«Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп….»

0

Әлі есімде 1986 жылыдың көктемінде елімізде алғаш рет «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Міне, содан бері тура отыз екі жыл өтті. Оның 27 жылы Тәуелсіз Қазақстан еншісіне жатады. Содан бері Ана тіліміздің басынан не өтпеді. Не өзгерді шүкіршілік етер қандай жетістігіміз бар. Мемлекет, Елбасы тарапынан Ана тіліміздің өркендеуіне бірнеше ізгі қадамдар, оң талпыныстар жасалуындай-ақ жасалды. Бірақ соның нәтижесі қандай?! Енді міне Латын графикасына көшудің өзі даулы  пікірлер мен түрлі көзқарастарға тап болып отыр. Естір құлақ, көрер көз болса Ана тіліміз туралы, оның болашағы туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мына сөздері жәй айтыла салған сөз емес: «Біз қандай жағдайда да, қай кезде де өзге тілдердің дамуына еш нұқсан келтірмей, оларға деген мемлекеттік қолдау – қамқорлық аясын тіпті де тарылтпай отырып, қалай дегенде де Қазақстан Республикасы мемлекетінің негізін құраушы, ел-жер иесі қазақ халқының ұлттық тілі – қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің мүддесін мейлінше кең көздеуге маңыз береріміз белгілі. Бұл — әр қазақстандықтың қастерлі парызы. Қазақ тілінің өз мәртебесіне сай толыққанды қоғамдық қызмет атқаруы аса қанағаттанғысыз екенін жан-тәнімізбен түсіне отырып, бүгінде «Тіл туралы» Заңның жүзеге асу барысын талқылауда басты назарды мемлекеттік тіл тағдырына аударарымыз анық. Өйткені қазақ тілі әлемдік мәдениеттің бөлінбес бір бөлшегі ретінде тек қазақ топырағында ғана мемлекеттік мәртебені талап ете алады.

Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да – тіл. Ол – қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл – ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры – баршамыздың қолымызда». Латын графикасына көшу бастамасы көтерілгенде Елбасы асықпай ойланып, ақылдасып басқа нұсқасын ұсыныңдар деді ғой. Ол кісінің  «Оның бойында (Қазақ тілінің. Т.К) өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар», деген сөзінің астары терең. Осы мәселе тура Латын графикасына көшу кезінде қаперімізде болу керек.

Біздің мемлекеттімізде неше түрлі қызық қисынсыз уақиғалар болып жатады, әйтпесе менің білуімше латын әліпбиіне көшу туралы сөз қозғалғанда, тіл маманының қазіргі майталманы академик Әбдуәли Кайдаров бастаған Байтұрсынұлы антындағы тіл білімі инситутының профессор ғалымдары отыз жылға тарта уақытта ондаған нұсқа жасап, тіпті біразын тәжірибеден өткізіп еді. Нағыз тіл мамандары жасаған осылардың бәрін сыпырып тастап, қайдағы бір көлденеңнен қосылған есі бар адамның басына қонбайтын қаптаған қос әріпті, авторы белгісіз нұсқа (жоба), шыға келгенде қазақ тілінің жанашырларының төбесінен жай түскендей болды. Бүкіл халық оны іске бірден алғысыз етіп қолдамай тастаған еді.

Оған да қарамай құжынаған апострофтармен (үтірлер) екінші нұсқа ұсынды. Оны да халық қолдамай адыра қалды. Енді үшінші рет № 869, 2017 жылғы 26 қазанда Елбасына бекіттіріп алыпты. Оның бәрін істеп (бүлдіріп) жүрген біздің министрлігіміздің бас ұстазы болуы мүмкін-ау.

Латын әліпбиіне көшу-қазақ елінің алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп өркендеуіне тигізетін септігі мол екені сөзсіз. Әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдерінің барлығы дерлік латын әліпбиін қолданады. Сондықтан біздің де басты мақсатымыз-латын әліпбиіне көшіп, тіл аясын кеңейту.

Демек латын әліпбиіне көшу-еліміз үшін тарихи сәт.

Сондықтан әліпби ауыстыру жай ғана таңба ауыстыру емес. Бұл түптеп келгенде сананы өзгертуге талпыныс. Басқаша айтқанда бұл саналық та, сапалық та өзгеріске бастайды. Сол себепті бұл істе енді қателесуге қақымыз жоқ.

