«Ешкімге айтпаған құпиям»: Айнұр Тұрсынбаева ел күтпеген сырын ақтарды
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева Желіде ешкім күтпеген оқиғасын бөлісіп, жаман әдетімен қалай күрескенін әңгімеледі.
Айнұр Тұрсынбаева оқырмандарына өзінің жаман әдеті болғанын айтты.
«Сіздермен бір ешкімге айтпаған құпиямды бөлісейін деп шештім… Менің күйеуіммен ренжісіп қалсам чемодан жинайтын әдетім бар болатын… Атып тұрып киімдерімді жинай бастаймын және осы жаман әдетімді 20 жыл бойы байқамастан қайталай береді екенмін… Былай қарасаң, кішкентай қыздың тірлігі, иә? Ол чемоданды арқалап кетіп те қалмаймын, жай ғана киімдерімді жинап чемоданға салып тастаймын. Татуласқан соң қайтадан шығарып орын-орнына жайғастырамын… Сөйтіп бір күні күйеуім: «кішкентай қыз ұқсап не істеп жүрсің, чемоданнан да, киімнен де ұят болды ғой» деген кезде барып ойланып қалдым…», — деп жазды.
Ақынның сөзінше, кейін өз-өзімен жұмыс істей бастаған.
«Сөйтіп, өзіммен жұмыс істей бастадым. Есіме түсіруге тырыстым, миымды демалдырып, медитация жасадым… Көп күттірмей бәрі көз алдыма келді ғой… Мен апамның қолында өскенмін. Апам менен сабақты жақсы оқығанымды, сиыр сауып, кір жууды көп талап ететін… Баламын ғой, шаршаймын. Сосын апам ұрсады. Сол кезде «шешеме кетемін деп киімдерімді жинай бастайтынмын»… Сондағы бар мақсатым апамның: «Құлыным, кетпеші! Мен сені жақсы көремін» деген жылы сөзін есту… Сосын рахаттанып киімдерімді қайтадан орнына әдемілеп жинап қоямын… Дәл осы картина көз алдыма келіп, бәрін бойымнан өткіздім. Сезіндім. Содан бері киім жинауды қойдым», — деп жазған ол.