Қаңтар туралы ақпарат таратқан журналист 15 күнге қамалды

0

12 қазанда Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты журналист Думан Мұхаммедкәрімді 15 тәулікке әкімшіллік қамауға алу туралы қаулы шығарды. Сот оған «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айып таққан, деп хабарлайды Kznews.kz Ulysmedia.kz ке сілтеме жасап.

49 жастағы журналист Думан Мұхаммедкәрімге полиция сәрсенбі күні таңертең келген. Сол кезде журналист Азаттыққа үйінің жағында полиция қаптап тұрғанын, қазақ тілінде толтырылған шақыртуды талап еткенін айтқан.

Журналист таратқан видеода үйінің маңында төрт жеңіл көлік тұрғанын көруге болады.

“Мен ешқандай заң бұзған жоқпын. Қазанның 25-і кезектен тыс сайлауға қарсы шығамыз деп, Алматыдағы орталық алаңға шығайық деп үндеу тастағам. Қоғам белсенділермен бірлесіп шешімге келдік. Бес жұмыс күні қалған кезде біз өзіміздің ескертуімізді береміз, рұқсат күтіп отырмаймыз. Ел-аймақтардан барлығын шақырғанбыз, соған бола келген болар”, — деген еді журналист.

Түстен кейін ол адвокатымен Іле аудандық полиция бөлімшесіне шақыртумен келген. Сот кешкі сегізде аяқталды.