Солтүстік Қазақстанда қарымды қаламгер Мәлік Мұқановтың  мерейтойы атап өтілді

0

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада  марқұмның 75 жылдығына орайластырылып өткен еске алу кешіне жиналғандар ұлт қайраткерінің мағыналы ғұмыры, шығармашылық мұрасы, өр мінезі туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Зиялы қауым өкілдері, бірге қызмет атқарған әріптестері, ұстаздар мен жастар алдымен “Ұлтын сүйген қайраткер” деген атаумен ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалап, Мәкеңнің туындыларымен, шығармашылық лабораториясымен танысты.

“Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов қаламгердің  бірқатар қасиеттеріне тоқталып өтті.

«Қайсарлығы, батырлығы ерекше тәнті ететін.Қазіргі жас ұрпақ Мәкеңдердің үлгісінде тәрбиеленсе, еліне деген сүйіспеншілігі жоғары, Отан үшін кеудесін оққа төсей алатын жастардың қатары көбейері сөзсіз» , деді Жарасбай Қабдоллаұлы.

 Облыстың құрметті азаматы Болат Сағындықов Мәлік Мұқановтың әкесі Жақыптың өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін жылдарында әке-шешесіне қол ұшын берген қамқорлығын, ерлігін айтып, қаламгердің ұлттық мүдде, елдік мақсат жолында атқарған қыруар жұмыстарына тоқталды.

Облыстық “Ленин туы”, республикалық «Халық кеңесі»,“Егемен Қазақстан” газеттерінде қызмет істеген жылдары көптеген түйінді мәселелерге қалам тартып, әркез халық қамын бірінші орынға қойып жүрді. Ардагер журналист Нұрсайын Шәріп Мәлік Мұқановты көпшілік тіл жанашыры ретінде де танитынын, облыс орталығындағы  №6 мектепке Қожаберген жырау есімінің берілуіне де көп еңбек сіңіргенін айтса,  жеке кәсіпкер Балдырған Ілиясов нысандарға есімін беру мәселесін көтерді.

 Ағамыздың ошағын өшірмей, ұрпақтарын қанаттыға қақтырмай өнегесімен ұйытып отырған жары Әдия Ахметова жиналған жұртшылыққа алғысын жеткізді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы

 

Дереккөз: http://egemen.kz/