Қазақстан тарихы – әлемдік деңгейдегі тарих

0

Онда Еуразияның орталығын қола дәуірінен бері мекендеп келе жатқан халқымыздың арғы ата-бабаларының сол мерзім­нен басталатын жалпыадамзат­тық өркендеудің бел ортасында болып, оған өзіндік үлес қосқан­дығы нақты айғақтар негізінде сараланған.

Мақаланың мазмұнына сай, осы өңірде қола дәуірінен біздің заманымыздың бірінші мың жылдығының аяғына дейінгі уақытта жер жағдайына орай көш­пелі және отырықшы өмірге негізделген дамыған шаруашы­лықтары, озық рухани және материал­дық мәдениеті, сыртқы жау­лардан қорғану мақсатын­дағы бір тәртіп, жүйеге бағынған әскер­лері бар қуатты мемлекеттік бір­лес­тіктерді құрған қазақ хал­қын негіздеген рулар мен тайпалар өмір сүріп дамығандығы бар­шамызға белгілі. 

Шындығында да, ұлтымыз­дың қазіргі территориясында жоғарыда көрсетілген мерзімдер­де өз дәуірінде әлемдік даму­дың алды болған ежелгі Грекия, Парсы, Македония, Рим, Қытай империя­ларымен тең жағдайдағы әр салалы ты­ғыз қатынас жасаған сақ, үй­сін, қаң­лы, ғұн мемлекеттік бір­лес­тік­тері болған. Мысалы, сақ­тар­дың дамыған мемлекеті, озық шаруа­шылығы, басқаларға үлгі бол­ған қолданбалы өнері, соғыс­тағы шеберлігі мен қаһарман­дық­тары көне парсы тас жазбаларында айшықталып, оған грек тарихшылары шығармаларын арнаған. 

Оларда баяндалатынындай, сақтар Ертедегі Грекия қала мем­ле­кеттері армияларын әскери жыл­қылармен қамтамасыз етіп тұрған. Сақтардың аңдық тәсіл­дегі бағалы металдардан жасал­ған әшекей бұйымдары Қара теңіз жағасындағы Грекия, Ма­ке­до­ния қала мемлекеттеріне кеңінен тараған. Елбасы атап көрсеткен қазақстандық «Алтын адаммен» қатар, кеңес заманында Берел қорғандары мен Шілікті даласынан алынып, Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитаждағы арнайы залдарға қойылған сақтардың қайталанбас алтын мен күмістен сомдалған әр мазмұндағы мол құнды зат­тары бүгінгі күні әлем жұрт­шы­­лығына бұл халықтың тең­дессіз қолданбалы өнерінің болған­дығын дәлелдейді.

Одан кейінгі уақыттағы сақ­тар, ғұндардың ұрпақтары болып есептелетін түркілердің үлкен мемлекеті – Түрік қағанатының орталығы қазақ жері болғандығы тарихтан белгілі. Бұл мемлекет өмір сүрген уақытында орта­ғасырлық Қытай және Визан­тия елдерімен табан тіресіп, дипло­матиялық байланыс орнатқан. Орталық Азиядағы кез кел­ген мемлекеттегі аралық қаты­нас түр­кі­лердің қатысуынсыз ше­шіл­­мейтін дәрежеге жеткен. Сырт­­­қы сауда қатынастары дамы­­ған. Көршілерімен әскери одақ­­тас­тық және өзара соғыс жағ­дай­ларында болып, айтулы жеңіс­терге жеткен. Түркілер заманында әлемдік дәрежедегі ойшыл­дар мен ғалым­дар өмірге келіп, қызметтер атқар­ған. Қала мәдениеті өркендеген.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мақаласында ерекше алып өткен келесі мәселе – Ұлы даладағы ежелгі металлургия.