Кезінде орыс тілінен енген сөздерді жазу үшін қазақ тілінде жоқ, жат,кірме дыбыстар зорлықпен енгізілді. Емле саны көбейеді. Жалпы әлемдік тәжірибеде әріп саны мен емле ережелерінің көптігі ол әліпбидің әлсіздігін көрсететін факторлардың бірі.

Данышпан Ахмет Байтұрсынұлы осыдан 90жыл бұрын қазақ тілінде 28 дыбыс бар екенін негіздеп, дәлелдеп берген. Ахмет «Түріктің тұнық тілі, түзу емлесі қазақта» — деген.

Кирилцадан латын әліпбиіне ауысудағы негізгі мақсаттардың бірі қазақ тілін бұзып тұрған 14 әріптен (в, е, п, ф, х, һ, ц, ч, щ, ь, ъ, э, ю, я) құтылу еді ғой.

Қазіргі ең кейінгі бекітілген латын графикасына енгізілген қазақ тілі әліпбиінде №569, 2017 жылғы 26 қазандағы) тағы да төрт дыбыс қалып қойыпты. Төртеу түгілі қазақ тіліне жат, жалғыз дыбыс қалса да қазақтың тілі баяғыша бұзылған күйінде қалады. Ақаңның қазақ тілі туралы асыл ойы іске асырмақ түгілі қожырайды.

«Әліпби құрастырудың математикалық формуласы» атты еңбегінде атақты орыс ғалымы Н.Ф.Яковлев әліпби жасаудағы математикалық дәлдік пен нақтылық туралы айта келіп … «осыған сәйкес тәсілмен әліпбидегі сингармонизм аталатын заңдылықты толық сақтаған, оны интуитивті түрде орындап шыққан түрік-татар тілдерінің бірі қазақ тілінің әліпбиін жасаған жергілікті қазақ Байтұрсын болды…  «ол осындай формуладан шығып мүлтіксіз орындаудың жаңа көкжиегін көрсетті»,- деп уақытында аса жоғары баға берген.

Бұл еңбегін профессор Н.Ф. Яковлев 1970 жылдары жазған, яғни Ахмет қайтыс болғн соң 30-40 жылдан кейін Н.Ф.Яковлевтің Ақаңның еңбегіне қайта оралып отырғаны Ақаң еңбегінің аса құндылығында болу керек, әсіресе оның әліпби жасалудағы негізгі принциптерінің маңыздылығын жоғары бағалағаны ғой. Ол принциптер қарапайым болғаны мен өте маңызды, қысқаша айтқанда төмендегідей: әліпби оқуға және жазуға жеңілділігі, қазақ тілінің тек қана төл дыбыстың жүйесін пайдалану, шетел дыбыстарын енгізбеу.

Бір қызық жағдай орыстың атақты ғалымы Ахметтің 30-40 жыл бұрынғы еңбегіне аса жоғары баға беріп жатса, біздің қазіргі кейбір «профессорларымыз», «Ақаңның ол кезде жазғандары ескірген, қазір дамыған, алға кеткен заманда оның еңбектерін басшылыққа алуға болмайды» — дейді.

ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатына Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры профессор Ерден Қажыбек «Ендігі мәселе, қазақ тілінің әуезділігін сақтай отырып, жазу мен айту принциптерін қайтаруымыз қажет. Таза қазақша жазуымыз керек. Әйтпесе, қазір қазақ тілінде ереже көп. Оның жартысы біздің ереже емес. Сосын қазір әліпбиге байланысты көп проблемалар туындап жатыр ғой. Оның бірде-біреуінің қазақ тіліне қатысты жоқ. «Цементті» қалай жазамыз? Басқаны қалай жазамыз дейді. Біз бір тілдің әліпбиін жасауымыз қажет. Бір тілдің ережелерін жасауымыз керек. Ал бөтен сөздерді өз тілімізге бағындырып, тілімізге кіргізуге болады. «Москва» деген сөзді «Мәскеу» дедік қой. «Россия» дегенді «Ресей» дедік қой. Дәл солай кез келген сөзі қазақшалауға болады. Үйрену де оңай болады. Ережесі де аз болады»,- деп атап көрсетті.

