Кешегі митингінің мәні мында секілді — Рүстем Есімханұлы
Бүгінгі президенттің инаугурациясы күні Астананың аязына қарамастан ”қызық” митинг болыпты. Бұлар жайлы бір-екі рет естігенім болмаса, мән бермеген екенмін.
Бүгін асықпай бұлардың “болмыс-мақсаттарын” ұғыну үшін, осы кезге дейінгі жасаған жұмыстарына шолу жасап көріп, мынаны ұқтым:
Бұлардың мақсаттары — өздерінің TDFA деген қорлары арқылы Канададан жоғарғы сортты мол өнім беретін бидай тұқымын алдырып, Қазақстанға таратпақшы екен. Ол жайында түсірілген “Архитекторы будущего” деген деректі фильмдерін де көріп шықтым. Фильмді арзан қаржыға түсірмегендері де көрініп тұр.
Бәрін жақсы көрсеткен. Мақсаттарының “Қазақстанды көркейтіп, дамыған аграрлы ел ету екендігін” жақсы жеткізе білген. Бір қараған қарапайым адам, бұлардың осы әрекеттеріне қарап ”кіршіксіз ниеттеріне” разы болып, қолдай жөнелері анық. Өйткені, бәрін әдемі көрсете білген.
Ал, менің ол фильмнен көргенім мүлдем басқа болды.
1) Бұлардың бұл жобаларын жүзеге асыру үшін 5 млн га жер керек екен. Оны банкроттық деңгейдегі жер иеленушілерінен алмақ.
2) Ол жерлерді 5 мың га-дан бөліп, 23 пен 35 жас аралығындағы жермен айналысқысы келетін 1 000 жасқа бөліп береді екен.
Бірақ, оларды өздерінің арнайы онлайн дайындық курсын бітіріп шығып, сертификаттарын алғандарының арасынан таңдап алады екен.
3) Бұл онлайн курстарынан әлемнің кез-келген елінде жүрген ҚР азаматы оқып бітіре алады екен.
4) Жердің өзіндік жекеге сатылым құны анықталып, әлгі фермер сол жерді 7 жылға қарызға алып, осы мерзім ішінде құнын төлеп өзінің жеке меншігіне өткізіп алады екен.
5) Жалпы саны 7 мыңның төңірегінде арнайы техникалары болады. Бірақ, олар МТЗ деп аталатын техникалармен қамтамасыз ету мекемесінің меншігінде болады. 5 фермерді қамтамасыз етуге ортақ бір МТЗ шағын орталықтарына бөлініп, олар тек техникалық жұмыстарымен айналысатын болады. Фермерлер техникамен бастарын ауыртпайды.
6) Қосымша арнайы мамандардың консультациялық колл орталығы, спутниктік пен арнайы дрондармен егістікті бақылап отыру, әлемдік синоптик орталықтарының мәліметтері арқылы егу мен ору кезеңдерінде керек мәліметтермен бөлісу, өнімді сақтайтын қоймалар мен элеваторлары т.б қосымша тегін қызметтері болады.
7) Бұл жобаның жалпы құны 7 млрд$ болғанымен, бары 5 жылда өз шығынын ақтап алады екен.
Қарап отырсаң… Тек, “қол шапалақтауға” лайық жоба. Бірақ…
Енді сол “Бірақ…” қа келейік!
1) Бұл жобаларына керек жерді бұларға үкімет біреулерден алып беруі керек. Олардың ұрықтарына керек жер — Солтүстік өңірлердің жері. Өйткені, Канадамен бір белдеуде жатыр. Табиғаттары 97% ұқсас.
Яғни, осындай ең шұрайлы жерден үкімет беруі керек. Бірақ, ҚР Ауылшаруашылық жерлерін ҚР азаматтарына жекеге сату туралы баптар қазір мораторияда тұрғандықтан, қандай заңға сүйеніп бұларға бере алатыны белгісіз.
Ал, біздер екі жыл бұрын ғана осы баптарды тоқтатып тастағанда “бөрікімізді лақтырып” қуандық емес пе?!
Өйткені, ҚР-ның кез-келген азаматы АШ жерлерін жекеменшікке сатып алуына рұқсат беретін болса, ҚР-ның азаматтығын алған кез-келген “өзге елдің” азаматтары да жерді алуға мүмкіндігі болатын. Бұл дегеніміз, еліміздің азаматтығын алып алған, өріп жүргендердің бәрі жерді сатып алады. Сен оларға ештеңе де істей алмайсың. Өйткені, бәрі заңды алған болады.