Мақалада жазылған Қазақ­станн­ың орталық, солтүстік ай­мақ­тарымен қатар оның шығы­сын­дағы Алтай өңірі әлемдегі ең алғашқы темір және түсті метал­дар, көмір өндірудің ор­та­лы­ғы болғандығын ерте, орта­ғасырлық қытай, ХVІІІ-ХІХ ғасыр­лардың басындағы батыс және Ресей деректері молынан келтіреді. Мысалы, ХVІІІ ғасыр­дың 20-жылдарынан басталатын Алтай тауларынан, соның ішінде қазіргі Барнаул маңайынан кәсіпкер Акинфий Демидов негіздеген алғашқы ресейлік кен орнынан бастау алып, одан әрі Риддер, Зырянов, Нарын, Күршім өзендері бойларынан түсті металдар өндіріс орындарын ашу кезінде орыс өнеркәсіпшілері сол жерлерден өндіріс құралдары, металл қорытатын пештер мен шахталары, т.б. жақсы сақталынған көне кен өндіру орындарына тап болған. Осы көне кен орындары туралы ХІХ ғасыр басындағы Батыс Сібір өлкесін зерттеушілер Г.Спасский, Г.Шангин, Сборов­ский, Коцовский, т.б. кеңінен жаз­­ған. Бұдан Кенді Алтайдың жер­­асты байлығын алғаш иге­ру­­шілер біздің ата-бабаларымыз бол­ған­дығы толығымен айқындалады. 

Бұл өңірден темір, алтын, күміс, т.б. бағалы металдар өн­діру ортағасырлық түркілер және моңғолдар билігі кезінде одан әрі жалғастырылды. Шаруа­шы­лықтың негізіне айналды. Түрік мемлекеттері және Моң­ғолия империясының барлық металл бұйымдары мен қарулары Алтай темірінен жасалды. Қытаймен, басқа да елдермен арадағы саудада бұл өнімдер басымдыққа айналды. 

«Алтай» деген сөздің ұғымы­ның өзі түркіше «алтын» деген мағынаны береді. Осы аймақты көне заманнан мекендеуші түркі, моңғол халықтары тілдерін­дегі «темірші» деген сөздің адам есімдеріне берілуі жергілікті металл өндірушілердің зор беделге ие болғандығын айғақтайды. Шың­ғыс ханның шын есімі де «Темуджин» – темірші деген сөзден алынған. 

Міне, сондықтан да Қазақ Алтайы­ның металлургияны адам­заттың дамуының бастапқы кезі­нен-ақ кәсіптік тұрғыда өнді­ріп, оны дамытудың отаны болған­дығын нақты деректер арқылы әлемдік деңгейде насихаттау Қа­зақ­стан тарихшыларының борышына айналып отыр. 

Келесі айтарымыз, Елбасы мақаласының жазылуының ең басты мақсаттарының бірі – хал­қы­мыздың бірнеше мыңжыл­дықпен өлшенетін бай тарихын дүниежүзілік тарихтың бір­тұтас бөлігіне айналдыру екен­дігі. Яғни, бұл қазақ тарихын әлем­дік ғылыми журналдарда жа­риялап, шетел ғылыми орта­лықтарымен байланыс жасау ғана емес, оның бір кезеңі мен оқиғасын әлемдік «Жалпы тарих» курсына енгізуге жетісу деген сөз.

Тәуелсіздіктің ширек ғасыр­дан астам мерзімінде Қазақстан тарихын бірнеше арнайы мем­ле­кет­тік бағдарламалар ше­ң­бе­рін­де зерделеуде көптеген жұмыс атқарылды, шетел мұра­ғат­тарынан да біршама дерек әкелі­ніп, олар ғылыми айналымға енгізілуде. Соңғы мерзімдегі Ел­­­басы­­ның талабынан кейін Қазақ­­­стан тарихының кезеңдерін әлем­­дік жоғары рейтингілік журнал­дарда жариялауда біршама жұмыс атқарылуда. Қазақстан тари­хына арналған біраз фильм де түсірілді. Алайда ол фильмдер республикамыздың шеңберінен аса алмады. Халықаралық деңгей­ді айтпағанда, ел тұрғындарын қызықтыра алмады. 

Сондықтан да қазіргі күнгі міндет – төл тарихымыздың кезіндегі аймақтық, тіпті әлемдік дамуға әсер еткен, қазірде өзінің ма­ңызын жоймаған белгілі бір оқи­ғасын, тарихи тұлғалар ат­қар­ған ғаламдық, аймақтық дең­гей­дегі қызметін дүние жүзі елдері ор­та мектептерінде міндетті түрде оқы­латын, құрамында «Ерте дүние тари­хы», «Орта ғасырлар тарихы», «Жаңа тарих», «Қазіргі заман тарихы» курстары бар жалпы тарих пәніне енгізу мәселесі болып табылады. 