Нағыз ғылымның, қазақ тіліне нағыз жаны ашитын азаматтың сөзі. Бірақ Ерекең айтқан тамаша ойын іске асыру үшін орасан қиын да, күрделі жұмыстар атқару керек екенін түсінетін шығар. Осыншама ауыр, қазақ қалқына аса қажет жақсылыққа, тұрақты тәуелсіздікке, рухани көтерілуімізге, ұлттық тіліміздің басқа тілдермен терезесі тең тұруына тіпті барлық тілден артық тұруына атқаратын қадамына сәттілік тілейміз.

Біз бір тілдің әліпбиін, бір тілдің емлесін жасаймыз деген тамаша, асыл ойды толық іске асыру үшін тағы да қайталаймыз қазақ ұлтының төл дыбыстары ғана (Ахметтің 28 дыбысы) болу керек қой. Ал мына ақырғы бекілген 32 әліпбиімен жоғарыдағы Ерекеңнің асқақ ойлары іске асырылмайды ғой. Тамаша ой іске асу үшін ана артық кірме, жат 4 дыбысты әліпбиден құрту қажет. Ол үшін бүкіл қазақ қалқы енжарлыққа салынбай қолдап, қазақты сол 28 дыбысына әкелуіміз керек. Анау кірме, бөтен дыбыстар тұрғанда қайтадан баяғы жағдайға ораламыз.

Егер де біз бүгінгі таңда, қазіргі кезде латын тіліне көшудегі негізгі мақсаттарымыздың бірі қазақ тілінің төл дыбыстарын түгендеп, соған сәйкес таңба санын ықшамдау деп ойласақ оны Ахмет Байтұрсынов баяғыда белгілеп берген саны 28. Олар: А,Ә, Б, Ғ, Г, Д,Е,Ж,З,Й, Қ, К, Л,М,Н,Ң,О,Ө, П,Р,С,Т,У,Ұ,Ү,Ш, Ы,І. Осылардан басқа қазақ тілінде дыбыс жоқ. Басқа дыбыстардың бәрі де кірме, қазақ тіліне жат дыбыстар. Жаңа әліпбиге олардың біреуі ғана кірсе де қазақтың төл сөзін бұзатын, дүние жүзі ғылымдарының тамсанған, таңғалған әдемілігін, әуезділігін, күш-қуатын, әулеттілігін, жоятын дыбыстар болып табылады.

Кірме дыбыстарға «ғашықтар», қазақ тілінің кейбір «жанашырлары» (олардың ішінде филология ғылымдарның докторлары, профессорлары да бар) кейінгі қабылданған нұсқаға да «В», «Ф», «Х», «Ч» дыбыстарында қалдырып қойыпты. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Хабар» телеарнасының тілшілеріне берген бір сұхбатында латын әліпбиіне көшу туралы мәселеге арнайы көңіл бөліп тілімізді басы артық, кірме дыбыстардан тазарту туралы айта келіп олардың ішінде «Ч» дыбысыда бар екенін шегелеп тұрып айтқан еді.Сонда да қоймай кейінгі әліпбиге «Ч» дыбысын екі әріппен белгілеп кіргізіп жіберіпті.

Олардың уәжі көрсетілген бұл дыбыстар,кірме дыбыстар тілімізде орныққан, оларды айтуға артикуляциялық базамыз қалыптасқан. Оны қайта өзгертуге мүмкін емес. Сондықтан да бұл дыбыстардың әріптерін шетел сөздерін дәл таңбалау үшін жаңа әліпбидің құрамында болу керек» деп жұлқынады.

Біріншіден, «орныққан» жоқ, «орнықтырған» кеңес үкіметің зорлық бұйрығымен «орыс тілінде қалай жазылса, қазақ тілінде де солай жазылсын»-деген нұсқаумен. Біздің бабаларымыз атам заманда доктор, профессор болмай-ақ, университет бітірмей-ақ, тілдің сингармонизм заңына бағындырып, орыстың «самовар» сөзін «самаурын» деп өзінің тіліне ешқандай зиян келтірмей өз сөзі етіп алған. Солай болу да керек қой. Кірме дыбыстарға «ғашық» болып жүрген «профессорлардың» біразы ауылда өскен шығар, сонда «самаурын» деген сөздің орыс сөзі екенін 15-20 жасқа дейін қалаға келгенше, ауылда орыс болмаса, білген жоқ қой.

Шетелдің жат, кірме сөздерді өз тіліне сіңістіріп алудың классикалық үлгісін бабаларымыз баяғыда осылай қалыптастырып қойған.

