«Неге қазақтың теңгесі жақсы, тілі жаман»: Мухаряповтың үстінен арыз түсті
Тіл мәселесіне қатысты тағы шу шықты. Бұрын тіл-патрульдерінің мүшелері дүкендерде қазақ тілін талап етіп, әлеуметтік желіде олардың видеосы тарап, проблема қызу талқыланып жататын. Сондай белсендінің бірі Қуат Ахметовты билік қуғынға ұшыратқаннан кейін «Ахметов факторы» бәсеңдегендей болған. Алайда билік тіл патрульдерін тұқыртам деп жүріп «Мухоряпов факторын» құтыртып алды деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі Ulysmedia.kz сілтеме жасап.
Өзіне тілге қатысты сынның жиі айтылғанын сезген президент кеше Алматы облысына барған кезде мұнысын жуып шаймақ болған сөздерді айтты. «Қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері де аз емес», «соған сәйкес қазақша фильмдерге, әндерге және басқа да өнімдерге деген сұраныс жоғары» деді. «Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ» деп те ескертті. Бірақ тілге қатысты дау бұл сөзден кейін бір күннен соң қайта бұрқ ете түсті.
Мухоряпов деген кім
Даудың басы неден басталды? Күні кеше жиындардың бірінде Мухоряпов орысша сұраққа қазақша жауап бергендер азаматтардың бойында «ұлтшылдықтың сәл көрінісі барын, бұл жағдай үлкен мәдениеттің белгісі емес екенін» айтқан.
«Егер мұндай болса (орысша сұрағандарға қазақша жауап беріп жататын болса) қатты қапаланар едім. Меніңше, бұл сәл біртүрлі. Ұлтшылдықтың сәл көрінісі. Бұл үлкен мәдениеттің белгісі емес. Біздің меймандығымыз бәрін көтеріп кетуі керек», — дейді ол.
Ашық дереккөздерге қарағанда, Рәміл Мухоряпов – Chocolife.me, Aviata/Chocotravel біріккен туристік компаниясы, Chocomart.kz, Lensmark.kz интернет-дүкендері, Chocofood.kz тағамға тапсырыс беру және жеткізу қызметі, iDoctor.kz дәрігерлерді іздеу қызметі және мобильді қызметтерді қамтитын Chocofamily Holding негізін қалаушы және тең иесі. Forbes Kazakhstan мәліметтеріне қарағанда, Chocotravel холдингі 2018 жылы 74 млн АҚШ доллары көлемінде табыс тапқан. Мухоряпов сонымен қатар YPO Kazakhstan қатысушысы.
Кәсіпкер Инстаграмда белсенді. Блогер Әлішер Елікбаевпен, олигарх Вячеслав Киммен, медиаменеджер Арманжан Байтасовпен бірге түскен суреттері бар. Алматының бұрынғы әкімдері Бауыржан Байбекпен, Бақытжан Сағынтаевпен де түскен суреттері кездеседі. Әр жерде сұхбат береді. Өз тәжірибесін бөліседі.
Кімге ренжиміз?
Әлеуметтік желіде белсенді дінтанушы Қайрат Жолдыбай бұл мәселеге мынадай қырмен қарайды.
«30 жылда билік мемлекеттік тілде сөйлемесе, көптеген шенеуніктер екі сөздің басын қосып қазақша айта алмаса, қалалық қазақтар әлі орысша шүлдірлеп жүрсе, жас буын орысшаға жерік болса, кімге ренжіп, кімге налимыз? Қазақшаға пысқырмайтынын сөзімен ашық айтқан өзге ұлт өкіліне ашулымыз. Ал жеті атасы қазақ бола тұра іс жүзінде өз ұлтының тілін күніне жүз рет жерге ұрып жүргендерге не деуге болады?!» — дейді ол.
Қайрат Жолдыбай бұл пікірді негізді түрде айтып отыр. Оның бұл пайымын қолдап жазып жатқандар көп.
