Облыс және ірі қала әкімдерінің барлығы енді міндетін уақытша атқарады — Жарлық
Президент облыстар мен ірі қалалардың әкімдерін міндет атқарушы мәртебесіне түсіріп, тиісті Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
“Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері туралы» Жарлыққа қол қойды”, — деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабының 5-тармағына сәйкес Астана, Алматы, Шымкент қалалары және облыстар әкімдерінің өкілеттіктерінің тоқтатылуына байланысты жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскен Тоқаев мынадай жарлыққа қол қойды:
“1. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері тиісті әкімдер тағайындалғанға дейін өз міндеттерін атқарсын.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі”, – делінген Жарлықта.