Екіншіден, артикуляциялық базамыз «қалыптасқан» жоқ, оны да зорлықпен «қалыптастырған». Негізінде «артикуляциялық база» деген ұғым қаншалықты дұрыс екенін білмеймін (мен филолог емеспін). Менің ұғымымда артикуляция деген адам тілінің қозғалу бағыттары. Әр халықтың тілі адамның тілінің бағыттарымен дыбыс шығарады. Сол дыбыстардан сөз құралады. Сөзден сөйлем құралатыны кез келген адамға түсінікті ғой.

Әр халықтың тілінің әртүрлі болуының себебі сол халықтың адамының тілінің артикуляциясына (қозғалу бағытына) байланысты. Мысалы, қазақ тіліне тән ерекше дыбыстар і, ң, ғ, қ, ө, ү, ұ қазақ этносының ұлттық болмысын, ұлттық кодын, қазақ сөзінің ұлттық табиғатын танытатын маңызды дыбыстар. Сондықтан біздің қазақтардың санасында, миында ұлтымызға тән дыбыстарды шығаруға арналған тілдің артикуляциясы қалыптасқан. Әр ұлттың тілінің артикуляциясы (қозғалу бағытының заңдылығы) сондай ерекше. Біздің қазіргі тіліміздің артикуляциясы (тілдің қозғалыс заңдылығы) қаптаған кірме орыс сөздерінің әсерінен өзгерген, сонымен бірге әуезділігі де өзгерген. Баяғы бабаларымыздың дүние жүзі таңғалғаны сияқты әуезділігінен айырылған. Сіз Қытайдан, Монғолиядан келген қазақтарға «революция» деген сөзді айтқызып көріңіз. Мүлдем айта алмайды, себебі, олардың тілінің қозғалу заңдылығы (артикуляциясы) қазақ этносына тән заңдылығымен қалыптасқан, ол біз сақ еткіземіз. Өйткені біздің тіліміздің артикуляциясы өзгерген.

Бір кездесуде филолог профессор «В» дыбысын жаңа әліпбиге кіргізбесек, онда тегімізді (фамилиямызды) қалай жазамыз деп тұр, жылайсың ба, әлде күлесің бе? «В» дыбысының қазақ тілінде жоқтығы жоғарыда келтірілген «самаурын» сөзінен анық көрініп тұрған жоқ па?

Үшіншіден, егерде кейінгі нұсқадағы кірме төрт дыбыстың біреуі қалып қойса, шетел сөздерін кірме дыбысты пайдаланып, бұлжытпай айтып-жазсақ оларға қазақша қосымща жалғау-жұрнақтар жалғанғанда қаптаған, неше түрлі басы ортақ емле ережелер туындайды. Неге олай жасаймыз? Латын әліпбиіне көшудің негізгі мақсаттарының бірі төл тілімізді түзетіп, емлені мүмкіндігінше азайтып, үйренуге оңай ету емес пе еді?

Міне осындай Ахмет айтқан осы ойларды ойға алмағандықтан, жат дыбыстардың тілімізге енгізілгендігінен,  тіліміз қазіргі бишаралық жағдайға келді ғой. Дүниежүзі ғалымдарын, «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай деп тамсана, таңғала айтқандары», ешқандай жат,  кірме дыбыстар жоқ кезде, қазақ тілінің сингормонизм заңы бұзылмай тұрғанда, бабаларымыздың сөйлеп отырғанының өзі ән сияқты естілген болу керек.

Халықаралық терминдерді, кірме сөздерді сингармонизм заңына, тіліміздің дыбыстық жүйесіне икемдеп жазу ең маңызды мәселедеп қарауымыз керек.

Қазіргі соңғы жобадағы төрт дыбыстың біреуі ғана қалса баяғы таз қалпымызға келеміз. Себебі кеңес кезіндегі кірме сөзді сол тілде қалай жазылса, қазақ тілінде  солай жазылады деген ресми бұйрық болмаса да, анау дыбыстар толық жойылмай қазақ тілі оңбайды.

Кірме сөздер «сол тілде қалай жазылса қазақ тілінде солай жазылуы тиіс» деген емле  емес, бұйрық қазақтың тілін бүлдіру үшін жасалған нәрсе. Біріншіден, жалпы тілдің сингармонизм заңын өрескел бұзады, екіншіден, оқуды қиындатады, үшіншіден ата-бабаларымыз дыбыстап көрмеген жат дыбыстар тілімізді қойртпақтайды, тіліміздің ұлттық артикуляциясын бұзады.

