтеуір, дәтке қуат, байғұс күйеуім азаптан ада болды. Біраз бейнетті тартты ғой! Жоғары шығыңыздар, мырзалар. Жак, мына мырзаларға орындық әкелсеңші. Қималдасайшы! Әкеңді бәрібір тірілтіп ала алмайсың, ол жерде қаншама қадалып тұрсаң да. Енді сен екі адамның жұмысын істейтін боласың.
— Сабыр етіңіз, бәйбіше, балаңызды әурелемеңіз, біз отырмаймыз. Балаңыз енді сізге қарайласады ғой, әкесінің орның жоқтатпас.
— Бар, киінші, Жақ! — деді әйел. — Қазір мұны алып кетуге келеді.
— Ал, қош болыңыз, бәйбіше, — деді Бенаси.
— Сіздерге құлдық, жақсы мырзалар.
— Көрдіңіз бе, — деді доктор шыққаннан кейін, — бұл жерде өлім деген күні бұрын белгілі болған оқиға секілді қабылданады, ол күнделікті өмірдің ағымын бұзбайды, тіпті қаралы дәстүр де сақталмайды. Оған деревняда ешкім шығынданып жатпайды: біреу жоқтықтан, біреу тартыншақтықтан. Иә, село халқы қара жамылмайды. Өлікті аза түту деген жай ғана салт емес, шығарылған заң емес, олардан жоғары тұрған нәрсе ғой, ол әрілеп келгенде, барлық заңдардан биік рәсім, оның арғы негізінде адамгершілік жатады. Ал бірақ, біз Жанвье мырзамен екеуміз қоғамдық тәртіпті сақтау үшін салт-дәстүрден аттамау керек деп қаншама күш салсақ та, шаруаларға осыны ұғындыра алмай-ақ қойдық. Бұлар тегінде жаман да адамдар емес, бірақ ескі ұғымдардан енді ғана арылған, жаңа қарым-қатынастарды әлі ұғынып үлгірмеген; олар әзірше қатаң тәртіп пен қараша тұрмыстың молшылығына жеткізетін ұғымдарға ғана жақындап келді, ал енді менің бұл ісімді жалғастыратын кісі болса, бұлар қоғамдық негіздерге тірек болатын ұстанымдарға кейінірек көтерілетін болады.
Шыныңда да, адал ниетті жай қарапайым адам болу жеткіліксіз, оны әлі көрсете білу керек; қоғам тек салт-сана ұғымдарымен ғана өмір сүре алмайды: тіршілік ету үшін сол ұғымдарға сәйкес іс-әрекет жасау керек. Селендік қауымдардың көпшілігінде отағасысы өлген жүздеген отбасылардың ішінде сол марқұмды ұзақ уақыт еске алып жүрерліктей ерекше сана-сезімі бар санаулы адамдар ғана болады, қалғандары арада жыл өтпей жатып мүлде ұмытып кетеді. Осындай ұмытшақтықтың аты моральдық жарақат десем, сіз келісесіз бе? Дін халықтың жаны, дін оның сезімін білдіреді, соларға асқақтық дарытады, өздерін мақсаткер етеді; бірақ құдіретті құдай болмаса дін де болмайды, демек, адам қолымен жасалған заңдарда ешқандай қауқар болмайды. Ұждан деген тек құдайға ғана тиісті, ал пенде әлеуметтік заңға бағынады; егер біз қайғы-қасіреттің дәстүрлі рәсімдерін жойып жіберсек, ес-ақылы толыспаған балалар мен үлгі-өнегеге мұқтаж адамдардың барлығына заңдарға мойынсұну қажеттігін үйретпесек, сонымен бірге қаһарымен қаймықтырып, мейірімен жібітіп отыратын, жалған дүниенің игілігін өзі беріп, өзі қайтып алатын ұлы күшке табыну қажеттігін ұғындырмасақ, біз құдайсыздыққа қарай бір қадам жақындай түспес пе едік?! Ағынан жарылсам, мен сондай күлкілі ұждансыздық күндерін бастан өткіздім де, діни рәсімдердің, үй ішілік қуаныштың, дәстүрлер мен мерекелердің қадірін тек осы жерге келгенде ғана түсіндім. Отбасы ғасырлар бойы адам қоғамының негізі болып қала береді. Өкімет пен заңды құрметтеудің ең бастапқы сабақтары адамға отбасында беріледі; нақ сонда ол бағыныштылыққа үйренуге тиіс. Отбасылық рух пен ата-ананың билігі біздің жаңаша заң шығарушылық жүйеміздегі әлі де аз назар аударылып келе жатқан екі тұп қазығымыз болып табылады. Отбасы, қоғам, департамент біздің бүкіл еліміздің болмысы осы үшеуінде тұрған жоқ па?! Сондықтан заңдар осы үш айыр тірекке негізделуі керек.
Менің ойымша, жұбайлардың некелесуіне, баланың тууына, кісінің өліміне байланысты әдет-ғұрыптарды ерекше салтанатты рәсімдермен атап өту керек. Католик дініне ерекше құдірет беріп, оны күнделікті тұрмысқа енгізген нәрсе сыртқы жарқылдақтық; осы қасиеті оны өмірдің барлық маңызды мезеттерінде жолға салып, ылғи да оған салтанатты сипат беріп отырды; егер священник өз құзырының биігіне көтеріліп, жаңа әдет-ғұрыптарға христиан мораліне лайық асқақтық дарыта алса, жаңағы салтанатты сипат одан сайын әсерлене, одан сайын ұлықтана түспек.
Бұрын мен ойлаушы едім: католик діні деген алуан түрлі соқыр сенімдер мен ырым-жырымға негізделген жылпостық ойыны ғой деп, ол ағарту заманы келгенде құриды ғой деп; ал мұнда келгеннен кейін мен оның саяси қажеттілігі мен адамгершілік пайдасын мойындадым; бұл жерде мен сол сөздің шын мағынасында қаншалықты құдіретті екенін түсіндім. Дін деген сөз «байланыс» деген ұғымды білдіреді, сондықтан, әлбетте, шіркеу рәсімдері, немесе, басқаша айтқанда, діннің сыртқы көріністері әр түрлі қоғамдық жіктерді талай ғасырларға топтастыра алатын бірден-бір күш болып табылады. Ақыр-аяғыңда, мен бұл жерге келгеннен кейін діннің адам жанының жарасына мың да бір айықтырғыш дару екенін сезіндім; енді онымен тайталасуды қойып, оның оңтүстік халықтарының қызу қанды мінезімен тамаша үйлесім табатының көзбен көрдім.
— Мына жоғары қарай өрлеген жолға түсейікші, — деді доктор өз сөзін өзі бөліп, біз сонау қыраттың үстіне шықсақ болды, екі қанаттан тамаша көрініс ашылады. Жерорта теңізінің деңгейінен үш мың кез биіктіктен біз Савойя мен Дофинені, Лионне таулары мен Ронаны көреміз. Біз мүлде басқа бір қауымға тап боламыз ол таулықтар қауымы; Гравье мырзаның фермасына барғанда, мен сөзбен айтқан көріністі сіз көзбен көресіз, біздің өміріміздің ең басты оқиғалары жайындағы менің көзқарасымды растайтын табиғи салтанаттың толық көрінісі ашылады көз алдыңыздан. Бұл қауымда қаза қатты қадірленеді. Кедейлер қарулы киім сатып алу үшін садақа жинайды, оларға қайырым көрсетуден ешкім бас тартпайды. Жесір қалған әйел өзінің қайғысын айтып, марқұмын жоқтаудан бір күнді құр жібермейді; тіпті арада он жыл өтсе де, күні кешегі беті жабылмаған өліктей аза тұтады.
Мұндағы салт-дәстүрлер баяғы патриархалдық замандағыдай, әке билігінде шек жоқ, айтқан сөзі заң; үйінің қақ төрінде отырып алып, тамақты жалғыз өзі оңаша ішеді, ал әйелі мен балалары соған даяшы болып жүреді; маңайындағылардың бәрі онымен именіп сөйлеседі, алдына келгенде бас киімдерін алып тұрады. Осылайша тәрбиеленген адамдар өте намысшыл, өр мінезді келеді. Бұл дәстүр, менің ойымша, ізгі тәрбиенің мәні болып табылады. Қауымның адамдары шетінен әділ, шаруақор және еңбекшіл келетіні тегін емес.
Әулеттің отағасы әкесі жасы жетіп, жұмысқа жарамай қалғанда, мал-мүлкін балаларына еншілеп, тепе-тең бөліп береді, сонсоң оны балалары асырайды. Өткен ғасырда тоқсанға келген бір қарт баба мал-мүлкін төрт баласына еншілеп беріп, әрқайсысында үш айдан тұратын болыпты. Бірде ол үлкен ұлының үйінен кіші ұлына кетіп бара жатқанда, бір көңілдесі одан: «қалай, жағдайыңа ризасың ба?» — деп сұраса керек. «Риза болмағанда ше, депті сонда жанағы қарт, олар мені өздерінің туған ұлыңдай күтеді».
Осы сөз, тақсыр, сол кезде өзінің полкымен бірге Гренобльде тұрған офицер, өзі белгілі моралист Вовенарг деген кісіге соншалықты тамаша көрініпті де, ол соны Париж салондарында талай рет қайталап айтса керек, ақыры сол айтулы сөзді Шамфор дейтін жазушы іліп алыпты. Оны айтасыз-ау! Бізде мұның әкесіндей сөздердің талайын естуге болады, әттең соны еститін жазымпаздар кездесе бермейді.
— Богемия мен Венгрияда жүргенде менің моравиялық туысқандар мен лоллардтарды көргенім бар. Олар да сіздің таулықтарға ұқсайды. Көне мал халық, соғыстың ауыртпалығына төзімділігі жағынан оларды періште дерсің.
— Тақсыр-ау, қарапайым адамдардың мінез-құлқы барлық елдерде бірдей ғой, — деп доктор қостай сөйледі. — Ақиқаттың барлық жердегі көрінісі бір тектес келеді. Шының айтқанда, деревнядағы өмір ақыл-ойдың жолын кесіп отырады, бірақ оның есесіне пасықтықты тежеп, ізгілікке өріс береді. Турасы солай, адамдардың бір жерге шоғырлануы неғұрлым аз болса, қылмыс та, зұлымдық ойлар да солғұрлым сирек болады, сол себептен заңның бұзылуы да бірен-саран ғана кездеседі. Ауаның тазалығы салт-дәстүрдің бұзылмауына көп-көп әсер етеді.
Осы тұсқа келгенде екі жолаушы аттарынан түсіп, тастақ жол-мен жаяу көтерілген де, бағана Бенаси айтқан қыраттың төбесіне шыққан-ды. Жан-жақтарынан жықпыл-жықпыл жалаңаш жартастар анталап тұр, төбелерінде бір тал өсімдік жоқ; жартастардың қарауытқан бастары айқыш-ұйқыш жарықшанып кеткен, адам аяғы бара алмайтын құлама құз; қатар-қатар шаншылған жартастардың ар жағында шұрайлы жерлер қырқаның етегінен әрі қарай жолақтана ирелендеп, созылып кетеді екен, екі жүз арпандай ғана. Оңтүстікке қарай, биік таулардың арасындағы кең алқаптан әріде француздарға тиесі Морьена, Дофине, Савойя жартастары, ал олардан да әнегіректе Лионне таулары мұнартып көрінеді. Женеста көктем күнінің сәулесіне бөленген табиғат көріністерін тамашалап тұрғанда, кенеттен сынсыған дауыстар естілді.
— Жүріңіз, — деді оған Бенаси, — жоқтау басталды. Бұл өңірде жоқтау өлікті жерлеу рәсімінің бір бөлігі болып саналады.
Осы кезде офицер жартасты төбенің батыс жақ баурайында кен аумақты алып жатқан ферманы көрді; бірдейлеп дестеленген төрт бұрышты шаруашылық жайлары. Гранит тастан қиылған күмбезді жарма қақпа тіпті зәулімденіп көрінеді; ежелгі заманнан бері тұрғандай ор тұлғасын айналасындағы жапырақтарын кеңге жайып, тұтаса қатар тізген жүз жылдық ағаштар мен арқаның айналасын шудалаған қалын шалғын тіпті аруақтандырып тұр. Ауланың арғы қойнауында еңселі тұрғын үй көрінеді, оның айналасы да қаптаған ригалар, қой, ат қоралары, астық қоймалары, сарайлар, солардың нақ ортасынан қазылған үлкенұрада шіріп жатқан қон. Мұндайлықты бай фермаларда әдетте қаптаған халық қызу тірлікті қайнатып жатса керек еді, ал мұнда өлі тыныштық. Мал қорасының қақпағы жабық, мал өріске шықпаған, сол маңнан ыңылдаған, мөңіреген дыбыстар естіледі. Астық қоймалары, ат қоралары тарс бекітулі, үйге қарай апаратын жол тап-таза қылып сыпырылған. Әдетте бір-бірімен сапырылысып, қарбаласып жататын тіршілік орныңда тылсым басқандай тыныштық, мүлгіген таулардың жартастан құлаған көлеңкелеріне дейін сұлық міне осының бәрі қосылғанда, адамның көңіліне бір түрлі ауыр мұң ұялатқандай.
Еркек-әйелі бар он екі адам үйдің үлкен бөлмесіне кірер есіктің алдында қатарласа тұрып алып, дауыстарын соза үн қосып: «Отағасы өлді!» — деп зарлана күңіренген де, жүйкені құртатын талай кептерді көрген Женестаның өзінің де еркінен тыс бойы тітіркеніп кеткен. Ол қақпадан үйге жеткенше осы дауыс екі рет қайталады. Бұлар тыныштала бергенде, үйдің ашық тұрған терезесінен дауыс қылып аңыраған әйел даусы естілді.
— Мен біреудің қайғысына куә болып, көлденеңнен киліге алмаймын, — деді Женеста Бенасиге қарай бұрылып.
— Жақындарынан айырылып, қазалы болған үйлерге мен ылғи да барамын, — деп жауап қайырды доктор, — біреу-міреу қайғыдан ауырып қалмады ма екен, кісінің марқұм болғаны анық па екен, мен соны білуім керек. Тайсақтамай менің соңымнан еріңіз; оның үстіне бұл қаралы үлкен жиын, халық көп болады, сондықтан сізді ешкім де байқамайды.
Женеста доктордың соңынан еріп жүре берген-ді; бірінші бөлмеде шыныңда да туған-туыстары лық толы екен. Бұл екеуі сол қалың тобырдың арасынан қысыла-қымтырыла, үлкен қонақ бөлмеден төсек бөлменің есігіне қарай өтті; ал жанағы қонақ бөлме дегендері әрі ас үй, әрі бүкіл отбасының жиналатын жері болса керек: дұрысын айтқанда, бұл анау-мынау отбасы емес, тұтас бір әулеттің тоғысатын орны сияқты, ортадағы үстелдің ұзындығына қарағанда, кем дегенде қырық шақты адам сыятын түрі бар.
Бенаси кіріп келгенде, үстінде қара дүрсін көйлегі бар, шашын тарқатып жіберіп, мәйіттің қолынан қолын алмай зарлап тұрған сымбатты әйел кенет тына қалды. Үстіне ен сәнді киімдері кигізіліп, төсек үстінде ұзыннан созылып жатқан өліктің денесі суыған. Бұл дүниенің шаруасынан ада болып, өзге бір тыныштықта дамылдаған адамның реңі байқалады жүзінен; бетінің екі жағынан көмкерген ақ шұлан бұйра шашынан әлде бір асқақтық әсер білінгендей. Кереуеттің қасында қос жұбайдың балалары мен туыстары тұр, екі жақтың адамдары өзара бірыңғайлана жіктеліп, жарыла бөлінген: сол жақта әйелінің туыстары: он жақта марқұмның туыстары. Еркектер мен әйелдер тізелерін бүгіп шоқынуда, бәрі дерлік егіліп жылап тұр. Айнала жарқырап жанған шырағдан. Аймақтың священнигі мен шіркеудің әншілері бөлменің орта тұсында, беті ашық табыттың қасына орналасқан. Осынау үрім-бұтақты үлкен әулеттің отағасы және қасындағы оны біржолата мәңгілікке жұтып жібергелі тұрған табыт көрер көзге ауыр қазаның қайғылы көрінісін танытқандай.
— Беу, менің мархабатты мырза төрем, сені ең инабатты адамның білік-парасаты да құтқара алмады ғой, — деп зарлады жесір қалған әйел, докторды мензеп, — ендеше бұл құдайдың бұйрығы ғой, сені қабырға менен бұрын әкетіп бара жатқан. Иә, менің қолымды сүйіспеншілік сезіммен қысатын ыстық алақаның суып барады! Мен өмірлік серігімнен айырылдым, мына үй өзінің қамқоршы иесінен айырылды, сен біздің нағыз жебеушіміз едің. Әттен! Сенің ақыл-парасатың мен артықша қадір-қасиетіңе бүгін басында менімен бірге сені жоқтап отырған жандардың бәрі тәнті еді, ал сенің жайдары да ұяң мінезіңді тек мен ғана білуші едім! Жұбайым-ай, қосағым-ай, қайран, бүгін сенімен, мына сенімен мәңгіге қоштасатын болдым-ау, біздің қарағаштай тірегіміз-ай, менің жайсаң мырзам-ай! Сенің шарапатың мен махаббатың бәрімізге, маған да, балаларыңа да ортақ еді, енді бәріміз де сол әкеден айырылдық!
Жесір қалған әйел күйеуінің жансыз денесін қаусыра құшақтап алып, оның суық бетін көз жасымен жуып, жылы еріндерімен құшып сүйіп жатқанда, қызметкерлерінің қосыла жамыраған дауыстары жаңа орнаған тыныштықты қайтадан бұзды:
— Отағасы өлді!
— Иә, деп оларды әйел қостай жөнелді, өлді біздің қымбатты, сүйікті әкеміз; сол еді ғой біздің жейтін нанымызды тауып беріп жүрген, біз үшін егін егіп, астық жинап, мұңсыз етіп жүрген; сол еді ғой бізге жөн үйретіп, өмірде адастырмай алып жүрген. Сені жоқтамағанда кімді жоқтайын, жан жолдасым, көңіліме бір қаяу түсірмеген жанашырым; сен қашанда бізге мейірбан, өмірде қайсар, төзімді жан едің; сені емдейміз деп жаныңды қинаған кезімізде де, періштем-ау, сен қыңқ етпей, басалқы айтып ең: «Жарайды, балапандарым, бұдан енді пайда жоқ», — деп бізді жұбатып ең; ал соның алдында бірнеше күнбұрын ғана: «бәрі де жақсы, достарым!» деп қуантып ең. Құдіреті күшті құдай, айналасы аз-ақ күннің ішінде үйіміз қуаныштан айырылып, құлазып қалды; керер күніміз қаран болды; дүниедегі ең артық, ең адал, ең қадірлі деп жүрген адамымыз көз жұмды; енді саған қандай диқан тең келер, күн-түн демей тау аралап шаршасаң да, үйге жайраңдап, жымия күліп келуші ең. Бәріміз сені жанымыздай жақсы көруші ек! Сен аз күнге ғана жол жүріп кетсең, үйіміз құлазып, жүдеп қалушы еді, сенсіз біз дұрыстап тамақ та ішпеуші едік. Енді қайтіп күн көрерміз, сені қара жердің астына беріп қойып; ақ періштемізден көз жазып, сені кермей жүруге, қалай ғана төзерміз? Көру жоқ енді ешқашан, достар! Көру жоқ енді оны, бауырлар! Көру жоқ енді, балаларым менің! Айырылды олар қамқор әкеден, бауыр бауырдан, дос достан айырылды; ал мен соның бәрінен айырылдым, үйге иесінен айырылды!
Әйел еліктің қолын алып, екі тізесін бүкті де, бетіне бетін тақап келіп, қолынан сүйді. Қызметкерлер үш дүркін қайталап дауыстады:
— Отағасы өлді!
Сол сәтте үлкен ұлы шешесінің қасына келіп:
— Анажан, Сен-Лораннан кісілер келді, оларға шарап құю керек еді, -деді.
— Балам, — деп жауап қатқанда, жаңа дауыс қылып зарлап отырған шешесі енді жайлап қана сабырлы әуенге көшкен, — кілттерді тауып, үйдің ендігі иесі сенсің, оларға дәл әкең бардағыдай ықылас таныт, әке орны ойсырап тұрмасын… Тағы бір қарап мауқымды басайыншы, — деп әйел жоқтау сөзін қайтадан жалғастырды. — Әттең, дүние! Сен менің жанасқанымды сезбейсің, енді оған сенің бойың жылынбайды! Ендігі бір тілегім — сені ақтық сапар алдында жұбатып қалайын: кеудемде жаным тұрғанда сен менің жүрегімдесін; сол жүрекке сен ылғи қуаныш сыйлаушы едің, енді соны еске алып қана, көңілді жұбатармын; сенің жарқын бейнең осы бөлмеде мәңгі сөнбей тұрады. Иә, жасаған мені өзі алып кеткенше, сен осындасың. Құдай қосқан қосағым, есті осы сөзімді. Мына қасиетті төсегіңді сол күйінде сақтауға ант етемін. Қашанда бұл төсекте бірге едік, енді өгейсіп, салқын тартып, жалғыз қалды. Сен кеттің де, әйелдің басына қонған бақыттың бәрі ұшты; үйдің иесі, жардың жұбайы, балалардың әкесі, өмірлік серігім, сүйікті жарым, қысқасы, бәрі-бәрінен айырылдым.
— Отағасы өлді! — қызметкерлер тағы да дауыс қосып жария етті.
Осы дауысты өзгелер де қостап күңіренген кезде тұл әйел бөліне қыстырған қайшысын алды да, бұрымынан ұзын бір уыс шашын қиып алып, өліктің қолына қыстырды. Жұрттың бәрі тым-тырыс болды.
— Бұл қылығы енді қайтып күйеуге шықпаймын деген ниеттің белгісі, — деді Бенаси. Туыстарының күтіп тұрғаны да осы болатын.
— Ал осыны, менің сүйікті әміршім! әйел даусы дірілдеп осы сөздерді айтқанда, барлық жүректер түгел елжіреген еді. Адалдықтың осы белгісін менің антым деп қабылда да, қабіріңде сақта. Біз енді мәңгі-бақи біргеміз, мен сенің ұрпағыңды аялап өсіру үшін жаныңды жасартып өткен балаларыңнан кетпеймін. Есті осы сөзімді, өмірімдегі жалғыз қымбатым, асыл жарым! Сен марқұм болсаң да, менің әміршім болып қаласың, сенің аруағыңды ардақтап, ырқына көніп өтемін!
Доктор Женестаны қолынан ұстап, өзіне қарай икемдеді де, олар сыртқа қарай беттеді. Бірінші бөлмеде жұрт лық толы екен, таудағы көршілес қауымнан дос кісілер келіпті; жұрттың бәрі үнсіз мүлгіп отыр; мына үйдің қайғы-қасіреті баршаның көңілін билеп алған.
Бенаси мен офицер табалдырықтан аттай бергенде, әлдекімнің өлген кісінің баласына берген сауалы құлаққа шалынды.
— Ол қашан жан тәсілім болды?
— Мен оның ақтық демі біткенін көре алғаным жоқ, — деп ағынан жарылды жиырма бестер шамасындағы жігіт. — Ол мені шақырған екен, бірақ мен алыста едім!
Сөйтті де, жігіт еңіреп қоя берді, сонсоң сөзін қайтара жалғастырды:
— Алдында ғана ол маған айтқан: «Ұлым, осы қазір селоға жөнелші, салықты төлеу керек еді; менің жаназамды шығарып жатқанда уақыт өтіп кетеді, ал біз бұрын олай уақытты өткізіп көргеміз жоқ «, — деді. Осыны айтқанда, бойы аздап жеңілейген болды. Сонсоң мен кетіп қалдым. Ол мен жоқта қайтыс болды, оған дейін ешқашан қасынан кетіп көрген жоқ едім.
— Отағасы өлді! — деген қызметкерлердің даусы естілді.
— Әттең! Ол өлді, бірақ оның соңғы көз жанары маған бұйырмады, ақтық деміне де мен куә бола алмадым. Сонда салық жайын несіне ойлады екен байғұс? Мейлі, бар ақша күйе берсін, үйден кетпеуім керек еді! Оның соңғы рет бақылдық айтқан сөзіне барлық дүние-мал жетер ме? Жетпейді! Алда, тәңірі-ай! Әкең ауырса, қасынан аттап шықпа. Әйтпесе жан өкініші кетпейді ойыңнан.
— Бері қарашы, достым, — деді оған офицер, — мен ұрыс даласында мыңдаған адамдардың қаза тапқаның көрдім, сонда ажал олардың бірде-біреуінің балалары келіп қоштассын деп күтіп тұрған емес; сабыр етіңіз, жалғыз сіз емессіз!
— Бірақ, менің әкем, тақсыр-ау, ерекше еді ғой, — деп жігіт қарсы дау айтты, — менің әкем сондай ізгі адам еді!
— Жоқтау, — деді Бенаси, доктор екеуі ферманың қызмет бөлімшелеріне қарай кетіп бара жатқанда, — мәйітті табытқа салғанға дейін басылмайды, ал жесір қалған әйелдің дауыс қылуы одан сайын өршіп, күңірене түсетін болады. Шыныңда мұндайлық инабатты жұртшылық алдында осылай ағынан жарыла сұңқылдап сөз айту абыройына тек күнәдан пәк әйелдер ғана ие болады. Егер жесір әйел әлде бір жерден жаза басып кінәлі болса, бұлай деп бір ауыз сөз айта алмас еді, әйтпеген күнде ол өзін-өзі әшкерелеп, өзін-өзі жазалаған болар еді. Қазылар алдына өлі мен тірінің осылай қатар келіп арыздасуы деген тамаша дәстүр емес пе? Әйелдің қаралы киім киіп, қара жамылуы бір апта өткеннен кейін, тағы да жұрт жиналған кезде болады. Оған дейін бір апта бойы туған-туыстар марқұмның бала-шағасының қасында болады, солардың шаруасын бірыңғайлауға көмектеседі, өздерін жұбатады. Осының өзі адамның ақыл-ойына игі әсерін тигізеді, теріс істерден тежейді, өйткені жұрт жиналған жерде әркім жұрттың ғайбат сөзіне ілігіп қалмайын деп абай болады. Ақыр-аяғында, сол қаралы киім киілген күні өлікке дұға оқылып, ас беріледі; туған-туыстары содан кейін ғана тарасады. Осының барлығына зор мән беріледі, өйткені үйдің отағасы қайтыс болып жатқанда оған келіп бақылдаспаған адамның жаназасына ешкім келмеген де болар еді.
Осы тұста әлгі екі кісі ферманың қосалқы қызмет бөлімшелеріне тақап келген еді, доктор
мал қораларының қалай жасалғаның көрсету үшін қораның есігін аша берген.
— Байқаңызшы, капитан, біздегі қора-көпсылардың барлығы да дәл осындай қылып бір үлгімен жасалған. Тамаша емес пе, расында да?.
Кең жайлау қора-жайды көргенде, Женеста таң-тамашаға қалды — сиырлар мен бұқалар құйрықтарын қабырғаға беріп, бастарын бері қарата, екі қатардан тізіліп тұр. Бір-бір малға арналған жеке қоршауларының ара-арасы әжептәуір алшақ: ағаштан айқастырып жасалған торкөздерден сояудай болып малдың мүйіздері, жылт-жылт еткен көздері көрінеді. Иесі бір кіріп шыққанда-ақ бар малдың жай-күйін тегіс көретіндей. Жем-шөп ерекше үлгімен жасалған жайма астау арқылы шөп қорадан тура оттыққа әкеліп түсіріледі, ешқандай ысырап жоқ. Қораның жер еденіне төсеніш төселген, әрбір тордың аралығы тазалап сыпырылған; ауасы желдеткішпен тазартылып тұрады.
— Қыстыгүні, — деп әңгімелейді Бенаси Женестаны қораның ішімен жайлап қыдыртып жүріп, жұрт мына алаңдарға отырмаққа жиналады да, жұмысты бірігіп атқарысады. Жағалай үстелдер қойылады да, жұрттың бәрі келіп тегін жылынады. Қой қоралар да дәл осындай үлгімен жасалған. Сіз айтса сенбессіз, ал бірақ мал дегенің тәртіпке оңай көндігеді екен ғой: олар өрістен қайтқанда талай рет байқағаным бар. Әрбір сиыр өзінің тұрақ жайына қашан өтетін кезін айқын біледі де, түпкірдегі сиырлар өтіп болғанша кезегін күтіп тұрады. Қараңызшы! Әрбір малдың мекен-жайында орын жеткілікті сиырды емін-еркін саууға да, үстін тазартуға да мүмкіндік бар; едені бір жағына қарай ойыстырып төселген; малдың қи-сарығы тез ағып кетеді.
— Малдың қорасына қарап, басқа жайларды да аңғаруға боларлықтай, — деді Женеста. Жарамсақсыз-ақ айтайын: сіздің еңбегіңіздің игілігі керемет екен.
— Бұған қол жеткізу оңайлықпен болған жоқ, — дейді Бенаси оған жауап қайырып, бірақ малдарына қарасаңызшы!
— Айтары жоқ, сіз бекер мақтамайсыз иесін, — деп офицер қостап жатыр.
— Ал енді, — деп жалғастырды сөзін доктор, — бұлар аттарына мініп, қақпадан шыға бергенде, төтесінен тартып, жаңа көтерілген тың жердің егінін көре кетейік, біздің қауымның Бос деген аңғарын айтып едім ғой Сізге.
— Салт атты жолаушылар келістіріп бапталған егістік жерлермен бірер сағаттай жүрген; Женеста докторды сол жерлердің тамаша өңделуімен құттықтады; олар аттардың жүрісіне қарай бірде әңгімелесіп, бірде сөзді доғарып келе жатып, тауды айналып өтті де, селенге келіп тірелетін жерлерге қайтып оралды.
— Кеше, — деді Бенаси Женестаға қарай бұрылып, бұлар жіңішке сайдан өтіп, кен аңғарға шыққан кезде, мен сізге Наполеон құлағаннан кейін әскерден қайтып келген солдатты көрсетемін деп едім ғой. Байқауымша, енді бірнеше қадам жер жүргеннен кейін, біз оны жолықтырамыз-ау деймін, анау көлдің таудан аққан бұлақтармен ілесіп келген шайынды балшығын тазартып жатқан сол кісінің өзі болса керек. Сіздің назарыңызды аудара түсу үшін, оның өмірі жайлы айта кеткен теріс болмас. Фамилиясы Гондрен. Мың да жеті жүз тоқсан екінші жылы, он сегіз жасында, жігіттерді әскерге алып жатқанда, бұл зеңбірек бөлімшесіне жазылған. Қарапайым солдат, Наполеонның Италия жорықтарына қатысады, Мысырда да болады, Амьен бітімі жасалғаннан кейін Шығыстан қайтып келеді; сонсоң Империя күндерінде ол гвардияшы понтоншылар полкына ауыстырылады да, ұзақ уақыт Германияда болады. Ақыр-аяғыңда бейшара жігітті Ресей соғысына жібереді.
— Біз тіпті туыс болып шықтық қой, — деп қалды Женеста, — мен де қатынасқанмын ол жорықтарға. Сондай кереғар ауа райының кереметтеріне төзу үшін темірдей мықты денсаулық керек қой. Құдай ақы, Мысыр, Германия, Португалия және Ресей жерлерін шарлаған, сөйтіп келіп, әлі өз аяғымен жүрген адамның өміріне Алла Тағаланың өзі кепілдік берген шығар-ақ!
— Ендеше сондай ерді енді өз көзіңізбен көресіз, деп жалғастырды әңгімесін Бенаси. Соғыста талқандалу дегеннің не екенін өзіңіз білесіз, оны айтып жатпай-ақ қояйын. Біздің солдат кейін әскерлеріміз өткен Березина өзенінен көпір салған понтоншылардың ішіңде болған ғой, соның алғашқы тіреулерін бекіту үшін ол белуардан суға түседі. Гондреннің айтуынша, понтоншылардың қолбасшысы генерал Эбленің әскерлері ішінде бұл жұмыстан бас тартпаған қырық екі ғана ер жүрек адам табылады. Генералдың өзі де суға түсіп, жаңағыларды жігерлендіріп тұрады; әрқайсысына мың франкілік зейнетақы алып беремін, Құрметті легион орденін бергіземін деп көңілдендіреді. Березинаның суына алдымен түскен жауынгердің бір аяғын сел жұлып кетеді де, іле-шала өзін де ағызып әкетеді. Бұл әрекеттің немен біткенін естісеңіз, оның қандай азап-бейнеті болғаның да біле берерсіз: Жаңағы қырық екі понтоншыдан жалғыз-ақ Гондрен тірі қалған ғой. Отыз тоғызы Березинадан өткен кезде қаза болған да, екеуі поляк лазаретінде жан тапсырған. Ал біздің солдат байғұс Вильнодан мың сегіз жүз он төртінші жылы, Бурбондар қайтып орнағаннан кейін ғана қашып шыға алған.
Гондрен көзінің жасын төкпей айта алмайтын генерал Эбле қайтыс болады. Екі құлағы керең болып, өзі әбден қалжыраған сауатсыз көпірші еш жерден не пайда, не қорғаныш таба алмайды. Ақыры, қайыршылап, Парижге жетеді ол, соғыс министрлігіндегі кенселердің табалдырығын тоздырады. Сондағы сұрайтыны баяғы уәделі мың франкілік зейнетақы немесе Құрметті легионның ордені емес, тек қана запасқа жіберу; әскердегі жиырма екі жыл қызметтен, қаншама екенін бір құдайдың өзі ғана білетін талай жорықтардан кейін, бұған әбден хақысы бар емес пе, бірақ оған сол жылдар ішіндегі жалақысынан да, жол шығындарынан да, зейнетақыдан да түк тимейді: Солардың соңында бір жыл салпақтап жүріп түк шығара алмай, тіпті бір кезде өзі ажалдан құтқарып қалған адамдардан да еш қайыр көрмей, бәрінен түңілген де, өзінің тағдыр-талайына мойынсұнған; сөйтіп, осы өңірге қайтып келген.
Қазір осы атаусыз қалған қаһарман арық қазып, әр туазына он судан майда алады. Қайда күй-батпақ болса сонда жүреді, «сондай шаруаға мердігерлік алғанмын» — дейді де, бірде-бір қара жұмысшы тәуекел етпейтін бейнетке бұл барады. Батпақты құрғатады, суармалы алаптарға арық тартады, сөйтіп күніне үш франк ақша табады. Құлағы керең болған соң бет әлпетінде не ажар болсын, үнемі түнерген қалпы, өзі табиғатында сөзуар болмаған адам, бірақ жан дүниесі бай!
Біз онымен жақсы дос-жармыз. Аустерлин соғысының жылдық мерекелерінде, императордың туған күнінде, Ватерлоо түбіндегі жеңілісті еске алғанда, ол маған қонақ болып кетеді; сондай астардан кейін мен оған бір наполеондор беремін; сол оған үш ай шарапқа жетеді. Қарт солдатқа менің көрсеткен құрметімді бүкіл қауым қостайды; соған дәм татқызуға бәрі құштар. Ал өзі намыс үшін жұмыс істейді. Менен үлгі алған жұрттың бәрі, тіпті кез келген үй, оған қошемет көрсетіп, қонақасыға шақырып тұрады. Мен бірде оған жиырма франкілік майда ақшаны зорға деп алғызғаным бар: Императордың суреті бар деген соң ғана алды. Өзіне көрсетілген әділетсіздік намысына қатты тиген, бірақ ол зейнетақыдан гөрі Құрметті легион орденін ала алмай қалғаныңа көбірек күйінетін тәрізді. Көңілінде жалғыз-ақ жұбаныш бар: манағы көпірлер салынып біткеннен кейін генерал Эбле тірі қалған понтоншыларды императорға апарып таныстырған ғой, сонда Наполеон біздің Гондрен байғұсты құшақтап, кеудесіне басқан екен; кім біледі, императордың сол мейірі болмаса, бұл баяғыда-ақ өліп қалар ма еді, қайтер еді; ол осы естелікті жаныңа медет тұтады және Наполеон қайтып келер деп үміттенеді; император өлді деп ешкім оны сендіре алмайды; ол Наполеонды ағылшындардың қолында тұтқында деп ойлайды, сондықтан ол, менің ойымша, қазіргі саяхат шегіп, рақат тауып жүрген өлермендердің ақсақалын жай ғана өлтіре салудан тайынбайтын сияқты.
— Кеттік! Кеттік! манадан бері доктордың әңгімесін дымын ішіне тарта тыңдап келе жатқан Женеста селт етіп ұйқыдан оянғандай дауыстап жіберді. Кеттік шапшаңырақ, мен оны көруге құштармын.
Сонсоң қос салт аттылы сау желіске салып, жеделдете жүріп кетті.
— Екінші бір солдат бар, — деп Бенаси тағы сөз бастады, ол да өмірін жорықта өткізген темірдей берік жандардың бірі. Француз солдаттарының барлығы сияқты, оның көрген күні атыс, айқас болған, жеңісті де көрген; көп қасірет шеккен, бірақ киіз погоннан басқа иығына ештеңе ілмеген. Өзі көңілді кісі, Наполеонды құдайдай көреді, Валутина түбіндегі шайқаста қолынан Құрметті легион орденін алған. Дофиненің перзенті болғандықтан барлық істе тәртіп сақтайды, сондықтан зейнетақы алады, орденге алатын қосымшасы тағы бар. Жаяу әскердің жауынгері болған бұл жігіттің ныспысы Гогла, бір мың сегіз жүз он екінші жылы Наполеонның гвардиясына кіріпті. Бір есептен оны Гондреннің экономкасы десе де болады; бір хат тасушының жесірінің үйінде екеуі бірге тұрады, барлық тапқан ақшаларын сол әйелге береді; ізгі мінезді кемпір байғұс соларға баспана берген, тамақтарын істеп берген, киіндірген; жанашыр туыстарындай күткен. Гогла деревняға пошта тасиды. Қызметі сондай болған соң, кантонда болып жатқан жаңалықтардың бәрін сол біледі; сондықтан жұрт жиналған жердегі сөйлегіш атанған тілбезер; Гондрен оны керемет тапқыр, қу көреді. Гогла Наполеон жайында әңгіме айтқанда, бұл оны ернінің жыбырлауына қарап түсінеді. Егер бүгін кешке, әдеттегідей менің бір сарайыма жұрт отырмаққа жиналып, бас қоса қалса, біз байқаусыз араларына кіріп кетеміз; сөйтіп, мен сізді қызыққа батырамын. Мынау қазып жатқан соның арығы, бірақ менің понтоншы досым көрінбейді бұл арада.
Доктор мен офицер айналаны көз тоқтата шолып шықты; ал мына жерде жайрап, оның күрегі, кетпені, тәшке арбасы жатыр; үйме топырақтың арасында Гондреннің үстіне киіп жүрген солдат күртесі көрінеді, бірақ тастақ жолдың бойында өзі қара көрсетпейді; жол деп тұрғандары жол да емес, жай әншейін ирелендеген жырақана,үстінен шөп өсіп кеткен; астынан сылдырап жайдақ су ағатын болуы керек.
— Ол осы маңда бір жерде болуы керек. Ей, Гондрен! — деп дауыстады Бенаси.
Сол кезде Женестаның байқағаны, үйеме топырақтың ар жағындағы бұталардың арасынан селдіреп шыққан темекінің түтіні білінеді екен, докторға соны нұсқады; ол тағы да дауыстады. Сәлден кейін понтоншы басын қылтитып қарады да, мэрді танып, жіңішке соқпақпен төмен қарай түсті.
— Ей, қарт! — деп айқайлады оған Бенаси, екі алақаның дабылға ұқсатып дөңгелете қалқалап, мінеки, туысың келді саған сонау Мысырдан, сенімен таныспақшы.
Гондрен басын жоғары көтеріп алып, Женестаға ұзақ уақыт қадала қарап қалды; қай жақтан пәле келіп қалады деп қаупейлеген қарт солдаттың әккі көзқарасы еді. Бір кезде оның қызыл жолақ орден белгілерін көрді де, офицерге үнсіз сәлем қылды.
— Кішкентай капрал тірі болған да, деп айқайлап сөйледі оған Женеста, сен орден де алатын едің, зейнетақыға да қарқ болатын едің, өйткені сен қазіргі эполет тағып талтаңдап жүргендер мен мың да сегіз жүз он екінші жылдың қараша айында өзеннің оң жақ жағалауына өтіп үлгергендердің талайын ажалдан арашалап қалдың ғой. Әттең, достым, -деді офицер тағы да; сөйтті де өзі аттан түсіп жан жүрегі елжіреп келіп, Гондреннің қолын қысты, әттең, мен әскери министр емеспін.
Понтоншы шал осы сөздерді естігенде тұла бойы қалшылдап кетті де, ізінше басын төмен салбыратып жіберді, сонсоң асықпай қорқорының күлін қағып, қалтасына салып алғаннан кейін тілге келді:
— Мен өзімнің борышымды атқардым, офицер мырза, тек басқалар ғой атқармай кеткен; солар — мені қорлаған. Қағаз сұрады менен! «Қайдағы қағаз? — деймін мен оларға, — жиырма тоғызыншы бюллетень бар ма? — сол менің қағаздарым!»
— Әлі де ізден, жарқыным. Қазір, қолдаушың бар боп тұрғанда сөзсіз әділдікке жетесін.
— Әділдік дейді? — қарт понтоншы осы сөзді тіксініп айтқанда, дәрігер мен офицердің де аза бойлары тік тұрған.
Бәрінде де үн жоқ, екі жолаушы Наполеонның бір кезде үш ұрпақтан іріктеп алған болаттай берік легионынан қалған осы бір жарықшаққа қарап қалған. Гондрен қираса да берілмеген жеңімпаз жойқын әскердің шын мәнісіндегі жарқын үлгісі еді. Шалдың бойы тығыншықтай ап-аласа, ал кеудесі талыстай, жауырыны қақпақтай; желқақты болып, әжім басқан бетінде жыбыр-жыбыр етіп бүлкілдеп тұрған бұлшық еттерінен жауынгер айбынынын ізі айқын танылады. Түсі суық, жазық маңдайы бейне бір мәрмәр тастан қашалғандай; ал бірақ сұйық шашының жидіп әр жерде бір шашыраған ақ шулан талдарын қалжыраған бастың құйқасы әзер көтеріп тұрғандай еді; керісінше, жүндес қолдары мен кенеп көйлегінің ашық жағасынан қылшығы бұрқыраған кеудесінде әлі де көп қайрат сақталған. Өзі де қисық аяқтарын қаққан қазықтай тапжылтпай, қасқая қарап тұр.
— Әділдік дейсіз бе? — деді ол әлгі сөзін қайталап. Ол біздің ағайынға бұйырмаған нәрсе! Бізде соттың приставтары жоқ, біздің сыбағамызды даулап жүретін адам табылмайды бұл арадан. Ал мына желқапты толтыру керек, деді де, өзінің қарның өзі нұқып қалды, сондықтан бізде басқаға уақыт жоқ. Кеңселерде бұғып алып, бой жылытып отырған төрешіктердің құрғақ сөзіне қарын тоймайды, сондықтан мен ортақ қазаннан несібелес болайын деп осы араға қайтып оралдым, осыны айтты да, ол күрегімен батпақты былш еткізіп ұрып қалды.
— Бұған төзуге болмайды, қарт жолдас, — деді Женеста. Мен өз өмірім үшін саған қарыздармын, сондықтан саған септесін қолымды ұсынбасам, қадір білмес найсап болып шығар едім. Мен білемін ғой, Березинаның көпірлерінен қалай өткенімді, соны ұмытпаған
талай дарқан жігіттерді де білемін. Солар да маған үн қосар, сөйтіп, отан сенің сіңірген еңбегіңді лайығымен бағалайтын болар.
— Бонапартшыл деген атаққа қаласыз! Одан да бұл іске араласпаңыз, офицер мырза. Енді бәрібір, мен итшілеп келіп тылға жеттім де, жарылмаған бомбаға ұқсап, жердің астына көмілдім. Бірақ бір нәрсені ескермеппін. Түйеге мініп құмды шөлден өткенде де, Мәскеудегі өрттің жалыныңа қақталып тұрып, шарабына ерін тигізгенімде де мынау ата-анам отырғызған ағаштардың түбіне келіп өлерімді білмеппін, — деді де, ол өзінің шаруасына кірісіп кетті.
— Қайтсін, байғұс шал, — деді күбірлеп Женеста, оның орнында мен болсам да осылай істер едім; әкеміз біздің келмеске кетті.
— Тақсыр, енді ол дәрігерге қарап сөйледі, мына кісінің көнбістігі маған өте ауыр әсер етті; ол үшін менің қандай қиналғанымды өзі білмейді ғой, мені де сол алтындаған жалтырақ мундир киіп алып, солдаттың жай-күйін ойламайтын оңбағандардың біріне жатқыза салды-ау, сірә.
Ол атын кейін қарай кілт бұрды да, барып понтошының қолын ұстап алып, тура құлағына айқайлады:
— Мына менің кеудемде жарқырап тұрған, бір замандарда ар-намыстың белгісі болған орденді аузыма алып ант етейін, адам қолынан келетін істердің бәрін істейін, қайткенде де саған зейнетақы алып берейін, министрдің қаншама қол сермегеніне де көнейін, тіпті короліне, дофиніне тағы басқа әулиелерге дейін барайын!
Осы сөздерді естігенде, Гондрен шалдың тұла бойы қалшылдап кетті, ол Женестаға қадала қарап тұрып:
— Сонда сіз өзіңіз де қатардағы солдат болдыңыз ғой? — деді.
Офицер басын изеді. Сол кезде Гондрен екі алақаның ысқылап тұрып келіп, Женестаның қолын алды да, мықтап қысып тұрып, тағы сөйледі:
— Генерал мырза, мен сол жолы суға түскенде, армия үшін өмірімді құрбан етейін деп едім; күні бүгінге дейін тірі жүрсем, ол да құдайдың бергені екен. Ал енді, тақсыр, менің сөзіме құлақ қойыңыз, иманымды үйіріп тұрып айтайын: Ана кісіні кеудеге итеріп тастағаннан кейін, мен дүниенің бәрінен безгенмін. Амал қайсы, маған осы жерді бұйыртқаннан кейін, — деп ол кекесінмен аяғының астындағы жерді нұсқады, — мен өзіме тиісті жиырма мың долларды, былайша айтқанда, тірнектеп алып жүрмін.
— Жарайды, достым, — деді Женеста Гондреннің ізгі жандылығы мен кешірімшілдігіне қайран қалып, ал бірақ менің мына сыйымды алуға қарсы болмассың.
Осы сөзді айтты да, офицер өзінің кеудесін нұқып көрсетіп, понтоншыға елжіреп қарап тұрды; сонсоң атына ырғып мініп, Бенасимен бірге желе шоқытып жүріп кетті.
— Өкіметтің қаталдығы кедейлерді байларға қарсы соғысқа айдап салады, — деді доктор. -Белгілі бір уақыт шеңберінде өкімет билігі сеніп тапсырылған адамдар өздерінің халық жөнінде жасаған әділетсіз істерінің сөзсіз салдары жайында еш уақытта байыптап ойланған емес. Рас, кедей адам өзінің күнкөрістік наның тауып жеп жүргендіктен, ұзақ уақыт күресе алмайды, бірақ ол зар шеккен барлық жүректерден үндестік табады. Заңсыздықтан жапа шеккен бір адамның зары сол заңсыздыққа наразы болып жүрген барлық адамдардың зарына көбейтіледі, сөйтіп, ашытқы бұрқырай бастайды. Бірақ бұл да ештеңе емес, осыдан жинала келіп, ең үлкен зұлымдық туындайды. Әділетсіз қылықтар қоғамның жоғарғы жағына қарсы халықтың булыққан өшпенділігін өршіте түседі. Сол себептен де буржуа кедейдің жауы, ол мұны заңнан тыс қояды, алдап-сулайды, ұрлап-қорлайды. Кедей үшін ұрлық қылмыс емес, зұлымдық емес, кек. Егер билікші әділдік көрсетудің орныңа кішкентай адамдарға қиянат жасайтын болса, олардың өздері жеңіп алған құқықтарын аяққа басатын болса, онда сол қайыршылыққа ұшыраған аш-арық адамдардан өз талайына бағып, өзгенің меншігін құрметте деп қалай талап етуге болады? Маған жаңағы Гондренге берілуге тиісті мың франкілік зейнетақыны кенсе қағаздарының тозаңын қағып отыратын бір лауазымды егеуқұйрық пайдаланып отыр-ау деген ой келгенде, тұла бойым түршігіп кетті. Ал осыдан кейін қайғы-қасірет дегеннен түк хабары жоқ біреулердің халықты тым кекшіл деп кінәлайтының қайтерсің! Егер үкімет жеке адамдарға рақаттың орныңа азап әкелетін болса, ондай үкіметті құлата салу сәті келгенде оп-оңай жүзеге асады; халық одан кегін алған болып шығады. Мемлекет адамы кедейлердің жағдайына ылғи да сот әділдігінің көзімен қарауға тиіс; өйткені ол тек кедейлер үшін ғана жасалған!
Бұлар селеннің ішіне кіріп, көшемен келе жатқанда, қарсы алдарында аяқтарын ілбіп басқан көрі шал мен қасындағы кемпірін көздері шалды. Шалдың буындары тартылып қалған болуы керек, ескі шәркей киген аяқтарын сүйрете басып, зорға кетіп барады. Иығында асып алған дорбасы бар, одан әр түрлі аспап-саймандардың бастары қылтиып көрінеді; Кейбіреулерінің кір-кір, май-май болған саптары сорайып тұр; дорбаның екінші бір жартысында нан, бірнеше домалақ жуа, жаңғақ секілді тағамдар.
Шалдың аяқтары қисайып кеткен. Өзі де бүкірейіп, жұмыс үстінде отыра-отыра белі әбден бүктеліп қалған, ұзын таяққа сүйеніп зорға жылжиды. Сыртынан жуан жіппен көктеген, жалпақ жиекті, күн қақты қалпағының астынан аппақ шашы шашырап көрінеді. Үстіндегі қатқыл кенептен тігілген киімі ала-құла жамаудан түсін өзгертіп, шұбар-ала болып кеткен. Дүниедегі барлық заттардың салдама тамтығы ішіндегі ең аяныштысы қартайған адамның салдамасы болса, мына қарттың басында соның барлық бишаралығы түгел бар еді. Қасындағы әйелінің басында еш адам түсініп болмайтын бір кепеш, оның үсті-басы да қомыт, бірақ денесі шалынан гөрі тікшілдеу, арқасында таңып алған жұқалау сопақша қыш құмырасы бар, оны екі құлағынан белбеу өткізіп, мықтап бекітіпті. Арттарынан келе жатқан ат тұяқтарының тықырын естіп, кейін қарай бұрыла қараған екі жаяу Бенасиді танып тоқтай қалды. Оларға көз тоқтатып қараудың өзі бір қасірет еді; өмір бойғы жұмыстан әбден діңкесі құрыған шал және оның айырылмас серігі, ол да жарымжан, екеуінің де бет-ажарлары күнге, ыстық-суыққа әбден қақталған, бет-ауыздарын айғыз-айғыз әжім басып, табиғи тұрпаттарынан түк қалмаған.
Осынау қарт пен қарияның өмір тарихы олардың бет әлпетінде осылай жазулы болмаса да, оны түрлеріне қарап-ақ анықтауға болар еді. Олар бүкіл өмірлерінде қол ұстасып бірге жұмыс істеген, қол ұстасып бірге қасірет шеккен; көптеген қасірет пен аздаған қуанышты бірдей бөліскен: тұтқынның қараңғы зынданға бой үйрететіні сияқты, бұлар да өздерінің қасекі тағдырларына еттерін үйреткен; тұла бойлары тұнып тұрған ақ жүректік. Бет-ажарларынан ізгілік пен ақпейілділіктің нұры шашып тұр. Өздерімен жақынырақ таныса келгенде, олардың маңдайына жазылған кедейліктің таңбасына көлденең кісі қызығарлықтай еді. Бет әлпеттеріне қарап тұрсаң, бастарынан кешкен қасіретті айтпай-ақ танисың, бірақ соған мұқалмағандары және анық байқалады.
— Ал, қалай, Моро атай, әлі де жұмысқа құлшынып жүрсіз бе?
— Иә, Бенаси мырза. Өліп қалмай тұрғанда, сіздің әлі де екі-үш тобылғылы тәліміңізді жыртып бермекпін, — деп әзілдегенде, шалдың қара көздері жайнап кеткен-ді;
— Мына әйеліңіздің арқалап әкеле жатқаны шарап емес пе? Жан тыныштығын ойламайтын болсаңыздар, әйтеуір шарап ішіп тұрғайсыздар.
— Жан тыныштығы дейсіз бе? Жанның жабырқауы ғой ол! Күн көзінде тұрып, бір жаңа өскіннің бетін аршысаң, күн көзі мен ауадан бойға қуат дариды. Ал осының өзі — нағыз шараптың тұрған жері; тақсыр, сол шарапты Куртейль мэрі мырзадан сіздің мархабатыңызбен тегін алып жүргенімізді мен білемін. Е, қалай қулыққа салсаңыз да, бізді алдай алмайсыз.
— Ал, қош болыңыздар. Шанферлюдің теліміне қарай бара жатырсыздар-ау, шамасы, бәйбіше, солай ма?
— Иә, тақсыр, кеше кешкілік бастағанбыз.
— Сәттілік тілеймін, — деді Бенаси. Осы тауға қарағанда, өздеріңіз де бір ләззат алатын шығарсыздар: түгелдей өздеріңіз жырттыңыздар ғой.
— Өйтпегенде ше, тақсыр, деп жауап қайырды қария. Біздің еңбегіміз. Бір үзім нанға тұратын еңбек сіңірдік!
— Көрдіңіз бе, — деді Бенаси офицерге қарап, еңбек ету, жер өңдеу кедейлерге мемлекеттің беріп қойған рентасы осындай. Қарекетсіздікті немесе қайыршылықты шал өзіне масқаралық деп санар еді. Ол ашық далада, күн көзінің астында қолына кетпенін ұстап жатып өлгенді қалар еді. Расында да, қайсар шал! Ол ылғи жұмыс үстінде болатын, сол жұмыс бірте-бірте оның өміріне айналып кетті, ал бірақ ол өлімнен де қорықпайды, өзінің көзқарасында терең философиялық сипат бар екенін сезбейді. Диқандар үшін, батрақтар үшін қысқасы, бүкіл өмір бойы енбек етіп келіп, қартайған шағында аш-жалаңаш, қайыршы болып өлетін барлық адал ниетті шаруалар үшін мына біздің кантонда баспана жасау керек деген ойға мені итермелеген нақ осы, Моро шал болатын.
Тақсыр, менің осы жерден байыйын деген ойым болған жоқ, оның маған түкке де керегі жоқ. Өзінің барлық үмітін үзген адамға көп нәрсе керек пе, сірә? Өмір дегенін тек жалқаулар мен жатып-ішерлер үшін ғана қымбатқа түседі, өйткені бұл әлеуметтік ұрлыққа жатады. Наполеон өзі құлағаннан кейін, оның күтіміне жұмсалатын шығындар жөнінде талас туып жатқаның естігенде айтқан екен: менің тұрмыс қажетіме бір ат пен күніне бір экю болса жетеді деп. Мен осы жерге келіп орналасқаннан кейін ақшадан бас тартқан едім, ал содан былай мен ақшаның қаншалықты әлуетті екенін білдім; егер өзін біреулерге жақсылық істегің келсе ақша қажет екенін білдім. Сонымен, мен өзімнің үйімді үй-күйсіз бейшара қарттарға баспана ретінде пайдалансын деген өсиет қалдырдым; онда Моро сияқты өр-көкіректерден басқа мұқтаждар өздерінің қалған өмірлерін өткізулеріне болады. Сонсоң менің жерім мен диірменнен түсетін тоғыз франкі кірістің азын-аулағы қыстың қатал күндерінде кантондағы ең кедей отбасыларына көмек көрсету үшін жұмсалады. Мұнымен шұғылданатын мекеме муниципалитет кенесінің бақылауында болады, ал оның қамқорлығына мен кюрені тағайындағым келеді. Сөйтіп, менің бұл жерде, осы кантонда көлденеңнен тапқан байлығым басқа ешқайда кетпейтін болады.
Мұндай баспананың жарғысы менің жазба өсиетімде айтылады. Оны егжей-тегжейлеп айтсам, әрине, сізді зеріктіріп алармын; бірақ мен мына бір жайтты атап айтқым келеді: мен барлық жағдаятты ескердім-ау деп ойлаймын; ең арғысы қолөнер мен ғылымға икемі бар балаларды оқытуға қауымның өз мүмкіндігі болуы үшін ақшалай сақтық қор жасадым. Сонымен, өзім бастаған өркениет ісі мен өлгеннен кейін де жалғастырыла береді.
Көрдіңіз бе, капитан Блюто, бір игілікті істі ойға алған болсаң, жан дүниең соңы аяқсыз қалдыртпайды. Тәртіп пен тәмамдылыққа ұмтылыс жақсы болашақтың ең сенімді кепілі. Қане, жолда көп айналшықтай бермейік, мен тағы да бес-алты науқасты барып көруім керек.
Бұлар біршама уақыт үнсіз жүрді, сонсоң бір кезде Бенаси жол серігіне қарап күлді:
— Бәрекелді, капитан Блюто, мен сіздің сұрағыңызға елігіп, сауысқанша шықылықтай беріппін ғой, ал сіз өз өміріңіз туралы ләм демейсіз; шындығында ол өте қызғылықты болар. Сіздің жасыңыздағы солдат өмірде талай кепті бастан кешкен-ақ шығар, соның әңгімесін баяндасаныз.
— Не әңгімелейтіні бар, — дейді Женеста, менің өмірім әскердегі өмір. Барлық әскери адамдардың тірлігі бір қалыпта. Менің үлкен атағым болған жоқ, кәдімгі қылышпен шабу немесе шабылу, басқалар сияқты мен де сөйттім. Наполеон қалай қарай бастаса, солай қарай ере бердік: император гвардиясы ерекше ерлік көрсеткен шайқастардың барлығында алдынғы шепте жүрдік. Ол жұрттың бәріне белгілі жайт. Атыңды күту, кейде аштықтан үздігіп, шөлден қаталау, қажет болса қандасып айқасу, мінеки, солдаттың өмірі деген. Бар болмысы сол ғана.
Кейде біздің ағайындардың айқастағы нәтижесі тіпті аттың тағасына да байланысты болады, сол дұрыс болмаса да полете ұрынуың оп-оңай! Ал жалпы айтқанда, мен талай елдерді көрдім, көбінен көз алдымда елес қана қалды, мен өлімнің де талайын көрдім нәтижесінде өз өмірімнің қадірі кетіп қалғандай.
— Дегенмен, ерекше бір қиын жағдайға тап болған кездеріңіз де бар шығар, өз басыңызға тікелей қауіп төнген бір жайттарды есту қызық-ақ болар еді.
— Бәлкім, солай да шығар.
— Өзіңіздің есіңізде ұмытылмастай болып сақталып қалған бір оқиғаны айтыңызшы. Қорықпай-ақ қойыңыз! Тіпті бір ерен ерлігіңіз туралы айтсаңыз да, менде сізді мақтаныңқырап кетті-ау деген ой атымен болмайды. Сеніп айтқан сыры сыртқа шашылмас деп ойлаған адамына: «Иә, мен солай істеп едім!» — деп ағынан жарылса, ешқандай ағаттығы жоқ.
— Жә, солай-ақ болсын. Өте бір шетін оқиға жайында айтайық — кейде күні осы уақытқа дейін соның өкініші өзекті өртейді. Он бес жыл бойы соғысқанда, мен тек қорғану қажет болған жағдайда ғана кісі өлтірдім. Біз алдыңғы шептеміз, шабуылдап келеміз; алдымызда жау, егер біз оны жайратпасақ, ол бізден рұқсат сұрап тұрмайды, қанға бояйды: демек. өзін құрымайын десең, оны құрт — сонда ғана сенің арын таза.
Бірақ, тақсырым менің, менің бір жігітті тым кездейсоқ жағдайда жайратып салғаным бар. Сол қылығымды ойға алғанда жүрегім тіпті езіліп кетеді: сондағы өліктің бұзылып кеткен өңі әлі күнге дейін көзіме елестеп тұрады. Өзіңіз төрелеп көріңіз… Мәскеуден кейін шегініп кеткен кезіміз. Ұлы армия деген атақ қайда қалған?! Өгіздей өңкілдеп қашып келеміз. Тәртіп пен тудан біржола айырылғанбыз! Әркім өзінше қожа, императордың өз үстемдігі біткеніне көз жеткізгені де осы түс деуге болады.
Березинадан өтіп, Студянка дейтін деревняға ентелеп келіп кірдік: біреу қырманға, біреу мыжырайған үйшікке лап беріп, біреу ұрадағы картопқа, біреу қызылшаға тап беріп жатыр. Баспана, тамақ дегенді көз көрмегелі не заман; ал мына жер бір кең жайлау. Алғашқы келгендер, әрине, бәрін жылан жалағандай жеп біттірген. Мен соңғылардың бірі болып жеткенмін. Бірақ тамақты ойлауға да шама жоқ, ұйқы қысып барады. Көз алдымда бір жабыққырман көрінді кіріп барсам, жиырма шақты адам жатыр, өңкей генералдар, офицерлер, әр түрлі шеннің адамдары, айтары жоқ, ылғи еңбегі сіңген адамдар: Жюно, Нарбонн, императордың адютанттары қысқасы, армияның барлық бетке шығарлары осында. Бұл жерде қатардағы солдаттар да бар; олар да, мейлі Францияның маршалы келсе де, астарындағы төсенішін берер емес. Бос орын жоқ, біреулер қабырғаға сүйене, аяқтарынан тік тұрегеліп ұйықтап тұр, біреулер аяқ астында, жерде ұйықтап жатыр; бәрі де бір-біріне жабыса бұйығып қалған; сондықтан мен еш жерге сыналап кіре алмадым. Сол серейген адам денелерін баса-көктеп аттап келемін; біреулер ұрсысып жатыр, біреулер тіпті үн шығармайды; сыртқы сыпайылықты былай қойғанда, тіпті зеңбіректің добынан да айылдарын жияр емес.
Байқаймын, жаппа қырманның төбесінің астында әлдеқандай бір сөрелер байқалады, соған көтерілуге ешкімнің батылы бармады ма, әлде шамалары келмеді ме, әйтеуір ешкім көтерілмейді; дереу соған көтерілдім де, сол жерге жайласып жатып, аяғымды созып жібердім, енді төменге қараймын бәрі де серейіп, жайрап жатыр. Бұл бір өте көңілсіз көрініс еді, бірақ соған қарап жатып, қарқылдап күліп жібере жаздадым. Біреулер аптығып, үсіген сәбізді кеміріп жатыр, ал генералдар болса, жыртық-тесік орамалдарды бүркеніп алып, көр-көр етеді.Шыршаның майынан ағызған шырағдан өлеусіреп жанып тұр; осыдан ерт кетсе де, ешкім тұрегеліп сөндірер емес.
