Тұрысбек Сәукетаев Дулат Исабековке өкпелі екенін білдірді
Мемлекеттік сыйлық иегері Тұрысбек Сәукетаев «Мұхтар Мағауиннің шығармаларының бәрі көшірме» деп айыптаған Дулат Исабековке қарсы пікір білдірді деп хабарлады Kznews.kz.kz.
– Көшірменің көкесі – ол кісінің өзінде жатыр. Мысалы, Балуан Шолақ туралы «Жаужүрек» пьесасы бар. Соның бәрі сол қалпындағы Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» романы емес пе? – деді жазушы NEGE сайтының тілшісіне берген сұхбатында.
Ол Дулат Исабековтен мұндай сөз шығады деп күтпегенін айтады.
«Үлкен ағаларымыздан – үлкен сөз күтеміз. Білмеймін енді, өз басым Духаңды сыйлағанмын. Менің алғашқы әңгімелерімді басқан адам. Ол кісіге деген құрметім зор болатын. Бірақ біресе былай айтады, енді бірде олай шығады. Осы жағын түсінбеймін. Ол кісімен ұрысып-керісіп, бет жыртысуға дейін баруға моральдық қақым да жоқ, олай істейтін ойым да жоқ. Дегенмен, қазақтың нөмірі бірінші жазушысы Мұхаңның сыртынан ғайбат сөз айтуы – ұят нәрсе. Бұл ол кісінің өзіне абырой әкелмейді», – деді Тұрысбек Сәукетаев.
Айта кетейік, Дулат Исабеков бұған дейін осы сайтқа сұхбат берген болатын.
– “Жалпы, Мұхтар Мағауиннің шығармашылығы көп сұраққа толы. Тарихи романдарының көбі көшірме екенін бір кезде дәлелдегендер де болды”, – деген еді Д. Исабеков.