Елбасы Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыру және «Парыз», «Алтын сапа» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты

0

Елбасы іс-шара басталар алдында индустрияландырудың және цифрландыру бағдарламасының жобалары қойылған көрмені аралап көрді.

Индустрияландыру күніне арналған телекөпір барысында Мемлекет басшысына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған 28 жаңа жоба таныстырылды.

– Бүгін біз тағы да индустрияландырудың биылғы қорытындысын жасадық. Баршаңызды жаңа жобалардың іске қосылуымен, жаңа мамандықтардың пайда болуымен және ел тұрғындарының жаңа табысымен құттықтаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі қалыптасқан жағдайларға қарамастан, елімізде құрылымдық өзгерістер мен институционалдық реформалардың іске асырылып жатқанына тоқталды.

– Біз ел экономикасын әртараптандыру жөнінде шаралар қабылдап жатырмыз. Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыру, инвестициялық ахуал мен сот жүйесін жақсарту жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Былтыр еліміздің Үшінші жаңғыруын бастадық. Биыл Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру жөнінде жария еттім. Қазіргі Жолдаудың негізгі мақсаты – қазақстандықтардың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бүгінде еліміздің алдында экономиканы одан әрі әртараптандыру, инфрақұрылымды жақсарту және өнімділікті арттыру жөніндегі ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру бағдарламасы еліміздің орнықты және әртараптанған экономикасын құру үдерісінде негізгі рөл атқаратынын айтып, оны іске асыру барысындағы нақты нәтижелерге тоқталды.

– Біз индустрияландыру кезеңінде 1250 жаңа кәсіпорын құрдық, соның ішінде 100 кәсіпорынды биыл іске қостық. 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде әлемнің 110 елі Қазақстанда шығарылған өнімді тұтынуда. Соңғы жылдары біз бұған дейін елімізде жасалмаған бұйымдардың 500-ден астам түрін шығарып, 50-ге жуық жаңа тауар түрін экспорттап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті шетелден келген инвестицияның төрттен бір бөлігі өңдеу секторына тиесілі екенін айтты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев металлургия, машина жасау, инфрақұрылымдық даму және көлік-логистика салаларында жүзеге асырылған жобалар жөнінде әңгімеледі.

– Біз азаматтардың жоғары тұрмыс сапасын қамтамасыз ету үшін мейлінше қолайлы жағдай жасап келеміз. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы біз рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік – елімізде 11,2 миллионнан астам шаршы метрді қамтитын тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Биыл 12 милллион шаршы метр тұрғын үй немесе 100 мыңнан астам баспана салу жоспарланып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті экономиканың түрлі салаларын цифрландыру және бірқатар кәсіпорынның өндіріс үдерісіне инновациялық шешімдерді енгізу барысына тоқталды.

– Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін қамти отырып, өнеркәсіпті технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру индустрияландыру бағдарламасының маңызды құрамдас бөлігі саналады. Қазақстан экономикасы әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін дамудың түбегейлі жаңа моделіне көшуге тиіс. Еуразия экономикалық одағы және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бастамасы аясындағы қазіргі экономикалық әлеуетті мейлінше тиімді пайдаланып, оны арттыру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы индустрияландырудың үшінші бағдарламасының стратегиясын нақты нәтижелерге бағыттай отырып, жан-жақты пысықтау керек екенін атап өтті.

– 2025 жылға қарай еңбек өнімділігі 1,7 есе, өнімді экспорттау көлемі 2,3 есе өсуге тиіс. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға қосымша 500 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма бердім. Бұл қаражат экспортқа бағытталған кәсіпорындарға қаржылай және қаржылай емес кешенді қолдау көрсетудің құралдарын көбейтуге жұмсалатын болады, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы өңдеу өнеркәсібінің барлық буынында салалық басымдықтардан тиімді өндірушілерге қолдау көрсетуге көшу үдерісі жүргізілетінін айтты.

– «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуды ынтыландыру қажет. Технологиялық тұрғыдан күрделі емес тұтыну заттарының импортын алмастыруға күш жұмылдыруымыз керек. Менің тапсырмам бойынша екінші деңгейлі банктердің басымдыққа ие жобаларын несиелендіру үшін қосымша 600 миллиард теңге бөлінетін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттырудың және жеке секторды нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

– Экономиканың нақты секторына ғылыми-техникалық қызметтер нәтижесін енгізу жөніндегі жұмыстарды жандандырған жөн. Мысалы, қазірдің өзінде Назарбаев Университетінде 120 ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды. Ғылыми әзірлемелер өндірістік міндеттерді шешуді көздейтін нақты кәсіпорындардың тапсырыстарына, соның ішінде жеке инвестициялар есебінен берілетін тапсырыстарға бағытталуға тиіс, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті индустриялық даму үдерісіне «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен IТ-стартаптардың халықаралық технопаркін тарту қажеттігін айтты. Бұл ретте, Үкіметке әртараптандыру және индустрияландыру мәселелерін кешенді түрде шешуге күш жұмылдыру жүктелді.

Іс-шара соңында Нұрсұлтан Назарбаев «Парыз» және «Алтын сапа» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттады, сондай-ақ бизнеспен айналысуға қолайлы жағдай жасағаны үшін өңір басшыларына арнайы награда берді.

Abai.kz

Дереккөз: https://abai.kz/