«Қайтыс болған кісілерге де қажылық парызды өтегені туралы құжат сатып жүр» — Өтеміс Маханов

0

«Адырна» ұлттық порталының келесі сұхбаты Алматы облысында түйе шаруашылығын жандандырып отырған 74 жастағы кәсіпкер Өтеміс Махановпен өтті.

— Өтеміс аға, сіз осыдан он жыл бұрын қажылыққа барып қайтыпсыз. Оның қызық әрі ұзақ хикаясын бір кездері өз аузыңыздан естіген едім. Соны біздің көрермен және оқырмандар үшін қайталап айтып бересіз бе?

— Менің жиенім бар. Сол кісі қазір Тараз қаласында имам. Бір күні үйге келіп, қажылыққа аттанатынын хабарлады. Содан кейін «мен неге бармаймын?» деген сұрақ санама сап ете қалып, мазалап қоймаған соң, бірге бару үшін үлкен қажылыққа Алматыдан билет алдым. Біз «Нұр Қазақстан» компаниясы арқылы баратын болдық. Билет құны 400000 тұрады екен. Алланың қасиетті мекенінде жиырма екі күн болып қайттық. Сол жаздың шекеден шып-шып тер шығаратын шілде айы еді. 60° ыстық болатын. Ондай ыстыққа үйренбеген адамдармыз. Ауруым күшейіп, өрши түскендіктен жүре алмай қалдым.

— Апамызға ол ауа райы қалай әсер етті, аға?

— Ол кісі де сондай күйге түсті. Екеуміз де жүре алмай, жағдайымыз қиындап кетті. Меккеге ұшар алдында ақшамызды долларға ғана айырбастаппыз. Ол жерде тек динар жүреді екен. Оны ешкім айтпады, түсіндірмеді. Ылғи 100 доллардан салып алыппыз. Әбден шөлдедік. 7 сағаттық жолға шыдау қиын болды. Әйтеуір, алпыс шақырым жетпей бір қала бар екен, сол жерге қондық. Екеуміздің тамағымыз кеуіп қалғаны сонша — сөйлей алмай қалдық. Әлсіредік, жанымызда адам да жоқ, барлығы кетіп қалған. Бір қарасам, қолында бұрқырағай шайы бар таныс кісілер жүр. «Әу, қайдан алдыңдар?» десем, бір жерді нұсқады. Шай ішіп, адам қалпымызға келдік. Бірақ қонақ үйде дұрыс ішерге ас жоқ. Алматыдан шығарда билет сатып тұрған келіншектен «Тамағы қалай?» деп сұрап едім, «Ой, ата, несін айтасыз, бес мезгіл тамақ береді. Сіздің бара жатқаныңыз ең қымбаты, бұл «Нұр Қазақстан». Бес жұлдызды қонақүйде жатасыздар. Асханасы да сондай. Күніге қой сояды» деп соқты. «Ойбай, күніге қой сойса, жақсы екен ғой» деп мәз болып бардық. Сөйтсек, қой тұрмақ, тас та жоқ. Екі жүз адам шағын асханаға кіреміз, қой сояр деп тағы оған үш жүз доллар береміз. Шын мәнінде, қой түгілі сирағы да жоқ. Құр күріш, қара сорпа берді. Болмаған соң бір аптадан кейін ұрыс шығардым. «Әй, мынаның адамы қайда?» деп ашуға міндім. Осыған дейін жүз рет қажылыққа барған деп Амангелді дейтін азаматтың есімін айтқан еді. Бірақ ол — алаяқтың нағыз өзі. Бұл сөзімді өзінің көзіне қарап тұрып та айтамын. Бізге «сабыр» деген сөзді үйретіп қойған, бірдеңе бола қалса соны қайталап шыға келеді. Ал маған қарным аш кезде сабырдың қажеті қанша? Ауылда қазы-қарта жеп, шұбат ішіп жүрген адам едім. Қажылыққа келіп, ішіне кесек-кесек күріш салынған, тұзы удай сорпаны ішемін деп ойламаппын. Сонымен айқайға салып, лифтімен барсам, Амангелді Еренғайыпұлы жатыр. «Жүр, менімен бір порция тамақ ішші. Мынау не болды? Сен бізден бәленбай ақша алдың ғой. Біз кімбіз сонда? Тағы бізден күніне үш жүз доллар аласың. Қойың қайда, ең болмаса лағың қайда? Атаңанәлет, айуан» деп ұрыс шығардым. «Сабыр» деп қоймайды, болмағасын «Сабырыңды қалтаңа салып ал. Давай, тамағыңды дұрыста» дедім. Ішетін асымыз сол күннен бастап дұрысталды.

