Абай болыс кезінде параға не алушы еді?

0

Абайдың айнасына қараған әр қазақ өзін, жасап жатқан қоғамын көреді.

Оның өлеңдері ғана емес, адами келбетінің айнасы әрбір «меннің» қыңырын түзеп, қисығын жөнге салар рухани тез іспетті.

Әммеге мәлім жайт Абай да әкімшілік қызмет атқарған кісі. Шыңғыстау өңірінің болысы болған. Бір деректерде болыстық қызметінің уақытын 12 жыл десе, соңғы құжат деректері 15 жылға жуық болыстық қызмет атқарған дейді[1].

Қызығы бүгінгі қазақ қоғамы күресе толассыз жүріп жатқанына қарамастан «пара індетінен» әлі де айыға алмай келеді… Беретін де халықтың өз адамы, алатын да өз адамы. Немесе сұрайтын да, беретін де халықтың өз адамдары. Осы арада «Абай пара алды ма екен?» деп ойлап отырған боларсыз…

Тұрағұл естеліктерінде мынандай әңгіме кездеседі:

Мыңжасар Құбылан баласы деген атасынан бері неше рет шабылып-шашылса да, дүре жеп, абақтыға жатып, жер аударылса да үйіне келісімен тағы ұрлық қылатын кәрі ұрының айтқаны:

«Жасымда Абайдың сұраған малының шынын айтып, шыншыл атанып, абыройлы ұры болып жүрдім. Сонау бір жылы Қаракесектен молырақ мал алып, енді осы малды кім сұраса да айтпалық десіп, бар жолдасыммен түгел төбемізге тас қойып анттасқанбыз. Содан кейін жоқшы келген жерден Абай мені шақыртып алып сұрап еді айтпай танғам. Қыстың сақылдаған аязында, төбеме суық су құйып, қинаса да айтпай отырғанымда, Абайдың өзі: «Ой, Құдай атқан, не оттап отырсың. Бір жолдасың әлдеқашан айтқан. Пәленің пәлен алыпты, түгенің түген алыпты. Жолдасың пәленше, түгенше деп барып жайып салғаны. Сүйтсем иттер айтып қойған екен. Содан кейін өмір бойы сөзіме сенбейтін қылып алдым»[2].

Ал, Хакімнің баласы: «Шынында, әкемнің ұрыдан алатын парасы – шын сөзі еді[3]» десе, Көкбай естелігінде «Өтірік айтпай, шынын айтатын болса, мал ұрлайтын ұры болса да сүюші еді. Ұрыдан алатын парасы – шынын айтқаны» деп келеді.

Көкбай мен Тұрағұлдың сөзі әбден қисынды.

Абайдың замандас ұрыларының сөзі: «Абайдың алдына өтірік сөзбен бара алмаймыз. Жанымыз қалса, шын сөзіміздің арқасында қалады».

Сол заманда бір ұрының шығарған өлеңі:

Күнту болыс болғанда жортқаным-ай,

Керей мен Матайды торытқаным-ай.

Қазы менен қартаны кертіп шайнап,

Абай болыс болғанда қорыққаным-ай! – деп бебеулейді[4]. Яғни, шындығымен ғана құтылатын ұры енді бәрін құсатын болғаны үшін пұшайман болады.

М.Әуезов «Абайдың өмірбаяны» еңбегінде «Жалпы атқамінерлерше ұлыққа пара беру, жалынған дегенді Абай ешуақытта білген емес» деп қашан да турасын айту Абайдың ұлық, жандаралдарға істейтін тұрақты ісі екенін айтады[5].  Ол болыс болып тұрған күнінде де, болыстықтан босағаннан кейін де елдің ірілі-ұсақты дау-жанжалдарына билік айтып отыратын, бітісе алмағандар ат арытып іздеп келетін, елдің қадірмен кісісі болған.

Жамантай деген кісінің Тезекбай, Көжекбай деген екі ұлы әкелерінің тірісінде бөліп берген жерге таласып, дау ұлғайып Матай билерінің арнасына сыймай кетеді. Әсілі әкелері бөліп беріп кеткен жерді Көжекбай билерді паралап, баталасып, ат пен ақша жүгіртіп, ағасы Тезекбайдың меншігіндегі жерді өз иелігіне билік айтқызып алады. Өзі кедей, өзі зорлық көрген Тезекбай жергілікті билердің сатымсақ билігіне көнбей Абай алдына  барса ғана разы екенін айтып отырып алады. Билер Абайды Көжекбай байдың ығына жығу үшін таныстықтарын салып, Мағауия арқылы Абайға екі жыл мінілмеген бурылала  ат беріп, өз биліктерін өзгеріссіз қалдырмақ болады. Бірақ, Мағауия да, Абай да бұған көнбейді.

Дау Абай алдына келгенде жердің Тезекбайға тиісті екенін, малды-жанды Көжекбай мал беріп, қолы қысқа Тезекбай уақытша пайдалануға өріс беруіне үкім етеді. Жер Тезекбайдың өзінде қалатын болып Құдайшылықпен билік айтады[6].

