Құндылық бағдарлар — адам өмірінің бағдаршамы
Адамзаттың құндылық бағдарлары оның әлемге қатынасының негізі болып табылады. Бүгінде өзгермелі әлемде құндылық бағдарлар адамның өмір мәні мен бағыт-бағдарын түсінудің қайнар көзіне айналуда. Жалпы алғанда құндылық ұғымында біз адам үшін мән-мағынасы терең, ең маңызды және құнды дүниелер мен құбылыстарды түсінеміз. Сондықтан адам оған қол жеткізу үшін барлық ресурсын, яғни күш-қуатын, уақытын, ақшасын және т.б. жұмсайды.
Құндылық бағдарлар адамның негізгі өмірлік ұстанымдарының көрінісі, оның мүдделерінің, іс-әрекеттерінің, ниеттерінің, тұлғааралық қарым- қатынастарды құру тәсілдерінің дүниетанымдық және рухани бағы-бағдары ретінде алға шығады. Құндылық бағдарлар наным-сенімдердің көрінісі бола отырып, тек ғана ақыл өлшеміндегі ой-сана емес, күйшейген сайын сезіммен араласып, онымен боялып мазмұны тереңдей түседі. Сонымен қатар ақыл мен сезім ұштасқанда құндылық бағдарлар айшықтала түседі.
Адамның құндылық бағдарлары оның жеке басының маңызды сипаттамасы болып табылады. Себебі құндылық бағдарлар адамның әлеуметтік ортамен қарым-қатынасын және қоршаған әлеммен өзара әрекеттесу ерекшеліктерін, оның мінез-құлқын анықтайды және реттейді. Өзінің құндылық бағдарларын біле отырып, адам әлемде өз орнын іздейді, өмірдің мәні мен мақсаты туралы ойлайды, өзінің бағыттылығын анықтайды.
Байқап отырғанымыздай, қазір өзгермелі әлемде әрбір адам өз орнын табу арқылы өзінің мүмкіндіктерін іске асыру және ресурстарын толықтыру тетіктерін анықтай алады. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта та, бар қалан», — деген нақыл сөзінен аңғаратынымыз әрбір адам белгілі бір қоғамның мүшесі болғаннан кейін өз орнын тауып, сол ортаға өзінің пайдасын тигізуі маңызды.
Құндылық бағдарларды тұжырымдағанда біз адамзаттың өмір мәні мен мақсаттарына тоқталамыз. Өмір мәні туралы сөз қозғалғанда оның анықтамасын тұжырымдауда тосылып қалып жататын жағдайлар жиі кездесіп жатады. Себебі әрбір адам үшін өмірдің мәні әртүрлі болып табылады. Біреулерге материалдық қамтамасыз етілу болса, кейбіреулер үшін дінді ұстану, басқаларға денсаулықтың мықты болуы, өзгелер үшін өмір сүрудің өзі өмірдің мәні болуы мүмкін. Ал шын мәнісінде өмір мәні- бұл адамның жеке тыныс-тіршілігі, адам өмірінің қозғаушы күші үшін әрекет ететін нәрсе. Ал, адамның өмірлік мақсаттары оның даму бағытын, болашақ бейнесін анықтауы тиіс. Бұл барлық өмірлік қуатты адамның қол жеткізуі тиіс дүниеге жинақтайтын және шоғырландыратын бөлшек болып табылады. Мақсат адам өміріне және қозғалысына бағыт береді.
Келесі біз бағыттылық туралы сөз қозғаймыз. Бағыттылық -жағдаятқа тәуелсіз адамның іс-әрекетін бағыттайтын тұрақты түрткілердің жиынтығы. Адамның бағыттылығы оның қызығушылықтарымен, бейімділіктерімен, сенімдерімен, идеалдарымен сипатталады. Мұнда адамның дүниетанымы көрініс береді. Бағыттылық арқылы адамның әлеуметтік және рухани болмыс ретіндегі даму динамикасы, оның мінез-құлқының негізгі ерекшеліктері көрінетін маңызды қасиеттерінің жиынтығы анықталады.
Адам өмірінің бағдаршаманына айналатын құндылықтар туралы сөз қозғағанда біз оның ұлттық сипатына тоқталамыз. Ұлттық құндылықтардың негізінде ұлттың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, халықтың мәдениеті мен өнері жатыр. Өмірдің өзі дәлелдеп отырғандай, кез келген ұлттың дәстүрлерi мен ырым-тыйымдары қоғам тарихының барысында қалыптасады. Сондықтан ұлттық құндылықтарымыз өскелең ұрпақтың рухани жан дүниесiн қалыптастырудың маңызды құралы қызметiн атқаруы тиіс. Сонымен қатар iшкi рухани- адамгершілік, әлеуметтік қатынастарды ретке келтiрiп отыруы маңызды.
Жалпы дәстүрдің өзін қоғам өмірінің кез келген саласында кездесетін әлеуметтік құбылыс ретінде сипаттауға болады. Әрбір халық өз дәстүрлерін ұстанады, осылайша ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан өзінің ұлттық ерекшеліктерін сақтайды және құндылықтарын дәріптейді. Дәстүр-бұл қоғамдағы әлеуметтік топтар мен жеке тұлғалардың ерекше өзара әрекеті, оның нақты мазмұны ұрпақтан-ұрпаққа жинақталған идеяларды, іс-әрекеттерді, мінез-құлық нормаларын, құндылықтар мен тәжірибені және оларды игерудің және жаңа жағдайлар мен қызмет түрлерімен таныстырудың реттеуші және тәрбиелік принциптері болып табылады. Сондықтан ұлттық құндылықтардың дәстүрге негізделуі маңызды болып табылады.
Қорытындылай келе, құндылық бағдарлар жүйесі адамның бағыт- бағдарының маңызды жағын анықтайды және оның қоршаған әлемге, басқа адамдарға, өзіне деген қарым-қатынасының және дүниетанымның қайнарын және өмірлік тұжырымдаманың негізін және тіршілік пәлсапасын құрайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының доценті, психолог, психология ғылымдарының кандидаты А.Аяғанова
Материалды «Нұрлы Бағдар» Қоғамдық Қоры мен Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы бірлесіп дайындады.