Содан не керек, бір күні теңізге апарамыз деп тағы 100 доллардан жинады. Ол небәрі 60 шақырымда орналасқан екен. Сол үшін қыруар қаржы жинап алды. Кемпіріме және өзіме деп 200 доллар беріппін. Түнде «Қызыл теңізде не шаруам бар? Қой, құрсын» деп, таңертең барлығы автобусқа мініп жатқанда, ақшамды алып қалдым. Барғандар су киіммен қайтып, салқын тиіп, ауырып қалды. Енді қара, арамызда бір дәрігер жоқ, арабтармен сөйлесетін аудармашы да жоқ. Қажетті дәрі алайық десек ақша бар, бірақ тіл білмейміз, түсінбейміз. Өзім 10 мың доллар апардым. Балалар кемпірім екеумізге беріп жіберген. Бізбен бірге әнші Сәкен Майғазиев те барған. Әйелдердің көбісі саудагер. Түнімен ақ дамбалдарын киіп алып, арбамен зат тасиды. Сөйтсек арамызда 14 рет барғандар да бар екен. «Неге осы сендер ыстық жерге келе бересіңдер?» десем, «Адамдарға үгіт-насихат жүргіземіз, ақша аламыз, жолымыз тегін» дейді. Мен бұларды қажы екен десем…

Меккеден Мәдинеге келдік. Сол жерде мен адасып қалдым. Жанымда бір түрік кісі болатын. Алдымызда жолыққан қазақ балаға жағдайымызды айтып едік, «Ой, аға, уайымдамаңыз, тауып беремін» деді. «Сен бәрін қайдан білесің?» десем, «Мен жылына келем, осы төртінші рет келуім» дейді. «Ау, айналайын-ау, мынандай ыстықта не жоғалттың?» деп сұрамасам, ол да «Адам үгіттейміз, бес парыздың бірі деген соң басқалары да келеді» деп жауап берді. Қайтып кетейін десем билет жоқ, бір адамның тілін білмеймін, амалдың жоқтығынан жүрдім.

Енді біреу қажылыққа барамын десе, «ақшасын құртатын болды-ау» деп аяймын.

— Шайтанға тас атуға бармадыңыз ба?

-Жоқ, ол жерге бармадым да, көрмедім де. Бір адамға атуға ақша, жеті тас беріп «Бар, шайтандарды өлтіріп кел» дедім.

— Әр тас қанша тұрады екен?

— Құдай біледі, мыңнан бердім ғой деймін. Қолына тасын әкеліп бердім. Тас таудың үстінде тұр, ол жақта кептер мен мысықтардан басқа ештеңе жоқ.

— Ал сулары ше? Көпшілігі ішуге жарамсыз дейді. Сол рас па?

— Ол былай екен. Суды тұздан тазалайтын бір зат болады. Сондықтан оның құрамында ештеңе болмаған соң, шөлің мүлде қанбайды. Оны ішесің, қайта шөлдейсің. Біреулер «Қол жуған суды қайта өңдеп, өзімізге береді» деді. Кемпірім әйелдермен бірге жүрген. Бір кезде екі қолында екі ыдысқа құйылған зәмзәм суымен келе жатыр екен. Сөйтсек оны біреулер алдап сатыпты. Меккеде де алаяқтар бар екен. Бәрі өзбектер, тұрып жатқанымымызға 30-40 жыл болды дейді. Шұбырып жүрген ел. Тіпті арамыздан алпыс бестегі бір адам жоғалып кетті. Екі жоғалған адамның бірі табылды, ал бірі жоқ. 200 адам бардық. Ол жерде ешкім сені керек қылып жатқан жоқ. Бардың ба, жүрсің бе, бәрібір. Әр нәрсені сылтауратып ақшаңды жинап алады. Менің туған екі інім бар еді, екеуі де 10-15 жыл бұрын қайтыс болған. Әкем де дүниеден өткен. Солардың әрқайсысына 300 доллардан төледім, ал олар Умра қажылыққа келді деп жазып, мөр басып берді. Біреулер солай істеп жатқан соң, мен де сауап болар деп жаздырттым.

сұхбаттың толық нұсқасы: https://youtu.be/LsZr_AadBg4