Шалқамнан жайласып жаттым да, ұйқыға кетіп бара жатып, көзімді ашсам, қырманның төбесін жапқан белдік тақтай ептеп қозғалатын сияқты, иә, шығыстан батысқа қарай қозғалып, ақырын ғана жылжып кетіп барады. «Мырзалар, деп салдым айқайды, қараңдар анау төбедегі белдікке, біреу соны суырып алып, отын қылмақ! Қазір үстімізге құлайды, бәріміз де астында қалып өлеміз!» дегенде жан даусым шықты. Бірақ, бар ғой тақсыр, ешкім селт еткен жоқ, ұйықтағандары ұйықтай берді, ал жаңағы бірдеңені жегендері де міз бақпады, ауыздарын малжаңдатып шайнай берді. Қайтпек керек, жылы орнымнан түрегеліп, жерге түсуге тура келді. Біреу келіп орныма жатып алса да не істейін, мына жатқан атақтыларды құтқарып қалу керек қой. Сыртқа шығып, қырманды айнала қарасам, еңгезердей біреу, Вюртембергтікі болу керек, қырманның тебе тақтайын суырып алғалы жатыр.
«Ей, ей!» — деп айқайлап, қолыммен «тоқтат!» деген белгі беріп едім. Ол өзінше айқайлады: «Уеһ mir aus dem Уesicht, oder ich schlad dich todt!»- ә, солай дедің бе?! Ке мир аус дем гезит дедім мен де. — Ол бола қоймас!» Сөйтім де жерде жатқан оның мылтығын көтеріп алып, немісті тұрған жерінде сулатып салдым. Сөйттім де, орныма қайта келіп жатып, ұйықтап кеттім. Мінеки, бар болғаны осы.
— Жоқ, бұл көпті құтқару үшін істелген заңды қорғаныс қой; сіздің өзіңізді кінәлайтын іс емес, деп қарсы дау айтқан Бенаси.
— Ал, бірақ анау мырзалар кейін мені есеңгіреп жүріп істеген ісі ғой деп, — келемеж қылғандары бар, деп Женеста сөзін жалғастыра берді; есеңгіреу ме, әлде басқа ма, бірақ солардың көбі қазір бір-бір сәулетті сарайда бұла болып тұрып жатыр, ойларында алғыс дегеннен түк ныспы жоқ.
— Сіз оны алғыс атты қымбат өтем үшін жасаған жоқсыз ғой, солай емес пе? — деп күлді
Бенаси. — Мұның өзі де өсімқорлықтың бір түрі ғой.
— Иә, мен оны жақсы түсінемін, — дейді Женеста тағы да, — бір пайдасы үшін істелген іс болса, оның ізгілікті мәні дереу жойылып кетеді; сондықтан оны әңгімелеп айтып жатудың өзі де мақтанның бір түрі болып шығады, бұл жаңағы алғыстан да бетер нәрсе. Ал енді ниеті адал адам осы жайында айтпаған болса, оның жақсылық жасаған қарыздар адамы одан сайын безере береді. Ендеше жұрттың бәрі үнсіз отырғанда, ондай үлгі қайдан келмек? Ал манағы байғұс понтоншы француз әскерін құтқарып қалса да, осыны жұртқа жария етіп, өзім бір пайда табайыншы деген ой оның басына кіріп те шықпаған. Жә, сол бишара мүлде жарымжан болып қалса, өзінің ар-ұятымен бір үзім нан таба алар ма еді, сірә?.. Осыған жауап беріңізші, философ!
— Иә, рас, моральға келгенде, дүниенің бәрі шартты болып кетеді, дейді Бенаси. Бірақ бұл өте қауіпті ой, өзімшілдікке бейім адам ар-ұят мәселесін өз пайдасына қарай икемдеп кетуі мүмкін. Бері қараңызшы, капитан, мораль ұстанымдарына сөзсіз мойынсұнған адам олардан ауытқыған адамнан жоғары тұрмай ма, тіпті осыны қажеттіктен істеген күнде де? Егер біздің сол понтоншымыз жарымжан болып қалып, аштан өлсе де, ол өзінің ұлылығымен Гомерге ұқсамас па еді? Адамның өмірі, сөз жоқ, ізгілікке де, даналыққа да бірдей сын, өйткені жаңағының екеуі де махшарға керек. Ізгілік те, даналық та мен үшін тұрақты құрбандықтың ең тамаша көрінісі болып табылады, соның үлгісін пенделерге Айса пайғамбар көрсетпеді ме? Даналық дүниені ағартып жүргенде кедейшілік көреді, ал ізгі ниетті адам өзін жалпының игілігі үшін құрбан етіп жүргенде жақ ашып үндемейді.
— Сөзіңіз дұрыс-ақ, тақсыр, — деді енді Женеста, — бірақ жер басып жүргеннің бәрі бірдей періште емес, пенделер ғой, біз толымдылықтан әлі қашық жатырмыз ғой.
— Әрине, — деп жауап қайырды Бенаси, — өзім туралы айтсам, қателесу құқығына көп қиянат жасадым. Бірақ қалай болғанда да біз өз басымызды толымдылыққа қарай бейімдей беруіміз керек. Ізгілік деген адам жанының биік мұраты ғой, сондықтан оны әрдайым құдай тағаланың қасиетті нәсібі деп білу жөн.
— Әмин, айтқаныңыз келсін, — дейді оған офицер. — Солай-ақ болсын, ізгі адам бағалы қазына дейік, бірақ, ойлап қараңызшы, сол құдайдың адамға берген нәсібі, тіпті аңғалдықпен болса да, аз-маз тіл безеп, сөзуарлыққа салынуға жол беретіні бар емес пе?!
— Беу, тақсыр-ай, доктор ажарынан мұңайғандық танытып, жымия күлді, дүниеде өзімен-өзі ғана болатын адамдар секілді, сіз де кешірімшіл екенсіз, ал мен болсам, өз өмірімдегі көптеген қара дақтарды жуамын деп әлектеніп жүрген қатал адаммын.
Жолаушылар бұлақ басындағы лашық үйге таянып келді. Доктор соған кіріп кеткен. Женеста табалдырықтың алдында тұрып, біресе көктемгі табиғаттың көркін тамашалайды, біресе лашықтың ішіне көз салып, төсекте жатқан ауруға қарайды. Бір кезде соны қарап жатқан Бенасидін наразы даусы естілді.
— Бұдан былай мен келмей-ақ қояйын, бәйбіше, сіз бәрібір менің айтқанымды орындамайды екенсіз. Күйеуіңізге нан жегізіпсіз. Оны өлтірейін деп ойладыңыз ба? Масқара! Егер сіз әлі де оған бидайықтың көжесінен басқа дәм таттыратын болсаңыз, мен бұлай қарай аяқ баспаймын, басқа жақтан дәрігер іздеңіз.
— Енді қайтейін, тақсыр! Бейшара шалым аштан бұрлығып, зар қақсайды, міне екінші
аптаға кетті, ішінде бір түйір дом жоқ…
— Сіз мені тыңдайсыз ба, жоқ па? Мен рұқсат бергенше сіз күйеуіңізге бір үзім нан беретін болсаңыз, оны сеспей қатырасыз, түсіндіңіз бе?
— Енді бір түйір де бермейін, тақсыр… қалай енді, айығатын түрі бар ма өзінің? — деп сұрады әйелі докторды шығарып салып тұрып.
— Жоқ деймін, ол тамақ ішіп қойыпты да, жағдайы төмендеп қалыпты. Сізге қайтіп түсіндірейін, қыңыр мінез бәйбіше, науқасқа тамақты мысқалдап бер десе, сіз тойғанша тықпалайсыз. Бұл шаруаларға сөз өтпейді, доктор енді офицерге қарап сөйледі. Науқас адам бірнеше күн тамақ ішпесе болды, бұлар оны өлдіге санайды, сөйтеді де, тамақты үсті-үстіне тықпалайды, шарап ішкізеді. Міне мынау ақылды бәйбіше де күйеуін өлтіріп қоя жаздапты.
— Ойпыр-ай, шарапқа батырып берген біз үзім наннан өле қалғаны ма күйеуімнің?!
— Дәл солай, бәйбіше. Мен келгенше тірі жатқаныңа тоба деңіз, сол бір үзім нанды жеп алғаннан кейін. Ұмытпаңыз: менің айтқандарымды бұлжытпай орындайтын болыңыз.
— Егер орындамасам, тұрған жерімде тіл тартпай кетейін.
— Жарайды, көрерміз. Ертең кешке келіп, қаның ағызамын. Жүріңіз, мына бұлақты жағалап, жаяу барайық, — деді Бенаси енді офицерге бұрылып. — Менің баратын жеріме көлік жүре алмайды.
Аттарды мына науқастың баласы қарай тұрар. Біздің мына аңғардың табиғатына қарасаңыз, көз тоймайды; қараңызшы, ағылшын бағынан қай жері кем? Қазір бір қызметкердің үйіне кіре шығайық, — пақыр үлкен ұлы өлгеннен бері жұбаныш таба алмай жүр. Өткен жылы ұлы, жас өспірім бала, егін орағында ересек адамның жұмысын істеймін деп, байғұс зорығып кетіпті, содан күздің аяғына таман қатты ауырып, ақыры қайтыс болды. Мұндай күшті әкелік сезімді менің бірінші рет көруім. Әдетте, шаруа адамдар балаларының өлімін мал-мүлкінің шығын болғаныңдай ғана көреді де, қайғысы соның жас мөлшеріне сәйкес болады. Өйткені бала ержете келе, әкесінің капиталы есебінде саналады. Ал мына кедей баласын шын жақсы көреді екен. «Менің қасіретім басылатын емес» дегені бар еді, оны бір күні шабындық басында көргенімде, — шалғысына сүйене қалшиып тұрып қалды да, бір қолындағы қайрағымен орағын қайрауды да ұмытып, ойға беріліп кетіп. Содан былай қарай ұлын аузына алған емес, ылғи іштен тынып жүреді.
Осындай әңгіме үстінде Бенаси мен оның мейманы тері илеу зауытының қасында жапырайған бір үйге таянып келген. Сәмбі талдың түбінде жасы қырықтар шамасындағы кісі нанға сарымсақ жағып жеп тұр екен.
— Ал, қалай, Ганье, қызыңның жағдайы?
— Білмеймін, тақсыр, — деді ол тұнжырап, өзіңіз көрерсіз; — әйтеуір, әйелім қасынан кетпейді. Сіз бар ықыласыңызды салып жүрсіз, бірақ үйіме бір кіріп алған осы өлім менің барымды алып тына ма деп қорқамын.
— Өлім ешкімнің үйіне де көп аялдамайды, ондай уақыт жоқ онда. Үнжұрғанды түсірме.
Бенаси соған еріп, үйге кіріп кеткен. Жарты сағат шамасында қыздың шешесін ертіп,
сыртқа шықты, сөйлеп келеді:
— Қауіптенбеңіз, менің айтқандарымды орындаңыз, қазір төніп тұрған қауіп жоқ… Егер сіз зеріккен болсаңыз, деп ол енді офицерге бұрылды, өзі атына ырғып мініп, мен сізді селенге баратын жолға салып жіберейін, үйге қайта беріңіз.
— Жоқ, құдай ақы, мен еш те зеріккен жоқпын.
— Көретініміздің бәрі осы тәрізді өңкей лашықтар, деревнядағы үйлердің бір-бірінен айырмасы болмайды.
— Кеттік, — деді офицер.
Олар осы бетпен бірнеше сағат бойы кантонды бір шетінен бір шетіне дейін аралап шықты да, кешке таман селенге қарай бұрылды.
— Мен енді ана бір жерге соға кетуім керек, деп доктор офицерге шоғырланып тұрған бір топ биік шегіршін ағаштарын нұсқады. Сол ағаштарға кемінде бір екі жүз жыл болған шығар,деп қойды тағы да. Сол жерде бір әйел тұрады, кеше біз түстік ішіп отырғанда бір жігіт келіп айтып еді ғой: өңі құп-қу болып кетті, — деп.
— Қауіпті бір нәрсе ме екен?
— Жоқ-ә, — деді Бенаси, жүкті әйелдерде бола береді. Күні жақындап қалған. Сол кезде кейбір әйелдердің буыны тартылып қалады. Бірақ абай болып, қарап тұру керек: бір келеңсіз жағдай болып қала ма деп, баланы мен өзім қабылдап алуым керек. Айтқандай, сіз қазір біздегі ең жаңа өнеркәсіп орның көресіз ол қыш зауыты. Жолы да тамаша, қаласаңыз, аттарды біраз шаптырып алайық.
— Сіздің атыңыз бізге ере алмай қалар-ау, — деді де, — Женеста астындағы атына: «Қарышта, Нептун!» — деп белгі берген.
Көзді ашып жұмғанша Женеста жүз қадамдай ілгері кетіп қалды да, бұрқыраған шаңның арасында көзден ғайып болды, бірақ, оның аты қаншама қарыштап шапқанменен, доктордың атының үнемі қатар келе жатқаның сезіп еді. Мінекей, Бенаси атына бір нәрсе деп тіл қатып еді, ол дереу офицерді басып озып, қара үзіп кетті, ал офицер оны тек қыш зауытына барған жерде ғана қуып жетсе, доктор түк көрмегендей, атын тоқыма қоршауға байлап жатқанды.
— Тәйірі алсын! — деп таңдана қасына келген Женеста аттың ең болмаса бүйірін соғып, тершімегенін көріп, таңғалды. — Жылқы деп міне осыны айт! Қай тұқымнан өзі?
— Бәсе, солай болар! доктор осыны айтты да, күліп жіберді. Сіз бір тепіріш деп ойлап па едіңіз?.. Мен тұлпарымның тарихын айта бастасам, тым ұзаққа кетер; Рустанның тап-таза бербері тұқымдас екенін, оның Атластан келгенін айтсам да жетер сізге. Берберінің жылқылары араб тұқымдарынан бір де кем түспейді. Рустан тауға атылып шыққанда, бір бусанбайды ғой, ал енді жарқабақтан жүргенде сүріну дегенді білмейді жануар. Мен мұны сыйға алып едім, ал шының айтсам, ондық еңбегім де сіңген. Қызын ажалдан арашалап алып қалғаным үшін, әкесінің маған тарту еткені осы болатын. Ол қыз Еуропадағы ең бай атанып жүрген кісінің мұрагері еді: мен оған Савойяда саяхатта жүрген кезінде тап болдым. Ол қызды қалай емдеп, тәуір қылғанымды айтсам, мені бір суайт екен деп қаларсыз… Әне, естіп тұрсыз ба, жол жақтан қоныраудың сылдыры мен доңғалақтың салдырын. Виньоның нақ өзі емес пе екен желдіртіп келе жатқан, сол болса, анықтап қарағайсыз.
Сәлден кейін төрт сәйгүлікті қатарлап жеккен күйме көрінді; әбзел-сайманы да нағыз Бридің бай фермерлеріндегідей екен. Шұғадан шашақ, жез қонырау, былғары әбзел бәрі де әсем, бәрі де байлық пен барлықтың белгісі. Сыртын көкпен сырлаған кең күйменің ішінде екі беті дөңгеленіп күнқақты болған маңғаз жігіт отыр; шыбыртқысын күзетшінің мылтығындай алдына кезене ұстап, әлде бір әуенді ысқыртып қояды.
— Жоқ, бұл өзі емес, делбешісі екен, — деді Бенаси. Қараңызшы, кісінің жетіскендігі айтпай-ақ көрініп тұр, тіпті ат-тұрманының өзінен де! Сауда-саттығының өрге басқандығынан ғой бәрі де; мұндайды түкпірдегі деревнядан некен-саяқ көресің.
— Иә, иә, үлде мен бүлдеге бөленген екен, — деп қойды офицерде.
— Ендеше, Виньода мұндай ат-арба бір емес, екеу. Іс орайымен жүргенде мінетін жорғасы тағы бар; саудасының шалқып тұрғаны ғой; ал енді осыдан торт жыл бұрын дымы жоқ еді. Жоқ, қателесіппін, бары мойнындағы қарыздары ғана болатын… Жүріңіз, барайық. Бенаси делбешіні дауыстап шақырып алды: — Айтшы, жігітім, Виньо ханым үйінде ме екен?
— Бақша жақта жүр, мырза, жаңа ғана шартақтың ар жағынан көргенмін. Барып айтайын, сіз келді деп.
Женеста Бенасидің соңынан еріп, айналасын шартақпен қоршап тастаған үлкен тәлімге қарай өтті. Бір жақбұрышта үлкен төбе қылып үйген түрлі-түсті саз балшық түрлі түсті қыш, кафельдік тақта өндірісіне қажетті шикізат; енді бір бүйірде тау боп үйілген буда-буда тобылғы мен отындық ағаш; одан әрегіректе, тоқыма қоршаудың ар жағындағы алаңда жұмысшылар ақ кірішті үгітіп, кірпіш құятын лайды былғастырып жатыр; ауланың кірер есігіне қарама-қарсы, зәулім шегіршін ағаштарының түбінде, дөңгелек және төрт бұрышты қыш жасап шығаратын шағын зауыт тұр, ал ана көгалдың ар жағында, айналасына ағаш отырғызып тастаған алаңқайда қыш кептіретін жаппаның төбесі, одан әріде өнеші сорайған пеш пен оның үңірейген оттығы, қасында жайрап жатқан ұзын сапты күректер көрінеді.
Енді бір бүйірде көзге қораштау үй тұр қожайынның тұрғын жайы, соған жапсарластыра салған сарайлар, ат, сиыр, астық қоралары. Үй құстары мен шошқаларға қайда барса да мол өріс, кең жайлау. Барлық үй-жайлар мен қора-көпсыларда жайнаған тазалық, қайда қарасаң да шаруақор қожайынның тыңғылықты ісінің іздері.
— Виньодан бұрын, — деп жалғастырды әңгімесін Бенаси, — бұл жерде тұрған бір болымсыз, жалқау адам еді, өзі ішуді тәуір көретін. Бір кезде батырақ болған, ал кейін зауытты өзі жалға алған соң, бар білгені — төпелеп пешті жаға беру де, жалақысын төлеп тұру ғана болды; ешқандай іскерлік қабілеті де, сауда-саттығы да жоқ еді. Айталық, ешкім одан бұйым сұрап келмесе, өнімі босқа жатып бүлінетін, іске жарамай қалатын. Ақыры, аштан өлуге айналды. Сөйтіп тұрып әйеліне күн көрсетпеді; мәжүн қылып жіберді; өздері кәдімгі қайыршылық күйге түсті. Ол адамның жалқаулығы мен иіс алмас топастығынан мен өзім де әбден безіреп болғанмын; зауытқа қараудың өзі мен үшін азапқа айналғаны сондай, тіпті маңайынан жүрмейтін болдым. Ерлі-зайыптылар қартайған; бір күні шалдың аяқ-қолы сал болып қалыпты; мен оны дереу Гренобльдағы мүгедектер үйіне апарып орналастырдым.
Зауыттың иесі ешбір сөз айтпастан кәспорынды қайтып алуға келісті, оның қандай күйде екеніне қараған жоқ. Мен соны жалға алып, кантонда өнеркәсіпті дамытуға септігі тиетін адам іздедім. Сол кезде Гравье мырзаның үй жинаушы қызметкер әйелінің күйеуі, құмырашыда шебер болып істеп, болымсыз жалақысына үй ішін асырай алмай жүрген жігіт менің ұсынысымды қабылдай кеткені. Өзінің көк тиын қаражаты жоқ бола тұра, сол зауытты жалға алмақ болды; осы жерге келіп орналасты да, әйелін, шешесі мен көрі енесін қыш жасауға үйретіп, өзіне кәдімгідей жұмысшы қылып алыпты. Құдай ақы, олардың қандай жол тапқаның тіпті білмеймін. Сірә, Виньо пешке жағатын отынды қарызға алған болар да, өзі түн баласына дорбалап материал тасып, сонысын күндіз өңдеген болуы керек қысқасы, құпия түрде жұмысты қыздырып жіберген, ал екі кемпір-шешесі үстеріне қомыт киіп, зорығып жүріп жұмыс істеген. Сонымен, Виньо пештен бірнеше қабат қыш шығарып үлгірген; алғашқы жылы тек нанмен ғана күнелткен, бүкіл отбасы болып қызыл табан күйде еңбек еткен, бірақ шыдаған. Виньоның ерлігін, төзімділігін, кісілігін көздерімен көрген көп жұрт, ақырында, оған жанашырлық білдірген, оның жақсы атағы елге жайылған.
Өзі де қажырлы жігіт екен: таңертең ертемен Гренобльге кетіп, кірпіші мен қышын сатса, түс кезінде қайтып келіп, түнделете тағы да қалаға кететін болған; бір жерде тұрақтап отыруды білмеген. Алғашқы жылдың аяқ кезінде екі баланы өзіне қолқабыс етіп алған екен, сол кезде мен оған ақшалай қарыз бердім.
Сонымен, не керек, тақсыр, отбасының жағдайы жылдан-жылға оңдала берді. Екінші жылға аяқ басқанда екі кемпір енді кірпіш құймайтын, тас уатпайтын болды да, бақты күтуге ауысты, киім жамап, тамақ пісірумен айналысты; кешкісін отыра қалып жіп иіреді, күндіз орманға барып отын әкеледі. Әйелінің сауаты бар, есеп-қисапты сол жүргізеді.
Виньо бір ат сатып алып, ел аралайды, дайын өнімге тапсырыс жинайды. Мәнерлі тақташа, тамаша кафельдік шаршы жасауды үйренеді, оларын базар бағасынан арзанға өткізеді. Үшінші жылы бір арба, тағы екі ат сатып алады. Ол алғашқы ат-арбалы болған тұста, әйелі де нағыз сәнқойлық дәрежеге жетеді. Табыстары бірден-бірге молайып, шаруашылығы нығая түседі.
Виньоның барлық ісінде тәртіп бар, тазалық бар; үнемшілдік оның шағын байлығының түп тұтқасы. Мінеки, ол қазір алты жұмысшыны жалдап отыр, оларға жалақыны жақсылап төлейді; делбеші ұстайтын болды, барлық ісіне кең өріс берді; қысқасы, өндірісін бірте-бірте ұлғайта отырып, сауданы өрістетті, сөйтіп ауқатты тұрмысқа жетті. Өткен жылы қыш зауытын сатып алды, келесі жылы үйін қайта салмақ. Отбасының барлық адамдарының дені сау, киім киістері жақсы. Күйеуінің барлық қам-қарекеті мен уайым-қайғысын бірге бөліскен әйелі бұрын жүдеу, тыриған арық болса, қазір толысып, тіпті әдеміленіп, ажарланып кеткен. Екі кемпір де көңілді; қутандап шаруа соңында жүреді, қолдары босай қалса сауда жағына көмектеседі.
Жұмыс ақша келтірді, ақша үйге тыныштық пен денсаулық әкелді, көңілге қуаныш дарытты. Мен үшін бұл шаруашылық өзім құрған қауымның да, жас түлек сауда мемлекеттерінің де шын мәнісіндегі тірі тарихы болып табылады. Бұрын шаң-тозаңның астында иесіз қалып, азып-тозған зауыт қазір бар қуатымен жұмыс істеп тұр; іші толған адам, қайнаған өмір, құрал-жабдығы мол, жақсы қаруланған. Мінеки, қыруар ақшаға отын мен қажетті материалдар қоры жасалған маусымды жұмысқа ең керегі осылар ғой: қыш деген зат жылдың белгілі бір уақыттында маусымнан қыркүйекке дейін ғана дайындалатының өзіңіз білесіз. Осындай қайнаған жұмысты көрудің өзі ғанибет емес пе. Қыш жасаудың біздегі бірден-бір шебері барлық селендік құрылыстардың бәріне өз үлесін қосты. Қашанда көңілі көтеріңкі, қашанда қимыл үстінде жүретін, қашанда қарекетшіл осы жігітті халық «Жалықпас» атап кеткені де әдемі-ақ.
Бенаси сөзін аяқтап болған жоқ, әдемі киінген жас әйел, басында сәнді қалпақ, аяғында ақ шұлық, белінде жібек алжапқыш, үстінде алқызыл көйлек, кейбір қимылына қарағанда, бұрын үй күтуші болған тәрізді сол келіп, бақ жақтағы қақпаны ашты да, өзінің аяғы ауыр күйіне қарамастан, аяғын шапшаң басып, қонақтарға қарай беттегенде, бұлар да оған қарсы жүрді.
Виньо ханым шыныңда да өте тартымды, толықша келген әйел екен; ажары ептеп күнге күйген, ал бірақ табиғатында өзі аппақ екені байқалады. Маңдайында аздаған әжімі бар сірә, бұрынғы қайыршылық тұрмыстың зардабы болар; ал қазіргі ақжарқын ашық ажарынан мұңсыздық лебі есіп тұр.
— Бенаси мырза, — деді ол назды үнмен, доктордың аялдап қалғаның көріп, — маған бір құрмет көрсетіңізші, үйге кіріп дем алыңызшы.
— Тілегіңізге құлдық, — деп жауап қайырды бұл. — Жүріңіз, капитан.
— Ыстықтаған шығарсыздар, сүт ішесіздер ме, әлде шарап па? Күйеуім шілдеханаға арнап шарап қорландырып қойған. Содан дәм татыңыз, Бенаси мырза, сонсоң өзіңіз айтарсыз, жарай ма тойға, әлде жоқ па?
— Сіздің күйеуіңіз таптырмайтын адам ғой.
— Иә, тақсыр, — деді әйел артына бұрыла қарап, салмақты үнмен, тағдырыма ризамын.
— Бізге еш нәрсенің керегі жоқ, Виньо ханым, мен сіздің хал-жайыңызды білуге ғапа келдім, ауырлап қалған жоқсыз ба?
— Жоқ, жоқ, — деді әйел. — Көрдіңіз бе, мен қарап отырмайын деп, бақтағы қырқаны қопсытып жатырмын.
Осы сәтте әйелдің екі бірдей шешесі таянып келген Бенасиге сәлемдесуге келіпті, ал делбеші жігіт сол манаты ауланың ортасында тұрған күйі тұрып қалған еді, сол жерден докторды анық көріп тұр.
— Көрейін, кәне, қолыңызды әкеліңізші, — деді Бенаси Виньо ханымға.
Ол үнсіз, бар ойын ішіне тартып алып, зейін сала, ханымның тамыр соғуын санай бастады. Ал ана екі әйел, кәдімгі селен әйелдерінің әдетімен, қысылмай-қымтырылмай, офицерді көздерімен тінтіп қарай бастады.
— Бәрі де дұрыс келе жатыр, — деді доктор көңілдене дауыстап.
— Босанар күні жақын ба? — деп сұрады екі ана бірдей қосарланып.
— Осы аптаның ішінде анық болады. — Сонсоң, сәл үнсіздіктен кейін қайта сұрады. -Немене, Виньо жол жүріп кетіп пе еді?
— Иә, тақсыр, — деп жауап қатты жас әйел, күйеуім менің шілдеханама дейін барлық шаруаны бітіріп қояйын деп асығып жүр.
— Ал олай болса, достарым менің, гүлдене беріңіздер, байыңыздар, балалы-шағалы болыңыздар.
Офицерді мынау шала-жансар үйдегі тазалық таң-тамаша қалдырып еді. Бенаси соны байқап қалып, одан сайын қостай сөйледі.
— Шаруашылықты бұлай жүргізу тек Виньо ханымның ғана қолынан келеді. Көрші әйелдердің біразы осы кісіден үйренсе екен деп тілер едім мен.
Келіншек екі беті ду етіп, төмен қарап қалды, ал екі кемпір доктордың мақтау сөзін естіп, төбелері көкке жеткендей болды. Үш әйел қатар түзеп, аттардың тұрған жеріне дейін оны шығарып салды.
— Мінеки, деді Бенаси кемпірлерге қарап, сіздер енді бек бақытты болдыңыздар. Әже болғыларыңыз келіп еді ғой сіздердің.
— Түу, айта көрмеңіз! — деп келіншек әңгімеге араласты. Менің өзімде де дегбір жоқ! Екі шеше ұл немерені қалайды, күйеуім қыз болса екен дейді. Солардың қайсысына жағайын.
— Ал, өзіңіз қайсысын қалайсыз? — деді Бенаси күліп.
— Маған керегі, тақсыр, бөпе болса болды.
— Көрдіңіз бе, аналық мейір пайда бола қалыпты, деді атының тізгінін тарта бастаған доктор офицерге Бұрылып.
— Қош болыңыз, Бенаси мырза, — деп дауыстады келіншек, сіз келгенде үйде болмағаным-ай деп өкінеді енді күйеуім.
— Ол Гранж-о-Бельге мың дана қыш жіберуді ұмытқан жоқ па екен?
— Әрине, жіберген. Сіз оны білесіз бе, бүкіл кантонның тапсырысы болса да, ол қолын бір-ақ сілтеуге бар, бірақ сіздің тілегіңізді орындамай қоймайды. Бірақ сізден ақша алуға батылы бара бермейді, ал мен айтамын оған: сіздің ақшаңыздың қайыры мол болады, деймін; сол ып-ырас.
— Cay болыңыздар, — деді Бенаси.
Үш әйел, бір делбеші, екі қызметкер қыш зауытына кіре берістегі тоқыма шартақтың алдында Бенаси әбден ұзап кеткенше тапжылмай қарады да тұрды; қымбат адамдары кетіп бара жатқанда кісілердің қимай қарап тұратын әдеті ғой: дос көңілдердің осындай жақсы ғұрпы барлық елдерде бірдей болатыны да сондықтан-ау.
Бенаси күннің көзіне қарап тұрды да, жол серігіне былай деді:
— Ымырт жабылуға дейін әлі екі сағат уақыт бар, егер қарныңыз қатты ашып қалмаған болса, біз бір өте қылықты қызға соға кетейік; мен ауруларды аралап шыққаннан кейін, түстікке дейінгі уақытымды әрдайым соған бөлетін едім. Кантондағы жұрттың бәрі оны менің «сырласым» деп атайды; бірақ біздің өлкеде қалыңдыққа лайықталған мұндай атақты жұрт кекесінмен берген екен деп ойлап қалмаңыз. Менің байғұс қызға жасаған қамқорлығым кейбіреулерде қызғаныш сезімін туғызғанмен, менің мінезім туралы жұрттың бәрінде қалыптасқан пікір ешқандай қисық ойларға жол бермейтіні түсінікті болса керек.
Қыздың жұмыс істемей-ақ жоқшылық көрмеуі үшін менің не себепті оған рента беріп қойғанымды жұрттың түсіне бермейтіні рас, бірақ оның ұстамдылығына жұрттың бәрі сенеді және де менің көңілімнің жақындығы достық қамқорлықтың шекарасынан асып бара жатса, менің оған үйленіп алатынымды жұрт тағы біледі.
Бірақ біздің кантонды былай қойғанда, — деп доктор сөзін жалғастыра түсті де, миғынан күлгендей мезірет білдірді, бүкіл дүниеде мен үшін әйел деген ұғым жоқ. Махаббатшыл адам, әсіресе өмір оған құлазыған иен дала сияқты болып қалған кезде, қадірменді Блюто, бүкіл жан-тәнімен белгілі бір нәрсеге немесе мақұлыққа байланып алады. Сондықтан, маған құлақ салыңыз, итке немесе атқа құмартқан адамға түсініктірек көзбен қарағаныңыз жөн болар! Менің күн шуақты отаным Лангедокта қойшының жақсы көретін қошақаны оның өзіне қандай болса, тағдырдың бұйрығымен маған бұйырған инабатты жандар арасында бұл дімқос қыз да мен үшін дәл сондай: жанағы қойшы сол қошақаның қалай мәпелеп, аяласа, онымен дәл адамша сөйлесіп, оны ен шұрайлы жерге жайса, оған ең арғысы ит те жәбір жасамайтыны бар ғой.
Бенаси осы сөздерді түрегеліп тұрып, бір қолын аттың жалына салып қойып сөйлеген; сонда ол дәл қазір ат үстіне ырғып мінгелі тұрғандай көрінсе де, онша асықпаған, өйткені өзінің көкірегін кернеген нәзік сезім өзге бір шұғыл қимылмен үйлеспейтіндей көрінген.
— Енді қайтеміз, — деді бір кезде кенеттен үн қатып, — кеттік соған! Мен оған сізді өзім алып бара жатырмын, оған өзімнің қарындасымдай қарайтыныма осының өзі-ақ дәлел емес пе, солай ғой?
Екеуі де атқа қонған кезде Женеста докторға мынадай сөз бастаған:
— Бұл қыздың жайын сұрастырып жату, бәлкім, менің тарапымнан әбестік те болар. Бірақ оның өмірі, тегінде, қызықтығы жағынан сіздің маған баяндап айтқан адамдарыңыздың өмірінен кем болмас.
— Тақсыр, — деді сонда Бенаси атының басын тежеңкіреп, менің оған деген қатынасым, бәлкім, сізге түсініксіз болар. Оның тағдыры дәл менікіндей; біздің талайымыз басқаша болса керек еді; менің оған деген сезімім, оны көрген сайын менде болатын тебіреніс біздің тағдырымыздың сол ұқсастығынан туындайды. Сіз ғой әскери қызметке кіріскенде, өзіңіздің бейіміңізді ескердіңіз, әйтпесе өзіңіздің дәл қазіргі жасыңызда әскери тәртіптің бұғауында жүрмеген болар едіңіз; демек, мәңгілік үміт пен мәңгілік күдіктің адам жанын қалай-қалай қинайтының сіз түсіне алмайсыз, өзіне жат ортада өмір сүруге мәжбүр болған адамның жаның жеген қасіретті де сіз түсіне алмайсыз. Ұзақ соғыстан туындаған талай сұмдықтарды көзбен көрген сізде сезімталдық деген жойылып біткен: ал бірақ та сіз көктемнің дер шағында жапырағы сарғайып кеткен ағашты көргенде, өзінің барынша толысып, еркін өсуі үшін жеткілікті түрде нәр алатын топыраққа отырғызылмағандықтан, семіп-қатып, біржола солуға айналған ағашты көргенде, сіздің жүрегіңіз де өкініштен сыздап кетпес пе еді? Қор болған өсімдіктің шарасыз көнбістігі жиырма жасымда да менің көзімді жасқа толтырушы еді, сондай көріністі қазір көрсем де мен теріс айналып кетемін. Менің жастық шақтағы қасіретім жасамыс кездегі қасіретімнің хабаршысы екен, мен сонда болашақтың қайғысын дәл бүгін санадан тыс сезгендей болыппын; өзінің жазмыштағы таусыншақ күнінің мезгілінен бұрын төніп келе жатқаның сезінген шарасыз ағаш секілді сезініппін адамның да, ағаштың да бір дәрменсіздігі осында.
— Сіздің мейірбандығыңызды көргенде, мен сізді дәл сондай қасіретті көп көрген адам-ау деп ойлаған едім!
— Түсінесіз бе, тақсыр, доктор Женестаның жаңағы сөзіне жауап берместен, өз сөзін жалғастыра берді. Бұл қыз туралы айту менің өзім туралы айту деген сөз. Ол басқа топыраққа апарып отырғызылған өсімдік, бірақ қасірет шегуге келгенде өсімдік емес, ол адам, сондықтан оның жаның ешбір саңылауы жоқ қара түнектей қалын қасіретті ойлар бірінен соң бірі келіп мүжиді де жатады. Бейшара қыз бейнет шегуде. Жаны тәнін жеп, өлтіріп барады. Сондай ауыр азапқа жем болған әлсіз жанның жағдайын көре тура, мен қалайша немқұрайды қалмақпын; біздің мына өзімшіл дүниеде мен өзім қандай азап-бейнетті болса да қайыспай қарсы аламын деп жүрген ер адам, мен екеш мен де, әрбір кеш сайын осындай қасіреттің ауыртпалығынан ада-күде бас тартып кетер де едім, бірақ құдайға деген сенімім сол қасіретімнің ащы зәрін жұмсартып, жүрегіме тәтті бір үміттерді ұялатады. Егер біздің баршамыз да бір құдайдың перзенті болмаған күнде де, ол қыз бәрібір менің қасіреті ортақ қарындасым болып қалар еді.
Бенаси бұл әңгімені осы бағытта жалғастыра беруге қорыққан адамша атын тебініп қалған; соның соңынан Женеста да шоқытып кетті.
Тақсыр, аттар cap желіске ауысып, қатарласа берген кезде, доктор әңгімесін қайта жалғастырған, былайша айтқанда, өзге әйелдердің барлығын табиғат қуаныш үшін жаратқанда, мұны назалану үшін жаратқан тәрізді. Осындай міскін жандарды көргенде, басқаша да өмір болады дегенге қалайша иланбайсың? Оған әсер етпейтін нәрсе жоқ: бұлтты, жауын-шашынды күндерде ол «аспанмен бірге егіледі», бұл оның өз сөзі. Құстармен бірге сайрайды, аспан ашылғанда ол да жайдары; ашық күнде құлпырып кетеді; жұпар иістен кереметтей ләззат алады: бірде таңертеңгі жаңбырдан кейін гүл күлтесі ашылып, жұпар иісі аңқып тұрған кезде, жаңбырдың суына малынып, жалт-жұлт еткен лала гүлдің иісін құшырлана жұтып, күні бойы рақаттанғаны бар; ол сондайда бейне бір табиғатпен бірге оянып, өсімдік атаулымен бірге түрленетін тәрізді. Егер күн қапырық болса, найзағай алдында ауаны электр тоғы кернеп тұрған шақта, ол өзінен-өзі дімкәстәніп, мүлде мазасызданып кетеді: біресе жатып, біресе тұрып, бір түрлі меңзең күйге түседі, ал не болғанын өзі де білмейді. Мен соның жайын анықтап білмек болсам, ол айтады: сай-сүйегім сырқырап, бүкіл денем езіліп барады, дейді. Мұндай кездерде ол мүлде самарқау, өзінің тірі екенін денесінің ауырғаныңа қарап қана білетін сияқты; жүрегі, өз сөзімен айтқанда, кеудесінен ытқып кетуге дайын тұратындай көрінеді. Байғұс қыздың көз жасын төгіп отырған кезін талай көрдім: сөйтсем, ол таудың күн батар кездегі көрінісін қызықтап отырады екен, шындардың ұшар басында бұйраланған бұлт түйдектері жапырлап, батар күннің алтын шапағына малынып тұрған кезін көріп, егіледі екен. «Балапан-ау, неге жылап отырсың?» — деп сұраймын. «Тіпті білмеймін, тақсыр, — деп жауап берер еді ол сонда, — осы жерде отырмын, ақымақ болып; жоғары қарасам болды, қызығына көзім тоймай кетеді де, ақырында, өзімнің қайда отырғанымды білмей қаламын». — «Ол жақтан не көрдің?» «Мен соны айта алмаймын». Жауабы осы, ар жағында кеш бойы сұрасаң да, бір ауыз уәж ала алмайсың. Біресе екі көзі мөлдіреп, саған қарағанда, жанарында қасіретті ой тұрады, әлде бір нәрсені қадала ойлап, өзімен-өзі отырады. Ондайдағы терең ойға батқаны басқаларға да әсер етеді; басқаны қайдан білейін, әйтеуір сондай сәттерде ол маған электрдің тоғы кернеген қара бұлт сияқты болып көрінеді. Бір күні мен оған сұрақты жаудырдым келіп, ашық әңгімеге шақырмақ болдым. Өзім қызып та кеттім. Ол қайтті дейсіз ғой. Еңіреп жылап жіберді. Ал тегінде өте көңілді, ақ жарқын, күлегеш, іскер, сөзге тапқыр, сөйлескенді тәуір көреді, кейде ойламаған жерден тосын пікірлер айтады; бірақ белгілі бір нәрсемен беріліп шұғылдана алмайды; дала жұмысына барған кезде бір гүлді көрсе, ұзақ уақыт соған қадала қарап отырып қалады, судың сылдырап аққаныңа қарайды; мөлдір тұма бұлақтардың түбіндегі әрқилы иірімдерді қызықтайды; үйінді ұсақ тастарды, топырақты, құмды, су ішіндегі өсімдіктерді, жағадағы мүкті, шайынды балшықты көзімен тіміскілеп, солардың сан алуан түр-түсін, айшықты өрнектерін тамашалап отырады.
Мен осы өлкеге ауысқан тұста бейшара қыз ашығып жүр екен, қайыр сұрауға намысы жібермейді, тіпті амалсыз болған кезде ғана кантонның тұрғындарынан көмек сұрауға мәжбүр болса керек. Ара-кідік жігерін ұяты жеңіп, бірнеше күн егіндікке жұмысқа шықса, тез ұйықтап, ауырып қалады да, жұмыстан қайтып кетеді екен. Содан бірсыпыра уақыт өткенде әл жиып, көрші фермаға барады, мал күтуге жалданады; тәп-тәуір істеп жүріп, бір күні оны да тастап кетеді, себебін айтпайды.
Әрине, күндік жұмыс оның қолы емес еді, себебі бұл қызды тәуелсіздік пен тұрақсыздықтың бейнесі десе болғандай. Бір кезде ол әр түрлі саңырауқұлақ теріп, соларын Гренобльге апарып сататын болса керек. Қалаға барғаннан кейін неше түрлі жылтырақ ойыншықтарға қызықпай ма: аздаған тиын-тебен түсірсе, өзі содан байып кеттім деп ойлай ма екен, аш жүргенін, ертеңгі күнін ұмытып, әр түрлі ленталар, ойыншықтар сатып ала бастайды. Ал енді селендегі қыз-қырқындарға оның мойнындағы жез айқыны, алтын жалатқан түймешегі, тағы басқа бірдеңелері ұнай қалса, бұл соны бере салады екен де, өзі мәз-мейрам болады екен өйткені ылғи жүрегінің ырқымен жүреді.
Осындай себептермен оны біреулер жақсы көреді, біреулер аяушылық білдіреді, енді біреулер қарап жүріп өш болады. Бұл соның барлығына назаланады: оның ішінде жалқаулығы да, ізгі жандылығы да, еркелігі де, тәттіге үйірлігі де бар, оның үстіне қызыққа үйір қысқасы, нағыз әйелдің өзі, әсершіл де әуесқой ондайда тіпті балаға ұқсап кетеді: біреудің жақсы қылығын айтсаң, соған кереметтей елігіп, қызара бөртеді, көкірегі лүпілдеп, қуанғанынан жылап жібереді; қарақшылар туралы әңгіме айтсаң зәре құты қалмай, бозарып-сазарып қалады. Бүкіл дүние жүзінде дәл мұндай риясыз мінезді, мұндай ашық жүректі іздесең таба алмассың; адалдығы намыс қорлығымен шектес: сақтап қой деп жүз қаралы алтын ақша беріңізші, өзі қайыр сұрап жүрсе де, оны адам білмейтін бір жерге тығып қояды.
Осы сөздерді айтқанда Бенасидің даусы қалтырап кетті.
— Мен оны сынамақ болдым да, тақсыр, — деп жалғастырды ол сөзін, — артынан соныма өкініп қалдым. Бір кісіні сынап көрмек болғанда, оның соңына жансыздарша түсесің де, өзің ыңғайсызданасың, соған сенімсіздік көрсеткендей боласың.
Осы араға келгенде доктор өзінің құпия ойларына берілгендей үнсіз қалды, оның сөздері офицерді қандай ыңғайсыздыққа қалдырғаның өзі де байқамады, ал офицер болса, сол қысылғаның сездіргісі келмегендей, аттың тізгінімен әуреленіп қалған. Лезде Бенаси қайтадан сөйлеп кетті:
— Соған күйеу тауып бергім келеді; егер тапсам, бір фермамды жасауына берер едім, тек әйтеуір бір тәуір жігіт кез келіп, соны бақытты етсе болар еді, өйткені ол қыз бақыт үшін жаралған адам. Бейшара қыз балаларын естен тана жақсы көрер еді, оның көкірегін кернеп тұрған сезімдердің барлығы әйелдердің күллі сезімдерін бір жерге түйістіріп тұрған бір-ақ сезімде тоғысар еді, ол аналық сезім ғой; бірақ әзірше оған бірде-бір еркек ұнаған емес. Алайда ол өзі өлердей сезімтал және оны өзі біледі, мен соны бірде байқап қалғанымда, ол өзінің жүйкесіне тиетін мінез шетіндігін ашық мойындаған еді. Ол өзіне сәл ғана жанасып кеткенде селт ете қалатын сирек әйелдердің қатарына жатады Бұл қауіпті мінез. Соған орай оның ойшылдығы, әйелге біткен тәккаппарлығы үлкен құрметке лайық. Ол қарлығаштай үркек. Ал енді бойға біткен дарындылығын айтсаңыз, тақсыр! Ол дәулет үшін, махаббат үшін жаралған жан: шіркін, қандай сенімді, қандай тұрақты серік болар еді кісіге… Қазір жасы жиырма екіде ғана, бірақ тартқан азабының ауыртпалығынан бүгіліп, сөніп барады; ол өзінің құбылмалы, әсершіл табиғатының тым құштар, тіпті, бәлкім, жасқаншақ жанының құрбандығына айналып барады. Лып етпе, баянсыз махаббат оны естен тандырар еді. Мен оның адамгершілік бітімін әбден зерттеген адаммын, оның жүйке жүйесінің қандайлық күшті соқпасы болатының, оған электрдің қуаты қандай әсер ететінің тікелей байқағанмын.
Мен оның көңіл күйі мен ауа райының арасында сөзсіз байланыс бар екенін де сезгенмін; ол тұрмақ, айдын жаңаруы да оған әсер етеді, міне осының бәрін анықтай келдім де, мен оны ерекше қамқорлыққа алдым; себебі осынау некен-саяқ қыздың кірпияз болмысын мен ғана түсініп, дұрыс жолға салып отыра алады екенмін. Ол, жоғарыда айтып өттім ғой, мен үшін үстін үлделеп қойған тоқты секілді. Енді оның өзін де көресіз, мінеки оның тұратын үйі.
Жолаушылар бұта арасындағы құлама сүрлеумен аяңдап отырып, тау бөктерінің үштен екісін жүріп өткен-ді. Жолдың бір бұрылысына келгенде Женеста қыздың үйін көрді. Таудың ең жалпақ ернеуінде тұр. Көлбеулеп созылған тамаша көгал, көлемі үш арпан шамасында болар, айналасына ағаш егіліп, етегін тау бұлақтары шайып жатыр, құлама жар жақ бетіне қоршау ретінде тұтас қырқа соғылыпты, онша биік те емес, аласа да емес, бірақ жер бедерін келегейлеп жауып тастамаған.
Кірпіштен салынған жайпақ төбелі үйдің маңдайша жағы жаппа сияқтанып ілгері қарай сұқтанып барып біткен екен, соның өзі үйге ерекше сән беріп тұр. Екі қабат құрылыстың есіктері мен терезе қақпақтары жасыл сырмен сырланыпты. Үйдің басты есігі оңтүстікке шығады екен, сондағы жалпы аумағы тіпті шағын көрінеді; шағындығы сондай, терезелері осы оңтүстік жағында ғана; орам жайдың басты ерекшелігі мұңтаздай тап-таза болып жайнап тұр.
Жаппаның астыңғы жағы неміс үлгісі бойынша тақтаймен шегенделіпті де, ақ сырмен сырланыпты. Үйдің айналасына егілген акация ағаштары гүлденіп тұр, олардан басқа тағы бір жұпар иісті ағаштар, алқызыл итмұрын, шырмауық, солардың ортасында зәулім жаңғақ ағашы бой көрсетеді, — басқаларын қырыққанда оған тимепті; олардан әретіректе, бұлақ бойында сәмбі талдар өсіп тұр. Арт жақта бук, шырша ағаштары қарауыта тұтасып, солардың шенінде үй тіпті сәнді көрінеді.
Бұл кездегі ауаның өзі де тау жақтан, бақша ішінен аңқыған жұпар иісіне толы. Сонау көкжиекте ашық, мөлдір аспанға ақбұлттар жинала бастаған. Алыстағы шындар да батар күннің анық алқызыл шапағына бөлене, тіпті әсем көрінеді. Жоғарыдан қарағанда, бүкіл аңғар алақанға салғандай айқындала түскен; Гренобльден бастап сонау доғадай иілген жартасты қырқаның түбінде айдын көлдей боп жайылып кеткен өзенді кеше ғана Женестаның өзі кесіп өткен. Алысырақта, үйдің жоғары жағында бойшаң теректер тізіліп тұр бұл селеннен Гренобльге қарай тартылған үлкен жолдың сүрлесі. Ал селеннің өзі қиғаштап түскен күн сәулесіне бөленіп, алмастай жарқырайды, соның барлық терезелерге шағылыса жарқыраған ұшқындары қызыл күрең нұр шашады. Женеста осы керемет көріністі көргенде, атының басын тежеп, аңғар бойында шашылып жатқан құрылыстарға, жаңадан қатар түзеген поселкеге және жаңағы қыздың үйіне қарай қолымен нұсқап, таңданып қалған.
— Бір мың сегіз жүз он бесінші жылы Ваграмда жеңіске жетіп, Наполеонның Тюльриге қайтқан кезінен бермен қарай, — деді ол күрсініп, басқа ешбір нәрсе менде мұндай тебіреніс туғызған жоқ еді. Тақсыр, осы қуаныш үшін мен сізге қарыздармын, өйткені селенді жердің мұндайлық әсем көркін көре білуді маған сіз үйреттіңіз.
— Иә, деп жауап қайырды доктор мырс етіп, қалаларды жаулағаннан гөрі оларды салған дұрысырақ!
— Қойыңыз, тақсыр! Мәскеудің алынуы мен Мантуяның құлауы ше? Мұның не екенін сіз қалайша білмейсіз! Немесе біздің ерлік даңқымыз барлық француздардың мерейі емес пе еді? Сіз жақсы адамсыз, Наполеон да жаман адам болмайтын, сіздер ұнасқан болар едіңіздер; егер Англия болмағанда, біздің император құламайтын еді; енді мойындауға болатын шығар, ол өлді ғой: мен оны құрметтейтін адаммын. Бұл жерде бұқпантайлап сығалайтындар жоқ шығар, — деді офицер жан-жағына қарап қойып. Қандай дара билікші еді шіркін! Адамдарды қандай танушы еді. Сізді ол мемлекеттік кеңеске тағайындаған болар еді, өйткені ол нағыз билікші болатын, үлкен билікші болатын; ең арғысы, соғыстан кейін әркімнің оқшантайында қаншадан оқ қалғанына дейін біліп отыратын. Қайран да қайран ерім-ай! Сіз маған дімкәс қыздың жайын әңгімелеп келе жатқанда, мен оның Елена әулие аралында дүниеден өткенін ойладым. Беу, ат арқасында шоқытып жүретін жөне шалқайып тақта отыратын адамға сондай ауа райы мен сондай баспана қайдан дөп келсін? Бағбандықпен айналысыпты дегенді айтып жүр жұрт. Тәңірім-ай! Сол капуста отырғызу үшін жаралып па екен?! Біз енді Бурбондарға қызмет етуіміз керек, адал қызмет етуіміз керек, тақсыр, өйткені, кеше сіз дұрыс айттыңыз: Франция қалай дегенмен де түбінде Франция күйінде қалады.
Осы сөздерді айта келіп, Женеста атынан түсті де, Бенасидің істегенін істеп, атын тізгінінен ағашқа байлай берді.
— Үйінде жоқ болғаны ма? — дейді доктор, қыздың табалдырық алдында тұрмағаның көріп.
Бұлар үйге кірген, бірақ төменгі қабаттың бөлмесінде ешкім көрінбеді.
— Сірәғысында, екі бірдей салт аттының желе шоқытып келе жатқаның көріп, — дейді Бенаси жымия күлімдеп, — жоғарыға кеткен той телпішегін киіп, белбеуін буынбақ болып, қысқасы, сәнденіп шықпақ ниетпен.
Сөйтті де, ол Женестаны төменде қалдырып, өзі үй иесін іздеп кетті. Офицер енді төрті бөлмені көзбен шолып, қарай бастаған. Қабырғаларға алқызыл раушан гүлдерінің суреті салынған қоңыр түс қағаз жапсырылыпты, еденге кілем орныңа өрме жөке төселген. Орындықтар, кресло, үстел түгелдей ағаштан жасалған, бірақ сырланбаған. Бөлме ішін әшекейлеп тұрған нәрселер: сәмбі талдың бұтағынан шеңберлеп тоқылған, сонсоң гүлкүлтелері мен мүк араластырып өрнектелген құмыра-жәшіктер, терезелерде селдіреген ақ перделер, олардың етегін әдіптеген қызыл шашақтар. Камин үстінде айна, екі шамның ортасында жылтыр фарфордан жасалған ваза; креслоның қасында шырша ағашынан жасалған жадағай орындық, үстел үстінде пішілген маталар, шала тігілген көйлек; сонсоң тігіншінің ең қажетті мүліктері: зат салатын кәрзеңке, қайшы, ине-жіп, тағысын тағылар. Бәрі де теңізден жаңа ғана шығарылған ұлутас сияқты жалтырап тұр. Қарсыда, дәліздің арғы басында, басқышқа таман ас үй көрінеді. Шамасы, жоғарғы қабатта да осы сияқты екі бөлме болуы керек.
— Жарайды, несіне қорқасыз, — деп қызға айтылған Бенасидің сөздері естілді. Жүріңіз, барайық та!
Осы сөздерді естіген бойда Женеста аяғын жылдам басып, бөлмеге оралды. Міне, енді денесі жіп-жіңішке, сымбатты қыз келді кіріп, қысылып-қымтырылғанда екі беті қызарып кеткен; үстінде селдір жұқа матадан тігілген алқызыл көйлек, етегінде неше түрлі желбіршектері бар. Бет-ажары ептеп жайылынқырап келіп, кейбір қазақ-орыс қыздарына ұқсап кететін сияқты, мұндай бейне француздарға 1814 жылғы қайғылы қырғыннан бермен қарай таныс. Расында да, қыздың танауы солтүстік қыздарының көпшілігінде болатындай ептеп таңқиынқырап біткен, аузы үлкен, иегі қушық, қолдары қызарып кеткен, аяқтары нағыз шаруа қыздарыныкіндей ірі, жалпақ. Жел мен күннің өтінде жүргенімен, беті күнге күймеген, қан-сөлсіз ашаң, кәдімгі қуарған шөп сияқты; бірақ бұл ашаңдық алғашқы бір қарағандағы әсер, сонысымен де тартымды; ал көгілдір көздерінің жанарында жабыққан мұң; қимыл-қозғалысы нәзік, даусы жұмсақ, бет әлпеті дәл доктордың әсірелеп айтқаныңдай бола қоймаса да, офицер қалай дегенмен де ажарынан өмірдің көп тақсіретін тартқан ерекше, дімкәс адамның кейпін танығандай болды. Қыз келген бойда шымтезек пен қураған бұталардан жеделдете от жағып жіберді де, креслоға келіп отырып, тігіп жатқан көйлегін қолына алды; сөйтті де, қонақтың көзқарасынан қаймыққандай, көзін төмен салған бойы отырып қалды; сырт көзге жайбарақат көрінгенімен, қысылғаны байқалып тұр; әсіресе бір көтеріліп, бір төмен түсіп, тербеліп тұрған көкірегі; Женестаға кереметтей әсем көрінгені де осынысы еді.
— Ал, менің қадірменді қызым, шаруа жүріп жатыр ма? — деп сұрады Бенаси, көйлекке деп кесіліп-пішілген мата қиындыларын аударыстырып тұрып.
Қыз докторға әрі қысылып, әрі қиыла өтінгендей рай білдіріп жауап қатқан:
— Маған ұрыса көрмеңізші, тақсыр, бүгін бір көйлекті де бітіре алмадым, сіз өте зәру адамдарға керек деп мұқият тапсырсаңыз да; күн бүгін тіпті тамаша екен, серуендеп кеттім де, саңырауқұлақтың нешеме түрін теріп, Жакотаға апарып бердім; ол кісі де сондай қуанып қалды: бүгін сіздерде түстікке қонақтар болады екен ғой, соны білгендей апарғаным қандай жақсы болған! Өзім де сезіп едім, бүгін саңырауқұлаққа бару керек екенін.
Осыны айтты да, қыз іс тігуге кірісті.
—Үйіңіз өте жақсы екен, бикеш, — деді оған Женеста.
— Тіпті де менікі емес бұл үй, тақсыр, қыз көзін бейтаныс адамға қарай бір төңкеріп тастады да, сол үшін өзі де қысылғандай, екі беті дуылдап кетті. Бұл үйдің иесі Бенаси мырза.
Қыз енді монтаны көздерін докторға қарай аударған.
— Балапан-ау, сіз өзіңіз де жақсы білесіз ғой, бұл үйден сізді ешкім де қуып шықпайтының, — деді доктор қызды қолынан ұстап тұрып.
Қыз кенет орнынан ұшып тұрды да, бөлмеден жүгіріп шығып кетті.
— Ал, кәне-е, қыз сізге ұнай ма? — деп доктор енді офицерге қарады.
— Байқайсыз ба, — деді Женеста, — өзінде бір тартымдылық бар. Мекен-жайын да ұядай қылып, келістіре жасаған екенсіз.
— Несі келіссін! Түс қағаздардың бағасы он бес-жиырма судан аспайды; тек таңдауы келіскен деп айта беріңіз, сол ғана. Ағаш жиһаздар есепке кірмейді; оны тек ризашылық көңіл үшін кәрзенкеші шебер жасап берді. Терезе перделерін бірнеше көлең қорқиықтарынан құрастырып, бикешіміздің өзі тігіп алды. Үйдің де, ішіндегі қарапайым көріністің де ұнап тұрған себебі сіз оны тау арасында, бір йен түкпірде бірінші рет көріп тұрсыз, мұндай мекен-жайды кездестірермін деп тіпті ойлаған жоқсыз; бұл жерде көз тартып, көңіл аударар бір нәрсе табылар деп те күткен жоқсыз; ал бұл жердегі барлық құпияның сыры үй мен табиғаттың бір-бірімен кереметтей үйлесім тапқандығында; қараңызшы, табиғаттың өзі бәрін қолмен қойғандай қылып, бір жағынан бұлағын сылдыратып, енді бір жағынан қатар-қатар ағаштарын тізіп, анау кең көкорайда неше түрлі шөптерін өсіріп, хош иісті гүлдерін жайнатып қойған. Иә, сізге не боп қалды? — деп сұрады Бенаси қыз қайтып келген бойда.
— Ештеңе де болған жоқ, жай-жай, — деді қыз, қорадағы тауықтар шығып кетті ме екен деп…
Қыз жорта айтқан, доктор соны сезіп қалып, құлағына сыбырлады:
— Жыладыңыз ба?
— Бөтен адамның көзінше сіз ондай әңгімені несіне айтасыз? — деп қыз реніш білдірген.
— Бикеш, — деді сол кезде Женеста, — сіз томағаңызды бекер тұйықтай бересіз; мынадай жайлы орын, құтты мекенде сізге күйеу ғана жетіспей тұр.
— Оныңыз рас, — деді қыз мұңайып, — бірақ мен не істейін, тақсыр? Кедейлігіме қарамай, керіктігім бар. Қырда жұмыс істеп жүрген күйеуге тамақ тасығым келмейді, атқосшы болуға да зауқым жоқ; жақсы көретін адамын кедейліктің тақсіретін тартып, шығар жол таппай жүргенін көріп отырудың несі жақсы? — Оның үстіне, бала басты болып, күйеуіңнің ескісін жамап-жасқап отырсаң. Кюре мырзаның бір айтқаны бар еді: христиан әйеліне ондай ойлар жараспайды деп; оны мен өзім де жақсы білемін, бірақ амал қайсы? Кей-кейде мен қатқан қара нанға қарап отырсам да, тек әйтеуір түскі астын әуресіне түспесем екен деп ойлаймын; ендеше менің сол мінезім күйеуді көрге апарып тықсын дейсіз бе? Менің бабымды табамын деп жүргенде, жұмыстан зорығып кетсе, сол әділдік болар ма еді? Жоқ, мені құдайдың өзі жазалап, жалғыздыққа бұйырған болар.
— Оның үстіне, менің бұл еркетайым жаратылысынан жалқау, — деді Бенаси, — оған да қону керек. Ал енді осы әңгімелердің барлығының түйіні бұл әлі ешкімге ғашық болмаған, -деп сөзінің аяғын әзілге айналдыра күлді.
Сәл отырғаннан кейін доктор орнынан тұрды да, сыртқа шығып кетті:
— Сіз, сірә, Бенаси мырзаны өте жақсы көретін боларсыз? — деп сұрады Женеста қыздан.
— О, әрине, тақсыр. Бір мен ғана емес, бұл жердегі жұрттың бәрі ол үшін отқа түсіп, суға кетуге бар. Бірақ ол тек басқаларды ғана емдейді, ал өзінің бойында бір дауасыз сырқат бар. Сіз оған доспысыз? Білесіз бе бұл кісіге не болғаның? Осындай адамды айықпас дертке ұшыратқан кім екен? Шыныңда бұл кісі жер басып жүрген құдайдың өз бейнесі. Таңертең қасынан жанасып өткен жердің егіні қаулап шыға келеді жұрттың көбі соған сенеді.
— Ал сіз сенесіз бе?
— Тақсыр, мен оны бір рет көрсем болды…
Қыз өзінен-өзі қысылып, бөгеліп қалды да, қайтадан сөйледі:
— Сол күні күндікке көңілді жүремін.
Қыз басын төмен салбыратып жіберді де, жалма-жан қайтадан ине-жіпке кірісті.
— Ал, қалай? Наполеон туралы айтты ма сізге капитан? — деп сұрады үйге қайта кірген доктор.
— Сіз Наполеонды кердіңіз бе? — деді қыз жұлып алғандай, офицердің өңіне қарағанда мәз-мейрам болып.
— Көргенде қандай, — дейді Женеста. — Мың рет көрген шығармын, тіпті одан да көп болмаса.
— Түу, шіркін-ай, әскери өмірден бірдене естірме едім мен.
— Ертең, шамасы, осында келіп кофе ішетін болармыз. Сонда саған «әскери өмірден бірдеңе» айтылып қалар, балапан. Осыны айтқаннан кейін Бенаси қызды иығынан қаусыра құшақтап алды да, маңдайынан сүйді. Көрдіңіз бе, бұл менің қызым ғой, Бенаси енді офицерге қарай бұрылды, егер мұны маңдайынан бір сүймесем, күні бойы бір нәрсе жетпегендей болады да тұрады.
Қыз Бенасидің қолын қысып, естір-естімес дауыспен:
— Сіз қандай жақсы адамсыз, — деді.
Қонақтар қош айтысқанда, қыз шығарып салмақ болып үйден бірге шықты, олардың аттанып кеткенін көрмек. Женеста ерге нығыздалып отырып алған кезде, қыз Бенасидің құлағына сыбыр етті:
— Мына мырза кім болады?
