Home›Жаңалықтар›Назарбаев қымбат қонақ үйін мемлекетке қайтарды
Назарбаев қымбат қонақ үйін мемлекетке қайтарды
15 Қараша, 2022, 19:00
0
Нұрсұлтан Назарбаев Rixos қонақүйін ҚР Президенті Іс басқармасына өткізді, деп хабарлайды kznews.kz сайты Forbes.kz порталына сілтеме жасап.
Наурыз айының соңында Үкімет жанындағы экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия құрылған сәттен бастап белгілі бір активтердің мемлекеттік меншікке, негізінен сыйға тарту шарты нысанында ауысқаны туралы ара-тұра жарияланады. Үкімет осындай «сыйлықтарды» қабылдауды тиісті қаулымен бекітеді.
2022 жылы барлық мемлекеттік қайтару ресми түрде жарияланбады. Мысалға, Нұрсұлтан Назарбаевтың да қымбат мүлікті қайтаруға мәжбүр болғанын көбі біле бермейді. Ол – Тұңғыш президентке тиесілі Түркияның Анталья қаласында орналасқан Rixos Beldibi қонақүйі. Қазақстанда нысан «Алатау «қонақ үйі» АҚ ретінде тіркелген. 2021 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша аудиттелген қаржылық есептілікке сәйкес қонақүйге Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті 23%-дан сәл астам және «жылжымайтын мүлікті басқару дирекциясы» ЖШС 77%-ға жуық иелік етті. Соңғысы жеке «Елбасы қорына», ал ол өз кезегінде Тұңғыш Президентке тиесілі.
Үкіметтің 2022 жылғы 15 ақпандағы №62 қаулысына, ҚБП грифімен (қызметтік пайдалану үшін), сондай-ақ 1 наурыздағы қабылдау-тапсыру актісіне сәйкес экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия құрылғанға дейін де мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті «Алатау «қонақ үйі» АҚ мемлекеттік акциялар пакетін иелену және пайдалану құқығын ҚР Президенті Іс Басқармасына берді. Дәл осы кезде, 16 ақпанда «Жылжымайтын мүлікті басқару дирекциясы» ЖШС компания акционерлерінің құрамынан шықты. Бұл ретте қонақүйдің аудиттелген қаржылық есептілігінде Қазақстанның экс-президентінің үлесін ауыстыру әдісіне қатысты қосымша түсініктемелер жоқ. Бұл сатып алу-сату мәмілесі ме, әлде сыйлық шарты ма, белгісіз болып қала бермек.
Қазір қонақүй толығымен ҚР Президенті Іс басқармасының иелігіне өтті.