Ұлы Ахмет айтқан еді «азбаған асыл тілден еліме шығару керек» деп. Ал біз әліпбиімізге тілімізде жоқ, кірме дыбыстарды енгізу нәтижесінде азбаған асыл тілімізді бүлдіретін емле ойлап шығарып жатырмыз. Егерде жалғыз жат дыбыс «в» жаңа әліпбиде қалып қойса ол үшін арнайы тағы да жаңа, қосымша емле, ереже ойлап тауып қазақ тіліне көріне көзге қиянат жасау емес пе, ал бекітілген жобада төрт жат дыбыс бар оларға ереже жазылса тіліміз не болады?

Сонда Ақаңның «тілді бұзып, емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек деген алтын ойы қайда? Содан «айтылымға қарай жазылым» идеясы бұзылып» «жазылымға қарай айтылым» болып тағы да қазақ тілімізді аздыратын боламыз.

Ахмет қалыптастырған қазақ тілі тағлымын терең түсінбей жүрміз. Ахмет айтып, жазып кеткендердің бәрін толық, өзгертпей іске асырмай тіл оңбайды. Ахметтен асқан әлі қазақта тіл маманы жоқ. Ақаң дауысты дыбыстар – сөздің жаны, дауыссыздар – сөздің тәні дейді.

Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі

Ана қазақ тіліне жат,кірме төрт дыбысқа бола А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының мамандары неше түрлі қосымша, басы артық қаптаған ереже, емле ойлап тауып, басын қатырып жатқандарын еске алса адамның жаны ашып жүрегі ауырады. Қайран босқа кеткен еңбек, уақыт.

Қазақ тілінің латын әріптеріне негізделген жаңа әліпбиі Ахмет Байтұрсыновтың тоғыз дауысты және он тоғыз дауыссыз дыбыстардан тұратын әліпбиі болу керек. Тек осы жағдайда ғана қазақ жазуы өзінің төл табиғатын тауып, айтылым мен емле арасындағы сәйкессіздіктен құтылады.

Қазақ тілінің жанашыры ретінде жоғарыда келтірілген ойларымызды қорыта келе қоғамдық пікірлерге өз нұсқамызды ортаға салып отырмыз. Әлі де кеш емес болу керек. Ұсынылып отырған әліпбидің негізі ерекшеліктері: біріншіден бір дыбысқа бір таңба (әріп) берілу принципі қатаң сақталады.

Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған 28 дыбыстан басқа ешқандай кірме дыбыс бұл нұсқада жоқ.

Үшіншіден, компьютерге ыңғайлы болу үшін латын әліпбиінің 26 таңбасы толық пайдаланылды.

Төртіншіден, осы нұсқа іске асса үйлесімнің (сингарманизм) заңы толық қолданылады.

Бесіншіден, кірме сөздердің жазылуы үндестік заңына бағынғандықтан олар (кірме сөздер) қазақ тілін бұзбай, бояуын, шешендігін, әуездігін басқа да бай қасиеттерін жоғалтпайды.

Алтыншыдан, алаш арыстары армандағандай кірме сөздер қай тілден болса да басына қазақтың тымағын киіп, үстіне шекпенін жамылып, аяғына саптама етік кигізгендей нағыз қазақтың әуезді сөзі болып шығады (бедре- ведро, самауырын- самовар).

Жетіншіден, емле-ережелер өте аз, оңай және қосымша басы артық ешқандай ереже мүлдем болмайды. Сын ескертпелеріңіз болса қуана қуана қарсы алып, талқылауға дайынбыз. Қорыта айтқанда ұсыныс пікірімді Абай атамыздың сөзімен аяқтағым келеді. Болашақ ұрпақ үшін Латын графикасы Ана тіліміздің бар қасиетін жоғалтпай «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндей» сипатта болуы керек.

Қарағанды мемлекеттік академик Е.А.Бөкетов
атындағы университетінің профессоры, ф.-м.ғ.д.,
Халықаралық Қазақ тілі қоғамының
Қарағанды облыстық филиалының төрағасы

Көкетай Темірғали Әбілдәұлы

Abai.kz

Дереккөз: https://abai.kz/