Бір мұғалімнің 5 пәннен сабақ беруін тоқтаттық – Ералы Тоғжанов

0

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов ауылдардағы білім беру мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты.

Өңір басшысының пікірінше, қазір ауылдағы оқушылар да қаладағыдай сапалы білім ала алады. Ол үшін облыс көлемінде арнайы жоба іске қосылған.

Әрбір қазақ баласына білім беруге жағдай жасалмаса, ол ауылда тұрмайды. Сондықтан біз Bilim all жобасын енгіздік. Бір мұғалімнің 5 пәннен сабақ беруін толық тоқтаттық. Енді бұл ашығын айтқанда, өзімізді де, балаларды алдау деп ойлаймын. Сондықтан бұл тоқтатылды, — деді облыс әкімі Сенатта өтіп жатқан парламенттік тыңдауда.

Ералы Тоғжанов аталған жоба аясында білікті мұғалімдер онлайн форматта ауылдағы оқушыларға сабақ беретінін жеткізді.

«Жобаны 5 пән бойынша енгіздік: математика, физика, химия, биология және ағылшын. Бүгін онлайн режимде деңгейі ең жоғары 36 мұғалім сабақ береді. Ауылдағы мұғалімдерді қысқартқан жоқпыз. Оларды қалдырдық. Мұғалімдер балалармен бірге отырады. Осылайша, ауылдағы мұғалімнің өзі жоғары деңгейлі ұстаздардың сабағын балалармен бірге тыңдап, деңгейін көтереді», — деді өңір басшысы.

Облыс әкімі ауылдағы оқушылардың білім деңгейі қаладағы балалармен салыстырғанда төмен екенін ашық айтты.

«Жобаны неге енгіздік? Себебі, бүгінде ауылдағы балалардың білім деңгейі қаладағы білім деңгейінен 15% төмен. Бір сөзбен айтқанда, (ауылдағы балалар – авт.) өркениеттен алшақ жатыр деп айтсам артық емес. Сондықтан бұл өте маңызды. Жобаны іске қосу нәтижесінде кадр мәселесі шешілді. Балаларды тасымалдау және интернат мәселесін шештік», — деді Ералы Тоғжанов.