— Бесе, айтамын ғой, — доктор күліп жіберді де, аяғын үзеңгіге сала бергенде тағы сөйледі: — иә, бәлкім, бұл сенің құдай қосқаның болып шығар…
Жолаушылар құлама соқпақпен төмен қарай түсіп бара жатқанда, қыз олардан кез алмай қарады да тұрды; олар бақты орағытып өтіп, арттарына қарағанда, қыздың үйінді тастың үстіне шығып, әлі де қарап тұрғаның көрді: қонақтарына тағы бір қарап, қоштасу рәсімімен басын бір изеп қалғысы келгенін іштерінен біліп барады.
— Тақсыр, мына қыздың бойында әдеттен тыс бір нәрсе тұр, — деді Женеста докторға, -бұлар үйден бірсыпыра жер ұзап шыққаннан кейін.
— Шынымен бе? — деп жауап қатты доктор. Өзіме-өзім бір жиырма рет қайталап айтқан шығармын:бұдан артық әйелді таппайсың деп; бірақ мен оны қызым немесе қарындасым ғұрлы жақсы көргеннен басқаға бара алмаймын: жүрегім менің өліп қалған.
— Туысқандары бар ма өзінің? — деп сұрады Женеста, әке-шешесі қандай адамдар болған?
—Ой, ол бір жатқан тарих, — дейді Бенаси. — Оның әкесі де жоқ, шешесі де жоқ, туған-туысқаннан да ешкімі жоқ. Мені қайран еткен оның ел ішіндегі лақап аты. Өзі біздің осы селенде туыпты. Сен-Лоран-де-Понда күндік жұмысқа жалданып жүрген әкесін жұрт қабыршы деп атайды екен; әрине, оның да себебі бар: олардың әулетінде ұрпақтан-ұрпаққа тараған бір-ақ кәсіп қабыршылық болыпты. Кісіге жат естілетін суық-ақ сөз. Сонау Рим заманынан бастап, біздің жерде, тіпті Францияның басқа да бірқатар облыстарында, күні осы уақытқа дейін қалмай келе жатқан бір әдет әйелін, аяғына әйелдік бір жұрнақ қосады да, күйеуінің атымен атай береді; сондықтан мына қызды да әкесінің лақап атымен қабыршы қыз деп атап кеткен.
Сол жалшы бір граф әйелдің үй күтушісін жақсы көріп қалады да, соған үйленеді. Ол графтың мекен-жайы осыдан бірнеше лье ғана жерде. Бізде, біз ғана емес, жалпы деревняда біреуге сүйіп қосылу деген болмайды. Әдетте, шаруалар үйленгенде, балалы болу үшін, үйде әйел болуы үшін үйленеді әйел жақсылап тамақ істеп береді, қырға тамақ әкеледі, көйлектік кенеп тоқиды, жыртылған киімін жамайды. Біздің өлкеде баяғыдан бері өнеге болып келе жатқан бір әдет әлде бір жігіт, үш-төрт арпан артық жері бар екен деп, сол үшін өзінің «қалыңдығын» тастап, басқа біреумен кету деген сірә да болмайды. Жаңағы қабыршы мен әйелінің тағдыры қайғылы болса да, олардың үлгісі біздің шаруаларды Дофиненің адамдарындай есепқорлыққа жетелей алмаса керек. Қабыршының сұлу әйелі баладан қайтыс болыпты да, күйеуі қайғыдан сол жылы-ақ дүние салыпты; сөйтіп жаңа ғана жарық көрген шарана сол шала жансар өмірден басқа ешқандай мұра көрмей, тақыр орында қала беріпті. Жетім қызды жанашырлық білдірген көрші әйел бауырына басып, тоғыз жасына дейін асыран сақтаған екен. Бірақ ар жағында, қанша қайырымды болса да, шамасы келмей, асыранды қызды қайыр сұратып жібереді. Бір күні жетімек қыз баяғы граф әйелдің қамалына тап болады. Шешесінің аруағы үшін деп, оны сонда алып қалады.
Бәйбішенің мұрагер қызына күтуші болсын деген есеппен мұны байдың үйі неше түрлі азапқа салады. Бес жылдан кейін тұрмысқа шыққан ерке тотай бикештің, ондағы басқа да байшікеш мырзалардың ойыншығы қылып қорлайды, өзін адам ғұрлы көрмей, неше түрлі жапа шектіреді; біресе қамқоршы, біресе дос болғансып, әуреге салады. Алғашқы кезде мұрагер өзіне әмпей де қылады; сауатын ашады, музыка үйретеді. Сөйтіп жүріп салтанатты, сәнді өмірге еті үйренеді, өзінің жағдайына жараспайтын нәрселерге әуес болады. Бір күні соры қайнаған қыз, жас бәйбішенің қымбат көйлегін киіп алып, айнаның алдында көлеңдеп билеп жүргенін өміршісі көріп қалады да, қатты ашуланып, үйінен қуып жібереді. Он алты жастағы қыз бала қаңғырып қайыр сұрап кетеді. Бұл өмірден безініп, суға кетіп өлгісі де келеді, кез келген адамға сатылып, күнкөргісі келеді. Осындай делсал күйде жүріп жұмысқа жалданады, орақ кезінде ауыр жұмыстан зорығып кетіп, қатты ауырып та қалады. Қойшы, сөйтіп қаңғалақтап жүргенде біздің селенге тап болады ғой. Бұл менің осы араға келіп орнығып жатқан кезім болса керек. Мен осындағы тұрғындардың рухани әлемімен таныспақ болып ел аралап жүргенде, осы қызды көрдім де, кереметтей таңғалдым. Сонсоң дімкәстігіне көзім жеткеннен кейін қамқорлығыма алдым. Уақыт өте келе, бәлкім, тігіншілікке төселіп кетер; қалай болғанда да мен оның тіршілігін қамтамасыз еттім.
— Мына жерде қатты жалғызсырайтын да болар, — деді Женеста.
— Жоқ, оның үйіне бақташы қыз келіп қонып жүреді, — деп жауап қайырды доктор. — Сіз байқамаған боларсыз, сол үйдің жоғарырақ жағында менің фермамның қызмет бөлімшелері бар, шыршалардың тасасында. Қыздың үйі әбден қауіпсіздік жағдайда. Тегінде, біздің алқапта арам ойлы тентектер жоқ; бірлі-жарым байқала қалса, мен әскер қызметіне жібертемін; олар тамаша солдат болып шыға келеді.
— Қыз байғұс-ай! — деп қалды Женеста.
— Ал жергілікті адамдар оны байғұс деп ойламайды, қайта, бақытты деп есептейді; олар қыз бен шаруалардың арасында үлкен айырма бар екенін түсінбейді: құдай оларды күшті етіп жаратқанда, мұны тым нәзік қылған.
Салт аттылар Гренобльдің жолына шыққан кезде, алдарынан ашылған табиғат көрінісі офицерді қаншалықты қайран етерін күні бұрын білген Бенаси өзіне-өзі риза болғандай кейіппен атының тізгінін тартқан: серігінің тан-тамаша болғанын өз көзімен көріп рақаттанбақ. Әрқайсысының биіктігі алпыс кез шамасындай қатар жатқан екі қырқа жалпақ жолдың екі жағында өркештене созылып барып, көз ұшында аласарып барып ғайып болады, осының барлығы жасыл жамылған жанды ескерткіш сияқты болып көрінетін де, соны өз қолымен жасаған адамның заңды мақтанышы болып табылатын-ды.
Ағаштардың жапырағын ешкім қимайды, сондықтан олар аспанды бойлап өсе береді де, бастары жоғарыда түйісе тұтасып, зәулім шатырға ұқсап тұрады, итальян теректерінің бүкіл өсімдіктер әлеміндегі атақ-абыройы оларға тегіннен-тегін келмеген. Солардың қазіргі көрінісі де керемет. Жолдың бір жағына көлеңке түсіп, тұтасқан қалың ағаш қарауыта бастаса, қарсы беті батар күннің шапағына бөленіп, орманның жас өскіндері алтынға малынғандай, біресе жалт-жұлт етіп мың құбылады, біресе самал желге тербетіліп, айналаға сәуле ұшқындарын шашырата шалқиды.
— Осы жерді еркін иеленіп жүрген сіз өте бақыттысыз-ау, тегі, — деп Женеста ағынан жарылған, осының бәрі көңілге қуаныш қой.
— Тақсыр, — деп доктор да өз пайымын айтып жатыр, адамды алдамайтын бір-ақ сезім бар ол табиғатқа деген сүйіспеншілік. Табиғат адамды түнілдірмейді. Мына тұрған теректерге он жыл болды. Ағаштардың осылай тұтаса тегіс тамыр жайғаның көргеніңіз бар ма, cipә?
— Құдайдың құдіреті күшті ғой! — деп көтеріле сөйлеген офицер шетсіз-шексіз ұзын жолдын қақ ортасына шығып тұрып алды.
— Сіздің сөзіңіз мен үшін шынайы сыйлық, — деді оған Бенаси.
— Мен өзім осы жолдың үстінде келе жатып, ой жүзінде талай қайталаған сөздерді сізден естігенім бір ғанибет. Осы жерге келгенде адамның бойын бір түрлі діни сезім билейді. Біз екеуміз ғой бір-бір түйіршік топырақ сияқтымыз. Өзіміздің сондай болымсыздығымызды сезінген сайын біз Құдай Тағалаға жақындай түсеміз.
Олар сол үнсіз тұрды да, баяулап жүріп кеткен, мынау жасыл желек ортасында дүрсілдеген ат тұяқтары бір күмбезді храм астынан шыққан сияқты гуілдеп, күмбірлеп естіледі.
— Осыншама шаттықты тебіреніс сәттері қала халқының ойына да кіріп шықпайды-ау, сірә, — деп тіл қатты доктор. — Сезесіз бе сіз теректің қоймалжың шырыны мен самырсын шәйірінің иісін. Қандай рақат!
— Бері қараңызшы, мынау не нәрсе? — деді Женеста елең етіп.
— Қане тоқтайықшы.
Алыстан ән естілді.
— Кім бұл өлең айтқан еркек пе әлде әйел ме? Әлде құс па? — дейді офицер дауғын бәсеңдетіп. Әлде бұл мына ұлы табиғаттың өз даусы ма?
— Солардың бәрі де бар, — деп жауап қайырған доктор атынан секіріп түсіп, оны тізгінінен терекке байлап жатыр.
Ол офицерді қолымен ымдап қасына шақырды. Екеуі шомырт бұталарынан тұтасқан жанды қоршауды бойлап, жайлап жүріп келеді, бұта бастарынан төгілген аппақ гүлдің жұпар иісі кешкі дымқыл ауада ерекше әсерлі болып сезіледі. Соқпақтың әр жеріне шашырап түскен күн сәулелері тұтасқан терек жапырақтарының қара көлеңке сұлбасында тіпті жарқырап көрінеді; бұрқыраған осынау қалың сәуле тасқынынан құмдақ жолдың арғы басында жапырайып көрінген лашық үйдің қабырғасына қызыл-күрең шапағын түсіріп тұр. Соның алтын ұшқындары сабанмен жапқан үй төбесінің қара қошқыл түсін де түрленте әрлендіріп жіберген; бір жағына қарай қисайып кеткен маңдайша белдігінен қоян капуста мен мук сияқты бірденелер қылтиғанымен, жаңағы буалдыр сәуледен лашықтың өз сұлбасы да бұлдырап зорға көрінеді; бірақ үйдің тозған қабырғалары мен ескі есігі жанағы өткінші сәулемен әжептәуір ажарланып, алыстан көзді алдағандай: кейде ерекше көтеріңкі көңілдің желеуімен адам кескінінің де осылай ажарланып кететін тұсы болады.
— Табиғаттың аясында кейде адамның жан дүниесін сергітіп, әсіре серпілтіп жіберетін бір көріністер болады. Айса пайғамбар таудың басына шыға келген кезде, қасындағы көмекшісі: «жаппаны тұрғызамыз да, осы араға жайласамыз», деп осындайда айтқан ғой. Осы бір сәтте табиғаттың даусы да табиғаттың дәл өзі сияқты тап-таза болып сыңғырлап, мейлінше нәзік естілетін тәрізді еді; бірақ жаңағы дауыс батар күннің әрінен айырылып, қара күңгірттеніп бара жатқан түнегі сияқты жат, азалы естілген; бейне бір сөнген күн шапағының аспанда қарауытып түнергені сияқты және де жер бетіндегі бір күндік гүлдер мен көбелектердің қысқа өмірі сияқты, бір түрлі баянсыз ажал бейнесін елестеткендей еді. Күннің мұндай мезгілінде жаңағы тотыққан шапақтың өзінен мұң сезілетіні сияқты, жаңағы әнде де ауыр мұңның табы бар еді; ол халық әні, махаббат пен қасіреттің өні еді: Францияның Англияға деген ұлттық өшпенділігін білдіретін ән еді. Бомарше келді де, осы әнге шын мәнісінде әсем әуен дарытты; сөйтті де, бұл он француз сахнасында өзінің кіндік шешесіне сүйіспеншілігін білдірген күтуші жігіттің аузынан шырқалатын болған. Біреу сол әннің сөзін айтпай, тек ән ырғағын ғана жеткізіп тұр, бірақ соның өзі де адамның бойын елжіретіп, сай сүйегін сырқыратқандай еді.
— Аққудың қоштасу әні, — деді Бенаси, — бәлкім, мұндай дауысты жүз жылда да қайталап ести алмассың. Тезірек барайық: мынау өлеңді дереу тоқтаттыру қажет. Балақай өзін-өзі әлтірейін деп тұр ғой, оны әрі қарай тыңдау адамгершілікке жатпайды… Тоқтат, Жақ! Әй, тоқтатсаңшы! — деп айқайлады доктор.
Ән үзілді. Женеста әлде неге арбалғандай, орнынан қозғалар емес. Күннің көзін бұлт басты да, табиғат та, дауыс та жым болды.
Жаңағы күннің жұмсақ сәулесі мен самал желдің, ән айтқан бала даусының орныңа қара көлеңке, салқын ызғар мен тылсым тыныштық орнады.
— Сен неге тыңдамайсын? — деп дауыстады Бенаси. Бұдан әрі күріш самсаны да, ұлудың сорпасын да, жас құрманы да, ақ нанды да алмайсын. Сен өлгің келген екен, шешеңді зарлатқын келген екен, солай ма?
Женеста ұядай ғана кішкентай аулаға кірген бойда он бестер шамасындағы қыздай нәзік, қатілез баланы көрді; жидіген сирек ақ шабдар шашы бар, бет-ажары да сондай, кәдімгі бір опалап алған тәрізді. Ол биік жасмин бұтасының түбінде, гүлдеген сирень ағашының тасасында тұрған ұзын орындықтан ілмиіп тұрегелді.
— Мен саған айтқаным қайда, — деді доктор сөзін жалғастырып, күн батқан кезде жатып ұйықта, кешкі салқында далаға шықпа, ешкіммен сөйлеспе демеп пе едім. Өлең айту ойына қайдан келе қалды?
— Рас, Бенаси мырза, күн өте жылы, жылы күнде адамның көңілі де көтеріңкі болады! Ал мен ылғи қалтырап тоңып жүремін. Менің көңілденіп кеткенім сондай, тіпті өлең айтқанымды да байқамай қалыппын; «Мальбрук жорыққа аттанды» деп бастап, өз-өзімнен елігіп кетіппін: даусым да сіздің қойшыңыздың даусындай сызылып кеткен.
— Байқа, ендігіден әрі олай істемейтін бол, естідің бе?.. Қане, қолыңды әкелші, бейшара бала.
Доктор баланың тамырын басып көрді. Оның көгілдір көздері жайшылықта моп-момақан болушы еді; ал қазір оттай жанып, ойнақшып тұр, бала бір нәрсеге қобалжыған.
— Бәсе, айттым ғой, өзін жіпсіп тұрсын ғой, — деді Бенаси. — Шешен бір жаққа кетіп пе еді?
— Иә, тақсыр.
— Жүгір, үйіне бар да жата қал
Науқас баланы Бенаси мен офицер лашығына ертіп кіргізді.
— Шырағданды тамызып жіберіңізші, капитан Блюто, — деді де, доктор баланың үстіндегі жұпыны киімдерін шешіндіре бастады .
Бөлменің ішіне шамның жарығы түскенде Женеста баланың тыриған арық түрін көріп, таңғалды: құр тері мен сүйек қана. Бенаси оны жатқызып қойып, денесінің әр жерін тықылдатып көре бастады, көкірегінің сырылын тыңдады; демаласының жарамсыз қырылына құлақ түріп аз тұрғаннан кейін, Жактың үстіндегі көрпесін қымтай түсіп, қасынан үш-төрт қадамдай алыстап барды да, екі қолын қусырып, оған үнсіз қарап қалған.
— Ал, қазіргі халің қалай, шырақ?
— Жақсы, тақсыр.
Бенаси төрт аяғы бірдей шойнаңдаған үстелді кереуетке қарай жақындата жылжытты да, каминнің үстінен стақан тауып алып, кішкентай шишаға ішкілік дәрі әзірледі; Женеста көтеріп тұрған шырағданның жарығына тосып тұрып, дәрінің бірнеше тамшысын санап алды.
— Шешең неғып кешігіп жатыр?
— Әнеки, келе жатыр, тақсыр, — деді Жак. Естідіңіз бе, сүрлеуді басқан аяғының тықырын.
Доктор мен офицер соны тосып тұрып, үй ішіне көз салған. Кереуеттің аяқ жағында еденде ішіне мүк толтырған жалаң матрас жатыр, үстінде жамылғысы да, көрпесі де жоқ; сірә, шешесі сол жерге киімшең жата кететін болуы керек. Женеста үнсіз, қолымен соны нұқсап еді, доктор түсіне қалып, шешесінің де жай-күйіне аяушылық білдірген. Есік алдынан ағаш кебістің тықырын естіп, доктор сыртқа шықты.
— Қола жеңгей, бүгін ұйқыны қойып, Жакты қарап тұрғаныңыз жөн болар. Егер тынысы тарылып бара жатса, мына стақандағы дәріден ішкізіңіз. Бірақ екі-үш жұтымнан артық бермеңіз. Осы стакандағы дәрі бір түнге жетуге тиіс. Шишадан стаканға дәрі құя көрмеңіз; сонсоң дәл қазір баланың үстіндегі іш киімдерін ауыстырыңызшы, өзі қатты терлеп жатыр.
— Бүгін жейдесін жуып үлгірген жоқ едім, аздаған тиын-тебен бола ма деп Гренобльға кендірдің шүйкесін апарып едім.
— Жарайды, мен жейде жібертейін.
— Сонда, баламның жағдайы нашарлап қалғаны ма?
— Күтер жақсылығы шамалы, Кола жеңгей, оның үстіне, өзі сақтанбай, өлең айтып қойыпты, ол үшін ренжімеңіз де, оған ұрыспаңыз, өзіңіз де бекем болыңыз. Егер Жак тым мазасызданып бара жатса, көрші әйелді маған жіберіңіз. Сау болыңыз.
Доктор жолдасын дауыстап шақырып алды да, екеуі соқпақ жолмен кері қайтты.
— Баланікі құрт ауру ма? — деп сұраған Женеста.
— Әрине, солай, құдайым-ай! — деді Бенаси. Бұдан тәуір болып кету табиғаттың бір кереметі болар еді. Ғылым бұған әзір әлсіз. Париждегі медицина факультетінің профессорлары бір жаңалық ашқан екен, сіз жаңа соның куәсі болдыңыз. Өкпе ауруы кезінде кейбір адамның тамағындағы дыбыс тіндерінде бір түрлі өзгеріс пайда болып, даусы кереметтей жақсарып кетеді екен де, оған ешбір әнші шақ келе алмайды екен.
— Жо, тақсыр, бүгінгі күн сіз үшін көңілсіздеу болды, — деді доктор атына міне беріп, сөзін әрі қарай жалғастырды да. Барған жерлеріміздің бәрінде де қасірет-қайғы, бәрінде де өлім және соның бәрінде де тағдырға үнсіз мойынсұну. Шаруа адамдардың өлімінде философиялық сипат бар: қайғы-қасіретті үнсіз тартады да, кәдімгі жануарлар сияқты құлап түседі. Жә, өлім жайындағы әңгімені доғарайық та, аттарды айданқырайық. Ымырт жабылмай тұрғанда үйге жетіп алайық; сізге жарықта жана поселкені көрсеткім келеді.
— Бәлі! Мынау өрт емес пе, — деді Женеста тау бөктерінде будақтаған қою түтінді, аспанға шапшыған жалынды көрсетіп.
— Жоқ, бұл онша қауіпті от емес. Ақкірішті өртеп жатқандары болар. Бізде таяуда осындай жаңа кәсіп пайда болды, тобылғыны отын қылады.
Кенеттен гүрс етіп мылтық атылды да, Бенаси селт етіп қалып, ашық наразылық білдірді:
— Тағы Бютифе ме өнер шығарып жүрген. Жарайды, көрейік бұл жолы кім жеңгенін!
— Атыс ана жақтан естілді, — деді Женеста, дәл өздерінің төбесіндегі тау жақта өсіп тұрған бук орманың нұсқап. — Иә, сол жақта, жоғарыда; қарт солдаттың құлағы шалт естімес.
— Кеттік солай қарай! Бенаси атының басын босатып жіберіп, шаба жөнелді; кәдімгі бір кедергілі бәйгеге түскендей, жолсызбен тура орманға қарай тартып барады: бар мақсаты қылмыскерді тапжылтпай, тура тұрған жерінде ұстау.
— Сіз оны қусаңыз, ол сізден зытып барады, — деп дауыстайды Женеста, доктордың соңынан зорға ілесіп.
Бір кезде Бенаси кілт тоқтай қалып, атының басын кері бұрды да, кейін қарай шапты; сәлден кейін жаңағы қуған адамы бұлардың дәл төбесіндегі жартастың үстінде, бұдан жүз қадамдай жерден бой көрсетті.
— Бютифе! — деп айқайлады Бенаси, оның қолындағы ұңғысы сорайған ұзын мылтығын көре салып, түс төмен қарай!
Бютифе докторды тани кетті де, сөзсіз бағыныштылықтың белгісіндей, достық ниет білдіре, төмен иіліп тағзым етті.
— Солай-ақ болсын, — деді сонда Женеста тіл қатып, адам қатты қорыққандықтан немесе басқа бір сезімге берілгендіктен, жандәрмен қылып жартастың ұшар басына дейін өрмелеп шығып кетті дейік, ал енді бұл содан қайтіп төмен түспекші?
— Мен ол жағынан қауіптенбеймін, — деп жауап қатты Бенаси, — бұл жігітке тау ешкісі де ере алмайды. Қазір көріңіз де тұрыңыз.
Соғыс офицерге адам баласының өжеттігін бағалауды үйреткен ғой, тік жартастың биік басына дейін өрмелеп шыққанда тайсалмаған Бютифе сол құлама құздың ернеулерінен еркін аттап, аяғын мүлт жібермей, шапшаңдата түсіп келе жатқанда, бұл соған қызыға қарап қалған. Жігіт өте күшті және ғажап ебдейлі екен, жартастың ең бір қауіпті тұстарынан да шімірікпей құлдырап келеді; тіпті аяқ әрең ілінер жерде де ол кәдімгі паркет еденде алшаңдағандай сабырлы көрінеді; табанының тайып кетпесіне соншалықты сенімді. Ұзын ұңғылы мылтық енді оған таяқ болып алған.
Бютифе жақындап келгенде Женеста оны анықтап көрген: дене бітімі сидаң, қимылы шапшаң, бұлшық еттері бұлтиған орта бойлы жігіт екен, ер жүрек қияпатына бұл таңдана қарады. Шамасы, ол ешқандай зорлыққа бармай-ақ, өзінің неге болса да төзімді айлакерлігі арқасында, астыртың заттарын көз ілестірмей, қазына адамдарын алдастыра беріп алып өтетін әккі болса керек. Күн-қақты болған бет-ажарынан батылдығы білініп-ақ тұр. Сарғыш-қоңырқай аялы көздері қыранның көзіндей өткір болғанда, төмен қарап иіліп біткен мұрыны сол қыран бүркіттің тұмсығындай айбарлы. Екі жақ самайын қою түк басқан. Сол ғана езу тартып күлгенде, алқызыл еріндерінің арасынан аппақ тістері жарқырап көрінеді. Табиғатында бұйраланып біткен жирендеу сақал-мұрты мен самай түктері тумысында қайшы көрмесе де, бет-ажарына батылдық пен қаталдық нышандарын одан сайын дарыта түскен. Үнемі қимыл үстіндегі қолдарының бұлшық еттері ерекше жетіліп, нығыздала түскен. Кеудесі талыстай, тіпті кең жатыр, жазық маңдайы туа біткен ақылдың кеніші тәрізді. Бүкіл сыртқы түрінен ерлік, тәуекелшілдік пен сабырлылық көзге ұрып тұр мұның бәрі өз өмірін ылғи қатерге байлап, өзінің бойындағы қайрат пен ақылгөй қабілетін үнемі сынға салып жүретін адамға тон мінездер, сондықтан ол әрдайым өзіне сенімді болады. Үстіндегі көйлегі шырмауық тікенге арандап пәршаланған, аяғындағы сандалын жыланбалықтың терісінен тілінген таспамен шандып алған. Көк кенептен тігіліп, шұрқ-шұрқ болған шалбарының жыртығынан күнге күйген аяқтары көрініп тұр кәдімгі бұғының аяқтарындай сидаң, шымыр және сымдай түп-түзу.
— Алдыңызда тұрған адам бір кезде маған оқ атқан, — деді Бенаси сыбырлап. — Ал қазір біреу-міреуден құтылғым келсе, Бютифе соны ойланбай-ақ сілейтіп салар еді. Бютифе, -деп енді ол тәртіп бұзған аңшыға қарап бұрылды, — мен сені сөзінде тұратын жігіт қой деп ойлап едім, сондықтан саған ара түскенмін. Жанағы мылтық атқан сенсін ғой және өзін граф Лабраншуардың жерінде тұрсын. Егер осыныңды орманшы естіп қалса қайтер едің, сор қаққан неме? Сені құдай сақтағанда, мен саған протокол жасамаймын, әйтпесе бір қылмысты қайталап жасағаның үшін сен сотталып кетер едің, оның үстіне сенің қолда қару ұстауға хақын жоқ. Сенін мылтықты жақсы көретініңді білгендіктен, сені аяп, мылтығыңды өзінде қалдырғанмын.
— Тамаша зат екен, — деді офицер, мынау ұзын ұңғылы аңшылық мылтықтың Сент-этьен шеберлерінің қолынан шыққандығын айтпай-ақ жорамалдап.
Астыртын аңшы басын жоғары көтеріп алды да, Женестаға туралап қарады: бұл оның жанағы мақтау сөзіне риза болғаны еді.
— Бютифе, — деді Бенаси сөзін жалғастырып, ұяттан жанын қысылмай ма? Ескі кәсіпке қайтып оралатын болсаң, қас қаққанша тордың ар жағында отыратын боласын; онда сені ешкім каторгадан арашалап алып қала алмайды, қарғысқа ұшырайсың да, масқара боласын. Осы кешке мылтығыңды маған алып кел, өзіне деп сақтап қоямын.
Бютифе қолы дірілдеп, мылтығының ұңғысын қысып қойды.
— Айтқаныңыз әділ, мэр мырза, — деді ол. — Мен кінәлімін, мен заңды бұздым, мен оңбаған адаммын. Жарайды, мылтығымды тартып ала беріңіз, бірақ бұл енді біржола сізде қалсын. Біліп қойыңыз: соңғы оқпен мен өзімді атпақшы едім. Енді не амал бар! Мен сіздің айтқандарыңызды қалт жібермей орындадым, ал мына көктемде қаным тасып кетті. Мен жер жырта білмеймін, өмір бойы құстарды асырап жүру — суқаным сүймейтін жұмыс; белімді бүгіп, бақшада қырқақазу немесе арба соңынан салпақтап жүріп, шыбыртқыны шықпырту, немесе ат бағып, қора тазалау — мен үшін жасалған кәсіптер емес. Сонда қайтейін, аштан өлуім керек пе? Мен үшін жақсы өмір тек ана жақта ғана, жоғарыда, -деді ол сол үнсіздіктен кейін, тау жақты нұсқап. — Бір апта болды сол жақта қаңғырғаныма; бір сернаның ізіне түсіп едім, сіздерге бұйырған екен, анау жартастың төбесінде жатыр, — деп ол жоғары жақты қолымен нұсқады. — Бенаси мырза, сіз өте қайырымды адамсыз ғой, менің мылтығымды тартып алмай-ақ қойыңыз. Сізге ант сөзімді берейін, мен бұл қауымнан шығайын да, Альпі тауларына кетейін; ондағы серна аулаған аңшылар мені қуғындамас; қайта, жылы шыраймен қарсы алар; мен сондағы мұзарт таулардың ішінде бір жерде қатып өлермін. Сізден несін жасырайын; тауда әрі кеткенде екі-ақ жыл өмір сүргім келеді; сіздердің мына батпақтарыңызға малтығып итшілегенше, өкімет адамдары жоқ, кеденшілерден, жергілікті күзетшілерден, корольдің прокурорынан ада сол жақта жүре тұрайын. Сондағы қимайтыным сіз ғана боласыз, қалған жұрттың бәрінен ығыр болдым. Сіз қаншалықты ездігіңізді қорғағаныңызбен, әйтеуір ешкімді бұл дүниеден аластамайсыз ғой…
— Ал, Луиза ше?
Бютифе ойланып қалды.
— Әй, достым! — деді Женеста. — Сен сауатыңды аш, сонсоң менің полкыма кел, ат арқасына мін де, карабинер бол Ал, егерде жауға қарсы жорыққа аттан деп дабыл қағылар күн туса, онда Құдай Тағаланың маңдайыма жазғаны осы екен деп ойла да, қалған өміріңді зеңбіректің қасында, оқтың өтінде, қанды айқастың қақ ортасында өткізетін бол, ақыры генерал болып шығасың.
— Шіркін, Наполеон қайтып келсе гой, — деп жауап қайырды Бютифе.
— Біздің уәдеміз есіңде ме? — деп доктор әңгімеге араласты. — Сен екінші рет жазалы болсам солдатқа кетемін деген едің ғой. Жарты жыл уақыт беремін, — сауатыңды ашасың, оның ар жағында бір байдың ерке мұрагерін іздеп табармын, соның орныңа әскер қызметіне барасың.
Бютифе тау жаққа қарады.
— Жоқ, сен Альпіге бармайсың! — деді Бенаси даусын көтеріп. — Сен сияқты адам, сөздің адамы, бойында талай жақсы қасиеті бар адам, елге қызмет етуі керек, бір отрядқа командир болуы керек; серна қуып жүріп мойның үзу оған жарамайды. Сенің қазіргі өміріңде каторгаға соқпай кете алмайсын. Күшіңді босқа сарп қылып жүрсің, одан кейін ұзақ уақыт дем алмаса болмайды; сөйтіп жүріп жалқауланып кетесің, бұзыласын, зорлыққа барасың; ал менің мақсатым — сенің өз дегеніңе қарама-қарсы, сені жақсы жолға алып шығу.
— Қайтеміз, онда зерігіп, қайғыдан өлетін боламыз-дағы. Қалаға барсам, тұншығып кете жаздаймын. Анда-санда Луизаны Гренобльге алып барғанда, бір күнге шыдай алмаймын.
— Әркімнің өз қалауы бар, соны өзіміз біліп алуымыз керек те, не содан құтылу керек, не болмаса соның өзін жұрт үшін пайдаға асыру керек. Жә, күн кешкіріп қалды, менде уақыт жоқ. Ертең мылтықты алып кел, сонда сөйлесерміз, ұлым. Қош бол. Ал ана сернаны Гренобльге апар да сат.
Жолаушылар ілгері жүріп кетті.
— Міне нағыз адам деп осыны айт! — деді Женеста қызбаланып.
— Теріс жолда жүрген адам, — деп жауап қатты Бенаси. — Енді не істеу керек? Не айтқанын өзіңіз естідіңіз. Осындай қабілетті жанның босқа өліп бара жатқаның көрудің өзі қасірет. Егер Францияның жеріне жау басып кірген болса, Бютифе жүз қаралы ер жігітпен Морьенаның тауында тұтас бір дивизияны ай бойы бөгеп тұрған болар еді, ал бейбіт күндерде ол өзінің күшін тек заңға қарсы істерге ғана пайдалана алады.
Оның ішкі қажеттігі кедергілерді баса-көктеп өту; егер оның өміріне төніп тұрған ешқандай қауіп болмаса, онда ол қоғаммен алысады, астыртын әрекет етушілерге көмектеседі. Ол сондай ер жалғыз өзі салдама қайықпен Ронаны кесіп өтеді де, Савойяға аяқ киім тиеп апарады; ап-ауыр жүкті арқалап алып, аяқ баспас жартастың басына алып шығады; сол жерде қатқан қара нанның қыртысын қорек қылып, тура екі тәулік отыра алады. Қысқасы, біреулердің ұйқыны жақсы көретіні сияқты, бұл ылғи қауіп-қатерді жақсы көреді. Ылғи да басын бәйгеге тігіп жүрмесе, мынау қара дүрсін тіршіліктің аясына сыймайды. Ал мен болсам, осындай адамның төмен қарай құлдырап барып, қарақшы болып кетуін, сөйтіп, ақыры эшафот астында өлуін қаламаймын. Жә, біздің селен қалай екен, сізге ұнады ма?
Женеста алысырақтан жартылай дөңгеленген үлкен алаңды көрген, айналасында жасыл желек жамылған ағаштар, алаңның дәл ортасында, биік теректердің аясында жалтыраған қол көрінеді. Аланды таудың көлбеу баурайында үш қатар етіп отырғызылған ағаштар қоршап тұр, одан әрегіректе жапонның лақ ағашы, ал одан да жоғарырақта шағын шегіршін ағаштары.
— Біздің бұл жерде жәрмеңке өткізіледі, — деп түсіндіріп келеді Бенаси. Бас көше әрегіректен басталады, әне бір көрінген әдемі екі үй бар ма, олардың жайын мен сізге айтқанмын: біреуі аралық сәттікі, екіншісінің иесі — нотариус.
Бұлар ойма тастардан тегістеп төселген кен көшеге шықты; екі жағына қатарлап жүздеген үйлер салыныпты, араларына түгелдей дерлік бақ отырғызылған. Ілгеріректе, осы көшенің тұйықталар тұсында, бері қарап тұрған шіркеу көрінеді. Одан бері де тағы бір көше қиып өтеді екен, оның бойы да қатар тізілген үйлер. Шіркеу алаңындағы кюре үйінің қарсысында мэрия. Жұмыс күнін аяқтаған әйелдер, балалар мен еркектер, Бенасиді көре салып, үйлерінің алдына жүгірісіп шығып, біреулері бас киімдерін шешіп, енді біреулері жамырай сәлемдесіп, қошаметтеп жатыр; бала біткен оның атының алдына шығып алып, секіріп ойнайды; ат иесінің мейіріміне атының жуастығы сай екенін өздері анық білетін тәрізді. Осының бәрінде де әрбір терең сезімнің түбінде тығылып жататын ұстамды сыпайылық сияқты бір ғажап ибалық бар еді. Женеста жұрттың Бенасиді қалай қарсы алып жатқаның көргенде, оның кантон тұрғындары өзімді сыйлайды деп бұрынырақта айтқан бір сөзінің кемітіп айтылған сыпайылық екенін сезінген-ді. Шынында да, бұл дүниедегі барлық билікшілерге көрсетілетін құрметтің ішіндегі ең қымбаты, бағынышты адамдардың жүрегінде жазылып қалған құрмет екені осы көріністен байқалып еді бұл шынайы халықтық билікке көрсетілген құрмет еді.
Мейлі, адам өзінің атақ-даңқына, өзінің қуат-күшіне мастанып, көзі қарайып кетсін, бірақ жан дүниесінің арғы түкпірінде ол өзінің жеке басының іс-әрекетіне байланысты болған, содан туған сезімдерді ғана ерекше қадірлеп, бағалай алар еді, ал шыныңда өзінің түкке тұрғысыз екенін, өз билігінің сыртқы көріністерінде мына өмірге өзгеріс әкелгендей, ешқандай жаңа, ешқандай ұлы іс тындыра алмағанын көрер еді.
Корольдер, мейлі олар бүкіл әлемге билік жүргізсін, барлық ажалды пенделер сияқты, өзінің шектеулі ортада өмір сүретінін, оның заңдарына бағынышты екенін, өзінің жеке басының бақыты сол айналасындағы адамдардың сезіміне байланысты екенін түсінуге тиіс. Ал Бенаси болса, бүкіл кантондағы жұрттың өзіне түгел бағынатының және достық ықыласта екенін ғана сезінетін еді.
III тарау
ХАЛЫҚТЫҢ НАПОЛЕОНЫ
— Кірсеңізші, тақсыр, — дейді Жакота. Қонақтар күтіп қалды ғой. Ылғи өстесіз де жүресіз. Қанша жаныңды салсаң да, сіздің кесіріңізден, тамақ бір дұрыс болмайды. Бәрі буланып, езіліп кетті.
— Міне біз келдік, — дейді Бенаси жымия күліп. Жолаушылар аттарынан түсіп, доктордың шақырған қонақтары отырған бөлмеге қарай беттеген.
— Мырзалар, — деді ол Женестаны қолынан жетелеп, сізге Блюто мырзаны таныстыруға мархабат етіңіздер: бұл кісі Гренобльде тұрған атты әскер полкының капитаны, біздің үйде тұрмақ ойы бар байырғы солдат.
Сонсоң ол, үстіне қара киім киген ұзын бойлы, арықша келген ақ шашты кісіні нұсқап тұрып, Женестаға қарап сөйледі:
— Аралық судья Дюфо мырзамен танысыңыз. Бұл кісі жайында сізге айтқанмын, қауымның гүлденіп кетуіне бұл кісінің тигізген пайдасы аз емес. Танысып қойыңыз, — деп, ол енді Женестаны көзінде көгілдірлігі бар, тыриған арық, өні қуқыл жігіттің қасына алып келді, оның үстіне кигені де қара киім екен, — бұл Толене мырза, Гравье мырзаның күйеу баласы, бізге келіп орныққан тұңғыш нотариус.
Бенаси түріне қарағанда жартылай шаруа, жартылай қалалық, безеу беті дөрекілеу көрінгенімен, жүзі жылы жуан адамға қарай бұрылды:
— Менің мархабатты көмекшім ағаш саудагері Камбон мырзамен танысыңыз; халықтың тілектестікпен сенім көрсетіп жүргені — осы кісінің арқасы. Ал мына кісінің немен шұғылданатының айтып жатудың өзі артық болар, — деді Бенаси священникті нұсқап.
— Сіздің көз алдыңыздағы бұл кісіні құрметтеп сыйламау тіпті мүмкін емес.
Офицер священниктің өңінен көзін ажыратып ала алмай қалған — өйткені одан бір рухани әсемдіктің нұры шашырап тұр еді, оған шексіз сүйкімділік дарытып тұрған да сол болатын. Алғаш бір қарағанда, Жанвье мырзаның түрі, бәлкім, ажарсыз да көрініп қалар, өйткені оның кескінінде кейбір үйлесімсіз қатқылдық бар еді. Тапалтақ бойы, тыраштанған кейпі, тіпті сол тұрған тұрысының өзі осының бәрі оның дене бітімінің әлжуаздығынан хабар бергендей еді, ал бірақ монтаны жүзінен ол кісінің ішкі дүниесінің шынайы-христиандық байсалдылығын, жан тазалығынан туындайтын күш-қуаты мен табандылығын тануға болатын-ды. Көгілдір аспанмен шағылысып тұрғандай ашық мөлдір көздерінен жүрегінде жалындап тұрған ізгілік отының ұшқыны жарқырайды. Өзін-өзі ұстауында қарапайымдылық пен табиғилық бар, абыржуы жоқ, барлық қимыл-қозғалысынан бір түрлі жас бойжеткен қызға тон биязылық пен ұяңдық байқалады. Бүкіл бейнесі көрген адамда құрмет сезімі мен жақынырақ танысу тілегін туғызар еді.
— Қойыңыз, мэр мырза, — деп, Бенасидін марапат сөздерінен кәдімгідей қысылып қалды.
Даусының өзі Женестаны қатты тебіренткен; осынау беймағлұм священниктің аузынан шыққан азғантай ғана болмашы сөздерін естігеннін өзі офицерде ерекше бір тағзым сезімін туғызғандай еді.
— Мырзалар, — деді кіре бере, қонақ бөлменің дәл ортасына екі бүйірін таянып тура қалған Жакота, — сорпа дайын.
Бенаси қонақтардың үлкен-кішісіне қарамай, отырған ретімен аттарын атап-атап шақырған кезде, бес мейман тік көтеріліп асханаға қарай өтті де, үстелге жайғасып отырды, сонсоң кюре ешбір мәнерлеусіз ақырын қоңыр дауыспен дәм алдындағы дұғасын оқыды. Үстелдің үстіне кестелі матадан жасалған дастарқан жабылыпты атақты ісмерлер атанған ағайынды Грендорждардың сонау Генрих IV тұсында ойлап тапқан бұл дастарқаны барлық бәйбішелердің ерекше құнттап ұстайтын мүлкі болатын. Аппақ болып жарқырап тұр, өзінен жебір шөптің жұпар иісі аңқиды: Жакотаның кір жуғанда, суға соны қосып шайқайтын әдеті болатын. Көк жиек фаянс ыдыстары да аппақ болып көз тартады. Ал енді мына сияқты сегіз қырлы графиндердің сақталып қалғап бірлі-жарым үлгісін тек түкпірдегі провинциялық қалалардан ғана көруге болар еді. Мүйізден ойып жасалған пышақ саптарындағы әр түрлі жануарлардың бейнесі тіпті әсем. Осы сияқты тамаша сақталып қалған ескілікті сән-салтанат нысандарын қонақтар қолдарымен ұстап көріп, тан-тамаша қалысты; бәрін де үй иесінің ұқыптылығы мен жайдары мінезіне жориды.
Женеста сорпа құйған құмыраның қақпағындағы әр түрлі көкөніс тағамдарының түрлі-түсті бояумен өрнектеп салған бедерлі суреттерін қызықтап отыр бұл XVI ғасырдағы атақты құмыра шебері Бернар Палиссиден қалған мұра болатын.
Жиналған қонақтар қоғамның әр түрлі топтарының өкілдері. Бенаси мен Женестаның қайсар ерлікке тән әндері Жанвьенің иконға ұқсас монтаны кескініне тіпті ұқсамайды; ал нотариустын бет-ажары аралық судья мен мэр көмекшісінің ескі бет сиықтарына қарағанда тіпті жас көрінеді. Осынау әр алуан адамдардың бет жүзі арқылы осы жерде бүкіл адамзат қоғамының өкілдері түгел қатынасып отырғандай сезілді; солардың барлығының да өндерінен өз өмірлеріне ризашылық, бүгінгі күні мен болашағына берік сенім байқалатын сияқты. Тек Тонеле мырза мен Жанвье, тіршіліктегі көргендері тіпті аз болғандықтан, алдарында қандай оқиғалар күтіптұр екен деп ойлайтын болулары керек; өйткені бұлар болашақ біздікі деп санайды да, қалған қонақтар тек өткен өмір жайындағы әңгімелерге ғана бейім секілді; бірақ барлығының да өмір жайындағы әңгімелері байсалды; дегенмен сөздерінен уайымның екі түрлі реңі байқалады: біреуі кешкі ымырттың ала кеуім көлеңкесі тәрізді енді қайтып оралмайтын қуаныштың шала-шарпы есте қалғандары, ал екіншісі ашық күннің үміт артар ақ шұғылысына ұқсас.
— Сіз, шамасы, бүгін мықтап шаршаған боларсыз, кюре мырза? — деп сұрады Камбон.
— Шаршадым, тақсыр, — дейді оған жауап беріп Жанвье, миғұла байғұс пен Пельтье ағай екеуі екі мезгілде жерленді ғой.
— Енді ескі деревнядағы лашықтарды бұзуға болады, — деп Бенаси өзінің көмекшісіне нұсқау беріп жатыр. — Солардан босаған тың жерлерден кем дегенде бір арпан көкорай жасауға болады ғой; оның үстіне қауым миғұла Шотарды күтуге жұмсалып келген жүз франкі қаржыны үнемдейді.
— Сол жүзді үш жыл қатарымен төмендегі ойпанға, бұлақ суы жайылып кететін тұста өткел салуға аударып тұрған жөн, деп қойды Камбон. Селен мен аңғардың тұрғындары Жан-ФрансуаПастуроның телімін басып өтуді әдет қылып кеткен; ол байғұс содан едәуір залал шегіп жүр.
— Дұрыс-ақ, — деп қостады оны аралық судья, ол ақшаны жұмсаудың ең төте жолы сол. Менің ойымша, басқаның жерін басып жол салу деген деревнядағы ең кеселді мәселе. Аралық судьядағы даулы мәселелердің ойынан бірі өзгенің иелігіне көз аларту. Меншік құқығына тыйымсыз қол сұғу орын алған кантондарда есеп жоқ. Өзгенің меншігін құрметтеу, заңды құрметтеу Францияда жұрт санаса бермейтін сезім, ал шыныңда оны көтермелеп отыру қажет. Көптеген жұрт заңға ықпал етуді қажетсіз нәрсе деп санайды; ал шындығында бізде мәтелге айналып кеткен ізгіліктің белгісі деп есептелетін «Жазаңды құдай берсін» деген сөз екіжүзділіктің белгісі, ол біздің өзімшілдігімізді бүркемелейтін сөз. Мойындауымыз керек, біздің бойымызда отаншылдық жоқ! Кімде-кім заңның маңыздылығын санасына орнықтырып, соны тіпті өзіне зияны тиер тұста да мүлтіксіз орындайтын болса, міне нағыз отаншыл адам сол. Асылы, қылмыскерді жазықсыз қоя берсең, сен соның болашақтағы зұлымдық ісіне кінәлі болып шығасын.
— Бірімен-бірі сабақтас, — дейді Бенаси. Мэрлер жолды дұрыстанқырап салатын болса, бұрыс сүрлеулер болмас еді. Ал енді муниципалитет кеңесшілері білімдірек болса, меншік иелері мен мэрлер өзгенің жеріне көз алартушылық жайттарына қарсы тұрған кезде, соларға қолдау көрсеткен болар еді; қамал, егіндік жер, лашық үй, ағаш дегендердің бәрі де қасиетті, сондықтан құқықтың үлкен-кішісі туралы сөз қозғауға болмайды деп, надандарға ұғындырып отырған жөн. Жақсылыққа бастайтын мұндай бұрылысқа бірден жетуге болмас, ол ең алдымен халықтың адамгершілігіне байланысты, ал біз оны священниктердің батыл араласуынсыз өзгерге алмаймыз. Бұл, әрине Жанвье мырза, сізге қатысы жоқ әңгіме.
Мен оны өзіме қатысы бар деп ойламаймын, — деді кюре, ерніне мысқыл үйіріп. Өйткені мен католик дінінің қағидаларын сіздердің басқару ісі жөніндегі көзқарастарыңызбен үйлестіруге тырысып жүремін. Мен ұрлықтың түбі қорлық екені тұрғысында уағыз айтқанда, пенделерге құқық жөнінде жаңағы сіз айтқан ойларды ылғи да ұғындырып отырамын. Расында, Құдай ұрлықты жазғырғанда, ұрланған заттың құнына қарамайды: ол ұрыны жазалайды. Өз қарауымдағы діндарларға ұғындыратын қағидаларымның мәні осында.
— Сіздің жұмыста абыройлы болып жүргеніңіз сондықтан, кюре мырза, — деп қостады оны Камбон. Біздің қауым бұрын қандай еді, ал қазір қандай деп, екеуін салыстыра келгенде, сіздің арқаңызда жұрттың ақыл-ойында болған өзгерістерді мына мен білемін ғой. Әрине, халқы дәл біздегідей уақыттарын аямай еңбек ететін кантондар көп емес. Біздегі малдың бағымы тамаша, ілуде бір болмаса егінге түспейді. Ормандар оталмайды. Жұрттың ауқатты, жанға жайлы тұрмысқа жеткені осындай ұқыптылық пен еңбектің арқасы екенін сіз шаруалардың ақыл-санасына құйып жеткіздіңіз.
— Демек, сіз өз құзырыңыздағы елге дән риза екенсіз ғой, кюре мырза? — деп сұраған Женеста.
— Капитан мырза, — деп жауап қатты оған священник, — жер басып жүргендердің бәрін бірдей періште деп тоқмейілсуге болмайды. Қайда болса да, қайыршылық бар жерде қасірет бар. Қасірет пен қайыршылықты зұлымдыққа пайдаланып кетуге болады, билік те сол сияқты. Шаруалар егістік жеріне дейін екі лье жер жүріп барып, кешке қарай жұмыстан сілелері қатып, үйге қайтып келе жатқанда, үйлеріне асыққан аңшылардың алдыңдағы егіндік пен шабындық жерлерді баса-көктеп тура тартқандарын көргенде, соларға еліктемейді деп ойлайсыз ба? Жолдарын осылайша қысқартқан адамдардың қайсысы заңнан аттап кеткен болып есептеледі, жаңа өзіңіз айтқандай? Жұмыс істегені ме, немесе, серуен құрғаны ма? Қазіргі байлар да, кедейлер де бізге бірдей қысас қылады. Дін де, билік сияқты, аспанның биіктігінен немесе қоғамның биігінен ылғи да төмен түсуге тиіс; ал біздің заманымызда жоғарғы топтарда дінге деген сенім халыққа қарағанда әлдеқайда аз; ал біз айтамыз: өмірдің тақсіретіне көнбістік жасағаны үшін құдай халықты жұмақта жарылқайды деп. Өзім шіркеудің уағыздары мен жоғарғы діни адамдардың нұсқауына түгелдей бағынғанмен, қалай дегенде де, мен ойлаймын: біз діни ғұрыптар мәселесінде баяғыда-ақ талапты бәсеңдетуіміз керек еді, оның орныңа орта дәрежелі адамдардың жан жүйесінде діни сезімді күшейтуге тырысуымыз керек еді, — орташа ауқаты бар сол адамдардың христиан дініне бой ұсынудың орныңа сол жайында таласқа бейім тұратыны бар. Байшікештердің философиялық жалған ойлары кедейлер үшін қатерлі үлгіге айналды да, дінбасыларда тым ұзақ наразылықтар туғызды. Біздің дұға дәстүрлерімізден белгілі бір нәтиже болса, біз соған өзіміздің жеке ықпалымыздың арқасында жетіп жүрміз, ал шындығында тұтас бір қауым көлеміндегі діни сенімдердің беріктігі белгілі бір адамның қадір-құрметіне байланысты болса, сол ақылға сыя ма? христиан діні бүкіл қоғамдық тәртіпке шапағатын тигізіп, оның қорғаныштық ұстанымдары барлық топтарға тереңдеп сіңгенде ғана діни әдет-ғұрыптар сақталатын болады. Діннің әдет-ғұрыптары деген оның сыртқы түрі ғана, ал қоғам сол түрдің арқасында ғана тіршілік етеді. Сіздерге тигені — ту, ал бізге нәсіп болғаны айқыш…
— Кюре мырза, менің бір білгім келетіні, — деді Женеста, Жанвьенің сөзін бөліп, — сіздің осындағы кедейлерге жексенбі күндері көңіл көтеріп серуендеуге, би билеуге тыйым салатындарыңыздың себебіңіз не?
— Капитан мырза, — деп жауап қайырды кюре, бидің өзін біз теріс көрмейміз, бірақ оны біз әдепсіздіктің себепкері ретінде жазғырамыз; ол жұрттың мазасын алып, деревняның салт-дәстүрін бұзады. Отбасындағы рухтың тазалығын сақтау, отбасы қатынастарының қасиетін қорғау дегеннің мәні жамандықты тұп-тамырымен жою болып шықпай ма?
Төнеле сөзге араласты:
— Зорлық-зомбылық болмай тұрмайтын кантон жоқ екені мәлім, ал бізде ондай нәрселер некен-саяқ болуға айналды. Осындағы кейбір шаруалардың жер жыртып жүргенде көршісінен бірер тілім жерді қағып кетуден тайынбайтындары, керек болса, біреудің бір түп ағашын қиып алатындары бекер емес; бірақ солардың бәрі де қала адамдарының күнәсімен салыстырғанда түк емес. Менің ойымша, біздің алқаптың тұрғындары сирек кездесетін инабатты халық.
— Инабатты дейсіз бе? деп кюре мырс етті. Бізде діни фанатизм болады деп қауіптенудің орайы жоқ.
Енді әңгімеге Камбон сөз қосты:
— Ойбай-ау, осындағы тұрғындардың бәрі күн сайын түстік дұғаға барып, апта сайын арыздасуға баратын болса, жерді кім өңдейді және ондай жұмысқа үш священиктің де шамасы келмес.
Бұл сөзді кюре іліп әкетті:
— Тақсыр, жұмыс істеу дегеннің өзі де Құдайға құлшылық қылумен бірдей. Шіркеу қызметіне тым жиі бара беру діннің және оның тірек-тұрғыларының мәнін түсінуге кедергі жасайды, ал қоғамға тіршілік беретін нақ солар ғой.
— Ал сіз отаншылдыққа қалай қарайсыз? — деп сұраған Женеста.
— Отаншылдық, — деді кюре маңғазданып, тек өткінші сезім туғызады, ал дін оларды тұрақты етеді. Отаншылдық адамның өз пайдасын уақытша ұмытуы деген сөз; ал христиан діні адамның теріс мінездеріне қарай әрекет ететін тұтас бір жүйе.
— Алайда, тақсыр, революциялық соғыстар тұсында отаншылдық…
— Иә, революция кезінде біз керемет істер істейміз, — деп Бенаси офицердің сөзін бөліп жіберді, бірақ арада он төрт жыл өтіп еді, мың сегіз жүз он төртінші жылы-ақ біздің отаншылдығымыздан ныспы да қалмады. Ал енді Франция мен Еуропаны діни идеялар билеген кезде, жүз жылдың ішінде Азияға он екі мәртедей жорық жасалды.
Осы тұста аралық судья сөз қосты:
— Бәлкім, халықтарды бір-біріне соғыс ашқызатын материалдық себептерді жою қиын болмас, ал енді діни қисындарды қорғағаннан басқа белгілі бір айқын мақсаты жоқ соғыстарда, расында да, шек жоқ-ау.
— Бұл қалай, тақсыр, балықтан таза дәм татпағансыздар ма? — деді Жакота, қасына Никольді ертіп келіп, үстелдегі босаған ыдыс-аяқтарды жинастырып жатып.
Өзінің дағдысы бойынша аспазшы бір тағамнан кейін бір тағамды үздіксіз әкеліп жатыр; мұның бір қолайсыз жері қомағай адам тойғаныңа қарамай жей береді де, ынсаптылар алғашқысына тойып қалады, сөйтіп кейінгі дәмді тағамдардан мақұрым қалады.
— Бері қараңыздар, мырзалар! — деп даусын қаттырақ шығарған священник аралық судьяға шүйліге сөйледі: Діни соғыстарда белгілі мақсат болған жоқ деп сіз қалай айтасыз? Бір замандарда діннің қоғамдағы өте қуатты күш болғаны сондай, материалдық мүдделерді діни мәселелерден бөліп қарауға тіпті де болмайтын.
Сондықтан да әрбір солдат өзінің не үшін шайқасатының өте жақсы білетін…
— Егер жұрт дін үшін соншама уақыт соғысатын болса, онда Құдай Тағаланың оны дұрыс негізде жасамағаны ғой, — деп қалды Женеста. Құдайдың аузынан шыққан әрбір нұсқау адамдар үшін мызғымайтын ақиқат болуы керек емес пе?..
Жұрттың бәрі аңырайып кюреге қараған.
— Мырзалар, — деді Жанвье, — дінді жүрекпен сезеді кісі, ақылға салмайды. Алла Тағаланың жолына шек келтіруге болмас болар.
— Қысқасы, сіздің бақсылығыңызға бас изей бер десеңізші, — деді Женеста, Құдайды ешқашан еске алып көрмеген солдаттың тікбақайлығымен.
— Тақсыр, — деп енді священник те тіксіне сөйледі, дәл католик дініңдей басқа бірде-бір дін біздің көңілімізді жайландыра алмайды, ешқайсысы көңілімізді ондай сергіте алмайды, сонсоң, өзгесін былай қойғанда, оның ақиқатына сенгеннен сіздің шығатын шығыныңыз не?
— Иә, бұл сөзіңіз рас, шығын көп болмас, — деді Женеста.
— Солай шығар, ал енді сенбейтін болсаңыз, ол қымбатқа түседі. Одан да, тақсыр, сізге жақынырақ тұрған мына жер бетіндегі тіршілікті сөз қылайық. Қараңызшы, құдай өзінің қолымен елшілеріне істетіп отырған пендешілік істердегі құдай құдіретінің нәтижелері қандай? Христиан дінінің жолынан тайған адамдар көп нәрседен мақұрым қалды. Шіркеу жайында кітап бетіне қарайтын адам сиреп кетті, ол жайында жұрт халық арасында әдейі таратылып жүрген қате ұғымдарды ғана біледі; ал шындығында жұрттың енді жүзеге асырмақ болып жүрген мемлекеттік құрылысының мінсіз үлгісін шіркеу жасап берген болатын. Сайламалылық ұстаным оны ұзақ уақытқа арналған зор саяси күшке айналдырды. Бір кезде діни низамдардың барлығы бостандыққа, теңдікке негізделген еді. Барлық жолдар ортақ іске бағытталған-ды. Имам, аббат, епископ, рухани орденнің генералы, папа осылардың барлығы шіркеудің мүддесіне сәйкес шынайы адалдықпен сайланып қойылатын, бәрі де соның рухын білдіретін, оған сөзсіз бағыну міндетті саналатын. Адамдарды ұлтқа біріктіріп, адамды сансыз көп дастандар, соборлар, мүсіндер, суреттер мен музыкалық шығармалар жасауға шабыттандырған осы рухтың адам қоғамы үшін қаншалықты игілікті болғаның айтпай-ақ қояйын да, сіздің назарыңызды тек мынаған ғана аударайын: біздің халықтық сайлауларымыз, қосшы билер соты, қос палатамыз өздерінің тұп-тамырымен жергілікті жөне әлемдік соборларға, епископтар соборлары мен кардиналдар коллегияларына барып тіреледі; бар айырмашылығы өркениет жөніндегі осы заманның философиялық түсініктері, менің ойымша, католик бірлігінің асқақ та құдіретті идеясы алдында тіпті сүреңсіз болып шығады ал осы бірлік Айсаның сөзі мен ісі арқылы тәмамдалып, діни қағидаға айналған жалпы адамзаттық бірліктің алғашқы бейнесі болатын. Шіркеу адамзат ақыл-ойының тірегі болып тұрған замандарда ықтимал болған кереметтерді туғызу, қазіргі саяси құрылыс қаншама жетілді дегенмен, оның қолынан оп-оңай келе қоймайды.
— Не себептен? — деп сұраған Женеста.
— Біріншіден, оның себебі сайламалылықты тек қана сайлаушылардың барынша толық теңдігі жағдайында ғана саяси ұстаным дәрежесіне көтеруге болады; геометрияның тілімен айтқанда, сайлаушылар «тең шамалар» болуға тиіс, ал қазіргі заманның саясаткерлері оған ғұмырда қол жеткізе алмайды. Оның үстіне, ұлы қоғамдық қарекеттер тек сезімнің күші арқасында ғана жасалады, тек осы күш қана адамдарды біріктіре алады, ал қазіргі жалған кемеңгерлер заңдарды тек жеке бастардың пайдасына ғана негіздейді, ал бас пайда адамдарды біріктірмейді, қайта ажыратады. Құқықтары аяққа басылғандарға, халықтың қасіретіне деген қалтқысыз, жанкештілік аянышпен жігерленген адамдар бір кезде дүние жүзінде қазіргіден жиі кездесуші еді. Сондықтан да священник, орташа ауқаттылардың осынау өкілі, материалдық күшке қарсы тұрып, халықты жауларынан қорғай алушы еді. Кезінде шіркеулерде жер иелігі болды; алайда сырт қарағанда оларды нығайтуға тиісті деп есептелген сол жер игілігі шіркеудің өмір тіршілігін бұзып жіберді. Расында да, егерде священниктің жеке меншікке ерекше құқығы болатын болса, онда ол қанаушы, егерде мемлекет оған жалақы төлейтін болса, онда ол шенеунік. Ал егер священник кедей болса, ол бойға біткен табиғи қабілетімен священник болса, егер оның бар тірегі құдайда, бар байлығы діншілдердің жүрегінде болса, ол қайтадан Америкада уағыз таратқан миссионер болып шығады, онда ол пайғамбар, онда ол жақсылықтың падишасы. Бір көзбен айтқанда, кедейшілік оны әмірші-билікші етеді, ал байлық оның түбіне жетеді.
Жанвье отырған жұрттың назарын баурап алды. Қарапайым кюреден осындай сөз шығады деп ойламаған қонақтар осы сөздерді зердеге салып, үнсіз отырып қалған.
— Жанвье мырза, сіздің айтқан ақиқаттарыңызға бір елеулі қателік кіріп кетті, — деді Бенаси. — Игілік деген не нәрсе дейтін төңіректе таласып жатуды жақтырмайтыным өзіңізге мәлім, — бұл мәселені талқылап жатуға жазушылар мен билік басындағылар құмар. Менің ойымша, кісі белгілі бір саяси жүйенің мәнін ұғынған болса, және де, егер ол сол жүйені жүзеге асыруға күшім жетеді деп сезінсе, онда үн-түнсіз барып, дереу билікті қолға алуы керек те, қимылдауы керек; ал егер ол есеңгіреп, жөн таппай жүрген жай бір найсап болса, онда оның көпірме сөзбен халықты сендірмек болған әрекеті ессіздік болып шығады.
Солай бола тұрса да, біздің қадірменді уағызшымыз, сізбен таласпақ болатын себебім, мен қазір сөзімді өздерінің білім біліктерін ақиқатқа жету үшін бірлесіп жұмсауға үйренген адал ниетті адамдарға арнамақпын. Менің пікірлерім, бәлкім, сізге шетін көрінуі мүмкін, бірақ бұл пікірлер ұзақ ойланып-толғанудың жемістері және олар соңғы қырық жыл ішіндегі қайғылы оқиғадан туындаған. Қазіргі конституциялық оппозиция дейтінге жататын адамдар талап етіп жүрген жаппай дауыс беру шіркеуге қолданған жағдайда өте тамаша ұстаным болатын, өйткені, қадірменді уағызшы, сіздің өзіңіз атап өткендей, діни қызметкерлердің барлығы ол кезде білімді болатын, діни сезім оларды бағыныштылыққа үйреткен-ді, ойлау жүйесі оларда бірыңғай болатын, өздеріне не керек екенін, қайда бара жатқандарын бәрі де жақсы білетін. Ал бірақ егерде қазіргі либерализмнің дәуірлеп тұрған Бурбондар үкіметіне қарсы ессіздік күресінде қолданып отырған идеялары салтанат құратын болса, онда Франция да, либералдардың өздері де құрып кетер еді.
