Тоқаевты Мәскеуге шақырған Путиннің түпкі мақсаты белгілі болды
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Тоқаевтың Мәскеуге сапарында талқыланған мәселеге түсінік берді, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі Ulysmedia.kz сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының Мәскеуге жасаған сапарына қатысты бұқаралық ақпарат құралдарынан сұрақтар келіп түсіп жатыр. Осыған байланысты Кремльде өткен Қазақстан мен Ресей президенттерінің келіссөзі барысында Қазақстан мен Өзбекстан территориясы арқылы Ресей газын тасымалдау жұмысын үйлестіру мақсатында құрамына Ресей, Қазақстан, Өзбекстан кіретін «үштік газ одағын» құру мәселесі қарастырылғанын атап өткен жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин барлық тараптың мүддесін ескере отырып, осы мәселенің ұтымды шешімін табу үшін үш ел сарапшыларының қатысуымен егжей-тегжейлі келіссөз жүргізу қажет деп санайды», — деп жазды Руслан Желдібай Facebook парақшасында.
Айта кетейік, бұдан бұрын Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумының XVIII жалпы отырысына қатысушыларға видеоконференция режимінде сөз арнаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы туралы ойын айтқан.