«Күйеумнің айлығы — 120 мың»: Орташа табыспен 7 пәтер сатып алған әйел үйлі болудың оңай жолын айтты

0

Орташа табыспен де үй алуға болады. Оған мысал — күйеуінің азғантай ақшасымен бастап, кейін 7 пәтер сатып алған Айдана Түсіпова. Бүгінде бірнеше үйлі болған келіншек баспанасыз жүргендерге өз кеңесін айтты, деп хабарлайды АйнаLine бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Атыраулық Айдана Түсіпова бағдарлама эфирінде қонақ болып, ең алғашқы пәтерін қалай сатып алғанын айтты. «Өзім декреттік демалыста отырдым. Ал күйеуімнің жалақысы 120 мың теңге болатын. Ата-енемізбен бірге тұрғандықтан, азық-түлік және басқа да шығындарды сол кісілер мойнына алды. Сондықтан жолдасымның ақшасын үй алу үшін жинай бердік. Солай үш миллион жиналғанын байқамай қалдық. Әлгі қаражатқа біз сүрілейін деп тұрған үйден пәтер сатып алдық. Бес жылдан соң сол пәтер бізге 8 жарым миллион теңгенің үйі болып оралды. Қалған үйлерімізді ипотекаға алдық. Оның да жолы көп. Қазіргі таңда жеті пәтеріміз бар», — дейді Айдана.

Сондай-ақ Айдана көпшіліктің үй алар кезде жіберетін қатесіне тоқталып, өз кеңесін алды. «Адамдар үй аламыз деп ақша жинап бастайды да, тек комфорт деңгейіндегі пәтерлерге көз тігеді. Бірден үлкен, үш-төрт бөлмелі үй алуды жоспарлайды. Негізі, ақшаңыз жетіп тұрған кішкентай үйден бастаған жөн. «Аязби, әліңді біл» деген бар. Егер осылай аз ақшаға үй алып үйренсеңіз, кейін пәтер алудың түрлі жолдары ашылады. Бүгінде біз ата-енемізбен бірге тұрамыз. Жеті пәтеріміздің алтауын жалға беріп қойдық. Ал бір пәтерді жұмыс орнымыз ретінде ұстап отырмыз», — дейді ол.