ҚР ҒжЖБМ: Студенттерге жылдық 2-3% жеңілдікпен білім беру кредиттері беріледі
Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы шеңберіндегі тапсырмалардың іске асырылу барысы туралы баяндады.
Атап айтқанда, министр сараланған грант енгізу (30%-дан 100%-ға дейін) және жоғары оқу орындарында оқу үшін жеңілдікпен несие беру тетіктерін енгізу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
«Мен қазіргі әдіснамадан түбегейлі бас тартпайтынымызды атап өткім келеді. Жаңа жүйе жастардың үлгерімін, белсенді әлеуметтік ұстанымын, ғылыми және шығармашылық жетістіктерін, әлеуметтік жағдайын ескере отырып, оларды жоғары біліммен қамтуды қамтамасыз етеді. Биыл мемлекеттік білім гранттарының рекордтық саны бөлінгеніне қарамастан, студенттердің 60%-ы ақылы негізде оқиды. Осы санаттағы студенттерді қолдау үшін оларға жылдық 2-3% жеңілдікпен білім беру несиелерін алуға мүмкіндік беріледі. Ол үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажет», — деді Саясат Нұрбек.