Қанды қырғын: 1986 жылы көтеріліске қатысқан қазақ қызы сұмдық жайттарды еске алды

0

1986 жылы болған көтеріліс ұлт тарихында алтын әріптермен жазылып қалғаны рас. Сол уақытта Қазақстанға Ресейден басшы тағайындалғанын білген қазақ жастарының егемендік үшін алаңға шыққаны ешқашан ұмытылмайды. Ызғарлы желтоқсанда елім деп еміреніп, азаттық үшін арпалысқан боздақтардың есімі де жадымыздан кетпесі анық. Сол жастардың қатарында бүгінде Алматы қаласында тұратын Анар Рақымжанова да бар деп жазады «Замана» басылымы.

Анар Рақымжанова. Фото: Замана

Анар Рақымжанова. Фото: Замана

Анар Рақымжанова- Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Төлеген Рақымжановтың қызы. 1985 жылы Семейден Алматы қаласына ауысып, жұмыс істеп жүрген ол Қыздар педагогикалық университетіне түспек болған екен.

Алайда алғашында құжатын жоғалтып алған қыз Желтоқсан көтерілісінен соң бес жылға жоғары оқу орнына түсу құқығынан айырылыпты. Артынша тұрмысқа шыққан бойжеткен сол бойы университетке түспеген екен.

Бүгінде күйеуімен екі баласын тәрбиелеп өсірген Анар Рақымжанова осыдан 32 жыл бұрын қарапайым құрылыс кәсіпорнында жұмысшы, 19 жастағы балауса қыз болған еді.

Қазірде көненің естелігі болып қалған әйгілі суретте екі милициямен бірге кетіп бара жатқан ол сол ызғарлы күндерді әлі ұмытпаған екен.

«Мен кезекті демалыста ауылға барып қайтқан едім. Ертесіне, 16 желтоқсан күні сөз байласып жүрген жігітім Маратпен киноға барғанбыз, содан қайтып келе жатқанда радиодан Қонаевты орнынан алып, Колбинді тағайындағанын естідік.

Кешке қарай жатақхана алдына бір жігіт келіп «Қазақтар, неге үнсіз отырсыңдар?! Орталық алаңда қазақтарды қырып жатыр!»– деп айқайлады.

Жанымдағы құрбым екеуміз осыны ести сала алаңға бармақ болғанбыз, бірақ милиция жатақханадан шығармай қойды.

«Өзім жолдан сырқаттанып келген едім, 17-сіне жұмысқа бармай, құрбым Гүлшат екеуміз емханаға барып, маған емделуге демалыс алдық.

Сосын бірден автобусқа отырып, орталық алаңға тарттық. Бірақ қоғамдық көлік жүргізушісі «Балуан Шолақ» стадионына жеткен соң ары қарай бармайтынын айтып, бәрімізді түсіріп тастады.

Біз ары қарай жаяу тарттық, сөйтіп патриоттық әндер шырқап, орталық алаңға жеттік.

Біз барғанда алаңда адам өте көп екен. Айқай-шудан құлақ тұнады. Гүлшат екеуміз көп адамның ортасына енген бетте-ақ бір-бірімізді таппай қалдық»,- деп еске алады Анар.

Қақаған қыста қаны қайнап тұрған жастардың қатарында болған Анар алаңда көрген сұмдықтарын да әлі жадынан өшірмепті.

Анар Рақымжанова. Фото: Замана

Анар Рақымжанова. Фото: Замана

«Сөйлеп жатқандар бар ма екен деп алға қарай жылжуға тырысып бағудамын. Бір кезде бізге қарай әскери адамдардың жүгіріп келе жат­қаны көрінді. Жұрт топырлай ығысып, бірінің үстіне бірі құлап жатты. Мен де құладым, сол кезде екі милиционер келіп ұстады.

Мен сол кезде әскерилердің қарусыз топты аяусыз соққыға алып жатқанын, бұйра шашты бір жігіттің басын тас­қа соққанын көрдім.

Ал бізді, көп қыздарды көлікке тиеп, Қаскелеңдегі полиция бөліміне апарып тергеді. Сосын қайтарып жіберді.

Жатақханаға келсем, құрбым бөлмеде жоқ. Ол кейінірек келді. Фрунзе аудандық полиция бөліміне, орыстардың қолына түскен екен, әбден таяқ жепті.

Басынан қатты соққы алған, шашынан ұстап, қа­быр­ғаға соққан екен, көзі ісіп кеткен, мүлдем ашылмайды.

Бұл аздай, оны кейін жұмыстан шығарып жіберді, Алматыдан кетуін талап етті. Оның сөз байласып жүрген жігіті Қадыр Төлеубаев Ауғанстанда қызмет еткен еді, ол да оқиға кезінде қолға түсіп қалыпты.

Оларды Боралдай жаққа апарып, қақаған қыста киімдерін шешіп алып, тастап кеткен Сол кезде құжаттарын жоғалтып алыпты. Олар кейін екеуі үйленіп, отбасын құрды, төрт бала өсірді», -деді ол.