Путиннің баспасөз хатшысы Ресей телеарнасындағы Қазақстанға қатысты мәлімдемелерге жауап берді
Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ресейлік телеарналарда Қазақстанға қатысты айтылған даулы мәлімдемелерге қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
Қазақстандық журналист Әділ Балтабаев Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтан «Россия 1» телеарнасындағы «Вечерний Владимир Соловьев» бағдарламасында айтылған мәлімдемелер Кремльдің ұстанымымен қаншалықты сәйкес келетінін сұрады.
«Бұл саясаттанушылардың пікірі. Ол пікір үкіметтің, Кремльдің саяси ұстанымын білдірмейді. Оларды тыңдап, көрудің қажеті жоқ», — деді Песков.
Песковтың айтуынша, әртүрлі адамдар бар, олардың көзқарасы да әртүрлі. Алайда олардың ресми билікке ешқандай қатысы жоқ.
Еске салайық, Ресейдің «Россия 1» телеарнасындағы бағдарламада сарапшылардың бірі «Ресей үшін Украинадан кейінгі проблема — Қазақстан» екенін айтқан. Бұл мәселеге қатысты Сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко пікір білдірген болатын.