Алматы облысында өткен педконференцияда білім беру сапасының мәселелері талқыланды

0

Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы облысында «Білімді ұлт: білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және патриотизм» тақырыбында педагог қызметкерлерінің кеңесі өтті.

Жаңа облыс орталығында Қонаев қаласында Қазақстан Республикасының Білім министрі Асхат Аймағамбетов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, мемлекеттік және жеке білім беру ұйымдарының басшылары, орынбасарлары, барлық санаттағы педагогтар мен еңбек сіңірген педагогтардың қатысуымен пленарлық отырыс өтті.

Жиында Марат Елеусізұлы облыс бөлінгеннен бергі ауқымды іс-шаралардың біріне айналған дәстүрлі тамыз кеңесі мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келгенін атап өтті.

«Жаңа оқу жылы қарсаңында өңірдегі білім берудің өзекті мәселелерін талқылау, болашаққа міндеттер қою игі дәстүрге айналды. Білім беру жүйесін дамыту жөніндегі жұмыс – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екені сөзсіз, бұл ең сенімді әрі игі ннвестициялар. Жаңа оқу жылында  оқушылар саны 13 мыңға өседі, бірінші сыныпқа 39 мыңға жуық оқушы қабылданады деп күтілуде, болжам бойынша 2022-2023 оқу жылында үш ауысымды мектептер саны 60 бірлікке жетеді. Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, аудандар мен қала әкімдеріне жеке мектептер салу үшін инвесторлар тарту және МЖӘ тетігі бойынша жұмыс жүргізуді тапсырамын», — деді облыс әкімі.

Өз баяндамасында ол өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі — үш ауысымды мектептердің қалай жұмыс істейтіні туралы айтып берді. 2025 жылға дейін «Комфортная школа» жобасы бойынша 51 мектеп салу жоспарлануда. Сонымен қатар, облыс жетекші жоғары оқу орындары мен колледждердің, дарынды балаларға арналған мектеп-лицейлердің, медициналық хабтың және «G4 City» аумағындағы ғылыми білім беру аймағының филиалдарымен бірге «Gate District»ашылғанын жариялады. Сондай-ақ, «Білімді ұлт»ұлттық жобасы аясында 11 колледждің материалдық-техникалық базасы нығайтылады.

Асхат Қанатұлы жаңа оқу жылындағы өзгерістерге тоқталып, педагогтар үшін маңызды сұрақтарға жауап берді.

Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Дауспекқызы Беспаева өткен оқу жылының қорытындысын шығарып, атқарылған жұмыстарға талдау жасады. Ол тыңдаушылардың назарын бала бақшадан бастап мектептер мен колледждерге дейін өскелең ұрпаққа құндылықтарға негізделген білімді беру қажеттілігіне аударды.

Пленарлық отырыстың күн тәртібінде аймақтың педагогикалық қызметкерлерінің баяндамалары ұсынылды. Олардың сөздерінен ұсынылған материалдардың мазмұндылығы мен өзектілігін, білім беру қызметкерлерінің педагогикалық қызметінің жоғары нәтижелілігін атап өткім келеді.

Іле ауданы №13 орта мектебінің директоры Аяулым Керімқұлова Білім Министрлігі қабылдаған білім беру мекемелерінің басшыларына ротация жүргізу — мектептің жоғары деңгейде жұмыс істейтіні, жаңа басшының жаңа идеяларымен бірге дамитындығымен пайдалы екенін атап өтті. Қарасай ауданы Алмалыбақ ауылындағы мектеп-гимназиясы директорының әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Динара Бопатаева біліктілікті арттыру аймағына айналған «Mentor school» жобасы бойынша мектептегі тәлімгерлік үрдісінің өзіндік авторлық моделін ұсынды. Алматы экономикалық колледжінің директоры Қасымбек Жақсыбай Нұрлыбайұлы колледждердің академиялық дербестігі жағдайында жұмыс берушілермен серіктестікті дамыту проблемаларына тоқталды.

Іс-шара соңында еліміздің болашағы, өскелең ұрпақты оқыту және тәрбиелеуге бағытталған жоғары біліктілігі, кәсіби шеберлігі, табысты жұмысы үшін үздік педагогтарды марапаттау рәсімі өтті.