«Париж қорғанының тұтқыны» немесе әулетке жақын Әбілғазин

0

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Данияр Рүстемұлы Әбілғазин – «сегіз қырлы, бір сырлы» адам. Ф. Дзержинский атындағы КСРО КГБ Жоғарғы мектебін бітірген кәнігі чекист, инженер-экономист, мұнайшы, миллиардер, күйеубаланың досы, спортшы, тағысын-тағылар.

Миллиардер деген мәртебелі атақты Әбілғазин кімнің жанында жүріп иеленгенін жұқалап жеткізгендей болдық, ал енді оның үстел теннисін «ұнатып қалуына» Президент Қ.Тоқаев себеп болғанын сұңғылалар бірден сезіп қойды. Ол туралы сөз соңында айтамыз.

Жуырда «Выход к морю» телеграм-каналында қазақстандық бір топ байдың Мальта азаматтығын алғаны туралы қызық материал жарияланды. Біздің кейіпкер Данияр Әбілғазиннің де осы Мальтамен тікелей байланысы бар болып шықты. Қалай дейсіз бе? Мұқият оқыңыз.

«Атақты Париждің қақ ортасынан – Артуа көшесі, №23 мекен жайдан Мальта елшілігі төрт қабатты аса сәнді әрі өте қымбат ғимаратты жалдап отыр. Париждің ең негізгі тарихи нысандарының көпшілігі әлгі ғимараттан қол созым жерде орналасқан. Триумфалды аркаға, Эйфель мұнарасына, Трокадеро бағына, Қолөнер музейіне, Мүгедектер үйіне жаяу баруға болады.

Артуа көшесі, №23 мекен жайдағы Мальта елшілігі. Фото: wikipedia.org

Міне, осы 814 шаршы метрлік ғимараттың басым аумағын Мальта елшілігі жалдап отыр. Ауласында екі көлікке арналған автотұрақ пен жертөлесі бар. Шамамен есептегенде, бұл аудандағы үйлердің орташа құны 9,5 млн еуроға немесе 4,5 млрд теңгеге тең. Алайда бұл нақты сан емес, өйкені бұл ауданда 300-400 шаршы метрлік пәтерлер әлгіндей бағаға сатылады. Ал біз сөз етіп отырған ғимараттың аумағы одан екі есе үлкен.

Бұл ғимаратты Швейцарияның Анси қаласында тіркелген SCI Paris Apartment Alpha деп аталатын компания басқарады. Компанияның иесі Айдан Сүлейменова – Данияр Әбілғазиннің әйелі».

Forbers-тің биыл мамырдағы дерегіне сенсек, 52 жастағы Д.Әбілғазиннің байлығы – 285 млн доллар. Өткен жылы ғана 455 млн долларға иелік еткен. Бір жылдың ішінде жиған-тергенінің жартысына жуығын жоғалтуына қаңтардағы оқиға себеп болуы мүмкін.

Д.Әбілғазин. Фото: ғаламтордан

Қош, сонымен әлгі ғимаратқа қайта оралайық.

Телеграм-канал ол туралы былай деп жазады: «Қолда бар құжаттарға қарағанда, Париждегі бұл активтерді Әбілғазиндер 12 жыл бұрын Люксембургтегі фирмаларды (қазір екеуі де жойылған) пайдалану арқылы сатып алған. Ол кезде Д.Әбілғазин «Самұрық-Қазынада» – әріптесі Тимур Құлыбаевтың қарамағында менеджерлік лауазымда болатын.

Әбілғазин ұзақ уақыт бойы мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда жұмыс істегеніне қарамастан, Қазақстанның ең бай және ықпалды адамдарының тізіміне кірді.

Солай бола тұра, қаңтардағы қанды оқиғадан соң Данияр Әбілғазин бұрынғы ықпалының біразынан айырылып қалды. Құлыбаевтармен бірге басқарып отырған Petrosun компаниясына қатысты биылғы жылдың ақпанында  қылмыстық іс қозғалды. Прокуратураның дерегіне қарағанда, Құлыбаев пен Әбілғазиннің компаниясы бір жылдың ішінде көлік газының бағасын 300%-ға өсіріп жіберген. Бағаның шарықтауы қаңтардағы қанды қырғынға триггер болғанын бәріміз білеміз.

Д.Әбілғазин мен Т.Құлыбаев. Фото: kfb.kz

Шілде айында Құлыбаев пен Әбілғазиннің бизнесі тағы қыспаққа түсті. Бұл жолы Бәсекелестікті қорғау және даму агенттігі тарапынан. Тексеру кезінде белгілі болғандай, «ҚазМұнайГаз» мемлекеттік компаниясынан шыққан мұнай өнімдерінің негізгі бөлігі Құлыбаев пен Әбілғазиннің компанияларына (Qazaq Oil, Sinooil) тиіп отырған.

Құдайшылығын айтайық, бұрынғы мемлекеттік қызметкер Данияр Әбілғазин «Қазақстан халқына» қорына 500 млн теңге аударды. Бұл Әбілғазиннің әйеліне тиесілі Париждегі ғимараттың құнынан 10 есе, олардың париждік көршілері Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетованың бергенінен екі есе аз».

Осы бір мысалдан-ақ отыз жыл бойы әулетке жақын жүргендердің қалай үріп ішіп, шайқап төккенін байқауға болады. Қаңтар бүлігінен кейін біраз нәрсе өзгергендей болды. Алайда әбілғазиндер жаңа жағдайға бейімделуге әрекет етіп-ақ жатыр.

Енді Әбілғазиннің қалай «үстел теннисшісіне айналғаны» туралы.

Фото: inbusiness.kz

Президент Т.Тоқаев үстел теннисін тәуір көреді. Оны көпшілік біледі. Бір қызығы, былтыр күзде Әбілғазин Азия үстел теннисі одағының вице-президенті болып сайланды. Ал биыл наурызда Алматыда үстел теннисі орталығы ашылды. Орталықтың аумағы – 5200 шаршы метр және халықаралық стандарттарға сай. Нысанға 3 млрд 300 млн теңге жұмсалған. Негізгі инвестор – біздің кейіпкер Данияр Рүстемұлы…

«Осы күнге дейін әулет мүшелерімен гольф ойнап келген Әбілғазин енді президент Тоқаевпен үстел теннисін ойнауға тырысып бағады. Өйткені қазақстандық олигархтар осындай жолмен көзге түсуді дағдыға айналдырған», – дейді тұрақты оқырманымыз.

Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әулетке жақын Әбілғазинмен теннис ойнауға енді келісе қояр ма екен?..

Мақала Nege.kz Ақпараттық порталынан алынды