Солшылдардың көсемдері мұны жақсы біледі. Олар үшін күрес жай ғана үкімет билігінің мәселесі. Егер де, құдай одан сақтасын, буржуазия оппозиция туын көтеріп келіп, сол буржуазияның даңғойлығына қош келмейтін әлеуметтік артықшылықтарды құлататын болса, ол жаңағы салтанаттың артынан іле-шала халықтың өзіне қарсы күресті бастайды; ал халық болса, ақыр-аяғында, оның кәдімгі ақсүйектердің бір түрі ғана екенін көрер еді; бірақ бұл азғындаған ұсақ ақсүйектер болып шығар еді; сөйте тұра, олардың байлығы мен артықшылықтары халыққа бұрынғыдан да жаман жек көрінішті болар еді, өйткені оларды халықтың арқасын бұрынғыдан да бетер аяздай қарыған болар еді. Бұл күресте, халық демей-ақ қояйын, қоғам тағы да құрыған болар еді; өйткені күйзелген халық уақытша салтанат құрғанда аса зор жолсыздықтар қатар жүретін әдеті. Бұл кескілескен, бітіспес күрес болар еді; өйткені оған сайлаушылар арасындағы сансыз көп алауыздықтар жел берген болар еді; дауыстардың сапасынан гөрі саны маңызды болып тұрған жүйеде сайлаушылардың білімсіз, көпшілік жағы қоғамның жоғарғы топтарынан басым түсіп, жеңіске жетер еді.
Бұдан туындайтын қорытынды мемлекеттік құрылыстың өзі артықшылықтарын қорғауға тиісті топ неғұрлым топтасқан болса, ол құрылыс солғұрлым жолға қойылған, солғұрлым тұрақты, демек, солғұрлым жетілген болып шығады. Менің бұл жерде «артықшылықтары» деп отырғанымның бір кезде қоғамның көпшілік бөлігіне нұқсан келтіру арқылы оның таңдаулы бөлігіне заңсыз алып берілген құқықтарына ешбір қатысы жоқ; менің айтып отырғаным қоғамның өкімет билігін қолында шоғырландырған тобы. Өкімет билігі дегеніміз мемлекеттің жүрегі тәрізді нәрсе. Табиғат өзінің кез келген туындысына көбірек ықпалдылық дарыту үшін оған бір шоғыр тіршілік қуатын береді. Сол туындылардың бірі саяси организм.
Өзімнің ойымды мысалдар арқылы түсіндірейін. Айталық, Францияда жүз пәр бар дейік; солар жүз қаралы қақтығысқа себеп болады. Сол пәрлерді жойып жіберіңізші, барлық байлар түп-түгел артықшылық жағдайда болады; бұрынғы артықшылығы бар жүз қаралы адамның орныңа дәл солардай жүз мың адам пайда болады; сөйтіп, сіз қоғамдық теңсіздіктің жарасын асқындыра түсесіз. Расында да, халықтың түсінігінде жұмыс істемей-ақ өмір сүру құқығының өзі де артықшылық. Оның ойынша, еш нәрсе өндірмей тұтынушы жыртқыш. Ол еңбек еткен адамды көзбен көруі керек, ақыл-ой еңбегінің жемісі оның өзін байытатын болса, бұл оған ешқандай мән бермейді. Сонымен, сіз қақтығыс себептерін көбейте отырып, күресті азғантай топпен шектеудің орныңа оны қоғамның барлық жіктеріне таратпақ боласыз. Шабуыл мен қарсылық жаппайлық сипат алған кезде апат болмай қоймайды. Байлардың саны қашанда кедейлерден аз болады; демек, күрес қара күшке айналса, жеңіс кедейлер жағында болмақ. Тарих менің пікірімді қостайды. Рим республикасы сенаторларға артықшылық бергеннен кейін бүкіл дүние жүзі оған табынып еді. Сенат өкімет билігін бейнелеген. Ал бірақ салт аттылар мен келімсектер мемлекет басқару ісіне араласқаннан кейін, яғни патрицийлер қатары көбейген кезде Республика өлді. Сулладан, тіпті Цезарьдан да кейін Тиберий оны Рим империясына айналдырды, өкімет билігі бір адамның қолына шоғырланған жүйе осынау ұлы державаның өмірін бірнеше ғасырға ұзартты. Жабайылардың басып кіруі тұсында мәңгілік қала құлады да, одан кейін Римде император болған жоқ.
Біздің жеріміз жаулап алынғаннан кейін, франкілер оны өзара бөлісіп алды да, өз иеліктеріне ешкім тиісе алмайтын тәртіпті сақтап қалу үшін, феодалдық артықшылық дегенді ойлап тапты. Жүздеген, тіпті мыңдаған көсемдер елге ие болып алды да, жаулап алған құқықтарын қорғау үшін өздерінің нұсқау ережелерін жасады. Олардың артықшылықтары шектеулі болған кезде феодализм шыдап тура алды. Ал «асыл тұқымдыға» жататын бес жүз адамның дворян деген сөздің тура мағынасы осы саны елу мыңға жеткен кезде мемлекеттік төңкеріс болды. Дворяндардың өкіметі тым шашыранды еді. Сондықтан оларда күш те, қуат та болмайтын, оның үстіне дворяндар өздері ойламаған ақша мен ой-пікірдің бұғаудан босауы алдында мүлде қорғансыз болып шықты.
Сонымен, егер монархиялық құрылысты жеңіп масайраған буржуазия халықтың көз алдында артықшылыққа ие болғандардың саның көбейту мақсатын көздесе, онда мұндай өзгерістің нәтижесі мынадай болып шығады: енді буржуазияны жеңіп, халық масайрайтын болады. Егер ондай төңкеріс бола қалса, оған түрткі болатын себеп қоғамның барлық жіктері арасына сайлау құқығының шексіз таралуы болар еді. Дауыс берген адам даукес келеді, ал даулы өкімет деген болмайды. Ендеше өкіметсіз қоғам болады дегенге сенесіз бе? Жоқ. Олай болса, өкімет деген күш. Ал күш ешқандай даусыз шешімдерге сүйенуге тиіс. Осының барлығы мені мынадай ойға алып келді. Сайламалы ұстаным қазіргі үкіметтер үшін ең апатты ұстанымдардың бірі. Менің ойымша, таланғандар мен кедейлер табына берілгендігімді мен дәлелдедім, сондықтан олар мені қастық ойлады деп айыптай алмас; бірақ солай бола тұра, мен осы таптың еңбек жолына таң-тамаша қалып, оның төзімділігі мен көнбістігі алдында басымды ие отырып, қалай болғанда да былай деп кесіп айтамын: ел басқару ісіне қатынасуға ол қабілетсіз. Менің ұғымымда пролетарийлер халықтың кәмелетке жетпеген перзенттері, сондықтан олар қамқоршының қарауында қала берулері керек. Сонымен, менің ойымша, мырзалар, сайламалылық ұстанымы деген сөздің келтіретін зияны бір кездегі ар-ождан мен бостандық деген сөздердің келтірген зиянынан кем болмайды, ал соңғы екі сөзді халық теріс түсінді, теріс ұғынды: оны көтеріліске бастайтын дабыл, қиратып-жоюға шақырған ұран деп қабылдады. Сонымен, сайып келгенде, меніңше, халыққа қамқоршылық жасау әділ және қоғамды ұстап тұру үшін қажетті болып көрінеді.
— Мұндай жүйе біздің қазіргі замандағы барлық көзқарастарымызға қайшы келеді, сондықтан біз сізден түсінік сұрауға қақылымыз деп ойлаймын, — деді Женеста доктордың сөзін бөліп.
— Мархабат, капитан.
— Мына қожайынымыз не деп отыр! — деді Жакота ас үйге келіп бұрқылдай сөйлеп. Жақсы бопты қарғамыз, халықты қысып ұстау керек дей ме, олар мұның айтқанынан шықпаушы еді ғой.
— Иә, мен мұндай сөзді Бенаси мырзадан күткен жоқ едім, — деп Николь да қостай жөнелді.
— Мен надан тобырды ауыздықтайтын қатаң заңдарды талап еткенде бір ғана мақсатты көздеймін, деп сөзін жалғастырды доктор аз үнсіздіктен кейін, қоғамдық жүйенің барлық буындары икемді де ебдейлі болсын, жоғарғы таптардың дәрежесіне дейін көтерілуге ерік-жігері мен қабілеті бар адамдардың өтуіне мүмкіндік болсын деймін. Қандай өкімет болса да өзін сақтаудың қамын ойлайды. Бұрынғылар сияқты, қазіргі билікшілер де өмір сүру үшін күшті адамдарды барлық жерден іздестіріп жүріп, өз орталарына тартып отыруға тиіс; сонда олар, бір жағынан, өздеріне қорғаушы табады; екінші жағынан, халықты көтеріліске шақыратын қайратты адамдардан айырады. Егер мемлекет қоғамдық атаққұмарлықтың алдынан бірі ауыр, бірі женіл осы екі жолды қатар ашатын болса, ауыр жол әлсіз адамдар үшін, ал женіл жол ерік-жігері мықты адамдар үшін, — онда сол мемлекет революцияның алдын алып отырады; ал революция дегендер өздеріне лайық дәрежеге дейін жоғарыға қарай көтерілуге қабілеті бар үздік тұлғалардың алдынан қойылатын тосқауылдардың салдары.
Біздің еліміз бастан кешірген қырық жылғы сілкініс үздік тұлғаларды туғызатын әлеуметтік құрылыс екенін ақыл-ойы дұрыс адамдарға дәлелдеп көрсетсе керек еді. Ондай тұлғалардың ешбір даусыз үш түрлі артықшылығы болады. Бұлар ақыл-ой саласындағы артықшылық, саясат саласындағы артықшылық және мал-мүлік жағынан артықшылық. Ал осы артықшылықтар адамның талантына, билігіне жөне байлығына, немесе, басқаша айтқанда, әрбір істің негізіне, құралына және нәтижесіне сәйкес келмей ме. Айталық, біздің алдымызда, былайша айтқанда, тың жер жатыр, онда қоғамдық жіктердің толық теңдігі бар, балалардың тууы бір қалыпты, әрбір отбасына бөліп берілген телімдік жер де бірдей; ал бірақ уақыт өте келе, сіз тағы да бақ-дәулеттің қазіргі теңсіздігін көресіз. Осынау ап-айқын ақиқаттан туатын қорытынды: байлықтағы, ақыл-ой мен биліктегі артықшылық факті; онымен санасуға тура келеді; бірақ халық мұны әрдайым қиянат деп санайды, өйткені ол ең әділ жолмен қол жеткізілген құқықтарды артықшылық деп ойлайды. Осыдан айқын болатыны — қоғамдық шарт дегеніміз әрқашанда дәулеттілердің дәулетсіздерге қарсы одағы болып табылады. Демек, заңдар кімге пайдалы болса, кім-кімге өзін-өзі қорғау түйсігі қажет болса, кімде-кім қауіпті көре білуге тиісті болса, ол заңдарды нақ солар шығаратын болады. Халықтың тыныштығы халықтың өзінен гөрі соларға керегірек. Халық дайын тұрған бақытты алғысы келеді. Егерде сіздер бүкіл қоғамды тұтас күйінде осындай көзқарас тұрғысынан алып қарайтын болсаңыздар, онда тезірек менімен бірге мынаны мойындайтын болыңыздар: сайлау құқығын тек қана қолында байлығы, билігі немесе басында ақылы бар адамдар пайдалануға тиіс, сондай-ақ депутаттардың қызмет аясы мейлінше шектеулі болуға тиіс.
Заң шығарушы адам, мырзалар, өз заманынан жоғары тұрғаны жөн. Ол жіберілген қателердің жалпы бағытын дұрыс аңғарады, халықтың ойы қалай қарай ойысып бара жатқанын анықтайды; демек, ол қазіргіден гөрі болашақ үшін, заманы өтіп бара жатқан ұрпақтан гөрі өскелең ұрпақ үшін еңбек етеді. Сонымен, сіздер қара халықты заң шығаруға шақырасыздар, бірақ ол өз деңгейінен жоғары көтеріле ала ма? Жоқ. Депутаттардың жиналысы тобырдың пікірін неғұрлым дәл бейнелесе, ол мемлекетті солғұрлым нашар басқаратын болады, оның көзқарастарында асқақтық неғұрлым төмен болса, оның шығарған заңдары солғұрлым көмескі, солғұрлым тұрақсыз болады; өйткені тобырдың аты тобыр, сол тобыр күйінде қала береді.
Заң белгіленген ережелерге бағынуды талап етеді, ал ереже атаулының бәрі орныққан әдет-ғұрыптар мен жеке мүдделерге қайшы келеді; ендеше тобыр заңдарды өзіне қарсы бағыттай ма? Жоқ. Заңдар көбінесе әдет-ғұрыптарға кесе-көлденең келіп отыруға тиіс. Заңдарды әдет-ғұрыптардың жалпы дәрежесіне ыңғайлау деген сөз мұның аты: Испанияда дінге қысым жасау мен сауыққойлық үшін, Англияда саудагерлік рух үшін, Италияда қоғамның рухын білдіру үшін тағайындалып, бірақ бүкіл қоғамның өзін білдіре алмайтын өнерге деген құмарлық үшін, Германияда — дворяндар әулеті үшін, Францияда аңғал ой үшін, идеяларды сәнге айналдырғыштық үшін, біздің түбімізге жетіп келе жатқан саяси партияларға әуестік үшін көтерме сыйлықтар тағайындаумен бір бос болып шықпай ма?!
Біздің Францияда қырық жылдан астам уақыт ішінде, яғни сайлау коллегиялары заңдарға қол сала бастағалы қандай оқиғалар болды? Бізде қырық мың заң бар. Сол қырық мың заңы бар халық заңсыз отыр. Орташа қабілетті ақылы бар бес жүз адам осыншалықты маңызы бар міндеттер деңгейіне көтеріле ала ма? Жоқ. Тұтас бір ғасырдың бойында кемел ақылды жүз адам табылмайды. Әр түрлі жерлерден келіп бас қосқан бес жүз қаралы адамдар заңның мәнін еш уақытта бірдей түсіне алмайды, ал заң бірыңғай, біртұтас болуға тиіс. Әрі қарай. Заң шығарушы жиналыс ертелі-кешті бір ғана адамның билігіне бағынышты болады, сөйтіп, корольдер әулетінің орныңа сіздерде бірін-бірі алмастырып отыратын жөне өздері қымбатқа түсетін премьер-министрлер әулеті болады. Неше түрлі ырың-кезектен кейін Мираболар, Дантондар, Робеспьерлер немесе Наполеон: толып жатқан консул сымақтар немесе Наполеон шығады.
Расында да, белгілі бір салмақты көтеру үшін белгілі бір құш болуы керек; бұл күш азды-
көпті мөлшердегі тетіктерге бөлінуі мүмкін; бірақ жинақтап келгенде, күш жанағы көтерілетін салмаққа мөлшерлес болуға тиіс: Бұл жердегі салмақ деп отырғанымыз қараңғы, жапа шеккен қарапайым халық, қай қоғамның да беткі қабаты. Өкімет билігі өзінің табиғаты жағынан зорлықшыл оған үлкен ұйымшылдық керек, өйткені оның қарсылық көрсету күші халықтық қозғалыстың тегеурініне тең болуға тиіс. Басқару артықшылығы азғана топпен шектелуге тиіс дегендегі сіздердің алдарыңызда мен дамытқан ұстанымның қолдану кезіндегі түрі осы.
Өкімет билігіне дарынды адамдарды жіберіңіздерші, олар осы табиғи заңға өздері де бағынады, сонсоң оған елді де бағындырады; ал егер сіздер қарабайыр адамдарды жинап алатын болсаңыздар, ерте ме, кеш пе, бір дарынды адам келеді де, оларды жеңіп шығады: сол кезде ақылы көбірек депутат мемлекет қамын ойлауға кіріседі; ал қарабайыр күшпен ауыз жаласады. Нәтижесінде, заң шығарушы жиналыс лаңкестік кезіндегі Конвент сияқты идеяға, немесе Наполеон тұсындағы Заң шығарушы корпус сияқты күшке, ақыр аяғында, біздің заманымыздағы сияқты белгілі бір басқару жүйесіне немесе ақшаға орнын береді. Кейбір ақылгөйлер арман етіп жүрген Республикалық жиналыс мүмкін емес; оған ұмтылушылар жай аңғалдар немесе болашақ тирандар. Халықты іс-әрекетке көндіру қажет болып тұрғанда, оған төніп келе жатқан қауіп жайында көпірме сөзбен айналысатын жиналыс қалайша сіздерге жосықсыздық болып көрінбейді? Халықта тек қана алым-салықтарды бекіту мен немесе кері қайтарумен шұғылданатын депутаттар болсын, ен дұрысы да, талай ғасырлардан бері ең қатал жауыздық тұсында да, ең жұмсақ тақсырдың тұсында да болғаны осы емес пе? Қазынаға қашанда ақша керек; алайда алым-салықтың табиғи шегі болады, одан асып кетсе халық төлеуден бас тартып, көтеріліске шығады немесе оған көнеді де өледі.
Сайланған корпорация өзінің өкілдігіне жататын қажеттер, идеялар секілді өзгергіш болып, әділетсіз заңдарға бағынғысы келмесе бұл жақсы. Бірақ империяның барлық түкпірлерінен келген бес жүз адам жақсы заң жасай қояды деп топшылау өте дөрекі қалжын, сондықтан ертелі-кешті халықтар оның сазайын тартатын болады. Сол кезде олар тирандарын өзгертеді, бар болғаны осы. Билік, заң бір адамның қолында болуы керек, ол өзінін іс-қимылдарын жағдайдың ырқымен үнемі жалпы жұрттың мақұлдауына ұсынып отыруға мәжбүр. Алайда бір адамның, немесе бірнеше адамның, немесе бүкіл халық бұқарасының билігін тек діни мекемелер ғана ауыздықтай алады. Дін жоғарғы биліктің жолсыздықтарына қарсы тура алатын бірден-бір, шын мәніндегі күш. Егер халықтың діни сезімі өлген болса, онда ол өз ұжданымен бүлікшіге, ал тақсыр қажеттіктен тиранға айналады. Палаталар, тақсырлар мен бодандардың екі арасындағы осынау дәнекерлер, әлде қандай бір бітімшіл орын болып қалады. Демек, заң шығарушы жиналыстар бүліктің немесе озбырлықтың одақтасы болып табылады. Солай бола тұрса да, мен іш бұрып отырған дара билік жақсы, бірақ сөзсіз жақсы емес, өйткені сайып келгенде саясат әдет-ғұрыптар мен діни сенімдерге тәуелді бол май қоймайды.
Егер халық жүнжісе, егер ақылгөйсу мен қайшылық рухы оны түбірімен бүлдірген болса, онда, бостандықтың жалған елестеріне қарамастан, ол халықтың деспотизмге қарай бара жатқаны; шын мәнісіндегі дана халықтар қашанда бостандыққа деспотизмнің сыртқы түрлерін сақтай отырып жетеді. Осының барлығынан туатын қорытынды: сайлау құқықтарын шұғыл шектеу қажет, күшті өкімет билігі қажет, байды кедейге дос ететін, кедейді түгелдей бағынышқа көндіретін қуатты діни сезім қажет. Бір сөзбен айтқанда, шын мәнісіндегі шұғыл іс депутаттар жиналысының құқықтарын былайша етіп шектеу керек: олар тек алым-салық жөніндегі мәселелерді ғана шешетін болсын, заңдарды жасаушы болмай, тек бекітетін болсын.
Көптеген адамдар басқаша ойлайды, мен оны білемін. Бұрынғыша, жақсыны жан салып іздейтіндер әлі де кездеседі, олар қайткенде де қоғамды ақылға қонымдырақ етіп құрғылары келеді.
Жаңалық енгіземіз деушілер шыдамдырақ болсын. Мен Христиан дінін орнықтыруға қаншама уақыт кеткенін ойлаймын; ал мұның өзі бейбіт жолмен жүзеге асырылатын рухани төңкеріс болатын. Осыны есептеп келіп, енді жер бетіндегі игіліктерге байланысты төңкерістен туындайтын қиындықтар жайында ойға қалғанда, менің тұла бойым тітіркеніп кетеді; сондықтан тіршіліктің қазіргі тәртібін мен батыл қолдаймын. Әркім өзінше ойлай берсін, деп жария етіп еді ғой христиан діні; әркім өзінің егіндік жерін баптасын, деп жариялап отыр қазіргі заманның заңы. Әркім өзінше ойласын бұл рухани құқықтарға берілген бата; әркімнің өзіндік егін-жайлары болсын бұл адамның талап-тілегі мен еңбекқорлығына берілген бата.
Біздің қоғам осылай құрылған. Өзін-өзі қорғау сезімін табиғат адам өмірінің негізі етті, ал бүкіл қоғамның өмірі жеке бастың пайдасына құрылған. Шын мәнісіндегі саяси тұғырлар, менің ойымша, осылар. Дін өзімшілдік сезімнің осы екеуін де болашақ өмірге сендіру арқылы басып тастап, қоғамдық өзара қатынастардың қатқыл түйіндерін жұмсартып отырады. Құдай Тағала әлде бір белгісіз заңдармен әлемнің механизміндегі кикілжіңдерді бәсеңдетіп отыратыны сияқты, ол бізге адамның өзін-өзі ұмытуын имандылық деп санайтын діни сезімдерді дарыту арқылы адам мүдделерінің қақтығысынан туындайтын қайғы-қасіреттерді жұмсартып отырады. Христиан діні кедейлерге байлардың болуына төзімділік білдіруді үйретеді де, ал байларға кедейлердің ауыр тұрмысына жеңілдік тудыруды үйретеді; менің ойымша, екі сөзбен айтқанда, Құдай мен адамның барлық заңдарының мәні осы болып шығады.
— Мен мемлекет қайраткері емеспін, — деп сөз қыстырған нотариус, — сондықтан мәртебелі ағзам маған әлде бір сауда қоғамындағы борыш-қарыздың есеп-қисабын жөндеп отыруға өкілдік алған адам бейнесінде елестейді, ал ондай қоғам ылғи да жойылып кету жағдайында отыратындықтан, ол өзінің мұрагеріне өз қолымен алған ақшалай қаржыны қалдыруға тиіс деп ойлаймын.
— Мен де мемлекет қайраткері емеспін, — деп Бенаси жедел сөзімен нотариусты бөліп кетті. Қауымның, кантонның немесе округтің тұрмысын жақсарту үшін адамға түзу ақыл ғана керек, ал департаментті басқаратын адамға енді талант керек болады; алайда әкімшілік қызметтің осынау төрт саласының көлемі шектеулі, оларды қамту үшін оншама кен көзқарас қажет емес; олардың мүдделері бүкіл қуатты мемлекеттік организмнің өмірімен белгілі бір айқын бағыттарда ғана байланысты болады. Жоғарғы салаларда барлық істің өрісі кеңи түседі де, мемлекеттік қайраткер өзіне тиісті істі түгел шолып, біліп отыруға тиісті. Департаментте, округте, кантонда немесе қауымда істеген ісіңнің жемісін он жыл ілгеріден көре алатын болсаң, онда, әрине, көп нәрсе тындыруға болады; ал енді әңгіме тұтас халық жайында болғанда, оның тағдырын жүз жылдық есепке мөлшерлеп жорамалдауға тура келеді.
Кольберлер мен Соллилердің барлығының данышпандығы, егер ол Наполеондар мен Кромвельдерді туғызатын ерік-жігерге сүйенбесе, түкке тұрмайды. Үлкен мемлекеттік қайраткер деген, мырзалар, ол ғасырдың әрбір жылында бейнеленген үлкен ой деген сөз, сол жылдардың әрқайсысының гүлденуі мен жетіскендігін солар әзірлейді. Беріктік оған бәрінен де бұрын қажет болатын қасиет. Ол адамның барлық істерінің ішінде беріктік күштің ең жоғары дәрежеде көрінетін түрі. Кейбір уақыттардан бермен қарай кең құлашты ұлттық идеялармен емес, жай бір болмашы үйреншікті ойлармен ғана көрінетін адамдар тым көбейіп кетті; сондықтан да біз шын мәніндегі мемлекеттік қайраткерден адамның ең жоғарғы мұраттарының бейнесін көргіміз келеді. Әр уақытта барлығын күні бұрын көре біліп, оқиғалардың алдын алып отыру, биліктің буына пісіп мастанудан жоғары тұру, өзіңнің күшіңе сене бермей, пайда келтіретініңді білгендіктен ғана билік басында қалу, өзіңнің жеке басыңның құштарлықтары мен тіпті жай ғана атаққұмарлығыңнан бас тарту, сөйтіп өзіңнің қабілетіңді әрдайым бойда сақтау, әрдайым алдағыны көре білу, қимыл-әрекетке әзір болу; әділ де табанды болу, жалпыға бірдей тәртіпті сақтау, жүректің әмірімен жүрмей, тек қана ақылға бойсұну, ешқашан күдікшіл де, сенгіш те, күмәншіл де, көңілшек те, кінәмшіл де болмау; ақыраяғында, халықтың сезімімен біте қайнау және оны әрдайым өзіңнің ырқыңда ұстау, оған қанатты ойыңмен, қырағы көзіңмен, қоңыраулы қою дауысыңмен ықпал етіп отыру, ұсақ-түйекке алданбай, әрбір бастаманың нәтижесін көре білу, осының барлығы жай ғана адам деген ұғымнан асып-артылып жатқан жоқ па?! Сон-дықтан да халықтар өздерінің ұлы да ізгі әкелерін мәңгі құрмет тұтуға тиіс.
Бөлмеде сәл ғана үнсіздік пайда болды, қонақтар бір-біріне қарасты.
Мырзалар, армия туралы сіздер ештеңе айтпадыңыздар ғой, — деді Женеста дауыстап. Меніңше, әскери құрылым бұл кез келген азаматтық қоғамға нағыз үлгі: қылыш халықтың қамқоршысы.
— Капитан, — деді аралық судья күліп, бір қарт адвокат айтқан екен: империялар істі қылышпен бастап, сиясауытпен аяқтаған деп; міне біз сиясауытқа келіп отырмыз.
— Мырзалар, біз дүниенің тағдырын шештік қой, енді басқа бірдеңе айтайық та. Қане, ғибадатхананың шарабынан бірер стақан тартып жіберейік, капитан, — деді доктор күле сөйлеп.
— Мен екеуінен де бас тартпаймын, — дейді Женеста стаканың ұсынып, мен осыны сіздердің денсаулықтарыңыз үшін, бүкіл адамзаттың атақ-абыройын асырып жүрген адамның денсаулығы үшін ішемін.
— Және біздің бәріміз ыстық сезіммен жақсы көретін адам үшін, — деп еді кюре, мейлінше ұяң дауыспен.
— Жанвье мырза, мен мардамсып кетіп, күнәға батып жүрмейін.
— Кюро мырза ақырын сөйлеп, бүкіл кантонның бар дауыспен дабырата айтып жүрген ойын жеткізді, — деді Камбон жанағы сөзге түзету енгізіп.
— Қанеки, достар, Жанвье мырзаны үйіне шығарып салайық та, айлы түнде біраз серуендейік.
— Келістік, десті қонақтар даурығып, ең алдымен кюреге құрмет көрсетуді өздерінің борышы санағандықтан.
— Отырмаққа кіріп шығайық, — деді доктор кюремен жөне басқа қонақтармен қоштасқаннан кейін, Женестаны қолтықтап алып. Ол жерден, капитан Блюто, Наполеон туралы әңгіме естисіз. Менің таныс шаруаларымнан біреу-міреу осындағы пошташы Гогланы сөйлеттіріп бағар, сонда біздің қаланың сүйіктісі жайында әңгімеге жарисыз. Менің атшым Ниокль сарайға баспалдақ апарып қойған болар, біз кішкентай әйнекше арқылы соның төбесіне шығып аламыз да, шөптің үстінен бәрін көріп отырамыз. Рас айтамын, барайық: біздің отырмақты көруге әбден болады. Мен ылғи да шөптің ішіне көміліп алып, жатамын да, солдаттың әңгімесін естимін немесе бір шаруаның аузынан ертегі тыңдаймын. Бірақ жақсылап тығылып жату керек, олар сондай қызық адамдар, сырттан келген бір адам болса, өздері қысылып-қымтырылып, әлек болады.
— Әу, сүйікті менің отағасым, — дейді Женеста, — мен де талай рет жорта ұйықтаған болып, жол бойында тыныстау кезінде, түнде, әскерлерімнің талай әңгімесін тыңдағанмын. Сондайда бір ішек-сілем қата күлгенім бар. Тіпті дәл солай Париж театрында да күлмеген болармын. Бір жасамыс унтер-офицерқу тілге салып, мысқылдап-мөтелдеп, соғыстан қорқатын жас жауынгерлерге Мәскеуден кейін шегінген кездегі бір оқиғалардан әңгіме соқпасын ба?! Оның сөзін тыңдап отырсаң, француз әскерлері аюдың ауруына шалдығыпты, тура суаттан мұзды су ішіпті, өлген солдаттар күртік қарға көміліп жатыпты, француздар Ақтаңдақ Русьті көзбен көріпті, аттарының етін шикідей мүжіпті, атқа мінгіштер сілелері қатқанша шапқылапты, еттен жасаған дірілдекті жақсы көретіндер әбден тойыпты, әйелдері өте салқын дейді, бәрінен де қиын болғаны қырынатын ыстық су жоқ екен дейді. Қысқасы, мұрны үсіп кетіп, «Қоңқақ мұрын» атанған курьер шал сондай сорақыларды шұбыртып келіп, өзі де қарқылдап күледі екен.
— Ақырын, — деді Бенаси, — біз келдік, алдымен мен көтерілейін, сонсоң сіз шығыңыз.
Бұлар ешкімге сездірмей баспалдақпен жоғары көтерілді де, шөптің арасына кіріп, жақсы орналасып жатты, төменде отырмаққа жиналған шаруалар бұларға анық көрінеді. Әйелдер үш-төрт шырағданның төңірегіне ұйлығып отыр; біреулері іс тігіп, біреулері жіп иіреді; енді біреулері қолдарын қусырып, мойындарын созып, әңгіме айтқан қарт шаруаға қадала қарап қалыпты. Еркектердің біразы отыр, біразы құшақ-құшақ шөптің үстінде жатыр. Үн шығармай түрегеп тұрған енді бір топ адам шырағдандардың айналасындағы ішіне су толтырылған шыны шарлардың сәулесінде көлеңкелері қалт-құлт етеді. Әлсіз шырағдандардың жарығынан үлкен сарайдың іші қара көлеңкеленіп қана көрінеді; сол ала түнекте қалтылдаған шам сәулесі адамдардың бетінде ойнап, өзінше бір әсем көрініс тудырып тұр. Бір жерде әңгімеге еліккен шаруа әйелінің жазық маңдайы мен мөлдір көзі жарқ етсе, енді бір жерде түнерген шалдың қатқыл өні мен ескі киімдері елес беріп өтеді. Осы сияқты әpтүрлі күйде отырған адамдардың барлығы да әңгімені ұйып тыңдауда. Өте қызықты көрініс, ол адам санасына поэзияның қаншалықты сиқырлы күшпен әсер ете алатының айғақтайды. Шаруа адамы әңгімесінен шым-шытырықсыз кереметтер мен шындыққа ұқсас ертегілерді күтеді. Таза поэзияның достары солар емес деп кім айта алады?
— Үйдің сырты ұсқынсыз көрінгенімен, — дейді әңгімеші шаруа жаңадан келген екі кісі жоғарыда жайласып жатқан кезде, біздің бейшара бүкір кемпір арқалаған кендірін базарға жеткізіп, одан кері қайтқанша әбден сілесі қатқан, оның үстіне ымырт жабылып қалған. Ол бір түнеп шығуға рұқсат алды да, қапшығындағы қатқан нанымен жүрегін жалғады. Ал үйдің бейнесі, қарақшылармен әмпейлес болғанымен, олардың түнде не істемекші болып уәделескесінен хабарсыз еді; сондықтан ол бүкір кемпірді жоғарыға орналастырған, бірақ шамды сөндірген жоқ. Бүкір әйел қатқыл кереуеттің үстіне жайласты да, дұғасын оқып, кендірінің жайын ойлай бастаған. Қалғып бара жатып, ол сырттан тықыр естіді көзін ашып алса, қолдарында қол шамы бар екі адам кіріп келеді; екеуінің де қолдарында пышақ; әйелдің зәресі ұшып кетті, өйткені сол кезде мырзалар адам етінен жасалған самсаны жақсы көретін; қызметкерлері оны тіпті пісіріп үлгірмей жататын. Бірақ кемпірдің тырысқан денесінде қандай ет болсын, соны ойлады да, көңілі орныңа түскен. Жанағы екеуі кемпірдің қасынан өтіп кетіп, үлкен бөлмеде тұрған кереуетке қарай беттеді онда іші затқа толы дорбасы бар, өзі сиқыршымын деп жүретін бір жуан мырза жатқан-ды. Жаңағы екеудің бойы ұзынырағы қол шамын жоғары көтеріп, мырзаны аяғынан тартып қалды, ал тапалтағы, өзі масаңдау сияқты көрінген, мырзаны басынан ұстай алды да, қолын бір-ақ сілтеп, басын кесті де алды! Сонсоң екеуі дорбаны алып, төмен қарай түсті де кетті. Мырзаның денесі бір бөлек, басы бір бөлек, көлкіген қанның бетінде қалқып жөнелді.
Ал, керек болса, деймін мен, бүкір қолға түсті! Ол енді қалай зытып кетуді ойлап жатыр, бірақ мұны бұл жерге алып келген Құдайдың әмірі екенін өзі білген жоқ-ты. Кемпірдің зәресі ұшты, ал қорыққан адамда ес қалмайтыны белгілі. Сол екі арада үйдің бикесі жаңағы баскесерлерден бүкірдің жайын сұрамасы бар ма; олардың да зәресі ұшып, тақтай басқышпен қайтадан жоғарыға кетті; өздері сыбырласа таласып келеді:
— Өлтіру керек деймін оны!
— Несіне өлтіреміз?
— Өлтір оны!
— Жоқ, өлтірмеймін!
Екеуі кіріп келді. Бұл кемпір де ақымақ емес, ұйықтаған адамдай екі көзін тарс жұмып алған. Құдды бір сәби баладай ұйықтап жатыр; екі қолын кеудесіне қойып, ішінен ғана дем алады, нағыз періште. Қолында қол шамы бар жігіт жарықты көзіне таяп әкеліп еді, кемпірдің кірпігі де қимылдамайды басы кетіп қала ма деп қорыққаны сондай.
— Көріп тұрсың ғой кескен томардай сілейіп жатыр, — дейді ұзын бойлысы.
— Бұл кемпір дегендер сондай қу келеді, — дейді тапалтағы. — Өлтіре салайын, дұрысы сол болар. Сонсоң, тұздаймыз да, шошқаларға жем қыламыз.
Кемпір жатыр, осы сөздерді естісе де тырп етпейді.
— Расында да серейіп қалыпты, — дейді жаңағы бойы аласа тентегі: кемпірдің тырп етпейтінін көріп тұр.
Сонымен, не керек, бүкір аман қалған. Айтары жоқ, пәлекет кемпір. Мұндағы бикештер осындай сөздерді естісе, періштедей қимылсыз жатуы неғайбіл болар. Баскесерлер өлікті бас салып жамылғыға орады да, мал қораға апарып тастады, кемпір естіп жатыр: жан-жақтан шошқалар қаптап кетті қорс-қорс етеді! Түк қалдырмай жейді де қояды.
— Таңертең, — дейді әңгімеші сол үнсіздіктен кейін, біздің кемпір кетпек болды, түнегені үшін екі су берді. Дым білмегендей, түйіншегін қолына алып тұрып, деревнядағы жаңалықтарды сұрастырды, сонсоң жайлап қана сырт қашықты да, ал келіп қашсын. Бірақ қайдан қашады?! Қорыққанынан екі аяғын баса алмай қалды, соның өзі жақсы болды оған. Себебі мынадай. Ширек льедей жерге митықтап зорға жетіп еді, қараса қайдан пайда болғаны белгісіз, кешегі қарақшылардың біреуі: мұның соңынан еріп келіпті, қулығы, кемпір ештеңені байқамады ма екен деп, көз жеткізгісі келгені. Кемпір де соны сезіп қалып, тастың үстіне отыра кетті.
— Сізге не болды, апай? — дейді қарақшы, кешегі екеудің кішісі, ең зұлымы, мұны бағып келген осының өзі.
— Ей, қарағым-ай, — дейді кемпір оған, — мына түйіншегім тым ауыр еді, шаршағаным сондай, бір Құдайға қараған адам көтеріспесе (көрдіңдер ме, қандай қу кемпір?), мен лашығыма жете алатын емеспін.
Осы арада қарақшы оны апарып салуға тілек білдірді. Кемпір оған келісті. Қарақшы оны қолынан жетектеп алып бара жатып, сынамақ болады, бойында қорқыныш бар ма екен деп. Қайда саған, айылын да жимайды, түк білмегендей жүріп барады. Екеуі ауыл шаруашылығын сөз қылған болды, кендірді қалай өcipy жайында бірденелер айтты, әйтеуір қаланың шетіне дейін шүйіркелескен сияқты; бүкір кемпір сонда тұратын, сол жерде қарақшы онымен қош айтысты соттың адамдарымен кезігіп қаламын ба деп қорықты білем.
Кемпір үйіне түске тармаса оралған, енді күйеуін күтті, ал ойында кешегі базарға барғаны, түнде не көргені. Отағасысы кешке таман келді. Қарыны ашып қалған екен, бұл соған тамақ істеуге кіріседі. Табаға май жағады, ал өзі әйелге біткен мінезімен жақ жаппай сөйлеп жүр: кендірді қалай сатқаның айтады, бірақ түндегі шошқалар туралы, өлтірілген мырза туралы, оның мүлкін тонап алып, өзін шошқаларға жем қылғаны туралы лом демейді. Сонсоң табаны отқа қойып, тазартпақ болады. Бір кезде оттан алып, сүртейін десе іші толған қан дейді!
— Сен мынаған не салып едің? — деп сұрайды ол күйеуінен.
— Түк те салғаным жоқ.
Кемпір көзіме бірдеңе елестеп кетті ме деп ойлайды әйелдердің кейде сөйтетіні болады ғой, сөйтеді де, табаны қайтадан отқа қояды.
Бір кезде бір нәрсе дүрс етеді. Құбырдан домалап түскен бас!
— Масқара! Мынау кешегі өлтірілген кісінің басы ғой., Өзі маған бақырайып қарайды! Не қыл дейді маған?!
— Онан кегіңді ал, — деген бір дауыс естіледі.
— Өй, есуас! — дейді кемпірге кендір сатушы шалы. — Тағы алжиын дедің бе? — Соны айтады да, басты ұстай алады. Сол кезде бас мұның саусағын тістеп алады. Ыза болған отағасы басты далаға лақтырып жіберіп, кемпіріне ұрсып сөйлейді:
— Жұмыртқаңды қуыр, жоқты айта бермей, бас дегеннің мысық емес пе?!
— Мысық дейді? Қалай мысық болады доп-домалақ нәрсе?
Сөйтеді де, кемпір табаны тағы да отқа қояды. Тағы бір нәрсе дүрс етеді. Енді аяқ түседі. Бәрі қайта басталады. Күйеуі бұл жолы да таңданбайды, аяқты көтеріп алады да, есіктен лақтырып тастайды. Енді екінші аяқ құлап түседі, одан кейін екі қолы, сонсоң кеудесі қысқасы, кешегі өлтірілген жолаушы бөлек-салақ болып түгел түседі. Мә-саған қуырған жұмыртқа! Ал отағасының қарыны ашып барады.
— Ант етейін жаратқанның атымен, — дейді ол, — жұмыртқаң қуырылып болсын, сонсоң көрерміз бұл кісіні жайластыруды.
— Енді өз көзіңмен көрдің ғой оның адам екенін? — дейді бүкір кемпір. Ендеше неге айттың жаңа бас емес деп? Босқа таласасың.
Кемпір жұмыртқаларын шағып, қуырып әкеледі де, шалының дәл тұмсығының астына
қояды. Енді ұрсуға да шамасы жоқ, әлгі көріністен кейін жүрегі айнып кетеді. Күйеуі
тамағын жеп отыр. Бүкір қорыққанынан тойып отырмын деп құтылмақ.
Бөтен бір адам есік қағады. Тық-тық!
— Бұл кім?
— Кешегі өлтірілген адам.
— Кіріңіз, — дейді отағасы.
Жолаушы үйге кіріп, ұзын орындыққа отырады да, сөз бастайды:
— Құдайды ұмытпаңдар, құдай деген құр қалмайды, оның шапағатын нәсіп қылады. Бәйбіше, мені өлтіріп жатқанда көзіңмен көрдің ғой, неге үндемейсің? Шошқалар мені жеп қойды. Ал шошқа жұмаққа бара алмайды, сондықтан мен христиан басыммен, бір қорқақ әйелдің кесірінен тамұққа баратын болдым. Осындай сұмдықты кім көрген? Мені құтқару керек.
Тағы сондай сөздер айтылады. Бүкір кемпірде зәре қалмайды, табасын тазалап болғанан кейін, үстіне жексенбілік киімдерін киіп, көрген-білген сұмдықтарын айтпақ үшін сотқа жөнеледі; сөйтіп барлық оқиға әшкереленеді де, қарақшылар базар алаңында айналма доңғалаққа тартылып жазаланады.
Осындай игілікті істен кейін бүкір кемпір мен оның отағасысынан асқан кендір өсіруші болмайды. Ол аз болғандай, олардың көптен бері зарығып күткен ұлдары туады, ол өсіп ер жеткен соң корольдің бароны болады. Мінекей өжет мінезді бүкір кемпірдің бастан кешкен кептері жайындағы әңгіме осындай және мұндағы айтылғанның бәрі ақиқат шындық.
— Мұндай әңгімелер маған ұнамайды, — деді бір кезде Қабыршы қыз. — Бұдан кейін ылғи көзге бірденелер елестеп жүреді. Мен бәрінен де Наполеон жайындағы әңгімелерді қызығып тыңдаймын.
— Miнe осы дұрыс-ақ, -деп қырман күзетушісі іліп әкетті. Кәне, Гогла мырза, император жөнінде айтыңызшы.
— Отырмақ онсыз да созылып кетті ғой, — деп жауап қайырды пошташы, — ал мен жеңіс туралы жүрдім-бардым айта алмаймын.
— Оқа емес, айта беріңіз! Біз ол туралы білеміз ғой, талай рет айтқансыз, бірақ ылғи да тыңдай бергіміз келеді.
— Император туралы айтыңызшы! — деп бірнеше адам бір ауыздан дауыстады.
— Жо, болсын-ақ, — деді Гогла. Бірақ өздерін көрерсіңдер, асығып айтқан әңгімеде мән болмайды. Одан гөрі мен сендерге нақты бір шайқас туралы айтып берейін. Қаласаңдар, Шан-Обер түбіндегі айқасты айтайын, оқ-дәрінің бәрі бітіп, біздің найзамен шыққан кезіміз ғой.
— Жоқ! Император туралы айт! Император туралы!
Ардагер бір құшақ шөптің үстінен түрегелді де, жиналған жұртты мұңды көзімен бір шолып өтті, сол көздің жанарында қарт солдаттың басынан кешкен қиындықтарының, азап-бейнеттерінің, қайғы-қасіреттерінің ізі жатыр еді. Ол екі иығын бір қомдап тастағанда, бір кездері киім-кешегін, аяқ киімін, дорба түбінде жүретін бар байлығын сол жорық қапшығына тығындап алып, арқасына қарай ырғытып жіберетін әдеті де көзге елестегендей еді; сонсоң ол денесінің барлық салмағын сол жағына қарай аударып, оң аяғын сәл ілгері жылжытты да, жұрт тілегін қабыл алып, әңгімесін бастауға әзірленді. Маңдайына түскен бір шүйке ақ шашын кейін сілкіп тастап, басын аспанға қарай шалқайтып алды:
Бейне бір өзі баян еткелі тұрған хикаяның биік деңгейіне көтеріліп алғысы келгендей.
— Білесіңдер ме, достылар, Наполеон Корсикада туған бұл француздардың аралы, бірақ оны шыжытып тұрған күн Италиянікі, ондағының бәрі қып-қызыл отқа қақталғандай жанып тұрады, ал тұрғындары, мейлі әкесі, мейлі баласы болсын, түкке тұрмайтын болмашы үшін, бірін-бірі өлтіріп жатады: салттары сондай. Алдымен айтайын, құй сеніңдер, құй сенбеңдер, оның өз шешесі, сол кездің ен сұлу әйелі, әрі жіті ақылды адам, алғашында оны, бала кезінде де, одан кейінгі өмірінде де әр түрлі қауіп-қатерден аман жүрсін деп, құдай жолына түсірмек болыпты; оның да себебі болса керек; босанар алдында түс көреді сонда бүкіл әлем отқа оранып тұр екен дейді. Қандай көрегендік түс! Демек, шеше байғұс құдайға жалбарынып, нәрестенің атынан ант береді: Наполеон сол кезде аяқ асты болып қалған құдай құдіретінің қасиетті иманың қалпына келтіреді деген кепілдікті мойныңа алады.
Ал енді құлақ қойып тыңдаңдар да, айтыңдаршы, осы тегіннен тегін болған іс пе еді?!
Шындықтың шындығы емес пе, бір құпия келісім болмаса, адам деген қалын жаудың қатарын жарып өтіп, қардай бораған оқ пен доптың арасынан атпен ағызып аман-сау кете алар ма еді; ал бізді жау сонда шыбын ғұрлы көрмей қырып жатқанда, оның басы апаман. Мен Эйлау түбінде өз көзіммен көрдім. Дәл қазіргідей көз алдымда, ол бір қырқаға өрмелеп шықты да, қолына дүрбісін алып, төмендегі шайқасқа қарап тұрып:
— Істің барысы жақсы! — деді.
Бастарына шашақ тағып алып, соның айналасында қаптап жүретін алаяқтар қайда барса да сонынан қалмай, біздің естуімізше, тіпті тамағын да дұрыс ішкізбейді деуші еді, сондай қулардың бірі, тіпті еркінсіп кеткені ғой, император тұрған жерінен қозғалып кете бергенде-ақ соның орныңа барып тұра қалмай ма. Қас қаққанша, басындағы шашағы жалп ете түсті. Құдды ұстарамен кескендей! Өздерін біле беріңдер, Наполеон құпия сырын ешкімге айтпауға серт берген ғой. Сол себептен де, оның қасына ерген адамдар, тіпті ең жақын достары да, кескен теректей сұлап түсіп жатады екен: Дюрок, Бесьер, Ланн дегендер жай адамдар емес, болаттан соққан арыстар еді ғой, бәрін өзі шындаған. Қысқасы, ол құдайдың өз перзенті, солдаттарға әке болып жаралғандығына бір анық дәлел оның лейтенант болып, капитан болып жүргенін ешкім ешқашан көрмеген. Иә, ол бірден генерал болды. Түріне қарасаң, жиырманың үшеуіне де келмеген сияқты, ал генерал атанғаны баяғыда, Тулонды алған кезден бермен қарай; сонда-ақ ол өзінен өзгелердің бәрі де зеңбіректі нысанаға дәлдеп қоюдан мүлде бейхабар екенін бірден көрсеткен. Мінеки сонда, демек, кішкентай ғана жұқалтаң бас қолбасшы біздің Италиядағы армияға келіп еді; ал армияда не азық-түлік, не қару-жарақ, не аяқ киім, не үс киім жоқ, нағыз қайыршы армия, турасын айтқанда тұттай жалаңаш!
— Достылар, — дейді ол бізге, міне біз біргеміз! Айтқанымды ұмытпаңдар, екі аптадан кейін жеңімпаз атанасыңдар, ине-жіптен шыққандай жана киім киесіңдер, үстеріңде шинель, аяқтарында жап-жаңа гетр, мықты башмақ болады: бірақ солар үшін Миланға баруға тура келеді, жаңағылардың бәрі сонда.
— Ал, кеттік! Сілкініп кеп берді дейсің француз, жанының тұрған жерін қарасаңшы! Немістің сексен мың соткарына қарсы барған біз отыз мың жалаңашпыз ал — аналар шетінен қапсағай бойлы, қапысыз қару-жарақтанған. Қазіргідей көз алдымда. Алайда-ше, Наполеон, ол кезде бар болғаны Бонапарт қана, тіпті мен өзім де білмеймін, біздің бойымызға қандай күш бергенін. Түнде де жүріп келеміз, күнде де жүріп келеміз, оларды Монтенотте түбінде де төмпештедік; Риволи, Лоди, Арколе, Миллэсимо маңайларында да қолды бір сермегеннен қалдырған жоқпыз, ешбір жерде көздерін аштырмадық. Солдат жеңіске дөнігіп алды. Мінеки, Наполеон немістің генералдарын төбеден бір басты ма, олар қайда барарларын, қай жерден бастарына пана табарларын білмей қалады; ал біздің сабаз олардың қаққанда қаның, соққанда сөлін алады; бір жолы мынадай да жағдай болды: олардың он мың қаралы адамы торға түсті, ал соларды қоршаған не бәрі мың жарымдай ғана француз, әрқайсысы жаудың жүзіне турады; сол жерде тапжылтпай зеңбіректерін, азық-түлігін, ақшаларын, қару-жарағын сыпырып алды алуға тұрарлық деген нәрсенің бірін қалдырған жоқ, ал өздерін суға да тоғытты, тауға да соқты, ауада да шақты, құрғақта да оқтың астына алды, барлық жерде шықпыртты. Міне, сөйтіп жүргенде әскер қанаттана бастады; себебі барлық қасиеттерінің үстіне император ақылды адам еді, ол адамдарды баурай білді, сендерді азат етуге келдік дейтін. Демек, сонсоң сол жердің тоғышарлары бізді үйлеріне де жібереді, аялауды да біледі; әйелдері мүсіркейді, әйелдер әрдайым әділдік жағында. Қойшы, бір сөзбен айтқанда, тоқсан алтыншы жылдың вантозында, ол кезде қазіргі наурыз айы солай деп аталатын-ды, бізді суырлар еліне Савойяға апарып тықты; алайда жорық аяқталған, ал біз Наполеонның күні бұрын айтқаныңдай, Италияның қожасымыз.
Ал келесі наурызда, арада бір-ақ жыл өткенде, екі мәрте жорықтан кейін ол бізді Венаның өзіне жақындатып апарды. Бәрі құл-талқан болды: біз үш армияны қатарынан талқандадық, австриялық төрт генералды ол дүниеге жөнелттік, солардың біреуі шашы ағарған шал еді өртенген сабан арасындағы егеуқұйрықша Мантуяның түбінде күлді көмеш болды. Корольдер тізе бүгіп жалбарынды! Оларға бітім шарттары ұсынылды. Осының бәрі жай адамның қолынан келер ме еді? Жоқ. Құдай оны қолдады, басқа түк те емес. Ол інжілдегі бес таба нан сияқты көбейіп кетер еді: күндіз шайқаста қолбасшы, оның жоспарын түнде жасайды; демек, сақшылардың ылғи көретіндері оның ұйқы-күлкі дегенді білмей, ас-су ішпей, түн баласына әрлі-берлі теңселіп жүретіні. Солдат осындай кереметті көргеннен кейін оны әке демегенде қайтеді. Сонымен кеттік ілгері! Ал Париждегі тобырларда маза жоқ: мынау алаяқ қайдан бәлкім, сонда пайда болды, аспаннан ала ма өзі бұйрықты? бүйте берсе, бүкіл Францияны қолына алып алар; оны Азияға немесе Америкаға жіберу керек екен, барып тынышталар, деседі олар. Кәдімгі Айса пайғамбардың өзіндей, тағдырына жазылған ғой. Шыны-ақ солай, оған біреу бұйрық жеткізеді Мысырға барып қызмет етсін дейді. Мінеки, оның шын құдайдың ұлындай болған жері осы еді. Бірақ іс онымен біткен жоқ. Ол өзінің ең таңдаулы сарбаздарын шақырып алып, соларды желіктіре былай деп айтады:
— Қазір, достылар, бізге Мысырды жемтік қылып беріп отыр. Біз оны Италиядан да бетер, бір-ақ шайнап жұтамыз. Қатардағы солдаттар кінәз болады, өздеріне жер иелігін алады! Алға!
— Алға! Жігіттер! — деп айқайласады сержанттар.
Сонымен біз Тулонға келдік, одан әрі жол Мысырға тартады.
Ол кезде ағылшындар өздерінің барлық кемелерін теңізде ұстайтын. Демек, біз жағадан кете бергенде, Наполеон былай дейді:
— Олар бізді байқай алмайды, оның себебі, сендер мұны біліп қойыңдар, сендердің генералдарыңның аспанда өз жұлдызы бар; бізді бастайтын да, қорғайтын да сол.
Айтты — бітті. Теңізде жүзіп келеміз, Мальтаны алдық: женістің шөлін басатын апельсин ғұрлы көрген жоқпыз; өйткені ол сондай адам болатын, жұмыссыз қарап отыра алмайды. Мінеки, Мысырға да келдік. Солай-тын. Мұндағы бұйрық басқаша. Білесіңдер ме, мысырлықтар ежелден бері билікші тақсырдың орныңа алыптарды ұстайды екен, әскерлерінде сан жоқ, құмырсқадай құжынайды; бұл өзі аруақтар мен айдаһарлар жайлаған ел көрінеді; онда қолдан салынған зәулім пирамидалар болады екен, біздің таулардан кем емес; өздерінің патшаларын соларға жерлейді екен шірімесін дегендері, дәстүрлері сондай. Жағаға шыққан бойда, кішкене капрал бізге былай дейді:
Жігіттер, өздерін жаулағалы келе жатқан елдерде жұрт толып жатқан көп құдайларға табынады, міне сол құдайларды құрметтеу керек; өйткені француз жұрттың бәріне дос болуы керек; халықтарды жеңгенмен қыспаққа салған жөн болмайды. Мынаны мықтап естерінде сақтандар: алғашында ешкім еш нәрсеге тимесін, артынан бәрі де біздікі болады! Басыңдар аяқты!
Бәрі де дұрыс жүріп жатты. Ал ондағы халық Наполеонды аңыз арқылы біледі екен, өзін Кәпір Бонаберді деп атайды; оларды «От ұстаған сұлтан» деген мағынада болса керек; өзінен зәрелері қалмай қорқады. Сол кезде Түркия, Азия, Африка елдері сиқыршылықпен айналысып, бізге қарсы Мәди атты бір ыбылысты жіберген; айтуларына қарағанда, ол ақбоз атқа мініп аспаннан түскен, атына да, өзіне де зеңбіректің добы дарымайды, екеуі де құр ауамен қоректенеді, деседі. Кейбіреулер көріпті-мыс, бірақ ол жөнінде мен ештеңе айта алмаймын. Арабтардың бастықтары мен мамлуктер өз солдаттарына ұғындырып қойған: Мәдиде алыптың күші бар, ол соғысқанда біздің әскерлерді жеңілдірмейді; ол Наполеонды жеңу үшін және одан Сүлеймен пайғамбардың мөрін тартып алу үшін жіберілген періште, дейді екен. Өздерінің қару-жарақ қоймасында сондай бір зат болады екен, соны біздің генерал ұрлап әкетіпті-міс. Көрдіңдер ғой, біздің оларға қандай соққы бергенімізді.
Бірақ сонда олар Наполеонның шартын қайдан біліп қойған? Тағы да айтайын бұл тегін емес.
Бұл кісі жөніндегі олардың ұғымы сондай, кәдімгі бір бұл аруақтарға бұйрық беріп, өзі бір жерден бір жерге құстай ұшып жүретін сияқты көрінген. Бұл расында да нағыз желаяқ еді. Сонсоң тағы бір айтатындары: біздің бастық олардың падишасын алып қашпақ болыпты-мыс; керемет сұлу әйел екен, бұл сол әйел үшін өзінің бүкіл байлығын бермек және соның үстіне көгершіннің жұмыртқасындай бір гауһар тас сыйламақ болыпты-мыс; бірақ падишамен ашыналас бір мамлук мұндай мәмледен үзілді-кесілді бас тартыпты-мыс.
Міне осындай шатақ жанжал шығыпты-мыс. Сондықтан ол соғыссыз бітпейтін көрінеді. Одан біз неге тартынамыз, оқ-дәрі деген бәрімізге жетеді. Демек, сөйтіп, біз Александрия қаласы мен Гизехтің түбінен бекініс жасап, пирамидаларға таянып келгенбіз.
Күннің қайнап тұрған ыстығында, қалың құмға малтығып жүруге тура келді; кейбіреулердің миы қайнап, естерінен адасып қалған; көздеріне су елестейді, бірақ отан шөлдері қанбайды, кейде келей-ке елестейді, ағыл-тегіл терлері басылмайды. Біз мамлукті ұстап алдық та, талқаның шығардық. Наполеон барлығын жеңді; сөйтті де, Жоғарғы және Төменгі Мысырды, Аравияны, тағы талай талқандалған патшалықтардың астаналарын жаулап алды; олардың орныңда қаптаған өңкей миғұлалар, жын-шайтандар, жорғалаған кесерткелер қалды; ал жер дегенің шетсіз де шексіз, қалағанынша ал да, игере бар.
Наполеон ел ішінде осындай істермен шұғылданып, бәрін дұрыс жолға қоямын деп жүргенде, ағылшындар Абукир түбіндегі шайқаста оның флотын түгелдей өртеп жіберген; ондағылары әйтеуір бізге бір қастық жасау. Ол кезде Наполеонды шығыста да, батыста да қатты құрметтеп сыйлаған, Папа оны ұлым деп атаған, Мұхаммедтің немере туысы өзінің сүйікті әкесіндей көрген. Міне осындай жағдайда ол Англиядан жанағы флоттың кегін қайтару үшін, одан Үндістанды тартып алмақ болады.
Сөйтіп, ол бізді Қызыл теңіз арқылы солдаттарға жалақы орнына гауһар тас пен алтын беретін, өзіңді сәулетті сарайда тұрғызатын өлкеге қарай бастамақ болған; бірақ сол екі арада Мәди бізге оба індетін жібермек, сөйтіп, біздің жеңістеріміздің жолын кеспек болыпты. Демек, тоқтай қал! Немесе сол парадқа аттанып көр, екі аяғыңның қайда қалғаның да білмессің. Солдаттың жаны кеудесінде зорға жүр, Сен-Жан-д’ Акрді алмақ болып, ер жүректері үш рет басып кіріп еді, ала алмады. Оба жетті түптеріне. Онымен ойнауға болмайды! Бәрі қирап ауырды. Жалғыз-ақ Наполеон аман, гүлдей жайнап жүр; сонда бүкіл армия көрді: жұрттың бәрі айнала қирап ауырып жатқанда оның ап-аман жүргенін. Қалай ойлайсыңдар, достылар, осы тегін бе?
Біздің дәрігерлік күймелерде жайрап жатқанымызды мамлуктер білетін, сондықтан жолымызды бөгемек болыпты, бірақ Наполеонды қапы қалдыра алмайсың. Демек, ол айтады өзінің өзгелерден гөрі терісі қалыңырақ жойпарларына:
— Ал, кәнеки, аршындаршы менің жолымды, — дейді. Оның қиып түсер қырғиы, ең адал досы Жюно бар болғаны мыңға тарта адам алып шығып, біздің жолымызға кесе көлденең тұрмақ болған бір патшасының армиясын боршалап тастады. Демек, біз Каирдағы бас мекен-жайымызға қайыра оралдық. Тағы да жаңа іс. Наполеон жоқта Франция париждіктердің талауына түскен, солдаттардың жалақысын, киім-кешегін кешеуілдеткен солар: мейілдері, аштан өлсін дегендері, ал әскерлер бүкіл дүние жүзін жаулап алсын деген де солар еді, бірақ ешқандай қамқорлық жайын ойламады. Ақымақтар іспен шұғылданудың орныңа көк езу сөзуарлықпен айналысты. Ақырында біздің әскерлер талқандалды, Францияның шекаралары бұзылды өйткені онда кісі болмады ғой. Байқайсыңдар ма, мен кісі деп отырмын, өйткені жұрт оны солай деп айтатын, бірақ ол бос сөз; ал оның жұлдызы болатын, тағы басқа артықшылықтары өз алдына, ал кісі дегендер мына біздер едік. Ол Францияда не болып жатқынан Абукир түбіндегі шайқастан кейін естіді, сонда біз үш жүз де адамды шығын қылмай, бір ғана дивизиямен түріктің жиырма бес мыңдық күші бар тұтас әскерін жеңіп. Жартысынан көбін теңізге қуып тыққан болатынбыз, малты отырып!
Мысыр аспанындағы күннің күркірі басылды. Теңіздің ар жағындағы істің жайы кеткенін көріп отыр, сонсоң ол мынадай шешімге келеді:
Францияны құтқаратын мына мен, мен соны білемін: ендеше солай қарай тартуым керек. Әрине, бұл жайдан, оның кетіп қалғанынан, әскердің түк хабары жоқ, әйтпесе оны күшпен болса да сонда қалдырып, Шығыстың императоры етпес пе еді.
Ол кеткен соң бізден де күй кетті, өйткені біздің қуанышымыз да, жұбанышымыз да сол
еді. Ол, демек, қолбасшылықты Клеберге тапсырып кеткен екен, оның да ерлігі ешкімнен кем емес еді, әттен өмірі қысқа болды бір мысырлық атып өлтірді; сол үшін ол найзаның ұшына отырғызылды. Ол заманда сол өлкелерде бас кесу деген жаза болмайды екен; жаңағыдай жазамен ауыр азапқа түскен қылмыскерді мүсіркеген бір солдат оған су құйған құтыны берген екен, соны ішіп, мейірін бір қандырыпты да, сол бойда жан тапсырыпты.
Бірақ бізде ондай ұсақ-ұлаңмен айналысатындай уақыт жоқ. Наполеон «Фортуна» дейтін бір кішкентай кемемен аттанып кетеді де, Англияның жарақты кемелері, фрегаттары, тағы сондай желкенді теңіз құралдары қоршап алғаныңа қарамастан, солардың дәл тұмсықтарының астынан жып беріп өтіп кетеді де, Франциядан бір-ақ шығады. Ол кісінің қабілеті сондай еді теңіздерден аттап өтіп, тура өзіңе қарай жүретін. Ол да, әрине, тегін емес. Міне, солай! Ол Фрежюске келіп түседі, мұның аты бір аяғымен Парижде деген сөз. Ол келген бетте бәрі соның алдында бас иіп тағзым етеді, ол дереу үкімет мәжілісін шақырады.
— Сендер менің солдат перзенттеріме не істедіңдер?! — деп сондағы көк мылжыңдарды қыспаққа алады. Сендер жатып ішер жалмауызсыңдар, сендер адамды адам ғұрлы көрмей қорлайсыңдар, Францияны сорып семіргенсіңдер. Бұл әділетсіздік, мен мұны барлық жапа шеккендердің атынан айтып тұрмын! — дейді.
