Қымыздың пайдасы қандай? Шұбаттың емдік қасиеті қандай?
АСТАНА, 12 желтоқсан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Қымыз бен шұбат — қазақ халқының ежелден бері келе жатқан сусындары. Олар шөлді қандырып қана қоймай, емдік мақсатта да пайдаланылатын болған. Тіпті, ертеректе қазақ қоғамында әйел адамның қабілетін ең алдымен қымыз әзірлеуіне қарап бағалаған. Сондай-ақ, ыдыс түбінде қалған ақ сусынды төгіп тастау халық үшін күнә болып есептелген.
Бүгінде қымыз бен шұбаттың адам денсаулығы үшін қаншалықты пайдалы екенін дәлелдейтін ғылыми жұмыстар да жетерлік. Осы орайда аталған ұлттық сусынды әзірлейтін Тараз қаласындағы зауыттың басшысы Дүйсенбек Ыбыналиев қымыздың денсаулыққа пайдасы туралы толығырақ айтып берді. Ең алдымен, ол қымыз бен шұбаттың әзірленуіндегі айырмашылыққа тоқталды.
Бие сүтінің пайдасы адамдікімен бірдей
«Әдетте түйенің сүтін қайнатып, стерилдейді. Өйткені, түйе сүтінен адамға қандай да бір ауру жұғуы мүмкін. Ал жылқының сүтін дәл бұлай тазаламайды және оның өті болмайтындықтан, мұның қажеті де жоқ. Осылайша жылқы сүтінде адамға қажетті барлық микроэлемент сақталады. Егер төрт түлік сүтін пісіріп ішетін болсақ, оның әдеттегі судан еш айырмашылығы болмайды», — деді директор.
Сондай-ақ, Дүйсенбек Ыбыналиев көпке дейін қазақ халқы сүт емес, саумал ішкенін айтты. Бұрынғы кезде шала туған 7 айлық сәбилерді осы бие сүтімен өсірген. Яғни оның пайдасы адам сүтімен бірдей десе де болады. Айтуынша, осы бие сүтін емген сәбилер кейін тоғыз айдан кейін туған балаларға қарағанда әлдеқайда мықты болған.
Тағы оқыңыз: Астанада папуастар қымыз ішіп, қазақша сөйледі
«Мен дәрігер де, тәуіп те емеспін. Тек өз көзіммен көрген дүниелерге сүйенемін. Соңғы екі-үш жылда адамдарға бізге келіп бие сүтін ішпес бұрын дәрігерге барып анализ өткізуге кеңес беріп жүрмін. Яғни, ол осылайша денсаулығында қандай жақсы өзгеріс болатынына көз жеткізеді. Кейін бізде 10 күн бие сүтін ішкен соң тағы да анализ өткізеді. Көбісі бастапқыда қымыздан кейін ішінің өтетінін айтады. Бұл өте дұрыс нәрсе. Қымыз ішті тазалап жатыр деген сөз», — деді ол.
Қымыз онкологиялық ауруларға ем
Бие сүтін ішкен адамның тік ішегі ғана емес, бауыры да толықтай тазарады. Бұдан өзге асқазанның ойық жарасы, аллергия, туберкулездің ашық түріне және онкологиялық ауруларға ем. Осы орайда, Дүйсенбек Ыбыналиев 3-4 жыл бұрын өзіне қымыз сұрап келген әйелдің оқиғасын айтып берді. Әйелдің ауруы әбден асқынып кеткен. Дәрігерлер емдеуге келмейді деп ауруханадан үйіне жіберген. Десе де, әйел үмітін үзбей екі жылдай бие сүтін ішеді. Осыдан кейін ауруынан біржолата айығады.
«Алматы қаласында бір радиода қонақта болдым. Сол кезде 70 жастағы қария 40 жастағы қызының жаман ауруға шалдыққанын, бүгінде қымыз ішіп емделіп жүргенін айтты. Менен «Қымыз қызымның ауруын одан бетер асқындырып жібермей ме?» деп сұрады. Небәрі он күн қымыз ішкен қызының жағдайы жақсарып қалған екен. Осыны ескеріп, әрі қарай да қорықпай іше беруге кеңес бердім. Шамалары келіп жатса, Өзбекстан жерінде әртүрлі шөппен қоректеніп жүрген жылқының сүтін алдыруға кеңес бердім. Көп жерде құрғақ шөп беріп, биеден дәрумені мол сүт алғысы келеді. Меніңше, бұл дұрыс емес. Оның үстіне жылқы малы тек ағын суды ішеді», — деді қария.
