Қайрат ағамен түскен сапасыз суреттерді ап тастадым – Мұхамеджан Тазабек

0

Қаңтар бүлігінен кейін кейбір белсенділер Қазақстанның қоғамдық-саяси сахнасынан көрінбей кетті. Солардың бірі – Мұхамеджан Тазабек. Ол қазір шетелде жүр. Өзінің айтуынша, ол ешкімнен қашып жүрген жоқ.

Бұл туралы kznews.kz сайты nege.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

– Әлеуметтік желіден байқағанымыздай, Түркияда, Дубайда, Грузияда жүрсіз. Не себеп?

– Қазір шығармашылық демалыстамын. Біраз ойда жүрген жұмыстар бар еді. Соларды қолға алудың реті енді келді. Басталып, аяқталмай тұрған кітаптар бар. Күнделікті қарбалас мойын бұрғызбаған еді, арнайы уақыт бөліп, тәмамдауға жақын қалдым.

Оның үстіне он бес жылдай толассыз тірліктің соңында жүрдік. Арнаны аяғынан тұрғызу, жолға қою деген жанталаспен жан-жаққа да жақсылап қарай алмадық. Шетелге сапарлап барсақ та, бір ізбен барып, бір ізбен қайттық. Айналаға ақындық көзбен қарап, көрген-білгенімізді де ғибрат ретінде елмен бөлісудің орайы келмеді.

– Қазір енді қолыңыз босады ма?

– Аллаға шүкір, қазір арнаның жұмысы бір арнаға түсті. Алға шығып жапырып жатпасақ та, артта қалып аңтарылып тұрғанымыз жоқ. Миллиондаған көрерменіміз бар. Әлеуметтік желіде бес миллондай жазылушы жанашырымыз бар. Ондаған жылдар бойы тәрбиелеген шәкірттерім мен командам өз істерін мені іздетпей атқаратын хәлге жетті.

Сондықтан, шақырған достарымның тілегін қабыл алып, ел кезіп, еркін шығармашылық демалыста рухани жұмыс істеп жатырмын.

– Кейбіреулер сіздерді «Қайрат Сатыбалды ұсталған соң бой тасалап қашып кетті», «Өздеріне тықыр таянған соң кетті» дейді. Бұған не айтасыз?

– Біреуден қашатындай ешкім мені іздеп жатқан жоқ. Қоғамның алдында да, мемлекеттің алдында да бетім ашық. Алматыға келіп-кетіп, кіріп-шығып жүрмін.

 Қайрат Сатыбалдыны аға тұтатын едіңіздер. Оны қамауға алғанда неге араша түспедіңіздер?

– Қайрат аға жайында оң пікірлерім мен бауырлық көзқарастарым эфирде айтылды. Көзіқарақты жанның бәрі хабардар. Отбасымен байланыстамыз. Жеңгей тарапынан сұраныс болған барлық қажеттіліктерге қолдан келген жәрдемімізді жасап жүрміз.

– Қайрат Сатыбалдыға неге ешкім ара түспеді?

– Қайрат аға қандай сауапты садақа жасаса да, Алла үшін істеді. «Ертең мені қолдасын, мен үшін басын бәйгеге тіксін» деп ешкімді умраға апарған жоқ. Сондықтан да ағаның жәрдемін көргендер әлеуметтік желіні шулатпаса да, дұғаларында Алладан жеңілдік сұрап жүргендеріне ешбір шүбәм жоқ.

– «Қайрат Сатыбалдымен бірге түскен бүкіл суретін әлеуметтік желіден өшіріп, тазартып тастады. Бұл – екіжүзділік» дегендер бар. Солай ма?

– Сапасы төмен кейбір фотоларды ап тастағаным болмаса, негізгі бірге түскен суреттеріміздің бәрі парақшамда тұр.

Билік маңайындағылармен бизнес жасап көргем жоқ. Қайрат ағаның өзімен рухани, мәдени жобаларда рухтас болғанымыз болмаса, бірде-бір дүниелік істерде ортақ болмаппын.

Сондықтан істің соңын мейірімді Аллаға, сосын соттардың әділдігіне тапсырамын.