Головкин Альвареспен кездесуінен соң, неше доллар еншілейді?

0

Elfinanciero басылымы Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) мен Сауль «Канело» Альварестің (57-2-2, 39 КО) үшінші жекпе-жек үшін қанша гонорар алатынын жазды, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Жекпе-жекте кім жеңіске жетсе де екі боксшы кепілді ақшаға ие болады. Басылымның мәліметінше, Геннадий Головкиннің кепілді гонорары — 8 миллион АҚШ доллары. PPV мен қосымша табыстарды қосқанда 45 миллион АҚШ доллары сомасында пайда көруі мүмкін.

Альварес болса 65 миллион АҚШ доллары көлемінде пайда көреді. 10 миллион АҚШ доллары — негізгі төлем, қалғаны — трансляция құқығы, PPV көрсетілімі және демеушілерден түсетін пайда.

Бірінші жекпе-жекте «Канело» 40 миллион АҚШ доллары, Головкин — 22 миллион АҚШ доллары көлемінде пайда тапты. Ал рематчта екеуі де 30 миллион АҚШ долларынан алды.

Еске сала кетсек, Головкин-Альварес жекпе-жегі 18 қыркүйек күні Лас-Вегастың (АҚШ) T-Mobile Arena кешенінде өтеді. Қазақстандықтар бокс кешін «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирден тамашалай алады. Басталуы – 18 қыркүйек, сағат 5.00. Басты айқас шамамен 8.00-де басталады.

GGG мен «Канело» осымен үшінші рет рингте жұдырықтасқалы жатыр. 2017 жылы өткен алғашқы кездесу тең аяқталған еді. 2018 жылы болған қарымта жекпе-жек төрешілердің басым дауысымен Альварестің пайдасына шешілді. Бұл жолы боксшылар суперорта салмақта жұдырықтасады. Бірінші және екінші кездесулер орта салмақта өткен болатын. Қазір бұл санаттағы барлық чемпиондық титул «Канелоға» тиесілі. Ал Головкиннің еншісінде WBA Super, IBF және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы белдіктер бар.