Бұдан өзге Дүйсенбек Ыбыналиев қымыздың адам иммунитетін көтеріп, тұмаудан сақтандыратынын айтып өтті. Осы орайда, қымызды дене салмағына сай ішуге кеңес берді. Яғни толық болсаңыз, соғұрлым қымызды көбірек ішкеніңіз жөн. Сондай-ақ, қымыздың көптеген жас анаға қан аздық ауруында көмектесетінін жеткізді. Тіпті, сәбилердің тісінің шығуына де септігін тигізеді екен.
Тағы бір қария көп күн қымыз ішкен соң әйелінің тырнағы қайта қалпына келіп, маникюр жасайтын қыздар ерекше қызыға қарағанын айтқан. Яғни қымыз ағзада кальцийдің көбеюіне де әсер етеді.
Қазақстан күнтізбесіне қымыз күні мерекесі енгізілуі мүмкін
«Кейде салмағы 70-80 килограмм болатын адамдар күніне 150-200 грамм ғана қымыз ішетінін айтады. Денсаулық жақсарғанын қаласаңыз, мұндай салмақпен күніне 1,5 литрдей бие сүтін ішуіңіз керек. Оның үстіне қазір бие сүті аса қымбат емес. Мысалы, бізде литрі 600 теңгеден. Дәрігер беретін дәрілердің өзі бұдан бірнеше есе қымбат. Адамдар осында биені қалай сауатынымызды көзбен көріп, бірден ыстықтай ішу үшін кезекке тұрады», — деді қария.
Тағы оқыңыз: Қазақстан Қырғызстаннан ет әкелуге тыйым салды
Дүйсенбек Ыбыналиев 2015 жылы бүкілғаламдық қымызмұрындық өткенін айтты. Сол кезде 7-8 мемлекеттен адамдар келіп, қымызмұрындық халықаралық деңгейде атап өтілген. Қарияға шенеуніктер бұл мерекені үкімет арқылы жасауға уәде берген. Алдағы уақытта бұл мереке күнтізбеге ресми мамыр айының соңғы сенбісінде тойланатындай енгізілуі мүмкін.
Сондай-ақ, Дүйсенбек Ыбыналиев қымыздың құнан, дөнен, бесті және арқар деген түрлері барын айтады. Осылардың ішінде арқар қымыздың күштілігі өте жоғары болатындықтан, оны қан қысымы жоғары адамдар ішпегені жөн.
«Қымыздың дәмін татып көрмеген адамдардың жылына бір рет оны көп мөлшерде ішетін кездері болады. Осыдан қан қысымы жоғарылап, кейін қымызды жамандай бастайды. Мұның орнына адам қымызды аз мөлшерден бастап ішкені дұрыс еді. Сол кезде ағзасы үйреніп, кейін тек пайдасын көретін болады. Сондай-ақ, жасы 80-90-ға келіп қалған қарияларымыз да қымыздан тартынғаны жөн», — деді қария.
Ал шұбат әзірлейтін кәсіпорынның басшысы Жазира Озатқызы түйе сүтінің басқаларына қарағанда әлдеқайда пайдалы екенін айтады. Сондай-ақ, ол шұбат құрамындағы пайдалы элементтер сақталуы үшін төмен температурада тазалайтынын жеткізді.
«Түйе сүті қант диабеті, бүйрек, асқазан ауруларына пайдалы. Ол адамның иммунитетін көтеріп, ауруы бардың кез келген сырқатын емдейді. Ең бастысы, көптеген аурудың алдын алады. Сондай-ақ, Маңғыстау облысындағы түйелер жантақ деп аталатын шөппен қоректенеді. Жалпы әр жерде шөп әртүрлі. Десе де олардың барлығының пайдалы екені сөзсіз», — деді ол.