Біздің қоғам үшін ертегі сияқты. Бірақ, Абай өмірін қанық білетін кісілер үшін бұл солай болуға тиіс ақиқат. Ат пен ақша емес, жоралғыға руын көлденеңдету, дауды өз ығына жығу үшін ортаға «ата салу» Абайға тағы жүрмеген.

Сыбан мен Мұрын ортасында болған жесір дауы болады. Абай өз атынан кесім айтуға Оразбай мен Жиреншені жіберіп, жесір қалып, өз сүйгеніне қосылмақ үшін басына ерік сұраған Мұрынның қызына теңдік әперуді тапсырады. Екеуі әу баста солай істесе де, Сыбанның бір кісінің «Жол осы ма еді, Кеңгірбай әруағы, қайдасың!» дегеніне майысқан Оразбай «Кеңгірбай жолын» бұзғысы келмей қалады. Осы орайда Абайдың өзінен жасы үлкен, рулас туысы Оразбайдың қарсылығына қарамастан, Мұрын қызына теңдік алып бергені[7], 1897 жылғы Бәзілдің қызы Қадишаның дауы[8] (Мұқыр болысының сайлауының алдында болған бұл дауда да ата, ру намысы Абайға пара есебінде жүрмеген-ді. – О.С.) және осы тектес оқиғалар көп болған.

Қарамола съезі, Көктұмадағы, Жетісу және Семей облысының бас қосқан шербешнай съездерінде  халық тілегімен Абай төбе би болып сайланады[9]. М. Әуезов бұның себебін Абайдың білімі мен жүйріктігіне және көлденеңге айтатын шебер, әділ билігі мен қоса «Абайдың би болуын көп-көп елдің тілейтініне тағы бір себеп, Абайдың билігі өзге рубасылардың парашыл, бұра тартқыш билігінен басқаша болған» дей отырып, ел ішіндегі дау-жанжалды Абайға билетуге жаулары да ынтық болып отыратынын айтқан[10]. Құнанбай тұсынан ұдайы жаулықпен келе жатқан Жігітектің үлкен дауларында өздері дауды ұсынған биі де – Абай[11], Ырғызбайдың зорлықшыларына ең алдымен аямай жаза кескен де – Абай[12].

Ырғызбай тұқымы былай тұрсын өз әкесі Құнанбайдың кіндігінен тарағандарға да бұра тартып, туғандық көрсетпеген.

Абайдың әділдігін інісі Оспан мен жатақ (жайлауға көшпей отырған ел) арасындағы, Тәңірбергеннің баласы Әзімбай мен Жігітек руының арасында болған егін дауларында Оспан мен Әзімбайға төлем және айып төлетуі де оның қара қылды қақ жарған би болғанын көрсетеді. «Тура биде туған жоқ» деген сөз осы орайда айтылса керек.

Дала билерінің соңғы саңлағы өзінің атастырылған әйелін жүгініске отырғызып, айыбын төлеткен. Оспанның көзі тірісінде шабындыққа бөліп берген жеріндегі жинаулы тұрған Көтібай дегеннің шөбін Еркежан бәйбіше қораға тасытып алады. Ол кезде Оспан өлгеніне үш жыл өтіп, Еркежан Абайға атастырылған екен. Көтібай шағымын тыңдаған Абай Еркежанды шақырып жүгініске отырығызып, ісін мойнына қойып, Көтібайдың шабындық жерінен алған шөпті екі еселеп төлеттіреді.

Бүгінгі қоғамның жарасына тұз себетін мұндай мысалдар Хакім өмірінде көптеп кездеседі. Мұратымыз – мысалды тізбелеу емес, қоғамдағы бір індетке Хакім өмірінен өнеге қаузап көру.

«Рухани жаңғыруды» шын мәнісі Ұлы Даланың төсінде өткен дегдарлар болмысын жаңғырту арқылы да шырайлана түсетінін ескерсек, «Абайдың парасы» біраз адамдардың өмірі үшін өте керекті, өзекті мәселе екені анық.

___________________________

[1] Абай 15 жыл болыс болған. https://abai.kz/post/39385

[2] Тұрағұл Абайұлы. Әкем Абай туралы. «Абай» журналы. 1992 ж.

[3] Абайдың ақын шәкірттері. Дайын.Қ. Мұхамедханұлы 1-кітап. –Алматы. «Дәуір». 224 б. 209-бет

[4] М. Әуезов. «Шығармаларының елу томдық толық жинағы». –Алматы. «Дәуір», «Жібек жолы», 2014 ж. 27-том: Мақалалар, зерттеулер, пессалар(1943-1946).  216-бет.

[5] М. Әуезов. «Шығармаларының елу томдық толық жинағы». –Алматы. «Дәуір», «Жібек жолы», 2014 ж. 15-том: Мақалалар, зерттеулер, пессалар. 99-бет .

[6] С. Зиманов: Абай – ұлы билердің соңғысы және оның бітім-биліктері туралы  http://abaialemi.kz/kz/post/view?id=1103

[7] 27-том, 186-187 беттер

[8] 27-том, 197-198 беттер

[9] 15-том, 108-бет. 27-том, 175-176 беттер; 27-том, 195-бет

[10] 15 т. 109 б; 27-том. 195-бет

[11] Сонда.

[12] 27-том. 195-бет

Оразбек Сапархан

Abai.kz

Дереккөз: https://abai.kz/