Тоқаевтың Торғайға жасайтын сапарында шикілік көп — Батыр Сейкенов
Ассалаумагалейкум, Достар!
Кеше жазғанымдай Президентіміз Торғайға Ахмет атамыздың тойына келеді дегесін, қуанышым қойныма симай елге келдім.
Халықтың қуанышында шек жоқ, бейне Торғай облыс болып ашылатындай шат-шадыман.
Әкім шенділер болса болмаса мұрындарынан сүрініп, Ахмет атамызға жыл бойы жасамаған жұмыстарын, жанталасып бір аптада жасамақшы.
Түсте Президенттің жолдауын тыңдадым. Президент елге, халыққа жағымды біраз шаруаларды жасайтынын айтып, соңында ескі әдіспен қызмет мерзімін 7 + 3=10 жыл тақта отыратынын айтты. Демек биыл күз ыстық болады.
Ыстықтап кеткесін дүрбім мен камерамды алып, табиғатқа, далаға шығып кеттім, күзгі сарғайған далада еркін жүрген аң құсты тамашалап, осыдан 150 жыл бұрын қазақ ұлтына данышпан перзент әкелген, айдынды Ақкөлдің жағасындағы Сарытүбекке соқтым.
Екі үш күннен бері Алаш елі болып бөркімізді аспанға атып қуанып, Жаңа Қазақстанның басшысы Қ-Ж. К. Тоқаев келіп, қазаққа Ахметтей ұл тәрбиелеген Байтұрсын атаның басына дұға жасап, Ахмет туған топырақты басып, елдің ардақтысына қойған ескерткішіне бас иеді деп ойлаған көңілім кесене басына келгенде басылып қалды.
Себебі Сарытүбекте ауылдың 2-3 ақсақалы мен он шақты жұмыскерден басқа ешкім жоқ, тып-тыныш самарқау тірлік, ешкім ештеңе білмейді, бейне президент келмейтін секілді. Сөйтсем бәрінің сыры Ахмет туған екі ауылға баратын 120 шм жолдың- биыл 40 шм жөндеймін деген облыс әкімі , 16 шм ғана жөндеген, қостық деген интернеті Теле2 екі күннің бірінде істемей қалады екен.
Ондай жерге облыс әкімі президентті қайдан әкелсін. (Ақорда шартарапқа Президент Ахмет туған жерге барады, әкесі Байтұрсынға дұға жасап, Ахмет кесенесіне топырақ салады деп жарналамаған) Осы жөнделмеген жолмен шаңдатып Торғайға жеттім.
Нағыз қызу тірлік, сапырылыс осында Торғайда аудан орталығында екен, облыстың аудандарының барлық әкімі келіп жолды салып, үйлерін тігіп, шарбағын сырлап, жалауларын іліп, Ақкөлге қимаған асфальттарымен Президент қонатын вертолет алаңын салып жатыр.
Бәрі түсінікті, ұлт ұстазы туған Сарытүбекке президентті апармайды, жалаулатып декорация жасап қойған Торғайдағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бизнес форум өткізеді, ол жиынға нақты ұсыныс айтатын біздерді жолатпайды.
Бұл шараның бәріне халықты сұрыптап, қатаң тексеріп қана қатыстырады екен. Торғай елі президенттің осы сапарынан үміттеніп күтіп отырған Орталық-Батыс жолы құрлысы басталмайды, Ырғыздан газ тартылмайды.
Президент Ахмет туған жерге бармайды. Сонда Торғайға несіне келген, мұндай ескерткіш Астанада да бар, гүлді сонда қоя салу керек еді дейді жерлестерім. Осы ма халықты тыңдайтын мемлекет?
Мынау деген Тоқаевқа алда болатын президент сайлауына “ескі кадрлардың” әдейі жасап жатқан қастандығы ғой.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Ахмет туған топыраққа сізді мен апарып келейін.
Батыр Сейкенов