Шынында да, бүгінгі әр қазақ орта мектептегі осы пән арқылы ертедегі Вавилон патшалығы, Грекия, Рим империясы, Спарта мемлекеті, Парсылар мен Алек­сандр Македонский мемлекеттері, ортағасырлық Англия, Франция, Германия, Ресей, Қытай, Үнді елдері­нің, т.б. Еуропа, Азия, Амери­ка елдерінің тарихтарын оқып, жеке тұлғаларының өмір­лері мен тарихқа қалдырған іс­теріне қанық болдық. 

Егер де шын назар аударатын болсақ, біздің де ешкімнен ұялмай, өзімізді ғана емес, барша адамзатты тамсандыратын тарихымыз бар. Мысалы, 1643 жылғы Жәңгір сұлтан бастаған 600 қазақ сарбазының 50 мыңдық Батыр қоңтайшы бас болған жоңғар әскерлерін сол мерзімдегі соғыс өнерін шебер пайдалана отыра тас-талқан еткен Орбұлақ шайқасы адамзат тарихында аса сирек кездесетін оқиға болып табылады. Ерте дүние тарихынан 300 спарталық жауынгердің ерлігін бәріміз жақсы білеміз. Ал Орбұлақ шайқасының маңызы одан ешқандай кем емес. Бұл қазіргі және келер ұрпағымызға мақтаныш әкелетін Жәңгір сұл­танның асқан таланты мен қол­бас­шылығының, қазақ жауын­герлерінің отансүйгіштігі мен көзсіз ерлігінің куәсі емес пе?! Міне, сондықтан да халқымыздың Отан қорғау тарихындағы бұл ұлы шайқас көптеген бұлтарт­пас деректерді жинау арқылы әлем­дік жалпы тарих пәніне кіргізуге лайық деп санаймыз.

Қазақстан тарихының әлемдік маңызға ие келесі мысалы Елбасы­ның еліміздің шеңберінен шығып, дүниежүзілік маңызға ие болып отырған Әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз ету жолындағы атқар­ған халықаралық саясаттағы ат­қар­ған нақты істері, бастама­лары мен ұсыныстары болып табылады. Сондықтан да дү­ние­жүзілік деңгейдегі мемлекет қайраткері­не айналған Н.Ә.Назар­баевтың адамзаттың мүд­десі жолындағы қызметі әлем­дік қазіргі заман тарихына ен­гізуге толық лайық және осы саладағы ұйымдастырушылық істер атқару Қазақстан тарихшы ғалымдарының, мемлекеттің міндетіне айналуы тиіс. Бұл үшін бір-екі жыл көлемінде Қазақ­стан тарихының осындай кел­елі де айшықты оқиғалары қамтыл­ған оқулық дайындап, оны Бірік­кен Ұлттар Ұйымының алты тілі­не аударып, әлемнің белгілі кітап­хана­лары мен жоғары оқу орындарына, осы елдердің білім салаларын басқаратын орындарына жіберу керек. Сонымен қатар Бірік­кен Ұлттар Ұйымының ха­лық­а­ра­лық деңгейдегі істерді ұйым­дас­тыратын саласына да бұл оқу­лықты өткізу қажет.

Сондай-ақ Қазақстан тарихы­ның айшықты оқиғаларына, есім­дері халық мақтанышына ай­­нал­ған тұлғаларға арналған теле­­се­риалдарды түсіруді қолға алу, оны шетел тілдеріне аударып, әлем мем­­лекеттері көрермен­дері­не ұсы­ну – кезек күттірмейтін шара. 

Осы аталған істерден барша қабілет пен қарымды, талант пен мақсаткерлікті және еш­қан­дай да қаржыны аямауы­мыз керек. Ал осы жұмыстар ат­қа­рыл­­ғанда қазақ халқы, оның жүріп өт­кен жолы әлемге бел­гілі бо­ла­ды, ұлты­мыздың тари­хы адам­зат та­рихының нақты құрам­дас бөлігіне сөзсіз айналады деп білеміз.

Ғани ҚАРАСАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Сейітқали ДҮЙСЕН,

педагогика ғылымдарының кандидаты,

Қанат ЕҢСЕНОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты

Дереккөз: http://egemen.kz/