Тарихы терең, ертеңі кемел Ұлы дала

0

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы іспетті «Ұлы даланың жеті қыры» атты терең мазмұнды, тағылымы мол мақаласы дер кезінде жарық көрген, уақытпен үндесіп, ұлттық рухты оятқан, қалың жұртшылықты бір серпілткен құнды дүние болды. 

Онда өркениеттің өркендеуіне өзіндік үлкен үлесін қосқан сайын даламыздың жеті қыры жіті тарқатылған. Сондай-ақ әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, қазақ халқының тарихы тамыры тым тереңде жатқанын, ұлтымыздың өткені өзгелерге үлгі боларлықтай, құндылықтары қадыр тұтарлықтай екенін меңзеген ұлт Көш­бас­шысы өткен тарихты бедерлеп, әр азамат туған жерінің қасиетін білуге, барын қастерлеп, жоғын түгендеп, дамуы­на өз үлесін қосу қажеттігін жеткі­зіп отыр.
Қазақ халқының сан ғасыр бойы жинақ­­тап, бүгінгі күнге қалпын бұзбай жет­кіз­ген асыл мұрасы – салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, жыр-дастандары, ұлттық ойындары, күмбірлеген күйлері, мың бұралған билері, әуелеген әндері – бізге ғана емес, әлемнің басқа жұрты үшін де баға жетпес асыл қазына. Елбасы атап өткен Ұлы даланың жеті қырының кез кел­гені – қазақ елінің танымы мен болмы­­сындағы, тұрмысы мен тірлігіндегі ерекше құндылық, ерекше құбылыс. Атап айтсақ, қазақтың атын әлемге танытқан, мәрте­бесін басқалардан асырған жылқы­ны жуасытып, еркіне бағындыруы, сол арқылы адамзат үшін атқа міну мәде­ние­тін қалыптастыруы, ежелгі металл өндіру мен өңдеу технологиясы, аң стилі, Алтын адам, Ұлы Жібек жолы, Қазақ елінің ұлттық брендіне айналған алма мен қызғалдақ әр қазақтың жүрек төрінен орын алып, мақтанышына айналуы – аса қымбат құндылық. Жаңа ғасырда алды­мыз­да осы тарихи әрі рухани байлықты сақтап, одан ары дамыту міндеті тұрғанын осы құнды құжат жолдарынан ұғынуға болады.
Жаһандану кезеңінде еліміздің тари­хы мен мәдени құндылықтарын білу, наси­­хаттау – ұлттық дербестігімізді сақ­тап қалудың бірден бір жолы. Осы орайда Елбасы бастамасымен елімізде талай айтулы шаралар жүзеге асып отыр­ғанын айта кеткен жөн. «Өткенге топы­рақ шаш­саң, болашақ саған тас атар» дегенді жады­мызда ұстап, жоғы­мыз­ды түгендеп, бармызды бағалауға Мемлекет басшысы­ның өткен жылы көктемде жарияланып, елді бір серпілтіп тастаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында ел ішінде үлкен іргелі істер атқарылды.
Қазақтың алтын бесігі – елдімекендер ажарланып, мен деген азаматтар туған өлкелерін түлетуге барын салды. Еске­ру­сіз қалып келген тарихи ескерткіштер қалпына келтіріліп, қасиетті жерлерімізге жолдар салынып, жағдай жасалды. Жыл­дан астам уақыт бойы руханият бағытында жүргізілген жұмыстар Н.Назар­баев­­­тың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала­сы­нан соң тағы да соны серпінге ұласты деуге негіз бар.
Халқымыз үшін жылқы малының жөні тым бөлек. «Ат – ер қанаты» деп бекер айтылмаған. Көптеген салт-дәс­түрі­міздің Қамбар ата түлігімен байла­нысты болуы сондықтан. Мәселен, халқы­мызда «бәсіре» деген жақсы ұғым бар. Бәсіре – дүниеге бала келгенде сол кездері туған құлынды нәрес­теге атау. Қазақ халқының ұғымы бойынша дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны өзгелер мінбейді, сатпайды. Құлын­ның мүмкіндігінше жүйрік, жорға болға­ны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қада­ға­лай­ды, бұла қып өсіреді. Баланы алғаш атқа мінгізудің салтанаты да ерекше. Есейе келе бәсіресі бар баланың малға деген ықыласы, пейілі түзу болады. Міне, осындай салт-дәстүрді ұмыт қалдырмай, дамытсақ, төрт түліктің қадірін білетін малсақ ұрпақ тәрбиеленеді деп ойлаймын. Сондай-ақ халқымыз сыйлы қонағына, құда-жекжатына көрсететін сый-құрметі – астына салтанатпен ат мінгізу. Демек, қазақ жылқының бағасын білгенін, оны құрметтегенін көреміз.
Атадан жеткен асыл мұра – қолөнер қазақ үшін ерекше кәсіп саналған. Үй жабдықтарымен бірге ат әбзелдері, батырдың киімдеріне дейін күміспен күптелген. Ал күні бүгінге дейін қолөнерге деген көзқарас сақталған. Мәселен, Еңбек­шіқазақ ауданында тұратын Шоқ­паров­тар әулетін қолөнерді дәріптеуде басқалардан даралап айтуға болады. Кезінде облыстағы алғашқы қолөнер музейін ашқан Дәркембай ұстаның ұрпақтары қазір отбасылық кәсіпті жалғастырып келеді. 2 400-ден аса жәді­гер­ді жинақтаған музейге шетелден турис­тер көп келеді. Ұста Дәркембай атын­дағы қолөнер музейіне ұлы Дәулет Шоқ­паров жетекшілік етеді. Мұндай жақсы істің жалғасын әр өңірден кездестіреміз.
