Бір топ депутат прокуратураға Мухоряповтың үстінен шағым түсірді

0

Бір топ депутат прокуратураға қазақ тілінде жауап беру “мәдениеттің көрінісі емес” деп айтқан Chocolife компаниясының директоры Рамиль Мухоряповтың үстінен шағым түсірді. Бұл туралы Еділ Жаңбыршин айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Тілсіз ұлт болмайды! Қазақстан құқықтық мемлекет және оның әр бір азаматы еліміздің Конституциясын және оның заңдарын мүлтіксіз орындауға міндетті. Мемлекетіміздің рәміздеріне қатысты және онда тұрып жатырған азаматтардың діни көзқарасына, нәсіліне, жеке басына және ар-намысына тиетін заң бұзушылықтарға жол берілмеуі керек.

Ұлты үшін күрескен тұлғаларды әдейі қолдан жасалған «ұлтшыл» деген сөз тауып алып, сол таңбамен жала жауып, отаршыл елдер бізді құртуға еңбектенді.

Егер мен өз ұлтымның дінін, тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қорғасам, ол «ұлтшылдық» емес! Ол — ұлтымды жойылудан қорғау! Мысалы француз, ағылшын, испан, орыс, қытай, еврей, неміс өз тілін және дәстүрін қорғаса «ұлтшыл» емес, ал қазақ қазақшылығын, тілін дәстүрін қорғаса «ұлтшыл» ма?! Олар ұстанып отырған принциптерді, біздерде ұстануға құқылымыз! Ешкім ешкімнен үстем емес, ешкім ешкімнен кем емес!

Бірақ ескеретін бір жайт бар! Заң бұзушыларға тек заң аясында шара қолдануымыз керек! Әйтпесе олардан айырмашылығымыз қандай? Ал егер заң солқылдақ болса, онда оны қайта қарау керек. Қоғамдағы қазіргі туындап отырған жағдайлар мемлекет тілдің мәртебесі туралы заң қабылдаудың уақыты келгенін де көрсетіп отыр.

Қазақстанның мемлекеттік тілінде сөйлеудің «мәдениетсіздік» екенін айтып, қоғамда дау туғызған Р. Мухоряповқа заң аясында шара қолдану жөніндегі депутаттық сауалды, Мәжілістегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының бірнеше мүшесі қол қойып, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов мырзаға жолдады»,—деді ол.