Назарбаевтың жиені Катардағы әлем чемпионатында жүр

0

Қазақстандықтар күн сайын кешке телеэкрандарда сүйікті командаларына жанкүйер болып жатқанда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, парламенттің экс-депутаты Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиев әлем чемпионатында жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әлиевтің Катарда жүргенін Instagram парақшасынан білдік. Елорда әкімінің бұрынғы орынбасары әлеуметтік желілерде белсенді.

Бірнеше күн бұрын ол стористерінде ойын сәттерін жариялаған. Жақында 2022 жылғы әлем чемпионатының жоғарғы комитетінің бас хатшысы Хасан әл-Тавадимен бірге түскен суретін көрсетті.

Әлиев өз жазбасында әл-Тавадиге Катардың астанасы Дохада жылы қарсы алғаны үшін, сондай-ақ чемпионатты жақсы ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Назарбаевтың жиен немересі араб спорт функционерімен бірге түскен суретін жариялады.

Еске салайық, Әлиев 19 жасында «Қант орталығы» АҚ-ты басқарған. Содан кейін әртүрлі басшылық қызметтерді, соның ішінде мемлекеттік қызметте де болды. 2014 жылдың желтоқсанынан 2016 жылдың наурызына дейін Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, елордада сыбайлас жемқорлық дауына айналған LRT жобасына лобби жасағандардың қатарында Назарбаевтың осы жиені де бар. Ал LRT құрылысы 2011 жылы басталғанымен, күні бүгінге дейін аяқталмаған. Жер үсті метросының құрылысы барысында жемқорлықпен байланысты көп шу шықты. Ал осы жылдың басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «LRT жобасы әу бастан қате болғанын» мәлімдеген.

Әділбек Жақсыбеков – елорданы екі рет басқарған (1997–2003 және 2014-2017 жылдары) бірден-бір әкім. Ulysmedia.kz журналистері бұған дейін қала оның әкім болған тұсында қалай тіршілік кешкенін, экс-әкімнің қандай мұра қалдырғанын жазған. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиев 2014-2016 жылдар аралығында Астана әкімінің орынбасары болған. Бұқаралық ақпарат құралдары 2014 жылы мақұлданған BRT жүрдек автобус жобасын тоқтатып, оны LRT жобасымен ауыстыруға лобби жасағандар дәл осы Жақсыбеков пен Әлиев болғанын жазған.

Нұрәлі Әлиев 263 млн доллар байлығы бар, Қазақстанның ең бай 50 бизнесменінің қатарында тұр. Forbes тізімінде 26-шы орында. Оның капиталының негізгі көзі – CapitalHolding АҚ-тағы үлесі. Компания телекоммуникациямен, алкогольдік сусындар өндірісімен, көлікпен, жалға берумен айналысады, қонақүй және күзет қызметтерін ұсынады. Forbes мәліметінше, Нұрәлі Әлиев Darmen Holding және Nd Capital венчурлық қорының негізін қалаушы. Сондай-ақ ол «Европа плюс Қазақстан» ЖШС, «Независимый Телевизионный Канал» ЖШС, Дубайдағы Donatello Hotels and Resorts және Алматы мен Астанадағы бірнеше мейрамхана кешендерінің акцияларына ие. Panama Papers басылымының жарияланған құжаттарына сәйкес, Әлиев 2014 жылдың қыркүйегінен бастап Alba International оффшорлық компаниясына иелік етеді, одан бұрын Baltimore Alliance компаниясы оған тіркелген.