Шулаймыз да қоямыз…
Ал саяси тақырыпта ойын ашық айтып жүрген сарапшы Ғалымжан Оразымбет «Мухоряповқа қатысты бір нәрсені нақты айта алатынын» атап өте келе, «бәріміз шулаймыз да, қоямыз» дейді.
«Ол солай айтатын кезде соның салдарын, рискін ойлады ма? Меніңше, ойлады. Ешқандай риск жоқ екенін білген соң, солай айтады. Бизнесмен – қалтасымен ойлайтын адам, бірінші кезекте. Қоғам шулап қоя салатынын, табысына ешқандай әсері болмайтынын білген кезде одан да зорын айтады. Қоғам шулап қоя салмай, бизнесіне, өнімдеріне толық бойкот жариялап, ол ай соңында табысым неге азайып кеткен дегенде, осындай сөздерінің кесірінен екенін түсінсе, келесі жолы тілінен тартып ала алмайсың ондайды. Құрсын, кезінде талай адам Сулпакқа да, басқасына да бойкотшылаған. Бәрібір содан барып сатып алып жүрді. Сөзбен, постпен, айқаймен ұрғанның құны көк тиын. Қалтасынан ұрмай, осы айтқаны айтқан. Нәтиже тек солай болады. Басқа жолын көріп тұрғам жоқ», — дейді ол.
Бойкот бола ма?
Журналист Айбар Олжаев «бойкот шын мәнінде жұмыс істей ме?» деген сұраққа жауап іздейді.
«Егер сіз орысша сұрап, сізге қазақша жауап берсе, ол ұлтшылдық, әрі төмен мәдениеттің белгісі. Отандық кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың осы репликасы бар жағынан алғанда түсініспеушілік туғызып отыр. Себебі бүгін Мемлекет басшысының өзі қазақ тіліне қатысты саяси арандатушылықты қою керек деп ескерткен болатын. Рамиль Мухоряпов бұл тұрғыда көп нәрсені ушықтырып жіберген сияқты және оның арты бизнесі үшін жақсылықпен аяқталмайтыны көрініп тұр. Алғашқы реакция пайда бола бастады. Қазақтілді аудитория бизнесмен Рамиль Мухоряпов иелік ететін Choco бизнесіне бойкот жарияламақ ниетін білдірді. Оның өнімдеріне баламалар ұсыныла бастады», — дейді ол.
Журналист Choco өнімдерін тұтынбай, толық алмастыруға бола ма деген сұраққа Телеграм арналарының мына бір жазбасын келтіреді.
- Chocolife.me купондарын BeSmart-қа;
- Chocotravel авиабилет сервисін Kaspi Тревелге;
- Chocofood жеткізу сервисін Glovo мен Wolt-қа;
- Chocomart.kz, Lensmark.kz интернет дүкендерін Kaspi.kz дүкеніне;
- iDoctor.kz дәрігер іздеу сервисін Doq.kz сервисіне;
- Рахмет кэшбек мобильді қосымшасын Dosmart қосымшасына алмастыруға болады.
«Былтыр ChocoFamily выручкасы 17,8 миллион доллар болған. Оның ішіндегі таза кіріс бойынша ақпарат жоқ. Бойкот — егер ол шын жұмыс істей бастаса, енді қараша-желтоқсан айларының түсіміне әсер ететін болады. Негізі, Choco үшін желтоқсан, Жаңа жыл қарсаңы — ең табысты кезең. Тура сол табысты уақыттың алдында тәжірибелі бизнесменнің бұлай қателесуі күтпеген жағдай болды», — дейді ол.
Журналист Айбар Олжаев заңдық, конституциялық принциппен Рәміл Мухоряповтың репликасын ҚР Қылмыстық Кодексінің 174 бабы, 1 тармағы бойынша тексеруді сұрап, Алматы қаласының Прокуратурасына арыз жіберіп отыр.