Махамбет Әбжанның ісі: Журналист сотта өзіне қысым көрсетілгенін мәлімдеді
Астанада белгілі блогер және журналист Махамбет Әбжан ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Жұбайым Гүлзираны қылмыс жасаушы сыбайлас ретінде көрсеткілері келді. Ол мен иелік ететін Abzhan News басылымының қағаз жүзіндегі бас редакторы болғандықтан, оны тіпті бас қылмыскер етпек болды. Мен оның іс жүзінде бас редактор емес екенін түсіндірдім, өйткені ол уақытта менің соттылығым өтелмегендіктен, басылымға басшылық ете алмадым”, – деді ол.
Сонымен қатар, журналист тергеушілер анасы мен ағаларының да үстінен қылмыстық іс қозғаймыз деп қорқытқанын айтты.
«Менің ағаларым – Әбжанов Асхат пен Әбжанов Мақсатқа қатысты қылмыстық істер қозғалуы мүмкін екендігі айтылды. Менің анамның үстінен де іс қозғаймыз деді. Ол қазір осында. Мен Нығматулинге, Тоғжановқа, Оразалинге қатысты кейбір айғақтарды беруге мәжбүр болдым, кейін оларды жоққа шығардым», — дейді Әбжан.
Түстен кейінгі сот отырысында судья Айжан Құлбаева жәбірленуші тараптың өтінішімен келісіп, келесі сот отырысын БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз өткізетін болды.
Еске сала кетсек, Махамбет Абжанды 3 шілде күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері ұстаған. Оған кәсіпкерлерді бопсалады деген айып тағылды.