Тоқаев: Ірі медициналық мекемелерді жекешелендірудің тиімділігі қайта қаралады

0

Ірі медициналық мекемелерді жекешелендірудің тиімділігі қайта қаралмақ.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп жазады kznews.kz сайты. 

«Ұлттық ғылыми медицина орталығы жақында жекеменшікке өтті. Онда бүйрегін ауыстырған науқастарды оңалту жұмысы тоқтатылған. Әлихан Асханұлы, ірі медициналық мекемелерді жекешелендірудің тиімділігін қайта қарайтын кез келді. Бұдан бөлек, медицина кадрларының тапшылығы да қиындық туғызып отыр. Қалада 600-ден астам маман жетіспейді. Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселелерді шешу қажет. Бұл салаға білікті мамандарды тартып, олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. Жеңіс Махмұдұлы, осы мәселені жеке бақылауға алыңыз. «Елорда жастары» бағдарламасына медицина қызметкерлерін қосу мүмкіндігін қарастыру керек»,- деді Тоқаев.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін дәл осы «Ұлттық ғылыми медициналық орталықты» жекешелендіріп алған қалталылар жайлы даулы мәселе көтеріліп, «Түйені түгімен жұтқан Байгенжиндер» деген мақала жарияланған еді.