Шұбат адамның есте сақтау қабілетін жақсартады
Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Сыдық Дәулетов түйе сүтінің 100 ауруға ем екенін айтады. Сондай-ақ, сусын ретінде адам ағзасында жеңіл қорытылатын ерекше қасиеті барына тоқталды.
«Қазіргі таңда адамдар шұбат пен қымыз ішсем жазыламын деп ойлана бастады. Шұбат дегеніміз — шипалы ем, нәрлі сусын. Халық оның емдік, қоректік қасиетін көптеген ауруға ем ретінде пайдаланады. Ол қарын сөлінің қорытқыш қасиетін күшейтіп, ішектің қызметін жақсартады. Жалпы қоректік заттарға өте бай. Мысалы, қымыз құнарлылығы 528 ккал болса, сиырдікі — 660 ккал, ал түйенікі 911 ккалға тең. Яғни бір литр шұбат адам ағзасының дәрумендер мен микроэлементтерге деген тәуліктік қажеттілігін толықтай қамтамасыз етеді», — дейді Сыдық Дәулетұлы.
Сондай-ақ, ол ұлттық ғылым академиясының академигі Төрегелді Шармановтың түйе сүтінің созылмалы өкпе құрты, бауыр мен сары ауру, өт жолының қабынуын емдеуде таптырмас дәрі екендігі жөнінде нақты сараптамалық дәлелдер келтіргеніне тоқталды. Құрамында А1, В1, D, E, C дәрумендері бар түйе сүтінің инфаркт пен инсульттің алдын алуда маңызы зор. Бұдан өзге қатерлік ісік пен қант диабетіне шипасы мол. Табиғи шұбат өнімдері адамның есте сақтау қабілетін жақсартып, ми тамырларының жұмысын ретке келтіреді. Әсіресе, нар сүтінің ақуыз мөлшері мен майлылығы қымызға қарағанда жоғары, ішінде С дәрумені де мол. Кальций, темір, кремний, магний, алюминий, күкірт, фосфор, мыс, мырыш, күміс микроэлементтері де жетерлік.
Шұбат салмақ қосуға көмектеседі
«Германияда қымызды патенттеген Цольманның қайын атасы соғыс кезінде қамауда болып, өкпе ауруына шалдыққан. Қазақтың қымызын ішіп жазылған екен. Содан еліне барған соң бір бие сатып алып, дертінен айығып, аман қалған болатын. Бүгінгі тіршілік әртүрлі ақпарат пен тынымсыз еңбектен құралады. Ал мұның барлығы жүйке ауруын қоздырады. Мұндай жағдайда қымыз бен шұбат адамды тыныштандырады. Кейбір адамдар шұбат ішкен соң ұйқысының келетінін айтады. Бұл негізінен жүйке жүйесінің тынышталуымен байланысты», — деді ол.
Тағы оқыңыз: Назарбаев «ақылды» диірменді іске қосты
Әрі қарай ол түйе сүтінің сиыр сүтіне қарағанда дәруменділігі жөнінен 10 есе артық екенін айтты. Мұнымен қатар, шұбаттың ауыр оталардан кейін науқасты қалпына келтіруге пайдасы зор. Күні бойы жұмыспен жүретін жастардың осы шұбат ішім салмақ қосатын кездері де көп.
«Қазір қалада қан аздық ауруына шалдығып, көп салмақ жоғалтқан азаматтар жетерлік. Мұның түп-төркіні жастардың тынымсыз еңбектенуімен байланысты. Міне осындайда көбісі шұбат ішіп, дене бітімін қалпына келтіріп жатады. Түйе мен бие сүтіне жақын халықпыз. Қазақ хал амандығын сұрағанда, сөз төркінін «мал-жаның аман ба?» деп бастаған. Осыны ұмытып бара жатқан сияқтымыз», — деді Сыдық Дәулетұлы.
Естеріңізге сала кетсек, индустрияландырудың екінші бесжылдығына арналған телекөпір барысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев түйе мен бие сүтін экспортқа шығаруға рұқсат берді. Елімізде түйе мен бие сүтін ұнтақ күйінде өндіретін Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын Түркістан облысында орналасқан. Жоба қуаттылығы — 1,5 мың тонна сүт. Кәсіпорын 144 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/