Ақтөбеде ғалымдар мен саясаттанушылар Елбасы мақаласын талқылады
Ақтөбеде танымал саясаттанушылар мен ғалымдар Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талқылады.
Ақтөбеде 300-ге тарта ғалым тарихшылар, этнографтар, археологтар, мәдениет қайраткерлері, қоғамдық ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері, кітапханашылар мен мұражай қызметкерлері қатысқан дөңгелек үстелде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қойған тапсырмаларын жүзеге асыру жолдары талқыланды.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев:
«Елбасының барлық мақалалары – өскелең, болашақ ұрпақ үшін ғибратты сөздерімен даналы. Соның ішінде, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы біздің өткеніміздің ұлылығын тереңірек тануға, Қазақстанның әлемдік өркениет жүйесіндегі маңыздылығын көрсетуге мүмкіндік береді. Облыста аталмыш мақаланың негізгі қырларын іске асыратын ұсыныстарды әзірлеу үшін ғалымдар мен ардагерлердің, қоғам қайраткерлерінің бірнеше ірі кездесулері өтті. Арнайы жұмыс тобы құрылды. Ақтөбеліктердің мақсаты – оны жүзеге асыру үшін барынша үлес қосу, — деп атап өтті.
Өңірге арнайы келген «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төрағасы, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Асқар Умаров, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғали, қоғам қайраткері Айдос Сарым, «Қазақстан блогерлерінің альянсы» ҚБ төрағасы Ғалым Байтук мақала ережелерінің орындалуы туралы өз көзқарастарымен бөлісті.
Жиында сөз алған Дархан Қыдырәлі Президент мақаласының бүкіл түркі әлемінің тарихын зерттеуге түрткі боларына сенім білдірді.
— Тек Қазақстан тарихында ғана емес, Алтайдан тараған барлық елдердің тарихында түркі әлемінің, сонымен қатар, Тұран ойпатының алтын бесігі. Бұған Елбасының жуырда жарияланған мақаласының әлемнің тоғыз тіліне аударылғандығы дәлел. Оны венгрия, монғол және басқа да елдердің ғалымдары үлкен қызығушылықпен қабылдап отыр. Президенттің бұл еңбегі бүкіл түркі халқының тарихына өзгеріс алып келуі мүмкін,-деді белгілі түрколог.
Пікір-талас кезінде Ақтөбе облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы — «Ұлы даланың жеті қыры» атты
мақаладағы міндеттерді жүзеге асыру туралы жан-жақты пікір алмасты. Кездесу соңында қонақтар өңірде ұлттық тарихи-мәдени мұраны сақтау және дәріптеу бойынша атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді.
— Киелі жерлерді сақтап, дамыту үшін көп дүниелер жасалғанын көріп тұрмыз, әдемі мұражай салынған. «Анаға тағзым» рухани-өнегелік тәрбие беру орталығын ерекше атап өткім келеді. Өте дұрыс бағыт таңдалған, өйткені ұлт болашағы – аналардың қолында, — деді Халықаралық түркі академиясының вице-президент Асқар Умаров.
Күннің екінші жартысында қатысушылар Ақтөбе облысының жастарымен кездесті.