Елдік сананың жаңғыруы | «Айқын» газеті
Елбасымыз, ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – елдік сананы қалыптастырудағы және жаңғыртудағы мазмұны терең саяси бағдарламалық мақала. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, Елбасымыздың қазақтың бай, тарихи-мәдени мұрасын өркениеттік әлемге танытып, орнын айқындаудағы еңбегі ерен десек қателеспейміз.
Баршамызға мәлім, осыдан 15 жыл бұрын, яғни 2003 жылы сәуірде Президент Қазақстан халқына Жолдауында алғаш рет «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру туралы тапсырма берген болатын. «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында ұлтымыздың әдебиет, философия, тарих, этнография, тіл, бір сөзбен айтқанда, гуманитарлық білімді дамытудағы субстанциялық негіздері қаланды. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Батыс Еуропа мен АҚШ елдеріне ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылып, нәтижесінде 350-ден астам ғылыми кітап, жаңа энциклопедиялық сөздіктер шығарылды. Бұл бағдарлама елдік сананы қалыптастырудағы алғашқы тың жоба болды.
Одан дейін «Қазақ хандығының 550 жылдығы» қарсаңында Президент Ұлытаудағы сұхбатында Қазақ хандығының құрылуы туралы және Қазақ мемлекеті кейбір саясаткерлер айтқандай, «жоқ жерден пайда болған емес», керісінше, Қазақ мемлекеттілігінің тарихы тереңде жатқандығын және Қазақ хандығының елдік сананы қалыптастырудағы рөлінің ерекше екеніне тоқталды.
2017 жылдың сәуірінде Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялады. Мақала қазақ қоғамында тың серпіліс берді. Мақалада Елбасы ұлы даланың төсіндегі мәңгілік елді қалыптастырудағы мемлекет құрушы қазақ халқының орны ерекше екендігіне тоқталып өтті.
Елдік сананы жаңғыртып, қалыптастырудағы жетістіктерімізді, соның ішінде ұлы даланың ұлы есімдерін халықаралық аренада ұтымды пайдалану керектігіне назар аударды. Біз мысалы, Египет дегенде Перғауындарды, Батыс Еуропа дегенде Ньютон мен Галилейді елестетеміз. «Ұлы Дала» дегенде ата-бабаларымыздың есімдерін мақтанышпен айтатындай ел билеген тұлғалардың галереясын жасауды тапсырды.
Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлтымыздың елдік санасын ояту мен қалыптастырудағы, сондай-ақ болашақ ұрпақты ұлы даланың заңды мұрагері рухында тәрбиелеудегі орны ерекше. Сөз аяғын Елбасының «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін ұлттың болашағы зор… Өткенін мақтан тұтып, бүгінгі нақтыны бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі» деген сөзімен аяқтағанды жөн көрдік.
Зулфухар Ғайыпов,
Астана қаласы мәслихатының депутаты, Астана қаласындағы «Нұр Отан» партиясының «Көлік» бастауыш ұйымының төрағасы
Дереккөз: Айқын