Ал, аналар ауыздарына не келсе соны айтып, тіпті оны құртып жібертілері де келген, бірақ асықпаңдар. Бұл оларды өздерінің көкезулікке салынған казармаларына қамап тастап, сыртқа қарай терезеден секіртті де, өзінің нөкерлеріне қосып алды, сонсоң олар жым болып, нақ көшедегі жезөкшелердей көнгіш бола қалды. Осы жанжалдан кейін бұл консул болды; басқалар өздері біле берсін, ал енді бұл кісі жоғарыдан жаратушыға еш уақытта күмәнданған емес, сондықтан Алла Тағаланың алдында айтқан антын бұлжытпай орындады: оның шіркеулерін өзіне қайтарды; діни сенімді қалпына келтірді; қазір қоңырау атаулының барлығы Аллаға мадақ айтып, мұның да атақ-даңқын асыруда. Демек, жұрттың бәрі оған риза: ең алдымен өзгенің қорлық-зорлығынан арылған поптар; одан кейін саудагерлер, олар да әділет жолынан тая жаздаған заңның қудалауынан қорықпай-ақ, енді өз істерін алаңсыз жүргізетін болды; ал үшіншіден инабаттылар; өйткені сорға қарай, үйреншікті іске айналған өлім жазасынан бұл оларды қорғап отыр.
Енді жауларды қолға алу керек еді; бұл кісі ондайды кейінге қалдыра алмайды; оның үстіне бір қарағанда-ақ бүкіл жер жүзін жақын көршісіндей түгел қамтитын қасиеті бар еді. Мінеки, ол Италияға барды құдды терезеден бас сұққандай бір қарап еді, сол жетіп жатты. Кәдімгі шабақ балықтарды кит қалай жұтса, бұл да дәл солай қылғытты! Түу! Француздар оларды отқа қақтағандай қылып шыжғырғанда, біздің жеңісіміз бүкіл әлемге әйгілі болды міне осының өзі жеткілікті еді.
— Ендігіден әрі ойнамаймыз! — деді немістер.
— Бізге осы жетіп жатыр! — деп шуласты басқалары. Нәтижесі: Еуропа тайқақсыды, Англия кейін шегініп кетті. Жалпыға бірдей бейбітшілік, корольдер мен халықтар бірімен-бірі қауышып құшақтасуға бар. Міне дәл сол кезде Құрметті легион орденін ойлап тапты. Не айтары бар тамаша-ақ нәрсе. Булониде тұтас әскердің алдында тұрып, ол былай деді: «Францияда жұрттың бәрі батыр! Егер жай халық ұлы істер тындырар болса, солдатқа туыс болсын да, құрмет туының астына ағайын ретінде біріксін». Біз осы қазір ғана Мысырдан қайтып оралған бетіміз. Ал өзгерістер қаншама! Біз одан айырылысқанда генерал еді, арада азғантай ғана уақыт өтті енді император мәртебесінде көріп тұрмыз. Құдай ақы, сұлу бикеш жас ұланға қандай құмартса, Франция да оған дәл сондай құмартулы.
Істің бәрі осылай оңғарылды болды, барша жұрттың мерейіне орай дейік, императорды таққа отырғызудың Бұрын-сонды аспан астында болып көрмеген сәулетті салтанаты жасалды. Үсті-бастары алтынмен апталған папа мен кардиналдар Альпі тауларынан тікелей асып, патшаны таққа отырғызу тойына қарай асықты, әскер мен халық осы тойды қошеметтеп қол соқты. Осы орайда бір оқиғаны айтпай кетсем дұрыс болмас еді. Мысырда жүрген кезімізде, Шам елімен шекаралас құмның ортасында, Мұса тауының қырқасында оған Қызыл киімді бір адам келіп:
— Ісің жақсы жүріп жатыр! — дегені бар. Содан кейін Маренго түбіндегі дәл жеңісті кеште әлгі Қызыл адам оның алдына екінші рет келіп былай деді:
— Бүкіл әлем келіп аяғына жығылғанын көресің, сөйтіп сен Францияның императоры, Италияның королі, Голландияның мырзасы, Испанияның, Португалия мен Иллирий аймағының әміршісі, Германияның сақтаушысы, Польшаның құтқарушысы, Құрметті легионның тұңғыш иегері деген мәртебеге жетесің қысқасы, сен алмаған атақ-дәреже қалмайды!
Байқайсыңдар ма, Қызыл адам оның қиялындағы елес сияқты бірдене еді; ал көп жұрттың айтуынша, ол мұның өз жұлдызы мен арадағы байланысшы шабарманы болған сияқты. Мен бұл әңгімеге ешқашан сенген емеспін; ал енді Қызыл киімдінін оған келгені анық ақиқат, өйткені бұл оқиғаны Наполеонның өз аузымен айтқаны бар: Қызыл адам оған ең қысылшаң кезде келіп, Тюильри сарайының шатырында жасырынып жатыпты-мыс. Наполеон оны кешкісін таққа отырғызу рәсімінен кейін көреді. Үшінші ретте олар толып жатқан әp түрлі істердің жайын талқылайды.
Осыдан кейін император тұп-тура Миланға аттанды да, Италияның королі болып рәсімделді. Солдаттың бұла өмірі сонда басталып еді. Хат танитын адамдардың бәріне офицерлік атақ берілді. Зейнетақы мен герцог атағы аспаннан жаңбырдай жауды; Францияға тегіннен келген қазына байлық генералдарға үлестірілді; қатардағы солдаттарға. Құрметті легион иегерлеріне рента берілді, мен сондағы қосымша зейнетақыны әлі де алып жүрмін. Қысқасы, армия бұрын еш уақытта ойламаған дәрежеде қамқорлыққа алынды.
Сонымен бірге император өзінің бүкіл дүние жүзіне билікші болуға тиіс екенін білген, сондықтан барлық байлардың қалталарын қақтырып, бұрын ешқандай ең-таңбасы болмаған жерлерге тамаша ескерткіштер орнатқызды; айталық, бұрын Испаниядан Берлинге келе жатқанда жол бойында не көруші едің? Ал қазір Салтанат арқалары тұрғызылды, төбелеріне қатардағы солдаттың мүсіндері орнатылды, қарап тұрсаң көз тоймайды, бейне бір генералдар сияқты маңғаз көрінеді. Сен ағайындарға үстеме салық салмай-ақ, екі-үш жылдың ішінде император қазынаның қорын алтынмен толтырды, көптеген көпірлер салғызды, сарайлар тұрғызды, жолдар төсетті, ғалымдар шықты, заңдар пайда болды, кемелер, порттар жасалды; мереке-мейрамдар өткізілді, ол соған миллиондай қаржы жұмсады, сол қаржыға, менің естуімше, егер оның ойына келсе, жүз сулық майда ақшамен бүкіл Франция жерін жауып жібере алар еді деседі. Сонымен, не керек, ол таққа мықтап орнатып, барлық елдердің билеушісі болып алғаннан кейін оның рұқсатынсыз Еуропа ол кезде дымын шығара алмайтын өздерінің отбасында бес ұл, үш қыз қатар өскенін еске алып, бір күні бізбен әңгімелесіп отырып, былай деді:
— Жігіттер, ойлаңдаршы, сендердің императорларыңның туыстары қайыршылықта жүрсе, сол әділдік болар ма еді? Әрине, жоқ. Мен солардың да өзім сияқты сән-салтанатты өмір сүруін қалаймын! Ендеше солардың әрқайсысына бір-бір корольдік жаулап алу өте қажет; дүние жүзін түгелдей француз билейтін болсын, менің гвардиямның солдаттарынан жер-жаһан қалтырап тұрсын, Франция ойына не келсе соны істесін, ал өзгелердің аузында, біздің теңгелікте жазылғандай: «Құдай сендерді сақтасын!» деген сөздер айтылатын болсын.
— Дұрыс-ақ, — дейді сонда әскерлер, саған керекті корольдіктерді біз найзаның ұшымен әпереміз.
— Е, оның несін айтасың, өздерің білесіңдер, соғыста кейін шегініп көрген жоқпыз. Ол айды жаулаймын десе, біз қару-жарағымызды асынып, аспанға қарай өрлеуге әзір едік; бірақ, құдай сақтағанда, оның басына мұндай ой келмеді. Корольдер тақ үстінде шалқайып үйренген ғой, әлбетте, оған көнгілері жоқ, ал біздің білетініміз тек алға! Қарыштап, аршындап, жөнеп бердік дейсің, айналаның бәрі тағы да астан-кестен. Сол күндері қаншама адамның табаны тозды, өздері өмірден озды. Жау оңайлықпен берілер емес, кейде өзімізге қарай бас салады француздардың орныңда өзге біреулер болса, жайлары табылары хақ. Ал енді өздеріңе мағлұм, француз тумысында дана халық, әйтеуір өзекті жанға бір өлім бар екенін ол біледі. Сондықтан біз тіл тартпастан өліп жатсақ та өкінбедік императорымыздың барлық жағрафия атаулыны қалай жайратып жатқаның көрудің өзі бір ғанибет еді (Осы тұста Гогла аяғымен жер еденді шеңберлеп сызып өтті). Сонымен қоймай: «Мына жерде корольдік болады», десе бітті, айтқанындай-ақ, бір корольдік пайда бола қалады. Сондай замандар өтті ғой бастан. Көзіңді ашып жұмғанша кешегі полковниктер дереу генерал ал генералдар маршал, маршалдар король бола қалады.
Солардың біреуі тірі қалды, осы оқиғалар туралы Еуропаға сол айтып бере алар еді; әттең не керек, негізі гаскондық бола тұрып, басындағы тәжін сақтап қалу үшін Францияны сатып кетті, шіркін-ай, сонда оның екі беті бір шылп етпеді-ау, несіне шылп етсін, қорғағаны алтын тәж болса! Қысқасы, хат танитын саперлерге дейін ақ сүйек атағын алып жатты. Мен өз көзіммен көрдім, Парижде Наполеонның төңірегінде он бір король мен бір топ бекзадалар шамға үймелеген көбелектей көлпілдеп жүрді бір кезде. Өздерің білесіңдер ғой, жолы болған әрбір солдат еңбегіне қарай таққа отыруға дейін көтеріле алған жағдайда гвардиялық капралға қайдан баға жетсін; біздің әрқайсымыз жеңіске өз үлесімізді қосып жаттық; оны император бюллетендерінен өздерің жақсы білесіңдер. Ал сондағы шайқастарды айтсаңдаршы! Аустерлиц тұсында әскерлер құдды бір парадта жүргендей еркін қимылдады; Эйлауда Наполеон бір үрлегендей болып еді, орыстар көлге батты да кетті; Ваграль түбінде үш тәулік бойы шайқасқанда солдаттар сыр бермеді…
Қысқасы, лауқылда қанша әулиенің аты жазылса, мұндағы ерлердің саны да соншалық еді. Сөйтсек, Наполеонның қынабында шыныңда Алла тағаланың қылышы бар екен. Ол әp солдатты өз баласындай әлпештеп ұстады; сенің аяқ киімің бүтін бе, іш киімің, шинелің бар ма, жейтін наның мен ататын оқ-дәрін жеткілікті ме; сөйте тұра, өзін қалай биік ұстайтын еді, патшалыққа жаратылған адам солай болмағанда қайтеді. Бірақ бәрібір! Кез келген сержант, тіпті кез келген солдат «тақсыр» деп оған тікелей айта алатын еді, кейде өздеріңнің маған «достым» дейтіндерін сияқты. Сонда оған бір ақыл айтар болсаң, ол құлақ қойып тыңдар еді, өзімізбен бірге қар төсеніп қатар жатар еді; қысқасы, қарап тұрсаң, кәдімгі қарапайым адам. Мен өз көзіммен көрдім: жауған картечтің астында қалай тұрғаның; қалт етпейді, дәл осы жерде отырған өздерін сияқты. Қабағын да шытпайды; бір сәт те қарап отырмайды, бір жерде тұрақтап тұрмайды, дүрбіден көз алмайды, оған бір қарасаң болды жүрегің орныңа түседі. Қалай болатының мен тіпті білмеймін, кейде бізбен сөйлесе қалса болды, жанымызды жалын шарпығандай жігерленіп кетеміз, өзімізді оның тіл алғыш баласындай етіп көрсеткіміз келеді, қорқу деген ойда жоқ, гүрсілдеген зеңбірекке қарсы ұмтыламыз, төбемізден төмпештеген картечке де қарамаймыз. Тіпті оққа ұшып, өліп бара жатқандар да, оны көргенде күш-қайраттарын бойларына жинап, ұшып түрегеледі, әскер тәртібімен сәлем беріп: «Жасасын император!» деп бір айқайлап қалады.
Осының өзі тегін бе еді? Жай қарапайым адам үшін сендер осылай істер ме едіңдер?!
Сөйтіп, ол барлық істі тәмам қылды. Ал падиша Жозефина, өзі сондай тамаша әйел, бірақ оған перзент әкеле алмады, сондықтан өзін өте жақсы көре тұра, тастауға тура келді. Не амал бар, мемлекет істері үшін оған ұл балалар керек еді. Императордың осындай қиын жағдайда екенін білген Еуропа билікшілері өзара қырқыссын: оған кім құда түсіп, қалыңдық бере алады? деген талас төңірегінде. Ақыры ол австриялық бір қызға үйленді: біздің естуімізше, Цезарь әулетінен тараған деседі, ертеде сондай бір адам болған екен қазір жұрттың аузында тек соның аты: бір ғана біздің өлкеде емес, бүкіл Еуропадағы істің бәрі содан басталған көрінеді, сөзіме күй сеніңдер, күй сенбеңдер, мен Дунайдан өткенде, сол Цезарь салдырған көпірдің тамтығын өз көзіммен көрдім, жұрттың айтуынша, ол өзі Римді билеп тұрған, Наполеонға жекжаттығы бар көрінеді, сондықтан Наполеон ол қаланы мұрагерлік жолымен ұлына беруге хақылы болса керек. Сонымен, демек, үйлену тойларын өткізді, шырқатып мерекеледі, соның құрметіне бүкіл халық он жылға алым-салықтан босатылды, бірақ, не керек, салық жинаушылар оны түп-түгел өндіріп алудан бас тартқан жоқ.
Жо, айтқандай-ақ, олар үйленді, сонсоң әйелі императорға бір ұл туып берді, ол «Римнің королі» деп аталды; Бұл да бір құлақ естімеген жаңалық еді, өйткені әкесі тірі тұрғанда король болып туғанды кім көрген?!
Дәл сол күні сүйінші айтып, Парижден Римге ауа шары ұшырылған да, ол бүкіл қашықтықты бір тәулік ішінде жүріп өткен. Иә, солай! Енді осыдан кейін әлгінің бәрі тегіннен тегін болған деп кім таласа алады? Жоқ, бұл жоғарыдан болған бұйрықтың нәтижесі еді! Ендеше, Францияның мәртебесін көтеру үшін Наполеонды құдай Тағаланың өзі жіберіпті деген сөзді бекерге шығарған адамның тілі кесілсін!
Міне, содан кейін, демек, өзіне бұрыннан дос-жар орыс императоры әйелді орыстан алмадың деп бұған ашуланып, біздің жауымыз ағылшындарды жақтап кетеді. Ал Наполеон болса, бұл уақытқа дейін Англияны ауыздықтауға мұршасы келмей жүрген. Енді теңіздің ар жағындағы сол құстың қанатын қайыратын мезгіл жетіпті. Наполеон қаһарына мініп, бізге мынадай әмір берді:
— Солдаттар, сендер Еуропаның барлық астаналарын жайлап болдыңдар, енді жалғыз Мәскеу ғана қалды, оның өзі де Англиямен одақ болыпты. Сондықтан, Лондонды Үндістанмен қоса жаулап алу үшін енді мен Мәскеуге қарай аттанбақпын.
— Демек, бұған дейін жер бетінде аяқ басып көрмеген қалың әскер жасақталды да, күндердің бір күнінде біздің бәрімізді қайран етіп, бір миллион адам көрініске жиналды.
— Ура! — деп айқайлайды орыстар.
Сөйтсек, бүкіл Ресей мен құтырған қазақтар бізден жылыстап кетіп барады. Ел мен ел шайқасқа түскен, дүниенің бәрі астан-кестен, Наполеонның дер кезінде сақтықты ойлауы керек-ақ.
Қызыл адамның ескерткені қайда: «Азия Еуропамен ұстасып жатыр!», деп. Сондағы мұның қайтарған жауабы: «Жетер осы сөз, сақтықтың шараларын қолданармын», деген. Айтқандай-ақ, жан-жақтан корольдер жиналып, Наполеонның қолын жалап жатыр Австрия, Пруссия, Бавария, Саксония, Польша, Италия, бәрі біздің жақта, бәрі де жарамсақ қарап тұрсаң тамаша-ақ! Наполеонның тулары ешқашан дәл сол парадтағыдай жайқала желбіремеген болар: Еуропаның барлық туларынан шоқтығы биік еді.
Поляктарда қуанғаннан ес жоқ, өйткені император олардың жағдайын жақсартуға уәде берген; Польша мен Франция ежелден бауырлас болатын. Қысқасы, армия: «Ресей біздікі!» деп лепіріп тұр. Жорыққа аттанып бердік, қару-жарақ жақсы: салдыртып келеміз ал орыстар көрінбейді. Қысқасы, ол қуларға Мәскеу өзеніне жеткенде ғана киліктік сол жерге бекініпті. Мен сол тұста орден алдым, нағыз қырғын соғыс сонда болды. Император есеңгіреп қалғандай, Қызыл адаммен кездескен екен, сол айтыпты:
— Балам, байқа, бір пәлеге ұрындың, адамың жетпей қалып жүрмесін, достарың сатып кетеді, — депті.
Демек, осы арада Наполеон бітімге келейік дейді. Бірақ шартқа қол қоймас бұрын бізге айтады:
— Көрсетеміз орыстарға! — дейді.
— Жарайды! — дейді әскерлер.
— Алға! — деп айқайлайды сержанттар.
Аяғымдағы етігім тозды, үстімдегі киімім бой-бой болып қысқарды, қаншама жер жүргенімізді содан біле беріңдер және ол қай бір оңып тұрған жол дейсіңдер! Бірақ амал қайсы?! «Ботқаның бітер жері осы болса, аянып қалмау керек», — деймін өзіме-өзім. Бір үлкен сайдың алдына келіп тоқтадық алдыңғы шеп осы ара. Дабыл қағылған кезде жеті жүз зеңбірек қатарынан гүрсілге басты: құлағыңнан қан саулап кетер ме екен дейсің. Жаудың ерлігін де бағалай білу керек орыстар кейін шегінер емес, олар да француздар секілді ажалға қарсы атой салуда, біз бір адым ілгері жылжи алмадық.
— Алға! — деген бұйрықты естиміз. Міне императордың өзі де келді.
Баяғы сол қалпы, атпен құйғытып шауып келеді, бізге қолымен нұсқау береді мынау бекіністі қайткенде де алу керек. Бізге қайрат-жігер беруі мұң ілгері қарай жүгіреміз. Сайға алдымен мен жеткенмін. Құдайым-ай! Лейтенантың ба, полковнигін бе, солдатың ба қынадай қырылып жатыр. Оқасы жоқ! Есесіне жалаңаяқтыларға етік, хат танығыш пысықтарға эполет тиіп қалды. Бүкіл алдыңғы шепті жаңғырықтыра: «Жеңіс!» деген айқай естілді. Бірақ не пайда мұндайды кім көрген, жиырма бес мың француз жайрап қалыпты. Айтарға ауыз бармайды. Өзің ойлап қара: айналаң егіні орылған дала секілді, бірақ аңызда жусап жатқан масақ емес, адам! Арынымыз басылып қалды. Қасымызға император келген, біз дереу қоршап алдық. Демек, бізді мүсіркейді, көңілі түскенде адамды аялауы ғажап еді өзіміз үсіп-жаурап, аш қасқырдай бүгіліп жүргенімізге қарамастан, төзіп бақтық. Ол да жаны қалмай, өз қолымен ордендер үлестіреді, өлгендерге құрмет көрсетеді, ал сонсоң, демек, бізге қарап ұран тастайды:
— Мәскеуге!
— Болса болсын Мәскеуге! — дейді армия.
Мәскеуді алдық. Ал орыстар көп ойланып жатпай-ақ, өздерінің астанасын өртеді де жіберді. Қала екі күн бойы отқа оранып, лаулап жатты, айналасы екі льедай аумақ тұп-түгел жанып кетті. Зәулім үйлердің тамтығы ғана қалды. Отқа балқыған темір мен қорғасын төбеден жаңбырдай сорғалайды. Сұмдық іс болды! Сендерге шындығын айта аламын ғой, төбемізден дәл мұндай найзағай төнген емес. Император айтады:
— Жә, жетті, әйтпесе барлық солдаттарым жер жастанатын түрі бар, — дейді.
Біз оған қуанып қалдық, аздап тыныс алып, күш жинамасақ болатын емес, өйткені әбден сілеміз қатты. Кремльдің төбесіндегі алтын айшықты қағып түсіргенбіз, әр солдатқа бір нәпақа тиіп қалды. Ал енді қайтар жолда қыс әдеттегісінен бір ай ерте түсті, оңбаған оқымыстылар соңы неге дұрыстап айтпаған десейші, ақыры міне аязға ұрындық. Енді бізде әскер жоқ, түсінікті ме? Енді бізде генералдар жоқ, тіпті сержанттар да қалмады! Сөйтіп, демек, қайыршылық пен ашаршылықтың нәубеті басталды, несін жасырайын, бұл нәубетте бәріміз де тең едік. Бәрімізді билеген жалғыз-ақ ой тезірек Францияны көрсек екен; аяқ астында қару-жарақ немесе ақша жатса да, ешкім еңкейіп алар емес; әркім бетінің ауған жағына қарай лағып келеді, мылтықтарын дұрыстап ұстай да алмайды, атақ-абыройды ойлауға дәрмен жоқ. Күн болса қақаған аяз, императордың жұлдызы көзіне де көрінбейді. Аспанның оған деген ықыласы өзгеріп кеткен сияқты. Кешегі қырандарының бүгін жеңілістен қашып бара жатқаның көргендігі түрінен адам шошырлық еді. Қатуланып алған; қатуланбағанда қайтеді! Міне, алдымызда Березина. Иә, достыларым менің, арымды ауызға алып ағынан жарылайын: бұл дүние жаралғаннан бері талай ғасырлар бойы мұндай астан-кестенді ешкім көрмеген болар әскері бар, көлігі бар, зеңбірегі бар, бәрі мидай араласып кеткен, оның үстіне қар құйып тұр, аспан әбден түнеріп алған. Мылтығыңның ұңғысына қолың тиіп кетсе болды, қарып түседі.
Міне дәл осы тұста армияны понтоншылар құтқарып алды; олар өз орындарында тапжылмай тұрған; солардың ішінде мына біздің Гондрен ерекшеленіп көрінді; мұзды кешіп жүріп көпір салған қайсарлардан қазір тірі жүрген осы ғана. Сол көпірлер арқылы біздің әскерлер орыстардың қуғынынан құтылып кетті; сірә, бұған ұлы армияның бұрынғы даңқынан қаймыққандары да себеп болған шығар.
Ұзақ әңгімесінің осы тұсына келгенде, Гогла өз сөзіне ұйып, саңырауға тән ынтамен тыңдап отырған Гондренді нұсқап сөйледі:
— Гондрен деген ер жүрек солдат, былайша айтқанда, құрметті солдат; ол сендердің қандай құрметтеріңе де лайық.
— Сонда мен, — деп Гогла әңгімесін жалғастыра түсті, — императорды көргенім бар: көпірдің қасында қалт етпестен қарап тұр; аязыңды елен қылатын емес. Ал енді осы тегіннен бе? Ол өзінің асыл қазынасы құрып бара жатқаның, байырғы мысырлық солдаттарының қырылып жатқанын көрді. Көпірдің үстінен жылжыған маркитанткалар, ат-арбалар, зеңбіректер көрінісі тым аянышты еді бәрі де әбден қалжыраған, шалдыққан, қаусаған. Ішіндегі пысықтары тудан айырылмапты, өйткені, біле білсеңдер, ту деген Францияның өзі, бұл сендердің бауырларың, бұл азаматтың, солдаттың ар-намысы, сондықтан оған дақ түспеуі керек, ол аязға қақырап сынбауы керек. Үсіп-жаурап жүрген біз императордың қасына келгенде ғана бойымыз жылынатын; оған бір қауіп төнгенің көрсек болды, топырлап қасына жиналамыз, ал сонда қасымыздағы жолдастарды құтқару үшін аялдауға мұрша жоқ. Сонда еститінбіз ол түн баласына зарлап, өзінің солдаттарын жоқтайды екен деп. Ал қалай дегенмен де тек сол ғана, тек біздің француз бауырларымыз ғана сондай қияметтен құтылып шыға алатын еді, расында да құтылып шықты; рас, шығын өте көп болды оның не айтары бар. Одақтастар біздің сақтық қорымызды жеп қойды. Қызыл адамның айтқаны келді бәрі де императорға сатқындық жасады. Император гвардиясы енгізілгеннен бастап Париж суайттарының үні өшіп еді, енді тіл бітіп, императордың шаруасы бітті деген әңгіме таратты; оған қарсы қастандық ойластырып, полиция бастығын өз жағына қаратты; сөйтіп, императорды құлатпақ. Осындай әрекеттерді сезгеннен кейін, ол кетіп бара жатып, бізге айтқаны:
— Қош болыңдар, жігіттер, өз нысандарыңды қорғаңдар, кешікпей қайтып келемін! — деген сөздер еді.
Хал енді нашарлады генералдар не болса соны айтады, өзі бардағыдай қайдан болсын. Маршалдар өзара жанжалдасып, өтірікке белшеден батты. Сөйтетін жөні де бар: Наполеон көңілшек еді, соларды тым семіртіп жіберген, бәрі де алтынға малынған, майға бөгіп шайлағаннан аяқтарын баса алмай қалған. Барлық пәле осыдан басталды: көпшілігі полктарымен жаудың желкесінде тұрса да, бір қыбыр еткен жоқ; ал бізді жау өкшелеп, Францияға қарай қуып келеді.
Міне осы тұста император қайтып оралды жаңа жауынгерлерді жасақтап әкеліпті: кілең сен тұр, мен атайын: қандай жауыңды болса да жайратып салатын өжеттер бұл соларды өз ыңғайына бейімдеп алыпты, қарсы келгенді қағып түсіретін өңкей баскесерлер, буржуадан іріктеген құрметті қарауылы бар, жарақты жасақ, біздің арамызда еріген майдай сіңді де кетті. Біз де нық тұрмыз, бірақ әйтеуір бәрі де бізге қарсы, әскерлеріміздің керемет ерлігіне де қарамайды. Сонымен, не керек, Дрезден, Лютцен, Бауцен түбіндегі шайқастарда, халық пен халық беттесіп айқасты. Сендер өздерің білесіңдер, ол кезде француздар асқан ерлік үлгілерін көрсетті; сондықтан жауынгерлердің ғұмыры жарты жылдан аспайтын. Біз жеңіспен шеру тартып келеміз, ал ағылшындар біздің сыртымыздан ғайбат айтып, өзге халықтарды азғыруда, өсек таратуда.
Ақыр-аяғында, сондай тобырларды жарып өттік. Сол кезде арамызға император да келе қалған, енді жүрер жолымызды арши бастадық; өйткені, алдымызда теңіз бе, әлде құрлық па бәрібір: «Өту керек!» десе болды, біз бұзып-жарып өтеміз. Сөйтіп жүріп, ақыры Францияға да жеттік: туған жердің ауасы-ай десейші, көрген азап-бейнеттің бәрі артта қалды, ең бір дімкәс деген жаяу әскерге дейін ширығып сала берді. Мысалы, мен өзім туралы айтсам, жарық дүниеге жаңадан қайта келгендей болдым. Әнеки сол бірақ ол кезде әңгіме Францияны, біздің отанымызды, қысқасы, тамаша Францияны бүкіл Еуропадан қорғап қалу туралы болатын; ал Еуропа әрі қарай қуып тастамақ болғанымыз үшін өшікті. Сонда біз оны не үшін істедік? өзімізді жеп қоймасын деп істедік қой: қатал Солтүстіктің жұмсақ Оңтүстікке тісі қышып тұратыны бекер ме еді кейбір генералдардан мен мұны өз құлағыммен естігенмін.
Бұл тұста императордың өзі де көрді: өзінің қайын атасы, өзі корольдің тағына отырғызған достары, билік басына қайтарған не бір найсап тобырлар бәрі мұның өзіне қарсы шығыпты. Қысқасы, тіпті француздар мен одақтастар да жоғарыдан алған бұйрықпен өз қатарымыздан шығып, өзімізге қарсы тұрды. Соның бір мысалы Лейпциг түбіндегі шайқас. Мұндай опасыздыққа қарапайым солдаттың өзі бара алмас еді, солай ғой? Ал аналар бір күнде үш рет құбылып, өз сөздерінен қайтып жатты, сонда өздеріне шақыратындар князь атағы барлар!
Сол екі арада басқыншылық басталды. Император өзінің арыстандай айбының көрсетсе-ақ болды, жау кері шегінеді; сол кезде Францияны қорғау үстінде оның жасаған кереметтері сонау Италияны, Шығысты, Испанияны, Еуропа мен Ресейді жаулауға барған кездегі ерліктерінен әлдеқайда артық еді. Демек, енді ол жат жұрттық жауларды түгел қырмақ: жарайды, білсін олар Францияны қалай құрметтеу керек екенін; сондықтан ол жау қосындарын Парижге дейін емін-еркін жіберіп алды, ондағы ойы бәрін осы арада біржола құрту да, атақ-даңқтың ең жоғарғы деңгейіне бірақ көтерілу; өйткені бұл шайқас өзге барлық шайқастардың ішіндегі ең ірісі, қысқасы, барлық шайқастардың көкесі болатын!
Бірақ Париж тұрғындары өздерінің көн терілері мен адыра дүңгіршектері үшін зәрелері ұшып, қақпаны ашты да жіберді; міне содан әрі басталды дейсің опасыздық та, басқа да неше түрлі пәле; бастан бақыт ұшты; падишаға қыспақ көрсетілді, терезелерге ақ тулар байланды, ал бұрын императордың жаныңда жүрген генералдар оны тастап, бұрын естімеген Бурбондар жағына шығып кетті. Енді ол Фонтенблода бізбен қоштасатын болды:
— Солдаттар!..
Сөзі әлі күнге дейін құлағымда тұр, бәріміз де жас баладай еңіреп жыладық; қыран суреті бар тулар кәдімгі жерлеу кезіндегідей төмен иілді, оның себебі, мен турасын айтайын сендерге. біз Империяны жерлеп жаттық, біздің барлық армияларымыздан тек көлеңке ізі ғана қалды. Сондықтан, демек, ол өз қамалының басқышынан тұрып бізге былай дейді:
— Жігіттер, біз опасыздардың кесірінен жеңіліске ұшырадық, енді көк жүзінде көрісерміз ерлердің тұрақ мекені сол ғой. Менің ұлыма қорғаныш бола көріңдер, оны сендерге сеніп тапсырдым: жасасын Наполеон Екінші!..
Ол енді өлмек болды, сөйтті де, жеңілген Наполеонды ешкім көрмесін деп, у ішті; онысы тұтас бір полкты сеспей қатыратын күшті у екен, бірақ бұған әсер етпеді; ол да ойлаған ғой құмарлыққа бой ұрмай тұрғандағы: құдай менен безген екен, енді маған сәттілік жоқ екен, деп ойлайтын баяғы Айса пайғамбар сияқты. Енді көзі жетеді өзінің мәңгі өлмейтіндігіне, мұның ісі әділ екеніне, мәңгіге император болып қала беретініне. Сондықтан ол оқшауланып, оңаша аралға кетті; ендігі ойы ақымақтыққа жандары құмар адамсымақтардың амал-айлаларын ойға салу.
Ол осындай ой соңында жүргенде қытайлар мен Африка жағалауындағы жабайылар, берберлер мен тағы басқа көне мал халық оны өзгелерден бөлекше жаратылған адам деп есептеген, оның туына қол тигізбеген; кімде-кім қол тигізсе, ол құдайдың қаһарына ұшырайды деп ойлаған. Жанағы адамсымақтар оны Франциядан аластап жатқанда, ол бүкіл дүние жүзіне билік жүргізіп тұрған. Демек, ол тағы да өзінің Мысырдан олжалаған бөлекей кемесіне отырып алып, ағылшынның алып кемелерінің тұмсығы астынан жып беріп өтіп кетті де, француз жеріне аяқ басты; ал Франция оған мойынсұнды; бұл хабар қоңырау атаулыны күңгірлетіп құстай ұшты; енді бүкіл ел болып: «Жасасын император!» деген ұранды үн қосты. Мұндай кереметтің кереметін біздің бұл өлке де шаттана қарсы алды; Дофине халқы ұятқа қалдырған жоқ; оның үстіндегі сүр бешпентін көргенде, жұрттың бәрі қуаныштан жылағаның естіп, мен де бір марқайып қалғанмын.
Наурыздың бірі күні Наполеон екі жүз ғана солдатпен жағаға шығып, француз және Наварра корольдігін жаулап алды да, жиырмасыншы наурызда ол қайтадан Француз корольдігіне айналды. Дәл сол күні ол Парижде болды; жолындағы кедергінің бәрін сыпырып тастап отырып, сүйікті Франциясын қайтадан қолына алды; байырғы жауынгерлерін жинап алып, оларға «Міне мен келдім!» деген үш-ақ сөз айтты.
Құдайдың құдіретімен болған кереметтердің ішіндегі ең зоры осы еді. Әйтпесе басындағы телпегін бір бұлғағанда-ақ тұтас бір империяны басып алғанды кім көрген? Француз күйреді деп ойлаған жұрттың бәрі. Ол қайдан болсын! Қыран құс келді самғап, ұлттық армия бас көтерді, сонсоң біз Ватерлооға қарай жөнеле бердік. Міне Гвардияның құрыған жері сол еді. Наполеон қалған әскерлерімен өлген-тірілгеніне қарамай, жаудың зеңбірегіне қарсы үш мәрте шабуылға шықты, сонда да ол өлген жоқ! Біздің ағайындар осыны көздерімен көрді! Сонымен шайқаста жеңілдік. Кешкісін император байырғы солдаттарын біздің қанымызға боялған майдан даласына жинап алып; қыран суреті бейнеленген туларды сап ағаштарымен қоса өртетті; біздің қырғи қырандарымыз бұрын бізді ілгері қарай бастаушы еді, бұрын бүкіл Еуропаның үстінен қалықтап ұшушы еді, ал қазір жау қолына түсті деген масқарадан қашып барады. Анау Англия бар ма, қаншама қазынасын төксе де, жеңіс түгіл, қыранның құйрығынан ұстай алмайтын еді-ау. Енді сол қырандардан айырылдық. Қалғандарын өздерің де жақсы білесіңдер. Қызыл адам дегенің қып-қызыл алдамшы екен, Бурбондардың жағына шығып кетті! Франция күл-талқан болды; солдаттарда енді ешқандай күн қалған жоқ, өздеріне тиісті сыбағаның бәрінен айырды да, үйлеріне қарай қуып тастады; олардың орныңа сап түзеп те жүре алмайтын дворяндарды алды оларға қарасаң жүрегің айнитын еді. Наполеонды опасыздық айламен алды да, ағылшындар мұхиттың ортасындағы иен аралға апарып, жартасқа байлап тастады; сол жартас қазір бүкіл әлемнен он мың кез биікте бой көтеріп тұр. Францияның игілігі үшін Қызыл адам келіп өкімет билігін қайтарып бергенше Наполеон солай тұра береді.
Аналар айтады, ол өлді дейді! Иә, өліпті-міс. Оны білмейтін адамдардың сөзі сол Өздерінің жексұрын мемлекеттерінде халық көтеріліп кетпесін деп, жұртты алдаған түрлері. Тыңдаңдаршы. Дұрысында достары ол жөніндегі пайғамбарлық сөздерді шындыққа шығару үшін, оны шөл далада әдейі тастап кеткен; сендерге айтуды ұмытып кетіппін ғой: Наполеон «Шөл даланың арыстаны деген сөз. Бұл әулиенің аузынан шыққандай ақиқат. Император жайында басқа бір сөз естісеңдер сенбеңдер, олардың бәрі өтірікшілер. Алла Тағала жай адамның атын қызыл әріптермен жаздырар ма еді, ал оғанөз атын бүкіл жер бетінде дәл солай етіп жаздырды есімі еш уақытта ұмытылмасын деп…
Халық пен солдаттың әкесі Наполеон жасай берсін!
— Жасасын генерал Эбле! — деп айқайлады понтоншы.
— Сіз Мәскеу өзенінің жанындағы оқпаңнап қалай аман қалдыңыз? — деп сұрады одан бір шаруа әйел
— Оны қайдан білем? Тұтас бір полк күйімізде түскенбіз, содан жүз қаралы жаяу әскер тірі қалдық қой; өйткені оны алу тек жаяу әскердің ғана қолынан келетін іс еді. Білесіңдер ме, жаяу әскер деген армиядағы ең басты күш қой…
— Ал атты әскер ше? — деп айқайлаған Женеста шөп маясының үстінен секіріп түсіп, сарайдағылардың алдында кенеттен пайда болғанда, ең жүректі дегендердің өздері де шошынып қалған. Беу, отағасы-ай. Понятовскийдің қызыл ұландарын, красирлер мен драгундарды, басқа да шабандоз ерлерді қалай ұмытасыз?! Наполеон шайқасты тезірек жеңіспен аяқтағысы келгенде Мюратқа айтпас па еді: «Мәртебелім, маған мыналарды ортасынан қақ бөліп кесіп берші!» деп. Сол кезде біз әуелі қатты желіспен бастап, артынан дүркіреп шабамыз. Бір, екі! Бітті! Жау әскері ортасынан пышақпен кескендей қақ жарылып қала береді. Атты әскердің аршынды шабуылы, қартым, картечіннің залпынан әлдеқайда алымды келеді.
— Ау, понтоншылар ше? — деп саңырау да айқайлап жатыр.
— Осылай, жігіттер, — деп сөзін жалғастырды Женеста, — өзінің төбеден дік ете түскенінен
жұрт әлі де секем алып тұрғаның сезіп және сол үшін өзі де ыңғайсызданып, бұл жерде, әлбетте, ешқандай жансыздар жоқ болар, кәнеки, мынаны алып, бөлекей капрал үшін тартып жіберіңдерші!
— Жасасын император! — деп отырмаққа жиналған жұрт бір ауыздан ұран салды.
— Ақырын, жігіттер, — деді офицер өзінің ішінде булығып тұрған қасірет сезімін бұқтыруға тырысып. — Ақырын! Ол: «Даңқ. Франция, шайқас!» деген сөздерді ауызға алып тұрып өмірден өтті. Жігіттер, ол өлді, бірақ бейнесі мәңгі өшпейді!
Гогла сенер-сенбес күйде жауырының бір қусырып қойды да, маңайындағыларға сыбырлап сөйледі:
— Мына офицер әлі де әскери қызметте ғой, ал мұндайларға император өлді деп жер жүзіне таратып жүру жөнінде бұйрық берілген. Солдат не бұйырса, соны орындайды. Оның несін сөгеміз.
Сарайдан шыға бергенде Женеста Қабыршы қыздың мынадай сөзін де естіп қалды:
— Мына офицер императордың да, Бенаси мырзаның да досы.
Енді жұрттың бәрі есікке қарай ентелеп, Женестаны бір көріп қалуға ұмтылысқан, сонда айдың сәулесімен оның докторды қолтықтап бара жатқаның да анық көріп еді.
— Түу мен бір ақымақтық жасадым-ау, — деді Женеста, тезірек үйге қайтайықшы! Жаңағы қырандардан, зеңбіректер мен шайқастардан басым айналып қалды!..
— Ал, менің Готлам туралы не айтасыз? — деп сұраған Бенаси.
— Тақсыр, дәл жаңағыдай әңгімелер Францияға Республиканың он төрт армиясын өз қойныңда мәңгілік сақтап қалып, Еуропаға зеңбірек залптары арқылы салмақты дат айтуына көмектеседі. Міне, менің пікірім керек болса.
Сәлден кейін бұлар Бенасидің үйіне жеткен; екеуі де ойға беріліп, қонақ бөлмеде отырып қалды; каминдегі сөнген оттың шоқтары жылт-жылт етеді. Женеста дәрігердің өзіне ешбір күмәнсыз ықылас білдіретінің сезіп отыр, бірақ жеңілтектік байқатпайын дегендей, қазір қандай ойда екенін сұрауға ыңғайсыз көріп отыр; дегенмен, Бенасиге қайта-қайта сынай қарап отырып, оның еріндерінен жымиған бір ақжарқын күлкінің емеурінің байқап қалғандай болды: әдетте бұл шын мәнісінде рухы күшті адамдарда болатын мінез доктор сондай сыңаймен мұны іштей ұнатып, ағынан жарыла жауап беруге ишарат білдіргендей көрінді. Женеста былай деп сөз бастаған:
— Тақсыр, сіздің мына өміріңіз жай қарабайыр адамдардың өміріне мүлде ұқсамайды, сондықтан сіз зайырлы қауымнан не себепті аулақтап кеттіңіз деп сұрасам, оның ешбір әбестігі болмас деп ойлаймын. Бәлкім, менің бұл ынтығымды орынсыз да көрерсіз, бірақ заңды екеніне келісерсіз. Бері қараңызшы, менің еш уақытта, жорықтарда да сен деп сөйлеспеген көп-көп дос-жарларым болды, ал бірақ, бірге отырып, ішкеннен кейін үш күн өткен соң; «бар, барып казначейден жалақымды алып келші» деп айтқан адамдарым да болды; мұндай мінез той үстіндегі дырдуда ең сыпайы адамдар тарапынан да байқалып қалады. Жә, ол өз алдына ал мен сіздің пейіліңізді күтпей-ақ, өзіме дос деп санағым келді, себебін өзім де білмеймін.
— Капитан Блюто…
Дәрігер мұның жалған фамилиясын атағанда, офицер бір түрлі тыжырынып қалған. Мейманының бет-ажары тырысып кеткеніне Бенаси де таңданып, бұл несі екен дегендей, өзі де тесірейіп қарады; бірақ себебін әлде неге жори алмай, бетінің үйреншікті дағдысы болар деген оймен сөзін жалғастыра берді:
— Капитан, өзім туралы айту маған өте ауыр. Кешеден бері менің осы өңірде жүзеге асыра алған жақсы өзгерістерім жайында айтқанда да қатты қиналдым; бірақ онда әңгіме біздің қауым туралы, оның өзіммен мүддесі бір тұрғындары жайлы болды. Енді өзім туралы айтсам, әңгіме тек менің қара басым жайында болып кетеді ғой, ал менің өмірімде пәлендей ерекшелік жоқ.
— Сіздің өміріңіз тіпті анау Қабыршы қыздың тағдырынан да көңілсіз болған күннің өзінде, — дейді Женеста, — соны өзіңізден естігім келер еді; сіз секілді адамдарды осы жерге алып келген тағдырдың тәлкегін білгім келер еді.
— Капитан, менің ауыз ашпағаныма он екі жыл болды. Ал қазір, мен бір аяғыммен көрдің жиегінде тұрғанда, өзімді соған апарып тығатын соққыны күтіп жүргенде, сізге шынымды айтайын, бұл үнсіздік мені қинайтын болды. Он екі жыл бойы қасірет шегіп келемін, ал менде қайғыдан қажыған жүректердің дос көңілмен сырласып шер тарқатар жұбанышы да жоқ. Менің сорлы мүсәлламдарым шаруалар болса, ол байғұстар маған өз талайларына біржола мойынсұнған көнбестіктің үлгісін таныта жүріп, қалай дегенмен де менің жанашырлығымды көреді; ал менің ішімдегі құпия құсалықтың запыран зарын ешкім сейілте алмайды; ешкім ақ жүрегін ашып келіп, дос көңілден қолымды қыса алмайды, ал шындығында сый-құрметтің ең үлкені сол емес пе еді, содан анау Гондрен шалға дейін ешкім мақұрым қалмапты.
Женеста осы тұста дәрігерге қолын құлшына ұсынып еді, бұл соған қатты тебіренді.
— Бәлкім, Қабыршы қыз өзінің періштеге тән ізгі жанымен мені түсінген де болар еді, — деп жалғастырды дәрігер әңгімесін даусы дірілдеп, — тіпті, бәлкім, ол мені сүйген де болар еді, ал онда оның өзі де бақытсыздық болып шығар еді. Бері қараңыз, Капитан, тек сіз сияқты соғыста шыныққан, жүрегі кешірімшіл жауынгер немесе өмірге шаттана қарайтын жас жігіт қана тыңдай алады менің жан сырымды, өйткені оны өмір көрген, тіс қаққан еркек немесе өмірден ешбір хабары жоқ жас бала ғана түсіне алар еді.
Ертеде майдан даласында жан кешіп бара жатқан қолбасшылар священник жоқ кезде өз
қылышының тұтқасындағы айқышқа қарап жатып арыздасады екен, соны өзі мен құдайдың арасындағы адал ниетті ара ағайын көреді екен. Сондықтан Наполеонның тапжылмайтын табанды сарбазы, болат семсердің жүзіндей кескір сіз ғана, бәлкім, мені түсінетін боларсыз. Егер сіз адамның ен асыл сезімдерінің күрделі әлеміне шын ниетіңізбен ден қойып, қарапайым жүректердің кәміл сенетін қымбатына ықыласпен зер салар болсаңыз, менің әңгімем сізге қызықты көрінер, ал енді мемлекеттік істерге арналған ережелерді өзінің жеке басының жағдайларына қарай икемдеп дағдыланған білгіш жарықтықтарға мұның өзі күлкілі болып та көрінуі мүмкін. Мен барлық жайды ашып айтпақпын, өйткені өз өмірімде болып өткен жақсыны да, жаманды да орағытып кеткім келмейді, мен сізден еш нәрсені жасырмаймын; өйткені мен қазір жарқылдақ қауымнан алыстамын, адам пендесінің суылдақ сөзіне немқұрайдымын, тек бір құдайдың өзінен ғана үміттімін.
Дәрігер үнсіз отырып қалды да, сонсоң орнынан түрегеліп, сөзін жалғастырды:
— Әңгімені бастамас бұрын, мен шай әзірлеттірейін. Он екі жылдың ішінде Жакота келіп, шай ішесіз бе деп сұрауды бір рет те ұмытқан емес; ол келіп сөзімізді бөліп жүрер. Ал өзіңіз шай ішесіз бе, Капитан?
— Рахмет, ішкім келмейді.
Бенаси тез арада қайтып оралды.
IV таpay
ЖЕРГІЛІКТІ ДӘРІГЕРДІҢ ЖАН СЫРЫ
— Мен Лангедок дейтін шағын қалада туыппын, — деп бастады дәрігер әңгімесін, — әкем сонда ертеден тұрады екен; сәбилік кезеңім сонда өтті. Сегіз жасқа келгенде мені Сорез колледжіне берген еді, соны бітіргеннен кейін, оқуымды аяқтау үшін Парижге аттандым. Әкем жас кезінде дүниені оңды-солды шашып, тіпті, ата-жұртымыздан да айырылып қалған екен, әйтеуір үйленуі сәтті болыпты да, одан кейінгі дүниеқоңыз үнемшілдікпен жағдайын дұрыстап алса керек; провинция адамдары байлықтың жұмсап қызығын көрмейді, тек атағына семіреді ғой, онда сенің даңғойлығың да іске аспай сөніп жатады. Әкем байып алғаннан кейін, жалғыз ұлының үзілген үміттерінің орнын салқын қанды сарабдалдықпен толтырмақ болды кәрі ата-ананың ең соңғы болса да ізгі ниеттен туған адасуы сол еді; өйткені олар өздерінің инабатты өмір тәжірибесі мен естияр есепқорлығын балаларына мұра етіп қалдыруды ойлайды, олардың өмірдің қызығына елігіп, содан көбірек ләззат алғысы келетін тілектерімен жұмыстары да болмайды. Сақтыққа бейім әкем мені тәрбиелеудің ерекше бір жоспарын жобалапты да, мен соның құрбаны болып шықтым. Ол өзінің байлық-дәулетінің қаншалықты мол екенін менен өлердей жасырып ұстады да, менің болашақтағы игілігімді ойлаған болып, жастығымның нағыз дер шағында жоқшылыққа тап қылды. Қайткенде де өз билігім өзімде болса екен деп тілеген жас жігітті жан төзбейтін қыспақта ұстады; маған кедейлікте керек болады деп есептеген машықтарын дарытуға тырысты; оларды: төзімділік, білімге құштарлық, еңбекқорлық еді; ол ойлады: маған кедейліктің зарын тартқызсам үнемшілдікке үйретермін деп; ал мен оның ақыл-кеңестерін бойға сіңірер жасқа жеткен кезде, енді тезірек өмірлік мамандықты таңда деп қыстады. Менің бейімім медицина саласын зерттеу жағында болды. Томаға тұйық провинциялық колледждегі ораториандардың жартылай монастырьлық пәндерінің езгісінен кейін, Сорезден шығып, бірден астанаға тап болдым. Әкем мені өзі ертіп апарып, өзінің бір досына аманат етті. Екі қарт мені араластырмай, өздері оңаша отырып, барынша сақтық ойлаған шаруаларының жобасын белгілепті: өмірден түк тәжірибесі жоқ шикі өкпе баланы әуелі жастықтың құштарлық құйыны еліктіріп әкетпесін деген қамқорлықтарының түрі. Маған жұмсалатын қаржы тіршіліктің ең зору деген қажеттеріне ғана шақталып, қатаң есептелген; оның өзі қолыма үш айда бір-ақ рет беріледі тіпті соның өзінде де Медицина факультетіне оқудың ақысы төленді деген түбіртек қағаз болса ғана. Адамның намысына тиетін бұл сияқты сенімсіздік тәртіп пен есеп деген сылтаумен бүркемеленген. Абзалында, менің білім алуыма және көңіл көтеруіме деген қаржыда әкем ақшаға тарындық жасамаған сияқты. Тек оның ескі досы ғана, өмірдің шым-шытырық бұралаңына түскен бала жігітке басшылық ету тапсырылғаның өзіне дәреже көрген, ал өз бойындағы сезім-түйсіктерінің барлығын іс қағаздары сияқты сөре-сөреге сұрыптап қойып, тек мөлшерлеп қана жұмсайтын адамдар қатарына жатады екен. Қажет болса, ол өзінің жазу дәптеріне қарап жібереді де, сенің өткен жылы, дәл осы күні, дәл осы сағатта немен шұғылданып отырғаныңды қалт еткізбей айтып береді. Ол мына өмірді кәсіпорын деп есептейді де, оның есеп-қисабын кәдімгі коммерциялық әдіспен жүргізеді. Ал асылында осынау байсалды адам, ептеген қулығы да бар, абайшыл да секемшіл бола тұра, мені бақылауға алғаның әрдайым білгізбеуге тырысатын, кітаптарды өзі сатып әпереді, оқудың ақшасын да өзі төлейді; айталық, мен атқа салт мініп жүруді үйренем десем болды, қайда тәуір манеж бар екенін елпілдеп өзі барып біледі, сонда мені өзі алып барады, менің тілегімнің алдын орап, мереке күндерде мінетін аттарды күні бұрын жалға алып қояды. Осы бір тамаша адам, керегінде өзім орағытып кетуге дағдыланған кәрілік қулықтарына қарамастан, маған екінші әке болды.
«Достым, — дер еді ол тізгінді ептеп босатпаса, менің үзіп кетерімді сезген бір сәттерде, жастар кейде сол жастықтың қызуымен ессіздік қылықтар жасап қоятыны болады; сізге ақша қажет болып қалатын жағдайларда өзіме келіңіз. Кезінде сіздің әкеңіз де маған талай рет қол ұшын берген, сізге қажет болып қалған бірнеше экю менен әрдайым табылады, бірақ маған өтірік айтпаңыз, жасаған қателігіңіз болса, жасырмай айтыңыз, оны мойындауға ұялмаңыз; мен де жас болғанмын, адал дос ретінде біз бір-бірімізді қашанда ұғамыз».
Әкем мені Латын махалласындағы бір отбасылық пансионға орналастырған, иелері мархабатты адамдар екен; маған тәп-тәуір жабдықталған жеке бөлме берді. Алайда емін-еркіндіктің алғашқы қадамдары, әкенің кең пейілі, менің жолыма арнап жасаған шығындары мені онша елең еткізген жоқ. Еркіндік дегеннің қадірін білу үшін, бәлкім, оның ләззатын татып көру керек шығар. Алаңсыз балалық шақтың естеліктері колледждегі көңілді басыр қылған әуеннің әсерінен ұмытылып кетті ме, білмеймін, әйтеуір ақыл-ойым әлі де құрсаулы еді; одан кейін әкенің ақыл-кеңестері жаңа бір міндеттер арқалатты; одан қалды, Парижіңнің өзі маған бір жұмбақ болып көрінді; оны біліп алмай тұрып, несімен ауалануды білмейді екенсін. Сонымен, — деп ойладым мен, -өмірімде әзір ештеңе өзгере қойған жоқ, барлық жаңалығы — қазіргі оқып жүрген жерім бұрынғыдан гөрі көлемдірек және өзі Медицина факультеті деп аталады. Дегенмен, алғашқы кезде оқуға құлшына кірістім, лекцияларға түгелдей қатынасып жүрдім, сабаққа бар зейініммен шомып кеттім де, басқа ермек дегенді ойға да алған жоқпын, — Парижде аяқ бассаң іліне кететін ғылым қазынасына бүкіл ынта-ықыласыммен беріліп кеткендігім сондай. Бірақ көп ұзамай, ақ көңіл аңғал жастарды арбағыш жолдастық қарым-қатынастың бейкүнә нышандарын бетке ұстап келетін кездейсоқ таныстық дегендер парықсыз Париж өмірінің тұнғиығына қарай біртіндеп тарта бастады. Ең алдымен маған театрлар мен актерлердің теріс ықпалы әсер етті: соларды көрген бойда-ақ есімнен айырылып қалдым. Астананың спектакьдері жастарды аздырып жібереді; театрдың адам жаның астан-кестен ететін ықпалына қарсы тұруға жастар дәрменсіз; сондықтан да мен жас ұрпақты бұзуға келгенде қоғам мен заң бірдей кінәлі деп есептеймін. Жиырма-жиырма бестер аралығындағы жас адамның жан жүйесін бұлқан-талқан ететін құштарлық атаулыға біздің заңдарымыз, былайша айтқанда, көзін жұмып қарайды; Парижде барлық нәрсе оны есінен тандырады, бәрі тынымсыз арбап тұрады; дін оған имандылықты уағыздайды, заң жөн сілтейді, ал астананың алдамшы сиқыры мен сүрқия әдет-ғұрыптары жамандыққа қарай жетелейді; Париждегі ең салауатты деген еркек пен салиқалы деген әйелдің балиғаттылықты келеке ететіні бекер ме? Қысқасы, осынау орасан зор қала кәдімгі бір өзінің алдына тек қана жамандықты марапаттау міндетін қойып алған ба дерсің, өйткені мұнда адал қарекетпен қоғамда өзіне лайық орын алуға тырысқан жас адамның жолында ұшырасатын кедергілер неше түрлі жалған жылтырақтардан әлдеқайда жиі кездеседі. Мен ұзақ уақыттар бойы кеш құрғатпай театрға бардым, сөйтіп жүріп сауық-сайранға әуестеніп алдым. Өзімнің төл міндеттерімді естен шығарып, ең шұғыл сабақтарымды ертеңге қалдыратын болдым; бұрынғыдай білімге де құмартып тұрмадым, тек аса қажетті деген, онсыз докторлық диплом алатын дәрежеге жете алмайсың деген жұмыстарды ғана атқарып жүрдім. Енді лекция үстінде профессорлардың сөзін тыңдамаймын, олардың бәрі де бірінің сөзін бірі қайталай беретіндей көрінді маған. Мен өзімнің табынған құдайларымды тәркі қылдым да, кәдімгі Париждің өз адамы болып алдым. Қысқасы, мен провинциядан келіп астанаға тап болған, келіп алып жаман жолға түскен, бірақ әлі де кейбір шынайы сезім жұрнақтарынан ада болмаған, адамгершіліктің кейбір жоралғысынан әлі де хабары бар, бойын билеп алған жаман әдеттерден арылғысы келетін, бірақ соған қайрат-жігері жетпейтін жас адамның күдікті өмірін кешіп жүрдім.
Мен қорғана білмедім. Жаңағы арбағыш сиқырлар менің өз ішімде еді. Иә, тақсыр, менің бет-ажарымда жалғандық жоқ: неше түрлі құмарпаздықтың ізі бар онда. Бірақ қалай дегенмен де жан дүниемнің түкпірінде пәк адамгершілікке ұмтылған талаптың жұрнағы бар еді; сол жұрнақ, қазіргі өмірдің байлаусыз бөденіне қарамастан, түптердің түбінде ар-ұятты оятып, бұзылған тірліктен безіндіруге, сәбиінде діннің таза бұлағынан сусындаған адамды қайтадан құдай жолына түсіруге тиісті еді. Жер бетіндегі тіршіліктің жалған рақатынан алданған адам ертелі-кешті бейіштің жеңсік жемісіне құмартса, оның нендей айыбы бар? Барлық жастарға тән мінезбен мен де талай-талай шаттыққа бөлендім, мен де талай рет қайғы-мұңның алдына келіп бөгелдім; бірақ оның әркімде әр түрлі дәрежеде; біресе мен жастықтың күшін мызғымас қайрат-жігерге балап адастым, өзімнің қабілет-дарынымды асыра бағалаппын; біресе алдымнан қылаң берген азын-аулақ кедергіні зорайта елестетіп, өзімнің табиғатыма жат үрейге беріліппін; бір кезде ұлан-ғайыр жоспар жасап, атақ-даңқты армандасам, еңбекке бел байласам, алғашқы даңғаза тойдан кейін ізгі ниеттің барлығында да болдым. Жүзеге аспаған асқақ ойлар көз алдымнан бұлдырап елес бергенде, мен сол жарық сәулеге қарай қаншама құлшынып ұмтылсам да, бойымнан жасампаз құш таба алмадым. Бойкүйез жалқаулық пен тоқмейіл өзімшілдік ақыры мені ақымақ етті; олай дейтінім — өзін-өзі зор тұтып, өзін-өзі дардай көрген адам сол ойын ақтамаса, дарақы ақымақ болмағанда қайтеді. Менің қарекетімде ешқандай мақсат болмады, мен өмірдің гүліне құмарттым, бірақ сол гүлдерге нәр беретін еңбектен жирендім. Кездескен кедергіге килігіп қарсы тұрмадым, бәрі де оп-оңай өздігінен болады деп ойладым, ғылымдағы жетістік пен мансаптағы табысты орайы келген сәттіліктің арқасы деп жорыдым. Даналық маған даңғаза шалалық болып көрінді. Ғалымдыққа қолым жетпей тұрып, жеттім деп ойладым; ұлы істердің бастау бұлағы төзімділік болса, мен оны ойға да алмадым, соларға жетер жолдағы қиындықтар да менің жырымда болмапты, мен тек болашақтағы атақ-даңқтың құр буына пісіп жүріппін. Думанды дәурен қас қаққанша өтті де кетті: театрдың қызығы тез басылды. Париж көп ұзамай кедей студент үшін құлазыған түзге, қаңыраған бос кеңістікке айналды; тамыр-таныс атаулыдан қалғаны жарқылдақ қауымнан безіп шыққан жалғыз шал мен үйлеріне ылғи бір томаға тұйық көңілсіз адамдар келіп жүретін оңаша отбасы ғана еді.
Сондықтан, ойға алған мансабынан жеріген, алдында айқын мақсаты жоқ, ақыл-ойы белгілі бір бағытта орнықпаған жас адамдардың әдетімен күні бойы көше кезіп, өзен жағалап, мұрағаттар мен қоғамдық бақтарды аралап, сенделдім де жүрдім. Бұл жастағы қарекетсіздік басқа қай уақыттағыдан да ауыр болады, өйткені бұл кезде жастықтың қызуы босқа кетеді, қуаты мақсатсыз рәсуа болады. Жас адам бойындағы зауқын жоғалтып алмай, өзінің ішкі тілектерін жүзеге асырарлық тіршілік күш-қуаттары түгел бар тұрған жағдайда, сол күш-қуаттары жастықтың өжет сенімділігімен еселеп арта түскен жағдайда, оның қайсар ерік-жігері алдынан қандай мүмкіндіктер ашатының мен онда түсінбеген екенмін.
Бала кезде біздің жан дүниеміз аңғал, өмірдің қауіп-қатері бізге бимағлұм, ал одан бергі жас өспірім кезде біз сол өмірдің қиындықтарын, оның шетсіз-шексіздігін ептеп сезе бастаймыз; соған көз жібергенде тайсақтап қаламыз; қоғамдық өмір майданыңа жаңа орналасқан кезде, біз ақылымыздан адасып қалғандай боламыз, бейне бір жат елде жапа-жалғыз жүргендей абдыраймыз. Қай жаста да бимағлұм нәрседен зәреміз ұшады. Жас өспірім жігіт зіркілдеп атып тұрған зеңбірекке қарсы жүгіреді, ал оның елесі көрінгенде есі кетіп кейін шегінеді. Сол балан жігіт қандай ережеге ден қоярын білмейді; нені беру керек, нені қабылдау керек, қалай қорғану керек, қалай шабуылдау керек — ол соның бірін білмейді; өзі әйелдерге әуес, бірақ оларға сырттай табынады да, қарсы келгенде жасып қалады; өзінің жақсы қасиеттерінен жапа шегіп жүреді; ол ізгі сезімге толы, періштедей адал, арамбақай есепқорлықтан ада, сараңдықты білмейді, өтірік айтса — пайдакүнемдіктен емес, тек мақтан үшін ғана; ар-ұятын әлі де саудаға салып көрген жоқ, бірақ соның нұсқаған тура жолына бірден түспей, тайқып кетеді. Ақылдың айтқаныңа жүрмей, жүректің қалауы бойынша өмір сүрген адамдар көп уақыттар бойы осындай күй кешеді. Мен де дол сондай жағдайда болдым.
Мен бір-біріне қарама-қарсы екі түрлі түйсіктің ойыншығына айналдым. Жас кезімізде естен айырыла құмартқан арман-тілектерге жетсем-ау деп мен аһ ұрдым, бірақ жас өспірімге тән сезімталдық маған ерік бермеді. Жақсыға ынтық әсершіл жанға Париждің жанталас өмірі мүлде апатты, ондағы атақты адамдар мен бай адамдардың құзырындағы игіліктер өзгелердің құмарын қоздырады. Ұлылық пен пасықтық тоқайласқан осынау әлемде күншілдік кісіні ілгері жылжытпайды, қайта, оның түбіне жетеді. Атаққұмарлық, құмарпаздық және өшпенділік арасындағы тынымсыз күресте не солардың құрбаны боласың, не соған еріксіз өзің тартыласың. Жас адам зұлымдықтың белең алып, ізгіліктің жер болғаның үнемі көріп жүреді де, ақырында оның өзінің адамгершілік тұғырлары да біртіндеп шайқала бастайды; Париждің өмірі, былайша айтқанда, оның ар-намысынан балалық балиғаттың ұлпасын ұшырып әкетеді; міне, содан кейін-ақ оның адамгершілік жағынан азғындауының ыбылыстық ісі басталады да, қас қаққанша жеріне жетіп тынады.
