«Түпкі ойы – тарихқа кіру». Назарбаевқа арналған одалардың 7 томдығы жасалып жатыр
Арғы заманды зерттеу міндеті болған жоқ.
2021 жылы президенттің тапсырмасымен тарихшылар қауымдастығы «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден – бүгінгі күнге дейін» деп аталатын 7 томдықты дайындауға кірісті. Академиялық оқулық келесі жылы жарыққа шығуға тиіс.
Бірақ оның соңғы екі томы қазір ел арасында алаңдаушылық туғызып жатыр. Себебі онда Қазақстанның соңғы 30 жылдағы тарихы жазылмақ. Ол қазір қалайболып жатыр деген сұрақ жауапсыз. Әсіресе, елбасы мен қаңтар оқиғасына қатысты тұстары. Басында 7 томдықты дайындаушы құрамның қатарына профессор Жамбыл Артықбаев та кірген. Бірақ «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында ол жалпы академиялық оқулықтың сапалы дайындалып жатқанына күмән келтіретінін айтты.
7 томдық бастапқыда Назарбаевтың тапсырмасымен жазылған. Мақсаты – 30 жылда жеткен жетістіктерімізді көрсету. Арғы заманды зерттеу міндеті болған жоқ. Бұл жерде Назарбаевқа әдемі орын жасап берілуі тиіс-тін. Қазіргі 6-7 томмен айналысып жатқан жігіттерге, шынымды айтсам, жаным ашиды. Дайын тұрған трафареті бар еді. 30 жыл бойы Назарбаевқа жазылған одалар жиналған. Енді жанталасып басқаша баға беріп жатыр, — дейді профессор.
Бұған қоса, академиялық оқулықтың сапасыз шығарына тағы бір себеп бар. Яғни, Жамбыл Артықбаев тарихшылар тобы бөлек-бөлек жұмыс істеп жатқанын айтады. Әркім өзінше жазып әлек.
7 томдықтың алғашқы жұмыс тобы құрамында болдым. Бірақ академиялық оқулықты жасауда аса бір жауаптылықты сезбедім. Қазақ ұлттық университеті бір бөлек, Еуразия универстеті бір бөлек, тағы біреулері өз бетінше жазып жатыр. Сондықтан өз басым 7 томдық сапалы жасалмайды деген қорытындыға келдім.
Мен ол жерде бұрмалау бар деп есептемеймін. Мәселен қазақ тарих ғылымының сапасының төмендігінде. Иә, Назарбаев кезінде бұл 7 томдық пайда болды. Оның түпкі ойы – тарихқа кіру. Ол көне тарихты бұрмала деп айта алмайды, өзі де тарихтан хабары жоқ адам. Қазір де біздің билеушілер бұрмала деп айтып отырған жоқ деп ойлаймын. Сапалы 7 томдық жасау үшін сапалы тарих болуы керек», — дейді Жамбыл Артықбаев.