Банкіңіз банкрот болмасын…

0

Қазіргі заманда банкпен байланысы жоқ адамды таппайтын шығармыз. Бұрындары қарт адамдар зейнетақысын тек кассадан алатын болса, қазір олардың барлығын банктік карточка жүйесіне көшіріп тастады. Әлбетте, қаржы мәселесінде банк жүйесінің атқаратын қызметі маңызды екені белгілі болса да, осы күнге дейін оның проблемалары мен мәселелері де көп болып отыр. Оның ішінде кез келген банктің жабылып қалуы, оның клиенттері немесе оның айналасындағылар үшін үлкен әбігерлік тудыратыны жақсы емес.

Еліміз тәуелсіздік алған тұста жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай банктер қаптағанын білеміз. 280 банктің алғашқылары сол кездегі дағдарыс жағдайында бәсекелестікке төтеп бере алмай жабылып жатты. Тіпті 2000 — жылдардың басында елімізде 16 банк ғана қалған еді. Кейінге кездері олардың саны қайтадан 2 есеге өсті. Не жағдай болғаны белгісіз 1990 жылы ашылып, жүйеқұраушы деңгейінде қызметі тәп-тәуір болған негізгі банктердің бірі «Казкоммерцбанк» биыл «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамына қосылып, жұтылып кетті. Оның алдында «Астана банкі» АҚ банкроттыққа ұшырады. Қалай дегенмен де, өркениетті қоғам мүшесі ретінде қазір адамдар жинаған қаражаттарын сақтық мақсатында банкте ұстайтын болды. Алайда оларға еліміздің банк жүйесі талапқа сай қызмет етіп, көңілдерінен шыға алып отыр ма, ол басқа әңгіме.

Өткен аптада ғана «Каспи банк» АҚ қоғамы туралы әлеуметтік желілерде, оның ішінде WhatsApp мессенджері арқылы «Ойбай, банк банкрот болды, ақшаларыңды тез алыңдар» деген хабар тарады. «Банк қожайыны М.Ломтадзе мырза қаржыны жымқырып кетіпті-мыс» деген сыбыс гулеп кетті. Әлеуметтік желіде белсенді, тіпті сол қаржы мен экономика саласын жазып жүр дегендердің өздері аңтарылып, не айтарын білмей қалды. Тек банктің баспасөз хатшысы Ербол Азанбектің посттары мен құрылтайшысының арнайы бейнеүндеуінен кейін ғана халық тынышталғандай болды. Осы ретте «Қамшы» ақпарат агенттігі өз тарапынан банк өкілдерімен тікелей хабарласып, расталған қанықты ақпаратты өз уақытында берді. Ал, осы екі ортада билік жағынан, әсіресе қаржы саласын реттеуші әрі қадағалаушы орган – Ұлттық банк тарапынан ешқандай да ресми мәлімдемелер болмағаны бәрімізді қынжылтты. Әрбір мемлекеттік органнның сайты оның ресми бетпердесі болғандықтан, бірден бас банктің интернет-ресурсын ашқанымызда, өкінішке қарай, мардымды мәлімет ала алмадық. Ол жерде тек қана Данияр Ақышев мырзаның кездесулері мен жұмысы туралы ғана жаңалықтар көзге шалынды.

Интернет сияқты ақпараттық аждаһаның өте дамыған заманында фейктер тарапынан болатын жалған ақпарат тараған жағдайда не істемек керек? Мұндай әлеуметтік маңызы бар оқиға кезінде тиісті билік өкілдері неге жауап бермейді, әлде олар ондай өкілеттікке ие емес пе?

Мұндай сауалдарға халық пен өзінің ортасында берік қамал салып алған Ұлттық банк тарапынан жауап алу қиынның қиыны болар?

Сол себепті де банкке қаржы саларда немесе банкпен жұмыс істегенде не істеу керектігін өз шама-шарқымызша айта өтсек деген оймен төмендегідей ақыл-кеңестер береміз.

  1. Алдымен банктің Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорында мүшелікте бар-жоғын оның сайтынан анықтап алған абзал. Аталған қор теңгемен салынған депозиттерді 10 миллионға дейін, ал шетел валюасында болса, 5 миллионға дейін қайтарып береді.
  2. Банк жарияланымдарын оның сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшасынан қадағалап отырған аса көп пайдасын береді. Егер банк тарапынан кредитор тарапынан талап-тілек қабылдайтын жаңалық көрсеңіз, бірден оларға талап-хат жазуыңыз сіздің банк банкрот болған жағдайда алғашқылардың бірі болып салымыңызды қайтарып алуға мүмкіндік береді. Әйтпесе банкроттық үрдісі 6-7 жылға дейін сағыздай созылып кететін кездер де кездеседі.
  3. Банк саласының бас реттеушісі және әміршісі болып отырған құзырлы орган Ұлттық банкінің екінші деңгейлі банктерге қатысты таратқан жаңалықтары мен хабарламаларын да қадағалап отырған дұрыс. Егер де бұл мемлекеттік орган тарапынан қандай да бір банктің белгілі бір қаржы операцияларын уақытша тоқтатып қойған жағдайларды көзіңіз шалса, ол аталған банктің  нашарлай бастағанын көрсетеді және сақтық шараларына көшуіңізге түрткі болады.

Еліміз аман, жеріміз тыныш болып, банкіңіз банкрот болмасын!

Серікқазы Көкенай

«Қамшы» сілтейді