Өмірден алғашында өзгелерден гөрі тартымдырақ көрінген ләззаттарды ала білу үшін талай қауіп-қатерді жеңіп өтуі керек, ол үшін әрбір қадамды ойланып барып басу керек, соның нәтижелерін салмақтап отыру керек. Осындай ой сараптары ақырында өзімшілдікке апарып соғады. Байғұс студент біреуге өлердей ғашық болып, өзге дүниені ұмыта бастасыншы, маңайындағылардың барлығы жапа-тармағай ақыл-кеңестерін айтқан болып, оны сенімінен айырады да, ақырында ол, өзінің еркінен тыс, секемшілдікке бой ұрып, бұрынғы абзал ойларының бәрінен сақтана бастайды. Осы күресте адамның жаны қасаң тартып, ұсақтап кетеді, барлық істің тізгіні ақылгөйлікке көшеді, ал мұның өзі тап-таза париждік безбүйректікке апарып соғады; мұндай әдет-ғұрып тұсында жарасымды жеңілтектік пен жасанды ақжарқындықтың астарында атаққұмарлық пен есепқорлық жатады. Парижде ең аңғал деген әйел тіпті бақытқа бөгіп жүргеннің өзінде ақылынан адаспайды.
Осының барлығы, әлбетте, менің мінез-құлқым мен сезімдеріме әсер етті. Менің өмірімді уландырған қателіктер басқа адамдардың көпшілігінде жүректеріне тастай болып ауыр қасірет түсірмес еді, бірақ оңтүстіктің адамдары діндар келеді ғой, католик дінінің уағыздарына да, ол дүниедегі өмірге де сенеді. Сол сенімдердің салдарынан құштарлық тереңдей түседі, ар-ұяттың өкініштері ұзақ уақыт мазаға тыныштық бермейді.
Мен дәрігерлік оқумен шұғылданып жүрген кезде барлық жерлерде әскери адамдар басым болатын; әйелдерге ұнау үшін кем дегенде полковниктің белгі-таңбаларын тағып жүру керек еді. Жарқылдақ қауым үшін кедей студент деген немене? Түк емес. Ыстық құштарлықтың қоламтасына күйіп-жанып жүріп, соны сыртқа шығаратын тескіндік таба алмаған, өзінің мақсат-тілектерін жүзеге асыру талабы үстінде қадам басқан сайын ақша тапшылығына тап болатын; ғылым мен атақ-даңқ жолын қуғанмен, өзінің аңсаған арманыңа оңайлықпен жете алмайсың деп санайтын; жын-ойнақ орындарда оп-оңай бұзылып кететініңді, ал байсалды қауымға жол ашуын қаншалықты қиын екенін біле тұра, балиғаттықтың ішкі дауысына құлақ қоюды немесе жаман үлгілерге бой алдыруды біле алмай жүрген мен мұндар қара түнек құштарлықтың құшағында қасіретті күндер кештім; жаныңды құлазытатын жалған жарқылдақтықтан және өткінші алданыштармен алма-кезек ауысып отыратын жабырқау тіршіліктен ығыр болдым. Ақыр-аяғында, осынау күңгірт кезен жас адамдардың өмірінде бола беретін мынандай бір қалыпты жағдайға келіп тірелді.
Біреудің отбасылық бақытты өмірін бұзуды мен әрқашанда опасыздық деп санадым; мен екіжүзділік жасай алмаймын, өз сезімдерімді туралап ашық білдіремін; сондықтан үнемі жалғандықпен өмір сүруге жаным түгіл тәнім де төзе алмас еді. Өткінші қуанышқа көңілім дауалаған емес, бақыттың ләззатын бабымен баянды түрде татқым келеді! Жаман қылыққа мүлде ыңғайсыз екенмін, бірақ жоғарғы қауымға өтсем деген талай нәтижесіз әрекеттерден кейін, жалғыздықтан қажи бастадым; егер сол жоғарғы қауымға өтсем, бәлкім, кім біледі; бір тәуір әйелді кездестірер ме едім: ол өзімді неше түрлі айла-амалдардан жанашырлықпен сақтандырар ма еді, әдепті мінез-машықтарға тәрбиелер ме еді, менің намысыма тиместен ақыл-кеңестерін айтар ма еді, менің болашағыма пайдасы тиетін адамдармен таныстырып, солардың орталарына кіргізер ме еді, бәрі де мүмкін ғой. Мен солардың бәрінен күдер үздім; сол кезде мен әрілесе тіпті қастерлі шым-шытырық махаббат шатағына ілініп кетуім мүмкін еді, бірақ ол жағынан да жолым болмады. Тәжірибенің жоқтығынан бойымды кернеген ыстық құмарлықты сыртқа шығарар жол таба алмадым.
Ақырында, тақсыр, ұзақ уақыт соңына түсіп жүрген бір қызды өзіме қаратып, әуелі құпия байланыс жасадым, сөйтіп, ол өзінің тағдырын менің тағдырыма әкеліп қосты. Байлығы болмаса да салауатты отбасынан шыққан ол мен үшін өзінің қоңыржай үйін тастап, өз болашағын ешбір күдіксіз менің қолыма әкеліп тапсырды, сол болашағының тамаша болатыныңа шын жүректен сенді. Менің кедейлігім ол үшін ең күшті кепілдік болып көрінді. Сол сәттен бастап, менің жүрегімді дүбірлеткен дауыл, естен тандырған есірік оқиғалар, атаққұмарлық — бәрі де бақыттың бұласына батып кетті, бұл жоғарғы қауымның салт-дәстүрін, онда қабылданған сыпайылық ережелерін де, ескі ұғымдарының ықпал күшін де білмейтін бақыт еді, тек балалық шақта болатын бұлтсыз аспандай шуақты бақыт еді; өйткені алғашқы махаббат дегеніміз қам-қарекет пен еңбекке толы тіршілігімізді арайландыратын екінші балалық шақ қой. Кей адамдар өмір дегеннің не екенін бірден түсінеді, одан дұрыс түйін түйеді, өзгенің қателігіне зейін қойып, содан бір пайдалы сабақ алады, қоғамның заңдарына үңіліп, одан да өздеріне тиімді қорытынды жасайды, ондай адамдар барлық нәрсенің парқын біледі. Сондай салқын қанды адамдар ақылдылар қатарына жатады. Ал олардан өзге, кедей ақындар, күйгелек жандар тым әсершіл болады да, көбінесе аяқтарын жаңсақ басады; мен де солардың қатарына жатамын.
Тегінде, менің алғашқы үйірсектігім шын мәнісіндегі махаббат емес еді, мен жүректің әмірімен жүргенім жоқ, соқыр сезімнің ырқымен жүріппін. Қыз бишараны өзіме құрбан еттім, бірақ соны өзімше әбден дәлелдеп бақтым, өзімді істеп жүрген ісімде ешқандай сорақылық жоқ деп сендірдім. Ал қыз болса, шынайы берілгендіктің үлгісі еді періштеге біткен жүрек, парасатты ақыл, ізгі жан. Маған ылғи пайдалы кеңестер беретін. Алғашында оның сүйіспеншілігі менің табандылығымды нығайтты, содан кейін алғаным аялап жүріп, қайтадан оқуды қолға алуға көндірді, менің қабілетіме сенді, болашақтағы жетістігіме, атақ-даңқыма, бақ-дәулетіме көз жеткізді.
Біздің заманда медицина ғылымның барлық салаларымен тоқайласады ғой, сондықтан дәрігердің атақ-даңққа ие болуы оңай емес, бірақ оның есесі артығымен қайтады. Парижде атақ-даңқ әрдайым соңына байлығын ерте келеді. Менің ақ пейіл сүйіктім өмірдің неше түрлі тақсіретін менімен бірге көрді; соның ұқыптылығының арқасында біздің азын-аулақ қаржымыздың өзінен кейбір әуестікке қолымыз жетіп қалатын. Бұрынғы жалғыз басты кезімдей емес, екеуіміз бірігіп тіршілік еткен тұста менің ерке тотайлығымды тояттандыруға да ақша көбірек ауысатын болды.
Бұл енді, тақсыр, менің өмірімдегі ең бір тамаша кезең еді. Сабағым қызу жүріп жатыр, алдымда мақсатым бар, мақтау да естіп қаламын, маған сүйіспеншілік сезімін туғызған әйелге өзімнің ойларым мен тындырған істерімді әңгімелеп айтып қоямын; ең бастысы, ол маған өзінің ақыл-парасатымен терең құрмет сезімін дарытты, тіпті ешқандай ақыл-парасатқа мүмкіндік жоқ кездің өзінде оның бойынан мұндай қасиет табылатын еді.
Бәрі де осылай еді, тақсыр, ал менің өмірім ұзын-шұбақ бір сарынмен өтіп жатты. Тып-тыныш, алаңсыз бақыттан артық ештеңе жоқ қой дүниеде, бірақ жүректің алабұртқан дауылын бастан кешкен адам ғана бағалай алады оны. Өмірдің ауыртпалығын сезбей, өзіңнің көкейкесті ойларыңды айтып, соған үндестік табудың өзі бір ғанибет қой! Мен сияқты атаққұмарлық жоспарларын аялап жүрген, әр нәрсеге әуес адамды, жуыр маңда келе қоймаған атақ-даңқтың артынан салпақтап жүруден шыдамы таусылған адамды мұндай бақыт тез тойдырады екен. Бұрынғы елесті армандар мені қайтадан баурап әкетті. Мен байлықтан келетін ләззаттың барлығын татуға құмарттым, махаббаттың мүддесі деп соны тіледім. Кейде, кешкілік, әлде бір шалқыған салтанатты өмірдің буалдыр көріністерін көзге елестетіп, мұңлы ойға берілген кездерім болатын. Сондай да мені сүйгенімнің сүйкімді даусы селт еткізер еді, мен оған жаңағы қияли армандарымды жасырмай айтамын. Әрине, өзін түгелдей менің бақытыма бағыштаған бейкүнә жанды қинайтынмын. Ол әсіресе менің ойнақы тілектерімді орындау қолынан келмегеніне қынжылатын. Ой, тақсыр-ай, әйел деген халықтың құрбандыққа әзір тұратыны ғажап қой!
Осынау лепті сөздердің астарынан бір ішқұсталық та сезіліп еді, Бенаси бір сәтке ойланып қалды, ал офицер оның үнсіздігін бұзған жоқ.
-Сөйтіп, тақсыр, — деп доктор әңгімесін әрі қарай жалғастырды, — былай қарағанда, біздің бірлігімізді нығайтуға тиісті оқиға соны бұзды да, менің кейінгі барлық қасіреттерімнің алғашқы себебі болып шықты. Сол кезде әкем қайтыс болған, маған қыруар мұра қалдырып кетіпті, сол мұрагерліктің шаруаларын реттеу үшін бірнеше ай бойы Лангедокқа кетуіме тура келді; мен жалғыз аттандым. Тағы да бостандыққа қол жетті. Жас кезде міндеттеме атаулының ең жағымдысына дейін кісіге ыңғайсыз ғой. Борыш пен еңбектің қажеттігін мойындап жүру үшін бірсыпыра өмір тәжірибесі керек болады. Лангедоктың тұтанғыш перзенті болғандықтан, мен мынадай мүмкіндіктерге қуандым: үйден бір кетсем, қашан қайтып оралсам да өз еркім; мен не істеп, не қойғаным жайында, тіпті өз ықтиярыммен болса да ешкімге есеп бермеймін.
Әрине, өзімді байлап-матап берген өрістерімді біржола ұмытып кетпесем де, мұндағы тіршілік өткен жайттардан мені алыстата берді, оларға байланысты естеліктер көмескі тарта бастады. Солармен қайтадан байланысты боламын-ау деген ойға өз-өзімнен шамданатын болдым, тіпті соның өзі қажет пе деген де сұрақ қылаң беріп қалады. Ал сонымен бірге шынайы махаббат сезіміне толы хаттар бірінен соң бірі келіп жатыр; бірақ жиырма екі жастағы жігіттің ойынша, әйел біткеннің бәрі сүю үшін жаралған жандар; Сондықтан ондай жігіт жүректің елжіреуін жай құмарлықтан ажырата алмайды; ол тән ләззатының барлығын махаббат деп қабылдайды; солардың барлығы оған өмірдегі басты нәрсе болып көрінеді; сүйгенімнің хатында қаншалықты шынайы ізгілік бар екенін мен тек кейінірек, өмірді де, адамдарды да анығырақ таныған кезде ғана түсіндім; хаттарында ол өзі туралы емес, өзінің махаббаты туралы ғана жазатын, мен үшін менің байлығымды айтып қуанатын, өзі үшін еш нәрсені тілемейтін, мені өзгеріп кетеді-ау деген ойдың ұшығы да болмайтын онда, өйткені өз бойынан ондай еш нәрсені сезбейді ғой.
Ал мен болсам, тұла бойыммен атаққұмарлық есептерге батып кеттім, байлыққа бұла болып өмір сүрмек болдым, жарқылдақ қауымда белгілі адам болып, соған сай бір тамаша некеге отырмақ ойға келдім. «Иә, ол мені жақсы көреді!» деген сияқты безбүйрек, салқын сөзбен шектелу де ойымда жоқ емес. Ал ішкі ниетім одан қалай да құтылу болатын. Сөйтіп, басыңды қатырып жүресің, өзіңнен өзің ұяласың, қаталдыққа барасың, құрбаныңның жаның жаралайсың, сонсоң соның алдында қызарып жүрмес үшін біржола өлтіріп тынасың.
Қайғылы адасу үстіндегі сол күндерді ойға салсам, менің көз алдымнан біздің жүрегіміздің терең тұңғиықтары ашылады. Иә, тақсыр, маған сеніңіз, адам табиғатының зұлымдықтары мен ізгіліктерін соларды өз басынан өткізген адам ғана жете біледі екен. Біздің арымыз бәріне өлшем. Біз өзгелерге әрдайым өз өлшемімізбен келеміз, ал өзгелер бізге қандай өлшеммен келетінін ойға да алмаймыз.
Мен Парижге қайтып оралып, өзіме арнап жалға алынған оңаша орамжайға орналастым; мен өзімнің сезімдерімде болған өзгерістер жайында да, қайтып келгенім жайында да осының бәріне тікелей қатынасы бар бірден-бір адамға хабарламадым. Мен жарқылдақ жастар қауымынан бір көрнекті орып алғым келді. Алғашқы күндерім тұманды сән-салтанаттың қызығымен өтті де, осындай алаңсыз өмірдің рақатына әбден құнығып алғаннан кейін, көңілдің ешқандай босандығынан қорықпай-ақ, сүйіктіме барып қайтпақ болдым: ойым одан біржола қол үзбек. Әйелге тән сезімталдықпен ол менің ішкі ойымды бірден сезді, бірақ көз жасын іркіп қалды. Ол мені жек көруге тиісті еді, бірақ мінезінің ұяңдығы мен ізгілігінен сол жеккөрінішін бір рет те білдірмеді. Сол кешірімшілдігі мені қатты қинады. Біз, ақсүйек жендеттер, жол торыған қарақшы жендеттер сияқты, құрбандарымыздың қорғанғаның ұнатамыз, байқайсыз ба, олардың күресіп, қарсыласқаны солардың ажалына кінәлі біздердің ақталуымыз үшін жеңілдік болар еді.
Соны мүсіркегендіктен мен қайтадан барғыштай бастадым; мейірлене алғаным жоқ, бірақ ықыласты көрінуге тырыстым, содан біртіндеп жай сыпайылыққа көштім де, ақырында, арамызда әлде бір ішкі келісім болғандай, ол менің бөтен адам қалпында болуыма мұрсат берді; Сонда мен өзімді бір кісілік танытқандай сезініп жүрдім. Ар-ұяттың әлі де болса сезіліп қалатын мазасыздығын тұншықтырып тастау үшін жарқылдақ өмірдің құйыныңда естен айырыла құйғытып, шыркөбелек айналдым.
Өзін сыйламайтын адам оңашалықта өмір сүре алмайды, сондықтан мен де, Париждің жарқылдақ жастары сияқты, парықсыз өмір салтына көштім. Мен тәп-тәуір білім алғанмын, зердем жақсы, сондықтан жұрт көзіне өз шамамнан артығырақ ақылды керіндім; сөйттім де, өзімді өзгелерден артық санадым; мені сондай артықшылығым бар деп сендіру жағымпаздарға тиімді еді, олар сол көздеген ойларына оп-оңай жетті. Сонымен тіпті азғантай уақыттың ішінде мен бір керемет ерекше адам болып шықтым, бірақ сол пікірді ақтау жайын ойға да алған емеспін.
Жарамсақтық жарқылдақ қауымдағы ең бір опасыз айла, әсіресе Парижде солай; мұнда неше түрлі қаскүнемдер талантты алғаш жарық көрген күннен бастап тұншықтыру үшін, оның бесігін гүл шоқтарымен бастырып тастайды. Сөйтіп мен, «ел қатарына шығайын» деген оймен не өзім жөнінде қалыптасқан жоғары пікірді де, не жеткен жетістіктерімді де пайдаланған жоқпын, пайда келтіретін адамдармен таныстыққа да бармадым. Тыным таппай жеңілтек дырдудың соңында жүрдім. Париж салондарының масқарасы саналатын өткінші әуейіліктерім де болды. Ол салондарға әркім шынайы махаббат іздеп барады, бірақ соңында жүріп солығын басқанша әйгілі жезаяқ болып шығады; ақырында нағыз құштарлық деген ұғымнан біржола айырылып қалады. Өзгелерге еліктеп жүріп, мен көбінесе әлі бұзылмаған, кіршіксіз таза жандарға қиянат жасадым, сөйтіп оларға өз кебімді кигіздім.
Осындай қылықтармен сұмдық жаманатты болып жүрсем де, бойымда өзім ылғи мойынсұнатын парасаттың кейбір жұрнақтары сақталып қалған еді. Осындай жағдайда жүріп, мен қаншама рет алдандым және сол алданғанымды мойындауға арландым. Өзім іштей мақтан санап жүрген сенгіштігім үшін айналадағылардың қаһарына ұшырадым. Жарқылдақ қауым жетістікке жеткендердің алдында ғана бас иеді, ал оған қалай жеткені оларға керек емес. Қауымның пікірінше, істің мақсаты нәтижесі. Сол қауым маған үш ұйықтасам түсіме кірмейтін жамандықтар мен жақсылықтарды, жеңістер мен сәтсіздіктерді жапсырды; менің ешбір хабарым болмаған ашыналық байланыстарды таңды, ешқандай қатынасым болмаған қылықтар үшін жазғырды; мен өрлікке басып, сондай жала өсектерді теріске шығаруды қажет деп санамадым, даңғойлыққа бағып, жалған абырой әперетін алып-қашпа сөздерге қарсы шықпадым. Сыртым бүтін, ішім түтін күйде жүрдім.
Егер менің басыма кенеттен бір пәле ұшырамаса, бұл қалпымда біртіндеп бар кісіліктен айырылып, біржола жамандықтың ықпалында қалатын едім, өйткені тынымсыз құбылып, ойнап тұрған құмарпаздық, астамшылдық атаулы сол жамандықты құтыртып, асқындыра берер еді де, нәтижесінде дене әлсіреп, жан жүйенің қуаты құруға бет алар еді. Мен күйзелушілікке ұшырап қалдым; ол былай болды. Адам қаншалықты бай болдым десе де, Парижде оның алдынан әлдеқайда ірі байлар шығып отырады. Сен соны қуып жетіп, асып түскің келеді. Басқа бір әңгүдіктердің ықпалымен осындай таластың құрбаны болдым; төрт жылдан кейін жерімнің бір бөлігін саттым да, қалтаның кепілдікке бердім.
Сол тұста мен бір сұмдық соққыға тап болдым. Өзім тастап кеткен әйелді көрмегеніме екі жылдай уақыт өткен, ал сол кездегі менің өмір салтым бір пәлеге апарып соқтырмай қоймайтын еді. Сондай жағдайда мен оған қайтып оралар да едім. Бір күні кешке, даңғаза тойдың үстінде отырғанымда, мен бір жапырақ қағаз алдым; онда әлсіз қолмен жазылған мынандай жазу бар екен:
«Көп ұзамай мен өлемін, достым, мен сізді көргім келеді, баламның алдағы күні не боларын білсем деймін: сіз оны өзімнің ұлым деп танисыз ба; сөйтіп, мен өлгеннен кейін кейбір өкініштер пайда болса, соны жеңілдетуге зауқыңыз болар ма еді?».
Бұл сөздерді оқығанда қан тамырларым мүздап кетті. Хат бұрыннан жанымды жеп жүрген кейбір жайттарды қайтадан оятты және сонымен бірге онда болашақтың бір құпия сыры бар сияқты еді. Мен күйменің келуіне шыдамай, жаяу кеттім де, бүкіл Парижді кесіп өтіп, қаралы ар-ұяттың айдауымен безіп келемін. Өз құрбандығымды көрген бойда, алғашқы қайғының әсері одан сайын асқына түсті. Бишара әйел үй ішінің жинақылығымен өз басындағы менің қасіретімнен болған қайыршылықты, өмірдің басқа да тақсіреттерін жасырғысы келгендей болыпты; мен баламызды өзімнің ұлым деп жаздыртамын деп ресми түрде уәде бергеннен кейін, ол жұмсарып, салиқалы сабырмен өзінің көрген қорлықтарын айта бастады. Сол бойда мен оны барлық жағынан қамқорлыққа алдым, ғылымның барлық құралдарын пайдаланып бақтым, бірақ соған қарамастан, амал не, ол өліп кетті. Менің бұл қамқорлығым мен жан ашырлық мейірімім тым кешеуілдеп жеткен екен, тек әйтеуір жан тәсілім алдындағы азабын сол жеңілдеткендей болар. Осы жылдар бойы ол байғұс баланы тәрбиелеймін, соны асыраймын деп, жар құлаты жастыққа тимей еңбек етіпті. Сол аналық сезімі тұрмыс тауқыметінде оған септігін тигізген болар, бірақ тастанды деген ауыр қайғы оның діңкесін құртса керек. Алғашқы қадамды өз тарапынан жасауға талай рет оқталса да, әйел намысы жібермепті, көзінің жасын көл қылып жыласа да, менің атыма қарғыс айтпапты: мына менің нысапсыз нәпсімді тойдыру үшін төбемнен төмен қарай төгіліп жатқан алтынның ең болмаса бір ұшқының соның өмірін, біздің баламыздың өмірін жеңілдету үшін бөліп беруді ойламаған маған қандай қысас қылса да сауап еді ғой. Ауыр тақсіретті сол күнәнің жазасы деп ұғыпты.
Сен-Сульппс соборының қайырымды священнигі оған таяныш болыпты; соның монтаны қоңыр даусы әйелдің жан дүниесін орнына келтіріпті, әйел михрабтың аяғына бас қойып, көзінің жасын құрғатыпты, сол жерден үміт іздепті. Менің құзырымнан болған қасірет біртіндеп сейіле бастайды. Бір күні ол ұлының аузынан шыққан «әке» деген сөзді естіпті, өзі үйретпеген сөз екен осыдан жүрегі елжіреген ана менің келтірген барлық зауалымды кешіріпті. Бірақ төгілген көз жасы, көкіректе ұялаған мұң, арқаға батқан ауыр жұмыс ақыры оның денсаулығын құртыпты. Тақсіретке қарсы күресте медет болатын жұбаныш пен қайсарлық дін тарапынан тым кешеуілдеп келіпті. Әйел науқастанып қалыпты; мені қайтып оралар деген үміт оты талай жанып, талай сөніп, қинай берген жүрек ақыры шыдамапты.
Сөйтіп, әбден діңкесі құрыған кезде, маған кінә артайын деген ойдан аулақ ол маған ажал аузында жатып әлгі хатты жазған екен; оны жазғызып жүрген де — бір жағы діни сезімнің ықпалы болса, екінші жағынан, менің ізгілігіме деген сенімі болса керек. Бұл соған кәміл сенген, өзі де маған талай рет — айтқан сенің көңілің бұзылған жоқ, көзің қарайды деп; өзін де кінәлаған — әйел намысына бекер берілдім-ау деп: «Егер мен хатты ертерек жазсам, -деді ол бірде, — бәлкім, біз некеге отырып үлгеретін едік те, баламызды заңдастырып алатын едік».
Мұндай жақындыққа ол баласы үшін ғана пейіл болды, егер өзінің ажалы таяу екенін, аралары бәрібір ажырап кететінін сезбесе, ол мұны тіпті ойына да алмас еді. Бірақ ол кешігіп қалды, өмірі санаулы ғана еді. Сол жерде, тақсыр, сол әйелдің жан тәсілімі үстінде тұрғанда, мен біржола өзгердім, шын берілген жүректің қандай асыл қазына екенін сонда білдім. Мен онда ер адамның әлі де көз жасын көл қылып жылай алатын жасында едім. Сүйіктімнің кеудесінде әлі де жаны бар сол бір санаулы күндердегі менің айтқан сөздерім, істеген ісім, көзімнің жасы менің шын ниетіммен райдан қайтқанымның, терең қайғыға шомғанымның куәсі еді. Бұл ардақты жанды тым кеш бағалаған екенмін, енді содан айырылып қалам ба деп қорықтым, жарқылдақ қауым өмірінің қандай баянсыз екенін, сол қауымдағы сән қуған бикештердің іштері қандай кеуек, сөздері қандай өзімшіл екенін сонда ұқтым.
Мен адамдардың екі жүзді өңіне қарай-қарай шаршаппын, олардың жалған сөздерін тыңдай-тыңдай шаршаппын, жасанды сезім әлемінде жүріп, шынайы махаббатты босқа аңсаппын; міне, ол, сол махаббат менің қасымда, мен соны өлтіріппін, ол түгелдей тек маған ғана тиісті болса да, мен сақтай алмаппын. Төрт жылдың ішінде мен өзімді-өзім шындап таныдым. Менің табиғатым, жан дүниемнің ерекшеліктері, біржола жоғалмай, тек қалғып кеткен діни сезімдерім, жұрт түсінбеген жүрегім, қысқасы, бар болмысым біраз уақыттан бермен қарай қайта-қайта мынаны айтатын: өмірдің басты мәселесін шешетін, құмарлықтан арылатын жолды махаббаттан, үй ішілік отбасының қуанышынан іздейтін уақыт жетті, дейтін. Алдымнан ешбір мақсат көрмей, босқа далақтап, ләззат қуып жүріп, ұзақ сандалдым, осылардың бәріне асқақтық беретін махаббат дегенді білмедім; сондықтан отбасының айналасындағы мынадай өмір суреттері менің жан жүрегімді тебірентіп жіберді.
Сөйтіп, менің көзқарастарымда кенеттен түбегейлі бетбұрыс болды. Мен, Париждегі өмірден бұзылған оңтүстіктің қаперсіз жігіті, бәлкім, алданған бейшара қыздың тағдырына аяныш білдірмек былай тұрсын, бұл жайында еріккен топта бір ауыз жігіт айтқан болса, өзім де күлген болар едім; біздің француздар дер кезінде айтылған жалғыз ауыз сөзбен қылмысты қызықты оқиғаға оп-оңай айналдырып жібереді ғой. Ал мен ешқандай мін таға алмайтын мынау бейіштің періштесі алдында ақыл-ойдың қандай қулық-сұмдығы да әлсіз еді; бұл жердегі басты нәрсе өлім, ал өзінің шешесін өлтірген адам мен екенімді білмейтін ұлым маған қарап шалықтап күледі. Әйел өлді, өлерінде бақытты күйге келді, менің өзін сүйетінімді көрді, қайта оралған бұл махаббатқа нәр берген аяушылық емес еді, тіпті бізді біріктірген қандастық байланыс та емес еді. Осынау қайта табылған махаббат пен қанағат тапқан аналық сезім оның жан тәсілім алдындағы жан азабын сап қылған сағаттарды мен еш уақытта ұмыта алмаймын. Оның айналасына өзім толтырып тастаған молшылық, тіпті сән-салтанат десе де болар, үстіне әдемі киім кигізіп, үлде мен бүлдеге орап қойған бүлдіршіннің риясыз күлкісі осынау титімдей жан иесінің бақытты болашағының кепілі сияқты көрінген-ді: ал осы сәбиді анасы өз өмірінің жалғасы деп білді. Сен-Сульпис соборының викариі менің ішкі азабымды көре тұрып, соны әрі қарай тереңдете түсті, өйткені ол көңіл жұбатудың бір ауыз арзан сөзін айтқан жоқ, тек менің мойныма алған міндеттемелердің мән-мағынасын ескерте берді; рас, бұл жөнінде мені қамшылаудың қажеті жоқ еді ішкі ар-ожданым мұны жария қылып анық айтқан. Тұла бойы ізгілікке толы әйел маған сенді, ал мен оған өтірік айттым, сүйемін деп ант еттім, бірақ өзім опасыздық жасадым; мен үшін әулие саналуға тиісті бейшара жанның барлық бақытсыздығының құныкері болдым, өйткені менің қасіретімнен ол жарқылдақ қауымның өшпенділігіне ұшырады; ол өліп бара жатқанда соның бәрін маған кешіріп кетті, барлық қайғы-қасіретін ұмытып, көп сөзінде тұрмаған адамның соңғы бір сөзін малданып кетті.
Агата қыз күнінде маған өз жанын сеніп тапсырып еді, ал қазір ана жүрегімен сенді. Ал бала ше, тақсыр, оның баласы ше! Мен үшін оның кім болғаның бір құдайдың өзі білер. Оның бойындағы барлық нәрсе, дәл шешесіндегідей, ғажап еді: қимыл-қозғалыстары, сөйлеген сөзі, сезім-түйсіктері дейсің бе; мен үшін ол жай тана ұлым емес еді. Мен одан өзімнің арылғанымды, орныңа келген ар-намысымды көрдім; әрбір әкеге өз ұлы қандай қымбат болса, бұл да маған сондай қымбат еді, бірақ мен оған ана орныңа ана болғым келді, егер мен өзімнің ықылас-ынтаммен оған ана мейірін іздетпейтіндей болсам, сонда мені қинап жүрген ар-ұятымның азабы нағыз жан рақатына айналар еді; сөйтіп мен өзімнің барлық ізгі сезімдерімді, діндар адамның барлық үміт-тілектерін сонымен мықтап байланыстырдым.
Құдай Тағала ана жүрегіне қандай нәзіктік дарытса, менің көкірегімді де дәл сондай сезім кернеді. Ұлымның даусын естіген сайын мен естен айырыла шаттыққа кенелемін, ұйықтап жатқанда қарасам көзім тоймайды, көңілім елжіреп кеткенде көзімнен аққан жас оның маңдайына тамшылап тұрады. Бізде мынандай әдет қалыптасты: ол ояна салысымен менің кереуетіме жүгіріп келеді де, дұға оқып үйренеді. Баламның имандай таза, уыздай балғын ернінен шыққан «Біздің құдай әкеміз» дейтін қарапайым, өзің дұға менің жанымды қалай тебірентсе, оның да жаның дәл солай қинайды екен. Бір күні ертеңгісін ол: «Біздің құдай әкеміз, аспанның биік төрінде…» деп барып, сәл үнсіз қалды да: «о, неге онда анам болмаған?» демесі бар ма. Бұл сөз менің өңменімнен өтіп кетті. Қазір ұлым дегенде жаным жоқ, бірақ менің әлегімнен ғой, ол өмірге келген алғашқы күнінен бастап талай тақсіретке тап болды.
Рас, заңда жастықтың шалалығын еске алатын да кездер болады, тіпті оған қамқорлық жасалатын жағдайлар кездеседі: мәселен, некесіз туған балалардың жағдайын жоспарлы түрде жақсарту жөніндегі заң кедергілер арқылы болса да жүзеге асырылады, оның есесіне қауым өзінің ескілікті ұғымдарына бағып, заңның бірбеткей қисықтығын қолдап отырады.
Қоғамның негізі туралы, оның қозғаушы күштері туралы, адам баласының борышы туралы, азаматтардың басшылыққа алатын адамгершілік ұғымдары туралы менің алғаш рет байсалды түрде ойға қалған кездерім де осы тұс болатын. Адам сезімдері мен қоғам тағдырларының арасындағы осы тәуелділікті данышпан адам бірден іліп алады; дін ойлы адамдарға бақытты болудың қажетті ұстанымдарын ұғындырады, ал қызу жанды адамдарға оларды тек райдан қайтқан арылу ғана мықтап дарытады; менің көзім осы райдан қайту арқылы ашылды. Мен енді ұлыма бола, ұлым үшін ғана өмір сүретін болдым, ал осының өзі аса манызды қоғамдық мәселелер жайында ойға қалдыратын болды.
Мен баламды қауымда табысты болу үшін, сөйтіп мәртебелі дәрежеге жету үшін мүмкіндік беретін шарттармен ерте күннен қаруландырмақ болдым. Мәселен, оған ағылшын, неміс, итальян және испан тілдерін үйрету үшін сол елдердің өз адамдарын біртіндеп жалға алып отырдым, бала соларға ерте күннен тілін сындырып өссін деп ойладым. Баламның не нәрсені болса да тез қағып алатын зеректігіне қуанып жүрдім. Оның ақыл-ойына ешқандай жалған ұғым кіріп кетпеуін қадағаладым, әсіресе оны бала жасынан ой еңбегіне қарай бейімдеуге тырыстым, белгілі бір пәнді оқығанда, шапшаң және дұрыс қорытындылар жасауға, соның ең болмашы ұсақ-түйегіне дейін үңіле пайымдауға машықтандырдым, ақырында, қандай да болсын қиындықтарды үнсіз бастан атқаруға дағдыландырдым. Оның көзінше балағат ұғымдар былай тұрсын, жай қолайсыз сөздер айтылуына жол бермедім. Ұлымның төңірегінде оған ізгілік дарытатын, жан дүниесін асқақтатып, шындыққа құштарлық, жалғандыққа жиіркеніш рухында тәрбиелейтін, оның бойында қарапайымдылық, сөзі мен ісінде, жүріс-тұрысында табиғилық қалыптастыратын адамдар болуын қадағаладым. Оның ой-қиялының алғырлығы осындай көрнекі сабақтарды дереу игеріп алуына көмектесті, ақыл-ойының дарындылығы ғылыммен шұғылдануын жеңілдетті. Осындай жеміс ағашын мәпелеп өсірудің өзі қандай ғанибет! Аналар бұған қандай қуанар еді! Оның шешесі басына түскен ауыртпалықты, барлық қайғы-қасіретті көтеріп жүргенде күш-қуатты қайдан алғаның мен енді тана түсіндім.
Мен сізге, тақсыр, өмірімде болған ең үлкен оқиғаны баян еттім, ал енді менің барлық үміттерімнің талқаны шығып, осы кантонға тап болғаныма да таянып келемін. Мен сізге бір оқиғаны айтып берейін — ешқандай ерекшелігі жоқ, әбден жауыр болған, бірақ мен үшін қайырсыз болған оқиға.
Бірнеше жыл бойы мен бүкіл жан жүйемді балама бердім, содан бір жақсы адам өсіруге тырыстым, сөйтіп жүргенде бір күні жалғыздық есіме түсіп, зәрем ұшты, ұлым өсіп келеді, дәстүр бойынша, ол бір күні қасымнан кетеді. Махаббат деген мен үшін өмірдің бастауы болып көрінетін. Мен сол махаббатты іздемек болдым, сол ұмтылысымда ылғи алданып жүрдім, ал сол ұмтылыс жыл өткен сайын жаңа бір күшпен туындап, өрши түсті. Жан жүйем сондай бір шынайы үйірсектікке берілуге дайын еді. Ауыр сыннан кейін тұрақтылықтың тамаша қызығын да, өзіңді құрбандыққа бере отырып сезінетін рақаттың қуанышын да мен енді білдім: бәрі-бәрісін — нақты істе де, ой-қиялда да бірінші орынды өзімнің қалауыма берер едім-ау деген тоқтамға келдім.
Дүниеде қос жұбайдың өзара сезімімен байланған, екеуін бірдей жылытып тұратын, солардың көз жанарынан, сөйлеген сөздерінен мен мұңдалап, — ешқандай күмән-күдікке орын қалдырмайтын мызғымас адал махаббат болады-ау деп, соны арман етіп қиялдаудың өзі мен үшін ғанибет болды. Біздің жанымыз үшін дін қандай болса, бүкіл өміріміз үшін махаббат та сондай: ол бізді рухтандырады; алдымызға бағыт беріп, нұрландырады. Мен енді ерлі-зайыптылардың махаббатың көп еркектердің түсінігінен басқаша түсінетін болдым. Көптеген некелі өмірде махаббатты құртатын не нәрсе болса, оның бүкіл асқақ әсемдігі де сонда деп білдім. Мен жұптасқан өмірдің адамгершілік тұрғыдағы ұлылығын бүкіл жан дүниеммен сезіндім, тастүйін құрыш құймадай біріккен сол жұптардың ең бір күйкі жақтары да мәңгілік махаббатқа кедергі бола алмайды деп ұқтым.
Бірақ лүпілі дәйім бір жерден шығып, ылғи да қатар соғып туратын, сөйтіп ғажайып тұтастық құрайтын жүректерді қайдан табасың? Егер ондай жүректер шыныңда да бар болса, не табиғат, не бір оқиға оларды бір-бірінен соншалықты алыс қиянға ажыратып жібереді де, олар мәңгілік қосыла алмайды, олар бір-бірін тым кешігіп біледі немесе оларды ажал тым ерте айырады. Тағдырдың осындай талқысында бір мән бар сияқты, бірақ мен оны іздестіріп жатпадым. Оның байыбына барып жатуға менің өз қасіретім де жеткілікті еді.
Сірәғысында, толық бақыт тым сирек кездесетін болуы керек, сондықтан адамзат ұрпағының өсіп-өнуі оған негізделе алмаса керек. Менің сондай некені арман етуім басқа бір себептерден еді. Дос деген менде болған жоқ. Дүние мен үшін қаңырап бос тұрды. Менің бойымда осындай тату-тәтті бірлікке кедергі болатын бірдеңе бар сияқты. Кейбіреулер менімен танысқысы келеді, ал танысып алғаннан кейін қайтып жолаған жоқ, мен де оларға ынтықпадым. Қауымдағы өзіңнің қадір-қасиетің дейтін ұғымды мен қаншама адамдар үшін басып тастадым, сөйтіп солармен қатар жүрдім, солардың көзқарастарына келістім, солар күлсе мен де күлдім, мінездерінің кедір-бұдырына кешірім жасадым, егер мен атақ-даңққа ие болсам, оны достық ынтымақтың бір тамшысына айырбастап жібергендей едім. Ал сол адамдар ешбір қың деместен, менен теріс айналып кетті. Парижде шынайы сезім іздеген кісі тек қана қулық-сұмдық пен реніш-қайғыға ұшырасады. Мен аяғымды қалай қарай бассам да, ылғи өртенген құла түзге тап болдым. Менің көңілшектігімді кейбіреулер әлсіздік деп санады, ал егер мен үстемдікті тартып алуға шамасы келетін жыртқыштың мінезін көрсетсем, зұлым атанатын едім; сондықтан мен басқалардың, бейкүнә күлкіні қорлағыштардың ермегі болдым; жас жиырмаға таянғанда бұл өзінен-өзі қалады, ал жас келген кезде біз бұған намыстанатын да боламыз.
Біздің тұсымызда жарқылдақ қауым зерікті, бірақ соған қарамастан, ең нәрсіз әңгімелердің өзінде байсалдылық тілейді. Тәрбиелі, салқын қанды қарабайыр адамға жұрттың бәрі бас иетін, — жұрттың бәрі соны жек көретін, бірақ жұрттың бәрі соған бағынатын сұмдық заман! Мен осынау масқара дәйексіздіктің себебін кейінірек аштым. Қарабайырлық, тақсыр, күнделікті өмір талаптарына дөп келеді екен, ол — қоғамның жай күндердегі жамылғысы; қарабайыр адамдардың қолынан келмейтін іс керемет бір әдеттен тыс нәрсе болып көрінеді; дарындылық, қолтумалық — мұның бәрі адамдардың аялап, тығып ұстайтын, тек анда-санда ғана өздеріне сән үшін қолданатын асылдары.
Парижде мен жарқылдақ қауымнан байыз таппай, оңашалықта өмір сүрдім; қауым үшін мен барымды құрбан етсем де, ол маған түк бермеді; ұлым менің жүрегімді түгелдей толтыра алмады, өйткені мен ер адам едім; мен өмірден әбден тауым қайтып, ешкімге белгісіз азаптың ауыртпалығынан белім қайыса бастаған кезде бір қызды кездестірдім; ол маған құштарлық махаббат дарытты: ол сый-құрметке, ашық жариялыққа лайық махаббат еді; мені соншалықты бақытқа кенелткен махаббат, қысқасы, нағыз шынайы махаббат еді!
Мен әкемнің ескілікті досы болған, бір кезде маған өте көп қамқорлық жасаған кісімен таныстықты қайта жалғастырғанмын; жаңағы қызбен сол үйде таныстым да, оны қалған өмірімде мәңгілікке сүйдім. Тақсыр, адам жасы есейген сайын, идеяның оқиғаға ықпалы неғұрлым күшейе түсетінін солғұрлым айқын түсінеді екен. Біздің бәріміз құрметтейтін, мәртебелі діни ұстанымдардан туған ескілікті ұғымдар менің бақытсыздығыма себеп болды. Қыз янсенистік деп қатеден аталған сектаның рухы мен көзқарастарын қабылдаған, барынша құдайшыл католиктердің отбасынан шыққан еді; сол секта бір кезде Францияда бүлік те туғызған, оның себебін сіз білесіз бе?
— Жоқ, білмеймін, — деді Женеста.
— Ипр қаласының эпископы бір кітап жазған екен, біреулер содан Папа билігінің қисындарына қайшы келетін бір пікірлер тауыпты. Кейінірек онда ешқандай күпірлік сөздер жоқ екен деген тоқтамға келіпті, ал кейбіреулер сондай ілімнің бар екенін де теріске шығарыпты. Болмашы алауыздықтан Галликан шіркеуі екіге бөлініп кетіпті де, олар янсенистер мен иезуиттер деп аталыпты. Осы екі мықты сектаның арасында күрес басталыпты. Янсенистер иезуиттерге бұзылғандықты жақтайды деген кінә тағып, өздері салт-дәстүр мен діни ұстанымдардың кіршіксіз тазалығын жақтаған; сөйтіп, янсенистер Францияда, былайша айтқанда, католицизмнен шыққан пуритандар болған, бұл екі ұғымның бір-біріне қаншалықты жанаса алатындығы өз алдына. Француз революциясы тұсында, Конкордаттан кейін, шіркеуде шағын жік туып, шынайы католиктердің бауырластығы құрылды, олар Папаның келісімі бойынша революциялық өкімет тағайындаған епископтарды мойындамайтын болды. Бұл ағым өздерінше «Кіші шіркеу» дейтінді құрды; оның жақтаушылары, янсенистер сияқты, қатаң салт-дәстүрді уағыздады, оны тыйым салынған, қуғынға ұшыраған барлық секталардың өмір сүруінің бұлжымас заңы деп санады. Көптеген янсенистік отбасылар «Кіші шіркеуге» қарайтын болды.
Қыздың әке-шешсі осы екі сектаның екеуін де жақтап шыққан; бұл секталар жоғары адамгершілікті қастерлеп, адамның мінезі мен сыртқы түріне ерекше мән берген; бұл қатаң ілімдер адамның ең қарапайым қылығын әспеттеп, соны болашақ өмірмен байланыстыратын болған; осыдан келіп адамның жан сұлулығы мен тартымдылығы, кісінің өзгеге де, өзіне де құрметпен қарауы, шындық пен жалғандық жөніндегі тым шетін көзқарасы, шексіз қайырымдылық, сондай-ақ қатаң, тіпті бұлжымайтын әділеттілік, ақыр-аяғында, жамандық атаулыға, әсіресе барлық зұлымдықтың түпкі негізі ретінде өтірікке деген терең жиіркеніш қатаң заңға айналған.
Шынымды айтайын, мен ескі досымның үйінде отырған кездерімде, алғаш рет, осы қызға сүйсіне қарап, елжіреген сәттерімнен асқан тамаша минуттер менің өмірімде бұрын болды ма, жоқ па, — мен оны білмеймін: тұмса тазалық, қарапайымдық, тәрбиелі қағілездік, осы мінездердің барлығына ерекше көрік беріп тұрған әлгі сектаның ізгіліктері, — сөйте тұра мінезінде ешқандай өрлік жоқ. Жүріс-тұрысындағы осындай қатаң шектеулерге қарамастан, оның икемді, сұлу мүсінінің қағілез қимыл-қозғалысында ғажап бір әсемдік бар еді. Ізгілікке толы жұқалтаң ажарынан, бет әлпетінің нәзік бітімінен қыздың асыл тектілігі айқын танылатын; көзқарасында тәкаппарлық бар, монтаны момақандығы да жоқ емес, жүзі өте сабырлы, жай ғана өріп қойған қолаң шашының қаншалықты жарасымды екенін қыздың өзі де білмейтін сияқты. Қысқасы, капитан, біз біреуге ғашық болып қалсақ, сол қыз, сол әйел дүниедегі сұлулықтың ең асқан шыңы болып көрінетіні бар той, ол да маған солай көрінді; тегінде, әйелді шындап сүю үшін оның тұла бойынан өзіміздің ойымыз бен қиялымыздағы сұлулықтың барлық белгілерін түгел көре білуіміз керек екен.
Мен қызбен тілдескенімде ол ешбір қылмыңсыз, асықпай жай тана жауап берді, өзінің сыңғырлаған даусын естудің, оның бет-ажарын көрудің өзі қандай ғанибет екенін сезген жоқ. Кіршіксіз таза қыздарда бір-біріне ұқсас ортақ белгілер болады; соларға қарап періштедей пәк табиғатын: нәзік даусын, мөлдіреген көзін, аппақ етін, қимыл-қозғалысындағы кісіні арбап әкететін әдемілікті бірден сезесің. Бәрі керемет, бәрі үйлесімді, ал бірақ сол кереметтігінің не екенін біліп болмайсың. Олардың әрбір қимылында асқақ әсемдік бар. Мен қызға құмарта ғашық болдым.
Бұл ғашықтық мені толғантып жүрген ойларға: атақ-даңққа, байлыққа ұмтылған тілектеріме, менің барлық армандарыма сай келіп еді. Өзі сұлу, бай, көшелі тәрбие алған ақсүйек қызда қоғамда мәртебелі жағдайға ие болған әйелден жарқылдақ қауым талап ететін артықшылықтардың бәрі табылатын еді; менің аңсайтыным да сол еді; қыз жақсы білім алған, әңгімелесе қалсаң сөзге ұста, тапқыр; ал біздің Францияда әйелдердің аузынан шыққан сөздердің барлығы жарқылдақ болғанмен, нәрсіз бос кеуек болып келеді той; мынаның сөзінде ой кернеп тұрады; оның барлық болмысында өзінің қадір-қасиетін анық сезінетін, кісіні құрмет сезіміне бөлейтін қасиет бар, қысқасын айтқанда, бұдан артық зайыпты арман ету мүмкін емес. Мен сөзді қойдым! Сүйген қызыңның бейнесін жасау қиын нәрсе; онымен екеуміздің арамызда алғашқы сәттен бастап сүлбесін ұстатпайтын бір құпиялар пайда болды.
Көп ұзамай мен өз сезімдерімді ескі досыма аштым да, ол мені қыздың үйіне алып барды; олар мені досымды сыйлағандықтан ғана қабылдады. Рас, әдепкіде салқын сыпайылық қана танытқан, бірден ашылып-шашыла қоймайтын мінез мықтыларға тән нәрсе ғой; олар достық пейілін бірден білдірмейді, бірақ есесіне оны ақырына дейін сақтай біледі; сөйте-сөйте олар мені жылы шыраймен қарсы алатын болды. Ондай ықыласқа лайықты да едім. Өйткені өзім ғашықтық отына күйіп жүрсем де, әке-шешесінің көзінше сыпайылық сақтадым; болашақ тағдырым соларға тіреліп тұрса да, құлдық ұрмадым, жарамсақтанбадым, өздігімді білдіруге, адамшылығымды танытуға тырыстым.
Қыздың отбасы мені жақынырақ танып-білген кезде, менің мына қоңторғай жалғыз бастылық жағдайыма өзімнен кем қиналып жүрмеген ескі досым әке-шешесінен: менің үміт артарлық мүмкіндігім бар ма, — деп сұрапты да, солардан жақсы жауап алыпты; бірақ әңгімелерінде жарқылдақ қауымның адамдары бас тарта алмайтын кейбір тұспалды сөздер де болған тәрізді; ал шалдың ойы мені «қолайлы некеге» отырғызбақ сияқты -салтанатты істі сауданың мәмлесіне айналдырып, ерлі-зайыптылардың біріне-бірін опық жегізетін осы сөз де айтылып қалса керек. Менің досым өзі жастықтың әуейілігі деп бағалап жүрген жайт жайында үндемепті. Оның ойынша, заңсыз баласы бар деген сөз бұл бақуатты отбасына соншалықты сорақылық болып көрінер еді де, қалған әңгімелердің барлығы, оның ішінде менің дүние-мүлкім де, жайына қалар еді, сөйтіп ақыры ажырасуға апарып соғар еді. Оның ойы дұрыс.
«Бұл бір түсініспестік жайт, — деді ол, — оны әйелің екеуің ақылдасып оп-оңай шешерсіңдер, кешірімге келеді ғой?». Менің күдігімді сейілту үшін ол өзінің тұрмыс тәжірибесіне сүйене отырып, қандай дәлелдер келтірмеді дейсің. Ал мен, тақсыр, сізге шынымды айтайын, сол кісіге берген уәдеме қарамастан, менің алғашқы ойға алғаным барлық жайды отбасына ағынан жарылып айтып беру еді, бірақ олардың қатаң дәстүршілдігі мені ойландырмай қоймады, мен соның нәтижесінен қорықтым, сондай табансыздықтан өзімнің ар-ожданыма қиянат жасадым; менің қалыңдығым шынымен маған берілгендігін дәлелдегенше аялдай тұрайын деп шештім, оған дейін масқарамды ашып, бақытымды күйдіріп алмайын дедім. Сонымен, мен оған жан дүниемді бір қолайлы сәтте ашармын деп ойладым менің бұл шешімім анау көреген шалдың кәдімгі жарқылдақ қауымда әншейін саналатын қулығын ақтағандай болды.
Қыздың әке-шешесі өздерінің дос-жарларына айтпастан, мені күйеу бала ретінде қабылдап алды. Бұл сияқты инабатты отбастарының ерекше белгісі мейлінше ұстамдылық болады екен; онда баршаға, тіпті ен болмашы нәрселердің өзіне сөз шығарылмайды. Осы ұстамдылық, ең болмашы іс-әрекеттердегі маңғаздық адамның сезімдеріне қандай тереңдік беретініне сіз сенбессіз, тақсыр. Онда не істелсе де, бәрі тиімділікпен істеледі: әйелдер қолдары боста кедейлерге арнап іш киім тігеді, ондай кезде жеңілтек бос сөздерді ести алмайсың, бірақ күлкіге тыйым салынған жоқ; бірақ әзіл-қалжың дегендерінің өзі ешкімді елең еткізбейтін жасық сөздер еді.
Осынау діндеріне берік янсенистердің әңгімелері әдепкіде маған бір түрлі жат көрінген: жарқылдақ қауымдағы ғайбат сөздер мен шетін оқиғаларға байланысты айтылатын өткір тілмарлық бұл жерде жоқ; газет оқитындар менің қалыңдығымның әкесі мен дәдесі, ал қыздың өзі газет бетіне көз салмайды; өйткені олардың, тіпті ең момақандарына дейін, жазатындары ылғи қылмыс пен қоғамдық кесапаттар жайы; ал кейінірек, осы тоқмейіл тазалық әуендегі өмірге ет үйрене келе, осындай ың-шыңсыз құла-төбел тыныштықтың рақатынан бүкіл жан жүйеммен ләззат алатын болдым.
Бұл отбасының тіршілігі сырт қарағанда саңылаусыз бір сарынды көрінер еді. Бөлмелерінің ішкі көрінісінде жүректі мұздататындай бір салқындық бар; мен сол бөлмелерде бірде-бір орындықтың орнынан қозғалғаның көрген емеспін, бір жерде тозаңның ұшқыны көрінбейді. Бірақ осы өмірге өзің де тартылады екенсің. Мен, бір қызықтан бір қызыққа ауысып үйренген, сән-салтанатқа, жарқылдақ қауымның қонақ бөлмелеріндегі думанға құмар адам, біртіндеп бойдағы зерігуден арылып, тіршіліктің артықшылығына бой ұрдым: бұл жер ой жүйеңді желіге тартып өрістетуге мүмкіндік береді, көздің тоятына жағдай жасайды; мұндай өмірде жүрек қалауы үстемдік алады, оны еш нәрсе алаңдатпайды; ақыр-аяғыңда, рухани дүниең кеңейіп, телегей теңіздей шалқиды. Осынау бір сарынды өмірде ойың, бір оңаша мекенге қамалғандай күйкі тіршіліктің күйбеңінен безініп, шетсіз-шексіз сезім әлеміне шарықтап кетеді.
Дәл сол кездегі мен сияқты бар болмысымен әуестікке берілген адам үшін тыныштық, тоқырау, монастырьдағыдай тіршілік салты, белгілі бір ғана істердің белгілі бір ғана сағаттарда қайталанып тұруы сүйіспеншілікке күш береді. Бұл сияқты қалтқысыз тұңғиық тыныштықта әрбір қозғалыс, әрбір сөз, әрбір қимыл ерекше мәнге ие болады. Жымиған күлкі, жалт еткен жанар арқылы өзінің аңқау сезімдерін білдіретін жүрек шіркін етжақын екінші жүрекке өзінің қуанышы мен реніші жайында хабар береді. Сол кездегі менің бір түсінгенім бұл адамның тілі соншалықты бай сөз өрнегімен жымиған күлкінің, жалт еткен көз жанарының мағына байлығын да, сыр тереңдігін де жеткізе алмайды екен. Қасымда қатар отырып, менің осы үйге тұрақты қонақ болып не үшін келіп жүргенімді білмейтін осынау момақан қызға өзімнің шексіз махаббатымды білдіруге мүмкіндік болмаған кезде, мен соны көзіммен, ернімнің емеурінімсн білдірмек болып қаншама тырыстым. Бұл адам өмірінде маңызды оқиғада таңдау еркіндігі болсын деп, әке-шешесінің қызға мүмкіндік туғызған кездері болатын.
Біз шынымен сүйген кезде қалаулыңның қасыңда отыруының өзі сенің алып ұшқан сезіміңді су сепкендей басады екен; сондықтан біздің оңаша отыруымызға мұрсат берілген кезде, біз, бейне бір Құдай Тағаланың алдында тұрған діндар адамдай, ғажап бір рақатты күй кештік. Көру дегеннің мәні табыну деген сөз. Мен өзімнің жан дүниемді аша алмай қасірет кешіп жүргенде, өзімнің терең сезімімді жеткізе алмай әуре болып, іштегі жалындаған сүйіспеншілігімді бұқтырып ұстауға мәжбүр болып жүргенде, менің сол құштарлығыма құрсау салып, тежеп келген ұстамдылықтың арқасында біздің сүйіспеншілігіміз ұсақ-түйек нәрселер арқылы одан сайын айқын сезілді, кейде тіпті бір болмашы оқиғалардың өзі кереметтей қымбат көрінді.
Оған сағаттар бойы сүйсіне қарап отырып, бір ауыз жауап күту, оның сыңғырлаған даусына елтіп, ұзақ уақыт ләззат алу, оның не бір құпия ойларына үңіліп көз жіберу; іздеп жүрген нәрсесін тауып алып, қолына ұстатқанда, саусақтары дірілдемеді ме деп қадағалау; соның көйлегіне, шашына сол ғана жанасу үшін, қолынан бір ұстау үшін, оны неғұрлым көбірек сөйлету үшін сылтау іздеу, міне осы сияқты болмашы әрекеттер маған бір керемет оқиға болып көрінді. Өзін осындай көтеріңкі жағдайда отырғанда, соның елжіреген бір көзқарасы, қимылы, даусы менің жаныма сүйіспеншіліктің адам айтқысыз куәсі болып көрінетін.
Менің махаббатым тек осындай тілде ғана сөйлей алды, қыздың салқын қанды, кіршіксіз пәк ұстамдылығы тек осындай тілге ғана ырық берді; өйткені оның мінез-машығы өзгерген жоқ: ол маған қарындасымдай ықылас танытты, ал бірақ менің құмарлығым неғұрлым күшейіп лаулаған сайын, менің сөзім оның сөзінен, менің көзқарасым оның көзқарасынан қаншалықты өзгеше екенін мен солғұрлым айқын сезіндім; сөйтіп, ақырында, бұл сияқты қыз өзінің сезімін осындай үркек үнсіздікпен ғана көрсете алатының түсіндім. Өйткені қашан келсем де, ол қонақ бөлмеде отырады. Мен онда қанша отырсам, ол да сонда болады; ол менің келуімді күтеді, оны алдын-ала сезеді. Осындай үнсіз тұрақтылық оның пәк жанының құпиясын ашып беретін. Ақыр-аяғында ол менің сөздеріме қуанышпен ден қойды да, оны жасыра алмады. Біздің ұялшақ, кібіртік сезімімізді, сірә, әке-шешесі байқаған болулары керек, олар мені де өздерінің қызы сияқты момақан деп есептепті де, енді маған он көздерімен қарайтын болды, мені сый-құрметке лайық деп білді.
Олар менің ескі досыма сырларын ашыпты, мен туралы көп-көп жақсы сөздер айтыпты, енді мені өздерінің туған ұлыңдай қабылдайтын болды; әсіресе оларға ұнағаны жан жүйемнің тазалығы болыпты. Шыныңда да, сол күндері мен қайтадан жігіт жасыма оралғандай болдым. Осындай инабатты, адамгершіл ортада отыз екі жастағы еркек қайтадан шаттыққа бөленген жас бозбала болып шықты.
Жаз өтті, менің достарымның жұмыстары бітпей, Парижде әдеттегіден ұзағырақ айналып қалған; енді қыркүйек айында Оверньдегі өздерінің орам-жайларына барғалы жатты, сол кезде отағасы мені Кантал тауларының қойнауында бұғып жатқан ескілікті қамалына барып екі айдай қонақ болуға шақырды. Бұл маған көрсетілген үлкен құрмет еді: мен әлі екі ойлы болып жүргенде қарасам, менің қалыңдығымның ажарында кереметтей ғажап бір тартымды, кереметтей әсем рең пайда болыпты; әдетте момақан көрініп жүретін қыздың ішкі жүрек құпиясын өзінің еркінен тыс сыртқа жария қылатын өзгеріс осынлай-ақ болар.
— Эвелина… Құдай-ай! — деп тебіренген Бенаси ойға шомып, үнсіз қалды.
— Ғапу етіңіз, капитан Блюто, — деп жалғастырды ол сөзін, ұзақ үнсіздіктен кейін. — Он екі жылдың ішінде оның атын бірінші рет атап отырмын, бірақ ол үнемі менің ойымда көлеңдеп жүреді, түсімде де оны әлдеқандай бір дауыс сыбырлап айтып қояды. Міне сол Эвелина, ақыры атын бір атадым ғой, басын бір селт еткізіп, бұрынғы баппен қозғалатын қалпынан өзгеше әнтек жоғары қарай сілкіп тастады да, маған туралап қарады; өңінде тәкаппарлығы жоқ, бір түрлі мұңданған алаңдаушылығы бар, сонсоң кенеттен екі беті ду етіп, төмен қарап кетті. Содан кейін басын жайлап қайтадан жоғары көтерді; осының өзі мені бұрын болмаған бір белгісіз қуанышқа бөледі. Мен даусым шықпай, тұтығып жауап бердім. Менің ішкі жан тебіренісімді ол бірден түсінді де, екі көзі жасқа толып, ерке назбен алғыс білдіргендей болды. Барлық сөз осымен айтылды.
Мен бүкіл отбасымен бірге солардың орам-жайына кеттім. Сол күннен бастап біз бір-бірімізді жүрекпен ұқтық та, айналамыздың бәрі жаңарып кетті; біз енді бұрынғыдай бейтарап жандар емеспіз. Шынайы махаббат қашанда бір-біріне ұқсас қой, бірақ оған біздің жеке өз басымыздың ерекшелігі қосылады, сондықтан жалпыға бірдей құмарлықтан өз сезіміне шығар жол іздейтін әрбір адамда ол әрі ұқсас, әрі өзгеше болып келеді. Махаббаттың әрі терең, әрі бұрмаланып бұзылған: екеуара өзімшілдік дейтін анықтамасын тек философ пен ақын тана ақырына дейін түбегейлі түсінетін болар. Біз өзімізді басқа біреу арқылы сүйеміз. Ал бірақ махаббаттың көрінісі әр түрлі болса, сүйіскен жұп дәл осындай махаббатты дүние жаралғаннан бергі жерден іздеп таба алмайтын болса, оның есесіне солардың барлығы өз сезімдерін бір үлгімен білдіреді. Ең инабатты, ең таза деген қыздардың да айтар сөзі бірдей болады, олардың айырмашылығы тек рухани әлемдерінің өздеріне тән әсемдігінде ғана. Ал енді өзге қыздарға өздерінің ішкі ынтығын сыр қылып сыртқа шығару табиғи болып көрінсе, Эвелина үшін бұл оның діндар жас жанының дағдылы тыныштығы әлде бір буырқанған сезімге еріксіз ырық берген болып шығар еді; сондықтан да өзінің қаға берісте маған қарай жалт еткен көз жанары оған махаббаттың зорлығындай болып көрінді. Жүрек қалауы мен санасына сіңген ережелердің арасындағы тайталасқан күрес оның оқиғасы аз, сырт қарағанда тып-тымық, бірақ күшті сезімдерге толы өміріне тұңғиық тереңдік дарытып еді; бұл жарқылдақ қауымның әдет-ғұрпынан бұзылған есалаң қыздар бойлай алмайтын тереңдік болатын.
Жол бойы Эвелина табиғаттың сұлулығын дәріптеумен болды. Біз сүйікті жанның қасында отырғанда қандай рақат сезінетінімізді айта алмайтын жағдайда жүрегімізден асып төгілген шаттығымызды айналадағы заттарға аударамыз да, біздің жасырынып жатқан сезіміміз сол заттарды кереметтей әсем етіп көрсететіні бар. Біздің көз алдымыздан өтіп жатқан көркем көріністер Эвелина мен екеумізге аралық желеу болды: біз сөйлеген сөздерімізге астарлы мән береміз. Эвелинаның шешесі әйелге тән сұңғылалықпен кейде қызын састырып та қояды: «Айналайын, қызым-ау, осы аңғардан кемінде жиырма мәрте жүріп өткен шығарсың, сонда дәл мұндай таңданбаушы едің ғой!» — деп қояды ол, Эвелинаның ерекше бір шаттанып, леппен айтылған сөзінен кейін. -«Ендеше, анашым, мен онда тым жас болып, мынадай сұлулықты түсінбеген шығармын».
