Бізге де бір Сардана керек… (видео)
Қазір бүкілресейлік интернет көздері Якутскінің мэрі болған Сардана Аксентьева туралы толғана жазып жатыр. Шындығында қызметіне кіріскеніне бір айдан сәл асса да, оның көзқарасы ерекше болып отыр.
Жалпы «Қыс Якутиядан басталады» деген сөз тіркесі бар. Бұл рас. Сардана қызметіне кірісе салысымен ең алдымен қыста жолға асфалть төсейтіндерге тыйым салды. Екіншіден, бүкіл аулаға кіріп, өз аяғымен жұмысты тексерді. Құрылыс округінің басқармасына кірді. Жұмыста 15 адам болуы тиіс болса, оның 13-і жоқ. Біреуі масаң күйінде отырған. Бәрін жұмыстан қуды.
Үшіншіден, осы уақытқа дейін бүкіл жергілікті шенеуніктер мініп жүрген аса қымбат шетелдік көліктердің бәрін сатты. Керегі жоқ жиындар мен орталыққа жөнсіз баратын шенеуніктердің іссапарларын күрт қысқартты.
Сайлау кезінде Путиннің «Единая Россия» партиясының атынан сынға түскен бәсекелесін жолда қалдырып, мэр болған әйелдің әрекеті шындығында шынайы. Атқарған жұмысы аңызға айналып бара жатыр. Көзқарасы халықтың көңілінен шықты. Бірақ ақиқатты қайтпай айтатын мұндай қайсар әйел кімге ұнай қойсын?! Халықпен кездесіп тұрған сәтте қарсыластары оның бетіне бояу шашты. Жұмыртқа лақтырды. Бірақ сағы сынбаған Сардана кері шегінген жоқ. Қазір қаланы сыбайлас жемқорлықтан тазартып жатыр.
Екі оқу орнын бітіріп, Якутияда әртүрлі қызметте кәсібін жалғастырған ол 2012 жылы қала мэрінің орынбасары болып жұмыс істеді. Басшысымен келіспеді. Ақыры осыдан бірер ай бұрын өткен сайлауда жеңіске жетті. Қазір «халықтың әкіміне» айналды. Ол – елдің ортасында. Кабинетінде отырмайды. Елмен етене жолығып, көше кезіп, түйткілді жағдайларды шешіп, түйінді мәселелерді іздеп жүр.
… Біздің қоғамға да сағы сынбайтын бір Сардана керек-ау. Бірақ сыбайлас жемқорлыққа былғанған, кабинетте бюрократиялық жүйенің тұтқасын ұстап отырған кішкентай шенеуніктер жаңаша ойлайтын жандарды жүйеге жақындата қояр ма екен?!. Мәселе сонда!