Қазақстанның мемлекеттік қызметкерлері төрт күн бойы рингте бақ сынайды

0
Спорт

Қысқа сілтеме алу

42 0 0

Қатысушылардың арасында 63 пен 64 жастағы кісілер де бар

АСТАНА, 13 желтоқсан – Sputnik. «Astana Arlans» бокс клубы ұйымдастырған турнирде Қазақстанның түкпір-түкпірінен 120 мемлекеттік қызметкер бақ сынап жатыр, деп хабарлайды тілшісі. 

Қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтың айтуынша, турнирге 120 мемлекеттік қызметкер қатысып жатыр. Ең жасы – 18-де. 

Бүгін Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде салтанатты түрде ашылған турнир төрт күн бойы жалғасады. Қатысушылар 7 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды.

«Бір қызығы, турнирге 63 пен 64-тегі екі ағамыз қатысып жатыр. Жастарымыздың көбі сескеніп, үйде отырғанда, үлкен ағаларымыз рингке шықты. Жастар солардан үлгі алсын», — дейді Артаев ОКҚ-де өткен брифингте. 

Ол Қарағанды облысынан келген мемлекеттік қызметкерлер көп екенін атап өтті. Екінші орында Астана қаласы тұр. 

«Біздің елімізде ішінде арманы қалып кеткен қаншама ер азамат бар. Телеарналардан боксты тамашалаған кезде, «қап, әттеген-ай, менде осындай мүмкіндік болмап еді» деп өкініп жатады. Мүмкіндік болса, бокстан жарыс ұйымдастырсаңдар деген бұйымтайларын айтады. Сол жігіттердің арманын орындау үшін осындай турнир өткізіп жатыр», — деді Артаев. 

Жарыс 16 желтоқсан – Тәуелдік күні мерекесінде аяқталады. 

«Әуесқой боксшылар жұдырықтасып болғаннан кейін, олардың қолғаптарын сатып, әдеттегідей, қайырымдылық жасау ойымызда бар», — деді Олимпиада чемпионы. 

«Алла нәсіп етіп, бұл турнир дәстүрге айналса, біріншіден, боксқа деген сүйіспеншілік артады. Екіншіден, ұлтымыздың дені сау болады. Үшіншіден, «Астана Арланс» командасының жанкүйерлері көбейеді деп ойлаймын», — дейді ол. 

Бірінші орынға – 100 мың теңге, екінші орынға – 70 мың теңге, үшінші орынға – 20 мың теңге берілмек. Сондай-ақ, жеңімпаздар Астана арландарының арнайы жасалған медалімен, кубоктарымен марапатталады. Бұған қоса, барлық қатысушыға «Астана арландары» клубының жарысына қатысты деген сертификат табысталады.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/