Ғапу етіңіз, капитан, мен сізге бір ұсақ-түйек жайттарды айтып кеттім ғой, сіз үшін олардың ешқандай мәні болмас, ол маған жаңағы бір қарабайыр жауап тіл жеткізе алмастай қуаныш әкелді, сол кезде қыздың маған жалт етіп қарағандағы қуанышым одан да зор еді. Біз біресе таң шапағына бөленген шағын деревняны, біресе ескі жұрттың мүк басқан тамтығын қызықтаймыз, сонда табиғат көріністерімен бірге жан жүйемізде орнығып қалған тәтті сезімдер біздің болашағымызға жол ашқандай көрінеді.
Біз отбасының ата-бабадан қалған қамалына келдік, мен осында айдан артық қонақта болдым. Бұл, тақсыр, менің өмірімде маған аспаннан бақыттың нұры жауған бірден-бір кезең еді. Қала халқына бимағлұм қуанышқа кенелдім. Болашақтағы ерлі-зайыпты өмірдің бастауындай бір шатырдың астында тұру, дала кезіп бірге серуендеу, бір сәт мүмкіндікті пайдаланып, бір ұядай сайдың тыныш түпкірінде, ағаштың түбінде жайласып отыру, ескі диірменді қызықтау, шертілген сырдың әрбір сөзін қалт жібермей зердеге құю, осының бәрі сүйіскен екі жанға естен кетпес рақат қой; табысқан жүректерді барған сайын жақындата түсетін осынау сүйкімді сөздер өзіңізге де таныс болар.
Иә, тақсыр, кен жазира еркіндіктегі өмір, сұлу табиғат жан дүниенің асқақтаған шаттығымен жақсы жарастық табады. Бір-біріне жымия күліп қарау, аспан әлемін қызықтау, шыққа малынған ағаштың түбінде отырып, ауыздан шыққан ыстық лебізіңді құстың әніне қосу, аяқты жайлап басып келе жатқанда, үйге тым ерте шақырған қоңыраудың күңгіріне құлақ түру, жердегі жыбырлаған құрт-құмырсқаның қимыл-қозғалысына таңырқау, балиғаты бұзылмаған сүйіктіңнің алақаныңда қыбыр-қыбыр еткен титімдей шіркейге қарап елжіреу — осының барлығы күннен күнге биіктеп, аспан әлеміне қанат қағу деген сөз. Менде сол бір бақытты күндермен байланысты қаншама естеліктер қалды, солардың барлығын жинастырып тірілтсе, менің бүкіл өмірімді қайтадан көркейтіп жіберер еді алуан түрлі, әрқайсысы өзінше қымбат естеліктер; себебі, олардан кейін мені ешкім түсінген емес.
Бүгін былай қарағанда жай әншейін сияқты, бірақ жаралы жүрек үшін зәрлі мәнге толы бірнеше көрініс өтіп кеткен сол бір ұмытылмас күндерді еске түсірді. Білмеймін, сіз байқадыңыз ба, жоқ па, кішкентай Жактың үйшігін батып бара жатқан күннің шапағы нұрға толтырып тұрды. Күннің соңғы сәулелері айналаны түгел жарқыратып жіберді де, қас қаққанша сөнді, бірден қара түнек басты. Бір-біріне ұқсамайтын осынау екі көріністе кәдімгідей менің өмірімнің сол кезеңі бейнеленген тәрізді еді. Тақсыр, менің қалаулым маған өмірімде тұңғыш рет сүйіспеншіліктің балиғаты бұзылмаған қыздың ғана аузынан шығатын қайталанбас тамаша бір сырын ашып еді; үркек жүректен шыққан сол бір сәт қаншама қысқа, өткінші болса, ол соншалықты салмақты еді: онда махаббаттың тәтті кепілдігі, бейіштегі балғын бұлалықтың естелігі бар еді. Соның сүйіспеншілігіне кәміл көзім жеткеннен кейін, барлық шынымды айтайын, еш нәрсемді жасырмайын деп өзіме-өзім ант беріп едім; соны сөзбақтап, өзімнің кінәмнан болған қасіреттерімді әлі күнге дейін айтпай жүргеніме іштей қатты ұялып едім.
Сорыма қарай, сол бір ғажайып күннің ертеңіне ұлымның тәрбиешісінен хат келді; хат баламның өміріне қауіптенген қайғы-қасіретті ала келді. Эвелинаға әлгі сырымды айтпастан жүріп кеттім, әке-шешесімен қоштасарда бір тығыз шаруа болып қалды деп сылтаураттым. Мен жоқта олар қатты мазасызданыпты. Менің тағы бір махаббатпен байланысым жоқ па екен деп қауіптенген олар Парижге хат жазып, сұрау салыпты. Бұл тұста олар өздерінің діни ғұрыптарын да ұмытқан: маған күдіктеніп, ар жағында сол күдікті сейілтуіме де мұрсат бермеді; менің бір досым өзімнен жымысқылап, менің жастықты қалай өткізгенімді айтып, барлық кінәны маған аударыпты, балам бар екенін жеткізіпті, соны әдейі жасырып жүр деп айыптапты.
Мен өзімнің болашақ туыстарыма хат жаздым, бірақ жауап ала алмадым; олар Парижге қайтып оралған бойда барып едім, мені қабылдамады. Бойымды үрей биледі. Мен ескі досыма барып өтініш білдірдім; олардың неге соншалықты өзгеріп кеткен себебін біліп беріңіз дедім; өйткені арада не болып қалғанынан хабарсыз едім. Қарт себебін білгеннен кейін тағы бір ізгілік көрсетіпті: менің қылмысқа пара-пар үнсіздігімнің кінәсын өз мойныңа алып, мені ақтауға тырысыпты, бірақ одан еш нәрсе шықпапты. Эвелинаның үй ішінде бәрі дүниелік есепке, діни әдет-ғұрыпқа негізделгенді, әке-шешесі ескі ұғымдардың құрсауында әбден қатып-семген, сондықтан қандай игілік алдында да өз дегендерінен қайтпайтын адамдар болатын.
Менің ашынуымда шек қалмады. Төніп келе жатқан дауылдың бетін қайтармақ болып едім, бірақ жазған хаттарым ашылмаған күйі қайтып келді. Мен қолдан келгеннің бәрін істедім, Эвелинаның әкесі мен шешесінің мені осыншама қасіретке ұшыратып, шалға айтқан ақтық сөздерін естідім; олар айтыпты: өзінің сүйген әйелінің өліміне кінәлы адамға, заңсыз туған баланың әкесіне қызымызды еш уақытта, тіпті Эвелина алдымызға тізерлеп келіп жалынса да, бермейміз, — депті.
Осыны естігеннен кейін менің ең соңғы үмітім ғана қалды, енді суға кетіп бара жатқанда тал қармайтындай, мен соған жармастым. Мен Эвелинаның махаббаты ата-ананың тыйым салғанынан күштірек болар, сондықтан олардың қайсар қарсылығын жеңер деп ойладым; бәлкім, әкесі неліктен болған, сөйтіп біздің махаббатымызды неге өлтірген себебін қызына айтпаған болар деген жорамалға келдім; Эвелина соңын бәрін тікелей өзі білсін де, біздің тағдырымызды өзі шешсін деп ойладым. Мен оған хат жаздым. Көзімнің жасын төгіп отырып, қайғыға қамалып, жанымды қалың күдікке жегізіп отырып, мен өз өмірімдегі тұңғыш сүйіспеншілік хатымды жаздым. Бірақ бәрі де бос әуре болды. Ашынып отырып жазған сөздерімнің есімде кейбір елестері ғана қалыпты; әлбетте, Эвелинаға айтқан сөздерім мына құралыптас еді: «егер сіздің айтқаныңыз ақиқат шындық болса, сіз менен бөтен ешкімді сүюге тиіс емессіз және сүйе де алмайсыз; бәрібір сіздің өміріңіз сөзсіз сәтсіздікке ұшырайды, өйткені болашақ жұбайыңызға да, маған да өтірік айтуыңызға тура келеді. Біздің жүректерімізде бекіген одақ заңмен мақұлданған жағдайда, өзіңіздің сүйген адамыңызға білдіретін қалтқысыз берілгендігіңізді әке-шеше қабылдамай тастады деп мансұқ ететін болсаңыз, әйелге тән ізгіліктен аттап кетпейсіз бе? Әйел үшін жүрек қалауы заңның құрсауынан әрдайым жоғары бағаланбаушы ма еді?».
Meн өзімнің кінәмнен ақтала отырып, оның кіршіксіз тазалығын көлденең тарттым, оның мейірбанды, ізгі жүрегін жылытады-ау деген дәлелдерден еш нәрсе қалдырмадым. Мен осы жайттардың барлығын сізге ашып салғаннан кейін, енді оның қайтарған жауабы мен өзімнің соңғы хатымды да алып келейін, — деді де, Бенаси өзінің бөлмесіне қарай шығып кетті.
Ол қолына тозығы жеткен әмияның ұстап, шапшаң қайтып келді де, сыртынан шандып байлаған бір бума хаттарды асыға-аптыға, қалтыраған қолымен алып шықты.
— Мінеки, сол қайырсыз хат, — деді ол әлсіз ғана. — Осы сөздерді асығыс қағаз бетіне түсірген қыз өзінің ойлары жазылған парақтардың мен үшін қандай зардабы болатының білмеген той… Ал мынау менің әбден қалжыраған жан жүйемнің соңғы күрсінісі, — деп жалғастырды ол екінші хатты нұсқап, — оның үкімін өзіңіз айтарсыз. Іші мұң-зарға толы осы хатты ескі досым қызға жасырын апарып табыс етіпті, шашының ағарғаныңа қарамастан төменшіктеп. Эвелинадан оны оқып шығуды жөне жауап қайтаруды жалына өтініпті; сондағы оның жазғаны: «Тақсыр…» Бұрыл ол мені «сүйіктім» деуші еді, осы ізгі сөзбен өзінің ізгі махаббатың білдіруші еді, енді мені «тақсыр» деп отыр. Демек, бәрі бітті дегені ғой. Ал тыңдап көріңіз…
«Өзінің өмірін сеніп тапсырамын деп жүрген адамының екі жүзді болып шыққаның білу қызға өте ауыр; бірақ қалай болғанда да менің борышым сізге кешірім жасау, өйткені біз рухы әлсіз жандармыз ғой! Сіздің хатыңыз мені толқытты, бірақ енді жазбаңыз: тіпті сіздің жазу өрнегіңіздің өзі менің жанымда жайсыздық туғызады. Біз мәңгіге ажырастық. Сіздің маған берген түсінігіңіз мені жұмсартты, менің жан жүйемде сізге қарсы бас көтерген қолайсыз сезімді сөндірді, сіздің тазалығыңызға сенгім келді! Бірақ сіз де, мен де менің әкемді көндіре алмаймыз. Иә, тақсыр, мен батылдық білдіріп, сізді қорғамақ болдым, мен бойымды билеген үрейді жеңе отырып, әке-шешеме жалбарындым, ондай жағдайды бұрын бастан кешіріп көрген емес едім, мен өзімнің барлық өмірлік ережелерімнен бас тартып шықтым. Мен қазір де сіздің өтінішіңізге беріліп, қылмыс жасап отырмын, әкеме білдірмей сізге хат жазып отырмын; бірақ шешем біледі; сізбенен тағы бір рет сөйлесуге мұрсат берген кен пейілдігі оның мені қаншалықты жақсы көретінінің дәлелі болды жөне де өзім бас тартып қала жаздаған ата-ана ықтиярына көнбістігімді өз бойымда қайтадан бекіте түсті.
Сонымен, тақсыр, сізге хат жазуымның басы да, аяғы да осы. Сіздің маған келтірген қайғы-қасіретіңізге шын жүректен кешірім жасаймын. Иә, сіз дұрыс айтасыз, алғашқы махаббат өлмейді. Мен бұрынғы күнәсыз қыз емеспін, инабатты зайып та бола алмаймын. Мені қандай тағдыр күтіп тұрғаның білмеймін. Көріп отырсыз, тақсыр, сізді ойлаумен өткен бір жыл менің болашағыма көлеңкесін түсірмей қоймайды; бірақ сізді кінәламаймын… Сіз айтасыз, мені әрқашанда сүйемін дейсіз! Ол сөздер не үшін керек? Жалғыз қалған байғұс қыздың буырқанған жаныңа солар жұбаныш әкеле алар ма? Сіздің бүкіл өміріме қасірет салып кеткеніңіздің, басқаны былай қойғандағы бір ғана салдары, әр уақытта сізді ойлап жүретіндігім ғой. Егер менің тағдырыма Айсаның қалыңдығы болу жазылатын болса, жаббар ие менің жаралы жүрегімді қабылдай ма, жоқ па, оны білмеймін. Бірақ ол маған осы қайғыны бекер жібермеген болар, ол, әрине, мені өзіне шақырып алғысы келген ғой, — менің ендігі баспанам сол ғана. Тақсыр, бұл дүние мен үшін қаңырап бос қалды. Сіз еркекке тән атаққұмарлық талап-тілектер соңында жүріп ұмытарсыз. Мен сізді кінәламаймын, сізге жұбаныш осы болсын; әйелдер жұбанышты әдетте діннен табады. Біз қазір екеуміз де ауыр азап үстіндеміз, бірақ менікі ауырырақ. Мен кімге үміт артсам және, әлбетте, мені кімнен қызғанудың реті жоқ болса, біздің өмірімізді қосақтап байлаған сол еді ғой, енді өз қалауымен сол өзі шешсін. Біз пәниде көрген қорлық-зорлықта шипалы таза ұжданды медет қыламыз, ал сіздің діни сеніміңізде, менің байқауымша, дәл ондай мықты негіз жоқ сияқты. Тақсыр, жаббар иеміз менің осы ыстық дұғамды естір болса, онда ол сізді ақиқаттың ақ жолына алып шығады. Мен өзімді өмір жолында жетелеп алып жүруге тиісті болған адамға ең соңғы қош-қошымды жолдаймын: бір кезде ешқандай күнәқарлық жасамай-ақ, оны «сүйіктім» деуші едім, қазір де әлі ешқандай ұят сезінбей-ақ соның тілеуін тілеп дұғалық қыла аламын. Өмір де, өлім де бір жаббардың ырқында, кім біледі, ол сізді менен бұрынырақ шақырып әкетер; бәлкім, бұл жалғанда мен сізсіз қалатын болсам, балаңызды маған аманат етерсіз».
— Мейірбандық сезімге толы осы хат менде қалған үміттің бәрін өлтірді, — деді Бенаси әңгімесін әрі қарай жалғастырып. Алғашында мен өз қайғыммен ғана болғанмын; тек кейінірек қана түсінгенім аяулы қыз өзін ұмытып, менің жанымның жарасына шипалы дару құймақ болған екен; бірақ ашудан есім ауысып жүріп, оған тым қатқыл хат жіберіп қойыппын:
«Бикеш, осы сөзді оқығаннан кейін сіз түсінерсіз, мен сізден бас тартып, сіздің ықтиярыңызға көнуге әзір екенімді. Сүйген әйелі енді маған жолама деп бұйырып тұрса да, соның ықтиярнына көну еркекке жаның қинайтын жұбаныш болар еді. Сіздің айтқаныңыз рас мен өзіме-өзім үкім шығарыппын. Бір кезде бір бейшара қыздың махаббатын аяққа басып едім, енді өзімнің жалынды махаббатым кейін серпіп тасталды. Өзімнің жан-тәніммен беріле сүйген қалаулым кейін құныкерім болып шығады деп ойламаппын. Сіздің жүрегіңізде осынша қаталдық, керек десеңіз, осынша мейірімсіз бипаздық жасырынып жатыр-ау деп күдіктенбеппін, ол маған ылғи да нәзік, ынтызар көрінуші еді. Қазір өз махаббатымның қаншалықты шексіз екенін көріп отырмын, себебі ол ең ауыр сыннан сіздің ғайбатыңыздан өлмей аман қалды, сіздің сол ғайбатыңыз бізді байланыстырып, біріктіріп тұрған дәнекерлерді міз бақпай үзіп жіберді. Мәңгілікке қош болыңыз. Өкініштің жасыған тәкаппарлығымен өз күнәмді өтеудің жолын іздестірермін, ал сіз, менің ол дүниедегі қорғаушым, сол күнә жөнінде аяусыз болып шықтыңыз. Бәлкім, құдай дәл сондай қатал болмас.
Мен қасірет шегемін, сізді ойлап қасірет шегемін, сол қасірет менің жаралы жүрегімнің жазасы болсын; жалғыздықта оның қансырауы еш уақытта басылмайды, өйткені жаралы жүректердің үлесі түнек пен тыныштық. Бұдан былай мен ешкімді сүймеймін, менің жүрегімде ешкімнің бейнесі қалмайды. Мен әйел емеспін, бірақ сіз сияқты, менің түсінгенім; мен сені сүйемін! деген сөзді айтқан бойда мен бүкіл өміріме жетерлік міндеттеме алғанмын. Иә, қалаулымның құлағына сыбырлап айтқан осы сөздерім өтірік емес еді; егер мен содан кейін өзгеріп кетсем, сіз мені жек көруге хақылы едіңіз; сонымен, сіз менің жалғыздықта кешкен өмірімнің табынатын пірі болып қаласыз. Өкініш пен махаббат қалған барлық дүниенің бастауы болуға тиісті жақсылық осы екеуі; арамызды тұңғиық жар бөліп тұрғаныңа қарамастан, сіз менің барлық жақсы істерімнің барлығының рухтандырушысы болып қала бересіз. Сіз менің жүрегімді күйінішке толтырдыңыз, бірақ менің сіз туралы ой-ниетімде ешқашан күйініш болмайды. Жан жүйені ескі таттан тазартып алмай тұрып, жаңа жолға түсуге болмайды, — солай емес пе? Мына жалғанда мен үшін қымбат жалғыз жүрек бар еді, содан қуылып шықсам да, соған өзімнің соңғы қош-қошымды жолдаймын. Бұған дейін еш уақытта соңғы қоштасу сөзде мұншалықты сезім, мұншалықты сүйіспеншілік болмаған шығар, сол қош-қош менің жанымды, менің өмірімді өзімен бірге алып кетіп барады, енді оларды ешкім тірілте алмайды. Қош болғайсыз! Сіздің сыбағаңыз тыныштық, ал маған қалғаны қасірет».
Екі хат та оқылып болғаннан кейін Женеста мен Бенаси үнсіз бір-біріне қарасып, ауыр ойға берілген күйде отырып қалды, ол ойларын да ортаға салған жоқ.
— Мен хатты жөнелттім де, шимай-шатпақ түпнұсқасын сақтап қалдым. Жоғалған бақытымның ендігі қалған жалғыз төлеуі осы. Мен өлердей мұңға баттым, — деп Бенаси сөзін таты жалғастырды, — бұл дүниеде адамды мына өмірге байланыстырып тұратын нәрсе бақытқа деген мөлдір үміт болса, мен соны мәңгілікке жоғалттым. Ерлі-зайыпты махаббаттың қуанышымен біржола қоштасуға тура келді, жүрегімде гүл жарып келе жатқан асыл армандар өлімге кесілді. Сұлулыққа, ізгілікке, таза өмірге ұмтылып, райдан қайтқан жанның адал ниетін діннің ықпалындағы адамдар тәркілеп тастады. Тақсыр, менің ойыма неше түрлі сұмдық шешімдер оралды, бірақ, құдай оңдағанда, ұлыма деген сүйіспеншілік солардың бәрін жеңді. Отан деген ықыласымның арта түскенін, өзі жазықсыз себебі болған барлық қайғы-қасіреттерде шыңдалып келе жатқаның айқын сезіндім; әрине, балада ешқандай жазық жоқ, барлығына өзім кінәлы едім ғой. Енді сол бала менің бірден-бір жұбанышыма айналды.
Жасым отыз төртте еді, еліме әлі де пайда келтіре алармын деп үміттенуіме болатын еді; әлдеқандай іспен атақ-даңқымды асырып, ұлымның өміріне дақ түсіретін қателігімді жуып-шайғым келді. Қандай тамаша ойларым соның арқасы еді: соның болашағын ойлаған кездерде тана мен шынайы өмір сүргендей едім. Қайыспаққа не амал! деп тебіренді Бенаси. Содан бері он бір жыл өтті, ал сондағы сұмдықты кезеңді еске алуға да дәтім бармайды… Тақсыр-ай, мен ұлымнан айырылдым ғой.
Бенаси екі қолымен бетін басып, үнсіз қалды да, сәл өзіне-өзі келген соң ғана қолдарын түсірді. Дәрігердің көзіндегі жасты көріп, Женестаның да көңілі бұзылды.
— Қайғыдан қабырғам қайысты, — деп Бенаси әңгімесін әрі қарай жалғастырды. — Мен мына күйкі тіршіліктен басқа бір өмірге қарай ойысқан кезде ғана есімді жинап, дұрыс ойлай алатын болдым. Барлық пәлені жіберіп отырған жаббар иенің өзі екенін сонда ғана түсіндім де, соның айтқаныңа көніп, монтанылыққа бой алдыра бастадым. Әрине, оған бірден көндіге алғаным жоқ, менің қызба мінезім әлі қалмаған еді; іште жалындаған оттың қоламтасы соңғы найзағай кезінде біржола сөнді; мен католикке лайық бірден-бір шешімге келгенше талай рет бұлтақтадым. Мен ақыры өзімді-өзім жоқ қылмақ болдым. Шығар жол таппай далғарғандықтан, осындай сұмдық қадамға салқын қандылықпен шешілдім; өмір бізден безінсе, біз де одан безіне алатын шығармыз деп ойладым. Кісінің өзін-өзі өлтіруіне табиғаттың өзі-ақ жол береді-ау деген ұғым пайда болды менде.
Асқынған ауру адамның тәнін қалай күйретсе, қайғы да оның жаның солай күйретеді; демек, деп ойладым мен, егер адам жан ауруының азабын тартса, оның өзін-өзі жоққылуға әбден хақысы бар: «айналма» болған қой өзінің басын ағашқа соғып мыж-мыж қылмай ма?! Жан дертінің азабы тән дертінен жеңіл деп кім айтады.? Оған менің әлі күнге дейін күмәнім бар. Мен білмеймін, кімнің рухы әлсіз: өмір бойы үмітін үзбей емексіп өткен кісі ме, әлде үмітін пышақ кескендей біржола үзген кісі ме? Менің түсінуімше, — табиғи өлім тән дімкәстігінің біткен жері болса, өзін-өзі өлтіру де рухани дімкәстіктің соңғы сатысы; бірақ рухани өмір адамның ерік-жігерінің ерекше заңдарына бағынады, сондықтан өзіңнің өміріңді қию үшін ақылдың келісімі керек: демек, кісіні өлтіретін пистолет емес, оның ақылы. Сонымен қатар, біз бақыттың рақатына батып жүрген сәтте бізді қайғыға душар қылған оқиғаның өзі біздің бұдан әрі бишаралық халден бас тартуымызға ақтау бола алмай ма?
Сол бір қаралы күндерде, тақсыр, мен көп ойландым, ақыраяғында, әлгіден жоғарырақ ой түйіндедім. Біраз уақыт ежелгі мәжусилік ілімдерге бой ұрдым, солардан адамға берілген жаңа бір хұқықтарды іздедім, бірақ білімнің осы заманғы шамшырақтарына ілесіп, жаңағы ежелгі даналардан әрегірек бардым, бір кезде тұтас жүйеге келтірілген мәселелерге үңілдім. Эпикур адамның өзін-өзі өлтіруін жосықты деп есептеген. Бұл оның философиясының табиғи түйіні. Оның ойынша, сезім ләззаты жоқ жерде өмір сүру мүмкін емес, ал егер оған жол жабық болса, ен дұрысы және әбден ықтималдығы жанды мақұлықтың жансыз табиғатқа қайтадан қосылып кетуі, сөйтіп тыныштық алуы, өйткені адамның бірден-бір мақсаты бақыт жөне бақытқа жету үміті; сондықтан кімде-кім қасірет шексе жөне ол қасіреттен арылуға үміті болмаса, өлімнің өзі игілік болып саналады; өз өмірін өз еркімен аяқтау ақылы дұрыс адамның ең соңғы амалы осы.
Эпикур бұл әрекетті мақтамаған да, жазғырмаған да; ол Бахусты дәріптей келіп, мынадай сөздермен шектелген: «Бәріміз де өлеміз, сондықтан бұл жерде күлетін де, көздің жасын төгетін де ештеңе жоқ». Одан гөрі жоғарырақ моральді, борыш жөнінде қатаңырақ көзқарасты уағыздаған Зенон мен оның ізбасарлары кейбір жағдайларда табандыларға өзін-өзі өлтіруді мәслихат еткен. Зенон былай деп есептеген: адамның жануарлардан айырмашылығы олар өзін-өзі өзінің ықтиярымен билейді; өзінің өмірі мен өліміне билік жүргізетін құқығын алып қойыңызшы, сіз оны дереу адамдар мен оқиғалардың құлы етесіз. Әркімнің өз өмірі мен өлімін билеу құқығы бізге табиғат пен қоғамның тарапынан болатын пәлелерге қарсы тұру үшін мүмкіндік береді; ал басқаның өмірі мен өліміне билік жүргізу құқығы жауыздықты тудырады.
Адам іс-әрекеттің шексіз бостандығына ие болған жағдайда ғана күшті. Дауасыз қатенің зардаптарынан қалай құтылу керек? Қарабайыр адам масқаралықтың уытып түгел ішіп қойса да өмір сүре береді, ал кемеңгер адам улы шөп ішсе де өліп кетеді; адамның сүйегін мүжіп жатқан құяңнан, адамның бет-аузын жеп жатқан жегіден санаулы күндік өмірді жырып алу қажет пе? Кемеңгер адам қолайлы сәтін тауып, алдауыш емшілерді қуып жібереді де, өзінің қасіреттерімен ығыр қылған достарына бақылдық сөздерін айтады. Ал енді қолыңа қару алып өзімен шайқасқан баскесердің қарауына өзің түсіп қалсаң не істер едің? Не бағындым деп тізе бүк, немесе басынды жаңғырыққа сал: ақымақ басын жаңғырыққа салады, қорқақ бағынып тізе бүгеді, ал кемеңгер ақырғы сәтте де өзінің бостандығына ие болады — өзін-өзі өлтіреді. «Бостан адамдар, — деп жар салыпты бір табанды, — бостан бола біліңдер: құмарлықтарыңды борышқа құрбан етіп, солардан бостан болыңдар; қанжар мен у арқылы қол жеткізбейтін етіп адамнан бостан болыңдар; қуып жете алмайтын етіп, алдына тосқауыл қойып, тағдырдың билігінен бостан болыңдар; міндеттемемен шатастырып алмай, ескі ұғымдардан бостан болыңдар; жолы болмаған талай мұндарларды өмірге байлап қоятын дөрекі соқыр сезімдерді жену арқылы жабайы үрейден бостан болыңдар».
Осы дәйектерді ежелгі заманның философиялық бақшасынан ажыратып алғаннан кейін, мен оларды басқа бір топыраққа христиан топырағына апарып отырғызбақ болдым; ол үшін оларды жаббар хақтың бізге сыйлаған ерік бостандығының қисынымен нығайтып алмақ болдым, ал ерік бостандығын құдай тағала күндердің күнінде бізді өзінің сотымен соттау үшін жіберген болатын. Мен енді: «Нақ сол кезде өзімді-өзім қорғайтын боламын», — деп бекіндім. Ал бірақ, тақсыр, осы пайымдаулар менде өлгеннен кейін бізді не күтеді деген ой туғызды да, сол тұста мен өзімнің іргесі шайқалып кеткен ескі нанымдарыммен тоқайласып қалдым.
Мәңгілік туралы ой біздің ең бір болмашы шешімдерімізге ықпалын тигізе бастаған кезде, адам өміріндегі барлық нәрселер маңызды болып көрінеді: Жаңағы ой адамның жан жүйесіне өктемдік ықпалын тигізеді де, адам өзінің бойында соның әсерімен өзін шексіздікпен байланыстыратын әлде қандай бір мол кеңістікті сезгендей болады, сөйтіп айналаның бәрі ғажайып өзгеріске келеді. Егер өмірге осындай көзқарас тұрғысынан қарайтын болсаң, оның барлық ұлылығын да, барлық сорлылығын да түгел көресің. Мен өзімнің күнәларымды сезіне тұра, жер бетінде әлі де үмітім бар кезде, өзімнің қайғымды тіршіліктің әр түрлі күйбеңіне бөлшектеп таратып жіберген кезде, мен ол дүниені ойыма алған емеспін де. Әйелді сүю, өзіңді әйелдің бақытына бағыштау, отбасының иесі болу осының бәрі өзіме маза бермей жүрген күнәмнің өтеуі болмайтын ба еді? Егер ол талабым орныңа келмесе, өз өмірімді балама арнау да сол күнәмнің өтеуіне жүре алмас па еді? Жан жүйемнің осынау қажетін өтеуге ұмтылған екі мәрте талабым сәтсіз болғаннан кейін, адам баласының ғайбаты мен ажал екеуі қосылып, менің жанымды мәңгі құсалыққа душар еткен кезде, менің барлық сезімім мұқалып, өзім өмірден еш нәрсе күтпейтін болған кезімде, міне дәл сол тұста мен қайтадан аспанға қол жайып, құдайдың ниетіне иек арттым. Бірақ мен дінді өзімнің өліміме ортақтас құныкер етпек болдым. Сонсоң інжілді қайтадан оқып шығып, одан өзін-өзі өлтіруге тыйым салатындай бір сөз таппадым; бірақ жарылқаушының құдайлық сөзіне бой ұрдым. Рас, ол жанның мәңгілігі жөнінде ештеңе айтпайды, есесіне өз әкесінің тамаша патшалығын баяндайды; ол біздің өз әкелерімізді өлтіруімізге тыйым салмайды, бірақ зұлымдық атаулының бәрін айыптайды. Оның әулиелерінің атақ-абыройы және солардың жоғарыдан жіберілгендігінің дәлелі заңдарды жасағандығында емес, жер бетіне жана заңдардың рухын таратқандығында.
Осы тұста маған келген ой адамның өзін-өзі өлтіргенде жасады-мыс дейтін ерлігі өзін-өзі жазалағандығы болып табылады; өйткені егер оның өліп кетуге ерік-жігері жеткен болса, онда оның өмір сүруге һәм күресуге де ерік-жігері жетуге тиісті болады; қасіреттен бойыңды алып қашқанда сен күштілігіңді көрсетпейсің, әлсіздігіңді көрсетесің; оның үстіне дәрменсіздіктің салдарынан өмірмен қоштасу христиан дінінен бас тарту деген сөз, ал оның негізінде Айсаның; «қасірет шеккендерде иман бар» деген асқақ сөздері жатыр.
Сонымен, адамның өзін-өзі өлтіруін, тіпті барлық үміт-арманының бәрі түгел күйреген жағдайда да, тіпті адам жанының ұлылығы деген жалған ұғымға сүйеніп, үстінен жендеттің балғасы төніп тұрған сәтте өзін-өзі жоқ қылатын болса да, мен енді оны ақтамайтын болдым. Айса пайғамбар айқыштың азабына барды да, бізге адамдар заңды әділетсіз қолданып жатқанда да соған бағынуды үйретті. Айқышта ойып жазылған және қасиетті сөзге бойлай алатын адамдардың бәріне түсінікті «өзінен-өзі бас тарту» деген сөз бүкіл құдіретті мән-мағынасымен менің көз алдыма келіп елестей қалды.
Менде сақталып қалған сексен мың франк ақша бар еді, мен енді адамдардан аулақтап кетейін де, қалған өмірімді меңіреу селендік жерде өткізейін деп шештім; бірақ өзі тектес адамдардың қоғамына өш-араздық және қатал томаға тұйықтық желеуімен бой көрсеткен даңқойлық католик дінінде уағыздалатын имандылыққа жатпайды. Адамды жек көрген адамның жүрегі қасірет шекпейді, қайта қасаң тартады, ал менің жүрегім қансыраған жаралы еді. Шіркеу жайын, оның қасірет шеккендерге көрсететін көмегін ойға сала келіп, мен оңашалықта оқыған дұғаның қандайлық тамаша екенін түсіндім, сөйттім де, ертедегі ата-бабаларымыз айтқандай, жаратқанға жалбарынып қызмет еткеніндей берік шештім. Менің бұл шешімім өзгермейтін нық еді, бірақ мен әуелі мақсатқа жетудің жолдарын зерттеп біліп алу құқығын өзімде сақтап қалдым. Мен барлық дүние-мүлкімді саттым да, жан жүйемді тыныштандырған болып, кеттім де қалдым. «Дүние жаратқанның ішінде» деген нақыл менің адастырмас үмітім болды.
Әулие Бруно орденінің жарғысы менің жан жүйемді билеп әкетті, терең ойға берілген күйде Гранд-Шартрезге жаяу кеттім. Ол бір естен кетпейтін күн еді. Аяғыңды аттап басқан сайын табиғаттың ақыл жетпейтін күш-қуаты айқын көрінетін осы жол маған кереметтей терең әсер етер деп тіпті ойламаған екенмін. Айналаның бәрі аспанға қарай шаншылған биік жартастар, сол биіктен құлдырап құлаған шыңырау, жыра-сайлар, мына тылсым тыныштықты сылдырымен толтырып тұрған бұлақтар, шексіз дала, соны әр тұстан қоршап тұрған тау жоталары, алжайы әуестік сезімімен қызық іздеп келген адамға пана болғандай қуыс үңгірлер, ғасырлар бойы қатарын жазбай тұтасып тұрған шыршалар, көздің жауын ала жайнаған түрлі-түсті гүлдер осының бәрі адамды мүлгіген тыныштыққа жетелейді. Әулие Бруноның йен әлемінде келе жатып, даурығып сөйлеуге, қатты күлуге болмайды, өйткені бұл жер қалың мұңның мекені.
Мен Гранд-Шартрез монастырына бардым, мүлгіген ежелгі күмбездердің астында жүріп араладым, биік белдіктердің астында жылап аққан бұлақты көрдім. Өзімнің бишаралығымды мойындау үшін кельяның ішіне кіріп көрдім; сонда маған тыныштықтың бір ызғарлы лебі соққандай болды; ғибадатханадағы ежелгі дәстүр бойынша есікте жазулы тұрған сөздерді жүрегім елжіреп тұрып оқыдым; мен өзім ынтығып келе жатқан өмірдің парыздары латынның үш сөзімен баяндалыпты: «Fuge, Late, tace…»
Женеста түсіндім дегендей ишаратпен басын изеді.
— Мен берік шешімге келдім, — деп Бенаси сөзін әpi қарай жалғастырған. — Кельяның қабырғалары піл сүйегімен өрнектеліпті, қатқыл төсек, оңашалық бәрі менің ішкі жан дүниеме сәйкес келіп тұр. Монахтар ғибадат бөлмесінде екен, солармен бірге дұға оқыдым. Сол жерде жанағы шешімім кенет өзгерді …
— Тақсыр, мен католик шіркеуін жазғырғалы тұрғаным жоқ, мен оның рәсімдерін мүлтіксіз орындаймын, парыз-қағидаларына сенемін, бірақ мына дүниеге мағұлымсыз және бұл дүние үшін өліп қалған қарттардың оқыған дұғаларын тыңдап тұрып, мен монастырьдағы оқшауланудың тұп негізінде асқақ өзімшілдік сияқты бір нәрсе бар екенін түсіндім. Мұндай оқшаулану бұл дүниені тәркі қылып кеткендерге ғана жарасады, бұл сарғайып барып өзін-өзі өлтірудің нағыз өзі екен, мен оны теріске шығармаймын, тақсыр. Шіркеу осындай бекіністерді құрған екен, демек, олар қоғамға пайдасыз кейбір христиандарға қажет. Ал мен болсам, менің райдан қайтуымнан қоғамға бір пайда келсін деймін.
— Қайтар жолда өзімнен-өзім біржола бас тартудың жоспарын қалай жүзеге асырудың жолдарын ұзақ ойландым. Ой жүзінде қатардағы матростың ғұмырын кештім, отанға қызмет етудің ең төменгі сатыларына қойдым өзімді, ақыл-ойға қажеттілік атаулыдан аулақтаттым, содан бір кезде мұндай өмір қаншалықты еңбекшіл, қаншалықты құрбандыққа толы болғанымен, пайдасы аз-ау деген қорытындыға келдім. Егер құдайдың маған азды-көпті ақыл-ой қабілетін бергені рас болса, соны адамзаттың игілігіне жұмсау менің борышым. Ашығын айтқанда, менің бойымда адамдармен рухани аралас-құраластыққа қажеттік бар еді, сондықтан ойсыз істелген істер бұған сай келе бермейді. Сонсоң, егер мен матрос бола қалсам, менің рухани болмысыма тон мейірбандықты қай жерде жүріп жүзеге асырмақпын, әрбір гүлдің өзіне тән жұпар иісі бар емес пе.
— Мен осы араға түнеп шыққанымды сізге айтқанмын. Сол түні менде осы өлкенің жүдеушілігіне байланысты құдайдың өзі бұйырғандай бір аяушылық сезім пайда болды. Әке қуанышының ащы дәмін бір рет татқан басым енді соған біржола берілуге пейіл едім, енді сол әкеліктен әлдеқайда кең көлемдегі қамқорлықты талап ететін мейірбан аға қызметін атқарып, бүкіл өлкедегі кедейлердің жараларын емдеуге әзірлік сезіндім. Менің ойыма келгені сонау жас кезімде-ақ құдай тағала маған дұрыс жолды нұсқап, дәрігер болуға итермелеген еді ғой, сол білімімді дәл осы жерде қолданбақ болдым. Оның үстіне, мен өзімнің жолдамамды; «Жаралы жүректерге түнек пен тыныштық» деп жазып едім ғой; өзіме-өзім зорлап таңған істі жүзеге асыру керек емес пе. Мен үндемеумен өзімнен-өзім бас тарту жолына түстім. Картезиандардың «Fnge, Late, tace» деген сөздері менің ұраныма айналды, еңбегім шипалы дұға, адамгершілік тұрғыдан өзімді-өзім өлтіруім осы кантонның өмірі болып алды; өлкенің үстіне екі қолымды жазып жіберіп, бақыт пен қуаныштың ұрығын себемін, өзімде жоқ нәрсені соларға беремін. Жарық сәуледен алыста, шаруалармен бірге тұруға етім үйренді, мен шын мәнінде қайта тудым. Бет-ажарымның сиқы өзгерді, күн көзінен күстеніп, әжіммен айғыздалды. Жүріс-тұрысым да шаруаларша, сөйлеген сөзім де соларға ұқсас, киім киісім парықсыз, сәнді үлгіге ұқсамайды, қылтың-сылтыңның бәрі қалды. Өзім қақ ортасында болған жарқылдақ қауымның сәнқойлары, менің париждік таныстарым мені көрсе, бір кезде сол қауымда жарқ-жұрқ еткен адамды нәзік сән-салтанатқа, Париж мейманханаларының талғампаз әдеттеріне үйренген серіні танымай қалар еді. Өмірде жалғыз-ақ мақсаттың жолына түскен барлық адамдар сияқты, сыртқы көріністің бәрінен мен қазір бейжаймын. Мен бір-ақ нәрсені ойлаймын өмірмен қалай қоштасамын; мен соның ақырын болғызбауға да, тездетуге де құштар емеспін, бірақ ажалдың ауруы туралап келген күні ешбір өкінішсіз өмірден кетемін. Мен осы араға келіп қоныстанғанға дейінгі өмірімді шын жүректен сізге баяндадым. Өзімнің күнәларымды ірі күнәларымды жасырып қалғаным жоқ, алайда ол кімде болса да бар. Қасіретті көп шектім, әлі де сағат сайын шегемін, бірақ сол қасіреттерімнен бақытты болашақтың пейілін көремін. Мен тағдырға көндіктім, бірақ мен жеңе алмайтын бір қайғы бар. Бүгін сіздің кез алдыңызда мен ішімде бұғып жатқан қасіретімді сыртқа шығарып ала жаздадым, бірақ сіз оны байқаған жоқсыз.
Женеста орнынан ұшып тұрды.
— Иә, капитан Блюто, ол сіздің көз алдыңызда болды. Біз Жакты жайластырып жатқызарда Кола апайдың төсегін маған сіз өзіңіз нұсқап едіңіз той. Мен қай баланы көрсем де, өзімнің айырылып қалған періштем көз алдыма келеді де тұрады; өзіңіз ойлаңызшы, ажалдың аузында тұрған баланы кереуетке көтеріп салу мен үшін қандай ауыр екенін. Мен балаларға бейтарап қарай алмаймын.
Женеста сұп-сұр болып кетті.
— Иә, балалардың сүп-сүйкімді ақшабдар бастары, бейкүнә бетбейнелері әрдайым менің бақытсыздығымды еске түсіріп, қайғымды қозғалтып кетеді. Мен ойлаған сайын зәрем кететін бір жайт бар; менің осы өлкеде істеген битімдей жақсылығым үшін жұрт атынан жарыла алғыс айтып жатады, ал сол жақсылықтың бәрі — менің ар азабымның жемісі. Менің өмірімнің құпиясын, капитан, тек сіз ғана білесіз. Егер мен осы ерлікті өзімнің күнәларымнан гөрі сәл бәсеңдеу сезімнен алсам, мен әбден бақытты болар едім! Бірақ онда айтар әңгімем де болмас еді.
V таpay
МҰҢДЫ ӘУЕНДЕР
Бенаси өзінің хикаясын аяқтады да, офицердің бет-ажарында қандай қасіреттің ізі тұрғанын көріп, таңғалды. Мейманның жаны ашығыштық сергектігіне риза болды, соның көңіліне қаяу түсірдім-ау деп іштей өзіне ренжіді, соны жуып-шайғандай болып:
— Рас-ау, менін қасіретім, капитан Блюто … — дей берген.
— Мені капитан Блюто деп атамаңызшы! — деп, Женеста оның сөзін бөліп жіберді, сөйтті де, орнынан ұшып түрегелді; өзіне-өзі қатты налығандай түрі бар. — Ешқандай капитан Блюто жоқ бұл жерде, ал мен нағыз оңбаған адаммын!
Бенаси тіпті қайран қалып, Женестаға қараған; ол үйге кіріп кетіп, шыға алмай жүрген түкті арадай, қонақ бөлменің ішінде байыз таппай тызылдап жүр.
— Онда сіз кім боласыз, тақсыр? — деп сұрады Бенаси.
— Мәселе сонда ғой! — деді офицер, дәрігердің қарсы алдына қайтадан келіп отырып, бірақ оның бетіне тура қарай алмады. — Мен сізді алдадым, — деді ол сәлден кейін даусы қалтырап. — Өмірімде бірінші рет өтірік айттым да, соның сазайын мықтап тұрып тарттым; себебі енді менің бұл араға не үшін келгенімді, неге астыртын жүргенімді түсіндіріп айтуға аузым барар емес. Былайша айтқанда, сіздің жан-дүниеңізге кіріп шыққандай болғаннан кейін, енді мені капитан Блюто деп атағаннан гөрі, сізден бір шапалақ жегеннің өзі жеңіл болар. Сіз, әрине, менің бұл өтірігіме кешірім жасарсыз, бірақ мұны мен өзіме еш уақытта кешпеймін; өйткені мен, Пьер-Жозеф Женеста, өзімнің өмірімді құтқарғым келіп тіпті әскери соттың алдында да өтірік айтпас едім.
— Сіз майор Женестасыз ба? — деді Бенаси жұлып алғандай, орнынан тура беріп. Ол офицердің қолын алып, шын жүрегінен қысып тұрды да, сөзін жалғастырды: — Тақсыр, жаңа өзіңіз айттыңыз, біз таныспай жатып дос болдық деп. Мен өзім де сізбен кездесуге құмартып жүргенмін, өйткені Гравье мырза сіз туралы көп айтушы еді. Сізді ол Плутархтың қаһарманы деп атайтын.
— Плутарх қайда бізге! — деді Женеста. — Мен сізге лайық емес екенмін, сол үшін өзімді-өзім сабап алуға бармын. Мен сізге өзімнің құпия сырымды тұп-тура айтып беруге тиістімін. Тегінде, мен осында келіп, сіз туралы мәлімет жинау үшін, осылай бетперде ұстап келгенім дұрыс та болған шығар. Енді білетін болдым, сіздің алдыңызда ауыз ашпауым керек екенін. Мен туралап ашық келсем, сізге де қиындау болатын еді. Сізді әлдеқалай ренжітіп алудан мені құдай сақтай көрсін!
— Рақым етіңізші, майор, мен түгіне түсінбей тұрмын.
— Оны айтудың қажеті жоқ. Менде ешқандай ауру жоқ, мен қасыңызда бір күнді тамаша өткіздім, ертең қайтамын. Гренобльде енді сізге тағы бір дос табылды, сенімді дос. Пьер-Жозеф Женестаның әмияны, қылышы, қаны сіздің құзырыңызда. Жалпы сіздің сөзіңіз шұрайлы топыраққа сіңді. Міне мен де зейнетке шыққан бойда, бір меңіреу түпкірге мэр болып барамын да, сізге ұқсап бағамын. Менде сіздің біліміңіз жоқ, бірақ мен үйренемін.
— Оныңыз рас, тақсыр, қауымның шаруашылығындағы бір ғана, тіпті болмашы олқылығын толтырайын деп қолға алған жер иесі ең тәуір деген дәрігерден кем пайда келтірмейді; біреуі адамның науқасын емдесе, екіншісі отанның денесіндегі жараны емдейді. Дегенмен сіздің сөзіңіз мені елең еткізді той. Айтыңызшы, сізге бір пайдамды тигізе аламын ба?
— Пайдамды дейсіз бе? — деді офицер даусы дірілдеп. — Құдайым-ай, қымбатты Бенаси мырза, сізге өтініш айта келген шаруамды енді ләм деп айтуға батылым баратын емес. Бері қараңызшы, өз өмірімде мен талай христианды өлтірген шығармын, бірақ жүрегі ізгі бола тұрып та, шайқаста кісі өлтіру деген бола береді, менің бет әлпетім дөрекілеу болғанмен, менде әлі де біраз нәрсені түсінетін қабілет бар.
— Айтсаңызшы енді.
— Айтпаймын, сізді тіпті де ренжіткім келмейді.
— Мен қасіретке төзе алатын адаммын, майор.
— Мәселе бір баланың өмірі жайында еді, — деді офицер таты да даусы дірілдеп.
Бенаси қабатын түйіп, қолымен айта бер дегендей ишарат білдірді.
— Баланың өмірі жайында, — деді Женеста қайталап, — ұқыпты да тұрақты күтім болса, әлі де құтқаруға болар еді. Өзін түгелдей бір ғана ауру балаға арнайтын дәрігерді қайдан табасың? Қалада атымен табылмайды. Сізді тамаша адам деп жұрттың бәрі айтады, бірақ сол бекер шығар, көтермелеп айтқан сөз шығар деп, мен көп күмәндандым. Сондықтан, осы жұрт соншама мақтаған адам қандай екен, өзім барып білейінші деген ойға келдім. Енді міне…
— Жетті, — деді доктор, — ол сіздің ұлыңыз ба?
— Жоқ, жоқ, қымбатты Бенаси мырза, менің өзіме онша абырой бермейтін бір оқиғаны сізге баяндап беруге тура келеді, сонда өзіңіз-ақ түсінесіз. Сіз маған өз жайыңызды сыр қылып, сеніп айттыңыз ғой, ендеше мен де айтайын өзімнің сырымды.
— Сабыр етіңізші, майор, — деді де, доктор Жакотаны шақырып алды; ол дереу жетіп келіп еді, доктор шай әкел деп тапсырма берді. — Байқайсыз ба, жұрт түнімен тырп етпей ұйықтайды, ал менде ұйқы жоқ… ішімді қайғы езгілеп жатады, соны сейілту үшін шай ішемін. Бұл өзі адамды есеңгіретіп, жүйке-жүйесін бұйықтырады, ұйқыны келтіреді, маған күш беріп жүрген сол Сіздің шай ішкіңіз келе ме?
— Маған монастырьдан келген шарабыңыз дұрысырақ болар, — деді Женеста.
— Шарап болса шарап болсын. Жакота, — деді Бенаси күтушісіне, — шарап пен бисквит әкеліңіз. Түнге қарай тыңайып алайық, — деді ол енді мейманына қарай бұрылып.
— Шай сізге зиянды болар,- деп қойды Женеста.
— Ол менің құяңымды қоздырып жібереді; бірақ бір дағдыланып кеткен соң қоя алмай жүрмін. Көңілдің ең болмаса кешке қарай сергігенінің өзі қандай жақсы. Ал, кәне, құлағым сізде. Бәлкім, сіздің әңгімеңіз менің ұзақ естеліктен қозғалып кеткен жан жарама тыныштық әкелер.
— Сонымен, қадірменді доктор, — деді Женеста, — босаған стақанды каминнің үстіне қойып жатып, Мәскеуден кейін шегінген соң менің полкым поляктің бір шағын қалашығында демалысқа аялдаған. Алтынның құнын бергендей қылып аттар сатып алдық та, жайласып, императордың қайтып оралуын күтіп жаттық. Бәрі де дұрыс. Сізге айтып қояйын, сол кезде менің бір досым болды. Біз кейін шегінген кезде, фамилиясы Ренар деген унтер-офицер мені талай рет өлімнен құтқарды, өзіме талай жақсылықтар жасады, сонсоң біз туысып кеттік, әрине, әскери тәртіпті бұзған жоқпыз.
Біз бір шатырдың астында, бөренеден қиып салынған үйде тұрдық; егеуқұйрықтың ініңдей тана баспанада тұтас бір үйлі жан тұратын, оған сіз атыңызды да байламас едіңіз. Үйшіктің иесі бір еврей еді, кәсіптері кез келген нәрсемен сауда қылу. Шал әкелері біздің шегінгенімізді пайдаланып, көксоқтада қолын әжептәуір майландырып алды. Сондай бір адамдар болады ғой тірісінде батпаққа батып жүреді де, өлгенде алтынға малынады. Үйдің астындағы подвалды қуыс-қуыс қылып тақтаймен бөліпті де, соларға өзінің балаларын тығып тастапты, ішінде бір сұлу қызы да бар екен ондай сұлулар тек еврей қыздарының арасында ғана болады, тек әйтеуір бой-басы таза болсын, шашы жирен болмасын. Қыздың жасы он жетілерде, кескіні аққұба, көзі мөлдіреп тұр, қиылған ұзын қастары қап-қара, жылт-жылт еткен қолаң шашына қолыңды бір тигізуге құмартасың. Қысқасы, хас сұлудың өзі!
Осынау тығылып жатқан қазынаны алғаш рет ашқан мен едім; бір күні кешке, ойымда бөтен ештеңе жоқ, қорқорымды бұрқыратып, көше бойында серуендеп жүргенмін; жұрт мені ұйықтап жатыр деп ойлаған болар. Сондағы көргенім өте қызық көрініс еді: балалар иттің күшіктері сияқты арсы-гүрсі. Ата-аналары солармен бірге кешкі тамақ ішіп отыр. Мен отағасының қорқорынан бұрқыраған түтіннің ара-арасында жарқырап отырған еврейдің жап-жас аруын көрдім: бір уыс бақырдың ішінде жарқыраған жап-жаңа алтын теңгелік сияқты.
Қымбатты Бенаси мырза, менде бүкіл өмір бойы махаббат жайында ойлауға уақыт болған емес-ті. Ал мына жерде осы қызды көруім мұң екен, осы күнге дейін өзім тек табиғаттың ырқына ғана бағынып келгенімді түсіндім. Бұл жолы мен ғашық болдым ақыл-ойыммен, жүрегіммен, өзімнің бүкіл болмысыммен түгел беріле ғашық болдым. Құлағыма дейін құлай берілдім махаббатқа, және, қалай берілдім деңіз! Қорқорымды бұрқыратып ұзақ тұрдым, еврей қызынан көз алмай қараймын, ол шырағданды сөндіріп, төсегіне барып жатқанша қараумен болдым. Таң атқанша көзжұмғаным жоқ. Түні бойы қорқорымды қайта-қайта толтырып аламын да, көше бойы селеңдеп жүремін. Бұған дейін мұндай нәрсе ойға да келмеген. Өмірімде тұңғыш рет үйлену жайын ойладым. Таңертең атымды ерттеп алдым да, екі сағат бойы далада шапқылаумен болдым, өзіме-өзім келгенше шабамын деп, атымды зорықтырып ала жаздадым.
Женеста сөзді тоқтатып, өзінің жаңа досына секемдене қарап алды да, былай деді:
— Ғапу етіңіз, Бенаси, мен сөзге шебер адам емеспін, ойыма не келсе, соны айтып тұрмын; мейманханада отырсақ, мұны айтуға ұялар едім, ал сіздің жөніңіз басқа, оның үстіне деревняда…
— Айта беріңіз, — деді дәрігер.
— Мен қайтып келсем, Ренар абыржып отыр. Мені біреу жекпе-жекте өлтіріп кетпеді ме екен деп ойлапты; сонсоң пистолетін тазалап, мені аруақтар әлеміне аттандырған адаммен барып жанжал шығаруды ойластырған түрі екен… Көрдіңіз бе алаяқты! Мен оған өзімнің махаббатымды айттым, үй иесінің балалары жатқан қуысты көрсеттім. Ренар олардың ыбырсыған өмірін түсінетін, сондықтан оның маған көмектесуін өтіндім; менің ойымды қыздың әке-шешесіне жеткіз, өзімді Юдифьпен оңаша жолықтыр дедім.
Қыздың аты Юдифь еді.
Тақсыр, екі апта бойы дүниеде менен бақытты адам болмады: күн сайын кешкілік еврей шал әйелі екеуі мені Юдифьпен бірге отырып кештік ішуге шақырады. Бұл жайттың барлығы өзіңізге мәлім; зеріктіріп алмау үшін оның бәрін сізге айтып жатпай-ақ қояйын; бірақ сіз темекінің дәмін білмейсіз той, сондықтан сіз түсіне қоймассыз инабатты адамның өзі сүйген сұлудан көз алмай қарап отырып, өзінің жақын досымен және қыздың әкесімен бірге жайлап қана қорқорды бұрқыратып отыруы қандай рақат екенін. Таптырмайтын рақат!
Мен сізге айтайын, Ренар Париждің жігіті болатын, сері болып өскен. Әкесі бакалея бұйымдарының көтерме саудасымен айналысады екен, баласына тәп-тәуір білім әперіпті де, нотариустық қызметке әзірлепті. Әр нәрсеге үйретіп те үлгірген екен, баласын рекрут жөнімен әскерге алып кетіпті, өзі де кеңсесімен қоштасса керек. Жігіттің дене бітімі мундирге деп жаратылған, өзі де сымбатты, әйел көзіне тартымды еді. Юдифь соны сүйіп қалған екен, ал менің керегім көк тиындай болса керек.
Мен қызға ынтығып, көңілім аспандағы бұлтты шарлап жүргенде, Ренар қу нысанаға айналма жолмен келіпті: опасыз жігіт қызбен сөз байласыпты да, жергілікті заң бойынша некелесіп қойыпты, әйтпеген күнде рұқсатты ұзақ уақыт күтуге тура келеді екен. Егер мына некелесу заңды деп танылмайтын болса, онда кейін француз заңы бойынша үйленемін деп, ол уәде беріпті. Ал шындығында Ренар ханым Францияға барғанда қайтадан Юдифь бикеш болып шыға келетін еді.
Ол кезде мен осы жайларды білген болсам, Ренарды сеспей қатыратын едім, бірақ қыз, оның әке-шешесі және менің жолдасым өзара әбден сөз байласыпты. Мен қорқорымды бұрқыратып, Юдифьті әулиесітіп жүргенде, Ренар оңаша жолығу жөнінде сөзді пісіріп, өзінің шаруаларын тындырып жүріпті.
Осы оқиғаны мен міне сізден басқа ешкімге айтқан емеспін, өйткені оның ішінде неше түрлі опасыздықтар бар еді; менің мүлде түсінбей қойған бір нәрсем: біреудің алтын ақшасын ұрласа ұяттан өліп кететін ер адам, енді ұялмай-қызармай, өз досының сүйікті әйелін ұрлап әкетеді, сонымен қоса бүкіл бақытын, өмірін заяға жібереді. Қысқасы, суайттар үйленіп, рақатқа батты, ал мен болсам, кеш сайын солармен бірге болып, бір дастарқаннан тамақ ішіп, нағыз ғашық адамдай Юдифьтің қасына отырғанға мәз болып жүріппін, мені адастырар кездегі аярлығына езуімді жырта жымиып жауап беріппін.
Олар осы алдағандары үшін қатты жазаланды! Арыммен ант етейін, жаратқан иеміз тіршіліктің түйткілдерін біз ойлағаннан гөрі тереңірек түсінеді екен. Міне орыстар келіп, біздің екі жақ бүйірімізді басып алды. Мың да сегіз жүз он үшінші жылдың науқаны басталды. Біз қоршауда қалдық. Бір күні таңертең бұйрық келді белгіленген уақытта Любцен төңірегінде майдан даласында болсын депті. Дереу жорыққа аттансын дегенде, император жағдайды, әрине, білген ғой. Орыстар алдымызды орап кетіпті. Полк командирі қала маңында тұратын бір поляк әйелімен қоштасамын деп айналшықтап жүргенде, алдынғы шептегі казак отряды біздің полковникті қасындағы нөкерлерімен қоса қолға түсірді.
Біз зорға дегенде атымызға мініп үлгіріп, қала сыртында сапқа тұрдық та, оқ жаудырып, орыстарды кейін тықсырдық, сөйтіп түнде тайып тұруымызға жол аштық. Үш сағат бойы тынымсыз айқасып, кереметтей ерлік көрсеттік. Біз соғысып жатқанда, біздің полктың көліктері ілгері кетіп қалыпты. Бізде зеңбірек парқы болатын, оқ-дәрі запасы сонда еді; бәрі императорға дәл қазір керек; өлсең де, тірілсең де соны дереу тауып беру керек. Біздің орыстарға жанталаса қарсылық көрсетуімізді көрген жау жағы бізде тұтас бір корпустың күші бар деп ойласа керек. Бірақ барлаушылары дереу бұл ойдың қате екенін, бізде небәрі бір атты әскер полкы мен қосымша жаяу әскерлер бөлімшесі ғана бар екенін дереу жеткізіпті. Міне содан кейін-ақ, тақсыр, кешке қарай олар алдарының бәрін жапыра-жайпап шабуылға шықты да, басакөктеп төнді дейсің үстімізге, көбіміз сол жерде жайрап қалдық. Қалғанымыз қоршаудамыз.
Ренар екеуміз алдыңғы шепте едік. Ол менің көз алдымда жанталаса соғысып, жауға қарай оқты жаудырғанда, құдды бір ішінде ыбылыс отырғандай еді, сонда әйелін ойлап жүрді-ау, жазған. Соның арқасында біз қалаға қарай жол ашып өттік; оны қорғап тұрған ауру солдаттарды көргенде, адам аярлық еді түрлерін. Ренар екеуміз енді ең соңғы лекте келеміз; қарасақ, жолды казактар басып алыпты. Бір казак найзасын кезеп, маған қарай төніп келеді екен, Ренар соны көре салып, атының сауырымен көлденеңдеп келіп, мені қорғап қалды; аты бір керемет арғымақ еді, найза соған қадалды да, жануар Ренарды да, казакты да астына ала, құлап түсті. Мен казакты сеспей қатырдым да, Ренарды қолынан тартып суырып алдым; сонсоң қапқа салған астыққа ұқсатып, алдыма өңгеріп алып, тартып кеттім.
— Бақыл бол, капитан, бәрі бітті, — деді ол маған.
— Жоқ, деймін мен жауап қатып, әлі көреміз!
Қаланың шетіне келіп кірдік. Мен атымнан секіріп түстім де, маңайдан бір құшақ сабан әкеліп, үстіне Ренарды отырғыздым. Басын қылыш тіліп кеткен екен, шашының арасынан миы шашырап шығып жатыр, бірақ өзінде әлі тіл бар. Иә, ол сондай мықты адам еді!
— Біз есеп айырыстық, — деді ол. — Мен сен үшін өмірімді құрбан еттім, бірақ сенен Юдифьті қағып әкеткенмін. Егер баласы аман-есен туса, өзін де, баласын да қамқорлығыңа ал дұрысында, соған үйлен.
Қаным қайнап кетті, төбет иттің өлексесіндей тастап жүре бердім, бірақ ашуым басылған соң қайта келдім. Өліп қалыпты. Казактар қалаға өрт салды; мен Юдифьті есіме алып, соған бардым. Атыма мінгестіріп алдым да, шегініп бара жатқан полкты қуып жеттім. Юдифьтің әкесі де, үй іші де суға қарқ болғандай жымжылас, топан судан қашқан егеуқұйрықтай тайып тұрыпты. Юдифь Ренарды күтіп жалғыз өзі қалыпты. Өзіңіз түсінесіз ғой, алғашында мен оған бір ауыз сөз айтқан жоқпын. Мың сегіз жүз он үшінші жылдың қайғылы науқаныңда, тақсыр, мен оны қамқорлыққа алдым, жайлырақ жерге орналастырып жүрдім, өзін күттім; сондықтан ол айналада не болып жатқаның байқамаған да болар. Мен оқиғаның алдын алып, ылғи оны өзімізден он льедей ілгерірек Францияның шекарасына қарай жақынырақ жерге апарып орналастырамын. Біз Ганау түбінде шайқасып жатқанда, ол ұл тапты. Осы соғыста мен жараланып қалып, Юдифьті Страсбургте қуып жеттім, сонсоң біз Парижге бардық, сол кезде менің жолым болмай, бүкіл науқан бойы Парижде науқастанып жаттым. Егер соның кесірі болмағанда, мен ол кезде император гвардиясының гренадері болып жүретін едім, себебі император мені сонда ауыстырып, жоғарылатпақшы болған. Қысқасы, тақсыр, мен біреудің әйелі мен баласын асырауға мәжбүр болдым, сонда менің үш бірдей қабырғам сынық еді. Өзіңіз түсінесіз, алатын жалақым азғантай. Ренардың әкесі, тіс қаққан көрі көкжал, келінінен бас тартты; Юдифьтің әкесі із-түзсіз тайып боп кетті. Ол байғұстың өзі де қайғыдан әбден жүдеген-ді. Бір күні ертеңгісін менің жарамды қайтадан байлап жатып, жылап жіберді.
— Юдифь, сенің балаңның болашағына айқыш қою керек, — дедім мен.
— Маған да қою керек айқышты, — деді ол күбірлеп.
