«Кереует жоқ, еденде жатты»: «Келінжан» продюсері телехикаяны түсірген кездегі қиындықтарын бөлісті (видео)
Белгілі продюсер Гүлнұр Мамасарипова BAQ.KZ порталына сұхбат беріп «Келінжан» телехикаясын түсірудегі қиындықтарын бөлісті. Айтуынша, біздің елде кино актерларына түсірілім алаңында жөнді жағдай жасалмайтын көрінеді, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
Көптің көңілінен шыққан «Келінжан» телехикаясының продюсері Гүлнұр Мамасарипова түсірілім уақытында актерлерді орналастыратын қонақүй, тіпті жатақхананың да болмағанын жеткізді. «Біз сол ауылдың үйлеріне барып, бір ай бұрын келісеміз. Сіздің үйіңізге үш, сіздікіне екі адам жатқызайық деп. Үйдің ішінде дәретхана, қол жуатын жері бар үйлер ауылда тек 2-3-еу ғана болуы мүмкін. Ондай жағдайы бар (тұрғын — ред.) үйіне бөтен адам кіргізбейді. Үйлеріне актерлерді не себепті кейбір отбасылар кіргізеді, өйткені біз оларға ақша төлейміз. Ол жерде ең болмағанда кереует те жоқ, көрпе-жастықтарын береміз, еденде жатады.
Мысалы, Лейла апамыз астанада пентхауста тұрады жасы да 70-ке тақап қалды. Ол кісіге біреудің үйінде еденде жату және түн ішінде далаға шығудың өзі проблема, біз басқасын қоймағанда тұрмыстық проблемаларын шешіп беруге қауқарсызбыз», — деді продюсер. Оның сөзінше отандық телехикаяларға қаражат аз бөлінеді екен. «Қазір Түркиямен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Жағдайымыз осындай болса да, сонда да қоймаймыз ғой. Түріктің атақты компаниясы бізге франшиза бермей қойғанда, мен өзім түсірген фильмдерді көрсеттім. Сонда олар таң қалып, осы ақшаға осынша сериал түсірдіңіздер ме деп сұрады. Иә дедік. Сөйтіп біз франшизаны алдық», — деді Мамасарипова.