Елбасы мақаласында атап өткендей, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың тарихи отаны. Бұл ретте Жетісу жұртшы­лығы жаз бойы қызыл кілемдей жайқалып өсетін қызғалдағымен көрген жанның көз жауын алып, тәбетін ашар дәмді алмасымен мақтана алады. Алматының апортындай қос алақанды толтыратын, жұпар иісімен мұрын жарар қызыл алма қай жерде бар дейсіз?! Міне, осындай табиғат сыйлаған сұлулықты, тамыры терең тарихымызды бағалай білсек, ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Халқымыздың осынау өркениеттік жетіс­тіктерін келер ұрпаққа жеткізу – аға буынның міндеті. Ал оны ұмытпай ары қарай дәріптеу – кейінгі ұрпаққа парыз. Осы орайда Елбасының ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағат­тар дүниесіне іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жетіжылдық бағдар­ла­масын жасауды тапсыруы еліміздің тарихын, дерегі мен дәйегін түгендеуге мүмкіндік беретін үлкен бастама болып тұр. Себебі, ұлтымыздың ұлылығын дәлел­дейтін деректер мен тарихи тың мате­риалдар шаң басқан архивтерде сақталған ұлы тұлғалардың еңбектерінде екені ақиқат. Міне, осы орайда Мемлекет басшысы ұсынып отырған «Ұлы даланың ұлы есімдері» және «Ұлы дала тұлғалары» сынды жобалардың халқымызға берері мол. Демек, халық алдағы уақытта мұра­ғат­тағы құндылықтармен табысатыны сөзсіз.
Бұдан басқа да мақала шеңберінде атал­ған бірқатар жобалар тарихи-архео­ло­гиялық зерттеулерге, музей ісін, фольклорлық-этнографиялық бағытты, киноин­дустрия, музыка саласын дамыту­ға үлкен серпіліс береді. Әсіресе, ұлт қаһар­­мандарын үлгі тұту үрдісін қалып­тас­ты­руға жол ашатын сапалы балалар фильм­дері мен мультипликация­лық сериалдарды түсіру туралы ойы әрбір замандасымыздың көкейіндегі ойды тап басты деп білемін.
Ең негізгі мәселе – мақала арқылы Елбасымыз жіктеп берген ұлы даланың жеті қырымен танысып қана қоймай, арғы тегімізді түгендеп, тарихымызды жаңғыртып, келер ұрпақ мақтанып айта жүретіндей жобалардың жүзеге асыру. Осы орайда бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ұшқан құстың қанаты талатын, шапқан аттың тұяғы кетілетін ұлан-байтақ даласынан күллі әлемге тараған түркі халықтарының тарихын тірілтетін «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба да қолға алынбақшы. Астанада түркологтардың дүниежүзілік конгресі өтіп, Түркі халықтарының мәдени күндері ұйымдастырылмақ. Тағы бір қуантатыны, түркі халықтарына ортақ туындылардың онлайн кітапханасы да ашылмақ.
Түркі әлемі ежелден Қазақстанды күллі түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы ретінде мойындайды. Ал Түркістан халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады. Бүгінде өзінің саяси ұстанымы, елімізді өрке­ниетке бастау жағынан да әлем елдерін мойындатқан Елбасымыздың дүниежүзі алдындағы беделі де зор. Көреген басшы­мыз­дың еліне, жұртына ғана емес, дүние­жүзі халықтарының ортақ мәселе­ле­ріне араласып, халықаралық дәрежедегі игі істер­дің бастаушысы болып жүргені ақи­қат. Осы орайда сіңірген ерен еңбегін жоғары бағалаған Түркия президенті Абдолла Гүл мырза Нұрсұлтан Назарбаев­қа «Түркі әлемінің көшбасшы­сы» деген биік атақ берген болатын. Елбасымыз соған лайық еңбек етіп, елін, жұртын жар­қын болашаққа бастап барады. Оған ұлты­мыздың өткенін түгендеп, болашақ­қа бағдар сілтеген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы да дәлел бола алады.
«Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» демекші, ұлттық тарих, мәдение­ті­­мізбен мақтанып, оны өз дәрежесінде ұлықтап, болашаққа батыл қадам жасай білсек, мызғымас, мәңгілік елге айна­ла­ры­­­мыз анық. Осы жолда ел тірегі – жастар­дың төл тарихымызды оқып, біліп, тари­хи сананы жаңғыртатынына, мақа­лада айтылған өміршең керемет идея­ларды қолға алып, тың тарихи жоба­лар­дың жүзе­ге асуына атсалысаты­нына, осылай­ша Елбасының игі баста­ма­ла­рын жүзеге асы­ратынына сенеміз. Өйт­кені жастар – ұлтымыздың келешегі, мемле­кет­тің қозғаушы күші.

Серік ҮМБЕТОВ, Мәжіліс депутаты,
«Нұр Отан» фракциясының мүшесі

Дереккөз: Айқын