— Жо, — дедім сонда. — Керек қағаздарды тауып алайық, сонсоң мен саған үйленемін де, ұлды заңдастырамыз.. Кімнің ұлы дегенді айтпадым. Юдифьтің маған алғыспен қараған мұңды көзін көргенде, тақсыр, адам қандай істен де тартынбайды екен, ал енді оның ұлы сол күннен бастап менің жүрегімнен мықтап тұрып орын алды. Бізге жіберілген қағаздар мен Юдифьтің әке-шешесі бізге жеткенше оның әлі құри берді. Өлерінің алдында ол барлық күшін жинап, әдемі киімдерін киді, істелуге тиісті барлық рәсімдерді істеді, бір буда қағаздарға қол қойды; баласына ат қойылып, әке табылғаннан кейін, қайтадан барып төсегіне жатты; мен оның екі қолынан, маңдайынан сүйдім, сонсоң ол жүріп кетті. Менің үйлену тойымның түрі осындай болды! Ертеңіне мен оның қабіріне арнап бірнеше кез жер сатып алдым да, өзім қу жетімектің әкесі болып шыға келдім; мың сегіз жүз он бесінші жылдың науқаны жүріп жатқан кезде, мен оны бір күтуші әйелге беріп бақтырдым.
Сол кезден бастап, мен сізге айтайын, менің өмірімдегі осы оқиғаны жан адам білген емес, өйткені бұл мақтаныш қылатын жағдай емес, бірақ сол балаға өз ұлымдай қамқорлық жасадым. Оның атасы мал-мүліктен айырылып, бүкіл отбасымен Персия мен Ресейдің арасында бір жерде қаңғырып жүр деп естідім. Бәлкім, ол түбінде байып та кетер, асыл тастармен сауда қылатын білгіш адам деп естимін. Баланы колледжге орналастырдым, таяуда өзін математикаға отырғызып қойдым, Политехникалық училищеге түсіп, оны үздік бітіріп шықсын деген ойым бар; бірақ байғұс бала шаршап ауырып қалды. Көкірегі ауырады. Париждегі дәрігердің айтуынша, ол әлі айығып кете алады дейді; ол үшін тау аралап көп жүруі керек, оған жаны ашып күтетін адамның үнемі қарауында болуы керек екен. Міне сол себептен де мен сізді еске алдым, сізбен танысайын, сіздің көзқарасыңызды білейін, өмір салтыңызбен танысайын деп әдейі іздеп келдім. Бірақ сіздің әңгімеңізді тыңдағаннан кейін, сіз бен біз жақсы дос-жар адамдар болсақ та, сізге мұндай сабытты енді сала алмайтынымды түсіндім.
— Майор, Юдифьтің баласын алып келіңіз, — деді Бенаси азғана үнсіздіктен кейін. — Сірә, құдай тағала мені соңғы рет осындай сынға салайын деген болар, мен соған төземін. Бұл бейнетті мен жасаған иенің өзіне тарту етемін, өйткені оның ұлы да айқышқа керіліп өлді ғой. Оның үстіне сіздің әңгімеңіз мені қатты тебірентті, бірақ әйтеуір ешқандай зақым келтірген жоқ; ал мұның өзі жақсы нышан.
Женеста дәрігердің екі қолынан ұстай алып, қатты қысты, көзінен аққан жасын да тыйған жоқ, күнқақты бетінен сорғалатып қоя берді; сонсоң барып тіл қатты:
— Бұл сыр енді екеуміздің арамызда құпия болып қалсын.
— Әлбетте, майор. Сіз неге ішпей отырсыз?
— Ішкім келмейді, — деді Женеста. — Өзіме-өзім келе алмай отырмын.
— Жарайды, ал баланы қашан әкелесіз?
— Тіпті ертең де әкеле аламын, тек айтсаңыз болды. Ол екі күннен бері Гренобльде.
— Жарайды, ертең ертемен жүріп кетіңіз де, дереу қайтып оралыңыз. Мен сізді Қабыршы қыздың үйінде күтемін, біз сәскелікті соның үйінен ішерміз.
— Келістік, — деді Женеста.
Екі дос бір-біріне қайырлы түн тілеп, ұйқыға кеткен. Олар өз бөлмелерінің екі арасындағы алаңға жетіп, Женеста шырағданды терезенің алдына қоя бергенде, Бенасиге қарай бұрылып, ет жүрегі елжіреп тұрып, бір сөзді қызып айтты:
— Астапыралла! Қоштасарда бір сөз айтайыншы: осы ана жақта, жоғарыда біреу бар! — деп, маған сендіріп айтқан сіз үшінші адамсыз! — деп ол қолын аспанға қарай нұсқады.
Дәрігер мұңдана жымиып күлді де, шын жүректен оның қолын қысты.
Келесі күні, таң қылаң бере, офицерқалаға аттанып кетті де, түске таман Гренобльді селенмен жалғастырып тұрған үлкен жолдың Қабыршы қыздың үйіне қарай бұрылатын айрығындағы соқпаққа жақындап келген-ді. Ол үсті ашық екі доңғалақты арбаға дара ат жегіпті, мұндай жеңіл көлікті бұл жердің таулы жолдарында барлық жерден кездестіресің. Офицердің қасындағы жүдеу бас, арықша бала он екі жастарда деп ойларлық, шындығында ол он алтыға кетіп еді. Жолдан бұрылмас бұрын офицер жан-жағына қарап алды; ондағысы мына екі аяқ арбаны Бенасидің үйіне жеткізіп тастайтын бір адам көрінбес пе екен деген ой еді; өйткені мына жіп-жіңішке жалғыз аяқ соқпақпен Қабыршы қыздың үйіне жету деген тіпті мүмкін емес-ті. Айтқандай-ақ, жолға қарай келе жатқан даладағы қос күзетшісі көрінді де, Женестаға сол көмекке келді. Офицер асыранды баласын ертіп, таудың тар жолымен көздеген үйіне қарай беттеген.
— Алдыңда қаншама қуаныш күтіп тұр сенің, Адриен. Бір жылдың ішінде мына тамаша өлкені түп-түгел аралап шығасың, аңшылыққа үйренесің, салт жүріп төселесін, кітапқа үңіле беріп жүдемейтін боласың. Қарашы өзің қызықтап!
Адриен аңғар жаққа науқас баланың күңгірт көзін жайлап бір тастады; бірақ, табиғаттың әсемдігіне онша әуестенбейтін барлық жастар сияқты, ол жүрісін тоқтатпастан:
— Сіз сондай мейрімдісіз, әкетай, — деді.
Ауру дендеген баланың бұл селқостығына қатты ренжіген офицер қыздың үйіне жеткенше ұлына ләм деп тіл қатқан жоқ.
— Сіз қандай ұқыпты едіңіз, майор! — деп қуана тіл қатты Бенаси, ұзынша тақтай орындықтан көтеріле беріп.
Сонсоң ол орындыққа қайтадан отырды да, қамкөңіл көзін Адриенге қарай қадады; оның сарғайып, қажыған жүзіне сынай қарап отырып, сонымен бірге оның ізгілікке толы биязы, сұлу кескініне қызыға аңырып қалды. Шешесінен аумай қалған баланың түсі де сондай нәзік, аққұба, мөлдіреген көздері қап-қара еді, ойлы көздерінің жанары мұңға да толы көрінді. Поляк еврейлерінің өзіндік ерекше сұлулығы осынау балғын жас өспірімнің қою шашпен көмкерілген жүзінде айқын менмұндалап тұр; жалғыз-ақ тым үлкен басы қораштау келген ұсақ денесіне үйлеспейтін сияқты.
— Ұйқыңыз қалай, сүйікті балапаным? — деп сұрады одан Бенаси.
— Жақсы, тақсыр.
— Екі тізеңізді көрсетіңізші маған, балағыңызды түріңіз.
Адриен қызарақтап, бастырма бауларын шешкенде, доктор оның тізесін әбден бажайлап қарады.
— Солай, солай! Кәне, бірдеңе айтып көріңізші, қаттырақ айқайлап айтыңыз!
Адриен даусын шығара қатты дыбыс берді.
— Жарайды. Қолдарыңызды әкеліңізші бермен…
— Жас жігіт құдды әйелдердің қолындай аппақ, бірақ қан тамырлары көгілдір тартқан тым әлсіз қолдарын ілгері қарай созды.
— Париждеті өзіңіз оқыған мектеп қалай аталады?
— Людовик XIV-нің лицейі.
— Директор сіздерге түнде өз тілектеріңізбен дұға оқымады ма?
— Оқыды, тақсыр.
— Демек, сіз бірден ұйықтай қоймадыңыз ғой?
Адриен үндеген жоқ, сонсоң докторға қарап Женеста сөйледі:
— Бұлардың директоры священник, өте инабатты адам, менің кішкентай жауынгерімді ол жерден алып кетіңіз деп кеңес берген сол кісінің өзі, денсаулығының нашарлығына байланысты.
— Несі бар, деді Бенаси, өзінің жайдары көздерін Адриеннің алаңдаған көздеріне туралап қарап. Біз мұны емдеп жазамыз. Бұдан нағыз еркек жасаймыз. Тату екі адам болып өмір сүреміз, достым! Кешкісін ерте жатамыз, таңертең ерте тұрамыз. Балаңызды атқа мінуге үйретемін, майор. Бір-екі ай асқазаның емдейміз, сүтке пісірген тамақтарды ғана ішеді; сонсоң мен бұған қару-жарақ ұстауға рұқсат алып беремін, баланы Бютифенің қолына тапсырамын, екеуі қосылып серна ататын болады. Балаңыз бес айдай деревняда тұрсын, сонсоң өзіңіз де танымай қаласыз, майор. Бютифе де аспанға қолы жеткендей болады.
Ол жүгірмекті мен білемін; ол сізді, достым, Швейцарияға кейін алып барады, Альпі арқылы төтесінен тау шындарына шығарады; сөйтіп алты айдың ішінде бойыңыз бір қарыс өсетін болады; екі бетіңіз қызарып, жайнап шығасыз, жүйке-жүйеңіз нығаяды, лицейден алған зиянды әрекеттердің бәрінен арыласыз. Ал содан кейін қайтадан оқуға кірісесіз де, адам боласыз. Бютифе адал жігіт, ақшаны соған сеніп тапсырамыз, сіз екеуіңіз серуендеп, аңшылық құрып жүргенде, барлық шығынды сол төлеп тұрады, сол жарты жылдың ішінде ол ақылға тоқтап, содан өзі көп нәрсені ұтып шығатын болады.
Дәрігердің әрбір сөзінен кейін Женестаның жүзі жайнай берді.
— Жүріңіздер, сәскелік ішейік. Біздің бикеш те сіздерді көргенше асығып отыр, — деген Бенаси Адриенді еркелете бетінен сипап қойды.
— Сонымен, мұнда өкпе ауруы жоқ болды ма? — деп сұраған Женеста, дәрігерді қолтықтап, оңашаға қарай алып шығып.
— Атымен жоқ.
— Ендеше мұныкі немене?
— Ей, жай әншейін, есею кезеңіндегі өліара ғой, — деді дәрігер.
Табалдырықта Қабыршы қыз көрінген, Женеста оның үстіндегі қарапайым киімнің соншалықты сәнділігіне таң-тамаша болды. Кешегі шаруа қыз емес, киімді талғап киген нағыз Париждің бикеші, бұған қарағанда көз жанары баурап барады. Офицер көзін тайдырып әкетіп, жаңғақ ағашынан жасалған жалаң үстелге қараған; үстінде дастарқаны жоқ болса да, әбден жалтырата тазартылған екен, жайнап тұр; үсті деревняның тамағына толып тұр: жұмыртқа, май, пирог, таудың жұпар иісті жидегі. Бойжеткен үй ішін де гүлмен жайнатып жіберіпті нағыз мерекедегідей. Офицерде кенеттен осы бір ұядай үйдің, осынау көкорайдың отағасысы болсам ба екен деген бір тілек пайда болып кетті де, қызға бір үміт, бір күдікпен қараған; сонсоң жаңа кіре бергендегі көзқарасынан қысылғандай көзін тайдырып әкеткен қыздың Адриенді аялап жатқан ықыласына сүйсіне қарады.
— Сіз байқадыңыз ба, майор, — деген Бенаси, — сіздің осында мейман ретінде сый-құрметке ие болғаныңыз қаншалықты қымбатқа түскенін? Соның өтеуіне мына менің шәкіртіме әскери өмірден бір оқиға жайын әңгімелеп беруіңізге тура келеді.
— Офицер мырза әуелі асықпай сәскелік тамағын ішіп алсын, ал енді кофесін ішкен соң…
— Әрине, айтамын, құлшынып-ақ айтамын, — деген Женеста, — бірақ бір шарт қоямын: сіз де өз өміріңізден бір қызық әңгіме айтатын боласыз.
— Шын, тақсыр, менде ешқандай қызық оқиға болған жоқ… Әңгіме қылып айтуға тұрарлықтай ештеңе, — дейді қыз екі беті дуылдап; — тағы бір пирог жейсіз бе, достым, -деп ол енді алдындағы табақшасы бос тұрған Адриенге қарай бұрылды.
— Жеймін, бикеш.
— Пирог өте дәмді екен, деп Женеста қостап қойды.
— Ал қазір бұл кісінің кілегей қатқан кофесін көресіздер, — деді Бенаси қызбаланып.
— Мен одан гөрі тамаша үй бикесінің әңгімесін тәуір көрер едім.
— Сіз олай бастамаңыз істі, — Женеста, дейді оған дәрігер. — Бері қарашы, айналайын, қызым, енді ол Қабыршы қызға қарап, қолын қысты, — мына офицердің түсі суық болғанымен, жүрегі өте мейірбан, сондықтан бұдан ұялудың қажеті жоқ. Айтасың ба, айтпайсың ба, — ол өз шаруаң. Байғұс балапаным-ау менің, сенің әңгімеңді тыңдап, түсінетін дүниеде үш адам бар — үшеуі де сенің алдыңда отыр. Айтшы бізге, бұрын болып па еді жүрегіңді дүбірлеткен жайттар, бірақ сен ойлама бұлар қазіргі құпияларымды білгісі келеді екен деп, жоқ, олай емес.
— Мінеки Мариетта сіздерге кофе әкелді, — деді қыз — тамақтарыңызды ішіп алыңыздар, ал мен сіздерге өзімнің жүрек сырларымды айтып берейін. Ал сіз, офицер мырза, өз уәдеңізді ұмытып кетіп жүрмеңіз, — деп ол Женестаға назды көзімен қарап қойды.
— Қалай ұмытамыз, мадмуазель, — деп офицер басын иіп тағызым етті.
— Жасым он алтыға келгенде мен жиі ауырдым, — қыз әңгімесін осылай бастаған, — бірақ мен Савойяның жолдарында әрлі-берлі жүріп, қайыр сұраудан тыйылғам жоқ. Қоналқаға Эшельге барамын да, қоймада сабан төсеп жата кетемін. Маған баспана беретін бекет ауласының иесі; өз басы өте қайырымды кісі еді, ал енді әйелі жек көріп алды да, ұрысумен болды. Мен соған қатты қорланушы едім, қайыршы болғанмен, ешқандай зияным жоқ, ертенді-кеш дұға оқимын, ұрлық қылмаймын, Құдайдың айтқан өсиеті бойынша тіршілік етемін, ал қайыр сұрайтыным ешқандай шаруа істей білмеймін, өзім аурумын, сондықтан кетпен көтермек түгіл, ине сабақтауға шамам келмейді.
Бір күні иттің кесірінен мен бекет ауласынан қуылып кеттім. Мен бесікте жатқан күнімнен былай қарай жылы сөз естіген емеспін, ата-ана жоқ, сырлас құрбы жоқ, ешқандай қуаныш жоқ. Мені марқұм Морен әжем өсірді, көп жақсылық істеді, бірақ бір рет болса да елжіреп баурына басты ма екен, есімде жоқ, оған уақыты да болмайтын; қырда еркектің жұмысын істейді; кейде аяушылық білдіріп отырады да, кенет қолыма қасықпен тарс еткізеді мен көжеге көбірек бас қойып жатсам сөйтеді, тамақты біз бір табақтан ішеміз. Байғұс, менің Морен әже-екем. Дұға оқыған сайын оны еске алмайтын күнім жоқ. Құдай Тағала оған мұндағыдан гөрі ана дүниеде дұрыс өмір берсе екен, әсіресе астындағы төсегі жайлы болсайшы; ылғи ренжіп жүруші еді, қатты жерге жата алмаймын деп екеуміз бірге жататынбыз.
Иә, сонымен, сіздер білмейсіздер ғой, бажылдап ұрысқанның қандай жаман болатының, әсіресе ақырып-зекіріп, көзді алартып жатса, жүрегің езіліп кетеді, одан да пышақты сұғып алған жеңіл шығар. Мен осыған көндігіп кеткен талай қайыршы шалдарды білемін; ал мен солай кісіден тіленіп жүру үшін жаралғаным жоқ қой. «Қайыр бермейміз» деген сөзді естісем болды, еңіреп қоя беремін. Бір түннен бір түн ауырлай берді жаныма, бар таянышым дұға оқу. Жалғанның жарығында бар қайғыңды сыртқа шығарып, мауқыңды басатын бір жанашыр болсайшы. Маған жылы ұшырайтын көк аспан ғана. Кейде сол аспан көкпеңбек болып тұрса, мен соған қуанамын. Бұлтты жел айдап кетеді, мен жартастардың арасында бір паналау жерге жатып аламын да, қадалып аспанға қараймын. Сонсоң өзімді бір керемет маңғаз бәйбішедей көремін. Кейде аспанға соншалықты тесіле қарап жатамын да, өзімді сол көгілдір мұнар арасында жүзіп бара жатқандай сезінемін, қиялмен сол аспанды шарлап кетемін, өзім бір тал мамықтай жеңілейіп, жеті қат кекке өрлеп кетемін.
Сол кезде құмартып жақсы көретін де нәрселерім болды. Бір күні бекет үйінің ауласындағы ит күшіктепті; сондай сүйкімді күшік туыпты: өзі аппақ, аяқтарының ұшында қара нүктелері бар; періштедей пәк күйі әлі күнге көз алдымда! Сол күшік қана маған жылы шырай білдіруші еді; мен де оған тәтті-дәмді бірдеңемді сақтап жүремін; өзі мені таниды, кешке алдымнан шығады, менің жаман киімдерімді жатсынбайды, еркелеп, аяқтарымды жалайды; ал енді көздерінде ғажап бір жылылық, сондай назды еркелік бар, соған қарап тұрамын да, жылап қоя беремін: «Дүниеде мені жақсы көретін тек сен ғана», деймін.
Қыстыгүні бұйығып, менің аяғыма оралып жатады. Соны біреу ұрып жатса, таяғы менің етіме тигендей болады; сондықтан мен оған біреудің үйіне кірме, сүйек-саяқ тасыма деп үйретемін; сонсоң ол мен әкелген нанды ғана жейтін болды. Мен бір нәрсеге ренжіп отырсам, қасыма жүгіріп келеді: «Неге мұңайып отырсың, байғұсау», — деп айтқысы келгендей, мөлиіп қарап тұрады. Қандай тамаша күшік еді: біреулер өтіп бара жатып, майда ақша тастап кетсе, бұл жүгіріп барып, шаңның арасынан тауып алады да, маған алып келеді, сол күшікке үйірсіп, өзіме баурай бастағаннан былай қарай көңілім бір түрлі жадырап кетті. Күн сайын бірнеше су майда ақша жинап, елу шақты франкіге жеткізсем, бекет ауласының иесінен соны сатып алмақшы болдым. Күшіктің маған үйір екенін сезген үй бикесі кенеттен сол күшікке өзі қамқоршы болғансып шыға келді. Ал енді мен сіздерге айтайын, сол титімдей күшік бикені кереметтей жек көретін. Сенің жан дүниең қандай екенін, сенің кімді жақсы, кімді жек көретініңді жануарлар өздері сезеді. Мен жиырма франкілік алтын ақшамды ішкі белдігіме түйіп, жасырын сақтап жүргенмін, бір күні бекетшінің өзіне келіп былай дедім:
— Құрметті Монсо мырза, мен жыл бойы ақша жинап, сіздің күшігіңізді сатып алмақшы едім. Ендігі жағдай мынадай — сол күшік сіздің әйеліңізге ешбір қажеті болмаса да, соны біржола алып қоймай тұрғанда, күшікті маған жиырма франкіге сатыңызшы, мінеки алыңыз ақшамды.
— Қой, қызым, керек емес маған сенің жиырма франкің. Құдай сақтасын, кедейлерден ақша алатын маған не көрініпті! Итті ала бер. Ал әйелім бажылдайтын болса, бұл жерден кетіп қал.
Ит үшін әйелі оған бас салды дейсің келіп… Құдай-ай, айқайлағанда тура үйі өртеніп жатыр ма екен деп ойлағандайсын! Сонда не істеді дейсіздер ғой! Күшіктің маған қарай бұрылып тұрғаның көріп, өзі ондай жасай алмайтыныңа көзі жеткеннен кейін, әйел оған у берді. Бишара күшік менің қолымда тұрып өлді. Мен өзімнің ұлымды жерлегендей қайғырдым. Шыршаның түбіне апарып көміп едім, сол жерде тұрып көздің жасын төктім келіп.
Сонда маған мынадай ой келген: құдай мені жалғыз етіп жаратқан екен, енді маған бақытты болу да жоқ шығар, жалған дүниеде бір жақын адамым жоқ, көзімен мүсіркеп енді маған кім қарайды дейсің?! Қысқасы, түні бойы мен сол жерде, ашық аспанның астында отырдым да қойдым, құдайға жалбарындым, маған бір аяушылық көрсетсіп деп. Содан жолға шыққанда көргенім қолы жоқ бір бала келе жатыр, жасы ондар шамасында. «Жаббар хақ менің сөзімді естіген екен, деп ойладым мен, өйткені бүгін түндегідей мен еш уақытта дұға оқып, тілек тілеп көрген емеспін. Енді осы жарымжанға көмектесейін, туған анасындай болайын; қайырды бірге сұрайық, бірге жүрсек, көбірек жинармыз; бәлкім, осы үшін мен қайыр сұрағанда да батылырақ болармын».
Бала алғашқы күндері риза сияқты көрінген, риза болмағанда қайтеді: мен барлық тілегін орындаймын, тамақтың тәуірін соған беремін, соның күніне айналып кеттім; ал ол мені қажытты, мейлі қажыта берсін, жалғыздықтан тәуір ғой. Сөйтсем, әлгі оңбаған бала менің күшік сатып алмақ болған жиырма франкімді біліп қойыпты да, белдігімді сөгіп, алтын ақшамды ұрлап әкетіпті. Ойлап қараңыздаршы, қолы жоқ, бірақ ұры! Зәрен қалай ұшпасын! Осыдан кейін өмірден тіпті безініп кеттім. Содан түсінгенім: мен біреуді жақсы көрсем болды, дүние дереу теріс айналады! Бір күні қарасам, Эшель жолының үстінде тауға қарай өрлеп бір сәнді күйме көтеріліп барады, үстінде бір бойжеткен отыр, сондай сұлу тура Мария қыз сияқты; қасында жас жігіт отыр иә, нақ соның өзі. Жігіт маған бір экю күміс ақша тастады да, қасындағы қызға бұрылып:
— Қарашы, қандай әдемі қыз, — дегені ғой.
Бенаси мырза, жалғыз сіз ғана түсінесіз, осы бір мақтау сөздің мені қандай қуантқаның, өйткені бұрын еш уақытта ондай сөз естіп көрген емеспін-ді; жолаушының сол ақшаны тастамағаны-ақ жақсы еді. Білмеймін маған не болғаның; сірә, сол сөз басымды айналдырып жіберді-ау деймін, таудың жалғыз аяқ жолымен төтелеп жүгіре жөнелдім де, әлгі жолаушылардан көп бұрын Эшель қырқасына шығып кеттім, ал күйме тауға әрең-әрең көтерілді. Мен жаңағы жігітті тағы бір рет көрдім, ол таңданып қалды, ал менің қуанғаным сондай, жүрегім көкірегімнен шығып, ұшып кете жаздады; мен өзім түсінбеймін, сонда мені әлгі жігітке еліктірген не нәрсе екенін. Ол мені таныған кезде, мен тағы да ілгері қарай жүгіре жөнелдім, олар алдымыздағы Құз құлама суының қасына тоқтап, соны қызықтар деп ойладым; өзім сол жерге жеттім де, жол бойындағы жаңғақ ағаштарының арасына жасырынып отырдым; әлгі жолаушылар күймеден шығып, мені тағы да көргеннен кейін, менің жай-күйімді сұрастыра бастады, сірә, жағдайымды көріп, жандары ашыған болулары керек.
Мен сондағы сұлу жігіт пен оның қарындасы айтқандай жылы-жылы сөздерді өмірімде естіген емеспін, қыз — соның қарындасы екеніне менің ешбір күмәнім жоқ. Бүкіл бір жыл бойы соларды еске алып жүрдім, солар қайтып келер-ау деп үміттендім. Сол бір жолаушы жігітті тағы бір көрер болсам, сол үшін бүкіл өмірімді аямас едім деп ойладым, маған ұнағаны сондай еді.
Содан былай қарай, Бенаси мырзамен танысқанға дейін, менің өмірімде басқа ешқандай оқиға болған жоқ; тіпті әдепкіде балға киетін көйлегі құрғырды өлшеп көргенім үшін үйінен қуып шыққан үй бикесін де аяп, соған өзімше кешірім жасағанмын, міне осымен біттім. Шының айтқанда, сол әйел графиня болса да, содан артық екенімді өзім білемін, ал менің сөзіме сіздер сенеді деп ойлаймын.
— Көрдіңіз бе, Құдай Тағала қайткенде де сізге жар болған ғой, — деген Женеста сол үнсіздіктен кейін, — сіздің бұл жердегі жағдайыңыз тамаша ғой, судағы балықтай қалқып жүрсіз.
Осы сөз айтылғанда қыз дәрігерге ыстық алғысқа толы көз жанарын бір жалт еткізген.
— Шіркін, мен бір байып кетер ме едім кереметтей! — деді офицер тебірене сөйлеп.
Бәрі де тым-тырыс.
— Сіз бір әңгіме айтамын деп едіңіз ғой, — деді қыз сыбырлап.
— Иә, айтамын, — деп жауап қатты Женеста. — Фридланд түбіндегі шайқастың қарсаңында, — деді ол сәл кідірістен кейін, — мен тапсырмамен генерал Дадуге барғанмын; содан қайтып келе жатқанда, жолдың бұрылысында, императормен бетпе-бет кездесіп қалдым.
— Сен капитан Женестамысын?
— Дәл солай, сіздің жоғары мәртебеңіз.
— Мысырда болып па едің?
— Дәл солай, сіздің жоғары мәртебеңіз.
— Сен бұдан былай бұл жолмен жүрме, — деді ол, — анау тұстан бұрыл, солға қарай: дивизияна бұдан әлдеқайда тез жетесің.
Сіздер білсеңіздер-ау, императордың сол жолы маған қандай ізгілікпен кеңес бергенін, ал сонда өзінің жұмыстары басынан асып жатыр-ау, жер жайын шолып, ұрыс даласымен танысып келе жатқан беті. Сіздерге осы оқиғаны айтып отырған себебім, ол кісінің зердесі қандай екенін сіздер білсін деп отырмын, мені де жүзбе-жүз танитының да еске сала кету. Мың сегіз жүз он бесінші жылы мен ант бердім. Егер сол кінәм болмаса, бәлкім, мен қазір полковник болар едім; өйткені мен Бурбондарға опасыздық жасаймын деп ойлаған емеспін: ол кездегі менің басты ойым Францияны қорғау. Император гвардиясының гранадерлер эскадронында командирмін; жарақатым жаныма батып жүрсе де, Ватерлоо түбіндегі шайқаста қылышымды біраз сермеп бақтым.
Ал бәрі біткеннен кейін мен императорды Парижге дейін ертіп бардым. Ол Рошфорға аттанып кетті, мен де соның соңынан кеттім, өзінің бұйрығына да қарағаным жоқ. Жолда кетіп бара жатқанда әp түрлі жағдайлар кездесіп қала ма деп, сол кісіні қорғап барғаныма қуанышты едім. Бірде серуендеп қайту үшін ол теңіздің жағалауына шыққан, сонда мен он қадамдай жерде күзетте тұрғанмын. Қасыма таянып келді де:
— Қалай, Женеста, әлі тіріміз бе? — деді.
Сол сөзінен жүрегім езіліп кетті. Өз құлақтарыңызбен естіген болсаңыздар, сіздер де дәл солай қалтырап кетер едіңіздер. Ол порттың кіріс-шығыс жолдарын күзетіп тұрған құрып кеткір ағылшын кемесін нұсқап:
— Мынаған қараймын да, өз гвардиямның қанына тұншығып өлмеген екенмін деп өкінемін! — деді.
Дәрігер мен қызға кезек-кезек қарап алды да, Женеста сөзін қадап айтты:
— Ол дәл солай деді. «Сіздің өзіңіздің тура шабуылға баруыңызға жол бермей, сізді күймеге отырғызып аттандырып жіберген маршалдар сіздің достарыңыз емес еді!» — дедім мен императорға.
— Менімен бірге жүріңіз! — деді ол маған. — Ойында біз әлі ұтылған жоқпыз!
— Сіздің жоғары мәртебеңіз, сіздің соңыңыздан мен зор ықыласпен еремін, бірақ бұл жолы емес, себебі менің қолымда шешесінен жетім қалған жас нәресте бар, мен қазір бос емеспін.
Жағдай солай болды, осы Адриеннің жағдайына қарап, мен Елена әулиенің аралына бара алмай қалдым.
— Тұра тұршы, мен саған еш уақытта ештеңе сыйлап көрген жоқ екенмін, сен көздері көреген, қолдары алағандар қатарына жатпайсың ғой, мына темекі сауытты алшы, соңғы жорықта жанымда болып еді. Сонсоң өзің осы Францияда қал, ер жүрек адамдар оған да керек! Бұрынғыша қызметіңді атқара бер де, мені ұмытпа. Сен өзім Франциядан аттанып бара жатқанда көрген мысырлық жауынгерлерімнің көзі тірі біреуі екенсің.
Осыны айтты да, шағын темекі сауытты маған ұсынды.
— «Ар-намыс пен отан» деген сөздерді бүйіріне ойдырып жазғызып ал, бұл сөздерде біздің соңғы екі науқанның бүкіл тарихы бар.
Сол екі арада оның қасына еріп жүрген адамдар келді де, біз ертеңгілік уақытты түгелдей бірге өткіздік. Император жағалауда ерсілі-қарсылы жүр, өңі өте сабырлы, тек анда-санда қабағын түйіп, маңдай терісін жиырып алады. Түске таман кеменің кете алмайтыны белгілі болды. Ағылшындар оның Рошфорда екенін біледі, демек, не өз еркіңмен беріліп, тұтқынға түс, немесе бүкіл Францияны қайтадан кесіп өт. Біз қауіптене бастадық. Уақыт өтетін емес. Наполеон екі оттың ортасында қалды: бір жағында Бурбондар, олардың қолына түссе, дереу атып тастайды, ал екінші жағында ағылшындар; оларға да іші жылымайды, өздерін-өздері масқара қылды; өздерінен елдік сұраған жауды жартасты жалаңаш аралда бұғаулап тастаған масқарасын олар енді жуып-шая алмайды. Осындай қарбаластың арасында нөкерлерінің бірі императорға капитан Дорені таныстырды. Бұл оны Америкаға қашырып жіберемін деген теңізші әскери болатын.
— Капитан, сіз оны қалай істемек едіңіз? — деп сұрады одан император.
— Ал былай болады, сіздің жоғары мәртебеңіз, — деп жауап қатты теңізші, — Сіз сауда кемесіне отырасыз, ал мен өзіңізге берілген адамдармен бірге, ақ жалау көтеріп бригпен кетемін. Сонсоң біз ағылшын кемесіне таянып барып, бір бүйірден шабуыл жасаймыз да, оны өртеп, жарып жібереміз, сол кезде сіз қастарынан өте шығасыз.
— Ал біз сізбенен бірге кетеміз, — дедім мен капитанға.
Наполеон бізге қарап тұрды да:
— Капитан Доре, сіз Францияға керек боласыз, — деді.
Наполеонның көңілі босағаның мен сонда бірінші рет көрдім.
Ол бізге қолын бұлғап қоштасты да, өзінің орныңа қарай кетті. Ол ағылшын кемесіне таянып барғанда, мен де жөніме кеттім. Ол өзінің анық өлімге бара жатқаның білді. Айлақ басында бір жансыз бар екен, сол император осында деп жауларға белгі беріп қойыпты. Міне, сонда Наполеон соғыс даласындағы әдепкі әдетімен ең соңғы амалын істемек болған жаудың қарсы шабуылын күтпестен, қасқиып өзі жауға қарсы барған. Сіз жаңа өз басыңыздың қайғысын айттыңыз, ал соны әулие тұтқан адамдардың ашынуына тең келетін не бар дейсіз?!
— Сіздің сондағы темекі сауытыңыз қайда? — деп сұрады қыз.
— Гренобльде, мен оны қобдишаға салып сақтап қойдым, — деді офицер.
— Сіз әдейі барып көруге рұқсат етіңізші. Сізде сол кісінің қолымен жанасқан заты бар дегенге тіпті адамның сенгісі келмейді, қолы қандай еді, сұлу ма еді?
— Өте сұлу болатын.
— Сол кісінің өлгені рас па? — деп қыз тағы да сұрады. — Шының айтыңызшы.
— Иә, жаным, ол кісі өлген.
— Мың сегіз жүз он бесінші жылы мен титімдей ғана едім, басындағы қалпағын ғана көріп қалдым, оның үстіне сол жолы өзім Гренобльдеті тобырдың аяқ астында тапталып қала жаздағанмын.
— Кофе тамаша екен, — деді Женеста. — Ал, қалай, Адриен, бұл жер саған ұнай ма? Біздің бикешке келіп тұрасың ба?
Адриен жауап берген жоқ, қыздан қысылатын сияқты, сондықтан оған туралап қарамайды. Дәрігер баладан көз алмай бақылап отыр, оның жан дүниесін түгел көріп отырған тәрізді.
— Әрине, келіп тұрады, — деп сөзге қосылды Бенаси. — Қой, үйге қайтатын уақыт болды, мен бүгін салт атпен көп жерді аралауым керек. Мен жоқта екеуіңіз Жакотамен уәдені пісіретін боласыздар.
— Сіз бізді шығарып салмайсыз ба? — деп сұраған қыздан Женеста.
— Шығарып салғанда қандай, айтпақшы, Жакотаға апарып беретін кейбір заттарым да бар еді-ау, — деп жауап қайырды қыз.
Бұлар дәрігердің үйін бетке алып жүріп кеткен; сол қонақтарының ортасында тіпті көңілденіп алған қыз оларды тау ешкілерінің сүрлеуімен тіпті елсіз иен жерлер арқылы бастап келеді.
— Офицер мырза, — деді бір кезде қыз үн қатып, — сіз өзіңіз туралы еш нәрсе айтпадыңыз ғой, соғыс кезінде бастан кешкен бір оқиғаңыз жайында естігім келеді менің. Наполеон жайындағы әңгімеңіз өте ұнады, бірақ көңілге қаяу салады екен… Айтып жіберіңізші…
— Бикеш дұрыс айтады, — деп қызды Бенаси қостады. — Жолда бір қызық оқиғаны әңгімелеп беруіңізге тура келеді. Березинадағы қырманда болған жайттар сияқты бірдеңені еске түсіріңізші.
— Естелік деген менде көп емес, — деді Женеста. — Кейбіреулердің басында неше түрлі оқиғалар болады, ал мен ешбір оқиғаның ортасында ер атанып көргенім жоқ. Тоқтаңыз, иә, бірде өте бір қызық оқиғаның болғаны бар. Мың сегіз жүз он бесінші жылы, ол кезде бар болғаны кіші лейтенант қанамын, бүкіл ұлы армияның құрамында Аустерлицтің түбіне келіп қалғанбыз. Ульмді бірден ала қойған жоқпыз, талай шайқастарды бастан өткіздік, атты әскер жауға қарсы қатты-қатты шабуылдар жасаған. Мен онда Мюраттың қол астында болатынмын; ол кісінің ешкімге ырық бермейтіні белгілі. Науқанның бас кезінде біз меншікті орам-жайлары көп бір жерді алғанбыз. Бір күні кешке таман менің полкым бір әсем қамалдың айналасындағы саябаққа келіп орналасқан, иесі жап-жас бір сұлу әйел екен өзі графиня көрінеді; мен, әлбетте, сол қамалдың ішіне жайғаспақ ойым бар, жігіттерім мен барғанша тонап әкетпесін деп, дереу солай қарай жөнелдім. Қонақ бөлмесіне кіріп барғанда көргенім мынадай жағдай: менің унтер-офицерім, өзі керемет бір ұсқынсыз адам, графиняға мылтығын кезеп тұрып, асқан дөрекілікпен одан бермесін сұрап тұр; мен қылышымды сермеп қалдым да, қолындағы карабинін ұшырып түсірдім, мылтығы атылып кетті де, оты айнаға барып тиді; қолымды құлаштап алып, қылышты тағы сермедім, жаңағы басбұзар жалп етіп құлады. Графиняның айқайы мен атылған мылтықтың даусына оның барлық қызметкерлері жүгірісіп келіп, менің өзіме жабыла кеткелі тұр.
— Тоқтаңдар, — деді сол кезде әйел оларға немісше сөйлеп, — мынау офицер менің құтқарушым.
Сонымен, олар кетіп қалсын… Әйел маған қол орамал сыйлады, әдемі кестелі орамал. Мен соны қазір де сақтап жүрмін; оның айтуы бойынша, осы орамалмен оның орам-жайына қашан келсем де орын табылады екен; менің басыма қандай қиыншылық түссе де, өзі дос және қарындас ретінде, көмекке келеді екен, қысқасы, өзінің барлық әсемдігімен пейіл білдірді. Ал шындығында өзі атқан таңдай ажарлы, ерке мысықтай қылықты еді. Бірге отырып тамақ іштік. Келесі күні де әйелдің қылығынан ес-ақылым қалмады, бірақ сол келесі күні-ақ алдыңғы шепке, әлі есімде Гунцбургке қарай кетуім керек болған, орамалды қалтама салып, жолға аттанып кеттім. Соғысқа кірдім, тілегім біреу-ақ: «Маған оқ тисе екен! Құдай-ай, қасымнан қаншама оқ зуылдап өтіп жатыр, солардың біреуі дарымағаны ма маған?». Бірақ оқ бүйіріме тимесе екен деймін, ондай болса, қамалға қайтып жолай алмаспын, деп ойлаймын. Сонда өмірден безіп жүргенім жоқ, тілейтінім оқ қолымнан тисе екен, падишамның өзі емдеп, өзі күтіп, жазып алар еді-ау, деген тілек. Сөйтіп, жауға қарсы жан аямай-ақ ұмтылдым. Әттең, не керек, айқастан аман-сау шықтым. Содан әрі қарай жүріп кеттік, уақыт өте келе графиня да ұмыт болды. Мінеки, барлық әңгімем.
Бұлар дәрігердің үйіне жете бергенде, Бенаси атына ырғып мінді де, көзден тайып болды. Ол қайтып оралғанда, Жакота Женестаның өтінішімен Адриенді біржола билеп алған-ды. Ол баланы Гравье мырзаның сәнді бөлмесіне орналастырып қойып еді, дәрігер келгеннен кейін, оны жиналмалы кереуетпен оның өз бөлмесінде жатсын деген тәртіп берді; сөзін кесіп айтқандығы сондай, Жакота бір ауыз қарсылық білдіре алмаған. Түстіктен кейін Бенаси офицерді таты да сендіріп айтты: көп ұзамай бала тез айығып, тыңайып кетеді, деді. Көңілі орныңа түскен Женеста Гренобльге қайтып кеткен.
Женеста өзінің асыранды баласын доктор Бенасиге тапсырғалы арада сегіз ай өтті. Мінеки, желтоқсанның бас кезінде Женестаға подполковник атағы берілді де, ол Пуатье қаласында орналасқан полкке баратын болып бұйрық алды. Өзінің басқа жаққа кететінін Бенасиге хабарлағалы отырғанда, оның өзінен де хат келіп қалды: дәрігер Адриеннің біржола айығып кеткенін хабарлапты.
«Бала бұрынғыдан өсіп, ержетті, көңіл-күйі өте жақсы, — деп жазыпты досы. — Осы уақыттың ішінде ол Бютифенің сабақтарын жақсы меңгерді, қазір — тамаша мерген, біздің контрабандистен бір де кем түспейді; әр нәрсеге епті, қимылы ширақ, жаяу жүріске де, салт мініске де қажымайды. Қазір оны танымай қаласың. Он алты жасар баланы қазір жиырмадағы жігіт дерсін, ал келгенде он екіде ғана сияқты еді ғой. Мінезі де сенімді, еркін. Қазірдің өзінде ересек адамдай, енді болашағын ойластыра беруіңізге болады».
«Ертең Бенасиге барып қайтамын, жігітке енді не тапсыру жөнінде ақылдасамын», — деп ойлаған Женеста полк офицерлері өзіне арнап ұйымдастырған кешкі қонақасыға кетті, өйткені көп ұзамай бұл Гренобльден біржола кетпекші.
Подполковник қайтып оралғанда, қызметкері оған арнайы шабарманмен жіберілген хатты берді, әкелген адам жауабын күтіп отырғаның айтты. Офицерлердің өз құрметіне айтылған тостарын көтере-көтере, шараптан әжептәуір басы айналып тұрған Женеста баласының жазуын танығаннан кейін, тағы бір балалық тілек айтқан болар деп ойлады да, хатты үстелдің үстіне тастай салған, соны таңертең шампанның буы тарағаннан кейін бір-ақ ашты.
«Қымбатты әке-тай!»
«Балам да қулана бастаған екен, — деп ойлады Женеста, керек жерінде жарамсақтануды да біледі!».
Кенет көзіне мынадай сөздер ұшыраса кетті:
«Біздің қайырымды досымыз Бенаси қайтыс болды… «
Хат Женестаның қолынан түсіп кетті де, ол әpi қарай көпке дейін оқи алмады.
«Ол кісінің өлімі бүкіл өлкені қасіретке бөледі; біздің өзімізге де күтпеген жағдай болды, Бенаси мырза алдында ғана cап-cay болатын, еш жерім ауырды деген жоқ. Алдыңғы күні, өзінің ажалын сезгендей-ақ, барлық, науқастарды аралап шыққан, тіпті алыстағыларына да барған; кездескен адамдардың барлығымен емен-жарқын әңгімелесіп, бәріне де: «Қош болыңдар «, — депті. Үйге, күндегі әдетпен түстікке қарай, сағат бес кезінде оралды. Жакота оның бетінде қара-күрең дақ бар екенін байқапты; күн салқындау еді, сондықтан басына қан шапшыған кезде істейтін бұрынғы әдетпен аяғын жылы суға салуы керек еді, соны істемепті. Қазір ол байғұс екі күн бойы көз жасын көл қылып жылап отыр: «Аяғын жылы суға салып буласам ғой, ол тірі қалатын еді», — деп зарлайды. Бенаси мырзаның қарны ашып қалған екен, жақсылап тамақ ішті, өзі күндегіден өте көңілді көрінді. Қайта-қайтсі күледі; ондай күлегештігін мен бұрын көрген емен.
— Түстіктен кейін, сағат жетілер кезінде, Сон-Лоран-де-Ионнсін бір кісі келді, науқас адамға тезірек жетсін депті. Бенаси мырза маған айтты: «Амал жоқ, бару керек, — деді. Бірақ ішкен тамағым әбден қорытылғанша маған салт жүруге болмайтын еді, әсіресе күн салқын кезде, — өйте берсең, өліп кетуің де оп-оңай «. Дегенмен ол кетіп қалды. Сағат тоғыз кезінде пошта тасушы Гогла бір хат алып келді. Жакота сол күні кір жуып шаршаған екен, жатып қалған, — хатты маған берді де, Бенаси мырза келген соң каминге от жағып, шай қайнатып берерсің деп тапсырды; өйткені мен әлі де соның бөлмесінде кішкентай жиналмалы кереуетте жататынмын. Мен қонақ бөлмедегі шамды сөндіріп, жоғары көтерілдім, сөйтіп қадірлі досымды өзіміздің төсек бөлмемізде күтпек болдым.
Хатты каминнің үстіне қоймас бұрын, ол кімнен келді екен деп, сыртындағы штемпелі мен жазуына қарадым. Хат Парижден келіпті, маған адресі әйелдің қолымен жазылғандай көрінді. Осының бәрін сізге айтып отырған себебім, бар пәле осы хаттан болды.
Сағат онға таман aт тұяғының тықыры білінді де, Бенаси мырзаның Никольге сөйлеген даусы естілді: «Түн қатты суық. Мен бір түрлі ауырып тұрмын «, — деді. — «Жакотаны оятайын ба?» — деп сұраған Николь. «Жоқ, оятпай-ақ қой». Сонсоң доктор өзіміздің бөлмеге көтерілді. «Сізге шай әзірлеп қойдым», — дедім мен. «Рахмет, Адриен», — деді ол сіздің өзіңізге таныс әдетімен жымия күліп. Бұл оның соңғы рет жымиған емеуріні екен. Міне ол галстугын шешіп жатып, бір түрлі тамағы қысқандай ишарат білдірді де: «Бөлменің іші қапырық екен!» деп креслоға қисая кетті. «Қымбатты дос, сізге хат келді. Алыңыз», — дедім мен. Ол хатты алып, жазуына қарады да, жұлып алғандай: «Құдай-ай! Ол шынымен шыққаны ма бостандыққа!», — деді. Басын шалқайтып алды, екі қолы дірілдеп кетті: шырағданды үстелдің үстіне әкеліп қойды да, хатты ашты. Менің таң қалғаным, Бенаси мырза қатты толқып кетті, сондықтан хатты оқып болғанша мен одан көз алмай қарап отырдым. Бір кезде оның беті ду ете қалды да, еңіреп жылаған күйі сылқ етіп құлап кетті. Қымбатты досымды көтеріп алсам, екі беті долырып барады. «Өліп барамын «, — деді де, тынысы тарылып, өзін-өзі зордың күшімен қимылға келтіріп, тұрмақ болды. «Қан шығарыңыз» — деп дауыстады маған, қолымды қысып жатып… «Хатты өртеңіз, Адриен!» Ол хатты маған ұсынды, мен алдым да, отқа тастадым. Жакота мен Никольді шақырдым, дауысымды Николь ғана естіп, жүгіріп келді; екеуміз Бенаси мырзаны көтеріп, менің кереуетіме, менің қатқыл матрасымның үстіне жатқыздық. Бұл кезде біздің қымбатты досымыз еш нәрсені естімей қалған, көзін ептеп ашқанмен, еш нәрсені көрмейтін. Николь атқа мініп Сордье мырза аталатын фельдшерге шауып кетті; бүкіл селенге дабыл қақты. Жұрттың бәрі дереу тік түрегелді. Сіздің достарыңыз Жанвье мырза, Дюфо мырза жұрттың алдымен жүгіріп келді.
Бенаси мырза жан тапсырып жатты, оған еш нәрсе істеуге болмай қалды. Бордье мырза өкшесіне қыздырып от басты, бірақ досымыз ешқандай тіршілік белгісін бермеді. Құяңның асқынуы мен миға қанның құйылуы досымызды алып кетті. Осының бәрін тәптіштеп жазып отырғаным, қымбатты папа-тай, сіздің Бенаси мырзаны қаншалықты жақсы көретініңізді білемін ғой. Ал мен үшін бұл қандай қайғы, қандай жаза! Менің сізден кейінгі ең жақсы көретін кісім осы еді ғой. Қайырымды Бенаси мырзамен кешкілік әңгімелесіп отырғанда, мен өзімнің лицейдегі жаттанды сабақтарымнан әлдеқайда көп мағлұмат алушы едім.
Келесі күні ертеңгісін ол қайтыс болды дегенді естігенде, кереметтей оқиға болды. Аула мен бақтың іші халыққа лық толды. Жұрттың бәрі еңіреп жылап, жоқтау айтуда; бәрі де жұмыстарын тастап келіпті, Бенаси мырзаның соңғы рет айтқан сөздерін еске алады, өздеріне қандайлық көмек көрсеткенін айтады; сабырлырақ адамдар өзгелер үшін сөйлейді; жұрт топырлап келіп жатыр, бәрі де көргісі келеді.
Хабар айнала өңірге тез тарап кетті маңайдағы селендердің бәрінен ағылып келіп жатқан адамдар; бәрінің де қабырғалары қайысқан: еркектері мен әйелдері, жас қыздары мен жігіттері түгел Табытты шіркеуге дейін қауымның ең қарт төрт ақсақалы көтеріп барды, ал қаралы шеру бірнеше рет тоқтап тұрды, себебі жолда бес мыңдай адам шоғырланып қалған еді; жұрттың бәрі айқышты жорық кезіндегідей тізерлеп тұр. Халық шіркеуге сыймай кетті. Жаназа басталғанда жұрт жылауын тоқтатты, шіркеуде тылсым тыныштық орнады, қоңыраудың күңгірі мен әндеткен дұғаның әуені көшенің арғы басына дейін естіліп тұрды.
Мәйітті жаңа зиратқа апаратын уақыт болды; ал зиратты бүкіл селенге арнап, Бенаси мырза өзінің жерінен ашқан-ды, сонда марқұм ол жерге ең бірінші болып өзінің жерленетінін білмеген болар; міне, сол кезде жан-жақтан жұрттың қосыла дауыс қылған зары естілді. Жанвье мырза еңірен турын дұға оқыды, жұрттың бәрінің көздерінен ағылда-тегіл жас сорғалады. Сөйтіп біз оны жер қойныңа бердік. Кешке қарай жұрт тарқады, бәрі де қайғы-қасіретті арқалап үйлеріне қайтты.
Ертеңіне, таңертеңнен бастап, Гондрен, Гогла, Бютифе, егістік күзетшісі, тағы басқа көп адам жиналып, Бенаси мырзаның денесі жатқан жерге, биіктігін жиырма кездей етіп, топырақтан мұнара көтерді, енді соның айналасын шыммен бекітпек; бұл жұмысқа бәрі қатынасады! Мінеки, сүйікті әке-тай, осы үш күннің ішінде бізде осындай оқиғалар болды. Дюфо мырза Бенаси мырзаның үстеліндегі тартпадан ауызы желімделген өсиетін тауып алыпты. Қадірменді досымыз онда өзінің дүние-мүлкін қалай пайдалану жолын айтса керек. Соны естігенде, жұрттың қаза қайғысы мен жүрек мейірі қосылып, тағы елжіреді.
Ал енді, қымбатты әке-тай, осы хатты сізге алып баратын Бютифені күтіп отырмын, енді не істеуім жөніндегі жауабыңыз бен нұсқауларыңызды да осы жолы күтемін. Сіз өзіңіз келесіз бе әлде Гренобльдегі өзіңізге барайын ба? Сіз қалай десеңіз, мен солай істеймін, сіздің сөзіңізден шықпайтыныма толық сеніңіз.
Қош болыңыз, әке-тай, сізге деген ең ізгі тілектерімді жолдаймын.
Сізді жақсы көретін ұлыңыз Адриен Женеста!!
— Бару керек! — деді Бенаси іштей бекініп.
Атын ерттетіп алып, жолға аттанды. Желтоқсанның ертеңгі көңілсіз, бұлтты күні, бұл кезде сұрғылт алакеуім аспанды торлап алады, жапырағы түскен жалаңаш ағаштар мен қабырғалары дымданып, өні қашқан үй-жайларды орап алған сызды тұманды жел де сейілте алмайды. Айнала өлі тыныштық. Өлі дейтініміз, өмірдің лебі есіп тұратын да тыныштық болады ғой. Ашық күндері үп деген дыбыстан жаның жайдары тартады, ал бұлтты күні табиғат үнсіз ғана емес, тілсіз де. Ағаштарға жармасқан тұман бірте-бірте дымға айналып барып, көздің жасындай, жапырақ бойлап, төмен сорғалайды. Әлде қайда естілген дыбыс ауада тұншығып тынады.
Қазаның қайғысы мен өлім жайындағы ойлар бойын билеп меңдеу тартқан подполковник Женестаның ішкі сезімдері айналадағы көңілсіз көрініске әбден үндес еді. Анау бір жолы, осы аңғармен алғаш рет жүріп өткендегі есте қалғандары мен қазіргі көріністі ол еріксіз салыстыра қарайды онда көктемнің тамаша ашық аспаны мен құлпырған табиғат көрінісі және қазіргі мынау сүреңсіздік: төбеңнен төнген қорғасындай ауыр аспан, жасыл желегінен айырылып, жалаңаш қалған жақпар тасты таулар, ең болмаса аппақ қар жамылып тұрса бір сәрі-ау, қазір ол да жоқ. Оның үстіне, өліктің басына барып тауап қылатын адамға, қай жаққа қараса да, жас қабірдің төмпешігі елестейді. Тау қырларының әр жерінде қарайып шоғырланған шырша ағаштары онсыз да жүрегі езіліп келе жатқан офицерге қай-қайдағы қайғы-мұңды еске түсіріп, қалыңдата түскендей; ал енді алдында созылып жатқан үлкен аңғарды көзбен шолып қарар болса, қазір де бүкіл кантонды үстінен басып тұрған қайғыны, бір ғана адамның өлімінен кейін құлазып қалған мына өңірді еріксіз кез алдына әкеледі.
Көп ұзамай, подполковник көктемде осылай қарай келе жатқанда тоқтап, өзі сүт ішкен, толған жетім балалардың мекені болған ескі лашық үйге тақап келді. Төбесіндегі тұрбадан селдір түтін шығып жатқаның көргенде, ол тағы да Бенасидің жұртқа тигізген ізгі қамқорлығын еске алып, осы үйге кіріп шығып, марқұм болған досының аруағына деп, кедей кемпірге садақа бермек болды. Сөйтті де, атын ағашқа байлай салып, есікті қақпастан, кіріп барды.
— Сәламатсыз ба, жеңгей, — деді ол айналасындағы жыпырлаған балалардың ортасында отқа жылынып отырған әйелге. — Танисыз ба?
— Е, неге танымайын, тақсыр. Көктем кезінде бір келіп, маған екі экю ақша сыйлап едіңіз ғой.
— Ендеше мынаны да алыңыз. Өзіңіз бен балаларыңызға.
— Мұның алғысын сізге қалай жеткіземін, тақсыр! Құдай деніңізге саулық берсін!
— Алғысыңызды маған айтпаңыз, марқұм болған доктор Бенасиге айтыңыз.
Әйел басын жоғары көтеріп алып, Женестаға қарап:
— Беу, тақсыр-ай, ол өзінің барлық дүние-мүлкін бізге беріп кеткенімен, біз бәріміз де оның мұрагері болғанымызбен, біз өзіміздің ең үлкен байлығымыздан айырылып қалдық қой; өйткені ол біз үшін жаны қалмай …
— Қош болыңыз, жеңгей, сол кісіге дұға арнаңыз, — деді де, Женеста, отырған балаларды қамшымен бір-бір сипап өтті.
Балалар мен олардың ноқта анасы оны шығарып салды; ол атына ырғып мініп, ілгері жүріп кетті: Мінеки, аңғармен жарыса созылған жолдан бір сүрлеу бөлініп шығып, Қабыршы қыздың үйіне қарай беттеді. Офицер бір шоқының басына көтерілді де, үйдің есік-терезелері тарс бекітулі тұрғанын көріп, көңіліне секем алды; екі жағына қатар-қатар терек отырғызылған үлкен жолға қарай бұрыла бергенде, қарсы алдынан өзіне таныс жұмысшы шалдың келе жатқанын көрді, бұрынғыдай арқасына артып алған аспаптары жоқ, киген киімі де ілкідегіден тәуірірек сияқты.
— Сау-сәламат болдыңыз ба, Моро атай!
— Өзіңізде амансыз ба, тақсыр? Таныдым, таныдым, — деді ол сол кідіріңкіреп тұрып, — сіз марқұм мәр мырзаның досы емессіз бе? Ей, тақсыр-ай, құдіретті құдай оны алғанша мына мен сияқты сорлы жарымжанды неге алмады екен десеңізші! Менен қандай пайда бар? Ал ана кісі бәрімізге жұбаныш еді ғой.
— Қабыршы қыздың үйі неге бекітулі тұр екен, білмедіңіз бе?
Шал аспанға бір қарап алды да:
— Сағат не болды, тақсыр? Күннің көзі көрінбейді, — деді.
— Қазір он.
— Е, олай болса, қыз түскі дұғада немесе бейіт басында болар. Күн сайын сонда барады; ол бұған мұра қалдырып кетті ғой, бес жүз франкілік рента мен үйдің өмір бойғы иелігі; бірақ оған бұл қуанып жүрген жоқ, ол кеткеннен бері, турасын айтқанда, қызда да ес жоқ.
— Қалай қарай бара жатырсыз, атай?
— Жактың жаназасына; байғұс бала маған жиен болып келуші еді. Кеше таңертең қайтыс болды. Өзі де ауыр науқас еді ғой, оны біздің қадірменді доктор ғана ұстап тұрды емес пе. Жастар ғой, бірақ соған қарамастан, өліп жатыр, — деді Моро, әзіл-қалжыңын араластырып.
Селенге жақындай бергенде, қолдарында күрек-сүймендері бар Гондрен мен Гоганы көріп, Женеста атының басын тартты.
— Ал, қарт жауынгерлер, — деді бұл, — басымыз бақытсыздыққа душар болып, одан айырылып қалған екенбіз!
— Жетер, жетер, офицер мырза, — деп түнерген Гогла оны тежеп тастады. — Оны өзіміз де білеміз. Мінеки, соның қабырына деп шым ойып келеміз.
— Ол кісі жайында айтар әңгіме көп еді ғой, солай емес пе? — деді Женеста.
— Иә, егер әскери жағын алып тастасақ, ол біздің аңғардың Наполеоны еді ғой, — деп жауап қайтарды Гогла.
Женеста шіркеу үйіне жақындап келе бергенде, табалдырық алдында Жанвьемен сөйлесіп тұрған Бютифе мен Адриенді көрді; шамасы, кюре түстік дұғаны оқып шыққан болуы керек. Офицер атынан түсіп үлгірген жоқ. Бютифе тізгінінен ұстай берді. Ал Адриен әкесінің мойныңа асыла кетті; баланың сүйкімді мінезі әкесін елжіретіп-ақ жіберген. Алайда офицер сыр білдірген жоқ, жай ғана тіл қатты:
— Түу, өзін тіпті тәуір боп қалыпсын ғой, Адриен! Құдай ақына! Марқұм досымызға рахмет, нағыз жігіт болып қалыпсың! Сенің ұстазыңды да ұмытпаймын, Бютифе.
— Шіркін, полковник, — деді Бютифе ағынан жарылып, — мені өзіңіздің полкыңызға алсаңыз ғой. Расым сол, мінеки, мәр мырза қайтыс болып кетті, мен қазір өзімнен-өзім қорқып жүрмін. Ол кісі менің солдат болуымды сондай қалаушы еді. Соның тілегін орындайықшы. Мен туралы сізге бәрін де айтты ғой, — Маған жанашырлық білдіріңізші!
— Болады, достым! — деді Женеста, оның қолын қысып тұрып. — Оған саспа, сені өзімнің полкыма жаздыруға тырысайын. Жағдай осылай болды, кюре мырза.
— Кантонның барлық тұрғындары сияқты, мен де қайғырамын, бірақ біздің қандайлық орны толмас қазаға ұшырағанымызды олардан гөрі мен айқынырақ түсінемін. Доктор Бенаси шын мәнісінде періште адам еді. Тек әйтеуір аурудың азабын тартпай кеткені ғана көңілге жұбаныш. Біздің бәріміз үшін ізгіліктің сарқылмас көзі болған ол кісінің өмірінің барлық түйіндерін жасаған ие өзінің мейірімді қолымен шешіп жіберді ғой.
— Егер сізге қиын болмаса, мені зиратқа ертіп барыңызшы. Қабырының басына барып тауап етіп, бақылдық айтып қайтсам деп едім.
Жол бойы өзара әңгімелесіп барған Женеста мен кюренің соныңан Бютифе мен Адриен де еріп отырған. Бұлар селенді кесіп өтті, шағын көлге қарай беттегенде, подполковник арғы жағалауда, таудың жартасты баурайында айналасын корғанмен қоршап қойған әжептәуір телімді жерді көрді.
— Міне, зиратқа да келдік, — деді оған кюре. — Осыдан үш айдай бұрын Бенаси мырза айтты, шіркеудің қасында зираттың болғаны дұрыс емес деді; сонсоң зират тұрғын үйлерден аулағырақ жерде болғаны дұрыс дейтін заңға сәйкес, осы мақсат үшін өзінің меншікті жерін қауымға тарту етіп еді; енді сол араға бірінші болып өзі жерленді. Бүгін осы жерге жас өспірім жігітті де жайластырдық. Сөйтіп, біз, былайша айтқанда, бір нәби мен бір сәбиді жерлеуден бастадық. Сонда қалай, өлімнің өзі де тәбәрік болғаны ма? Бәлкім, мына бізге ғибрат болсын деп, күнәдан пәк екі жанды әдейі шақырып алған болар; өйткені онда ең алдымен жасында тән азабын, ал жасамыс шағында жан азабын көп тартқан адамдар сая табады деген сөздер бар ғой. Ал мынау кәдімгі селенді жердің қарапайым ескерткіші, біз осыны сол кісіге арнап тұрғыздық.
Женеста биіктігін жиырма кездей қылып топырақтан үйілген мұнараны көрді; әзірге жалаңаш, бірақ кейбір тұстарында тұрғындар әкелген шымның беткі шөптесін қабаты да көрініп қалады. Қабығы аршылмаған шырша діндерінен айқастыра қағылған зәулім айқыштың түбінде, тастың үстінде еңіреп жылап Қабыршы қыз отыр; екі бетін қолдарымен басып алған. Офицер айқыштың бетінде ірі әріптермен ойып жазылған мына сөздерді оқыды:
Жасаған ие, мұның жаның қабыл ал!
Үшбу айқыштың астында
баршамыздың ізгі жанды әкеміз
Бенаси мырза дамылдап жатыр.
Рухына дұға етіңіз!
Мына жазуларды ойлап тапқан сіз бе әлде…
— Жоқ, мен емеспін, бұл сөздер барлық жерде халықтың аузында жүр: мұнда да, таулы кантондарда да, Гренобльде де.
Женеста үнсіз мүлгіп қабырдың басында біраз тұрды да, сонсоң қыздың қасына жақындап келген, ал қыз мұның келгенін байқаған да жоқ еді, сондықтан бұл кюреге қарап былай деді:
— Зейнетке шыққаннан кейін сіздерге келіп орналасамын да, өзімнің қалған күндерімді осында аяқтаймын.
1832 ж. қазан — 1833 ж. маусым.
Аударған Жұмағали Ысмағұлов