2) Бұлардың арнайы онлайн оқуларынан әлемнің кез-келген елінде жүрген “ҚР азаматтары” оқып, сертификатын алуына мүмкіндіктері бар. Ал, жерді тек сертификаты барларға ғана беріледі. Бір-екі жыл жеріңді игере алмай жатсаң, ол жерді өзгеге беру қарастырылған. (Барлық техникалар мен ұрық, технологиялар солардың қолында тұрғанда, жерді кімнің “тиісті деңгейде игеріп, игере алмаулары” солардың қолында боларына бәс тігудің қажеті жоқ шығар.(Нені меңзеп тұрғаным түсінікті болар)
3) Бұл жобаны игеріп кетуге керек қаржыны инвесторлар салады екен. Ал, осы жобаға керекті 7 млрд$ қаржыны Қазақстанда оларға кімдер бере алады деп ойлайсыздар?
Дұрыс ойладыңыздар!
Тап, солар ғана бере алады. Соларда ғана осынша қаржы бар.
4) Бұл үлкен коорпорация болады түптеп келгенде. Өзінің ішкі ережелері, ішкі келісімдері, ішкі заңдары бар. Барлық фермерлер сол өз заңдары бойынша “өмір сүреді”. Үкімет тек жер беру кезеңінде ғана қатысы болғанымен, ары қарай өз жерлерінің қожайыны өздері мен оның үстінде тұрған “жоба басшылары” ғана “реттеуші күшке” айналады.
5) Бұлар осы жобаларын Назарбаев дәуірінде дайындап болып, Тоқаевтың кезінде “өткізе алмай” қалғандар секілді. Өйткені, біреулер үшін өте күмәнді (мен үшін алаяқтық жолмен АШ жерлерін жеке меншікке өз аттарына өткізіп алу) жобаларын, өздерінің айтуы бойынша жылға жуық уақыттан бері үкімет қолдамай жатыр екен.
6) Бұлардың көксегені жалғыз 5 млн га жер емес, сол жерлерді қорғап тұрған заңға өзгеріс енгізу мен мораторияны алып тастау деп ойлаймын. Онсыз ол жерлерді жекеге алу мүмкін емес. Сондықтан, оларға рұхсат беретін заң “ашылған” күні олар өздерінің “көз бояушылық” етіп жүрген 5 млн га жерлерімен өз тірліктерін бастап жатқанда, мына жақтан сол заңды пайдаланып қалған 200 млн га жеріміздің саудасы қызып жатады.
Бұл жерлерді жекеге сатып алуға сіз бен біздің шамамыз жетпейді. Оны алатындар — қалтасы “жуан, әрі, тереңдер”.
Осылардың осындай әдемі ертегілеріне сеніп “жерлі бола қаламын” деп соңдарынан жалауларын көтеріп жүгіріп жүргендердің көбісі, өздерінің олар үшін жәй ғана “массовка” екенін ертерек түсінсе жақсы ғой.
Әй, бірақ! Біздің қазекең маңдайы тасқа тимей, айтқан сөзді ұғуы қиын.
Президенттің бүгінгі “Ауылды көтереміз” деп нақты 5 жылдық жоспарын құруға берген тапсырмасынан кейін, бұған дейінгі өздерінің осындай “адал пиғылдары” жүзеге аспасын
түсінген балалар, осындай “тұяқ серпу митингісін” ұйымдастырды деп ойлаймын.
Ал, енді бұл митингіні неліктен дәл бүгін ұйымдастырылды дегенге өзімнің үш нұсқамды “қыстыра” кетейін.
1) Бұл Нұркланның әуелден, дәл осы күні ұйымдастырылуы тиіс болған көп митингісінің “инерциямен орындалған” біреуі ғана.
2) Заңдағы шектеуді алып тастауға талпынған олигархтардың ұйымдастырып отырғаны. (Олардың есебінде бүгін шетелдік журналисттер көп болып, әлемдік БАҚ-тарға таратуға зор мүмкіндік еді)
3) Осының “басы-қасында жүрген бала” өзінің осы кезге дейінгі “ішкен-жегеніне” сұрау салушылар мен талап етушілерден біржола құтылу үшін, “Көп болса 15 күн қамалып шығып құтылармын” деген ішкі есебімен, ешкіммен ақылдаспай, өз жақтастарын ертіп алаңға шығарып жіберді.
Ал, ағайындар!
Мен өзімнің ойымды ортаға салдым.
P.S Естеріңізде болса президент сайлауының алдында “Жақында Нұркланның соңғы тұяқ серпуін көреміз” деп пост жазған болатынмын.
Жазба Рүстем Есімханұлы Ашетаевтың facebook парақшасынан алынды.