Адам құқығына қатысты жиі сыналатын Қытай есебін жариялады

0

Желтоқсанның 12-сі жарияланған есепте құжат авторлары Қытайдың адам құқығын құрметтеп, адам құқығына қатысты халықаралық қауымдастық алдындағы міндеттерін адал орындап отырғанын жазған.

«Қытайда соңғы 40 жылда жүзеге асырған реформалар мен ашықтық саясатының арқасында елдің өндірістік қуаты артты. «Қытай сипатты» социализмге жол ашылды және адам құқығы саласында тұтас бір жаңа бөлім ашылды» деп жазды.

Есеп авторлары Қытай коммунистік партиясының қоғам мүддесін үнемі бірінші орынға қоятынын, елдегі игіліктің бәрі қоғам мүддесі үшін жасалатынын атап көрсеткен.

Reuters агенттігі жариялаған үзіндіде «реформалар мен ашықтық саясатын жүзеге асыру барысында Қытай адам құқықтарын құрметтеп, қорғады және насихаттады. Ұлттық жағдайға бейімделген адам құқығын дамытудың өзіндік жолын қалыптастырды және жаңа тәжірибе жинап, адам құқығы саласында жетістікке жетті» деп жазылған.

Қытайдың адам құқығына қатысты есебі Шыңжаңдағы мұсылмандардың қысымға ұшырауына қатысты халықаралық қауымдастық тарапынан айыптау мен сын күшейген шақта жарық көріп отыр. БҰҰ-ның дерегінше, Қытайдың батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде шоғырланған саяси тәрбиелеу лагерьлерінде миллионға дейін мұсылман отыруы мүмкін. Бұған дейін Қытайдың батысындағы жағдайға байланысты Еуроодақ, Human Rights Watch ұйымы алаңдаушылық білдірген.

5 желтоқсанда БҰҰ-ның адам құқығы кеңесінің өкілі Мишель Башле Шыңжаңдағы «үрейлі ақпаратқа» қатысты сол аймаққа барудың жолын іздестіріп отырғанын мәлімдеген.

“Қолымыздағы «үрейлі ақпаратты» тексеріп, жағдайға көзімізді жеткізе алу үшін [Қытайдан] аймаққа баруды сұрадық” деді Башле. Әзірге Қытайдың бұған қалай жауап бергені белгісіз.

Бұған дейін Пекиндегі бір топ дипломат та Шыңжаңдағы жағдайға қатысты Қытай билігімен кездесуді сұраған.

2017 жылдан бері Қытайдағы этникалық қазақтардың қуғындалуы жайлы айтыла бастады. 2018 жылы мұндай деректер көбейіп кетті.

Қытайда тұратын этникалық қазақтардың туыстары бұған дейін Қазақстанның ірі қалаларында баспасөз конференциясын өткізіп, Астана мен Пекиннен көмек сұраған. Кейбір азаматтар Қазақстандағы Германия, АҚШ елшіліктеріне барып, мәселеге араласуын өтінген. Соңғы дерек бойынша, Қытайда қамалған мұсылмандар арасында ұйғыр, татар, қазақ, қырғыздардан бөлек өзбектер де бары айтылады.

Қарай отырыңыз: Қытайда қамалған қазақтардың туыстары көмек сұрайды (Алматы, қараша айы 2018 жыл)

Қытай билігі саяси лагерьлердің барын мойындағанмен оларды түрлі кәсіпке баулитын «кәсіби орталық» ретінде көрсеткісі келеді. Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдарының жазуынша, мұндай «орталықтар» радикалды діни ағымдардың жетегіне ілінген азаматтарды түзеп, қоғамға қайта қосады. Бұл елде жүргізіліп жатқан экстремизм және терроризммен күрес шараларының бір бөлігі.

Дереккөз: Азаттық